«АБАЙ ЖОЛЫНДАҒЫ» АБАЙ БЕЙНЕСІН ПРОБЛЕМАЛАП ОҚЫТУ
Тек ТМД елдерінде ғана емес, құдіреті мен маңызын бүкіл дүние жүзі мойындаған «Абай жолы» эпопеясын бағдарламада көрсетілген санаулы сағат ішінде оқушы жүрегіне өзінің шыққан биігі, құндылығы, кереметімен тұтас жеткізе білудің қаншалықты күрделі де қиын екені - мектеп мұғалімдеріне мәлім.
Абай арқылы жазушы XIX ғасырдың екінші жартысындағы, яғни елу жыл ішіндегі бүкіл қазақ коғамының ұлы картинасын жасаған. Ол арқылы қазақ даласындагы демократиялык, прогрессивтік, гуманистік ой ағымдарды, ескі мен жананың күресін, қазақ даласы үшін жаңа кезең басталар алдындағы, яғни ояну кезеңін шынайы тұрғыда көрсете білген. Сол себептен де Абай бейнесін талдауды тек жекедара алып қарастырмай, бір жүйеде қарастырған жөн. Мысалы, Абай бейнесін талдауға 2 сағат уақыт берілді делік. Бірінші сағатта 1 -2-томдағы - Абай объектіге алынса, екінші сағатта 3-4-томдағы Абай бейнесі талданды. Оқушылар бірінші сағаттағы Абай бейнесіне «Тасқа шыққан шынар» деген атты эпиграф етіп алса, ал екінші сағаттағы Абай бейнесіне «Жайқалған бәйтерек» деген атты эпиграф етіп алды.
Абай бейнесін талдау алдында оқушылар «Абай бейнесінен алған әсерім» атты шағын шығарма жазды. Проблемалап оқытуда мұндай жұмыстардың тек оқушы ғана емес, мұғалім үшін де практикалық маңызы ерекше мол.
Себебі, мүғалім алдын ала талқыланғалы отырған тақырыпты оқушылардың қай деңгейде меңгере білгенінен хабардар болады, жаңа сабақта қандай мәселелерге ерекше» көңіл бөлу керек екенін анықтайды, оқушылар алдарында тұрған проблемалы жағдаяттарды шешуге, қорытынды жасауға, олардың қай дәрежеде дайын екеніне талдау жасай біледі. Тіпті мұндай тапсырмалар сабақта мүғалімдердің әдіс-тәсілдерді де ұтымды түрде таңдай білуіне, оларды тиімді пайдалана білуіне көп көмек етеді.
Енді оқушылар жауабына үңілейік. Оқушы С... жауабынан үзінді:
«Абай маған эпопеяның алғашқы «Қайтқанда» бөлімінен-ақ ұнады. Небәрі 13 жастағы Абайдың үлкен, ақылы толған адамдарды өзінің тапқырлығымен шебер алдап, оларды шошыта білуі оқырманды еріксіз сүйсіндіреді. Сондай-ақ әке тапсырмасымен елдің әр түрлі ісіне араласып, «сәлем» жеткізуші Абай да жүрегіме жылы тиді. Ол әкесінің ғана сәлеміне құл болмай, оны іштей сарапқа салып жүреді, әкесінің ісі дұрыс емес екенін болжайды. Бірте-бірте бұл іштей ойланудың кейін үлкен, әділет күшіне айналып, сыртқа шыққанының куәсы боламыз. Өз ойымша, 24 жастағы Абайдың әкесінің өзіне қойған үш мініне қайтарған жауабы осыны дәлелдейді.
Ал кейінгі кітаптарда жатақтардың жан досы, әйелдер теңсіздігінің қорғаны, феодалдық қауымның айыптаушысы, соған қарсы күрескер Абаймен танысамыз. Абай мен Михаэлис, Павлов арасындағы қарым-қатынас және оның Ербол, Базаралы, Дәркембай, Салтанат қыз арасындағы достығы - кейінгіге үлгі, нағыз достықтың шын бейнесі. Осы достық та маған қатты әсер етті».
Оқушы Д... жауабынан үзінді:
«... Мен таныған Абай - нәзік жанды, биязы, сезімтал. Ал осы қасиеттердің оның асыл аналарынан қалыптасқаны эпопеяда қандай үлкен сезіммен берілген десеңізші!
Қодар мен Қамқа өлімі үстінде ауырып келген Абайға Зере бар жан-тәнімен аналық бата бермей ме! Кәрі ананың батасы қабыл болып, біз эпопеяның өн бойынан мейірімді, ізгілікті, асыл жан Абаймен сырлас болмаймыз ба? Ұлы ақынның алғашқы махаббаты қандай нәзік берілген десеңізші! Маған сонымен катар, Абайдың Тәкежан, Оразбайлармен, қазақ даласын отаршылдықта ұстаған Ресей шенеуніктері, жандаралдарымен күресі де қатты әсер етті. Ол халықтың шын ұлы, болашаққа, ізгі жолға бастаушы ұлы ретінде тамаша суреттелген деп ойлаймын».
Міне, оқушылардың осы жауабынан олардың Абай бейнесінен алған алғашқы әсерлерін, тіпті өз беттерінше ой топшылауларын да көреміз. Сонымен қатар, оқушылар образды жасаудағы, оны ашудағы жазушының идеялық-эстетикалық мұрат-мүддесіне тоқталмаған, жазушы табысын сөз етпеген, әдеби терең талдаудан гөрі, эмоциялық әсерлеріне кең орын берген. Абай бейнесін ашуда біз негізгі проблеманы «Абай және феодалдық қоғам проблемасы. Оны көрсетудегі Мұхтардың философиялық-эстетикалық табысы» айналасында қарастырдық. Тақырыпты төмендегі жоспар бойынша проблемалы баяндадық.
1. Абайдың феодалдық қоғаммен бетпе-бет кездесуі. Заман шындығын түсінуі. Мұхтардың оны көрсетудегі жазушылық шеберлігі.
Әке мен бала. Абайдың әке жолынан бөлек кетуі. Оның негізгі объективті себептері. Осы мәселедегі Мұхтардың философиялық-идеялық мұраты.
Абай және кедей-жатақтар проблемасы. Абай – халық қамқоры.
Абай және орыс достары. Білімге бас қою. Михайловқа дейінгі Абай көзқарасы мен Михайловтан кейінгі саяси көзқарасы. Салыстыру, дәлелдеу.
Абай және әйелдер тағдыры. Абай - гуманист.
Абай - халық деп жырлай бастаған сыншыл, реалист ақын. Қалай ойлайсыңдар, кітаптар неге осылай аяқталған? Жазушының негізгі көздеген мұраты нені меңзейді?
«Биікте» бөлімі және Абай жеткен биіктік. Сол биіктікке Абайды алып келген не? Ол эпопеяда калай шешілген?
Бірінші сұрақ бойынша оқушылар мәтінді пайдалана отырып, әке мен бала (Абай мен Құнанбай) арасына байланысты іс-әрекеттерді жинақтап, өздерінше пікір айтады. Анау қаладан қайтқандағы Абайдың әке алдына барып сәлемдесуіндегі әке мен бала арасындағы салқындық. Қодар мен Қамқа өліміне байланысты Абайдың әкесіне деген сезімі. Кәмшаттың трагедиялық өмірі. Құнанбайдың Бөжейлерге, халыққа жасап отырған озбырлығы, бірінші кітаптың аяғындағы әке мен бала диалогі, Қарқаралыдағы Құнанбай, Шөженің мысқыл өлеңі. Әмірді ажалдан құтқару, Құнанбайдың қарғысы - осының бәрі Абайдың өз әкесінен мүлде бөлек кетуіне, оның басқа жол, басқа өріс іздеуіне әкелген оқиғалар екенін оқушылар жақсы әңгімелеп берді. Ал әке мен бала проблемасының эпопеядағы философиялық түйіні оқушыларды ойландырды. Осы жерде мұғалім көмегімен әке мен бала арасы эпопеяда ескі мен жаңаның күресін, феодалдық қоғам мен болашақ жаңа заманның арақатынасын бейнелейтіні ашылады. Тақырыпты осы жоспар негізінде проблемалы баяндай отырып, алдарындағы проблемалы жағдаятты шешу мақсатындағы оқушыларға төмендегідей проблемалы сұрақтар бердік.
Эпопеядағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынас арқылы жазушы нені аңғартады? Әке мен бала проблемасының эпопеядағы философиялық түйіні неде?
Қалай ойлайсыңдар, «Қайтқанда» бөліміндегі Құнанбай портреті, оның айналасындағылардың сипаты, үй іші неге Абай арқылы, оның ішкі сезімі арқылы беріледі?
«Жолда», «Өрде», «Қияда» бөлімдеріндегі Абайдың іс-әрекетін сарала. Қалай ойлайсыңдар, бөлімге жазушы неге осылай ат қойған? Осы бөлімдердегі әке мен бала арасындағы қайшылық, келіспеушлік. Оның объективті себебін жазушы қалай көрсеткен?
Абайдың Михайловпен кездескенге дейінгі көзқарасы, саяси сана-сезіміндегі қайшылық. Ол қайшылықтың негізгі себептері неде деп ойлайсыңдар?
Абай мен халық арасы. Бұл проблема эпопеяда қандай көрініс тапқан? Дәлелде.
1, 2-кітаптың аяғындағы ең ақырғы абзацтарды тауып оқыңдар. Осы абзацтар арқылы бірінші кітаптағы Абай мен екінші кітаптағы Абай жеткен биікті межелеңдер.
Үшінші сұрақ бойынша оқушылар «Жолда», «Өрде», «Қияда» бөлімдеріндегі Абайдың іс-әрекетіне тоқталып, бөлімдердің неге осылай аталғандығы туралы өз пікірлерін ортаға салды. Оқушылармен бірлесе отырып, бұл бөлімдер Абайдың қияға карай өрлеп келе жатқан бетін, яғни жолдан гөрі қияның биік екенін өздері қорытындылады. Әсіресе, оқушылар назарын Абайды биікке көтеру сатыларын Мұхтардың ерекше шындьқпен көрсете білгеніне, Мұхтар шеберлігіне аудардық. Осы мәселені өз беттерінше шеше білулеріне көңіл бөлдік. Оқушылардың өз бетінше ойлауын, ізденуін, танымын арттыруды мақсат ете отырып, үйге төмендегідей топтық тапсырмалар бердік. Топтық тапсырма зерттеу әдісіне құрылды.
Достарыңызбен бөлісу: |