Қарқаралы қаласының 180 жылдығына
Қазақ даласына үлкен ауыртпашылық әкелген жиырмасыншы жылдар жұтының ел тұрмысын күйзелткені белгілі. Әсіресе Қарқаралы уезінің халқы 28-ші жылдың зобалаңынан үлкен зардап шекті. Ол туралы түрлі басылымдарда жазылып, жеке ғылыми еңбектерде талданып, топшылаулар мен түйіндер жасалғанын, әрі әр кезеңнін, көзқарасымен әрқилы бағаның да берілгенін білеміз.
Соған орай бүгін сол жұттың себеп-салдары неден болды, оның елге тигізер ауыртпашылығын мейлінше азайтуға болмас па еді деген мәселе төңірегінде ой қорытып, пікір айтуды, сәуегейлік жасауды емес, сол кезеңнен мағлұмат беретін тағы бір деректі оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Қарқаралы уезінің жұлпен күрес жөніндегі комиссиясының кезекті мәжілістерінің бірі 1928 жылдың 2 сәуірінде өткен екен. Онда жұттан зардап шеккен халыққа көмек көрсету жөніндегі шұғыл шаралар қабылдау туралы мәселе қаралған. Комиссия төрағасы Күленов хабарлама жасап, елдің жағдайының қиындап отырғаны жайындағы уездік атқару комитетінің өткен жылдың тамызындағы дабылына губернияның назар аударып, көңіл бөлмек түгілі ондай қиын жағдай болады дегенге үзілді кесілді қарсы пікір білдіргенін айтқан. Сол тамызда айтылған қауіптің наурыздың басында шындыққа айналып, соңы апатқа ұрындырғанын айтады. «Последний недельный буран, с одной стороны, и отсутствие своевременной помощи, с другой стороны, привели к повальному падежу истощенного джутом скота», дейді.
Осы мәжілісте Абыралы, Берікқара, Бауыр, Ақсары, Кент, Темірші болыстары мен қаланың маңындағы жағдай әңгіме етілген. Нақты мәліметтер шамамен 3 сәуірге дейінгі қырылған мал санының төмендегідей болғанын көрсетеді. 1. Абыралы болысы - жылқы - 2068, ірі қара мал - 5974, түйе - 119, қой мен ешкі - 29860. 2. Берікқара болысы - жылқы - 162, ірі қара мал - 357, түйе - 3, қой мен ешкі - 956. З. Кент болысы - жылқы - 325, ірі қара мал -1410, түйе - 4, қой мен ешкі - 2020. 4. Темірші болысы - жылқы - 522, ірі қара мал - 915, түйе - 63, қой мен ешкі - 3564. 5. Ақсары болысы - жылқы - 458, ірі қара мал - 495, қой мен ешкі - 1468.
Қала мен оның маңында 62 жылқы, 260 ірі қара мал, 1 түйе мен 126 қой мен ешкі қырылған. Аталған аймақтар бойынша барлығы 511189 ірі және ұсақ мал апат болған. Мәжілісте бұл көрсеткіштің уездің нақты жағдайын білдірмейтіндігі айтылған. Себебі жол қатынасының нашарлығы мен хабар-ошардың уақытылы жетпеуі салдарынан өзге болыстардағы жағдайдан уезд басындағылар хабарсыз қалған. «Из других волостей цифр пока нет, но они тоже охвачены джутом и падежом скота, при чем подчеркиваем, что самый опасный период джута, как правило, настает», дейді. Бұдан соң малдың қырылуы жұттан соң адамдардың ашығуына әкеліп соғары айтылады. Қызмет бабымен Бауыр болысында болып оралған халық соты Байтоқин ел жағдайын көзбен көрген. Ол өзі куәсі болған жайларды былай баяндайды. Даланы жұттан өліп, қырылған малдың өлімтігі басып кеткен, бір жерден 150 жылқының өлігі табылған. 3-ші ауылдағы Жаманбалин деген байдың 300 қойы өлген. Кедей Алтынғозиннің бар жоғы 8 бас малының 7-уі қырылған. Қалған жалғыз сиырын сақтап қалмақшы болып өзі аштан өлген. Абыралы болысының байы Төленберген Атағозин Бауыр болысындағы жайылымға 500 қойын өргізген екен, бірнеше күннен соң алдындағы малының бәрі қырылып, қойшының өзі таяғына сүйеніп зорға оралған. Бауыр болысынан жеткен мәлімет мұнда екі адамның аштан өлгенін білдіреді. Малдың қырылуы ел арасындағы жаппай ұрлықтың, өткен-кеткендерді тонаудың өршуіне әкеліп соққан. Сондай фактілердің ішінде Бауыр болысының №7 аулында 4,5 пүт, Абыралы болысында 12 пұт астықтың тоналғаны айтылды.
Осы және басқа да жайларды баяндай келіп «Работники волаппаратов лишены всякой возможности сообщаться с аулом, категорически требуют помощи голодающему населению. Голодающие население пригородного района толпами идет в город, требуя настойчиво помощи» деп сол кездің нақты жағдайынан мәлімет береді. Мәжіліс қаулысында жұттың ауыртпашылығын көтеріп, аштыққа ұрынған елге көмек көрсетудің жайы баяндалады. Көптеген шаралардың ішінде, жұт қамтыған аймақтарға Тұтынушылар одағының қорындағы бар 10000 пұт бидайды жөнелту қажеттігі айтылады.
Бұдан кейінгі 7 сәуірде өткен мәжілісте комиссия нақты көмекті елге жеткізу, халық арасындағы жағдайды реттеу үшін Абыралы болысына 1000 пұт, Бауырға - 500, Теміршіге - 700, Кентке - 500, Берікқараға - 500, Ақсары болысының №1 ауылына – 200 және қала маңындағы аумаққа - 600 пұт бидай жөнелтілгені, соған орай жауапты қызметкерлерді, соның ішінде Файзуллинді Абыралы болысына, Байтоқинді Байыр, Оралбаевты Кент, Қожановты Берікқара, Мустафинді Темірші болысына іссапарға шұғыл жөнелту қажеттігін айтады.
Семей архивінде сақталған осы және басқа да құжаттар сол 1928 жылдың көктемінде уездік атқару комитетінің жұттан зардап шегіп, аштыққа ұрынған халыққа жәрдем көрсетуді жүзеге асыруға бағытталған сан-салалы қызметінен мол мағлұмат береді. Сол жылы көктемде ашыққан жұрт тонап алады деген қауіппен астықты өңірлерге тұқым да кеш, оның өзінде қатаң күзетпен жеткізіліпті. Қалай демейік жиырмасыншы жылдардың соңындағы жұт уезд халқын күйзелтті. Сайын даланың белін қайыстыратын қалың малдың басым бөлігі қырылды. Бұл уездің алдағы бірнеше жыл қатарынан тұралап, күйзелісте болуына әкеліп соқты.
Ләззат Байкенжина,
облыстық архивтер мен құжаттама
бөлімінің бас маманы,
Ермағамбет Лұқпан,
«Орталық Қазақстан» газетінің
тілшісі.
Достарыңызбен бөлісу: |