Ашикбаева Баян Рымбековна,
«Диқан» жалпы орта мектебінің мұғалімі
ОҚО, Қазығұрт ауданы
Тақырыбы: Ата- баба дәстүрі - ұрпаққа аманат
Мақсаты: қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан сан-салалы тіршілігі, әдет-ғұрпы, күнделікті өмірі мен ұлттық ерекшелігі туралы жүйелі, бір ізді білімдерін қалыптастыру ұлттық рухани және материалдық мәдени құндылықтарымызды қастерлеп, бағалай білуге, насихаттауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, слайдтар жазылған диск.
Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгін сыныбымызда өткізгелі отырған «Ата-баба дәстүрі - ұрпаққа аманат» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келіпсіздер!.
Біздің тәрбие сағатымыз үш кезеңнен тұрады:
І-кезең. Оқушыларға «Қазақ халқының киіз үйі, ұлттық киімі, қазақ халқының ұлттық тағамы мен ыдыс-аяқтары» тақырыбы берілген. Оқушылар қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына байланысты білім қорын, әдемілеп, мәнерлеп жеткізіп береді.
ІІ – кезең. Бейне сұрақтарға негізделген «Дәстүрімізді құрметтей білейік» атты сұрақ жауап. Мұнда халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қатысты сұрақтар қояды.
ІІІ - кезең. «Тарихи-мәдени құндылықтар» деп аталатын аукцион болады. Оқушылар аукционға ұсынылған заттар туралы мәлімет беруі тиіс.
1-оқушы:
Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын
Қазақ атты үлкен, кіші балдырған.
Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,
Үлкен кіші, жасымыз, кәріміз де
Төрлетіңіз қадірменді қонақтар
Гүл-гүл жайнап, мына біздің төрімізге.
2-оқушы: Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып дегеніміз - әр халықтың сенім-нанымына, тұрмыс-тіршілігіне, күнкөріс кәсібіне байланысты қалыптасып, уақыт сынынан өтіп, табиғи түрде, өздігінен бір жүйеге келтірілген, сондықтанда сақталуы міндетті болып есептелген әдеттер мен ырым, кәделердің ерекше түрі. Салт-дәстүр ұлттың рухымен бірге жасасып, заман талабына сай жаңарып, өзгеріске ұшырап отырады. Қазақ халқы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға бай халық. Сол салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің өн бойына ғасырлар бойы тамыр тартып, қандық қасиетіне сіңіп, өшпей, жоғалмай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып бүгінгі заманға жетіп отыр.
3- оқушы: Мәнге толы қазағымның тірлігі,
Сан асылдың ашылып тұр тұғыры.
Кеше ғана керексіз ғып тастаған,
Ғажап екен әдеті мен ғұрыпы.
4-оқушы: «Қазақ халқының киіз үйі». Қазақтардың негізгі баспанасы киіз үй болған. Киіз үй тез жығып, тез тігуге, көшіп қонуға лайықтап жасалған. Кереге, сықырлауық есік, уық, шаңырақ – киіз үйдің қаңқасын құрайды. Кереге ағаштарын бір-біріне түйенің терісінен жасалған таспамен көктейді. Керегенің басы, аяғы, сағанағы болады. Уық – шаңырақ пен керегені байланыстыратын бөлшек. Уықтың керегеге жақын бөлігі – «иіні», ал шаңыраққа жақын бөлігі «қары», төрт қырлы ұшы – «қаламы» деп аталады. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезді төбесін құрайтын бөлігі.
(Экранда киіз үй және оның құрылысы көрсетіледі.)
5 оқушы: «Қазақтың ұлттық киімдері». Қазақтың ұлттық киім-кешектерінің халықтың этникалық мәдениетіне сәйкес өз ерекшеліктері бар. Олар жергілікті ерекшеліктерге сәйкес, көшіп-қонуға ыңғайлы тігілген. Сондай-ақ киім тігерде адамдардың жас ерекшеліктері де ескеріледі. Жас адамға арнап тігілген киім-кешектердің әшекейі көп, ал кәрі және егде тартқан кісілердің киімінің өрнегі аз немесе мүлдем болмайды. Қазақтың киімдері сырттық, іштік, сырттық, бір киер, бас киімдер, аяқ киімдер болып бөлінген.
Сырттық немесе сыртқы киімдерге тон, шапан, күпі, ши-дем; іштік (ішкі) киімдерге жейде, көйлек, камзол, шалбар, кәзекей; сулық киімдерге шекпен, қаптал шапан, желбегей, кебенек, кенеп, сырттық жатады. Ал біркиер киімдер деп той-думанға сән-салтанатқа барарда, сапар шеккенде киетін қымбат маталардан әшекейленіп тігілген сәндік киімдерді айтады.
Тон мал терісінен тігіледі, ішіктер қасқыр, түлкі, қарсақ, күзен сынды аң терілерінің сыртын масаты, барқыт сияқты маталармен тысталып тігіледі. Ал, жарғақ тон құлынның терісінен астарсыз тігіледі. Түйенің не қойдың жүнінен тоқылған жаздық сыртқы киімді «шекпен» дейді. Шапандар түрлі-түсті масатыдан тігіліп, қапсырмалар, ілгектер қадалып әшекейленеді.
Бас киімдерге тақия, бөрік, сәукеле, орамал, жаулық, күңдік, кимешек, тымақ, малақай, қасаба жатады. Қыз балаға арнап тігілген тақия көп әшекейленіп, үкі қадалады. Қыздар қыстық бөріктерін үкі тағып, әшекейлейді. Сәукеле - ұзатылар қыздың үйінен аттанарда киетін бас киімі, келін болғаннан кейін орамал, жаулық, қасаба салса, балалы болып, егде тарта бастағаннан кейін күндік, кимешек киеді. Ер адамдардың бас киімдерінде әшекей болмаған, тек сал-серілер бөріктеріне үкі қадаған.
Қазақтың аяқ киімдерін байпақ, етік, кебіс, мәсі құрайды. Етікті былғары, құрым теріден тіккен. Қыз-келіншектер оюланған қызыл түсті былғарыдан етік кисе, ер адамдар қара түсті былғарыдан етік киген, мәсінің етіктен айырмашылығы қалың табаны мен өкшесі болмаған, мәсінің, сыртынан кебіс киген. Байпақты қозы жүнінен бастырып, етік ішінен киген.
(Экранда: қазақ халқының ұлттық киімдері көрсетіледі)
Ән: халық әні. «Қазағымның дәстүрлері»
Мұғалім:Жарайсыңдар,балалар! Қазақ халқының тұрғын үйі, ұлттық киімі жақсылап дайындық жасапсыңдар.
6-оқушы:«Қазақ халқының ұлттық тағамдары». Көшпелі мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақтардың негізгі асы ет және сүт тағамдары болған.Сүт төрт түліктің аттарына сәйкес бие сүті, түйе сүті, қой сүті, ешкі сүті, сиыр сүті болып бөлінеді. Бие сүтінен қымыз, түйе сүтінен шұбат, сиыр сүтінен айран дайындалады. Ал, қой-ешкі сүттері шәйлық сүтке, балаға ішкізуге және ірімшікке пайдаланған.Сүт тағамдарының көптеген түрі сиыр сүтінен жасалады. Олар - қатық, айран, көже, қойыртпақ, шалап, сүзбе, құрт, ірімшік, қаймақ, т.б.
Қазақтар қыс мезгілі жақындағанда жаппай соғым сойған. Соғым қыстың суығынан арықтап, мал союға жарамай қалған кезде азықтан қысылмау үшін сойылған. Соғым етін тұздап, ыстап, сүрлеген. Сүр етті шамасы келгенше келесі көктемге, кейбіреуі жаз ортасына дейін жеткізген. Соғымның ұсақ еттерінен шұжық,қуырдақ, қимай жасаған. Жаңа сойылған жас етті турап, істікке шаншып, отқа қақтап «жаубүйрек» жасап жеген.
Сондай-ақ қазақтар дәнді дақылдар өсіріп, асқа пайдаланған. Көшпелі казақтар дәнді дақылдарды көбінесе, отырықшы халықтардан айырбасқа алып отырған. Қуырылған тары, бидай, жүгеріні шәйдің тәттілігіне пайдаланған. Тарының тас диірмен арқылы ұнтақталған талқанын сүтке, суға езіп жеген. Талқанды жүгері, бидайдан жасаған. Талқанның сары майға араластырып жасалғанын «жент» дейді.
Бидайды ашытып, сусын жасаған. Күріштен сүт ботқа, күріш көже, палау жасалады. Көже бидайдан да жасалады. Нан, бауырсақ, шелпек, кеспе көже ұннан жасалатын тағамдар.
(Экранда: а) қазақтың ұлттық тағамдары көрсетіледі)
Ән. «Қазақы дастарханым»
7- оқушы:«Қазақ халқының ыдыс-аяқтары». Қазақ халқының ыдыс-аяқтары көшіп-қонғанда алып жүруге ыңғайлы, сынбайтын, төзімді болуы үшін теріден және ағаштан жасалған. Теріден жасалған ыдыстарға түрлі оюлардан бедер түсірген. Ағаштан жасалған ыдыстарға мыс, тегене, ожау, тостаған, аяқтар, т.б. жатады.
Теріден кымыз құятын саба, сүт таситын қауға, бие сауатын кенек, сусын құятын мес, ұзын мойынды ыдыс қазмойын, сусын құятын торсықтар жасалады.
Ағаштан саба, аяқ, табақ, кесе, тостаған, сапты аяк, қасық, ожау, ағаш тайкерсен, тегене, шара, астау, қымыздыктар, сойыр сияқты ыдыстар жасалған. Сондай-ақ тұрмыста қолданылатын ұршық, күбі, күбіше, т.б. ағаштан жасалады.
8-оқушы: Қорғайық кәрі жасты халқымызды,
Шығарайық бар әлемге даңқымызды.
Оқуда да, еңбекте де алға басып,
Ұмытпайық ата-дәстүр салтымызды.
Ата-салтым – асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім
Өткенімді бүгінменен жалғадым.
Мұғалім:Өте жақсы
.
ІІ – кезең. Бейне сұрақтарға негізделген «Дәстүрімізді құрметтей білейік» атты сұрақ жауап. Мұнда халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қатысты сұрақтар қояды.
1-сұрақ: Құлын байлап, бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң, екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші көлемдер шақырылады. Яғни, алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен қымыз берледі. Ақсақалдар үй иесіне рахмет айтып, батасын береді. Халықтың бұл дәстүрі қалай аталады?
Жауабы: «Қымызмұрындық»
2-сұрақ: Ертеде аңшы, саятшы жігіттердің топ болып, бірнеше күн бойы аңға шығатын болған. Мұны аңшылық мерекесі десе де болады. Мұнда алған аң бәріне бірдей тең бөлінеді. Ауылдағы ақсақалдардың жолы бөлек есептеледі. Бұл салт аңшылардың ерлігі мен ептігін, азаматтығын сынайтын жол. Халқымыздың бұл салты қалай аталады? Жауабы: «Салбурын»
3-сұрақ: Той, мереке алдындағы түнде қыз, келіншектер ұйықтап қалмасын деп тамақ дайындайды. Ертеде бұл салт қыз, жігіттердің бір-біріне деген сезімі мен махаббатын арттыра түсуге себепші болған. Бұл салт қалай аталады? Жауабы: «Ұйқыашар»
4-сұрақ: Жас жігіт алғаш жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Мұнда арнаулы мал сойылып, немесе сыйлы мүшелер салынып ет асылып, кең дастархан жасалады, ойын- сауық, өлең, жыр айтылады. «Алыс сапарға кеткен жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдіруге байланысты шықса керек». Халқымыздың бұл салты қалай аталады?
Жауабы:«Тоқымқағар»
5-сұрақ: Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған сақина, жүзік сияқты заттар береді. Сондай-ақ келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады. Бұл ырым қалай аталады?
Жауабы: «Итаяғына салу»
6-сұрақ: «Ұйқыашар» дайындап өздеріне қызмет етіп, құрмет еткен, көңілі қалаған қыздарға жігіттер жеңіл-желпі ескерткіш, сый-сияпат ұсынады. Бұл салт қалай аталады?
Жауабы: «Селт еткізер»
Мұғалім: Осымен «Дәстүрімізді құрметтей білейік» деп аталатын кезеңіміз аяқталды. Оқушылардың жауабы қанағаттанарлық.
ІІІ кезең «Тарихи-мәдени құндылықтар» деп аталатын аукционнан тұрады. Әдетте аукционға түскен зат құнды қағазға сатылатын болса, мұнда оқушылар өз білімдері мен есте сақтау қабілеттеріне сәйкес ұтып алуға мүмкіншілік беріледі.
Аукционға қазақ халқының материалдық мәдениет жәдігерлері ұсынылады. Мәселен, «кесе қап», «зерен», «торсық», «күбі» және т.б. заттар ұсынылады. Бұл кезеңнің шарты ұсынылып отырған зат бойынша кім көп мәлімет береді.
(Мұғалім ортаға аукционға ұсынылатын заттарды алып шығады, оқушылар мәліметті нақты, әрі көп берулері тиіс)
Би. «Саржайлау»
Мұғалім:Осымен сабағымыз соңына да жетті. Келіп қатысқандарыңыз үшін рахмет.
Қазіргі таңда оқушылардың бойына ата-баба дәстүрі мен ел-халқының тарихын қастерлеуге, ал ең бастысы, отансүйгіштікті нығайту үшін ұлтының рухани-мәдени құндылықтарын сіңіру қажет.
Біздің ата-бабаларымыз бүгінгі ұрпаққа кең байтақ даласын, салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін аманат етіп қалдырды. Біздің парызымыз-ата-бабаларымыздан қалған асыл мұраны қарашығындай сақтап,өзімізден кейінгі ұрпаққа тапсыру.
Достарыңызбен бөлісу: |