Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды жергілікті бюджеттерден субсидиялау қағидаларын бекіту туралы



бет1/3
Дата30.06.2016
өлшемі486.07 Kb.
#167935
  1   2   3
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды жергілікті бюджеттерден субсидиялау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 18 ақпандағы № 103 қаулысы


      «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 10) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды жергілікті бюджеттерден субсидиялау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                      С. Ахметов

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2014 жылғы 18 ақпандағы
№ 103 қаулысымен   
бекітілген      
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы
өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды жергілікті
бюджеттерден субсидиялау қағидалары
1. Жалпы ережелер
      1. Осы Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды жергілікті бюджеттерден субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) асыл тұқымды мал үлесін және ауыл шаруашылығы малының өнімділік сапасын арттыру, өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің өзіндік құнын төмендету үшін мал азығының құнын арзандату мақсатында отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан қалыптастырылған, жалпы табында асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – тауар өндірушілер), мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға және қолдан ұрықтандыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді жеткізушілерге (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер) тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджетте көзделген қаражат шегінде және іс-шаралар есебінен бюджеттік субсидиялар (бұдан әрі – субсидиялар) беру тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) тұқымдық түрлендіру – аналық мал басын тұқымдық және өнімділік өсімін молайтуда асыл тұқымды аталықтарды пайдалану жолымен сапасын жақсарту;
      2) селекциялық карточка – селекциялық малды есепке алу нысаны;
      3) сатып алынған асыл тұқымды және селекциялық малдарды пайдалану туралы келісім – аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы және тауар өндіруші арасында қол қойылған, сатып алынған асыл тұқымды және селекциялық малды нысаналы пайдалану бойынша тауар өндіруші қабылдаған міндеттемелерді растайтын құжат;
      4) аналық мал басы – жыныстық жетілген, төл алу үшін пайдаланылатын аналық мал басы;
      5) шағылыстыру маусымы – ауыл шаруашылығы малдарының өсімін молайту кезеңі;
      6) жалпы табын – жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан қалыптастырылған ірі қара мал табыны.
      3. Субсидиялауға жататын бағыттар:
      1) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға:
      ірі қара мал мен қойлардың аналық мал басы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу;
      асыл тұқымды және селекциялық ірі қара малды сатып алу;
      асыл тұқымды қой, жылқы, шошқа, түйе, марал сатып алу;
      ата-тектік, ата-енелік нысандарды ұстайтын отандық асыл тұқымды құс фабрикаларынан етті және жұмыртқа бағытындағы асыл тұқымды тәуліктік балапандарды, сондай-ақ асыл тұқымды жұмыртқаны сатып алу;
      жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан қалыптастырылған, жалпы табында өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды етті бағыттағы тұқымдық бұқаларды күтіп-бағу;
      жеке қосалқы шаруашылықтарда ірі қара малдың аналық мал басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі шығындарды 100 %-ға дейін өтеу;
      2) мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруға:
      бұқашықтарды бордақылау алаңдарына өткізу;
      сиыр етiн, жылқы етiн, қой етiн, түйе етін, шошқа етiн, бройлерлiк құс етi және күрке тауық етiн (бұдан әрi – құс етi), жұмыртқалағыш кроссты тауық жұмыртқасын (бұдан әрi – тағамдық жұмыртқа), сүт, қымыз, шұбатты, биязы жүнді қойлардың жүнiн (бұдан әрi – биязы жүн) өндiру үшiн пайдаланылатын малдар мен құстарға арналған азықтың құнын арзандату.
      4. Әрбір бағытқа арналған субсидиялар нормативтері осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес белгіленеді. Бұл ретте, жеке қосалқы шаруашылықтарда ірі қара малдың аналық мал басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі шығындарды 100 %-ға дейін өтеуге арналған субсидиялар нормативтері, сондай-ақ жеткізушіге қойылатын өлшемдер мен талаптар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен (бұдан әрі – Министрлік) келісім бойынша облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіледі.
       5. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды субсидиялау бағыттары бойынша субсидиялар көлемдері осы Қағидалар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он жұмыс күні ішінде және кейіннен 20 қаңтардан кешіктірмей жергілікті бюджеттерде тиісті бюджеттік бағдарламалар бойынша ағымдағы қаржы жылына көзделген қаражат шегінде жыл сайын Министрлікпен келісім бойынша облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіледі.
2. Субсидияларды төлеу шарттары
      6. Тауар өндірушілердің субсидияларды алуының қажетті шарты осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларда көрсетілген тиісті бағыттар бойынша өлшемдер мен талаптарға сәйкестігі, бүкіл ауыл шаруашылығы мал басын зоотехникалық нормаларға сәйкес күтіп-бағуы және ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыруы болып табылады.
      7. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін қолданылатын мал мен құсқа арналған азық құнын арзандатуға субсидиялар тауар өндірушілерге:
      1) есептік нөмірлері бар сою алаңдарында (пункттерінде) және (немесе) қайта өңдеу кәсіпорындарында (цехтарында) өткізілген немесе өңделген сиыр еті, қой еті, жылқы еті, шошқа еті, түйе еті, сүт және биязы жүннің;
      2) құс етінің, тағамдық жұмыртқаның, қымыз және шұбаттың өткізілген нақты көлеміне төленеді.
      8. Субсидиялауға мыналар жатпайды:
      1) осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларда көрсетілген өлшемдер мен талаптарға сай келмейтін тауар өндірушілердің малдары мен мал шаруашылығы өнімдері;
      2) шағылыстыру маусымы бойында өз төлінен өсіріп-өндіру және етті бағыттағы асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды (асыл тұқымды тұқымдық қошқарларды) ротациялауда зоотехникалық нормативтерге сәйкес (шағылыстыру контингентінің отыз басына бір бұқадан (қошқардан) кем болмауы, бір бұқаны (қошқарды) қатарынан екі шағылыстыру маусымынан артық пайдаланбау) талаптар ұстанбауда тауарлы шаруашылықтағы ірі қара малдың (қойлардың) барлық аналық мал басы;
      3) селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізудің бірыңғай ақпараттық базасында (бұдан әрі – АТЖ) және «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» жүйесінде (бұдан әрі – АЖС) тіркелген мал басының саны бойынша ауытқуларға ие ірі қара малдың және қойдың аналық мал басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс;
      4) бұрын субсидияланған, сондай-ақ айырбас бойынша өзара есеп айырысу есебіне сатып алынған немесе өнімділікті молайту мақсатында пайдаланылмайтын асыл тұқымды және селекциялық ірі қара мал, асыл тұқымды қой, жылқы, түйе, шошқа, марал, құс шаруашылығы өнімі;
      5) ағымдағы жылы бұрын мынадай бағыттар бойынша субсидияланған жануарлар: селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарын жүргізу, жалпы табында өз төлінен өсіріп-өндіру үшін пайдаланылатын, жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан қалыптастырылған, етті тұқымды асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды күтіп-бағу;
      6) шет елден әкелінген (Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы және Украинадан әкелінген асыл тұқымды ірі қара малды есепке алмағанда), индекстік жүйе бойынша бағаланбаған асыл тұқымды ірі қара мал; шет елден әкелінген, өзінің өнімділігі немесе ұрпағының сапасы бойынша бағаланбаған асыл тұқымды бұқалар;
      7) тұқымсыз және бағаланбаған асыл тұқымды өндірушілер өз төлінен өсіріп-өндіру үшін пайдаланатын асыл тұқымды аналық мал басы;
      8) тауар өндiрушiлер одан әрi қайта өткізу және (немесе) қайта өңдеу үшiн басқа жеке және (немесе) заңды тұлғалардан сатып алған өнiм;
      9) тауар өндірушілер айырбас бойынша, өзара есеп айырысу есебінен өткізілген немесе бұрын субсидияланған өнім;
      10) жеке аулада сойылған сиыр етi, шошқа етi, қой етi, жылқы етi, түйе еті, сондай-ақ қайта өңдеу кәсiпорындарында бастапқы қайта өңдеуден өтпеген сүт;
      11) жануарларды мәжбүрлi санитариялық сою нәтижесiнде, сондай-ақ жіті инфекциялық аурулар бойынша карантиндiк және шектеу iс-шараларының әрекет ету кезеңiнде тауар өндiрушiлер алған өнiм;
      12) етті құс шаруашылығы өнімдері – аяқтары, бастары, сондай-ақ ішкі органдары;
      13) жұмыртқа ұнтағын өндіру үшін өткізілген және (немесе) берілген тағамдық жұмыртқа.
      9. Тауар өндiрушiлердің осы Қағидалардың 6, 7, 8-тармақтарында көрсетілген шарттарды, сондай-ақ жасалған келісімдер бойынша қабылданған міндеттерді сақтамауы Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының (бұдан әрі – басқарма) төленген субсидияларды Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен өндіріп алуына негіз болып табылады.
      10. Тауар өндірушілерге субсидиялар бағыттардың мынадай басымдылықтарына сәйкес төленеді:
      асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға:
      1) ірі қара малдың аналық басымен асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарын жүргізу;
      2) қойлардың аналық мал басымен асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарын жүргізу;
      3) асыл тұқымды және селекциялық ірі қара малды сатып алу;
      4) асыл тұқымды қойларды сатып алу;
      5) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған басқа да бағыттар;
      мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және сапасын арттыруға:
      1) бұқашықтарды бордақылау алаңдарына өткізу;
      2) сиыр етін өткізу;
      3) сүт өткізу;
      4) салқындатылған құс етін өткізу;
      5) мал шаруашылығы өнімдерінің қалған түрлерін өткізу.
      Бұл ретте асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау бағыты басым болып табылады.
3. Министрліктің және облыс әкімдіктерінің жұмыс тәртібі
      11. Министрлік мынадай құжаттарды бекітеді:
      1) субсидиялар алуға арналған өтінім нысандары;
      2) тұқымдық түрлендірілген ірі қара мал мен қойдың аналық мал басына селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидия алуға өтінім нысаны;
      3) аудан/облыс бойынша жиынтық актілер нысаны;
      4) облыс бойынша бюджет қаражатын игеру жөніндегі есеп нысаны;
      5) облыс бойынша субсидиялар төлеу жөніндегі тоқсандық есеп нысаны;
      6) тұқымдық бұқаларды бекіту және пайдалану бойынша елді мекен тұрғындары – мал иелері жиыны шешімінің нысаны;
      7) сатып алынған асыл тұқымдық және селекциялық малды пайдалану туралы келісім нысаны;
      8) ірі қара малының аналық басын ұрықтандыру туралы, ұрықтанған ірі қара малдың аналық басын зерттеу, малды және құсты тіркеу актісінің, бордақылау алаңдарына бұқашықтарды тапсыру актісінің нысандары;
      9) селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізу, асыл тұқымды және селекциялық ірі қара малды сатып алу, асыл тұқымды қойларды сатып алу, жалпы табында етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды күтіп-бағу және бордақылау алаңдарына бұқашықтарды өткізу туралы үзінді көшірмелердің нысандары;
      10) малдың аналық басының бір басын қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыруға анықтама-есеп нысаны;
      12. Облыс әкімі осы Қағидалар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он бес жұмыс күні ішінде облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары төрағалық ететін мал шаруашылығын субсидиялау мәселелері жөніндегі облыстық комиссияны (бұдан әрі – комиссия) құрады.
      13. Комиссия тұрақты негізде жұмыс істейді. Комиссия отырысы айына бір реттен кем емес жүргізіледі. Комиссияның құрамына басқарманың, Министрліктің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің және Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық инспекцияларының мамандары, жергілікті өкілетті орган депутаттары, сондай-ақ мал шаруашылығы саласында қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Комиссияның жұмыс органы басқарма болып табылады.
      14. Комиссияның құзыретіне тауар өндірушілердің өтінімдері бойынша тиесілі субсидиялар көлемін анықтау, жиынтық актіні қалыптастыру, субсидиялау бағыттары бойынша қаражатты қайта бөлу және субсидиялар көлемін өзгерту жөніндегі ұсыныстарды енгізу кіреді.
4. Тауар өндірушілердің субсидиялар алуға арналған өтінімдерін
қарау және қанағаттандыру тәртібі
      15. Осы Қағидалар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он жұмыс күні ішінде және кейіннен жыл сайын 20 қаңтарға дейінгі мерзімде тиісті ауданның ауыл шаруашылығы бөлімі (бұдан әрі – бөлім) аудан әкімдігінің интернет-ресурсына және ауданның ресми баспа басылымдарында субсидиялауға арналған өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру орналастырады.
      16. Тауар өндірушілер тиісті негіздердің туындауына қарай осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген бағыттарға сәйкес субсидиялауға жататын нақты көлемдерге субсидиялар алуға өтінімдерді бөлімге банк шотының нөмірін көрсете отырып, оның болуы туралы екінші деңгейдегі банктің анықтамасын қоса ұсынады.
      Тұқымдық түрлендірілген ірі қара мал мен қойдың аналық мал басына селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүргізуге субсидия алу үшін, тауар өндірушілер кейін қағазға шығарып, қол қойып және бөлімге беріп, АТЖ арқылы субсидия алуға өтінімді қалыптастырады.
      Тұқымдық түрлендірілген ірі қара мал мен қойдың аналық мал басына селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүргізуге субсидия алу бағыты бойынша АТЖ арқылы субсидия алуға өтінімді қалыптастырған кезде, тауар өндіруші субсидия алуға өтінімде банк реквизиттері мен банк шотының нөмірін көрсетеді. Мұндай жағдайда шоттың болуы туралы екінші деңгейдегі банктің анықтамасын қоса берудің қажеті жоқ.
      17. Тауар өндірушілер субсидиялау бағыттарына сәйкес субсидиялар алу үшін өтінімге қосымша төмендегі құжаттарды қоса береді:
      1) етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малдың аналық мал басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу:
      консалтингтік сүйемелдеу туралы шарттың түпнұсқасы мен көшірмесі;
      2) асыл тұқымды зауыттарда және шаруашылықтарда асыл тұқымды қойлардың аналық мал басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу:
      консалтингтік сүйемелдеу туралы шарттың түпнұсқасы мен көшірмесі;
      шығу тегін растау үшін 1:10 қатынасында төлге генетикалық сараптаманың түпнұсқасы мен көшірмесі;
      қолдан ұрықтандыруды жүргізу үшін техниканың болуын растайтын құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері немесе қойлардың аналық мал басына қолдан ұрықтандыру жүргізуге дистрибьютерлік орталықпен шарттың түпнұсқасы мен көшірмесі;
      3) асыл тұқымды және селекциялық ірі қара малды сатып алу;
      малдарды сатып алу – өткізу/лизингілеу шартының түпнұсқасы мен көшірмесі;
      малдарды сатып алу – өткізу шарты бойынша толық төлем жасауды растайтын төлем құжаттарының түпнұсқалары мен көшірмелері;
      асыл тұқымды куәліктің (сертификаттың) және/немесе асыл тұқымды және селекциялық ірі қара малға селекциялық карточканың түпнұсқасы мен көшірмесі;
      жануарларды кіріске алу актісінің түпнұсқасы мен көшірмесі;
      тауар өндірушіден карантиннен алу туралы актісінің түпнұсқасы және көшірмесі (шетелден асыл тұқымды және селекциялық ірі қара малды сатып алған жағдайда);
      сатып алынған асыл тұқымды және селекциялық ірі қара малды пайдалану туралы келісім;
      консалтингтік сүйемелдеу туралы шарттың түпнұсқасы мен көшірмесі;
      ДНК-куәлігінің түпнұсқасы мен көшірмесі (тұқымдық бұқаларды шетелден сатып алған жағдайда);
      4) асыл тұқымды қойларды, жылқыларды, түйелерді, шошқаларды және маралдарды сатып алған жағдайда:
      асыл тұқымды жануарларды сатып алу-сату/лизингілеу туралы шартының түпнұсқасы мен көшірмесі;
      асыл тұқымды малдарды сатып алу-сату шарты бойынша толық төлем жасауды растайтын төлем құжаттарының түпнұсқалары мен көшірмелері;
      асыл тұқымды малдың асыл тұқымдық куәлігінің (сертификатының) түпнұсқасы мен көшірмесі;
      жануарларды кіріске алу актісінің түпнұсқасы мен көшірмесі;
      сатып алынған асыл тұқымды жануарларды пайдалану туралы келісім;
      5) асыл тұқымды тәуліктік балапандарды және асыл тұқымды жұмыртқаларды сатып алу:
      асыл тұқымды құс шаруашылығы өнімін сатып алу-сату шартының түпнұсқасы мен көшірмесі;
      асыл тұқымды құс шаруашылығы өнімін сатып алу-сату шарты бойынша толық төлем жасауды растайтын, төлем құжаттарының түпнұсқалары мен көшірмелері;
      сатып алынған тәуліктік балапандардың және асыл тұқымды жұмыртқаның асыл тұқымдық куәлігінің (сертификатының) түпнұсқасы мен көшірмесі;
      құсты кіріске алу актісінің түпнұсқасы мен көшірмесі;
      құстарды еденде және торлы жағдайда ұстап-бағуға арналған технологиялық құрылғылардың болуын растайтын құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесі;
      6) жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан құралған, жалпы табында өз төлінен өсіріп-өндіруге арналған етті бағыттағы асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды ұстап-бағу:
      тұқымдық бұқаның асыл тұқымды куәлігінің (сертификатының) түпнұсқасы мен көшірмесі;
      жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан қалыптастырылған жалпы табында етті бағыттағы асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды бекіту және пайдалану жөніндегі елді мекен тұрғындары жиналысының шешімі;
      осы жалпы табындағы тұқымсыз бұқаларды кестіру туралы ауылдық округке бекітілген ветеринариялық дәрігердің анықтамасы;
      7) жеке қосалқы шаруашылықтардағы ірі қара малдың аналық басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі шығындарды жеткізушіге 100 %-ға дейін өтеу:
      жеке қосалқы шаруашылықтардағы ірі қара малдың аналық басын қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсету жөніндегі шарттың түпнұсқасы мен көшірмесі;
      жеке қосалқы шаруашылықтардағы ірі қара малдың бір аналық мал басын қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсету жөніндегі шығындарды есептеу-анықтамасы;
      ұрықтандырылған ірі қара малдың аналық басына ұрықтандыру актісінің және тексеру жүргізу актісінің түпнұсқалары мен көшірмелері;
      отандық асылдандыру орталығынан (асылдандыру орталықтарын есепке алмағанда) ұрықты сатып алуға шарттың түпнұсқасы мен көшірмесі;
      8) бұқашықтарды бордақылау алаңдарына өткізу:
      бұқашықтарды бордақылау алаңдарынан сатып алу-сату шартының түпнұсқасы және көшірмесі;
      бұқашықтарды бордақылау алаңдарына қабылдап алу-беру актісінің түпнұсқасы мен көшірмесі;
      9) мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу:
      өнімді өткізуді және сатып алушының өнімді толық төлегенін растайтын құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері;
      тауар өндірушіге тиесілі емес кәсіпорынның қызметін пайдаланғанда малды сою және алғашқы өңдеу бойынша көрсетілген қызметтерді растайтын құжаттардың (шарт, шот-фактура, төлем құжаттары) түпнұсқалары мен көшірмелері;
      өнімді өткізуге тауар-көліктік жүкқұжаттардың тізілімі, өнімді жеке өндеу кәсіпорындарына немесе цехтарына өткізген жағдайда жүкқұжаттардың көшірмелері;
      шаруашылықты жүргізу кітабының немесе 24-ауыл шаруашылығы нысаны есебінен үзіндісіі;
      тауар өндірушілердің осы Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген өлшемдер мен талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың көшірмелері.
      18. Растау құжаттардың түпнұсқалары салыстырудан кейін көшірмелерімен бірге тауар өндірушіге қайтарылады.
      19. Тауар өндірушілер субсидия алынатын өтінімде көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етеді.
      Құс фабрикалары құс өнімінің өткізілген көлеміне өткізілетін субсидиялардың айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында өздерінің субсидия алуға өтінімдерін «Қазақстан құс өсірушілер одағы» заңды тұлғалар бірлестігімен келіседі және содан кейін бөлімге ұсынады.
      20. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау және мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру мақсатында субсидиялау бағыттары бойынша бөлім субсидиялар алуға өтінімдерді жеке журналдарға тіркейді.
      21. Бөлім осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген субсидиялау бағыттары бойынша өтінім беруге негіз пайда болған сәттен бастап күнтізбелік бір жылдан аспаған, осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген бағыттар бойынша үш айдан аспаған өтінімдерді қабылдауға міндетті. Бөлім 2013 жылдың төртінші тоқсанында комиссия қарамаған субсидиялар алуға өтінімдерді қабылдайды.
      22. Бөлім өтінім түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде құжаттар топтамасын тауар өндірушілердің осы Қағидаларға 6, 7, 8-тармақтарына және 2 және 3-қосымшаларында көрсетілген өлшемдер мен талаптарға сәйкестігіне тексереді.
      Мынадай жағдайларда бөлім көрсетілген мерзім ішінде тауар өндірушінің қызмет орнына зоотехникалық есепті жүргізудің алғашқы құжаттарын (малдың қозғалысы туралы есепті, өнім өндіру журналын қоса алғанда) салыстырып тексеру үшін жол жүруді жүзеге асырады:
      1) жеке бағыт бойынша алғашқы рет субсидия алуға өтінім беру;
      2) берілген субсидиялау деңгейін арттыру өткен айда субсидия алу өтінімен салыстырғанда;
      3) жеке бағыт бойынша берілген өтінім көлемдерінің өткен айдың өтінімдерінен жиырма пайыздан аса артық болғанда.
      Ұсынылған құжаттар топтамасы толық емес немесе өлшемдер мен талаптарға сәйкес болмаған жағдайда екі жұмыс күні ішінде тауар өндірушілерге ілеспе хатпен барлық сәйкессіздіктер мен негіздеулерді қайтарады.
      Тауар өндірушілер түзетілген немесе толықтырылған субсидия алу өтінімін қайта енгізе алады.
      23. Ұсынылған құжаттар осы Қағидаларда белгіленген өлшемдер сәйкес келген және өтінімдерді қайтарып беруге негіздер болмаған жағдайда, бөлім тауар өндіруші өтінімде ұсынған деректерді екі жұмыс күні ішінде тексереді: Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми сайтындағы заңды тұлғалардың деректер базасынан, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің ресми сайтынан, мал басын АТЖ-де тіркеу туралы деректерді және АТЖ мен АЖС мал басының санын салыстыруды жүргізеді.
      24. Мыналар үшін бөлім субсидиялау бағыттарына сәйкес, тауар өндірушілердің өтінімдерін төмендегі құжаттармен:
      1) ірі қара және қойлардың аналық мал басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу – АТЖ-нен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу туралы үзіндімен;
      2) асыл тұқымды және селекциялық ірі қара малды/қойды сатып алу – АТЖ-нен селекциялық және асыл тұқымды малдарды сатып алғаны туралы үзіндімен;
      3) жалпы табында етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды ұстау – АТЖ-нен етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды күтіп-бағу туралы үзіндімен;
      4) бұқашықтарды бордақылау алаңдарына өткізу – селекцияық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу туралы, АТЖ-нен бұқашықтарды бордақылау алаңдарына өткізу туралы үзіндімен және АЖС-ден жануарлардың шығуы туралы есеппен;
      5) сиыр етін, шошқа етін, қой етін, жылқы етін және түйе етін өндіру өткізу – АЖС-ден жануарлардың шығуы туралы есеппен толықтырады.
      25. Бөлім тауар өндірушінің осы Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген субсидиялаудың тиісті деңгейіне сәйкестігін айқындайды және бюджеттік субсидияларды алушылардың ауданы бойынша жиынтық актіні құрайды және аудан әкімімен бекітеді. Аудан бойынша бекітілген жиынтық акті өтінімдер болған жағдайда екі аптада бір реттен сирек емес басқармаға ұсынылады. Бөлім өтінімдерді растау құжаттарының көшірмелерін және келісімнің түпнұсқасын үш жыл бойы сақтайды. Бөлім басқармаға берілетін құжаттардың дұрыстығын қамтамасыз етеді.
      26. Басқарма асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға субсидиялаудың және мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және сапасын арттыруға субсидиялаудың бағыты бойынша жиынтық актілерінің жеке журналдарын жүргізеді.
      Басқарма үш жұмыс күні ішінде бөлім ұсынған аудан бойынша жиынтық актілерді осы Қағидалардың өлшемдері мен талаптарына тауар өндірушілердің сәйкестігін қарастырады. Сәйкес келмеген жағдайда басқарма оларды тіркеген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей аудан бойынша жиынтық актілерді қайтарып беру себептерін көрсете отырып, пысықтау үшін бөлімге қайтарып береді. Бөлім бес жұмыс күні ішінде түзетілген және толықтырылған жиынтық актіні басқармаға қайта енгізеді, ал мүмкін болмаған жағдайда көрсетілген мерзім ішінде қайтарып беру себептерін көрсете отырып, өтінімді тауар өндірушіге қайтарады.
      27. Сәйкес болған жағдайда, басқарма аудандар бойынша жиынтық актілерді тіркеген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде комиссияның қарауына жібереді.
      28. Комиссия отырыстың қорытындысы бойынша тауар өндірушілерге тиесілі субсидиялардың көлемін көрсете отырып, облыс бойынша жиынтық акті жасайды.
      29. Бұрын мақұлданған, бірақ қаржыландырылмаған немесе ішінара қаржыландырылған өтінімдерді қоса алғанда, басым бағыттардың біреуі бойынша өтінімдерді қанағаттандыру үшін қаражат толық көлемде жетіспеген жағдайда комиссия жетпеген қаражатты осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген басымдылығы кемірек бағыттардан жетіспейтін қаражатты қайта бөлу туралы ұсыныс енгізеді.
      Комиссия субсидиялау бағыттары бойынша субсидия алуға өтінімдерді басымдылығы жоғарырақ бағыттар бойынша қайта бөлу үшін қажетті қаражатты есепке ала отырып, қанағаттандырады.
      Комиссия бағыттардың бірі бойынша мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруға субсидия алу үшін бірнеше өтінімдерді қарастырған кезде деңгейі жоғарыларға жатқызылған тауар өндірушілердің өтінімдеріне басымдылық беріледі. Қаражатты бір деңгейге жатқызылған тауар өндірушілердің арасында бөлген кезде басымдылық тәртібі бойынша өнімді еңбектің жоғары өнімділігін қамтамасыз ететін заманауи технологиямен өндіруді жүзеге асыратын тауар өндірушілер субсидияланады.
      Қалған қаражат берілген өтінімдердегі тиесілі субсидиялардың көлемдеріне сәйкес пропорционалды бөлінеді. Тауар өндірішуге тиесілі субсидиялардың төленбеген қалдығы бар болған жағдайда келесі ай (лар)дың бос қаражатынан төленеді.
      Тауар өндірушілердің ағымдағы қаржы жылының төртінші тоқсанында берілген және бюджеттік қаражаттың жеткіліксіздігінен қаржыландырылмаған өтінімдер келесі қаржы жылының бірінші тоқсанында басымдылық тәртібімен қаржыландыруға жатады.
      30. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда субсидиялау бағыты бойынша қаражат жетпеген жағдайда, комиссия мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды субсидиялау бағыттарынан қаражаттарды ауыстыру туралы ұсыныс енгізеді.
      31. Тауар өндірушілер мен жеткізушілер берген өтінімдердегі субсидиялар көлемдері тиісті бюджеттік бағдарламалар бойынша тиісті жергілікті бюджетте көзделген сомадан артқан жағдайда, комиссияның ұсынысы негізінде бюджеттік заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті жергілікті бюджетті бекіту туралы маслихаттың шешіміне өзгеріс енгізу арқылы бағыттар арасында қаражатты қайта бөлу мүмкін.
      Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды субсидиялау бағыттары арасындағы сомалар өзгерген жағдайда, жергілікті бюджетті нақтылау кезінде министрліктің келісімі бойынша облыс әкімінің қаулысына тиісті өзгерістер енгізіледі.
      32. Комиссия төрағасы комиссия ұсынған облыс бойынша жиынтық актіні үш жұмыс күні ішінде бекітеді.
      33. Басқарма тауар өндірушілердің банк шоттарына тиесілі бюджеттік субсидияларды аударуды қазынашылықтың аумақтық бөлімшелеріне төлем шоттарын үш жұмыс күні ішінде беруі арқылы жүзеге асырады.
      34. Басқарма ай сайын комиссияның тауар өндірушілердің өтінімдерін қарау нәтижелері туралы ақпаратты облыс әкімінің интернет-ресурсының арнайы бөлімінде жариялайды және облыс бойынша жиынтық акт бекітілген күннен кейін, үш жұмыс күні ішінде бөлімге аудан бойынша тауар өндірушілерге төленген субсидиялардың көлемі туралы ақпаратты жолдайды.
      35. Сатып алынған ірі қара мал мен қойлардың төліне алынған субсидиялар, қаштыру маусымында (есептік жылдың бірінші маусымынан бастап) жүргізілген селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар, жалпы табында ұсталатын етті бағыттағы асыл тұқымды тұқымдық бұқалар, бордақылау алаңдарына өткізілген бұқашықтар туралы мәліметті басқармадан тауар өндірушілерге төленген субсидиялардың көлемдері туралы ақпарат түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде бөлім АЖС енгізуі тиіс.
      36. Басқарма ай сайын есеп беру айынан кейінгі әр айдың 5-күніне дейінгі мерзімде, бірақ 20 желтоқсаннан кешіктірмей Министрлікке облыс бойынша бюджеттік субсидиялардың игерілуі жөніндегі есеп, тоқсан сайын облыс бойынша тоқсан ішінде субсидияларды төлеу жөніндегі есеп береді.

Асыл тұқымды мал      


шаруашылығын дамытуды, мал 
шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi
мен өнім сапасын арттыруды 
жергілікті бюджеттерден   
субсидиялау қағидаларына  
1-қосымша         

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет