Алматы қаласы
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ,
саясаттану PhD докторанты Ж.М.Төлен
Эл. почта Zhenisbek-86@mail.ru
АСТАНА – КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ МЕН БЕЙБІТШІЛІК АЛАҢЫ
АҢДАТПА
Қазақстан Республикасының дін жөніндегі саясаты дінаралық және конфессияаралық келісімге негізделуде. Осы орайда діни үнқатысу алаңына айналған Астана қаласында үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі өткізілуде. Қазақстанның бұл бастамасы әлемдік қауымдастықтан жоғары бағаланып, жаһандық дінаралық диалог мекеніне айналды. Ал Астана шаһары сол діни келісім мен ымырагершіліктің үнқатысу алаңына айналуда. Мақалада Қазақстанның жүргізіп отырған дінаралық және конфессияаралық келісім саясаты мен ондағы Астана қаласының рөлі қарастырылады.
Шынайы бақытқа жеткізетін істерде тұрғындары
өзара көмектесу мақсатын алға койған қала
қайырымды қала болып табылады, ал азаматтары
бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп
отыратын қоғам – қайырымды қоғам
Әбу Насыр әл-Фараби
Қала мен дала, қала мен ауыл арасындағы айырмашылық туралы талай зерттеулер жасалып, талай ғылыми тұжырымдар шығарылды. Біз, қазақтар, жан-жағына қорған тұрғызып, қала салғаннан гөрі сайын даланы кезіп жүріп тіршілік кешкен көшпелілердің соңғы тұяқтарының бірінің ұрпағымыз. Бірақ көшпелілерді біржақты ғана тез арада мекен ауыстыруға ыңғайлы киіз үйлер жиынтығы деген тұрпайы түсінікпен шектеудің аясы тар көзқарас екендігі мәлім. Көшпелі тіршілік ету отырықшылық өмірмен қоян-қолтық ықпалдасу аймағында болғандығын тарих, соның ішінде, қалалар (Отырар, Баласағұн, Суяб, Меркі және т.б.) тарихы дәлелдеп отыр.
Адамзаттың даму тарихының шындығында отырықшы мәдениет қатынас құралдарының жаңа сапалық өзгерістеріне сай келетін мәдени формаларды (хаткерлікті, қаланы, мәтінді, баспагерлікті, кітапты және т.б.) орнықтыруына байланысты инновациялық орта болғандығы рас. Отырықшылықта мәдениет пен оны жасақтаудың мүмкіндігі көшпеліліктен мүлде басқаша. Жанға жайлылыққа, қауіпсіз өмір кеңістігін тұрақты түрде сақтауға, дүние-мүлік сынды материалдық санаттағы байлыққа ден бере бастаған мәдениет адамзаттың отырықшылыққа өтуімен бірге туады. Ал ондай сипаттаманы біз «өркениет» ұғымымен байланыстыратынымыз белгілі. Ендеше, өркениет те, қала сынды, отырықшылық жемісі.
Қала – толықтай дерлік жасанды орта, осы тұрғысынан алғанда да, мазмұндық тереңділігінен сыр тартсақ та, қала – өркениет феномені. Бірақ, ең бастысы – қала болсын, өркениет болсын тайпалық санадан босанып шыққан адамға қатысты деп айтуға болады. Қала әлемі, өркениет әлемі – жаңа технология әлемі болғандықтан қандас туысқандықтан гөрі кәсібилік, маманданғандық және индивидуализм сынды қасиеттерге басты назар аударатын көпэтносты, көпконфессиялы, көпмәдениетті орта. Қазақ тіліндегі "өркениет" сөзінің "өркендеу", "өсу" деген мағыналық коннотациясы да өркениеттің мәдени дамудың белгілі бір алдыңғысынан гөрі кеңірек аймақты қамтып, көбірек байланыстар орнатып, жан-жағына таралуын білдіретіндігінен де біз тегі мәдениеттен өрбіген жаңа қоғамдық сатыны өркениет ұғымына сыйдырамыз.
Қала қашанда орталық болған. Ол – сауда-саттықтың, саяси-әкімшілік биліктің, әскери, мәдени және діни әлеуеттің қордаланған орны. Неміс әлеуметтанушысы Ф. Теннис қаланы адамдар шоғырланған ірі елді мекендер деп қана емес, сонымен бірге, қоғамды ұйымдастырудың жаңашыл түрі деп те анықтайды. Онда, жоғарыда айтып кеткеніміздей, адамдардың белгілі бір туыстыққа, қандастыққа негізделген дәстүрлі қауымынан алуан түрлі аталар, рулар, тайпалар, халықтардың басы біріккен азаматтар қоғамына ауысу орын алады. Демек, қала нағыз толеранттылық тезі болса, онда бір біріне «басқа түскен іске көнбей болмас» деп қана жәй төзімділік танытпай, басқаны білу, түсіну және сыйлау арқылы өзін шексіз толықтыру, жетілдіру жолы деп ұғынатын қайырымды қала бола білу – биік өркениет өлшемі. Сондай жоғары талап деңгейінен көріне білген Арқа төскейіндегі Астана қаласы қазақ елінің кезінде әл-Фараби сипаттап берген қайырымды қаласы десек артық айтпаймыз. Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегіндей болған Астана шаһарының қақ ортасына салынған Бейбітшілік және келісім сарайы әлемдік діндердің сұхбат алаңына айналуы жоғарыда айтылған ойлардың нақты кепілі.
XXI ғасыр әлемнің геосаяси сахнасында мәдени, этносаяси, конфессияаралық шиеленістің өршіп, үлкен саяси қақтығыстар мен жанжалдарға айналып, бір мемлекет пен келесі бір мемлекет, бір дін өкілдері мен келесі бір дін өкілдерінің бітіспес дау-жанжалына ұласып отыр. Бұл турасында көптеген Батыс футурологтары мен геостратегтері өз еңбектерінде жазуда. Американдық саясаттанушы С. Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы» еңбегінде алдағы уақытта қақтығыстағы таптар, топтар арасында шиеленіс идеологиялық сипатта емес, мәдени ерекшелігіне орайлас, әсіресе соның ішінде діни сеніміне қарай орын алатындығын айтады. Демек, діни сенім, мәдени шығу тегі ортақ халықтар мен басқа жат діни сенімдегі халықтар арасында келіспеушілік, араздық орын алады деген сөз. Ол қақтығыс мемлекет ішінен басталып, аймақтық, жаһандық деңгейге дейін жетуі де мүмкін. Айтылғанның нәтижесінде өркениеттер арасындағы қақтығыс болады деген С. Хантингтон дүниежүзін дүрліктірген ғылыми мәлімдеме жасағаны белгілі.
Бүгінгі күні әлемдік кеңістікте діни алауыздық пен конфессияаралық төзімсіздік дүниежүзі халықтарының басты мәселелерінің біріне айналып, одан әрмен өрши түсуде. Оны тоқтату не алдын алу іс-әрекетін жасау қай мемлекеттің болмасын әлем алдындағы беделін асқақтатары сөзсіз. Ол әр мемлекеттің қолынан келе бермесі де анық. Осыған орай әлем халықтарының тыныштығын, бейбіт өмір кешуін қамтамасыз ету мақсатында аймақтық, халықаралық деңгейде ұйымдар мен бірлестіктер (ЕҚЫҰ, БҰҰ, ТМД, ИКҰ, ШЫҰ т.б.) құрылып, өз деңгейінде қызметтерін атқарып отырғанын білеміз. Ал нақты мемлекеттік деңгейде бейбітшілік пен татулыққа негізделген бастамашыл іс-әрекеттер тәуелсіздігін алғанына 20 жыл ғана болған Қазақстанда нақты өз көрінісін беріп, бүгінгі таңда әлем халықтарына үлгі болуда. Ол мемлекет үшін өте ауыр, қиын сәттерге толы сан қилы сынақтардан өту нәтижесінде ғана белгілі бір деңгейде қол жеткен жетістік.
Қазіргі таңда тәуелсіздігіне 20 жыл толғалы отырған Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық саясаты татулық пен төзімділікке, келісім мен бейбітшілікке негізделіп отыр. Діни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін қарастырғанда қазақ халқының тарихи-мәдени ерекшеліктерін назарға алу қажет. Тарихқа жүгінер болсақ, қазақ даласында ерте заманнан-ақ көптеген діндер өмір сүріп, сан ғасырлар бойы Ұлы Дала төсі қаншама халықтардың бейбіт мекеніне айналған. Елімізге ислам діні келгенге дейін тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, иудаизм, несториандық орын алып, ислам діні келгеннен кейін де онымен бірге бейбіт қатар жасаса берген. Тоғыз жолдың торабы – Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Қазақстан бағзы заманнан күні бүгінге дейін сауда мен мәдени айырбастар арқылы Азия мен Еуропа арасын өзіндік байланыстырушы буын қызметін атқарып әр түрлі дінді уағыздаушы халықтар арасындағы өзара мәдени баю үдерісінің ықпалында болды.
Осындай тарихи үдерісті басынан өткерген халқымыздың асыл дәстүрлері: діни төзімділік пен келісім, мәмілегершілік, қонақжайлылық т.б. қасиеттер халық бойында ғасырлар бойы дағдыланған. Соның көрінісі болса керек қаншама мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан даламызда күні бүгінге дейін әр түрлі ұлт өкілдері мен дін өкілдерінің түсіністік пен жарастықта өмір кешіп отырғанына куә болып отырмыз.
Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері мен 46-ға жуық діни конфессияға қарайтын 4 мыңнан астам діни бірлестіктер жұмыс жасайды. Оның ішінде 2337 исламдық: суниттік-1756, шииттік-3, суфийлік-2, Ахмадий жамағаты-4, Орыс Православие шіркеуінің-281, 90 астам рим-католик шіркеуінің, 1189 протестанттық бірлестіктің: евангелия христиан баптистерінің-291, лютерандық-28, Иегова куәгерлерінің-104 және т.б. бірлестіктері бар (2009 жылғы мәлімет бойынша) [1].
Жалпы Қазақстан көпконфессиялы мемлекет. Ел аумағында ислам, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да дәстүрлі емес діндер таралған. Бірақ ел тұрғындарының 70% ислам, ал 28% православие, қалғаны басқа дінді ұстанушылар. Осындай әралуан дін өкілдері мен бірнеше конфессиялар орын алған Қазақстанда дін саясатын жүргізу өте байсалдылық пен шеберлікті талап етеді. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, «Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы: діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады». Ендеше, расында елімізде діни тұтастықты сақтау мемлекеттің басты ұстанымына айналды.
Ең алдымен Қазақстан Республикасының Ата заңы Конституцияда көрсетілгендей, діни сеніміне, нәсіліне, ұлтына қарай азаматтардың ешқайсысы кемсітілмейтіні, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы қандай дінге сенетіндігі өз еркінде екендігі нақты қадап айтылған. Одан әрі қазақстандықтардың діни бостандығына кепілдік беретін 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңның қабылдануы болды. Сонымен қосa, Қазақстанда түрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі үшін қажетті құқықтық және ұйымдық жағдайлар жасалған, конфессияаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталған бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптастырылды.
Жалпы мемлекеттің мақсаты елде бейбітшілік пен ауызбіршілікті сақтап, оны әрі қарай нығайту болып табылады. Сол себептен елімізде тілі, діні, дәстүрі жағынан кез келген ұлыс өкілдеріне ешқандай қысым көрсетілмейді. Біздің шексіз кең байтақ даламыз өзіне алуан түрлі өркениет пен мәдениетті сіңірді. Сондықтан қазіргі полиэтностық және поликонфессиялы Қазақстан - ғасырлар бойғы рухани және мәдени дәстүрлердің мұрагері.
Діни төзімділік пен келісім принциптері еліміздің сыртқы саяси қызметінде де көрініс табады. Олар көпбағытты, ықпалдастық, ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік жолындағы ынтымаққа, әділеттілік пен прогреске негізделген. Қазақстан өзінің қуаты жөнінен әлемде төртінші орын алатын ядролық қару-жарақтарынан өз еркімен бас тартқан және әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигонын жапқан мемлекеттердің ең алғашқысы. Бұл біздің ғаламдық қауіпсіздікке қосқан лайықты үлесіміз және ол басқа халықтар мен мемлекеттердің бізді бейбітсүйгіш ел деп тануына ықпал етті. Сонымен қатар, еліміз Азиядағы қауіпсіздік пен сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға бастамашы болды. Астанада өткен бейбітшілік пен келісім конференциясы, оған қатысқан көптеген көрнекті діни қайраткерлер, түрлі конфессия өкілдері бірлесе отырып, «Бейбітшілік пен келісімге қарай» декларациясын қабылдады, Бейбітшілік пен тұрақтылық форумын құрды [2].
Қарап отырсақ, Қазақстан жөңкіле жылжып бара жатқан бейбітшілік пен үйлесімділікке бағытталған қозғалыстың «жүрегіне» айналып келеді. Ұлтаралық келісімді қалыптастыру, конфессияаралық диалогты жалғастыру үшін жағдайлар жасау – бұл біздің мемлекетіміздің және оның Президенті Н.Назарбаевтың стратегиялық бағдары. Ол халықтар мен діндер арасындағы бір-біріне деген сенім мен ынтымақтастықтың арта түсуі үшін барлық күш- жігерді жұмсайды және де бұл жұмыс өзінің оң нәтижелерін беруде.
Қазіргі уақытта Қазақстанда дінге өркениетті көзқарас демократиялық өзгерістердің бір бөлігіне айналуда. Республикада діни конфессиялардың тұрақты диалог негізінде бейбіт қатар өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Мемлекет бұл процесте бастамашылық жасап, кез келген оң ынтаны қолдайды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Арқаның төскейіне келісім мен бейбітшіліктің туына баланған ордамыз Астана қаласы салынды. Еуразия кіндігінде орналасқан Астана тез әрі жылдам көркейіп, еліміздің мақтанышына баланды. Азия мен Еуропаның, Батыс пен Шығыстың бел ортасында бой көтерген Астана қаласы бүгінгі таңда алуан түрлі ұлттар мен діндердің тоғысып, жарасым тапқан орталығына айнала бастады.
Тағы бір Елбасымыздың тікелей бастамасымен дүниежүзі халықтарының діни басқосу алаңына айналған әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі 2003 жылы діни келісім мен үнқатысу алаңы ретіндегі Арқаның төріндегі Астанада өткізілді.
Форумға 17 конфессияның жетекшілері бас қосып, келісімге және төзімділікке деген өздерінің ұстанымдарын дәлелдеп, бүкіл Жер беті халқының бейбітшілігі үшін тілек тіледі. 2003 жылғы қыркүйектің 23-24-інде Астанадағы «Салтанат сарайында» өткен басқосуда әлем діндерінің жетекшілері діннің лаңкестікпен, қақтығыстармен ешқандай қатысы жоқ екенін жария етті. Діни форумды өткізу идеясын ұсынған Қазақстанның елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты дін жетекшілері съезд төрағасы етіп сайлап, оны болашақта әр үш жыл сайын өткізуді жоспарлады.
Қазақстанды бүгінде «Өркениеттердің тоғысқан жері» деп бекер айтпайды. 2006 жылғы форумға 29 делегация қатысса, 2009 жылғы форум жұмысына әлемнің 35 елінен 77 делегация қатысты. Олар дүниежүзіндегі барлық әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялардың өкілдері болып табылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде сөз алған Пәкістан халықаралық ислам университетінің Президенті Ахмат Газидің айтуы бойыншa, жер шарында шиеленістер мен соғыстар жүріп жатқан алмағайып заманда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Астана қаласында халықаралық діндер форумын шақыруы туралы бастамасы дін ұстанушылар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа бастайды.
Бүгінде өркениеттің дамуына ықпал ететін негізгі жолдың бірі мәдениеттер мен діндердің сұхбаты екендігі белгілі. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасыларының съезі әлемнің әр бұрышында жаңа мыңжылдықта да толастамай отырған діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға, дүние жүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өркениеттердің өзара үндестік табу ісіне айтарлықтай ықпал етеді.
Әлем халықтарын алаңдатқан мәселелерді түсіністікпен талқылау үшін ұйымдастырылып отырған салмақты іс-шараның Астана қаласында өткізілуі елордамыздың халықаралық абыройын асқақтатары сөзсіз. Тәуелсіздігіміздің қолдан салынған рәмізіндей болып тұрған Астана конфессияаралық келісім мен бейбітшіліктің кіндігіне баланды – одан асқан қандай мәртебе бар?!
«Астанасына қарап елін таниды» демекші, ынтымағы мен бірлігі, елдігі мен ерлігі жарасқан ақордамыз Астана қаласы ежелгі түркі ғұламасы Әл-Фарабидің қайырымды қаласын еске түсіреді. Қайырымды қала тұрғындары мен оның басшысы бақытқа жету жолында өмір сүрген. Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» деген еңбегінде: «Асқан игілік пен ең биік кемелдік дәрежесіне ең алдымен қала жетпек, ал кемелдіктің ең төмен дәрежесінде тұрған қоғам бұған әсте жете алмайды. Әрбір қала бақытқа жеткізу үшін қызмет ете алады. Шынайы бақытқа жеткізетін істерде тұрғындары өзара көмектесу мақсатын алға койған қала қайырымды қала болып табылады, ал азаматтары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын болса, бүкіл жер жүзі осылайша қайырымды болмақ», - деген болатын [3].
Еліміздің ортақ бақыты жолында қайырымды қала – Астана орнатылып, онда бір-бірімен түсіністікте, сыйластықта өмір сүруші қайырымды қоғам қалыптасып, оны әділдік пен даналық таразысына салып реттестіріп отырған қайырымды басшы билеп отырса, соның өзі әлемге елдігіміз жөнінде тиімді мәлімет беріп отыр деп ойлаймыз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
-
Қазақстан қоғамы дамуының өзекті мәселелері. Мақалалар жинағы. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ. Алматы 2010. 30 б.
-
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылы әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндер съезінің ашылуында сөйлеген сөзі // www.akorda.kz
-
Экономика ғылымының бастаулары. Әлемдік классика. 10 томдық. 1-том. Алматы 2006ж. 206 б.
Достарыңызбен бөлісу: |