Түрікбасының жер-су тарихы түркілік дәуірден басталады
Т АМЫРЫ ТҮРКІЛІК КЕЗЕҢНЕН БАСТАУ АЛҒАН ТҮРКІБАСЫНЫҢ ТОПОНИМИКАСЫ
Түркібасы, Түйетас атауындағы тарих пен аңыз Түлкібас ауданы қазіргі Азаттық (Азатлық) ауылының шығыс бөлігінде Тұрар Рысқұлов ауылына барар жолдың бойында тау (жота) бөктерінде «Түркібасы әулие» аталған алқап жатыр. Түркібасы әулие туралы тарих пен аңыз Түркібасы ханның ордасы болғандығын, VІ ғасырда Византиядан келген Земарх бастаған елшілерді көне түркілердің ұлы қағаны (Түркібасы) Екітаудың бірінде қабылдағаны туралы деректерді баяндайды.
Түркібасы әулие жөнінде сонау 1863 жылы Түлкібас жеріне іс-сапармен келген атақты академик-шығыстанушы В.В.Бартольд «Отчет о командировке в Среднию Азию» атты мақаласына былай деп жазған екен:
«Тюльку-баш (елді мекеннің аты) қасындағы тау атынан қойылған; бұл тау діни культ нысаны; тау басында қазақтар бір әулиеге құрбандық шалады, құрбан етілген малдың бастарын матаға салып бақандарға іледі. Бұл тау, біздің ойымызша, мұсылмандардың әулиесіне қатысы жоқ киелі жерлерге жатады: киелілігі таудың сырт көрінісіне қарай туындаған сияқты. Бұл жерлер, исламнан бұрын да әулиелі болуы мүмкін. Әулиелердің шын есімдері халыққа беймәлім, халық оларды жай ғана Тюлькубаш-Ата, Чакпак-Ата, Тек-Турмас-Ата, т.б. деп атаған.
Тюлькубаш, атына заты сай, түлкінің басына ұқсайды; оның бірнеше терассасы, (арықтармен суғарылатын) бар. Жергілікті тұрғындар Тюльку-баш атауын Түркібасы деген есімдердің өзгерген түрі екенін маған мәлімдеді; бір кездерде осы жерде түркі ханы тұрған. Этимологиясы, әрине, жасанды, бірақ көңіл бөлерлік, қызық» - дейді В.В. Бартольд.
Белгілі абайтанушы ғалым, профессор М.Мырзахметұлы «Түркібасы» атты мақаласында: «Қазіргі Түлкібас әулие деп зиярат етіп жүрген биік жота бір кезде (ҮІІ-ҮІІІ ғ.) жауға қарсы айбар шашқан түрік жауынгер әскерінің қолбасшысы, яғни түрік басы орналасқан аса қолайлы жер болған. Бұл жерді жау басып ала алмайды, жаудың келе жатқаны алыстан көрінеді. Жау төменгі жақтан шабуыл жасай алмайды. Тағы бір кереметтігі - төбе басында бастау бар, адам үшін ең қажеттісі де сол емес пе? Қай жағынан алып қарасаң да қорғануға аса қолайлы жер болғандықтан, түрік басы (қаған) шатырын сонда тігіп, жауын күткен».
Жер-су, қала аттарының тарихы аңыз-әңгімелер арқылы да осы күнге дейін келіп жеткен. Бұндай әңгімелерде көмескіленген, танымастай өзгерген, өңделген тарихи шындық та бар, сонымен қоса жергілікті тұрғындардың діни-мифологиялық көзқарастардан хабардар ететін мәліметтер де жеткілікті.
Түлкібас ауданының «Түлкібас» аталуына байланысты ел аузында әр түрлі әңгімелер бар. Соның бір нұсқасы «Қазақтың мифтік әңгімелері» атты жинақта келтірілген: «О баста бұл жер Майлыкент аталған екен. Осы Майлыкент өңірінде Түркібас деген әулие кісі өмір сүріпті. Кезінде елге көп жақсылығы тиген, әр түрлі ауруларды емдеп, жазыпты. Өзінің әулиелігіне қарамай ол кісі өте қарапайым болғанға ұқсайды. Бірақ ел ішінде оған сенбейтін, күле қарайтын адамдар да бар болған. Қасиетті Түркібасы оған еш мән бермеген. Бір күні Түркібас әулие қазіргі Түлкібас ауданының орталығы «Ванновка» мен «Азаттылық» колхозының шекарасында орналасқан Қосемшек деген төбенің етегіндегі өзенге түйесін суғармақ боп жетелеп бара жатады. Сол кезде оған сенбейтін, сол ауылдың біраз адамы артынан әжуалай қарап, күліп тұрады. Бұған шыдамаған Түркібас әулие артынан қарап, әлгі адамдарға түкіріп қалыпты. Сол сәтте олар езіліп, еріп он екі адамның барлығы да бір-бір бұлаққа айналады. Осыдан бастап ел оның қасиеттілігіне бас иеді. Кейіннен ауырған адамдар қасиетті әулиенің түкірігі бар деп, сол бастаудан су ішіп дендеріне шипа іздеген.
Сонымен Түркібасы әулие өмірінің соңына дейін жұртты емдеп, елге көп жақсылық істеген. Өлер алдында ол кісі былай деп айтқан екен: «Мен өлген соң, мені Қосемшектің жоғары төбесіне жерлеңдер, үстіне үш дәу тас әкеліп, біреуін оңға, біреуін солға, біреуін аспанға қаратып қойыңдар», - депті. Оның бұл тілегін халық бұлжытпай орындаған.
Күндердің күнінде осы елге жау шабады. Бірақ, елге жақындағанда жаудың аттары аяқтарын алға баспай қойыпты. Әбден әуреге түскен жау, кері қайтады. Естіген ел аң-таң қалады. Кейін Түркібасы әулиенің үстіндегі оң жаққа қарап тұрған тастың жоғалғанын көрген жұрт бұл кереметтің сырына түсінгендей болыпты.
Тағы сол жылдары қатты қуаңшылық болады. Көктен бір тамшы жауын тамбай ел ашаршылыққа ұшырайды. Сол кезде бүкіл ел жиылып, Түркібасы әулиенің басына келіп жалбарынады. Әлгі елдің беделді кісісі: - егер осыған көмектессең, атыңды өмір бойы ұмытпаймыз, - дейді. Сол кезде қабірдің үстіндегі аспанға қарап тұрған тас домалап түсіпті. Тастың үлкендігі сонша сол тастан бірталай адам мерт болыпты. Дәл сол мезетте аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркірейді, артынша ақ жауынға айналады. Содан соң жұрт, уәде бойынша сол өңірге Түркібас атын беріпті.
Қазір бұл жер Түркібасы әулие деп аталады. Түркібасының Түлкібас, Түйетастың Аютас деп аталуында орыс отаршылдарының өзіндік «үлесі» бар екенін көреміз.
Қазіргі жас ұрпақ арасында топонимикада біраз адасушылық байқалып, оны қолдаушы аға буын өкілдері де кездесіп қалады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін Құлан тауындағы Түйетас атауын көп адам Аютас деп атап жүр. Кейбіреулер Түйетас атауын шатыстырып өз ойларын Ақсу Жабағылы қорығында аюдың бар екендігін тілге тиек етіп, Аютас деп болжайды. Мұндай микротопонимикадағы әртүрлі ойларды бір жүйеге келтіру мақсатында көне көз қариялардың баяндауындағы Түйетас аңызын ұсынуды жөн көріп отырмыз. Ілгері замандардағы жаугершілікте пайғамбарымыз ғ.с сахабаларының бірі Әулиеата қаласында тұрып, ислам дінін уағыздапты. Қазақ халқы исламды мойындап дұрыс жолға түсе бастағанын көрген қара қытай мен қалмақтар қапалыста тап беріп, бейбіт елге ойран салады. Мұндай тұтқиылдан болған шабуылға төтеп бере алмаған ел Тараз қаласынан Түркібасыға қарай шегіне қашады. Қашқан елдің басында түйе мінген сахаба да болады. Сол сахабаның түйесі Құлан тауының бергі беті көрінетін жерге жеткенде шөгіп жата қалыпты. Иесі қандай амал жасаса да, түйе орнынан қозғалмайды. Соңдарынан аяушылық сезімнен жұрдай, қырып-жоюдан басқаны білмейтін өңшең сәйгүлік мінген, көк сауытты жау жендеттері өкшелеп келіп қалады. Осындай қысыл таяңда жауға тастаған түйесіне налыған сахаба «Тас болғырдың түйесі, тас бол» деп қарғапты. Сол сәтте түйе тас болып қалады. Сол тасты қазіргі уақытта жергілікті халық пайғамбарымыз ғ.с сахабасының түйесіне байланысты «Түйетас» дейді. Қазіргі «Түркібасы әулие» деп аталатын шоқыда Түркібасы батыр бүкіл елді жинап, құрсаудай қаруланған жауды сол шоқының алдында тосып алып, түгелдей жойып жібереді. Түркібасы батыр сол шоқының басында өз туын тігіп, етектегі жаумен соғысқан әскерін басқарып отырады. Кейін Түркібасыны елдің есінде мәңгі сақтау үшін сол шоқыға жерлепті.
Себеп: қазақтардың түркілік рухы осы Түркібасыда, исламға сенімі Түйетас секілді аңыздарында болғандықтан, халық санасындағы рухтың жадын шаю үшін, әрі нигилистік көзқарас қалыптастыруда адастырушылық саясатпен өзгертілген микротопоним еді.
Жалпы тарихы терең Түлкібас ауданының жері YІ ғасырларда Түркі қағанатының негізін салушы Бумын қағанның інісі Естеміс (Истеми) қағанның жайлауы – Мыңбұлақ. Мыңбұлақтың макротопонимдік территориясы қазіргі Жуалы ауданы мен Түлкібас ауданына қарасты жерлер. Оның микротопонимдік көрінісі қазіргі Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлының туған жері – Мыңбұлақ ауылы. Мұндай топонимикалық атаулардың тарихи себептерге байланысты бірде макроға, бірде микроға ауысып отаруы тарихи заңдылық. Мәселен, қазіргі Ақбиік ауылының басынан аяғына дейін жүзге жуық бұлақтар бар. Сонда Мыңбұлақ – бірнеше жүздеген бұлақтардың алып жатқан аймағы болып шықпай ма?! Мұндай мысалдарды Түлкібас пен Жуалы аудандарының кез келген жерінен табуға болады - деп жазғанбыз. Екінші нұсқасы бұл Мыңбұлақ бұлақ тайпаларына байланысты болуы да бек мүмкін. Себебі, Түлкібас, Төлеби, Сайрам ауданының аймағында бұлақ тайпаларының аттарына байланысты жер-су аттары өте көп және қатар орналасқан. Атап айтар болсақ, Мыңбұлақ, Талдыбұлақ, Шұқырбұлақ, Қотырбұлақ, Тентенбұлақ, Ұрыбұлақ, Көкбұлақ, Майбұлақ, Қарабұлақ, Ақбұлақ және т.б. Осы топонимикалық атаулардың қатар бір аймақта орналасуның өзі жәй ғана кездейсоқтық емес, нағыз тарихи іздердің орнын нық дәлелдеп тұрғандай. Бұл атаулардың бір аумақта жатуы бұлақ тайпаларының ту тіккен жері, яғни Мыңбұлақ деп аталуы тарихи заңдылық. Қазақ халқында ең жоғарғы сан мың. Мысалы: Абай «Ескендір» поэмасында:
Тояма адам көзі мың мен санға? - деп толғаған.
Сонда мың өте көп деген мағына береді. «Мыңбұлақ» - деп бұлақ тайпаларының ту тіккен жері немесе бұлақтардың ордасы деп атауы. Осыған байланысты бұлақ тайпалары тұрған жер «Мыңбұлақ» аталуы.
668 жылы тамыздың соңында Византия елшісі Земархты Естеміс қаған жеке екі таудың ортасындағы үлкен төбеде қабылдады деген естелік бар. Сол қазіргі Түркібасы әулие жерленген төбе болуы да бек мүмкін. Бұл төбенің стратегиялық маңызы да ерекше, өйткені дүниенің төрт тарапынан да бақылауға толық мүмкіндік беретінін төбеге шыққан адам түсінер еді.
Шөбі шүйгін, суы мол, қоңыр салқын Мыңбұлақты Естеміс қаған Иран мен эфталит еліне шабуылға шығу алдындағы плацдармға айналдырған. Себебі аттарын қомдап 100 мыңға жуық түркі әскері оңтүстікке шабуылға шығарда шілденің шығуын, сүмбіле тууын күтіп, Түркібасы шоқысы арқылы оңтүстікті бақылап отырған ғой.
Оның үстіне Естеміс қаған Византия елімен келісімге келген соң, жедел түрде шабуылға шығып, тез арада эфталиттерді талқандап, Иранды ығыстырып тастайды. Оңтүстіктің қауіпсіздігін қамтамассыз еткен соң, батысқа аттанып, Еділ өзені мен Кавказда сәтті жорықтар жасап еліне қайтады. Сондағы Естеміс қағанның ұлы жорықтары осы Мыңбұлақтан Батыс Түркі қағанатын құрған киелі Түлкібасы жерінен басталған. Сондықтан да кейде қайта-қайта көңілді толқытып үміт пен күдік аралас ойдың жетегінде кетеміз де «шіркін-ай» дегің келеді, Түлкібас ауданындағы Түркібасы әулиенің айналасынан Естеміс қағанның ескерткіші қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Келешек ұрпақтарымызды, бізді, Естемістей ерлердің рухымен тәрбиелесек қазақ елі, өзінің айбары мен елдігін сезінері бөлек. Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы бабалар рухымен тіріліп, дүр етіп қайта түрленіп шыға келер еді-ау. Қанекей, меценат ағаларымыз бен бизнесмен бауырларымыз осы бір қасиетті тірлікке мұрындық болса деп үміттенеміз.