Ақтөбе облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу Қағидасы Жалпы ереже



Дата23.02.2016
өлшемі180.42 Kb.
#11413




2012 жылғы «____» __________ №____

облыстық мәслихаттың шешімімен

бекітілген




Ақтөбе облысында жылу маусымына

дайындық және оны өткізу

Қағидасы
1. Жалпы ереже
1. Осы Ақтөбе облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі, "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңдары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 7 желтоқсандағы №1822 "Электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді бекіту туралы" қаулысының, Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрінің 2005 жылғы 24 қаңтардағы №10 "Электр энергиясын пайдалану және Жылу энергиясын пайдалану ережелерін бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №3455 нөмірімен тіркелді) бұйрығының негізінде әзірленген және Ақтөбе облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу тәртібін анықтайды.

2. Қағида Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдары, тұрғын үй-коммуналдық және отын-энергетикалық кешен ұйымдарының облыстың өндірістік, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық және отын-энергетикалық кешен объектілерін жылу маусымына дайындау және оның өтуі кезеңінде тұрақты қызмет көрсетуін қамтамасыз ету бойынша қызметін үйлестіреді.

3. Осы Қағиданы:

1) облыстың жергілікті атқарушы органдары;

2) ведомстволық бағыныстылығы және меншік нысанына қарамастан, балансында, жедел басқаруында, шаруашылық жүргізуі немесе жалдауында, қызмет көрсетуінде жылумен жабдықтау көздері, инженерлік құрылыстар, коммуникациялар және ғимараттар бар коммуналдық қызметтерді көрсетушілер мен тұтынушылар;

3) Ақтөбе облысының тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешен объектілерін салу, монтаждау, реттеу және жөндеумен айналысатын құрылыс-монтаж, жөндеу және реттеуші ұйымдарымен орындауға міндетті.

4. Облыстың тұрғын үй-коммуналдық және отын-энергетикалық кешеніне жататын ұйымдары мен мекемелері тұтынушыларды жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, отынмен жабдықтау және су бұрумен тұрақты қамтамасыз етеді, сондай-ақ энергия тасығыштардың қажетті параметрлерін сақтайды және тұрғын үйлер мен ғимараттардағы қалыпты температуралық режимді, олардың белгіленуі мен энергия тұтынудың төлемдік тәртібін ескере отырып қамтамасыз етеді.

5. Облыстың аумағында күзгі-қысқы жағдайлардағы жұмысқа объектілердің дайындығы Ақтөбе облысының өндірістiк және әлеуметтiк кешенiн күзгi - қысқы кезеңде жұмысқа дайындау туралы облыс әкімдігінің жыл сайынғы қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Өз құзыреті шегінде Ақтөбе облысын жылу маусымына дайындау мен оны өткізуді жалпы үйлестіру облыстың өндірістік және әлеуметтік кешенін қысқы жағдайларда жұмысқа дайындалуды бағалау жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссиясымен жүзеге асырылады.

7. Облыстың қалалары мен аудандарының елді мекендерінде жылу маусымына дайындық пен оны өткізуді үйлестіру, энергетикалық кешен, тұрғын үй қоры, әлеуметтік сала және инженерлі - инфрақұрылым объектілерінің қысқы жағдайлардағы жұмысқа дайындығын бағалау жөніндегі қалалық немесе аудандық ведомствоаралық комиссиясымен (бұдан әрі – қалалық (аудандық) комиссия) жүзеге асырылады.

8. Алдағы жылу маусымында облыстың өңірлерінің инженерлік-энергетикалық кешен және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін қысқы жағдайларда жұмысқа дайындаудың жыл сайынғы жоспарын (бұдан әрі – жылу маусымына дайындық жоспары) ұсыну тәртібі:

1) облыстың тұрғын үй-коммуналдық және отын-энергетикалық кешеніне жататын кәсіпорындар жыл сайын, жылу маусымы аяқталғаннан кейін қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жылу маусымына дайындық жоспарларын ұсынады;

2) қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдары ұсынылған жылу маусымына дайындық жоспарларын бірыңғай жоспарға біріктіреді;

3) қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдары жылу маусымына дайындықтың бірыңғай жоспарларын "Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесіне жинақ үшін ұсынады.

9. Жылу маусымына дайындық жоспарларын орындау жөніндегі есептер мына тәртіпте ұсынылады:

1) тұрғын үй-коммуналдық және отын-энергетикалық кешенге жататын кәсіпорындарымен қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарына – апта сайын;

2) қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен өз өңірі бойынша жинақ есепті - "Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесіне апта сайын;

3) "Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі Ақтөбе облысы бойынша жинақ есепті – Ақтөбе облысының әкімдігіне апта сайын ұсынады.

10. Жылу маусымына дайындық кезінде жоспарланған жұмыстар орындалмағанда есепке:

1) орындалмау себептері көрсетілген анықтама;

2) ахуалды түзету бойынша қабылданып жатқан шаралар;

3) жұмыстарды орындаудың жаңа мерзімдері қоса беріледі.

11. Кәсіпорындар мен ұйымдардың жедел-диспетчерлік қызметтердің қалалар мен ауданның елді мекендерін энергиямен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара әрекеттестігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес анықталады.

12. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тұтынушылармен (абоненттермен) қарым-қатынасы олардың арасында жасалған шарт пен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен анықталады.



2. Жылу маусымына дайындық
13. Жылу маусымы дайындығына:

1) өткен жылу маусымында анықталған ақауларды талдау, анықталған ақаулар мен бұзушылықтарды жою бойынша іс-шараларды орындау;

2) жылу маусымына дайындық жоспарларын әзірлеу;

3) мердігер ұйымдарымен қаржыландыру және шарттар жасау, жөндеу және құрылыс-монтаж жұмыстарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шешу;

4) жылумен жабдықтау көздері және орталық жылу пункттерінде қажетті жөндеу жұмыстарын өткізу, соның ішінде қазандар, түтікшелер, құбырларды қарау және сынап білу;

5) жылу желілері жұмысының жылуды беру және гидравликалық режимінің кестесін әзірлеу;

6) инженерлік желілерде, соның ішінде жаңартумен, күрделі және ағымдағы жөндеулер, сынаулар және шаюмен байланысты жұмыстарды орындау;

7) электр көздерінде, жылу көздерінде және инженерлік желілерде алдын-ала қарау, жоспарлы жөндеулерді орындау;

8) ғимараттарды (үйлерді) дайындау, ғимараттардың (үйлердің) ішіндегі инженерлік жүйелердің алдын-ала қаралуы, жөнделуі және ауыстырылуы бойынша жұмыстарды өткізу;

9) энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде технологиялық апаттарды және табиғат апат салдарларын жою үшін негізгі және резервті отынның нормативтік қорларын, сондай-ақ материалдық-техникалық ресурстарының апатты қорларын құру;

10) отын қоймаларын дайындау, қорлы отын шаруашылықтардың инженерлік жабдықтарының, отын дайындау, отын беру, қоқыс және күлдерді жою жүйелерінің, теміржол және автомобиль кіреберіс жолдарының, өртке қарсы шаруашылықтың жөнделуін орындау жатады.

14. Пәтер иелерінің кооперативі, үй-жай иелерінің кооперативі, кондоминиум объектілерін басқару органдары:

1) жылумен жабдықтау бойынша қызметтер көрсетілетін үйішілік инженерлік желілер мен құрылыстар, пайдалану жауапкершілігі бөлігі шегінде ортақ үйлік жылу энергиясын есептеу құралдарының сақталуын, қауіпсіздігін, тиісті техникалық жағдайы мен пайдаланылуын қамтамасыз етеді;

2) ортақ үйлік қажеттілік үшін пайдаланылатын жылумен жабдықтау бойынша қызметтердің тиімді тұтынылуын қамтамасыз етеді, үйішілік желілер мен құрылыстарда шығындарды болдырмайды;

3) жылумен жабдықтау бойынша қызметтерді көрсетушіге жылумен жабдықтау бойынша қызметтерді көрсетушімен орнатылған пломбалардың тұтастығының бұзылу жағдайлары туралы хабарлайды;

4) мүмкін болған жағдайда үйішілік инженерлік желілерде және құрылыстардағы зақымдарды өз күшімен жояды;

5) жылумен жабдықтау бойынша қызметтерді көрсетуші өкілдерінің ортақ үйлік есептеу құралдарына, үйішілік инженерлік желілер мен құрылыстарға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

6) үйішілік инженерлік желілер мен құрылыстарды тиісті техникалық күйде ұстау бойынша жөндеу және пайдалану жұмыстарын жүзеге асыру үшін үшінші тараптарды тартады, сервистік қызмет субъектісімен шарттарды жасайды және орындалуын бақылайды;

7) үй-жай (пәтер) иелерімен жиналыстар, жазбаша сауалдарды өткізуді ұйымдастырады;

8) барлық пәтер (үй-жай) иелері үшін барлық қол жетімді орындарда ақпарат тақталарында үй-жай, сондай-ақ ортақ мүлікке қызмет көрсету мен жөндеуді жүзеге асыратын ұйымдар туралы, сондай-ақ жылумен жабдықтау бойынша қызметтерді көрсетуші ұйымдар (атауы, байланыс телефондары, апатты қызметтердің телефондары) туралы ақпараттың орналастырылуын қамтамасыз етеді;

9) кондоминиум объектісінің санитарлық-техникалық және инженерлік жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды;

10) апатты жағдайлардың туындау жағдайларынан басқа, пәтер (үй-жай) иелерін инженерлік желілер жұмысы режимінің сөндірілуі, сыналуы немесе басқа да өзгерістері туралы екі тәулікке дейін хабарлайды.

15. Жылу желілерінің күзет аймағы шекарасында осы желілерге иелік ететін ұйымдардың жазбаша рұқсатысыз:

1) кез-келген объектілер мен құрылыстарда құрылыс, монтаждау және жер жұмыстарын жүргізуге;

2) тиеу-түсіру жұмыстарын жүзеге асыруға, әртүрлі алаңдар, автомобиль көліктерінің тұрақтарын жасауға, әртүрлі материалдарды қаптауға;

3) қоршаулар мен шарбақтар салуға;

4) ұңғымалар мен шурфтарды орнатуға байланысты іздестіру және басқа да жұмыстар жүргізуге;

5) биік жүгі бар немесе жүксіз машиналар мен механизмдердің жол немесе жер бетінен 4,5 метрден жақын өтуге (эстакадтарда автожолдар астында төселген жерүсті құбырларының астында) жол берілмейді.

Жылу желілерінің күзет аймақтарының теміржол және автомобиль жолдары тармақтарының алқаптарымен, басқа құбырлардың күзет аймақтарымен, байланыс, телекоммуникациялар желілерімен және басқа объектелірмен түйісуі кезінде түйісу аумақ учаскелерінде осы объектілерді пайдаланумен байланысты жұмыстарды өткізу мүдделі ұйымдармен олар арасында келісу бойынша жүзеге асырылады.

Жылу желілерінің және оның маңындағы күзет аймақтарындағы ұйымдар, заңды және жеке тұлғалар жылу желілеріне иелік етуші ұйымдардың қызметкерлерінің жылу желілерінің сақталуын және жазым жағдайларды болдырмауды қамтамасыз етуге бағытталған талаптарын орындайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 10 қазандағы № 1436 қаулысымен бекітілген Жылу желілері объектілерінің күзет ережесі (бұдан әрі – Күзет ережесі) талаптарының бұзылуына байланысты басқа ұйымдар, заңды және жеке тұлғалармен орындалатын жұмыстарды тоқтатады.

16. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерінде апаттарды жою апатты жағдайларды жою тәртібіне сәйкес және жылумен жабдықтаушы, жылу беруші және жылу тұтынушы, жөндеу-құрылыс, көлік ұйымдары және басқа қызметтердің өзара іс-әрекет регламенті ескеріле отырып жүзеге асырылады.

17. Жылу желілерін пайдаланушы ұйымдар осы желілердің қорғау зоналарында Күзет ережелерінің талаптарына сәйкес жылу желілерін жөндеу үшін қажетті жұмыстарды жүргізеді.

Жылу желілеріндегі апаттардың алдын-алу немесе олардың салдарларын жою бойынша жұмыстар жылдың кез-келген уақытында жер пайдаланушының келісімісіз, бірақ осы жұмыстарды өткізу туралы ескерте отырып жүргізіледі.

Аталған жұмыстарды орындағаннан кейін жылу желілеріне иелік етуші ұйымдар жер учаскелерін мақсатты қолданылуы үшін жарамды күйге келтіреді.

Жұмыстар аяқталғаннан кейін жөндеу жұмыстарын жүргізуші ұйым барлық механизмдерді, материалдарды, уақытша белгілерді, конустарды, тосқауылдарды алып тастайды, жол жабының және жолдың инженерлік орналасуын қалпына келтіреді.

Жолдарда орындалған қалпына келтіру жұмыстарын қабылдау жол органдарымен мердігер ұйымының қатысуымен жүзеге асырылады және екі жақты актімен ресімделеді.

18. Жылу көздері мен жылу желілерін пайдалану және жөндеу жұмыстарын өткізу қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.

19. Жылу көздері мен жылу желілерін жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары жылытуаралық кезеңінде жергілікті атқарушы органдармен келісілген жұмыстарды жүргізу кестесі бойынша жүргізіледі. Бұл ретте ғимараттарды (тұрғын үйлерді) электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау және сумен жабдықтауды қамтамасыз ету бойынша жылу энергиясын пайдалануға арналған шарттың талаптарына сәйкес шаралар қабылданады.

20. Жылумен жабдықтау көздерін және жылу желілерін жоспарлы жөндеу, сондай-ақ жылу желілерінің сынауларын өткізу жергілікті атқарушы органдармен келісілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

21. Жылумен жабдықтау көздері мен орталық жылу пункттерінде жұмыстар мынадай мерзімдерде:

1) күзгі кезеңдегі жылу қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қажеттілері – жыл сайын 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде;

2) жүктелімнің қысқы максимумын өту кезеңінде жылу қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қажеттілері – жыл сайын 1 қазанға дейінгі мерзімде орындау ұсынылады.

Жылумен жабдықтау көздерін қамтамасыз етуші электр, су құбырлы және газ коммуникацияларын жөндеу және алдын-ала қарау жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқтау ұсынылады.

22. Отын қоры шаруашылығын жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқтау ұсынылады.

23. Күзгі-қысқы кезеңде энергетикалық көздеріндегі отынның пайдалану қорының нормасы меншік формасына қарамастан:

жеткізілуі 100 километрге дейін қашықтықта – 15 тәулікті;

жеткізілуі 100 километрден асатын қашықтықта – 30 тәулікті құрайды.

24. Тұтынушы мен энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы жылу пайдалану жүйелерінің күйі мен қызмет көрсету жауапкершілігінің шегі баланстық тиесілігі немесе келісім бойынша анықталады және жылумен жабдықтауға арналған шартқа қоса берілген тараптардың пайдалану жауапкершілігі актісінде тіркеледі.

25. Тұтынушылардың жылу тұтыну қондырғыларын пайдалануға жіберу кезінде мыналар ескеріледі:

1) жаңадан қосылатын және жаңартылатын барлық жылу тұтыну жүйелері энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйымдармен келісілген жобалау құжаттамасына сәйкес орындалады;

2) пайдалануға қосуға дейін және әрбір жылу маусымының алдында жылу тұтыну қондырғылары қабылдау-тапсыру сынауларынан (техникалық дайындық актісімен көзделген техникалық) өтеді.

Жылу тұтыну жүйелерін пайдалануға енгізу тек қана тұтынушыда жылу тұтынудың сенімді әрі қауіпсіз жұмысына жауапты, дайындалған лайықты қызметшілер мен тұлғалардың бар болуы, немесе осы қызмет түріне рұқсаты бар мамандандырылған ұйыммен қызмет көрсетуге арналған шарттың болуы жағдайында мүмкін.

Энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйым жылу тұтыну жүйелерін үнемі пайдалануға тек оларды сынаудан кейін, анықталған ақауларды жойғаннан кейін, сараптау ұйымынан қорытындыны және жылумен жабдықтау шартының қорытындысын алқаннан кейін рұқсат береді.

3) жұмыс істеуші объектілерді және отын-энергетикалық ресурстарды жылдық тұтынуы 500 тонна және шартты отын одан асатын кәсіпорындардың жаңасын салу және қолданыстағысын кеңейту жобалары және техникалық-экономикалық негіздемесі міндетті түрде энергия үнемдеу сараптамасынан өтуі тиіс.

26. Жылу желілердің құбырлары пайдалануға енгізгенге дейін монтаждалуы, күрделі жөнделуі мен жаңартылудан кейін тазартуға тартылады.

27. Жылумен жабдықтау көздері, орталық жылу пункттері, жылу желілері және жалпы жылумен жабдықтау ұйымдарының жылу маусымына дайындығы қалалық және аудандық комиссияның отырысында анықталады.

Жылумен жабдықтау көздерінің дайындығы мына шарттар кезінде расталады:

1) негізгі және қосалқы жабдықтардың жоспарлы жөндеуін орындау;

2) жылу желілері мен жылу көздерінің есепті режимдегі жұмысқа дайындығы;

3) электрмен жабдықтаудың резервті көрмелерін сынау;

4) өндірістік ғимараттар мен жұмыс орындарын жылу, жылылау және жарықтандыру бойынша барлық жұмыстарының аяқталуы;

5) сыртқы ауа температурасының төмен болуы жағдайында жабдықтардың, технологиялық сызбалардың және құрылыстардың зақымдалуының алдын-алу бойынша іс-шараларды орындау;

6) релейлі қорғаныс және апатқа қарсы автоматика құрылғыларын тексеру жоспарларын орындау;

7) жұмыс орындарын оқытылған және аттестатталған қызметшілермен толықтырылуы;

8) жылумен жабдықтау көздеріне арналған жобаға сәйкес негізгі отын қорларын және резервті отын қорларын құру бойынша жоспарды орындау, резервті отын шаруашылығын жұмысқа дайындау бойынша кешенді жұмыстарды өткізу;

9) техникалық куәландыру және жабдықтарды сынау актісін алу;

10) күзгі–қысқы кезеңдегі кезекті жұмысқа объектілер мен жабдықтардың жылу маусымына әзірлік паспортын алу.

Егер әзірлік паспорттарын уақытылы алмаған жағдайда, энергия өндіруші және энергия тасымалдаушы ұйымдарға Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

28. Салынған, тапсырыс берушілермен (тұтынушылармен) және жылумен жабдықтаушы ұйымдармен пайдалануға қабылданбаған қазандықтар, жылу желілері, орталық жылу пунктері, сорғы станциялары, орталық жылу жүйелерін жылу маусымына дайындау және жаңа үйлерді ыстық сумен жабдықтауды құрылыс ұйымдары қамтамасыз етеді.

29. Жылу маусымына тұтынушылардың инженерлік желілерін дайындау бойынша ұйымдастыру іс-шаралар тізбесіне мыналар жатады:

1) инженерлік желілерді пайдаланылуына жауапты тұлғаны тағайындау;

2) инженерлік желілерді пайдалануына жауапты тұлғаларды дайындау: энергиямен жабдықтау ұйымдары өкілінің міндетті түрде қатысуымен, инженерлік желілерді техникалық пайдалану ережелерін, инженерлік желілерді пайдалану кезінде техникалық қауіпсіздік ережелерін оқыту және білімін тексеруді жүргізу;

3) техникалық құжаттаманың толық пакетін дайындау;

4) бақылау-өлшеу құралдарын және коммерциялық есептеу құралдарының тексеруін өткізу;

5) жертөле және шатыр жайларының барлық жылумен жабдықтау және ыстық су құбырларының жылу оқшаулауын орындау;

6) кіреберістер мен жертөлелердің сыртқы есіктерін жөндеу;

7) шатырлардың мен жертөлелердің терезелерін жабу;

8) саты шаршық терезелерін қос шынылануын қалпына келтіру;

9) саты шаршықты жылуды қалпына келтіру және жұмыстарға қосу;

10) тұрғындардың пәтерлерін жылылауды қамтамасыз етуі бойынша ұйымдастыру;

11) жылу пунктінің үй-жайларын жөндеу: ақтау, сырлау, қажетті жарықтандыруды және берік бекітілуін қамтамасыз ету;

12) сыртқы құбырлар мен арматуралардың жылу оқшаулағышын қалпына келтіру;

13) жылу пайдаланушы қондырғылардың орнатылған барлық тиекті, реттеуші арматуралардың тексеруін және жөндеуін өткізу;

14) техникалық термометрлерді тексеру, кейіннен техникалық майды құя отырып гильзаны тазарту;

15) жылу маусымын аяқтау бойынша жылу тұтыну жүйелерінің элементтерін механикалық тазарта отырып, гидропневматикалық шаюды жүргізу;

16) жөндеу іс-шараларын өткізу;

17) пломбыланған, тексерілген монометрлерді орнату;

18) жылу тұтыну жүйелерінің барлық элементтерін механикалық бекемділігі және жылу тұтыну жүйлерінің гидравликалық тығыздығын (гидравликалық сығымдау) гидравликалық сынауын өткізу;

19) ғимараттардың (үйлердің) электр сымдарының оқшауларының кедергілерін тексеру.

30. Транзитпен инженерлі коммуникациялар өтетін жертөле үй-жайларын жалға алушы немесе иесі пайдаланушы ұйым қызметкерлерінің инженерлік желілерді жөндеу жұмыстарын орындау және қызмет көрсету үшін инженерлік құрылыстарға өтуі және еркін қол жеткізуін (апатты-қалпына келтіру жұмыстарын өндіру үшін тәуліктің кез-келген уақытында) қамтамасыз етеді.

31. Тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардың қыс мерзіміне дайындығы жылу маусымы басталғанға дейін жылумен қамтамасыз ету нысандарының әзірлігін тексеру актілері және үйлер мен үйіші жүйелерін көктемгі және күзгі тексеру нәтижесі бойынша ресімделген көп пәтерлі үйлерді тексеру актілері негізінде әзірлік паспорттарымен бекітіледі.

32. Жұмыстар орындалғаннан кейін жылу тұтыну жүйесін қабылдау жылумен жабдықтаушы ұйыммен жүзеге асырылады және екі жақты техникалық дайындық актісімен рәсімделеді.

Техникалық дайындық актісі бойынша қабылданбаған жылу тұтыну жүйесі жылу маусымына дайындалмады деп есептеледі және қайтадан техникалық тексеруден өтуі тиіс.

Жылумен жабдықтаушы ұйыммен объектінің техникалық дайындық актісі ресімделмесе, жылу тұтыну жүйесін қосуға жол берілмейді.

33. Егер энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдардың қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес жылумен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндігі болмаса, жылу энергиясын тұтынушыларын жылумен жабдықтау жүйелеріне қосуға жол берілмейді.

Жылу энергиясын тұтынушы белгісі және ұсыну режимі тұтынушымен жылу маусымына дайындық және энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдармен берілген техникалық дайындық актісінің ресімделуі және сараптама ұйымының қорытындысын алу бойынша іс-шаралар кешенін орындау жағдайында, жоспарлы жөндеу, апатты – қалпына келтіру жұмыстары жағдайын қоспағанда қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттамамен бекітілген талаптарға сәйкес келеді.
3. Жылумен жабдықтау жүйесін байқап көру
34. Жылу маусымының басталуына жылумен жабдықтау көздерін, жылу желілерінің дайындығын тексеру және жасырынған ақауларды анықтау үшін жылумен жабдықтау жүйелерін байқап көру жүргізіледі.

35. Жылу көздері жабдықтарын қосу және ғимараттарды (үйлерді) қосу мына тәртіпте жүргізіледі:

Жылу көздер жабдықтары мен ғимараттардың жабдықтарын қосу үшін:


  1. бірінші тәулікте:

жылу көздерінде жылу жабдықтарының сызбасын жинақтау, жабдықтарды қайта іске қосу және байқап көру, бактарды-аккумуляторларды мүмкіндігінше барынша толтыру, жылу желілерін сумен толтыру және берілетін және қайтарымды құбыр қысымына қою және циркуляцияны орнату бойынша жұмыстар орындалады;

үйішілік жүйелерде арматураның іске қосу ережесін орнату, таратушы құбырлар мен жылумен жабдықтау жүйелерін сумен толтыру, сенімді бақылау-өлшеу құралдары мен реттегіштерінің болуын тексеру жөнінде жұмыстар жүргізіледі;

2) екінші тәуліктен бастап кестеге сәйкес қатаң түрде ғимараттарды қосу жүргізіледі.

36. Магистральді және таратушы жылу желілерін іске қосу және байқап көру іске қосу-жөндеу бригадасымен жүргізіледі.

Іске қосуға дейін желінің іске қосылатын учаскесінің жабдықтарының жарамдылығы тексеріледі, сынау, шаю және қабылдау актілері қаралады.

37. Байқап көру үрдісінде жылу желілері, жылумен жабдықтау көздері және тұтынушылар бойынша айқындалған ескертулер жылу маусымының басына дейін жойылады.


4. Жылу режимі
38. Жылумен жабдықтаушы ұйымдарға 1 қыркүйекке дейін қаланың және ауданның жылумен жабдықтау жүйелерін байқап көру, қосу кестелерін және гидравликалық және температуралық көрсеткіштердің есептік кестелерін әзірлеу және жергілікті атқарушы органдарымен келістіру ұсынылады. Жылу желілерінің құбырлары тұтынушыларға берілген кестеге сәйкес бекітілген көрсеткішті жылу тасығышты (су және бу) беруді қамтамасыз етеді.

Қосу кестелерінде тұтынушыларды қосудың мына кезектілігі сақталуы тиіс:

1) бала, емдік және мектеп мекемелері, басқа оқу орындары;

2) тұрғын үйлер, қонақүйлер, жатақханалар;

3) қоғамдық және тұрмыстық ғимараттар, театрлар, мәдениет үйлері, әкімшілік ғимараттар, өнеркәсіп кәсіпорындары және басқа ғимараттар.

Бір уақытта толтырылатын үйішілік желілердің санын анықтау кезінде жылумен жабдықтау көздерінің шаруашылық-ауыз сумен қамтылуын, су дайындау және сөндіру құрылғыларының өнімділігін ескеру қажет.

39. Барлық ғимараттарды (үйлерді) қосқаннан кейін пайдаланушы ұйымдар жабдықтардың күйінін тексеруін және үйішілік жүйелердің бастапқы реттелуін өткізеді.

40. Пайдалану үрдісінде анықталған жылумен жабдықтау көздерінің, жылу желілері мен үйішілік жүйелердің жұмысындағы кемшіліктер жылу маусымының басына дейін жойылады.

41. Жылу маусымы кезінде жылумен жабдықтаушы ұйым жылу энергиясын беру және (немесе) тарату бойынша қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес мынаны қамтамасыз етеді:

1) жылу энергиясын беру және (немесе) тарату бойынша қызметтерді барлық тұтынушылар үшін тең жағдайларды көрсету;

2) жылу желілерінің баланстық тиесілігі бөлігінің шекарасында Шартпен белгіленген жылу энергиясы көрсеткіштерін қолдайды;

3) тұтынушымен жылу энергиясын беру және (немесе) тарату бойынша қызметтерді көрсетуге шарт жасайды;

4) тұтынушыға Шарт талаптарымен анықталған тәртіпте және мерзімде тиісті сапада жылу энергиясын беру және (немесе) тарату бойынша қызметтерді көрсетеді.

42. Жылу маусымы жарияланғаннан кейін:

1) хабарландыру сызбасы белгіленеді, облыстың тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешен объектілерінің жауапты қызметшілерінің кезекшілігі бекітіледі;

2) кәсіпорындарда апаттты-қалпына келтіру бригадалары дайындалады;

3) ғимаратты (үйді) пайдаланушы ұйым қызметкерімен ғимараттың жылу тасығыш жүйесі жұмысын және жылылау күйін кезеңмен тексеру және бақылау ұйымдастырылады;

4) жылумен жабдықтау көздерінде қор және апатты жабдықтардың жұмысы, негізгі және қор отынының, құралдардың, материалдар мен қосалқы бөлшектерінің болуы тексеріледі.

43. Жылу көздерінде және жылу желілерінде апатты жағдай жарияланса:

1) барлық тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешен объектілерінде күні-түні кезекшілік енгізіледі;

2) қала (аудан) әкімінің өкімі бойынша кәсіпорындар мен ұйымдарда апатты жағдайларда пайдалану үшін тетіктермен және материалдармен қамтамасыз етілген қосымша апатты-жаңғырту бригадалардың күшейтілген дайындығы енгізіледі.

44. Күшейтілген және есептеуден тыс режимдері кезіндегі ғимаратты (үйді) пайдаланушы ұйымның қызметшілерінің қажетті іс-шаралары мен әрекеттері ұйымдардың тиісті нұсқаулықтарында көрсетілуі тиіс.


5. Жылу маусымының аяқталуы және жылуаралық кезеңде ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз ету
45. Жылу маусымының аяқталуы жыл сайын қала (аудан) әкімінің өкімімен хабарланады.

46. Жылу маусымы аяқталғаннан кейін ғимаратты (үйді) пайдаланушы ұйымдар орталық жылу жүйесін сөндіреді және ыстық сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысын жазғы сызба бойынша қамтамасыз етеді.

47. Жылуаралық кезеңде жылумен жабдықтаушы ұйымдар тұтынушыларды жылу көздері мен жылу желілерінің жабдықтарының жұмысының бекітілген сызбасы бойынша ыстық сумен жабдықтаумен қамтамасыз етеді. Су бөлетін нүктелерге (шүмектер, араластырғыштарға) берілетін судың температурасы техникалық және санитарлық норма талаптарына жауап береді. Ыстық суды беруде жылумен жабдықтау көздерінде ыстық сумен жабдықтау қондырғыларын жөндеу, элеваторлы тораптарды, автоматтандырылған жылу пункттері мен үйішілік жүйелерді дайындау үшін қажетті уақытқа жергілікті атқарушы органдармен келісілген кестелермен бекітілген мерзімінен асатын үзілістерге жол берілмейді.

48. Жылу желілерін, жылу пункттерін және жылу тұтыну жүйелерін жөндеуді бір уақытта 1 қыркүйекке дейін жүргізу ұсынылады. Ыстық сумен жабдықтаудың тоқтатылуымен байланысты жөндеудің ұсынылатын мерзімі – 14 күнтізбелік күн.



49. Осы Қағидамен реттелмеген жағдайларда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы нормаларын басшылыққа алу қажет.
6. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен

тұтынушылардың жауапкершілігі
50. Қағиданы бұзғаны үшін қызмет берушілер мен тұтынушылардың жауапкершілігі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және жылу энергиясын беру және (немесе) тарату бойынша қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес анықталады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет