Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымды пайдалану қағидаларын бекiту туралы



Дата23.02.2016
өлшемі62.26 Kb.
#8277
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымды пайдалану қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 4 қарашадағы № 1297 Қаулысы


"Егемен Қазақстан" газетi 2012 жыл 20 наурыздағы N 115-116 (27189); 2012 жылғы 7 сәуiрдегi № 134-137 (27210); "Казахстанская правда" от 20.03.2012 г., № 76-77 (26895-26896);


      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiнiң 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымды пайдалану қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн еткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрi                                 К.Мәсiмов

Қазақстан Республикасы


Үкiметiнiң    
2011 жылғы 4 қарашадағы
№ 1297 қаулысымен
бекiтiлген

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымды пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымды пайдалану қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiнiң 13-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымды пайдалану тәртiбiн анықтайды.


      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымды пайдалану - жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiру процесiнде жер пайдалану мақсаттарын жүзеге асыруда жердi қорғауды және табиғи факторлармен өзара оңтайлы әрекеттесудi есепке ала отырып, топырақтың құнарлылығы мен жердiң мелиоративтiк жай-күйiнiң айтарлықтай нашарлауына әкелiп соқтырмайтын тәсiлдерiмен жоғары дәрежеге жетудi қамтамасыз етуi;
      2) топырақ құнарлылығының айтарлықтай нашарлауы - соңғы екi агрохимиялық зерттеулердiң нәтижелерiн салыстыру кезiнде белгiленген топырақ құнарлылығы көрсеткiштерiнiң төмендеуi;
      3) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердiң тозуы - табиғи шаруашылық маңызының төмендеуiне әкеп соғатын табиғи және антропогендiк әсерлердiң нәтижесiнде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қасиеттерiнiң нашарлауы;
      4) шаруашылық iшiндегi жерге орналастыру жобасы - ауыл шаруашылығы жерлерi аумағының таяудағы перспективада ұйымдастырылуы мен орналастырылуын анықтайтын және негiздейтiн құжат, онда әрбiр жер учаскесiнiң жеке сипаттамаларын (құнарлылығы, технологиялық қасиеттерi, орналасқан жерi, табиғи-тарихи, экологиялық және басқа ерекшелiктерi) есепке ала отырып, оны неғұрлым ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететiн iс-шаралардың кешенi қамтылады;
      5) ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiрудiң технологиялық картасы - ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiрудiң технологиялық операцияларын жүргiзудiң тәртiбiн көрсететiн құжат;
      6) танаптар мен ауыспалы егiстер тарихының кiтабы - уақыт бойынша және аумақтағы жоспарланған ауыспалы егiстi, дақылдар мен сүрi жердi нақты алмастыруды және технологиялық операциялардың орындалуын көрсететiн, ұсынымдық сипаты бар нормативтiк техникалық құжат;
      7) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiнiң паспорты - жер учаскесiнiң, оның сәйкестендiру сипаттамаларының, сондай-ақ жер пайдалану объектiсiнiң топырақ құнарлылығының құрастыру сәтiндегi нақты жай-күйiн көрсететiн құжат;
      8) жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган - жер қатынастары саласындағы реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган (бұдан әрi - орталық уәкiлеттi орган).

2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымды пайдаланудың тәртiбi

      3. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымды пайдалану:


      1) негiзгi ауыл шаруашылығы дақылдары өнiмдiлiгiнiң белгiлi бiр деңгейiн қолдауды және жоғарылатуды, ауыл шаруашылығы өнiмiнiң өсiмiн қамтамасыз етудi;
      2) ауыспалы егiсте ауыл шаруашылығы дақылдарын кезектестiрудiң белгiленген кестесiн сақтауды;
      3) топырақтың құнарлылығы мен мелиоративтiк жай-күйiн сақтауды және жақсартуды;
      4) ауыл шаруашылығы алқаптарының шаруашылық айналымынан шығып қалуын болдырмауды, жерге арамшөп пен ағаш бұта өсiмдiктерiнiң өсiп кетуiне, сондай-ақ тұрмыстық және өндiрiстiк қалдықтарымен қоқыстауына жол бермеудi;
      5) ауыл шаруашылығы дақылдарынан қалған қалдықтар мен жанама өнiмдердi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердiң өңделген учаскелерiнде өртеуге жол бермеудi қамтиды.
      4. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi пайдаланған кезде жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi жақсарту жөнiндегi iс-шараларды жүргiзедi, оның iшiнде мыналар мiндеттi болып табылады:
      1) агрохимиялық iс-шараларды жүргiзу:
      ғылыми негiзделген нормаларға сәйкес минералдық және органикалық тыңайтқыштар себу;
      Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат етiлген өсiмдiктердi қорғау және өсуiн ынталандыру құралдарын пайдаланудың белгiленген регламенттерiн сақтау;
      2) топырақтың құнарлылығын сақтаудың агротехникалық тәсiлдерiн, оның iшiнде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiрудiң қабылданған технологиялық карталарына сәйкес агротехнологиялық операцияларды сақтау жолымен қолдану;
      3) шаруашылық iшiндегi жерге орналастыру жобаларына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердiң топырағын тозудан қорғау жөнiндегi iс-шараларды орындау;
      4) дақылдарды алмастырудың ғылыми негiзделген кестесiн есепке ала отырып, ауыспалы егiстiктердi сақтау;
      5) мынадай:
      ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарының тұқым алмасу және тұқым жаңаруының ғылыми негiзделген мерзiмдерiн сақтау;
      тұқымдарды залалсыздандыру, арамшөп және карантиндiк өсiмдiктер, аурулармен және зиянкестермен күрес жөнiндегi фитосанитарлық iс-шараларды жүргiзу жолымен тұқым шаруашылығы жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру жөнiндегi фитосанитарлық талаптарды орындау;
      6) жайылымдарды суландыру жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу;
      7) агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен ауыл шаруашылығы малдарын жаюдың жайылым алаңының бiр бiрлiгiне арналған жүктеме ңормативтерiн сақтау.
      5. Мынадай көрсеткiштер бойынша топырақ құнарлылығы мен мелиоративтiк жай-күйiнiң айтарлықтай нашарлауына:
      1) егiстiктiң жыртылған қабатындағы (0-20 см) жалпы гумус құрамының 5 пайыздан көп, жеңiл гидролизделiнетiн азоттың, жылжымалы фосфордың және ауыспалы калийдiң орташа салыстырмалы құрамының 20 пайыздан көп төмендеуiне;
      2) жерлердiң осы элементтермен өте төмен және төмен қамтамасыз етiлген алаңдарының 10 пайыздан көп өсуiне;
      3) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердiң пестицидтермен және минералдық тыңайтқыштармен ластануы рұқсат етiлген шектегi концентрациялардан жоғары асуына;
      4) эрозия нәтижесiнде жоғарғы гумус қабаты қуатының 5 сантиметрден көп темендеуiне;
      5) топырақтың 30 сантиметрге дейiнгi қабатындағы уытты тұздар жиынтығының көбеюiне:
      хлоридтердiң 0,4 пайыздан көп болуына;
      сульфаттардың 0,8 пайыздан көп болуына;
      топырақта сортаңданудың 5 пайыздан көп жоғарылауына;
      6) арам шөптердiң не карантиндiк өсiмдiктiң көп өсуiне (арам шөптердiң саны рұқсат етiлген экономикалық зияндылық шегiнен жоғары болуына) байланысты жер учаскесiнiң ауыл шаруашылығында пайдаланудан шығып қалуына жол берiлмейдi.
      6. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердiң ұтымды пайдаланылуын анықтау үшiн жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларында мынадай құжаттардың бар болуы қажет:
      1) жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң және (немесе) жер пайдаланушылардың қаржы-өндiрiстiк қызметi туралы жылдық есеп;
      2) № 2-АШ «Астықтың болуы және қозғалысы туралы», № 3-АШ «Майлы дақылдар тұқымдарының болуы және қозғалысы туралы», № 4-АШ «Егiн өнiмiн себу қорытындылары туралы», № 24-АШ «Мал шаруашылығының жай-күйi туралы есеп», № 29-АШ «Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнiмiн барлық жерден жинау туралы», № 6-р «Шаруа (фермер) қожалықтарындағы жер алқаптарының болуы туралы мәлiметтер» жалпы мемлекеттiк статистикалық байқаудың есептiлiк нысандары;
      3) ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiрудiң технологиялық карталары;
      4) танаптар мен ауыспалы егiстер тарихының кiтаптары;
      5) шаруашылық бойынша есеп кiтаптары;
      6) ауыл шаруашылығы маддарын жаюдың жайылым алаңының бiр бiрлiгiне арналған жүктеме нормативтерi;
      7) тұқымдардың сорттық, егiлу және фитосанитарлық сапасын куәландыратын құжаттар;
      8) пестицидтердiң (улы химикаттардың) және агрохимикаттардың қолданылуы туралы актiлер;
      9) шаруашылық iшiндегi жерге орналастыру жобалары;
      10) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң паспорты.
      7. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердiң ұтымды пайдаланылуын анықтаған кезде осы Қағидалардың 6-тармағындағы көрсетiлген құжаттардың деректерi ескерiледi.
      8. Жыртылған қабаттағы жалпы гумустың құрамы, жеңiл гидролизделiнетiн азот, жылжымалы фосфор және ауыспалы калийдың орташа есептелген көрсеткiштерi топырақты агрохимиялық зерттеу нәтижелерi бойынша анықталады және бiрiншi (базалық) турдағы агрохимиялық зерттеуде белгiленген көрсеткiштермен салыстырылады.
      9. Топырақтың құнарлылығы мен мелиоративтiк жай-күйiнiң көрсеткiштерiн орталық уәкiлеттi органның және агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органдары мен өндiрiстiк бөлiмшелерi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге топырақтық, агрохимиялық, фитосанитарлық зерттеулер жүргiзудiң және жер мониторингiнен алынған мәлiметтердiң негiзiнде жүргiзедi.
      10. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердiң құнарлылығы мен мелиоративтiк жай-күйi туралы мәлiметтер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiнiң паспортында және танаптар мен ауыспалы егiстер тарихының кiтабында көзделедi.
      Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi паспортының нысанын орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.
      Танаптар мен ауыспалы егiстер тарихының кiтабын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiрудiң технологиялық карталарын жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылары дербес жүргiзедi.
      11. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың осы Қағидалардың 4-тармағының 1) - 6) тармақшаларына сәйкес жердi ұтымды пайдалану жөнiндегi жұмыстарды орындауы, өткiзiлген iс-шаралар туралы тиiстi құжаттармен (материалдармен), сондай-ақ танаптар мен ауыспалы егiстер тарихының кiтабымен расталады.
      Жайылымдарды суландыру жөнiндегi iс-шаралар жүргiзiлгенде тиiстi объектiлердiң (шахталық және түтiктi құдықтардың, ұңғымалардың) болуымен расталуы қажет.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет