Қазақ баласы әрдайым қайратты, намысты, өнерлі ерлерін мадақтап, жырға қосқан. Ерлердің өміртарихы эпикалық жырларға арқау болды



Дата10.06.2016
өлшемі101.66 Kb.
#126895
Қазақ баласы әрдайым қайратты, намысты, өнерлі ерлерін мадақтап, жырға қосқан. Ерлердің өміртарихы эпикалық жырларға арқау болды. Осындай ерлердің біреуі, Саржомарттың Сәйкесінен тараған мерген Күркебай туралы дастан, жырлар ертеден халық аузынан түспейтін. Керейдің Бөке батыры, Қожамбеттің Жәнібек батыры, Ақнайманның Ашуұлы Кенжалы батырымен қосылып, патша жандаралдарына қарсы жанкешті әрекеті халық санасында бостандық үшін күрестің туын көтеретін көсем туралы ойларымен астасты. Осы арқылы қалың бұқараның ыстық ықыласына бөленді.

Бүгінде Күркебай туралы халық арасында тараған бірнеше жыр нұсқасы белгілі. Солардың бірін Сағдолла Нұралыұлы 1974 жылы қағаз бетіне түсіріп, өнер институтына жолдады. С.Нұралыұлының жырға байланысты түсініктемесіне сәйкес, Күркебайдың өміртарихына байланысты фактілерді бала кезінде Күркебайды көзбен көрген Исаұлы Құрман ақсақалдан жазып алды. Шыныменен, бұл дастанда сөз саптау мәнері, «Күркебайдың зары» сынды мәтіні қазақ халқында көнеден тараған батырлар жырына жақын келеді.

Күркебайдың өмір тарихын зерттеуде келесі қадамды Күршім аудандық мәдениет бөлімін басқарған Қ.Тұраров жасады. 1985-95 жж. аралығында Аймұхамет Кенжалыұлы, Аралбай ақсақал сынды көнекөз, шежіреші қариялардан мәлімет жинай жүріп, «Күркебайдың шитісі», «Күркебай мерген» атты шығармалар жазды. Күркебайдың туған ағасы Андағұлдан тарайтын ұрпағы, бүгінде белгілі кәсіпкер, Европадағы қазақ диаспорасының басшыларының бірі, Швеция азаматы Абдолла Шағатаймен Алматы қаласында 10.01.1995 жылы кездесіп, жырдың нұсқасын сыйлайды. Кездесуге академик, ақын Асқар Егеубаев, Қаз.МУ проректоры Нұрғазин Марат Сеилханұлы қатысты.

Аға буын үлгісін жалғастырып, Теректібұлақ ауылының тұрғыны, жергілікті ақын С.Қалиғожин «Күркебай мерген» атты шығарма жазды. Күркебай сынды ер тарихымен оқырманды таныстыру үшін С.Қалиғожинның шығармасын кітапқа енгіздік.

Күркебайдың шығу тегі: Руы-Саржомарт, тегі-Сәйкес. Орта жүз, Найман. Сәйкеден-Жанұзақ, Бектемір, Тастемір, Тұрсынбай, Байтемір тарайды. Жанұзақтан- Тайсары, Төлеген, Тоқшара, Түгелбай, Арыстан. Арыстаннан- Ақсары, Қазанғап, Шүрегей, Сарт. Ақсарыдан- Байдос. Байдостан- Аңдамас, Досымбай, Күркебай. Күркебайдан- өздері де ерлігімен ел есінде қалған Базар, Бекторы, Шошан. Аңдамастан-Иса. Исадан-Қайса. Қайсадан Абдолла Шағатай тарайды. Абдолланың ұлдары Жеңгіз, Уыз, қызы Айшагүл бүгінде Батыс Еуропалық өмірден орын тапқан, ортасына сыйлы жандар.

Күркебай мерген
С.Қалиғожин
Толқыны бәсеңсіген бу асынған.

Тартылып қалған болар байқалмайды

Жартастың шығып жатқан су астынан.

Бастары таулардың да салбыраған,

Кім білсін бұлар неге қалжыраған.

Ерекше осы бүгін тымпиып тұр.

Шыршалы, қарағайлы, талды далаң.

Денесі ауыр тартып Күркебай да,

Тұрған жоқ жатыр әлі күркежайда.

Сезгендей әлде нені марал, киік

Жүр бүгін дүркіресіп үркіп сайда.

Маңайын екпінімен дауылдатқан,

Бір адам шауып келед ауыл жақтан.

Қолында шолжаңдайды шолақ қамшы

Өрмелеп ескі аудың бауын таққан.

Күркебай дыбысты естіп түрегелді,

Бір хабар еркіндікті бүре келді.

Хабардың мән–жайына қаныққан соң,

Тұнжырап әрлі–берлі жүре берді.

Әттең-ай, пенделердің жаманы көп,

Жазықсыз жармасады жағаңа кеп.

Озбырлық, опасыздық, өсек-аяң,

Жүрегін талай жанның жаралап ед.

Қисынын бай тұқымы келтіріп ед,

Жел өкпе, желбуаздар желпініп ед.

Сыртынан Күркебайдың шағым жазған

«Кержақты пәсіктегі өлтірді»– деп.

Нышаны озбырлықтың күнде желік,

Дей салар– бүліндірсе білмеп едік.

Мұздай боп, қаруланған жеті жендет

Мергенді тұтқындамақ түнде келіп.

Осылай желіккендер ақыл берді,

Осыны жендеттер де мақұл көрді.

Күркені баспалап кеп, қоршағанмен

Шіркіндер сипап қалды тақыр жерді.

Жендеттер дабырласып тұрып қалды,

Бұл жолы үміттері құрықталды.

Күркебай шитісіне ерік берді–

Әп–сәтте жетеуін де қырып салды.

Күркебай жерге түсті қарағайдан,

Жөн емес енді артына қарайлаған.

Құмашты** бетке алып тартып қойды,

Барар жер осы болды ар айдаған.

Бұл істің келді осылай реті тек,

Өйтпесе қанды шеңгел бүретін ед.

Құмашта Сергей деген тамыры бар,

Ат басын осы үйге тіреді кеп.

Күзгі таң атуға да таяп қалды,

Осымен бүгін шаруа аяқталды.

Үйіне тамырының қонып шықты,

Бұйыртса, қауіп–қатер саяқ қалды.

Күркебай ерте тұрып қайтып кетті,

Мән–жайды тамырына айтып кетті.

Жолшыбай талай үйдің дәмін татып,

Түс ауа ауылына қайтып кепті.

Әдетте, сөйлер сөздің тоқ етері,

Көмейден түйдектеліп топ етеді.

Анықталды жендеттер өлген күні-

Бұл маңда Күркебайдың жоқ екені.

Сөйтіп ол жазалаудан аман қалды,

Бұл жайға бай-туғандар алаңдады.

Қалмады қыр соңынан сол шіркіндер,

«Қайтсек те құртамыз»- деп амалдады.
* * *

Уақыт өтіп жатты тізгін бермей,

Кей–кейде дауылдатып күзгі желдей.

Тіршілік істеп жатты өз дегенін

Замана түзеле ме ізгіленбей.

Қыс, көктем, жазира жаз, күз келеді,

Әдетте, аңшы қауым түз кезеді.

Пендеге табиғаттың берері көп

Табады ерінбесе іздегенін.

Күркебай аңын аулап жүре берді,

Ол барда кедей–кепшік жүдемеді.

Күнделікті аулаған аң, құстары

Оларға қорек еді, үнем еді.

Масайрап жаздың көркі шілде келді,

Бұл кезде маңай тегіс гүлденеді.

Әңгіме қозғағанда мерген жайлы

Еткем жоқ тілге тиек білмегенді.

Арайлап атты бүгін қырдың таңы ,

Шығыстан сәуле шашты нұрлы шамы.

Оранып жердің беті көк майсаға,

Тұмшалап, тұншықтырды қырдың шаңын.

Жайлауда төрт түлік мал айлап жатты,

Ой–қырын бай ауылдар жайлап жатты.

Байлардың малдарына қотандағы

Дамылсыз түнделетіп аю шапты.

Байлардың малдарының шығыны көп,

Кедейлер сорланып жүр жығынды боп.

Әлділер әлсіздерді қан қақсатты,

Опасыз дүние жалған жұғымы жоқ.

Жыртқыштың шабуылы үдей берді,

Білмеді жасқанғанды дүлей енді.

Өлген малдың орнына малын салып,

Кедейлер мал жағынан жүдей берді.

Өмірдің өршеленіп өктем үні,

Жасап жүр әділетсіз өктемдігін.

Екі малшы айқаста опат болды,

Аюдың соққысынан өткен түні.

Сыбдырлап қайың, терек жапырағы,

Тұрғандай желпіндіріп атырабын.

Дүлейден құтқара гөр, ағатай– деп,

Кедейлер Күркебайды шақырады.

Күркебай қайғылы іске қапыланды,

Ертерек алдын алмай қапы қалды.

Аздан соң өзіне-өзі қайрат беріп,

Түнде кеп түз тағысын атып алды.

Аю жолын қарайлап жатқан екен,

Аспанда ай еңкейіп батқан екен.

Баспалап шабуылға келе жатқан

Сыбдырды сезе қойып, атқан екен.

Бармайды бір–біріне дос өкпемен,

Жатса да жаныстырып өсекпенен.

Көрмейтін көзге түртсе қараңғыда

Аюды жаралапты қос өкпеден.

Мергендік емес пе бұл ерен епті,

Кім көрді дәл осындай кереметті.

Деген екен қолдарым сүйсініп тұр,


Еншалла, ақтөс аю мүрдем кетті.

Күркебай талай–талай жерді көрген,

Тірлігі алуан түрлі елді көрген.

Түндегі атқандары қалт кетпесе,

Сезініп екі қолы белгі берген.
* * *

Әрине, ағайынның бары жақсы,

Бірақ та бола бермес бәрі жақсы.

Кеудемсоқ қайсыбірі өркөкірек,

Шамалы ой-өрісі, ары тапшы.

Кейбірі бергенге жоқ, алғанға бар,

Сөзіңе құлақ қоймай жалған ұғар.

Қит етсе міндетсініп, кісімсініп,

Өзіңнен қуат кетсе жалмауға бар.

Кейбірі мақтау сүйгіш, атаққұмар,

Кейінен аяқ асты шатақ шығар.

Ішінде «Шығайбай» бар, «Қарымбай» бар

Қапыда күнің түссе аштан қырар.

Тірлік жоқ кейбірінде тышқан ғұрлы,

Болады ондайлардың іштарлығы.

Көре алмай тіршілігін ағайынның,

Баспалап бірге жүрер дұшпандығы.

Әркімнің ортасы бар, маңайы бар,

Маңдайда туа біткен талайы бар.

Пыш–пыштап Күркебайды қудалады,

Қайсыбір шынжырбалақ ағайындар.

Іздеуші айыптыдан құн алады,

Бәрібір кеудесінде мұң қалады.

Мергеннің кедейлерге қамқорлығы

Шұбартөс туғандарға ұнамады.

Сыр түйіп шежірелі дала жатты,

Топастар тоздырады жамағатты.

Шүйделі ағайындар шу көтеріп,

Нақақтан Күркебайға жала жапты.

Кім білсін болатынын қаза неден,

Жөн емес біреуге ор қаза берген.

Қаматты ағайындар жала жауып,

Баласын Күркебайдың Базар деген.

Базар да талай сұмдық көрген еді

Соңынан бай-туғандар ермеп еді.

Бірінің шолжаңдаған баласына

Жазығы бәйге атын бермегені.

Бастайтын тәуекелге жігер еді,

Сыздады мына жайға жүрек енді.

Жанына батса-дағы Күркебайдың,

Ақылы ағаттыққа жібермеді.

Асқындап өсек–аяң кетіп еді,

Қайтару оңай емес бетін енді.

Дауынан аталастар бас сауғалап,

Көшуге арғы бетке бекінеді

Осылай бұл жағдайдан шықпақ еді,

Ақылмен арсыздарды ұтпақ еді.

Керейде*** Бөке деген батыр досы

Мергеннің бұл шешімін құптап еді.
* * *

Қудалау Күркебайды тиылмады,

Жағдайы барған сайын қиындады.

Тілеулес туғандармен ақылдасып,

Тездетіп алды–артын жиып алды.

Қараша күздің айы желді еді,

Әр айдың сыр–сипатын ел біледі.

Ел–жұртпен қоштасатын сын сағатты,

Сәтті күн сәрсенбіге белгіледі.

Не шара ата жұрты тарлық етті,

Тағдыры алдын болжап жарлық етті.

Көшімен түнделетіп жүріп кетті,

Тәуекел бетке алып арғы бетті.

Білсе де білмеген боп жақындары,

Ішінен тілек тілеп жатыр бәрі.

Аспанға осы бір сәт бұлт ілінді,

Найзағай шарт–шұрт етіп жарқылдады.

Сезінсе жамандықты шаш тұрады,

Мезгілсіз ағаруға шақ тұрады.

Шекара күзетіне бай тұқымы

Қосарлап хабаршысын шаптырады.

Бір сұмдық килікпесе жарар еді,

Межеге аман–есен барар еді.

Арттағы тілеулестер бұл жайында

Мергенге ебін тауып хабар берді.

Жамандар жамандыққа епті дейді,

Талайлар содан жапа шекті дейді.

«Күркебай, сақтанбасаң болмас енді

Шекараға хабаршы кетті»– дейді.

* * *


Көш бүгін шекараға жақындады,

Барар жер алыс емес жақын қалды.

Шүкірлік тілеуі бір туғандардың-

Қауіптен сақтандырған хатын алды.

Бөке де көш алдынан шыққан екен,

Мән–жайды келе сала ұққан екен.

Көш басын кері бұрып, уақытша

Бір сайдың түкпіріне тыққан екен.

Сартаңы қоңыр күздің белгі берді,

Ақ қырау бүркемелеп елді, жерді.

Атойлап алпыс солдат келе жатты,

Ала ту жалп-жұлп етіп желбіреді.

Сын сағат өмір, өлім белдесетін,

Тайсалмай бір–біріне кел десетін.

Күркебай, Ыбырай мен Бөке батыр

Айбынды айдарынан жел есетін.

Оншақты сойыл соғар жігіті бар,

Мұндайда пысық–ширақ жіті тұрар.

Қобалжу, үрейлену жоқ оларда

Жеңістен бәрінің де үміті бар

Шетінен сайыпқыран садақшылар,

Жебемен жау өлігін санап шығар.

Күркебай, Ыбырай мен Бөке батыр-

Жағдайды тез бағалар сарапшылар.

Жау алды Көрқойтасқа жақындады,

Жан–жағын дүрбі салып бақылады.

Бір кезде теке сақал атаманы

Сезді ме бірдеңені бақылдады.

Он–оннан қатар–қатар топ құрады,

Әзір тұр қолдарында от «қыраны»

Қатарлар кезектесіп, ат үстінен

Түбекті қорғасынмен соққылады.

Алдымен сес көрсетіп алмақ екен,

«Жауына» оқпен ойран салмақ екен.

Соңынан атойлатып шабуылдап,

«Олжасын» байлап-матап алмақ екен.

Түбекті бір сағаттай атқан еді,

Мұнысы атаманның шатқан еді.

Бекініп Күркебайдың жігіттері,

Әліптің соңын күтіп жатқан еді

Айласы атаманның ақталмады,

Сезбеді тосқауылға тап болғанын.

Қашанда ісі ақтың құдайы жақ,

Намысы Күркебайдың тапталмады.

Күркебай сайға қамап кезептерді,

Шиті мен садақтарға кезек берді.

Әп -сәтте қырық жендет жер жастанды,

Қалғаны сауға сұрап безектеді.

Бұларды ажал өзі айдап келді,

Бұлтартпай үміттерін байлап берді.

Тәңірі Күркебайдың аз тобына

Күш-қуат, жеңілмейтін қайрат берді.

Адамды алға бастар арман екен,

Басқаның бәрі елес жалған екен.

Күркебай дұшпандарын қырып салып,

Керейге аман–есен барған екен.

Онда да тыным көрмей қудаланды,

Зәрліден жазылмастай у қалады.

Кей–кейде Бөкеменен аңға шығып,

Еріксіз паналады қу даланы.

Тезірек Күркебайды тұтқындауға

Заң орны ақ патшаның үкім етті.

Омбылық генералға Күркебайды,

Қытайдың ұстап берді үкіметі.

Омбының түрмесіне қамап қойды,

Дүрелеп жиі–жиі сабап қойды.

Күркебай тергеушіге жауап бермей,

Апар деп генералға талап қойды.

Күркебайдың генералға айтқаны:

. . . Сіз бастаған солдаттың адамдықтан безгені,

Шекараны қорғамай дұрыс па дала кезгені?

Бейбіт елдің көші еді жайлы қоныс таңдаған,

Іздеп барып атқам жоқ, төседі төсін өздері-

Деп Күркебай жауабын генералға сомдады,

Сесі басып батырдың Алла жолын қолдады.

Күш-жігерін, қайратын ақылымен танытып,

Байтақ қазақ жерінен біраз сырды толғады.

(Қабдолда Тұрар. «Күркебайдың шитісі»)

Алты жыл тұтқындалып жазаланды,

Тағдырдың тәлкегіне назаланды.

Бірақ та мұқалмады, жасымады

Осы жай генералды мазалады.

Генералдың шешімі:

«Атасың анау қазақ тымағынан,

Азаттық алғың келсе шыда бұған.

Тымаққа тимей оғың ағат кетсе,

Өзіңнің мен атамын құлағыңнан».

Күркебай ұсынысты қабыл алды,

Жолаушы қазақты ол танымады.

«О, жаратқан, пендеңді қолдай гөр!»- деп,

Ішінен тәңіріне табынады.

Бір сәтке ой өрнектеп тұра қалды,

Көңілін көк аспанға бұра қалды.

«Соңғысын тізбек қаздың атамын»- деп,

Төреден тағы бір оқ сұрап алды.

Карабин осы бір сәт тарс етеді,

Қаз жерге аспандағы жалп етеді.

Тымағын бүліндірмей анау қазақ

Атқан оқ бастан жұлып ап кетеді.

Генерал мына жайға қайран қалды,

Әп–сәтте бөтен ойы ойрандалды.

Күркебай азат болды абақтыдан,

Айтқанын орындады ойланбады.

Генерал Күркебайды қимап еді,

Мергеннің батылдығын сыйлап еді.

Азаттық алғаннан соң қонақ қылып,

Мергенге бір карабин сыйға берді.

Көреміз күнде көктен үркер, айды,

Білеміз батыр тіккен күркежайды.

Маралды, Баркөл жерін мекендейді,

Кейінгі ұрпақтары Күркебайдың.

Көңілді қаяуы бар кір тұтады,

Күркебай Саржомарттың бір бұтағы.

Сол рудан тараған жеті атаның,

Ұрпағы Күркебайды пір тұтады.

Күркебай аман–есен елге келді,

Кір жуып, кіндік кескен жерге келді.

Құшақ жайып қарсы алды ағайындар

Өткен–кеткен жайларды тергемеді.

Жағдайы ел-жұртының қалыпты еді,

Алдына бір үйір мал салып берді.

Бөкеге қайтыс болған бата жасап,

Отбасын Керейдегі алып келді.

Күркебай теңдесі жоқ мерген еді,

Тәңірі басқа өнер де берген еді.

Сияқты шабан аттың шоқырағы,

Замана дүркін–дүркін тоқырады.

Күркебай сексеннің алтысында қайтыс болды,

Бұйырды туған жердің топырағы.

Маралды тұрған жері тау етегі,

Әйгілі тау қойнауы қау екені.

Кейінгі ұрпақтары Күркебайдың

Басына жиі келіп тәу етеді.

Сары*–кеңпейіл, жомарт екен. Саржомарт аталуы содан.



Құмаш**–Күршім ауданының бұрынғы орталығы.

Керей***–Қытай жеріндегі өлке.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет