Қазақ халқының санамақтарының әдістемелік идеялары
Гульбаршын
Санамақ — қазақтың жас балаларға (4 — 7 жас) арналған ұлттық ойыны. Зеректікті, ептілікті пен икемділікті қажет ететін ойындардың қатарына жатады. Сандарды қайталап айтқызу арқылы балаға алғашқы математикалық дәріс — санауды үйретеді. Санамақ айтылғанда әр санның атына бір ұқсас сөз қосылып айтылады. Мысалы : Бір дегенім не? — Бір дегенім білеу, Екі дегенім не?— Екі дегенім егеу, Үш дегенім не? — Үш дегенім үшкір, Төрт дегенім не? — Төрт дегенім төрткүл. Санамақ ойыны осылайша сұрақ қойып, түрлі сандар мен сөздерді қайталап айтқызу арқылы баланың ойлау қабілетін арттырып, сөздерді анық айтуды үйретеді. Қай халықтың болмасын балалар ойындарын бастауда санамақтар басты рөл атқарады. Өзiнiң ерекше кең таралуымен де, балалар көңiл күйiне әсерлiгiмен де, сандық көлемi жағынан да бұл жанр ойындық балалар фольклорында ерекше маңызды орын алады. Солай бола тұрғанмен де, қазақ балалары арасындағы санамақтарға осы уақытқа дейiн арнайы көңiл аударылған емес. Тек олардың бiрен-саран үлгiлерi ғана «Балдырған», «Ақ желкен», «Ұлан» сияқты газет-журналдарда жарияланып келедi. Тек 1988 жылы басылған қазақ балалар фольклорына арналған «Ақ сандық, көк сандық» атты алғашқы толымды жинақта ғана санамақтар жеке жанрлық түр ретiнде топтастырылып берiлдi. «Санамақ» сөзi орысша «считалки» терминiнiң баламасы болғанмен де, оның тiкелей аудармасы (калька) емес, балалар арасында, үлкендер аузында ертеден қалыптасқан халықтық термин. Санамақты балалар тiлi еркiн шыға бастағаннан (3-5), ойыннан қол үзiп ересек тарта бастағанға дейiнгi (13-15) жас кездерiнде жарыса жаттап, қызыға айтып жүредi. Балалар арасында санамақты көп бiлумен және оны мәнерiне келтiрiп айта бiлетiндiгiмен «беделге» ие болғандары болады. Жас өспiрiмдер арасында осыншалық құрметке ие болған бұл жанрдың тәлiмдiк мәнi де өте зор. Ең алдымен ұйқасты өлеңдер баланың поэзияға құмарлығын арттырып, әдемi сөйлеуге дағдыландырса, санамақты көп жаттауға деген құлшыныс олардың жаттау қабiлеттерiн, танымдық ой өрiсiн дамытады, ал санамақты ырғағымен айта бiлу мәнерлi сөйлеуге үйретсе, санамақ тәртiбiн бұзбай айту баланы сергектiкке, байқампаздыққа, турашылдыққа баулиды. Егер қазақ балалары санамақтарының өлең құрылысын шығу тегi жағынан сараласақ, оның ала-құла екендiгiн байқау қиын емес. Олардың iшiнде мағыналық үйлесiм ескерiле бермейтiн балалардың өз шығармашылығы да, халық шығармашылығының басқа жанрларынан ауысып келген шумақтар да, тiптi басқа халық балаларының репертуарынан (әсiресе, орыс халқынан) репертуарынан ауысқан өлеңдер де кездеседi. Осы алуан түрлi өлеңдердiң iшкi мазмұнынан балалар психологиясының ерекшелiктерi танылады. Егер санамақтар мазмұнына назар аударсақ, олардан қандай да бiр реттiлiктi тану қиын емес. Бұл, әсiресе, сан аралас келетiн санамақтардан айқын көрiнедi. Санамақтың осы ерекшелiгi туралы айта келiп Г.С.Виноградов: «Әдеби шығармалардың қандай түрiнде болмасын сан есiмдер дәл осындағыдай мол ұшыраспайды. Есептiк және реттiк сандар мұнда өзiнше айшықталады және басқа да тiлдiк материалдармен қатар көркем шығарма көлемiнде басқа мәнге ие болады» , – деп атап көрсетедi. Бұл жанрдың санамақ аталу себебi де осы реттiлiкте. Бiрiм – бiрiм, Екiм – екiм... ...Алтым – алтым, Алты малтам, Алтын балтам, Сары ала қаз– Саңқылдауық. Қырман тауық– Қырқылдауық, Сен кiр сен шық, – деп келетiн ең кең таралған қазақ санамағының сандық ретiне назар аударсақ: Бiрiм – бiр, Екiм – екi, – деп онға дейiн санап келiп: Бiр дегенiм-бiлеу, Екi дегенiм – егеу, Үш дегенiм – үскi, Төрт дегенiм – төсек,.. деп жалғастырып кететiн уату-алдарқату жырларындағы өлеңмен сан үйрету тәсiлi еске түседi. Сондай-ақ қазақ санамақтарында негiзiнен жұмбақ сөздердiң iшiнде ең жиi ұшырасатын қайырма Бiрлан, Чiрлан, Отыз, Қатыз, Отыз – тiркестерi түп-тегiнiң де уату-алдарқату жырларындағы саусақ ойындарында жатқанын байқаймыз. Демек, санамақтардың шығу тегiне балаларға сан үйрету өлеңдерi негiз болған деген тұжырым жасауға әбден болады. Яғни бүлдiршiндер ойын барысындағы өз реттерiн табу үшiн алғашқы кезде ата-аналарынан үйренген сан өлеңдерiн пайдаланған. Олар келе-келе түрлi өзгерiстерге түсiп, балалардың өз шығармашылығымен және тағы басқа жолдармен толығып жеке арна түзген. Санамақтардағы мағынасы түсiнiксiз жұмбақ сөздер де өзгеше назар аударуды қажет етедi.
Достарыңызбен бөлісу: |