ГЕНЕРАЛ УАҢ ЖЫҢ БАСҚАРҒАН КЕЗЕҢДЕГІ ҚАРА БОРАНДЫ ШЫҢЖАҢ
Коммунистер партиясының билік жүргізген кезіндегі алдымен қолға алған стратегиялық әдісі – өлкені тыныштандырып, халық сеніміне ие болу еді. Өйткені, халық азаттық армиясын: «қырып-жойып келе жатқан апат» деп үгіттеушілер де көп еді. Сондықтан армияның барып орналасқан жерлерінде халықпен тығыз араласып, қора-қопсысын тазаласу, жыртық-тесіктерін жамасу сияқты кішіпейілділік, қайырымдылық көрсету мен бауырмалдық сенімге ие болу тактикасы қолданылды. Әкімшілік басқаруға жергілікті кадрларды еркін араластырды. Кейбір сиқыры жоқ жергілікті мәселелерді ақылдасудан қақпады. Жер-жерде курстер ашылып, Мау зидуң идеясымен қаруланған әкімшілік белсенділері даярлана бастады. Тездетіп жер реформасын бастау жоспарланды. Реформа белсенділері тәрбиеленді. Бұл тәрбие стиль түзеу дейтін даурықпа науқанмен басталды. Бұл даурықпадан күтілетін үміт «ашылып сайрау» әдісімен «шер төгу». Шер төгу дегеніміз - әр адам өзінің басынан кешкен жапалы өмірінен немесе қоғамдағы әділетсіздіктерден, халықтың бастан кешірген ауыртпалықтарынан туындаған қай-қайдағы азапты өмірді жиып-теріп, әсірелей еске түсіру мен «таптық сананы ояту» екен.
Мұны халық «нағыз сөз еркіндіп», «демократияланудың нысаны» деп түсініп, қуана қарсы алды. Мұндай еркіндікте тек феодалдық езгі үстінде ғана емес, отарлық езгі жайында да «шер» төгуге болады екен десті. Жер реформасы басталып, жаппай «ашылып сайрау, шер төгу» жиындары ұйымдастырылған кезде «шер төгу» помещиктер үстінен ғана емес, көбірек отаршыл милитаристерге, олардың сыбайластарына қарай шағымдануға бағыт алды. Себебі, Шыңжаңда жерді жалға беріп. шаруаларды тонайтын немесе крепостнойлық «құлдық немесе жартылай құлдық» тәртіп жоқ еді. Шаруалардың азды-көпті жерлері ата-бабасынан мұраға қалған, шариғатпен, заңмен иеліктеріне бекітілген қозғалмас жеке меншіктері болғандықтан помещиктер қанауға араласа алмайтын. Сондықтан помещиктер үстінен шер төгу, шағымдану зарлы, екпінді болмады. Керісінше, ұлттық жәбірлену, теңсіздік, талан-тараж жайлы шағымдану үдей берді.
Шыңжаңның негізгі байлығының өте маңызды бір саласы ауыл шаруашылығындағы жанды мал. Шыңжаңда 25-30 миллиондай қой-ешкі, 10 миллиондай ірі қара бар деп мөлшерленетін. Бұл байлықтың барлығы жеке меншікте. Кең жайлау, жылы қыстаулық, құнарлы жайылымдар сол жеке меншік иелігінде. Мұндай ірі байлық социалистік экономиканы жоспарлаудың сыртында қалмауы керек делінді. Сондықтан мал шаруашылығына реформа жасау ойластырылды. Оның әдісі жеке мемшіктегі малды фермаларға ұйымдастырып, бір басшылықпен басқаратын тәртіпке көшіру арқылы мемлекет бақылауына алынуы керек деп ұйғарылды. Солай болды да.
Мал шаруашылығымен шұғылданатын қазақ, қырғыз, моңғол, тәжік халықтары мал өсіруге қолайлы, құнарлы жерлерді руымен немесе бір ұрпақ болып иеленетін де, ортақ пайдаланатын. Сондықтан жер жалдап, қанаушылық кәсібімен айналысатын жер иелері болмайтын. Малды шаңырақтар құнарлы жайылым қуалап, өз малын өздері бағып-қағуға әдеттенген. Мұқтаждық болса сенімді адамдардан бірлі-жарым бақташыны жалдап пайдаланатын. Келісім бойынша еңбек ақысы даусыз төленетін. Малсыз тақыр, таза кедейлер жоқ. Қолы қысқалықтан қиыншылыққа кезіккендерге туыстық қайырымдылықпен көмектесіп отыру ұлттық ғұрып-әдетке айналған. Батагөй ақсақалдар жастарға ақылшы, әлсіздерге қамқоршы. Берекенің ұйтқысы болып отыратын. Ағайын арасында, тіпті, ру арасында кикілжің, өкпе-араздық, дау-дамай болса сол батагөйлердің ақылымен тынышталатын. Тап-тапқа бөлініп айтысу, жауласу болмайтын...
Ал жер реформасы басталғаннан кейін туысқандық қатынасқа, ұлттық ғұрып-әдетке, халық берік сенген діни шариғат тағлымдарына мән берілместен, «тап-тапқа» бөліп, өзара дауластыру тәсілі басталды. Тап жауы деген ұғым анайы ұғым болып, халыққа жақпады. Мал шаруашылығы жағдайы мен сахараны мекендеген халықтың мойынсеріктесу реформасында таптық күрес лепірмесінің орнына «қарақшылық хауіпке қарсы күрес» лепірмесі байқалды. Бұл Гомиңдаңнан қалған сенімсіздіктің әсерінен еді.
Осындай шырма-шату көзқарастар, халық санасында жетілмеген таптық күрес толқыны, Шығыс Түркістанның тағдыры жайлы тұманды көзқарастар сияқты әртүрлі жамыраған пікірлерді жинақтай отырып, философиялық анализ, тарихи тұжырым жасалмады, бұл шырма-шату көзқарастарға генерал Уаң жиң бірден ат қойып, айдар тағып, «оңшыл оппортунистік», «жергілікті буржуазиялық ұлтшылдық», «советшіл ревизионистік» ағым деген диагноз қойып масаттанды.
Дәл осы кезде орталық партия комитетінен:«Шыңжаң - енді Шың-жаң ұйғыр автономиялы районы деп аталса деген пікірлер бар, бұл пікірлерге жергілікті халық қалай қарайды?» – деген сұрақпен хабар жіберіліпті. Бұл хабар Үрімжіде зиялылар талқысына қойылғанда бірсыпыра кісі наразылық көрсетіп, тіпті, қарсы пікірлер айтылды. Бұл қарсылықтар генерал Уаң жыңның мұнсыз да қоздырғалы жүрген өртінің үш ағымына қарсы күрес ашуына өте оңтайлы сылтау табылғандай болды. Сондықтан генерал батыл іске кірісіп, «қарсы тұру», «соққы беру», «өзгерту» күресінің отын лапылдата бастауға шешім қабылдады. Бұл шешімді орталыққа хабарлағанда, орталықтан «тек Сайфиден Азизи, Бурхан Шаһидилерге соқтықпай, басқа қандай адам болса да қатаң тәрбие берілсін» – деген нұсқау алынған.
Бұл дауылды күрес арқылы берілетін қатаң тәрбие деп, алдымен жүзден астам жауапты жергілікті кадрларға соққы тиді. Одан төменге қарай қанат жайғызу керек делінген ұран гуледі.
Осы нұсқаумен басталған күрестің үрейлі сарыны «стиль түзеу» деп аталғанымен, анархияға ерік берілген «дазыбау» әдісімен тереңдей түсті. Дазыбау дегеніміз - авторы көрсетілмейтін үлкен әріптермен жазылған қабырға газеттегі жала сөздер.
Осы дазыбау арқылы қойылған сұрақтарға әр адам жауап іздеумен басын қатырса, «сын және өзара сын» шешендерінің тосырқаған анализдерімен оның да оты тұтандырылып, бірте-бірте өрши берді. Шығыс Түркістанның тағдыры жайлы көзқарастарды негіз еткен пікірталастар алғашында дұрыс басталған сияқты көрінгенімен, бәсеке арқылы үдетілген «дазыбау», желөкпе белсенділердің жағымсынған шатпырақтары күрделі мәселені насырға шаптырды. Жала жабу, мұқату шаралары жауапты адамдарға қарай ойыса берді. Философиялық қисын, тарихи тұжырымы жоқ алыпқашпа пікірлер шиеленісе түсті, оны саралап айырушылар да болмады.
Осындай шиеленіспен дауылдаған күрес төрт айға созылып еді.
Аспан асты барлық адамдарға ортақ, таң секілді шапақты деген мақалды киелі ұғым етіп саналарына сіңіріп алған қытайлық шаруалар, композитор Маханбиннің «Шыңжаң хау» - Шыңжаң жақсы жер – деген өлеңін шырқай әндетіп, Шыңжаңға қарай ағылды. Бұл жоспарлы көші-қон емес еді. Олар келген бетте бет-бетімен өмір сүруге кіріскен босқындар, тіршілігінен әртүрлі қолайсыз жағдайлар туыла берді, жергілікті халыққа жақпады.
Дәл осы кезде Орталықтың ұйғаруы бойынша Шығыс Түркістан «Шыңжаң ұйғыр автоном районы» деп аталатын болды деген сыбыс таралып еді, бұл хабарға түсінбестік, наразылық білдірген пікірлер кең өрістей бастады. «Жергілікті халық құрылтайы арқылы шешілсе екен» – деген тілектер толқыны халықтық толқынға айналды.
Осы екі жаңалық «стиль түзеу» тәсіліндегі жауапты кадрлар арасында да пікір талқысына айналды. Бірсыпыра жауапты кадрлар адал ниеттерімен: «Көші-қон жоспарлы болса, Шыңжаң тағдыры халық құрылтайы арқылы шешілсе» – десіп, жөн айтысып еді, бұл пікірлер жақпады білем, генерал Уаң қаһарына мінді, ерік өзінде болған соң, бұл талаптарды антагонистік қайшылыққа айналдырып жіберді. Қалтқысыз сын айтушыларға сынның характеріне қарай «оппортунистер», «буржуазияшыл ұлтшылдар», «ревизионистер» деген ат қойып, айдар тақты, жала жапты, қалпақ кигізіліп, кешірілместей қаталдыққа ұшыратты. Күрес одан әрі күшейтілді. Қисынсыз анализдер арқылы адал ниетті пікірлер бұрмаланып, айыптау пактісіне айналды. Осындай жаламен рухани соққыға ұшыраған басшы кадрлар қатты азап шекті. Табанды күрескер, Іле қазақ автономиялы облысының орынбасар бастығы Әбдірейім Айса сол жиында өзін-өзі мерт қылып, өмірмен қоштасты. Көрнекті басшылардан қоғам қайраткері Сейфоллаев, атақты жазушы Зия Сәмәди, тағы басқа бірталай зиялылар жазаланды.
Бұл жазалаулар - ұлтжандылыққа қарсы соққы берудің басталуындағы құрал еді.
Күрестің бұл былығына қоса аяқ астынан шаруашылық аудандарында саяси реформа жүргізу деген науқан тағы да асығыс қолға алынды. Бұның желеу-сылтауы мынадай екен: Үрімжі аймағына қарасты Боғда тауын мекендеген Жүкей үкірдәй елінің Алтайға қарай дүркірей босуы. Боғда жайлауын ішкі Қытаймен байланысатын хан жол басып өтеді. Ішкі Қытайдан «Шыңжаң хау» ұранымен жосықсыз-жоспарсыз бет-бетімен ағылған босқындардың табаны астында аласапыраңға ұшыраудан жасқанған Жүкей елі Алтайға қоныс аударып, өз руларымен бірге өмір сүруді армандағандықтан, ұйымдасқан көші-қон екен. Бірден 200-дей шаңырақ лап етіп отырған жайлауларынан көше бастаған. Бағыттары – Жоңғарияның Гоби шөлі жақ етегін кесіп өтіп, Бәйтік асып, Алтайға жету.
Бәйтік тауы - Оспан батырдың елі мекендеген, стратегиялық бекініске қолайлы атақты тау. Оны «бандылар мекені» десіп, аңызға айналдырған гоминдаңшылар мен Оспан батырдың жаулары. Сондықтан болар, Жүкей елінің Бәйтікті бетке алып көшкені генерал Уаң жыңды сескендірді. Бұл сескену – жалған күмәннан туған сескену еді. Өйткені оларда ала бөтен ниет жоқ, қолдарында жылқышының құрығы мен қойшының ақ таяғынан басқа қаруы жоқ бейуаз шаруашыл ел еді.
Осы сескенудің салдары болуы керек, аяқ астынан көшпелі қазақ шаруалары өміріне «реформа» жасау керек деген ағат науқанды қолға алды.
Реформаның басты әдісі – халықтың әлеуметтік, рухани тіршіліктері мен рулық байланыстарына қарамастан, экономикалық жағдайларын өлшемге алмай-ақ ел билеген абыройлы пысықтарды, байларды, ақылгөйлерді, рухани басшыларды қамауға алу болды. Қызмет топтарын ұйымдастырып, ауылға аттандырды.
Науқан өте айбынды басталды. Әрбір ауданнан кемінде 40-50-ден күнәсіз адамдар түрмеге тоғытылды. Тергеусіз, сотсыз жазалау басталды. Іле аймағының Текес ауданында бірден 6 шаруаны атып, мал-мүлкі тәркіленіп таланды. Тарбағатайда халқына өте сыйлы, жасы 80-ге келген атақты Таңғыт үкірдей жазықсыз атылды. Оның сыбайластары деп, талай адам қоса атылды, қамалды. Алтайда рухани көсем, ақын Қалман қажы қамалды, көшіп келгендерді орналастырамыз деген сылтаумен жиналысқа шақырып алып, сол жиналыста Жүкей үкірдай бастаған бір топ адамды қолға алды. Осындай қылмысты қимылдар етек ала бастап еді. Орталықтың араласуымен тыйым салынып, жүздеген бейкүнә жандардың тіршілін сақталып қалды.
Генерал Уаң жыңның сахара елінен күмәнданып, сескенуінің алғашқы нәтижесі осындай көріністерді шығарды. Ал қазақ кадрларының стиль түзеуі Іле Қазақ автономиялы облысы бойынша Құлжа қаласында ұйымдастырылып, «үш шаңырақты бірлестіру» идеясына қарсы тұру ұранымен басталды. Жауапты кадрлардан Облыс бастығы Жағда Бабалықов, қоғам қауіпсіздігі мекемесінің бастығы Ғалым Нөкішев, прокурор Қалдыбай Қанафин, судья Шаймардандарды үш отаудың - Қазақстанның, Моңғол қазақтарының, Қытай қазақтарының қосылуымен ұлы Қазақ хандығын құрмақшы деп айыптап, жұмыстан босатты. Еңбекпен өзгерту үшін өндіріске жіберді. Бұл қазақ зиялыларына соққы берудің басталуы еді. Соққының бұл әдістеріне қарсы болғандардан Шәуешек қаласында өткір сөзді зиялылардан педагог Тұрсын Мұстафин, атақты әнші Шәкен Елебаев күнәсіз атылды. Қазақтар үшін советшіл ревизионистер деген айып өлшем болды да, ұрылды, соғылды, қамалды, еңбек лагерлеріне мерзімсіз айдауға жіберілді. Мыңдаған бейуаздар 15-20 жыл бойы лагерлердің азапты өмірін бастан кешірді.
Мұндай авантюристік надан, тұрпайы саясат тарихта бола қоймаған шығар. Мұндай қатал әрекеттері жөнінде генерал Уаң жың тарихқа не деп жауап берер екен? Генерал Уаң жың тарихшы да, философ та, социолог та, психолог та емес. Тек тәжірибелі қолбасы, батыл да қатал әскери адам. Бір әңгімесінде:«Мен поезд айдаушы машинист едім, бір шетелдіктің шапалағын жеп, қорланғаным үшін кектеніп, азаттық-еркіндікті көксеп төңкеріске қатысып кеттім» – дегені бар. Ал қорланған хұқықтың кегі үшін азаттық пен еркіндікті көксеп, күрескен екен, онда неліктен ғасырлар бойы милитаристердің езуінен қорлық көріп келген бейуаз жұртқа қылыштың жүзімен байланыс жасайды? Өсиетінде :«Күлімді Шыңжаңның топырағына шашыңдар! Халықтың қанына араласып, естерінде жүрейін» – деген екен «құрметті генерал». Күлі арқылы емес, алкеуде, рақымсыз қатыгездігімен есте қалды шовинист генерал!
Халық азаттық армиясы Шыңжаңға кіргенде сағынып, сарғайып күткен туыстарша қарсы алып қауышқан жұрт «нағыз демократия үшін күрескен күрескерлер келді» деп сенген халық ендігі тағдырын Қытай коммунистер партиясына иланып тапсырып еді. Гомиңдаң милитаристерінің езуінен күрес арқылы қолға келтірген еркіндік билігін де, сол билікті қорғап тұрған ұлт-азаттық армиясының басқарылуын да генерал Уаң жиңның билігіне тапсырды, Бұл үлкен сеніммен тапсыру еді. Бірақ ол сенім онша ұзаққа бармады.
Бас қолбасы, Орталық партия комитетінің төрағасы Жу де ақсақалдың бір сөзінде: «Шыңжаң сызылмаған ақ қағаз. Суретші сол ақ қағазға қандай сурет саламын десе өз еркі, қаламын қай жерден бастап, қалай жүргізсе де, нүктені қай жерге қойса да өз еркі, ақ қағаз бетінде тоқтау болмайды», – деген екен. Бұл мысалға әсерленген генерал Уаң «ақ қағаз» бетіне ойына келген өрнегін сала бастады! Алғашқы өрнегінін ең тиімдісі: халықтық басқаруды жолға қою, армияны стратегиялық аймақтарға орналастыру, еңбек армиясын ауыл шаруашылық өндірісіне бағыттау, ұлттық армияны жергілікті әлеуметтік басқаруға, жергілікті әкімшілік басқару жұмысына бағыттау, кадрлар тәрбиелеу, жер реформасын жүргізу сияқты дұрыс бағыттардан бастап еді. Ұзақ уақыт өтпей-ақ аяқ астынан «оппортунистерге», «жергілікті ұлтшылдарға», «советшіл ревизионистерге» қарсы тұру, соққы беру, өзгерту деген жасанды да жалалы идеологикалық ағым қоздырылды да, күрестің салмағы осылай ауысты, жер реформасының екпінді ағымының орнына, жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру ағымы тасқындады. Генерал Уаң ендігі жерде бұл күрестің өрнегін шимайлады, былықтың көкесі енді басталды. Бірсыпыра жергілікті беделді басшы адамдар ұлтшылдар қалпағын киді, мыңдаған бейуаздар ұлтшылдар атанды, жүздеген зиялылар түрмеге, еңбекпен өзгерту лагерлеріне жіберілді. Тап жаулары кім? Аз ұлттар тағдырына ашына қарап, ұлт мәселесін қозғаушы ұлтжандылар кім? Парқы болмай, барлығын да біркелкі жергілікті ұлтшылдар атандырып, айдарын тақты. Сөйтіп, таптық күрес дейтін әдістен ауытқып, ұлтжандылар мен демократияны көксеушілерге қарсы күреске көшті. Халықтың дәуір ағымынан туындап отырған сезімдеріне, талап-тілектеріне дұрыс жауап қайырып, түсіндіру шаралары болмады. Оның орнына үрейлендіру, қорқыту, зорлықпен, күшпен үнді өшіріп, басып тастау секілді әдістер қолданылды, мұндай әдіс мәселені шиеленістіруден басқа өнім берген емес
Бұл былық 70-ші жылдарға дейін созылды. Егер әлем таныған демократ Диң шау пиң ақсақал билік басына келмесе, Қытай елінің жағдайына үйлестірілген базар экоиомикасы бағытына көшпесе, Уаң жиңнің шимайымен адасып жүре берсе, Шығыс Түркістан халқының күні не болар еді?
Диң шау пиң кеңшілігінің аса сауаптысы коммунаны таратуы, бейуаз адамдарды «еңбекпен өзгерту» дейтін алдамшы ұранмен жазаланудан құтқарғандығы болды, Еңбекпен өзгерту деген шын мәнісінде сот үкімімен кесілмеген, мерзімсіз түрме жазасы еді. Мұндай жазаның әдістері әр түрлі болды. Казармада ұстап, үстемелеп зорлап еңбек еттіру, кейбір жауапты адамдарды жекелеп өндіріс орындарында бақылау арқылы еңбекке зорлау, тағы басқа да әдістер қолданылды.
Еңбекпен өзгергендіктің шарты Мау зыдуңға сыйынып, онын, идеясын қабылдау, мәңгүрттеніп, үнсіз бағынатын мінезге әдеттену. хансу ұлтының жетекші ұлт екендігін, күмәнсіздігін мойындап тану. Осындай сындардан сүрінбей өте алса, оны өзгерген деп, бірлі-жарымдап босатып отырады, өте алмаса «өзгергенше» шартымен құлдарша жүре беруі керек. Мұндай жымысқы жазаны адамдар хұқығын қорғау заңының қандай тармағына жатқызуға болады екен?
Құрметті Диң шау пиң ақсақалдың кеңшілігі болмағанда, тиянағы жоқ жазаның бұл түрі адамдарды қандай халге душар етерін кім білсін!
* * *
Осындай атаулармен әр түрлі саяси қалпақтар кигізілсе де, әзірше тордан қалған жауапты адамдар, оларға ерген көптеген халық кіндік қандары тамған, өсіп өнген ана топырағын тастап кетуге мәжбүр болды. Саяси баспана, жан сақтайтын еркіндік сұрап, көрші елдерге жалбарынды, біраз ел Ауғанстанға, тілті Австралияға, ішкі Қытайға кетісті, ең көп босқындар Қазақстан мен Орта Азиядағы туыстас республикаларға қарай көшті. Осы босуда 400 мыңдай адам Кеңес одағынан баспана тапты.
Қытай өкіметі мұндай босқын әрекеттерге онша мән бере қоймады.
Төменде осы босқындар жөнінде бірер сөз айтамыз.
Ұлт-азаттық төңкерісінің өкілдері - Ахметжан Қасыми бастаған жетекшілерінің Пекинге аттанған сапарларында ұшақ апатынан қаза болғандары жөнінде жоғарыда айтқанбыз. Ал қалған тарихи тұлғалардан: Әлихан төре, Әбдірауып Махсұм, Ғани мен Фатих батырлар; әскери жетекшілерден, генералдардан Зұнұн Тәйіпов, Марғұп Ысқақов, Мажаров; полковник шенділерден Лескин, Зия Сәмәди, Ыбрайымбай, Рафих Байчорин, Жағда Бабалықов, Балқаш Бафин, Нәбижан, Ерде, Айтуған Юншиев, Асғат Тайыпов, Қазыхан Манасбаев, Еменов, Юсүпов... тағы басқалар; әкімшілік саласында жауапты қызмет атқарғандардан: Оспан Зия, Телмұхамбет Қанағатов, Ахметқали Бітімбаев, Қалдыбай Қанапин, Ашыр Уахиди, Жексенбай Еділов, Жүсіпбек Мүхилисов, Рамазан Хамитов, Тойбек Хасенов, Бакей Әубакіров, Патиқ Жабықбаев, Дәнеш Рақышев, Әкімжан, Кәкең, Хамит Нөкішевтер тағы басқалар. Жазушылардан: Бұқара Тышқанбаев, Ахмет Жүнісов, Рысбек Сарғожин, Халел Хамраев, Қабдеш Жұмәділов, Құрманбай Толыбаев, Елубек Байтоқов, Уахап Қыдырханұлы, Ғалым Тыныбаев, Мәсүмжан Зұлпүхаров, тағы басқа жүздеген көрнекті кадрлар өз отандарынан ауып, Кеңес одағынан жылы қоныс тапты. Бұл қоныс оларға саяси баспана, тұрақты мекен болып хауіпсіз тыныш өмірге бөленді.
Қытайда қалған көрнекті жергілікті басшы азаматтардан Қытай коммунистер партиясы Шыңжаң бюросының үгіт-насихат басқармасының бастығы Асхат Ысқақов, өкімет райысының орынбасары генерал Мәметемен Еменов, министр Әнуар Жакулин, орынбасар министр Әнуар Салжанов түрмеде өлтірілді. Бұлар сол кезде сенімге ие болған секілді еді, кейін бұларды да «оппортунистер», «ұлтшылдар, ревизионистер», «совет шиондары» деген жаламен айыптап, азаптап өлтірген. Өкімет райысының орынбасары Патыхан Сүгірбаев, атақты қоғам қайраткері Сәйфоллаев, Мағауия Жәбинов, тағы басқалар 15-20 жыл бойы «7-май» түрмесінде, еңбекпен өзгерту лагерлерінде отырып, денсаулықтан айрылысып қайтқан. Асхат Ысқақов пен Әнуар Жакулин түрмеде өлтірілген. Кейін ақтаған болыпты. Бұны саясаттағы қандай сайқалдық дейміз? Ал сонда олардан басқа жазаланғандардың кешірілмес күнәсі болғаны ма?
Егер өршеленген солшылдық кесірінен туындаған ұлтжандылық тенденциясы қылмыс есептелінсе, ашық та, жасырын да басымшылық көрсетіп отыратын зор ұлтшылдықты қандай сылтаумен ақтауға болар екен? Ол қылмыс емес пе?
Жергілікті халықпен араласып, басшылық етіп жүргендердің көпшілігінің ауыздарында интернационалдық ұран болды. Ол ұранды ауыз толтыра айтқанымен, іс жүзінде шынайы интернационалдық бағыт, қоғамдық демократия, таптық күрес тактикасының құрбаны болып отырды. Сондықтан миллиондаған бейуаздардың ұшыраған аянышты тағдыры таптық күрес сылтауымен дәріптелді. Олай болғанда «таптық күрес заңдылығы» дегендері сол сылтау арқылы езілген бейуаз халықты одан бетер тұншықтыру және демократияны аяқ асты ету заңдылығы болып шықпай ма? Жоқ! Бұл заңдылық емес, зор ұлтшылдық мұратынан туындаған авантюристік әрекет. Қылыштың жүзі, найзаның ұшымен халықты үнсіз мүриттікке, ақыл-естен айрылған мәңгүрттікке итермелеу. Халық мәңгүрттенсе, оларға коммунизмнің туған жердің, өркениетті елдің қажеті бола ма?
Бағыт осылай етек ала бастағанда генерал Уаң жиң нені ойлады екен?
Әлеуметтік әділеттілікті аңсап, ұзақ уақыттық күрес тарихын бастан кешірген көсемдер ұлт аймақтарында жүргізілген осындай қатал да түсініксіз стратегияға қалай қарады екен?
Шығыс Түркістан халқының ұлт-азаттық күресіне қарсы болғандар мен бет бұрғандар тағдыры жайлы бірер сөз айта кеткеніміз де жөн болар.
Оспан батыр гоминдаңнан үміт үзгеннен кейін қорғанысқа берік Бәйтік тауын паналап отыра берсе де, үрейден арыла алмады. Ендігі дәтке қуат, көңілге медеу еткені қонаққа шақырылып, Үрімжіге барғанда Американың Үрімжіде тұратын вице консулы Д. Маккернанның уағда еткен «Американың көмегі» еді. Бұл көмек келсе халық азаттық армиясын Шыңжаңға кіргізбеуге болады, тіпті болмағанда, Алтайды қолда ұстап тұруға болар еді деген тәтті қиялмен ширығып көріп еді, бірақ жағдай тез өзгерді. Халық азаттық армиясы Ләнжуден Шыңжаңға қарай шеру тартты. Бұл жағдайға жауап беру үшін халық азаттық армиясының Шыңжаңға кіретін есігіне - Құмылға жақындауымыз керек деп, ауылын Құмылдың Баркөл ауданына көшіріп қоныстандырды.
Бұл қонысында Маккернанмен және Жанымхан қажымен, құмыл уалиі Жолбарыспен, Солтан Шәріппен кездесіп, ақылдасты. Халықты ұйымдастырып, аттанысқа келтіру керек десті. Үрімжі аймағының халқын аттанысқа келтіруді Жанымхан қажы, Қалибек пен, Сәлістерге міндеттеді. Құмыл аймағының халқын ұйымдастыруды Оспан батыр, Жолбарыс, Солтаншәріптер міндеттеріне алысқан.
Халықты аттанысқа келтіруде айтылатын үгіттің мазмұны коммунистік апатқа қарсы тұруда Америка көмегі болатындығы, ақтар армиясының Самойлов бастаған жүзден астам ержүрек жауынгерлері жәрдемге келгендігі жайлы. Бұл өтірік лақап еді, бүкіл мұсылмандар көтеріліске даярланып жатқандығы жайлы елді иландыра айтысып, қозғалысқа келтіруге кіріспекші болысты. Бірақ халық азаттық армиясының екпінді жорығы бұл топтардың қимылдауына мұрша бермеді. Шыңжаң соғыссыз коммунистер партиясының жетекшілігіне өтті. Шығыс Түркістан үкіметі 1949 жылдың 17-қазанынан жұмысын тоқтатты. Шыңжаңда бірлескен және өлкелік үкімет құрылды. Бұл өкіметтің алғашқы бағыты халықты баурап алып еді.
Осы жағдайды түсінген Оспан батыр және оның сыбайластары саяси баспана іздеп, шетелге кетуді ойластырды. Оспан батыр жол бойы қуғыншылармен тиіп-қашты соғыстарды бастан кешіре көшіп, Чиңхай өлкесіне кірді. Жанымхан қажы ұсталып, Үрімжіге жіберілген екен, туған жердің торқалы топырағында мәңгілік ұйқыға кетті. Баласы Дәлелхан Индияға өтіп кеткен екен, одан Түркияға жетіп, сонда тұрақтап қалған. Қазір ел ақсақалдарының бірі болып сонда жасауда екен. Қалибек, Балақамза, Такіман, Салістер көші де, Құмылдан қашқан Жолбарыс, Солтаншәріптер де Чиңхай өлкесінің Гәнсу деген жерінде түйіседі. Ол жерде 1936 жылдары барып, қоныстанған Құсайын тәйжінің елі тұрады екен. Ол жерден ары қарай ауыр да қайғылы босқындық тағы жалғасады.
Кейінгі хабарларға қарағанда Қалибек, Балақамзалар көші сенімді күш-көлік, қарулы азаматтарының күшімен Такламакан шөлін басып, Куньлун тауын асып, Түркияға аман-есен жеткен. Бауырмал туыстың құшағына кіріп қоныстанған. Қазір Түркияда жасап, өсіп өнуде. Тәкіман, Сәлістер мұраты бір, бағыты бір сапарластары Жолбарыстың құралды адамдарын қырып тастап, тонауларымен жарық дүниеге қош айтысқан. Сәліс пен Әбдікәрім дегеннің ұлдары, екі бала, Тибеттегі Қытай офицерінің қолында өсуде екен.
Оспан батыр 1950 жылдың соңында Чиңхай өлкесіндегі Ханамбал тауының Мақан деген жерінде қолға түсіп, 1951 жылдың 28 сәуірі күні Үрімжі қаласында атылды.
Оспан батыр шет аймақтарға көз тіккен адам емес еді. Оның күрестегі бағыты Алтай өңіріндегі азып-тозған елінің жәй-күйін оңалту, рухани тазалықты, «дінді» қалпында сақтау арманынан ары бармаған. Батырдың сол арман-тілектерінің туылу себептерін шын ықыласпен еске алғанда өлім жазасы берілмеген болар еді! Амал қанша, оны ойлайтын билеушілер қайда? Біржақтылы қаралды, оның кеудесіне қорғасын оқ қадалды. Сонымен елін сүйген арыстың жүрегі арманына жете алмай соғуын тоқтатып еді. Бірақ күрес рухын ешкім де тоқтата алмайды.
Оспан батыр ұрпағынан балалары Шердиман, Ниғметолла, Нәбилер Шыңжаңға қайтып оралып, Бәйтік тауында бас сауғалап жүрді де, 50-60-тай адамымен елге қосылды. Кеңшілік жарияланып, өз мекендеріне орналастырылып еді, қазір сол мекендерінде өмір сүруде.
Уәли Хади уаң ханым үй қамауында отырып, аналық жүрегі соғуын тоқтатып еді. Екі қызы Қазақстанда, қалған ұрпағы Шыңжаңда өмір сүреді.
Генерал Закерия-Закшин осы шырма-шату тағдырдағы адамдардың ақылшысы, Гоминдаңмен байланыстырушысы еді. Ол осы аласапыранда қашпады, өйткені өзі гоминдаң армиясының генералы болғандықтан соғыссыз берілген армияға көрсетілетін кеңшіліктен үміт етіп еді, бірақ армия жетекшілері қорғап қала алмады. Сонымен өлім жазасы беріліп, өмірмен қоштасты.
Түркиядан келтірілген Масғұт ажалынан өлсе, Айсабек, Мәметемен Боғра жолын тауып, еліне оралған көрінеді.
Арман қуған бірсыпыра бейуаз жандар тағдыры армандарына жете алмай, осылай аяқталып еді, тірі қалғандары шет босағасында жәутеңдеп, күңірене жүріп өмір сүруде...
* * *
Екінші дүние жүзілік соғыс аяқталғаннан кейін әлемдік ағымда жаңа отарлар басып алу емес, керісінше бұрынғы отарларды бұғаудан босатып, еркіндік беру ағымы өрістеді. Төрт жүз жылдық отарлықтан Индия бостандық алды. Азат, ұлы Индия мемлекетін құрды. Алжир елі Франциядан еркіндігін алды. Бұл сияқты фактілер көп-ақ. Осы ағымнан үміт күткен Шығыс Түркістан халқы да жүз жылдық отарлық боғаудан құтылуға ұмтылып еді. Сондықтан Гоминдаңшы отаршылдарға қарсы ұлт-азаттық төңкеріс ұйымдастырып, он жыл бойы күрескен болатын. Тағы бір жағынан отарлықтан түбегейлі құтқаратын Қытай коммунистер партиясы болар деп сенген-ді. Төңкерістің жеңісіне байланыстыра қарап, тәуелсіздік күтетін. Тіпті болмағанда одақтас республика дәрежесіндегі хұқықтан үміттенетін. Одақтастықтың заңы - тілесе одақтасып тұруға да, тілемесе айырылып кетуге де рұқсат ететін заң. Сондықтан жұрт бұл заңға да риза еді.
Қытай жері тар, халқы көп ел. Бұл жағдай интернационалдық ұранды бетке ұстағанымен, коммунистерді де отарларына тәуелсіздік беруден немесе одақтас болудан бас тартуларына сылтау болды. Осы сылтаумен халық талабынан жалтарды. Сонымен автономиялық өлке жосыны жүргізілді. Бұның аты аз халықтың иеленген кең байтақ ата мекенін Қытай елінің айырылмас бөлшегі деп басқарып, отарларын қосып ұстап, мемлекет тұтастығын сақтау екен! Халықтың тілегіне мән берместен Шығыс Түркістанды «Шыңжаң ұйғыр автономиялы районы» деп белгілеуі осыдан болар.
Қытай коммунистері басшылықты қолға алғанда біраз жылдар бойы тәуір еркіндік болды, жергілікті кадрлар билік басында бірінші басқарушылар болып, айтарлықтай қызмет атқарды. Шынайы демократия деген осылай болар деп сезіністі. Бұл бағыт, бұл тәсіл жалғасқанда сенім одан әрі орнығып, тәуелсіздік немесе одақтастық талаптар тынышталар ма еді, кім білсін! Амал қанша, генерал Уаң жиңның демократиялық пиғылға емес, қарулы күшке сүйенген авантюристігі бәрін бүлдірді. Аяқ астынан жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру дейтін қара боранды соқтырып, халыққа ұйтқы болып отырған саналы адамдарды қыра бастады. Халық әдеттене бастаған демократияның орнына диктатура орнады. Мұндай диктатура халықтың еркін сезімдерін тұңшықтырды. Тыныстары тарылып, еркін дем алғысы келген халықтың кеңшілікке болған талабы қайта қоза бастады.
Жағдай осылай бағыт алған кезде ауыл шаруашылығын «комму-наластыру» қимылы тәжірибеден өткізіле бастады. Құдық қазып, болат қорыту, ауыл шаруашылығын коммуналастыру «коммунизмге елден бұрын өту» деп дәріптеді.
Коммуналастырудың принципі: барлық өндіріс құрал-жабдықтарын, жер-суды орталықтастырып, мыңдаған шаруалар бір басшылық астында өндіріспен айналысу, бір қазаннан тамақ ішіп, киім-кешек, көрпе-жастық, қарындаш-қалам, сапты аяқ, көйзі-шөкеден басқа жеке меншігі болмайтын казармалық тіршілікке көшіру. Бұның аты коммунизм нысаны екен. Осындай далбасамен құрылған коммуналарда өндіріске ынта-жігері, ыңғайы мен сыңайы да болмады. Үмітсіздік, немқұрайдылық, жалқаулық, анархия қалыптаса бастады. Бұл жағдай орны толмас тоқыраушылыққа ұрындырды.
Енді не істеу керек?.. «Мәдениет төңкерісі» деп аталған ұрда-жық реформа жасалуы керек десті. Бұл реформаны сауатсыз жұмысшылар мен қажыған шаруалар арқылы жүзеге асыру мүмкін еместігі мөлшерленіп, өмірде адамгершілік хұқық жайында сауатты жоқ, санасы ояна қоймаған, ауыздарынан ана сүтінің дәмі кете қоймаған албырт жастардан пайдалану амалы ойластырылды. Жастарды қозғалысқа келтіріп, ұйымдастыру әрекеттері жүргізілді. Бұның аты «Хүн бәй вин» қозғалысы деп аталды. Бұл қозғалыс «дүлейлер» қозғалысы болды. Дүлейлер шабуылы басталды, қоғамда орын алған жалқаулық, немқұрайдылық, үмітсіздік, анархия сияқты әдеттерге шабуыл жасалды. Коммуна құрылысына күмәндана қарайтын көптеген басшылардың отырған тағы шайқалды, оларды ұрып-соқты, қорлады. Тарихи мұраларды ескіліктің қалдығы деп талқандады, кітаптар өртелді. Тарихқа, әдебиетке, мәдениетке мылқау реформалар, бірбеткей кере-наулық бақылаулар күшейтілді. Кадрлар қауымы оқшауландырылды. Жас албырттар көбейтілді, халықты жуасытты.
Мәдениет төңкерісі Шыңжаңда өте ауыр, жан түршігерлік жағдайда жүргізілді. Сол кезде пайда болған Қытай мен Кеңес одағы арасындағы кикілжіңнің кесірінен Кеңес одағында байланысы бар деп күмәнданғандар және туыстық байланысы бар делінгендер аяусыз күреске алынды. Ұрды, соқты, өлтірді. Үрей одан әрі күшейді. Жұрт ауыз ашып, пікір білдіруден қалды. Бұл жағдай халықты қатты күйзелтті.
Күрес жолындағы кейбір тайғақтықтардан үш рет сүріндірілсе де жығылмаған ақылды гуманист, демократ Диң шау пиң ақсақал бағыттағы бұл дағдарысты бақылап отырған екен. Қолына билік тиісімен, қажырлы қайратпен кателіктерді түзетуге кірісті. «Еңбекпен зорлап өзгертетін» лагерлерді жойды, жаламен түрмелерге заңсыз қамалып, азапталған миллиондаған бейкүнә жандарға кеңшілік жасалды. Коммуналар таратылып, казармалық тіршілікке тиым салынды. Дүние жүзінде сынақтан өткен базар экономикасы әдістеріне ерік беріле бастады. Кооперативтендіру тәртібі арқылы шаруаларға жер бөліп берілді. Мал шаруашылығында фермаластырылған жекелердің малдары иесіне қайтарылмай, темір мал шартымен, адам санына қарай жанды мал бөліп берілді. Ауыл шаруашылығында аздап ірі өндіріс сақталса да, халықты азық-түлікпен қамдау негізінен базар экономикасына сүйенген шаруалар жеке меншігіне қол артты. Ұсақ өнеркәсіптер жекешеленуге кеңшіліктер алды. Инвестицияға жол ашылды, жеке билеушілер өктемдігі орнына мемлекеттік заң күшімен басқару қалыптаса бастады...
Бұл сияқты бетбұрыстар ұлы демократ Диң шау пиң ақсақалдың өмір заңдылығын дұрыс түсінген адамдық идеясының жеңісі еді. Бұл жеңістің кеңшілігі ең алдымен аз санды ұлттар райондарында өз нәтижесін көрсете бастады. Өйткені аз санды ұлттар райондарында әсіресе Шыңжаңда қара боран соқтырып, қара түнек орнатқан сауатсыз билеушілердің зор ұлтшылдық өктемдігі тұңшықтырған азаптан тынысы ашылып, еркін дем ала бастап еді... Адамдар хұқығына қиянат жасау азайды, тоқшылық орныға бастады. Тоқырау тоқтап, өркениетті өрлеу қанат жайды. Бірақ генерал Уаң жиңнің қанды сойқаны дәріптеліп, мадақтала берді. Осылай дәріптеле берсе, онда естен кетпес қасіретті кек сақталады да, ұлттар достығына кесірі тиері анық.
* * *
Шығыс Түркістан халқының он жылға созылған ұлт-азаттық төңкерісінің жеңісі сол кездегі халық өмірінде бейнеленген азат, еркін тіршілік арқылы өзінің тарих қойнауындағы заңды, маңызды төңкеріс болғанын көрсетіп еді. Бірақ жағырапиялық жер тұтастығы, Қытай елімен болған ғасырлық шырма-шату тарихи байланыс, коммунизмнің қияли аңызына сеніп, еліктеушілік ағымы билеген жағдайда Шығыс Түркістан төңкерісінің нысандаған бағыты өзгеріп, коммунистер билеген Қытай елінің құрамындағы Шыңжаң ұйғыр автономиялы районы аталып қала берді.
Алып ел, алып елдің алғашқы алып қадамдарындағы Шыңжаң халқының көрген күні жоғарыда айтылғандай! Келешекте қандай жағдай боларын, оны болашақ көрсетер.
Сауаты ашылған жігерлі жұрт, келешектің дарынды ұрпағы осынау мазасыз өткен тарихты естен шығармай, адамгершілік жолымен өмір сүре бергені жөн. Ендігі жерде адал ниетті Қытай еңбекшілерімен бірге шексіз де жіксіз, тату-тәтті өмір сүріп, алға баса беру бүгінгі өмір шындығы, тарихтың талабы болып қалды.
Бұдан былай Шыңжаңның өркениетіне көмектескісі келетіндер Шыңжаңды отар өлке деп қарамай, атам заманнан тәуелсіз тарихқа ие болып келген жергілікті басқарушылары бар тәуелсіз, еркін ел еді деп түсінгендері жөн.
Генерал Уаң жыңның аласапыран былығын зерттей отырып, оның авантюристік қателіктерінің қанды ізін тазалап, халық сенімі қалпына келтірілсе, қылышынан қан таматын қарулы күшке, мылқау түрмелер айбынына сүйенбей, демократияланған еркіндік пен теңдікті құрметтеу мақсатымен көмек берілетін болса, сонда ғана халық Қытай еңбекшілерінің көмегімен өркениетке бағыт алудың маңызын сезінер еді.
Көп ұлтты Шыңжаң халқы – талай күрестерді бастан кешірген, ширап-шыныққан өршіл де ойшыл, сезімтал халық. Зорлық-зомбылыққа, қан төгіске жаны қарсы кекшіл халық. Адал ниетпен берекеге келгендерге есігін ашатын, арам ниетпен әрекетке келгендерді ары кет деп, әптігін басатын ержүрек, жігерлі халық.
Осындай ерекше қасиеттерімен өркениетке бағыт алса, ғылым мен өндірісті ұштастыра біліп, экономикада теңдікті жеңіп алса, қорлық-зорлық елестерінің бәрі қалса, сонда ғана ұлттар достығы шынайы қалыптасып, отан сүйгіштік сезімі мен ниетте нақты бірлік орнар еді.
*** *** ***
Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ,
Қалдыбай ХАНАФИН
«Тарбағатай азаттық ұйымын» құрушылар,
Ж.Бабалықұлы – Шығыс Түркістан республикасы ұл-азаттық
армиясының полк командирі, Іле қазақ автономиялы облысының уәлиі, Қ.Қанафин – Іле қазақ автономиялы облысының бас прокуроры болған.
Достарыңызбен бөлісу: |