Қазақ тілі. ӨЗдік жұмыстарға арналған мәтіндер



бет1/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.49 Mb.
#21061
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

А. Е. Күдерина




ҚАЗАҚ ТІЛІ.

ӨЗДІК ЖҰМЫСТАРҒА АРНАЛҒАН МӘТІНДЕР
Барлық мамандықтар бойынша студенттерге арналған оқу құралы

Павлодар


Кереку

2010


ӘОЖ 811.512.122 (07)

КБК 81. 2 Каз-9

Қ 91

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесімен басуға ұсынылды

Пікірсарапшылар:

К. М. Кертаева – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті,

В. А. Шнайдер – филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Инновациялық Еуразия университеті,

Г. К. Резуанова – филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Инновациялық Еуразия университеті.




Күдерина А. Е.
Қ 91 Қазақ тілі. Өздік жұмыстарға арналған мәтіндер: барлық

мамандықтар бойынша студенттерге арналған оқу

құралы / А. Е. Күдерина. – Павлодар : Кереку, 2010. –

183 б.

«Қазақ тілі» пәнінен өздік жұмыстарға арналған оқу құралы ЖОО-нда барлық мамандықтар бойынша күндізгі және сырттай орыс тілінде оқитын студенттерге ұсынылады. Оқу құралында мәтіндер тапсырмалармен коса берілген.

ӘОЖ 811.512.122 (07)

КБК 81. 2 Каз-9
© Күдерина А. Е., 2010

© С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2010


Материалдың дұрыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауапты.

Алғы сөз
Ұсынылып отырған «Қазақ тілі. Өздік жұмыстарға арналған мәтіндер» оқу құралы қазақ тілін қатысындық тұрғыда студенттің өздігінен оқуына негізделген. Мәтіндермен жұмыс тілді оқытудағы басты әдістердің бірі болғандықтан оқытудың негізгі бірлігі ретінде қаралған. Оқулық студенттің тіл дамытуына үлкен көмегін тигізе отырып, оған рухани адамгершілік тәрбие береді. Себебі мәтіндерде елтанудан халқымыздың мәдениеті мен ғылымынан, салт-дәстүрлерінен, спорт жетістіктерінен жаңа мәліметтер береді, сонымен қоса білімдерін жан-жақты толықтырады. Берілген мәтіндерге ортақ ерекшелік – қажетті лексикалық минимум сөздігінің берілуі және деңгейлік түрде ұсынылуы.

Оқұ құралының негізгі әдістемелік міндеттері:

- білімділік мақсатты жүзеге асыруда студенттің көмекші құралымен өздігінен жұмыс атқаруын белсендіру;

- берілген мәтіндердің пәнаралық байланысты кеңінен қамтуы;

- студенттің елтану бойынша түрлі материалдарына қызығушылықтарын тудыру;

- лексика мен грамматиканы тиімді ұштастыру;

- студенттің әр деңгейде меңгерген білімін, ой-пікірін жеткізе білуіне ықпал ету;

- оқытудың тәрбиелік мақсатын, атап айтқанда, ұлтжандылық сезімін тәрбиелеу;

- студенттің кез келген тақырыпқа құралда берілген мәтіндер бойынша тілді үйренудегі біліктілігі мен дағдыларын машықтандыру.

«Қазақ тілі» пәнінен өздік жұмыстарға арналған оқу құралы ЖОО-нда барлық мамандықтар бойынша күндізгі және сырттай орыс тілінде оқитын студенттерге ұсынылады. Оқу құралында мәтіндер тапсырмалармен коса берілген.




1 Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім
1.1 Қазақстан Республикасы

Қазақстан Республикасы – Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан мемлекет. Жер көлемі – 2724,4 мың шаршы км. Халқы – 16. 004, 8 мың адам (2009 жылғы санақ бойынша). Мемлекеттік тілі – қазақ тілі, орыс тілі де мемлекеттік тілімен қатар қолданылады.

Қазақстан Республикасы – зайырлы, демократиялық және біртұтас мемлекет болып табылады. Елдің бас қаласы – Астана. Мемлекет басшысы – Президент, ал атқарушы органы – Үкімет. Ақша бірлігі – теңге.

Қазақстанда 14 облыс, 87 қала (оның екеуі республикалық дәрежеде), 159 аудан, 195 аудандық деңгейдегі елді мекен, 2150 ауылдық әкімшілік округ бар. 1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ халқы азаттық жолындағы екі жарым ғасыр бойғы үздіксіз күрестен кейін мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді.

1991 жылы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық елдің тұңғыш Президентін сайлау өткізілді, сайлау нәтижесінде мемлекет басшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Елде бейбітшілік пен келісімге, тұрақтылық пен дамуға қол жеткізілді. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы белгіленіп, жүзеге асырылуда.

Республика пайдалы қазбалардың аса бай қорларына ие. Жетекші өнеркәсіп салаларының қатарына түсті және қара металлургия жатады. Жоғары сапалы мыс пен мырыш, қорғасын мен кадмий әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие.

Қазақстан – дәнді дақылдар (негізінен астық), азық- түлік пен техникалық дақылдардың (күнбағыс, мақта) ірі өндірушісі. Ауыл шаруашылығындағы негізгі салалардың бірі – жеңіл өнеркәсіпті шикізатпен, халықты тамақ өнімдерімен қамтамасыз ететін мал шаруашылығы.

Қазақстандағы білім беру жүйесі бір-біріне өзара байланысты бірнеше деңгейден тұрады, олар: мектепке дейінгі тәрбие орындары, жалпы білім беру мектептері, кәсіптік-техникалық мектеп, арнаулы орта және жоғары оқу орындары. Жоғары білім беру саласында 170 мемлекеттік және мемлекеттік емес оқу орындары жұмыс істейді.

Қазақстан ғылымы әлемдік ғылым қазынасына зор үлес қосты, іргелі ғылымдарды түбегейлі зерттеуге бағытталған ірі институттар жұмыс істейді.

Республиканың мәдени өмірі сан салалы. Қазақстанды әлемге танытатын белгілердің бірі ел спортшыларының әлемдік аренадағы жетістіктері болып табылады.

Әлемнің 120-дан астам мемлекеттері ресми түрде таныған Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына (1992 ж.), басқа да халықаралық ұйымдарға мүше. Қазақстан – ядролық қарудан бас тартқан ең алғашқы мемлекет. Ел тәуелсіз мемлекет ретінде дамыған жылдары құқықтық және азаматтық қоғам құру жолында елеулі табыстарға жетті.
Сөздік
атқарушы – исполнительный

ақша бірлігі –единая национальная валюта

үздіксіз күрес – непрерывная борьба

қол жеткізу – достичь

сайлау нәтижесінде – по результатам выборов

тұрақтылық – стабильность, устойчивость

жүзеге асырылу – осуществиться

пайдалы қазбалар – полезные ископаемые

аса бай қорларына ие – обладатель самого большого богатства

жетекші өнеркәсіп – ведущая промышленность

салаларының қатарына – в ряд отраслей

мыс – медь

мырыш – цинк

қорғасын – свинец

әлемдік нарық – мировой рынок

үлкен сұранысқа ие – пользуется большим спросом

күнбағыс – подсолнух

ірі өндіруші – крупный производитель

шикізат – сырье

қамтамасыз ету – обеспечить

өзара байланыс – взаимосвязь

әлемдік ғылым қазына – мировое научное богатство

зор үлес қосу – внести большой вклад

іргелі – имеющий основание, фундамент

түбегейлі зерттеу – кардинальные исследования

сан салалы – сознательный, мыслящий

ядролық қару – ядерное оружие

бас тартуотказаться

құқықты – правомочный

Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: біртұтас, келісім, бас тарту, жетістік, таныту, елеулі, өзара, үздіксіз, ірі, жеткізу.

3. Мәтіннен келесі сөз тудырушы жұрнақтармен сөздерді теріп жазыңыздар: -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік (сын есімді құрайтын), -шылық, -шілік.

4. Мәтіннен етістіктерді теріп жазыңыздар, қай етісте тұрғанын анықтаңыздар.

5. «Зат есім + сын есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
1.2 Қазақстан тарихы

Қазақ жері тарихы алғаш жер бетіне адамдар пайда бола бастаған тас дәуірінен басталады. Біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта қазақ жерінде «сақ» деп аталған көшпелі-малшы тайпалар тұрған. Олар өздерінің жоғарғы материалдық мәдениеттілігімен, дамыған қолөнерімен, темір мен қоладан жасалған қару-жарақ шығаруымен және дамыған сурет салу өнерімен («тастағы таңбалар») танылған. Ол кездегі ең ірі тайпалар одағының екіншісі - үйсіндер (ғундар) болды. Бұл екі этнос кейінгі көшпелі түркі тайпаларының қалыптасуына ең үлкен ықпалын тигізді. Біздің заманымыздың VI-IX ғасырында қазақ жерінде ежелгі түркі мемлекеттері, хандығы пайда бола бастады: Батыс-Түркі қағанаты, Түргеш және Қарлық хандықтары.

X ғасырда көшпелі түркі тайпалары Қарлық хандығының астанасы Баласағұнды жаулап алғаннан кейін, Қараханид (940-1212) – бірінші ислам-түркі мемлекеті пайда болды. Бұл кезде қазақ жерінде көптеген дамыған (Отырар, Созақ, Сауран, Жент т.б.) қалалар болды. Олардың жоғары өркендеген мәдениеті, дамыған саудасы және қолөнері болды. Шыңғысхан басшылық еткен монғолдардың Орта Азияға басып кіруі XIII ғасырдың басында басталды. 1218- жылы Шыңғысхан Жетісуды жаулап алып, енді Отырарды алмақшы болды. Бірақ оның тұрғындары берілгісі келмеді. 6 ай өткен соң Отырар құлап, Шыңғысхан оның бүкіл халқын қырып тастауға бұйрық берді. Ақырында, ғасырдың 40- жылдарында қазақ жері Алтын Орда құрамына енгізілді. XIII - XIV ғасырларда шаруашылықтар мен қалалар қалпына келтіріле бастайды. XV ғасырға қарай әртүрлі түркі тайпаларының негізінде қазақ халқының құралуына алғашқы нышандар жасалына бастайды. XV ғасырдың аяғында қазақ хандығы пайда болады. Ол үш жүзден құралды: ұлы жүз, орта жүз және кіші жүз. XVII ғасырда қазақ халқы ұлы хандар мен батырлардың (Абылай, Қабанбай, Әбілқайыр және т.б.) басшылығымен Жоңғар хандығына күйрете соққы береді. XVIII ғасырдың аяғында, XIX ғасырдың басында қазақтың жүздері біртіндеп Ресей империясына қосыла бастайды.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Қазақстан Қаз. АКСР аталып, 1936 жылы ҚазКСР ретінде Кеңестік Социалистік Республикалар одағының (КСРО) құрамына енеді. Кеңес дәуіріндегі кезең (1922 – 1991 жж.) Қазақстан тарихында өзінің қайшылығымен күрделі. Өндіріс пен ағарту саласындағы қомақты ілгерілеу халықтың қуғын-сүргінге ұшырауымен, ұлттық мәдениетін жоғалтумен ұштасып жатты. 1991 жылы Кеңестер Одағының ыдырауына байланысты, егемендік алғаннан кейін, заңды демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде Қазақстан тарихында жаңа беттер ашылды.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқысы болып ЕҚЫҰ төрағалығына 2009-да емес, 2010 жылы ие болатындығы хақында шешім қабылданды.
Сөздік
мыңжылдық – тысячелетие

көшпелі малшы – кочевники - скотоводы

тайпа – племя

қолөнерремесло

қару-жарақ – оружие

тастағы таңбалар – звериный стиль

қалыптасу – становиться

ықпал тигізу – оказать влияние

жаулау – захватить

өркендеу – развиваться, процветать

қырып тастау – уничтожить

күйрету – разрушать

нышандар – предпосылки

төңкеріс – революция

қайшылық – противоречие

қомақты – существенный

қуғын - сүргін – репрессия

ыдырау – распад
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

4. Негізгі мазмұнын қалдырып, мәтінді қысқартыңыздар.

5. Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсет: мыңжылдық, қолөнер, хандық, құқықты, басшылық, өркендеу, қайшылық, шешім, қалыптасу, төңкеріс.
1.3 Қазақстан тәуелсіздігі

1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданды.

Заңда «Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде күллі аумақта бүкіл үкімет билігіне ие болады, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес анықтап, оны жүзеге асырады. Дербес мемлекет ретінде ҚР халықаралық деңгейге шығады, өзінің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын халықаралық құқық нормалары негізінде құрады» деп жазылған.

Тәуелсіздік жарияланғаннан соң, бұрынғы Қазақ Республикасының аумағы тәуелсіз жаңа мемлекеттің аумағы деп танылды. Бұл аумақ бөлінбейді және оған ешкім қол сұға алмайды. Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттың азаматтары біртұтас Қазақстан халқы болып табылады. Барлық азаматтар ұлтына, шыққан тегіне, қызметіне, мекеніне қарамастан тең құқықтар мен бостандықтарға ие болды.

1993 ж. 28 ақпанда тәуелсіз ҚР Конституциясы қабылданды. 1995 ж. 30 тамызда Конституция уақыт талабына сай қайта қаралып, оның жаңа нұсқасы қабылданды. Конституцияның бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған.
Сөздік
үкімет билігіне – власть правительства

ие болу – зд: получить

дербес – суверенный, независимый

анықтап – определить

жүзеге асыру – осуществлять

бөлінбеу – не делиться

қол сұға алмау – не вмешиваться

мекендеу – поселиться, проживать

біртұтас – единый

шыққан тегі – социальное положение

қарамастан – несмотря на

тең құқықтар мен бостандықтар – равные права и свободы

талабына сай – в соответствии с требованиями

қайта қаралувновь рассмотреть

орнықтыру – обосновать, осесть
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: зайырлы, орнықтыру, мекендеу, бөліну, қабылдау, ие болу.

3. Мәтін бойынша келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау (аумақ), морфологиялық талдау (бөлінбейді), синтаксистік талдау (Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттың азаматтары біртұтас Қазақстан халқы болып табылады).

4. Мәтіннен есімше мен көсемшелерді жазып алып, олардың жұрнақтарын белгілеңіздер.

5. Мәтіндегі келесі зат есімдерге сын есімдерді табыңыздар: билік, деңгей, нұсқа, бостандық, үкімет, аумақ, азамат, құқық, талап, заң.
1.4 Мемлекеттік рәміздер
1 нұсқа

1996 ж. 24 қаңтарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары (рәміздері) туралы Президенттің Конституциялық заң күші бар Жарлығы күшіне енді. Осы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, елтаңбасы және әнұраны болып табылады. Заңда Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Қазақстан аумағында жүрген адамдар ҚР Мемлекеттік туын, елтаңбасын, әнұранын құрметтеуге міндетті деп көрсетілген. Сонымен қатар заңда мемлекеттік рәміздерді қорлағандардың ҚР заңдарына сәйкес жауапқа тартылатындығы да айтылған.


1.5 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы

1992 ж. маусымның 4-інде қабылданған. Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (1996 ж. қаңтардың 24-інде) белгiленген.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік туының түсі — ашық аспан түстес зеңгір көк. Көк түс адалдықтың, тазалықтың белгісі екен. Қазақстанның туы – бірыңғай көк. Ол мемлекеттік тұтастық идеясын білдіреді. Туда бейнеленген шуақты күн — байлық пен берекенің, қыран — еркіндіктің белгісі. Ал туда салынған ұлттық ою-өрнек қазақ халқының өнерін, көркемдік танымын білдіреді. ҚР мемлекеттік туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков.

Мемлекеттік ту мемлекеттік мекемелерде, шетелдегі елшіліктерде, консулдықтарда, әскери теңіз кемелерінде, әуе кемелерінде және т.б. жерлерде тігіледі немесе орнатылады. Мемлекеттік тудың барлық белгілері салынған жалаушалар келіссөз үстелдеріне қойылады. Ресми қонақтарды қарсы алғанда, оларды шығарып салғанда машиналарға қадалады.


Сөздік

жарлық – указ

күшіне ену – вводиться в действие

сәйкес – в соответствии

сондай -ақ – а также или в том числе

қорлағандардың – тех, кто оскорбил, глумился

тартылатындығы – о привлечении

бірыңғай – однородный

тұтастық – целостность, единство

келіссөз – переговоры

қадалау – прикреплять
1.6 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi.

1992 ж. маусымның 4-інде қабылданған. Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (1996 ж. қаңтардың 24-інде) белгiленген.

Рәмiздiк тұрғыдан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбаның негiзi — шаңырақ. Ол — елтаңбаның жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Шаңырақ — Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi.

Түңдік — таза көк аспанын бейнелейді. Үшсанды айқыш-ұйқыш келген күлдіреуіштер қазақтың үш жүздің бірлігі бекемдігін көрсетеді. Шаңырақтан шыққан уықтар күн арайларын еске салады.

Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол - өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Төменде таспа белдігінде ірі әріппен «ҚАЗАҚСТАН» деген жазуы бар.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасының көшiрме бейнесi көлемiне қарамастан, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Резиденциясында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы эталонының түрлi-түстi немесе ақ-қара бейнесiне дәлме-дәл сәйкес келуге тиiс.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторлары — Жандарбек Мәлiбеков пен Шота Уәлиханов.


Сөздік
заң күшi бар – имеет юридическую силу

түп-негiзi – негізі

іспетті – как-будто

айқыш-ұйқыш – крест накрест

бекемдікпрочность, устойчивость

тәжі – корона, венец

жүйрік– быстроногий

ұмтылу – устремиться, ринуться

құлшыныс – стремление

самғаған – парить

таңғажайып – удивительный

қиял – вымысел, мечты

кейіп – вид

паш ету – быть известным, прославленным
1.7 Мемлекеттік әнұраны

Жаралған намыстан қаһарман халықпыз… (бірінші тармағынан шыққан атау) — 1993-2006 жж. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны ретінде қолданған ән.

Әнін 1944 ж. композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди жазған. Сөзін 1992 ж. ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзәлиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева ұсынған.

2006 ж. қаңтар айынан бастап «Менің Қазақстаным» әнінің жаңа нұсқасы әнұран етіп қабылданды.

«Менің Қазақстаным» — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны. Әнұранның осы нұсқасы 2006 ж. қаңтардың 7- күнінде қабылданған. Сөзі – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі. Әні – Шәмші Қалдаяқовтікі.
Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Ерліктің дастаны —

Еліме қарашы!


Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой,

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!


Қайырмасы (1 рет):

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің — Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.


Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай.

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!


Қайырмасы (2 рет):

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің — Қазақстаным!
Сөздік

тармақ – строка

нұсқа – вариант

қабылдау– принять
Тапсырмалар
1. Мәтіндерді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

3.Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, синтаксистік талдау.

4. Мәтіннен ауыспалы осы шақтағы 10 етістікті теріп жазыңыздар, жағын және жекеше немесе көпше түрін көрсетіңіздер.

5. Берілген мәтіндер бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер.

-ҚР мемлекеттік нышандары туралы Президенттің конституциялық заң күші бар Жарлығы күшіне қашан енді?

- ҚР Мемлекеттік туы қай жылы қабылданған?

- ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы қай жылы қабылданған?

- ҚР Мемлекеттік әнұраны қай жылы қабылданған?

- Мемлекеттік рәміздердің реңдік бейнесі қандай?

- Мемлекеттік рәміздердің элементтері қандай мағына білдіреді?

- ҚР Мемлекеттік туының авторы кім?

- ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторлары кімдер?

- ҚР Мемлекеттік әнұранының авторлары кімдер?

6. Қарамен берілген сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
1.8 Мемлекеттік рәміздер
2 нұсқа

ҚР мемлекеттік рәміздері 1992 жылы қабылданды. Олар – біздің еліміздің тәуелсіздігінің белгілері.

ҚР Мемлекеттік туы –тік бұрышты (ені – 1 метр, ұзындығы –2 метр) көгілдір мата. Көгілдір түс –бейбітшіліктің, тыныштықтың, жарқын болашақтың және ашық аспанның нышаны. Тудың ортасында жарқырап шыққан шұғылалы күн орналасқан. Бұл – бейбітшіліктің белгісі. Күннің астында қалықтап ұшқан қыран құс бейнеленген. Дала құсы — дарқандық пен қырағылық және биікке самғау белгісі. Тудың сол жағында қазақ халқының ұлттық өрнегі бейнеленген. Өрнек қазақ халқының салт- дәстүрін, мәдениетін және ұлттық өнерін білдіреді. Күн, қыран құс және өрнек алтын түспен берілген. Алтын түс — молшылықтың, байлықтың, құт- берекенің белгісі. Тудың авторы — суретші Шәкен Ниязбеков.

ҚР Мемлекеттік елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген. Ол елтаңбаның жүрегі іспеттес. Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы — отбасы ошағын бейнелейді. Шаңырақта айнала уықтар шаншылған. Олар күн сәулесіндей жарқырайды. Екі жағын аңыз ертегілеріндегі пырақтардың қанаттары көмкеріп тұр. Қанатты пырақ — мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығын көрсетеді. Елтаңбаның маңдайшасында бес бұрышты жұлдыз бар. Ол мемлекетіміздің «бағымыз ашылып, жұлдызымыз жарқырай берсін» деген асыл арманын арқалап тұрғандай. Төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. Реңдік бейнесі — алтын және көгілдір түсті. Елтаңбаның авторлары — сәулетшілер Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков.

«Менің Қазақстаным» — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны. Әнұранның осы нұсқасы 2006 ж. қаңтардың 7- күнінде қабылданған. Сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов.
Сөздік
тыныштық – спокойствие

қалықтау – парить

дарқандық – щедрость

қырағылық – дальновидность

самғау – парить



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет