Қазақ тілі. ӨЗдік жұмыстарға арналған мәтіндер


Қарасай батыр (1589-1671 жж.)



бет4/13
Дата25.02.2016
өлшемі1.43 Mb.
#20735
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

3.5 Қарасай батыр (1589-1671 жж.)
Қарасай батыр Алтынайұлы (1589, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Суықтөбе тауы – 1671, Көкшетау) – батыр. Жетісуда жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғыста қол бастаған. Алатау бөктерінде туып өскен. Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Есқожа руынан. Қарғалы, Ұзынағаш, Қастек, Жиренайғыр, Ырғайты өзендері бойындағы, Қарақия, Ақтасты, Сарыжазық, Суықтөбе тауларындағы, т. б. жерлердегі ұрыстарда жау шебін бұзып, Суықтөбе басына туын тіккен. Сол жеңістен бастап шапыраштының, одан тарайтын рулардың ұраны Қарасай болды.

1643 жылы Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр бастаған Орбұлақ шайқасына қатысқан. 1652 жылғы соғыстарда Қарасай батыр қазақ әскерлерінің басшыларының бірі болған. Көкшетау жерінде болған соғыстардың бірінде ауыр жараланып, дүние салды. Сүйегі өзімен бірге сол ұрыста қазаға ұшыраған арғын Ағынтай батырмен бірге жерленген. Қарасай батыр туралы деректер орыс шығыстанушысы В.Вельяминов-Зерновтың және И.Фишердің еңбектерінде келтіріледі, ұлы ақын Жамбыл жыр арнаған. Қарақыстақтағы Ауызөткел тұсындағы биік шоқы Қарасай шоқысы деп аталады. 1999 жылы Петропавл қаласының театр алаңында Қарасай мен Ағынтай батырларға ескерткіш орнатылды.


Сөздік
шапырашты – название одного из племен

ұрыс – бой, битва

шеп – заграждение

бұзу – нарушить

туын тігу – повесить флаг, зд. победил

тарайтын ру – из племен

ұран болу – стать боевым призывом ????

жаралану – пораниться

дүние салу – скончаться

бірге жерлеу – похоронить вместе

дерек – факт

шығыстанушы – востоковед

келтіру – приводит

арнау – посвящать

шоқы – холм, пик

ескерткіш – памятник

Тапсырма
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: дерек, арнау, ескерткіш, жеңіс, бастау, ұлы, биік, орнатылу.

3. Мәтіннен есімше мен көсемшелерді жазып алып, олардың жұрнақтарын белгілеңіздер.

4. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- інші сөзі мәтіннен болуы тиіс.

5. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
3.6 Наурызбай батыр (1706—1781 жж.)
Наурызбай батыр (Наурызбай Құтпанбетұлы) (1706—1781) — Абылай ханның үш батырының бірі, қолбасшы. Ол Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Тілеміс руынан, қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жалпақтас, Серіктас деген жерлерде мекендеген. Оның бар өмірі жоңғарлармен соғыста өткен. Жоңғарлармен соғыста оның Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген үш бірдей бауыры қаза тапқан.

Наурызбай батырдың 1729 жылы Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе-жекте өлтіргені қазақ даласына кеңінен тараған. 1750—1752 жылдары басқа батырлармен бірге жоңғарларды Тұрфаннан асыра қуып, жеңіске жеткен. Ол сол жылы көп қазақты тұтқыннан босатқан.

Қазақстан облыстарында, аудандарында Наурызбай батырдың аты көшелерге берілген, Наурызбай батырға арнап ескерткіштер орнатылған.
Сөздік

бар өмірі – вся жизнь

жекпе-жекте – поединок

кеніңен тараған – получила широкое распространение

асыра – сверх, очень

қуу – гнать

тұтқыннан – из плена

босату – освободить


Тапсырма
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен келесі үлгімен жасалған сөздерді теріп жазаңыздар: түбір, сөз тудырушы жұрнақ, есімше жұрнағы.

4. Мәтін бойынша келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау (ескерткіштер), морфологиялық талдау (өлтіргені), синтаксистік талдау (Қазақстан облыстарында, аудандарында Наурызбай батырдың аты көшелерге берілген, Наурызбай батырға арнап ескерткіштер орнатылған).

5. Мәтіндегі келесі зат есімдерге сын есімдерді табыңыздар: қолбасшы, батыр, дала, соғыс, ескерткіш.

6. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.


3.7 Олжабай батыр
Олжабай батыр — Абылай хан басшылығымен Бөгенбай, Наурызбай жəне Қабанбай батырлармен бірге отанымызды жоңғар шапқыншыларынан қорғап көзге түскен.

Олжабай батыр Абылай ханның жақын серігі, оның ту ұстаушысы болды. Олжабайдың ерліктерін Бұқар жырау жырға қосқан.

1772 жылы Олжабай батыр мен Едіге бидің орыс патшайымы II Екатеринаға солтүстік қазақ жерлерін, Құлынды даласын қайтаруды талап етіп хат жазғандары белгілі болып отыр. Жасыбай көлі аймағында Олжабайдың қыстауы болған, қазір ол жер Дулат асуы деп аталады.
Сөздік

1. шапқыншы – разбойник

2. қорғау – защищать

3 көзге түсу – стал замечен

4. жақын – близкий

5. серік – спутник

6. ту ұстаушысы – флагоносец

7. қосу – зд: воспевал

8. патшайым – царица

9. қайтару – возвратить

10. талап ету – стремиться

қыстау – зимовка

асу – перевал
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: қорғау, қайтару, серік, жақын, көзге түсу, талап ету.

3. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.

4. Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: шапқыншыларынан, белгілі, қыстау,аталу, ұстаушысы.

5. Мәтіннен тәуелдік ..... .
3.8 Олжашы батыр
Олжашы батыр (16 ғ. аяғы - 17 ғ. басы). Олжашы Орта жүз Арғын тайпасының ішінде Қаракесек руынан шыққан азамат еді. Қаракесектің Ақша деген баласы болған. Оның баласы – Бошан. Оның баласы – Бәйбөрі. Бәйбөрінің екінші баласы Олжашы батыр еді.

Есім ханның тұсында 1627 ж. «Хан Тұрсынды ант ұрсын» деп, Қатаған Тұрсын ханға қарсы жорыққа баруға қол жиналған. Соңда қолбасшылардың бірі Арғын Олжашы еді. Тұрсын ханның әскері Сайрамның атырабында жеңілді. Өзінің ордасы Ташкент қаласы еді. Тұрсын хан Аштарханид әмірлерімен одақ құрып, Есім ханмен бәсекелескен. Ташкентті алғаннан кейін Тұрсын хан қаза табады.

Артынан бірнеше қыз қалады. Айбике, Нұрбике мен Қызданбике деген ғажайып періштедей сұлу қыздарын Шаншар деген қолбасшы олжа ретінде алады. Қоңырбике деген қызды ұлы Абайдың түп бабасы Әли алады. Кенжесі Оразбике сұлуды Олжашы батыр алады. Олжашының Жүгіней деген ағасы болған. Оразбикені батыр осы ағасына берген. Одан Қойке, Есбалақ, Баян, Хангелді, Кенжек деген балалар туған. Тағы бір әйелінен Қыдырәлі, Кедей деген балалар туған. (Жұрт арасында «Қыдырәлі, Кедейсің, Қойке келсе не дейсің» деген мәтел қалды.)

Ал Олжашының өзінің Асан, Үсен деген балалары туған. Ақтабан шұбырынды кезінде Асанның ұрпақтары Сырдың ар жағына кеткен. Үсендер және Жүгінейдің ұрпақтары Арқада қалып, өсіп-өнген.


Сөздік

тұс – место

ант ұру – давать клятву

қол жиналу – собираться войскам

атырабында – в окрестностях

орда – ханская ставка, центр

әмір – приказание, распоряжение

одақ құру – организовать союз

бәсекелесу – соперничать

ғажайып – удивительно

періштедей сұлу – красивая, как ангел

олжа ретінде – в качестве добычи, трофея

түп бабасы – предок

жұрт арасында – в народе

Ақтабан шұбырынды – великое бедствие

ұрпақ – поколение

ар жағы – за пределы

қалу – оставаться

өсіп-өну – процветать

Тапсырмалар


1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.

4. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.

5. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіз.

6. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, синтаксистік талдау.

7. Мәтіндегі жай сөйлемдерді қосып, құрмалас сөйлемге өзгертіңіздер.
3.9 Өтеген батыр (1699-1773 жж.)
Өтеген батыр Өтеғұлұлы (Мүйізді Өтеген) – XVIII ғасырдың І жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен батыр.

Ұлы жүздің дулат тайпасынан шыққан. Бабасы Сырымбет 1635 жылы Ойрат ханы Батырдың 50 мың әскеріне қарсы соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқа қатысқан. Өтеген батыр 15 жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа қатысып, қазақ елінің түстігін, Жетісу мен Шығыс Қазақстан өңірін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірді. Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысты. Осы ұрыстарда қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді аты шулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналды. Төле бидің, Абылай ханның серігі болды. Батырдың ерлігі аңызға айналып, Күсен, Майкөт, Сүйінбай, Жамбыл, Тілеміс секілді ақындардың жыр-дастандарына арқау болды. Бұлардың ішінде бізге жеткені – Жамбылдың «Өтеген батыр» дастаны.

Батыр әуелі Іле өзенінің бойына (қазіргі Қапшағай су қоймасының табаны) жерленген. Кейін оның сүйегін ұрпақтары Қордай ауданына апарып, қайта жерлеген. Жерленген жері Өтеген ауылы деп аталады. Алматы облысындағы бірсыпыра жер батыр есімімен аталады. 1999 жылы Өтеген батырдың 300 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Соған орай қабірінің басына кесене тұрғызылып, Жамбыл облысы Қордай ауданының орталығында ескерткіш орнатылды.

Сөздік


  1. басқыншылық – захватчик

  2. қарсы күресу – бороться против

  3. қарсы соққы берген – оказал сопротивление

  4. азат ету – освободить

  5. кескілескен ұрыстар – ожесточенные бои

  6. аты шулы – тот, чье имя на слуху

  7. даңқты – знаменитый, прославленный

  8. аңыз – легенда

  9. арқау болды – стал основой

  10. әуелі – вначале

  11. жерлеу – похоронить

  12. қайта – вновь

  13. кең көлемде – широко

14. соған орай – в связи с этим

15. қабір – могила

16. кесене – мавзолей
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: азат ету, даңқты, әуелі, қайта, орнатылу, бірсыпыра, кең, қатысу, ұлы.

4. Мәтіннен көмекші есімдерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.

5. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.

6. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.


3.10 Райымбек батыр (1705- 1785 жж.)
Райымбек Түкеұлы (1705, қазіргі Алматы облысы – 1785, Алматы) – батыр, қолбасшы. Ұлы жүз албан ішіндегі алжан руының сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр 18 ғасырдың 1- жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 жылы Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберген.

Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы «Ойрантөбе» деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түсті. 1733 жылы Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған.

Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанын да білуге болады. Көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген.

Жазушы Ж. Тұрлыбайұлы роман, ақын М. Мақатаев «Райымбек, Райымбек» атты поэма жазған. Алматы облысында Райымбек есімімен аталатын жер-су аттары көп кездеседі. Торайғыр тауындағы Айырлы асуының маңында «Райымбек бастауы» бар. Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандары бірігіп, қазірде Райымбек атымен аталады, онда батырға ескерткіш орнатылған. Батырдың бейіті Алматы қаласындағы оның есімімен аталатын үлкен даңғылдың бойында. Бейіттің басына кесене – күмбез тұрғызылған. 1990 жылы «Райымбек» тарихи-этнографиялық қоғамы құрылды.


Сөздік
1. елші – посол

2. басқыншы – захватчик

3. жекпе-жек – поединок

4. азат ету – освободить

5. көзге түсу – обратил на себя внимание

6. көзі тірісінде – при жизни

7. «көріпкел» – ясновидящий

8. әулие – святой

9. тоған – пруд, запруда

10. алқап – долина

11. қазу – рыть

12. егу – сеять

14. бірігу – объединиться

15.бейіт – могила

16. күмбез – купол
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

4.Мәтіннен біріккен, қосарлы сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.

5. Мәтіндегі келесі зат есімдерге сын есімдерді табыңыздар: елші, алқап, күмбез, батыр, ескерткіш, қолбасшы.

6. Мәтіннен есімше мен көсемшелерді жазып алып, олардың жұрнақтарын белгілеңіздер.


4 ХАНДАР
4.1 Абылай хан (1711 -1781 жж.)
Абылай хан – Қазақ Ордасының ханы, Қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері. 1743 жылға дейін Орта жүздің сұлтаны болған. Әбілмәмбет хан қаза болған соң, Абылай Ұлы жүздің ханы болады.

Абылай ханның ата-бабалары Шыңғысханның ұлы Жошы ханның ұрпағы болып табылатын — Қазақ Ордасының негізін қалаған Әз Жәнібектен тараған. Әбілмансұрдың әкесі жау қолынан қаза табады. Абылай жастайынан қиындықты көп көреді және Ораз құлға арқа сүйеп өседі. Ол жас кезінен-ақ Отан қорғау жолында ерекше жауынгерлік қасиеттерімен танылады.

Қалың халық бұқарасына оны әйгілі еткен ірі жеңіске ол Әбілмәмбет бастаған қазақ жауынгерлерінің жоңғарлармен болған шайқасында қол жеткізді. Бұл ұрыста 20 жасар Әбілмансұр қалмақтардың қоңтайшысы Қалдан Сереннің ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтіреді.

Жиырма жасында хан сайланған Абылай жарты ғасырға жуық хандықты абыроймен басқарады. Ол зерделі саясаткер, білімдар дипломат, дарынды қолбасшы болды. Оның көздеген мақсаты мемлекетті нығайту еді. Ол сыртқы жаулардан қорғану үшін үш жүзді біріктіруді жүзеге асыра бастайды. 1743 жылы Түркістан қаласында үш жүздің хандары, сұлтандары, батырлары бір тудың астына бірігіп, Абылайды ресми түрде Қазақ ханы етіп сайлайды.

Абылай Қазақ мемлекетін нығайту мен оның тәуелсіздігін сақтау жолында көп еңбек сіңірді. Ол билік құрған жылдары алғаш рет қазақтар мен қалмақтар арасында бейбіт келісім жасалды. Ресеймен, Қытаймен тату көршілік қарым-қатынас орнатылды.

Абылай хан 1781 жылы қаза тапты.


Сөздік
көрнекті – видный

ата- баба – предок

ұрпақ – поколение

негізін қалау – основать

тарау – распространять

қиындық – трудность

құл – раб

арқа сүйеу – опираться

қорғау – защищать

жауынгерлік қасиеттер – воинские качества

танылу – стать известным

қалың халық бұқарасы – простой народ

әйгілі еткен – сделал известным

қол жеткізу – достичь

қоңтайшы – хунтайши (правитель у гуннов)

жекпе-жек – поединок

жуық – близко

абырой – честь

басқару – управлять

зерделі – благоразумно, внимательно

білімдар – знаток

нығайту – укрепить

сыртқы – внешний

бірігу – объединить

жүзеге асыру – воплотить в жизнь

ресми түрде – в официальном порядке

сақтау – сохранить, сберечь

еңбек сіңіру – внести вклад

бейбіт келісім – мирное соглашение

тату көршілік – мирное соседство

қарым-қатынас – отношения

орнату – установить


Тапсырмаларр
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: көрнекті, танылу, абырой, нығайту, сыртқы, басқару, қарым- қатынас, тарау, қиындық.

4. Мәтіннен сын есімдерді жазып алып, сапалық және қатыстық екенін белгілеңіз.

5. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.

6. Мәтіндегі бірыңғай сөйлем мүшелері кездесетін сөйлемдерді жазып алып, сол сөйлемдердің синтаксистік талдауын орындаңыздар.

7. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.
4.2 Әбілқайыр хан (1693 —1748 жж.)
Әбілқайыр хан – Кіші жүз ханы. Шыңғыс ханның он бесінші ұрпағы. 1710 жылы Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түмен басы болып атақты батыр Бөгенбай тағайындалды.

XVIII ғасыр қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды, жоңғарлар тарапынан болатын шабуылдар халықты көп күйзеліске ұшыратты. Әбілқайыр бұл сұрапыл соғыста жанкештілік танытты. Ол бабаларының иелігінде болған Сайрам, Түркістан және Ташкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті.

Бұл қалалар жоңғарлардың қоршауында қалған кезде, тең емес ұрыста анасы мен әйелі тұтқынға түскен соң, Әбілқайыр хан шегінуге мәжбүр болды. 1718 жылы Аякөзде Әбілқайыр мен Қайып ханның 30 мыңдық әскері жоңғарлармен қанды шайқас жүргізді.

Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. 1726 жылы үш жүздің қазақтары бас қосқан кұрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады.

1728 жылы қазақ әскері жеңіске қол жеткізді. Бұл шайқастар Ұлытау тауларында, Қарасиыр жері мен Бұланты өзенінің бойында болды, мұнда қазақтар қоңтайшының ұлы басқаратын экспедициялық корпусты талқандады. Бұл жеңістен кейін халық көкейінде жеңіске қол жеткізуге болады деген сенім ұялады. Басқыншыларға қарсы халық жұмыла көтерілді. Алайда бұл жеңілістен кейін де жау әлі күшті күйінде қалды.

Әбілқайыр 1748 жылы 1 тамызда өзінің ата жауы Барақ сұлтанның қолынан қаза табады. Әбілқайырдың жүргізген саясаты қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы жолында маңызды рөл атқарды және мәмілеге келе алмаған сәттері де болды.


Сөздік
қолбасшы – руководитель

сайлану – быть выбранным

түмен басы – глава тумена (название отряда)

тағайындалу – быть назначенным на должность

күйзеліс – мучение

ұшырату – зд: подвергнуть

сұрапыл – жестокий, свирепый

жанкештілік – отчаянность

таныту – зд: показать

иелік – собственность

көзге түсу – быть замеченным

қоршау – окружение

тең емес ұрыс – неравный бой

тұтқын – плен

шегіну – отступать

мәжбүр болу – быть вынужденным

сенім ұялады – появилась надежда

басқыншы – захватчик

жұмыла көтерілу – восстать

алайда – тем не менее

жау әлі күшті күйінде қалды – враг оставался в силах

қалыптасу – формирование

мәміле – соглашение
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: бірауыздан, қалыптасу, мәміле, сайлану, тарап, иелік, тағайындалу.

3. Мәтіннің абзацтарына сұрақтар құрастырыңыздар.

4. Келесі сөздердің қай сөзден және не арқылы жасалатынын көрсетіңіздер: батылдық, білгір, қолбасшы, дарынды, сенім, жеңіліс, жеңіс, экспедициялық,басқыншы, бірауыздан,ерлік, күшті.

5. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.

6. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.

7. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді жазып алып, түрлерін анықтаңыздар.
4.3 Есім хан (1598 жылдан бастап билік құрған)
Қазақта «Қасым салған қасқа жол, Есім салған ескі жол» деген қанатты сөз ежелден бар. Қасым нұсқаған жолдың негізгі мақсаты — Қазақ мемлекетін күшейту, халқын көбейту, жерін кеңейту. Керей мен Әз Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығы әуелде әлсіз, жаңа-жаңа қаз тұрып келе жатқанды.

Қазіргі Қазақстанның күншығысында, Жетісуда дулаттар, жалайырлар, албан, суан, наймандар, тағы басқа ру-тайпалар құрған күшті мемлекет Моңғолстанға келіп, жер сұраған ақордалық бауырларына Есенбұға хан Шу-Іле тауларының Қозыбасыға дейінгі жерін бөліп берген. Сол заманның көне көзіндей болып, күні бүгінге дейін атын жоғалтпай, Шу бойында Хан тауы, хандар құс салған Сұңқар шыңы алыстан мұнартып, қол бұлғап тұрғандай.

Қаз-қаз басып, ту көтерген Қазақ хандығы жан-жағына алаңдай қарап, күн көруге мәжбүр болған. Шығысында Ойраттардан, батысында Әмір Темір әулеті билеп тұрған, Сырдария мен Әмудария арасындағы күшті мемлекет Мауреннахрдан, солтүстігінде Сібір хандығынан қауіптенетін Моңғолстанға қалқан, қорған тәрізді өмір кешті. Әсіресе, өздеріне кектеніп қалған хан Әбілқайыр әне-міне шабуылға шыға ма деген үрей бар.

Қалайда Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының туын жыққан жоқ, олар дүниеден өткен соң билік Қасым ханның қолына тиді. Ол мұсылман дінінде болғанмен, отырықшы елдердегі тәртіп, заңға ұқсамайтын көшпенді халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, ой-көзқарасына орай жаңа заң-тәртіп орнатты. «Қасым салған қасқа жол» дейтініміз сол. Ол бұл жолда күні-түні аттан түскен жоқ, іргедегі мемлекеттердің өзара және ішкі алауыздықтарын, араздықтарын пайдаланып, досынан да, қасынан да одақ таба білді. Соның нәтижесінде Қазақ хандығының жері Сарыарқаны қосқанда сонау Жайық жағасына дейін кеңейген еді.

Тәуекелден кейін тарих сахнасына 1598 жылы Есім хан шығады. Ол бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға қатысты. Тәуекел Бұхараны қоршағанда ол 20 мың әскерімен Самарқандты билеп тұрған. Ауыр жарақаттан қайтыс болған ағасының орнына хан сайланған Есім отыз жыл бойы Қазақ мемлекетін қорғау, күшейту жолында қанын да, жанын да аяған жоқ.

Сөздік
қасқа – настоящий, подлинный

әуелде –первоначально, сначала

жаңа-жаңа –только-только

қаз тұру –стать независимым, свободным

ақордалық бауырлары – родственники из Белой Орды

жоғалту – потерять, потеря

қол бұлғап тұрғандай –стоял, не распуская войско

алаңдай қарау – смотреть обеспокоенно

күн көру – жить, существовать

мәжбүр болу – быть вынужденным

билеп тұру – править

қалқан, қорған тәрізді –похожий на защищенный крепостью

кектену – мстить

әне-міне – вот-вот, сейчас

жығу –свалить, повалить

отырықшы – оседлый

салт-сана – менталитет

ой-көзқарас – мысли и взгляды

аттан түскен жоқ –не сходил с лошади

іргедегі – зд: соседний (рядом)

алауыздық –1. распри, раздоры, разлад, разногласия; 2. вражда

одақ таба білді– знал, как найти союзничество

ауыр жарақат –тяжелое ранение

қанын да, жанын да аяған жоқ – не жалел ни крови, ни души
Тапсырмалар
1. Негізгі мазмұнын қалдырып, мәтінді қысқартыңыздар.

2. Мәтіннің абзацтарына сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: қосу, өзара, өмір кешу,ежелден, орнату, тәрізді, бөлеу, заман, басу,нәтиже.

4. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.

5. Сөілемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіз: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.

6. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.

7. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді жазып алып, түрлерін анықтаңыздар.
4.4 Жәңгір хан (1801 -1845 жж.)
Бөкей Ордасының (1823-1845) ханы, Бөкей ханның ұлы. 1815 жылы әкесі мұрагерлік салтқа сәйкес хандық тақты Жәңгірге берді. Алайда Жәңгір жас болгандықтан, Бөкейдің тапсыруы бойынша хандықты Бөкейдің інісі Шығай сұлтан басқарды.

1823 жылға дейін Жәңгір еуропалық үлгіде тәлім-тәрбие алады, Астрахань губернаторы Андреевскийдің үйінде жатып оқиды. Сол жерде ол хандықты әкімшілік басқару әдістері бойынша да дәріс алды. Бөкейұлы Жәңгір хан билік құрған кезеңінде саяси жағдай шиеленісіп тұр еді. Сол тұстағы басқару мен жер бөлуде жіберілген кемшіліктерге орай, ол халыққа қарсы бірқатар әрекеттерге баруға мәжбүр болды. Бұл жағдайды Ресей қазақ хандығы территориясын отарлау мақсатында ұтымды қолдана білді. Қазақ халқы үшін негізгі экономикалық шектеулердің бірі қазақтарға Каспий теңізі, Жайық пен Еділ өзендерінің жағалауларындағы аумаққа қоныс аударуға тыйым салынуы еді.

Жәңгірдің жүргізген саясатының ақыры И.Тайманов пен М.Өтемісов (1836-37) бастаған шаруалар көтерілісіне әкеліп соқтырды. Бұл көтерілістің негізгі сипаты Ресей отарлаушылары мен феодалдар саясатына жасалған қарсылық еді. Жәңгір көтерілісті Ресей әскерінің көмегімен басып тастады. Орыс губернаторынан әкімшілік басқару әдістері бойынша алған дәрістері Жәңгірдің жүргізген саясатына үлкен ықпал етті.

Хандықты басқару құрылымында ол бірқатар реформаларды жүзеге асырды. Толыққанды және икемді басқару жүйесі құрамына енгендер: кеңсе, депутаттар тобы және билер кеңесі, тағысын тағылардың жиынтығы болды. Билік жүргізуді басқаратын жүйеге руханият қызметі — ахун (қажы) енгізілді. Ахунның негізгі міндеті хандықта рухани білім беру болды. Бұл реформалардың барысында рухани қызметкерлер санының өзгеруі орын алды. Сонымен бірге мұсылман мектептері мен медреселердің саны көбейді. 1841 жылы Ордада Жәңгір ханның бастамасымен балалар грамматика, математика және басқа пәндер бойынша білім алатын жоғары мектеп ашылды. Осы мектептің қабілеті жоғары зерделі түлектері Ресейде білімін жалғастыруға мүмкіндігі болды.

Жәңгір хан сауатты адам болған. Қазан университеті жанындағы ғылыми-тарихи қоғам құрамына ол құрметті мүше болып енді. Ол халықтың әдеби шығармаларымен шұғылданады, өзі де көптеген эпикалы туындылар жазды. Оның басқаруымен Ордада қазақтың шеберлері жасаған аса құнды әскери қару-жарақтар сақталатын мұражайы құрылды.

Жәңгір хан екі мемлекет субъектілері арасындағы экономикалық қатынастарға бірқатар өзгерістер енгізді. Ол отырықшы өмірді жақтады, сондықтан да бұл процестің өріс алуы үшін жерге жеке меншікті енгізді. Ол салық жинауды күшейту бағытында да бірқатар істер атқарды.


Сөздік

мұрагерлік салтқа сәйкес – в соответствии с традициями наследства

хандық тақ – ханский трон

жас болғандықтан – т.к. был молодым

тәлім-тәрбие алу – получить образование и воспитание

басқару әдістері – методы руководства

шиеленісіп тұру – осложниться

кемшіліктерге орай – в связи с ошибками

отарлау мақсатында – с целью колонизации

экономикалық шектеулер – экономические препятствия

аумаққа қоныс аударуға – переселиться в округи

шаруалар көтерілісі – восстание крестьян

толыққанды және икемді басқару жүйесі – зрелая и приспособленная система руководства

тағысын тағылардың жиынтығы – свод и других правителей

ахун – хаджи

өзгеруі орын алды – зд. имели место изменения

қабілеті жоғары зерделі түлек – особо способный и одаренный выпускник

мүмкіндігі болды – была возможность

аса құнды – особо ценный

жақтау – быть сторонником

өріс алуы үшін – для распространения

салық жинау – сбор налогов


Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

3. Мәтіннің абзацтарына сұрақтар құрастырыңыздар.

4. Мәтіннен келесі сөз тудырушы жұрнақтармен сөздерді теріп жазыңыздар: -лық, -лік,-дық, -дік, -тық, -тік; -шылық, -шілік; -ғы, -гі, -қы, -кі; -шы, -ші; -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті.

5. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.

6. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіз.

7. Мәтіннен есімше мен көсемшелерді жазып алып, олардың жұрнақтарын белгілеңіздер.

8. Мәтіннен сабақты етістіктерді жазып алыңыздар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет