Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі маңызы мен мәні хақында



Дата25.02.2016
өлшемі67 Kb.
#20307
Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі маңызы мен мәні хақында
С.Қ.Әлісжанов

Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ

қазақ тіл білімі кафедрасының

меңгерушісі, филол. ғыл. докторы


Егеменді Қазақстан Республикасында қазақ тілінде ғылым саласын дамыту – еліміздегі тіл саясатының ғана емес, республика ғылымының маңызды әрі түйінді тұсы болып саналады. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Қазақ тіліндегі ғылыми шығармашылықты одан әрі дамыту талап етіледі» деп атап көрсетілген. Бұл игі бастама жеміссіз де емес. Қазақ тілінде көп жанрлы ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет, публицистика пайда болды. Тілдің ғылыми қарым-қатынас аясындағы қызметі арта түсуде. Қоғамдық ғылым салаларын айтпағанның өзінде жаратылыстану, техникалық әдебиеттерді ана тілінде жазу дәстүрі кең өріс алды. Ғылыми саладағы осындай қомақты арнаулы әдебиеттің жарық көруі, жариялануы – ғылыми тілдің (стильдің) әдеби тілге жан-жақты әсер етуші, ықпалы зор стильдердің біріне айналып, ұлттық тілдің осы салада жұмсауға қажетті, қабілетті дейтін тілдік құрылымдарының жасалуына қызмет етіп отыр.

Қазақ зиялылары ғылым тілін дамыту туралы өз ойларын әр кез білдіріп отырған. Заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезов қазақтан шыққан түрлі маман өкілдерін ана тілінде жазуға ашық түрде насихаттайды. Осы жолда кездесіп отырған қиындықтарға өз ренішін жасырмайды: «Ендеше, сол жұртшылыққа қазақтан шыққан инженерлер, дәрігерлер, биологтер, математиктер өз еңбектерін өз халқы тілінде жазып таратпауын немен ақтауға болады?

Ал, біздің бүгінгі әдебиет тіліміз байығанда сол ғылыми-техниканың бар саласындағы ұғым түсініктер, атаулар молынан кіретіндіктен байыды дейміз. Ендеше, сол сөздерді, сол ғылымдарға байланысты тіл, орам шеберліктерді осы ғылымдардың өз мамандарынан артық қазақ тілінде айтып бере алатын шеберлерді, қайраткерлерді бір жақтан қарызға сұрап аламыз ба?» [1, 272-б.].

Мәдениет қайраткерлерінің қазақша ғылым тілін дамыту туралы осылай дабыл көтеруі тегіннен-тегін емес. Өйткені ғылыми тіл – ғылым жетістіктерін, ғылыми ақпаратты жеткізетін тіл ғана емес, «ғылым тілі бүгінде әдеби тіліміздің ең сүбелі саласы, жон арқасы» (Ә. Қайдар). Адамзат дүниені ғылым арқылы танып біледі десек, соны жеткізудегі тілдің рөлі орасан. Сондықтан биология ғылымының докторы Н. Аралбаевтың мына бір сөздері өте орынды айтылған деп білеміз: «Қандай ғылым болсын сөз арқылы ұғындырылады, жария болады, үйретіледі. Әр ұлт оны өз тілінде түсініп, өз тілі арқылы дамытады. Қазақстанда ботаника ғылымы да қазақ тілінсіз өркендей алмақ емес. Әдебиетте өсімдіктер дүниесі көркемдік тұрғыдан бейнеленсе, ботаника ғылымы оның сыр-сипатын, құпиясын нақты ашып ұғынуды мақсат етеді... Бір сөзбен айтқанда, тіл мәселесі ғылымның дамуы үшін де маңызды. Сондықтан да қазақ тілін дамыту туралы сөз болғанда оның ғылыми салаларға да тікелей қатысы бар екенін түсіну қиын болмаса керек...» (Қазақ әдебиеті. 1999, 17.09.).

1920-жылдары А.Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының ғылым тілін ана тілінде қалыптастыру жөніндегі бастамалары кеңестік саясаттың нәтижесінде бұрынғы жеткен биігінен кері кеткені рас. Ғалымдар бұл кезеңді «ғылым тіліндегі ұлттық тіректің шайқалу кезеңі» (Ш. Біләлов) деп атайды. Аталған ғалымның: «Осылай басталған, ғылым тіліндегі ұлттық тіректің шайқалу кезеңі, жаппай орыстану кезеңіне ұласты. Ол шамамен 50-жылдардан басталады» – деген жорамалы шындыққа жақын келеді. Қазақ тілінің әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерін қарастырған зерттеуші Б. Хасанов мұның себебін орталықтандырылған саясаттан іздейді: «Функционирование казахского языка в предвоенный и послевоенный периоды отличается, с одной стороны, периодическими торможениями со стороны Центра, с другой – приобретением в разном объеме новых сфер: каналов массовой коммуникации (радио, телевидение и кино), высшего образования и науки» [2, 23-б.].

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қалыптасқан жолы әріде жатқанын көреміз. Зерттеушілер қазақ тілінде ғылыми стильдің қалыптасуын, негізінен, ХІХ ғасырдың екінші жартысына апарып тірейді. Б. Әбілқасымов аталған мерзімде ғылыми стильдің қаншалықты көрініс алғаны туралы былай деп жазады: «Ғылыми стильге тән баяндау үлгісі де кездеседі. Мұнда сөйлемдер ықшам, түсінікті болып құрылып, ондағы сөздер қарапайым, өздерінің негізгі, тура мағынасында қолданылады. Бұл стильге жататын материалдарда ғылыми-техникалық терминдер орысша күйінде алынып, қазақша түсінік беріліп отырады. Мәселен, магнит яғни «темірді тартып алатұғын тас», «компас немесе сартша құбыланама», «мужской гимназия яғни еркек балалар оқитұғын медресе», «метеорит (көктен түскен тас)», «телеграф яғни сым темір» тәрізді болып келеді». Ғалым еңбегінде сол дәуірге тән ғылыми әдебиет нұсқаларын да санамалап көрсетеді. Автор бұл алғашқы ғылыми-көпшілік әдебиеттердің аударма сипатында жарық көргенін айта келіп: «Сөйте тұра олар – сол дәуірдегі қазақ әдеби тілінің жай-күйін танытуда, ғылыми түсініктерді жеткізуде тіліміздің ішкі мүмкіндіктерінің (сөз байлығының, сөз оралымдарының) қаншалық болғанын байқауда аса қажетті материал» [3, 65-б.] – деп дұрыс қорытынды жасайды.

Қазақ тілі функционалдық стильдерінің соның ішінде, ғылыми стильдің де қалыптасуында ХХ ғасырдың басы елеулі кезең болды. Бұл уақытта мәдени аренаға озық ойлы қазақ зиялыларының шығуы, олардың түрлі салада жазған еңбектері қазақ әдеби тілінің қолданылу аясы мен қызметін барынша арттырды. Сондай-ақ қазақ тілінің сөздік қорында да жүйелену, сөздердің стильдік белгілеріне қарай сұрыпталу үдерісі ерекше қарқынмен жандана бастады. Сөйтіп, ғылым тілінің өркендеуі – ХХ ғасырдың бас шенінен өзгеше сипат алды.

20-30-жылдары қазақша ғылым тілін қалыптастыруда қазақ зиялыларының аса көрнекті өкілдері – Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Е. Омаров, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, Қ. Кемеңгеров, Б. Майлин, Х. Басымов, Н. Төреқұлов, Т. Шонанов, Ә. Ермеков, С. Қожанов, Қ. Жұбанов т.б. – білім беру мен ғылымды ана тілінде дамытудың негізін қалады. Олар ғылымның әр саласында заман талабына сай өз мамандары жоқ кезде әрі аудармашы, әрі ғалым, әрі жазушы, әрі сыншы болып еңбектер жазды. Кейіннен, яғни, 1920-30-жылдары бұл еңбектерде қолданылған терминдер арқылы жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, ғылыми-техникалық әдебиеттер көп таралыммен қазақ тілінде басылып шықты.

Мәселен, А. Байтұрсыновтың 1912-1928 жылдардағы жарық көрген әліппелері, оқулықтары, жазу, емле, терминология мәселелері туралы жазылған сыни мақалалары, М. Дулатовтың «Есеп құралы» (1918-1925),

М. Жұмабаевтың «Педагогикасы (Баланы тербия қылу жолдары)» (1922, 1923), Ж. Аймауытовтың «Тәрбие жетекшісі» (1924), «Психологиясы» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдауы» (1926), Е. Омаровтың «Пішіндемесі» (1924, 1928), «Физикасы» (1930), Х. Досмұхамедовтың «Жануарлары» (1922), «Табиғаттануы» (1922), «Адамның тән тірлігі» (1927), Қ. Кемеңгеровтың «Оқу құралы» (1928), «Қазақша – орысша тілмашы» (1927), С. Қожановтың «Есеп тану құралы» (1924), Ә. Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935) т.б. көптеген еңбектерді атауға болады.

Демек, ғылым тілін дамытуда жеке тұлғалардың, мәдениет қайраткерлерінің орны ерекше болды. Олардың түрлі ғылым салалары бойынша жазған еңбектері қоғам тарапынан үлкен ілтипатпен қабылданды. Осы орайда Ахмет Байтұрсыновтың есімі айрықша аталады. А. Байтұрсыновтың қазақ ғылымына сіңірген еңбегі оның ізбасарлары тұрғысынан төмендегідей бағаланады: «Ахаң бірсыпыра ғылым түрін қазақ тілінде дамытты, әсіресе қазақ тіл білімін дамытып, оны қазақ тілінде сипаттады. «Тіл – құрал», «Тіл жұмсар», «Әліп-би», «Оқу құралы», «Баяншы» сияқты оқулықтар шығарып, ғылыми-педагогикалық, проблемалық мақалалар жариялау арқылы ол қазақ тілін ғылым тіліне айналдырды. Ғылым – Ахаңның қазақ тілін іске қосқан тағы бір, төртінші, саласы» [4, 121-б.].

Қазіргі кезде ғылым саласын қазақ тілінде өркендетуге үлкен мән беріліп отыр. Бұл қазақ тілінің ғылыми аяда қолданылуы жаңа қарқын алып, жандана бастауына өз ықпалын тигізді. Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық әлеует – Қазақстан ғылымының құрамдас бір бөлігі. Түрлі салалардағы жарияланып жатқан ғылыми, оқу-ғылыми еңбектер қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі мүмкіншілігін танытатын тілдік көрсеткіштер. Бұл дегеніміз олардың тілін лингвистикалық тұрғыдан қарастыруға негіз болады.

Ғылым тілін дамытуға байланысты мынадай мәселелерді айта кеткен жөн. Ол ғылыми ойлау, оның қыр-сырын анықтау және ғылым саласында тілді қолдану мәдениетін жетілдіру мәселелері. Ғылыми мәтін мамандандырылған ақпарат беру//қабылдау жағынан коммуникацияның өзге түрінен ерекше. Ғылыми тілге тән мынадай белгілер болады: ғылыми мәтінде сөз желісі логикалық жүйеге бағынады, өзара бірімен бірі байланысты арнаулы ақпараттар баяндалады, сөз сипаттау түрінде болып, дәлдікке ерекше мән беріледі [5, 36-б.].

Ой тіл арқылы айтылған мазмұнның негізін құрайтынын ескерсек, адам қызметінің ғылыми саласы да тіл (сөйлеу) қызметі мен ой әрекетінің бірлескен кезінде ғана жүзеге асады. Сөйлеудің де, ғылыми қызметтің де нәтижесі – мәтін. Сондықтан тіл қызметін сөз еткенде ойлау мәселелерін назардан тыс қалдыру мүмкін емес.

Ғылыми тіл – ғылыми ақпараттың өмір сүруінің логикалық ұйымдасқан формасы. Ғылыми қызметтің ғылыми стильмен жазылған мәтінге айналуы бірден жүзеге аса қоймайды. Ғылыми ақпараттардың ғылыми стильге тән тілдік формаларда көрінуі үшін шығармашылық ойлаудың бірнеше кезеңін басынан өткереді. Сонда ғылыми ойлау тілдік формада көріну барысында ойлаудың басқа типтерімен, әуелі интуитивті, стихиялы ойлау түрлерімен де тығыз қарым-қатынаста болады. Субьективтіліктің де ғылыми туындының дайындалу барысында ықпалы кездесіп отырады. Ғылыми ойлау өз бастауын бұқаралық тәжірибеден алады. Өйткені бастапқы кезде көлемді ақпараттың өңделуі индивидуалдық, эмоционалдық деңгейде жүргізіліп, ықшамдалған жүйелі қалыпқа ене қоймайды. Оның өз психологиялық жеке моменттері болады. Зерттеуші ғылыми мәтіннің шынайы (идеалды) бейнесін (моделін) құрастыру үшін дайындық кезеңін өткізеді.

Ғылыми шығарманың толық тілдік формаға көшуі, яғни ғылыми стильмен жазылған туындыға айналуы – бұдан кейінгі кезеңнің жемісі. Мұнда зерттеушінің шығармашылық ойлауы психологиялықтан қатаң логикалылыққа, обьективтілікке, стихиялылықтан жүйелілікке ауысады. Ғылыми баяндаулар айқын синтаксиске негізделіп, сөздердің орын тәртібінің сақталуында логикалық бірізділік орын алады. Бұл сәтті коммуникативтік кезең деп атайды. Ғылыми ой жаңа білім ретінде логикалық жолмен жасалған ақпарат пен құрылымдар арқылы танылады, тіл соларды неғұрлым дәл бейнелеу үшін, жеткізу үшін қолданылады. Ғылыми шығарманың авторы жалпыға бірдей қабылданған жағдайларға сүйене отырып, зерттеу нысанының негізгі белгілерін айқындайды. Олар пайымдаулар мен дәлелдеулерді нақты жеткізуге, дамытуға ұмтылады, мәселені логикалық жүйелілікпен баяндап, ғылыми абстракция жасайды, ғылыми ой мен ғылыми тілдің ажырамас бірлігі – ғылыми мәтінді тудырады. Осы орайда ұлттық тілдің қолданылу мүмкіншілігі (қолданылу өрісі) үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Сөйтіп, ғылыми стильде шығармашылық ойлау ғылыми стильді ұйымдастырушы, қалыптастырушы негізгі экстарлингвистикалық фактор ретінде орын алады. Ойлау қызметі ғылыми салада қолданылатын тілдік жүйенің сұрыпталуына ықпал ететін тәсіл болып табылады. Ойлаудың өзі динамикалық құбылыс болғандықтан, тілдік формада ғылыми мәтіннің тууы ойлаудың бірнеше сатысынан кейін ғана жүзеге асады. Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, ол үдерісті мынадай кезеңдерге бөлуге болады: 1) шығармашылық ойлаудың коммуникативтілікке дейінгі кезеңі; 2) шығармашылық ойлаудың коммуникативті кезеңі. Нәтижесінде ғылыми тілдік шығарма дүниеге келіп, ғылым кеңістігін жаңа ақпараттармен толықтырады.

Келесі бір жайт – ғылыми тіл мәдениетін игеру. Ғылыми тілдің мәдениеті жаңа білімді бұрынғы белгілі білім контексінде дәлдікпен, логикалық жағынан жүйелі, эстетикалы түрде жеткізуде болса керек, сондай-ақ ол білімді адресаттың нәтижелі қабылдауы да ескеріледі. Ғылыми тілдің коммуникативті мәнін дұрыс түсіну және оның тіл мәдениетін шынайы игеру ғылыми шығармашылықтың нәтижелілігіне жетелейтін қажетті алғы шарт. Сондықтан ғылыми тіл мәдениетінің нормаларын жетік білу – ғылыми ізденіспен айналысатын әрбір маманның міндеті. Сонда ғана ғылыми қарым-қатынас аясында тілді қолданудың шеберлігіне қол жеткізуге болады. Әдеби тілдің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылымын жете білетін, сөз қолдану амал-тәсілдерін еркін игерген тәжірибелі маман ғылыми тілдің нормасына қайшы ауытқулардың өзін орнымен қолдана отырып, ізденістің нәтижелілігіне қол жеткізеді. Ғылыми тілдің нормаларын игеру арқылы әдеби тілдің көптүрлілігі, оның нормаларының сан алуандығы айқындала түседі.

Қорыта келгенде, ғылым саласында қазақ тілінің қолданылуы артып отырған кезде осы мәселелер барынша өзекті болып табылады. Біздің баяндамамызда ғылым тілін лингвистикалық зерттеудің кейбір аспектілері ғана сөз болды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әуезов М. Қазақтың әдеби тілі туралы // Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 19-том. Зерттеулер, мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1985.

2. Хасанов Б. Социально-лингвистические проблемы функционирования казахского языка в Республике Казахстан. Автореферат ... докт. филол. наук. – Алматы, 1992.

3. Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби

тілі (Баспа нұсқалар тілі негізінде). – Алматы: Ғылым, 1982.

4. Хасанұлы Б. Қазақ тілін дамытудың Ахмет Байтұрсынұлы негіздеген жолдары және тілдің мемлекеттік мәртебесін жүзеге асыру мәселелері // Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы (Жинақ). – Астана: Елорда, 1998.

5. Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Филол. ғыл. докт. ... авторефераты. – Алматы, 2007.




Университеттік білім беру жүйесіндегі қазақ тілі оқулықтары: сан мен сапа
С.Қ.Әлісжанов

Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ

қазақ тіл білімі кафедрасының

меңгерушісі, филол. ғыл. докторы
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Б.Ж.Әбдірайымның әр мамандық бойынша мемлекеттік тілдегі оқулықтар даярлау жөніндегі бастамасы деркезінде және кеңінен насхиттауға тұрарлық идея болып табылатыны сөзсіз. ЕҰУ тәжірибесі тіпті республика көлемінде жоғары оқу орындары тарапынан қолдау тауып жатса құба-құп. Қай мамандықта болмасын, олар бойынша қазақ тіліндегі бұрын-соңды жарық көргені бар және жарық көруге тиісті оқулықтардың саны мен сапасын, бүгінгі білім беру жүйесіндегі қаншалықты маңыздылығы мен өзектілігін саралайтын уақыт жетті.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы ежелден келе жатқан, өзіндік дәстүрі бар мамандық. Бұл мамандық бойынша оқылатын пәндер қалыптасқан, басты деген оқулықтары жазылған болып саналады. Алайда қазіргі ғылымның жетістіктері, қоғамдық-әлеуметтік ахуалдың өзгеруі т.б. жайттар оқулықтардың мазмұны мен сапасын осы мамандық бойынша да тексерудің, зерделеудің қажеттігін ұсынады.

Мысал ретінде мамандық бойынша оқылатын негізгі «Қазіргі қазақ тілі» курсын алуға болады. «Қазіргі қазақ тілі» курсы сала-саламен оқытылады: фонетика, лексикология, морфология, синтаксис. Бұлардың әрқайсысына бөлінген кредит саны 2-3-тен кем емес. Әр саланың басты-басты деген оқулықтары бар. Атап айтар болсақ, фонетика бойынша І.Кеңесбаев, С.Мырзабековтың, лексикологиядан Ғ.Мұсабаев, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиұлының, морфологиядан А.Ысқақов, Н.Оралбаеваның, синтаксистен М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов т.б. көптеген авторлардың ондаған жылдар бойы күні бүгінге дейін оқытушылар мен студенттердің қолынан түспей келе жатқан, үстел кітабына айналған негізгі оқулықтары бар, олар, әрине, жоғары білім беру саласында мамандық үшін пайдаланылып келеді. Осы тәрізді оқулықтардың маман даярлаудағы өлшеусіз рөлін ескере отырып, қазіргі ғылыми жаңалықтар мен теорияларды да елеусіз қалдырмауды назарда ұстаған жөн. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарайғы қоғамдық өмірдегі алуан түрлі өзгеріс ғылымның қай саласында болмасын өз ізін салғаны ақиқат. Бұдан қазақ тіл білімі де тыс қала алмайды. Тіл ғылымының зерттеу әдістемесі, жалпы ғылыми-әдіснамалық негіздері жаңаша қаралуда. Зерттеу бағыттары, бірліктері өзгеруде, толықтырылуда, көптеген докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ендеше осы жаңалықтарды оқулықтарға енгізетін кім?! Әрине, ЖОО мамандары. Алайда жағдайдың әлі де бұрынғыша қалып отырғаны, сол беттері сарғайған оқулықтарды пайдаланып келе жатқанымыз да өмірдің шындығы. Бір ғана дерек келтірсек. Аталған курс құрамында оқытылатын «Синтаксис» тарауы бүгінгі күні ең көп өзгеріске түсіп, толығып жатқан сала екендігін барша маман біледі. Ол синтаксистің зерттеу нысандарына болсын, зерттеу бағытының өзгеруінде болсын, жалпы синтаксис ұғымы мазмұнының жаңаша түсіндірілуінде болсын тікелей қатысты. Бірақ, неге екені белгісіз, соларды есепке ала отырып, жаңаша жазылған оқулық жоқтың қасы. Тіпті қазіргі кезде оқулықтың қызметін атқарып жүрген академиялық «Қазақ грамматикасында» (Астана, 2002) синтаксис тарауындағы соны өзгерістер толық көрініс таппаған. Бұл зерттеуде мәтін синтаксисі тыс қалған, мәтіннің бірлігі ретіндегі күрделі синтаксистік тұтастық қана баяндалады. Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн, мәтін лингвистикасы бөлек сала болып өз алдына отау тіккелі едәуір уақыт өтті, қаншама диссертациялар да жазылды, бізде сол саланың негізгі заңдылықтары мен теориясын қамтитын оқулық (бұл жерде әңгіме жекелеген монографиялар немесе оқу құралдары емес, оқулық жөнінде болып отыр ­– С.Ә.) жазыла қойған жоқ.

Қазіргі кездегі кредиттік оқыту технологиясына сәйкес пән атаулыны міндетті және таңдау пәндері деп ажыратып жүрміз. Жаңа мазмұндағы оқулық жазу осының екеуіне де қажет. Пән ретінде бұрыннан қалыптасқан «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» курсы қазіргі жұмыстық оқу жоспарларында таңдау пәні саналады. Бұл курсты ерекше атап тұрған себебіміз – курс мазмұнының жаңалығы. Көркем шығарманы мәтін тұрғысынан қарастыру, тілдік құралдардың көркемдікті тудырудағы прагматикалық қызметі т.т. тың аспектілер – осы саланың ғылыми базасының кеңеюі мен өрістеуіне жол ашты. Бұл бағытта ғылыми жұмыстар жазылды (Г.Әзімжанова, Н.Уәли т.б.). Соған қарамастан курстың негізгі оқулығында бұлар мүлде көрінбейді. Соны ізденістер мен дәстүрдің жаңаша қалыптануын кездестірмедік. Осы орайда ресейлік әріптестерімізден үлгі алудың еш артықтығы жоқ. Көз жүгіртіп өткеніміздің өзінде жағдайдың басқаша екенін айқын аңғарамыз. Алысқа бармай-ақ, аталған пәнді алайық: тақырыптар да, тараулар да, жалпы құрылымы жаңалықтарды ескеріп барып жасалған. Онда мәтінге лингвистикалық талдау жасау ерекше ғылыми білім саласы екендігі, мәтінді зерделеудің негізгі аспектілері, мәтіннің экстралингвистикалық параметрлері, мәтін және мәдениет, мәтіннің семантикалық кеңістігі мен оны талдау, мәтіннің концептуальды кеңістігі, мәтіннің деннотативті кеңістігі, мәтіннің эмотивті кеңістігі, мәтіннің құрылымдық түзілімі, коммуникативтік түзілімі, мәтін құраудағы тілдік құралдардың орны, қысқасы барлығы соны тұжырымдарды ескеріп барып жазылған [Қараңыз: Бабенко Л.Г. Лингвистический анализ художественного текста. Теория и практика: Учебник. М., 2006.].



Осы тәрізді жаңаша құрылуға тиіс басқа да пәндер жетерлік: морфонология, ономастика, терминология т.т. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Оқулық жазуда ескерілетін бір фактор – ілгеріде де ескертіп өткеніміздей, қазіргі қоғамдық-саяси және әлеуметтік бағыттардың назарға алынып отыруы. «Ономастика» бойынша сондай мәселенің бірқыдыруы универсиетіміздің проректоры, профессор Д.Қамзабекұлының «Ономастиканың жаңа кезеңі тілдің электронды дәуірі» атты мақаласында жақсы айтылған [Құжат тілі]. Терминология бойынша да оқулық түзудегі ізденістер мен көзқарастар баспасөз бетінде, түрлі жинақтарда жариялануда. «Морфонологияның» жеке сала ретіндегі маңызы мен мәні оқу үдерісінен анық байқалуда.

Бүгінгі таңда оқулық мәселесінің қазіргі заманғы технологияға сай басқа да қырлары өзекті болып табылады. Мәселен, электрондық оқулықтар даярлау. Бұл өз алдына жеке мәселе. Алайда қандай да формадағы оқулықтар болсын ең басты жетістігі – оның мазмұны екендігі анық. Сол мазмұн ғылымдағы ізденістер мен дәстүрдің тоғысуынан, жымдасуынан, табиғи сабақтастығынан тұрса, онда сапаның бірінші орынға шығатыны кәдік. Олай болса, ЖОО оқытушыларын оқулық түзу барысында жауапкершілігі мол жаңа міндеттер күтеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет