13-лекция. Сөйлеу тілі мен радио тілінің ерекшелігі.
Радио тілі – қарапайым, түсінікті, тапқыр, бейнелі, мәнерлі, әуезді, әсерлі болуы керек. Сонымен бірге радио тілін зерттеушілердің пікірлеріне назар аударсақ, қосымша мына жайларды аңғаруға болады. Мәселен ғалым А.Шнейдер өз еңбегінде: «Кітаптың тілі емес, газеттің тілі емес, сөйлеу тілі ғана радио тілі болу керек», - дейді. Ал зерттеуші Ю.Гальперин болса: «Радионың табиғатының өзі сөйлеу тілін қажет етеді», - деген пікір айтады. Сондай-ақ Б.Михайлов: «Радиохабар тілі - әдеби тілдің сөйлеу түрлеріне жатады», - дейді. Тағы бір пікірді А.Фриш былай деп түйеді: «...оның (яғни, радионың) сапасы сөйлеуге байланысты».
Демек, осы пікірлердің бәрін қорыта келгенде, үлкен ұғымдағы «радио тілі» дегеніміз – сөзден, сөйлеуден, әңгімелесуден келіп құлады екен. Сол сөйлесудің бәрі жай ғана айтыла салмай, радионың, яғни, ақпарат құралының мақсатын орындауы керек. Сонда ғана сөйленген сөздер «радио тіліне» айнала алады.
Тіл қолданудың өзіндік сырлары, жұмбақтары жетерлік.
Радионың ерекшелігіне байланысты дыбыс айрықша рөл атқарады. Радиодағы ауызша сөз бен сөйлеу тілінің өзіндік мәні бар.
Сондықтан сөйлегенде дауысты жоғарылату мен төмендетудің ыстың қандай дәрежеде болуының өзі адамға әртүрлі әсер етеді. Дұрыс акцентпен айтылған сөз көңілге қонымды шығады. Естуге де жағымды.
Немесе тез сөйлеу мен баяу сөйлеудің де әсері өзінше.
Осының бәрі сөздің бейнелілігін, мәнерін, ұғымды жақсартатын құралдар.
Тілді радиохабарларда орнымен, өзінің заңдылығымен қолдану тыңдаушыға оңды әсер етсе, керісінше дұрыс қолдана білмеу көңіл-күйге ыңғайсыз әсер беретіні белгілі.
Дауыс тербелісі сөз бояуын арттырады. Осылайша радиодан берілетін материалдар мен хабарларда белгілі бір ырғақпен сөйлеуші адамның информациясы тыңдарманға әсерлі де, сенімді жеткізіледі.
Радио пайда бола бастаған уақыттардан бері радио тілі өз орнын иелену үстінде.
Радиода сөз сөйлеу монолог, диалог түрінде келуі мүмкін. Ал монолог дегеніміз не және ол радиода қалай беріледі?
Мысалы, монолог түрінде микрофон алдындағы әңгіменің, комментарийдің, сөз сөйлеудің және корреспондент әңгімесінің көп бөлігі өтеді. Тіпті, кейде репортаждың өзі монолог түрінде беріледі. Монолог – жеке адамның өз сөзі, ойы болып табылады. Ол ешкіммен әңгімелеспей, көз алдында көрінбейтін, өзімен бірге отырған ішкі ойларына қасында қолма-қол жауап беріп, сөзге араласушы немесе жауап беруші болмайды. Сондықтан монологты сұрау салу, жауап беру сияқты нәрселер бір адамның өз сөзімен ғана шектеліп, тиісті ой мақсаты орындалып барып аяқталып отыруға тиіс.
Монолог – радионовелла, радиохат сияқты хабар түрлерінде қолданылады.
Монологтың сөз сөйлеушінің өзінің көңіл-күйі мен ішкі толғаныстарынан басқаша келетін түрі де бар. Ол хабарлау, баяндау тұрғысындағы монолог. Мұнда оқиғаға сендіру мақсатында оның жай-күйін логикалық тұрғыда дамыта мазмұндау қажет. Яғни, үгіттік сипаты бар болуы мүмкін. Бұл орайда субъекті мен объекті юөлініп, сөйлеуші сөзі өзіне байланысты емес, керісінше басқа біреуге арналғандай болады. Оның өз адресі бар деген сөз. Монологты бір адам жүргізетін болғандықтан, көбіне-көп ол шешендікті, сөз тапқырлықты тілейді.
Бұған керісінше диолог – екі немесе одан да көп адамның микрофон алдында сөйлесуі, әңгімелесуі.
Радио тілінен жай сөйлесу тілін қалай айыруға болады? Радио тілі деңгейіне көтерілмеген сөйлесу сөздері ресми емес, дайындықсыз болып келеді. Онда сөз қалай айтылса да ерікті, ал тілдік бейнелеу құралдары әбден сұрыпталмаған, сөздің дәлдігі мен толықтығы қажет бола бермейді. Сөйлесушілер сөз аяғын бітірмей-ақ, бір-бірін екпін, қимыл арқылы түсініп аяқтай береді. Яғни, жартыкеш, аяқталмаған ойлар, сөйлемдер орын алуы мүмкін. Оның үстіне түсінбеген жайларды, сөздерді қайталап айтуға, түзетуге болады, басқа сөздермен ауыстыруға болады. өйткені, ол сөздер эфирге айтылып жатқан жоқ. Ал радио тілін дұрыс қолданамын деген радиожурналист немесе басқа да микрофон алдында сөйлеушілер бұл секілді жауапсыздықты, орынсыз сөйлеп, артық-ауыс әңгіме айтуды қаламайды. Күнделілікті өмірдегі сөйлесу сөздерінде айтылатын әдеби, мәдени нормаға жатпайтын сөздер радио тілінде қолданылмайтыны түсінікті.
Радиомәтінді тыңдаушы ретінде ой елегінен өткізбеген сөйлеуші сөздің интонациялық нормаларынан жиі ауытқиды. Кідіріс болатын жерді шатастырады, интонацияның көтерілетін, бәсеңдейтін тұстарын ажырата алмай жатады, екі сөздің бірінде мүдіріп, кідіріс жасай береді. Қажетсіз тұста сөзді ерекше қарқынмен айтады. Сондай-ақ жай ғана бірқалыпты айтылатын мәтінді ерекше салтанатты үнмен айтып, мәтін мазмұнынан ауытқиды. Міне, бұл айтылғандардың бәрі эфирдегі сөздің коммуникативтік сапасын күрт төмендетіп, мәтін қабылдаушыға кері әсерін тигізетін, радиомәтіннің интонациялық нормасынан қажетсіз ауытқуға жатады.
Радиосөзде [билемай отыр], [келемай қалды], [барамай жүр], балдар, баллар т.б. тєрізді сөйлеу тіліне тән элементтерді уәжсіз қолдану радиомәтіннің нормасына жат болып есептеледі. Өйткені, радиосөз әлеуметтік бағдарды негізге алған қарым-қатынастың түріне жатады. Ал әлгіндей, жоғарыда айтылғандай деген сияқты элементтер сөйлеу тілі нормасына қайшы келмейді. Себебі сөйлеу тілі жеке тұлғалар арасындағы бейресми қатынасты бағдарға алған сөздің функционалдық типіне жатады.
Радиосөздің әлеуметтік бағдарды ұстану қағидаты (принципі) бұзылмауға тиіс. Әдеби тілдің қойнауындағы лексико-фразеологиялық байлығын талғап, таңдап алуда, интонацияны пайдалануда радиожурналист алдымен эфирдегі сөздің әлеуметтік сипатын сақтау қағидатын ұстануға тиіс. Бұлай болмаған жағдайда журналист тілдің басқа бір жүйесінен, мысалы сөйлеу тілінің ыңғайына қарай ауытқуы мүмкін.
Көптеген адамға дәріс оқу, жұртшылық алдында сөйлеу, пресс-конференцияға қатысу радиодан интервью беру, ресми мәлімдеме жасау т.б. үшін телекамера немесе микрофон алдында сөйлеуге тура келеді. Мұндай құралдардың сөйлеушіге мүмкіндік беретін артықшылығы да, біраз мүмкіндігін шектеп отыратын қиындығы да бар. Мұның өзі радиохабардағы сөздің әдеттегі шаршысөздегі принципті айырмасын білуді қажет етеді.
Осы принципті айырманы бағдарға алу қажет. Радио аудиториясының ерекшелігі – коммуникатор өзінің аудиториясын көрмейді. Тыңдаушының көрермендерге тікелей әсер етуді реттеп отыратын мүмкіндігі болмайды, олардың реакциясынан бейхабар болады.
Радиоаудиторияның адамдары кездейсоқ басы қосылғандар, белгілі бір себептермен, белгілі бір мүдделермен, белгілі бір мақсатпен бастары қосылған жандар емес. Егер шешеннің алдына жиналған шаршы топқа белгілі бір мақсат-мүдде, себеп, қызығушылық т.б. жайттар себеп болса, микрофон, камера алдындағы шешенге радиоаудитория назарын өзіне аудару қызықтыру үшін күш салуға тура келеді.
Микрофон, камера алдында сөйлеуші тек тыңдарман мен көрерменнің назарын аударып қана қоймайды, ең алдымен олардың өзін жібермей «ұстап» тұруға тиіс. Ал шешеннің көз алдындағы шаршытоптағы адамдар сөйлеушінің сөзі ұнаса да, ұнамаса да, пәлендей қатты қызықтыра қоймаса да, тыңдауға мәжбүр болып отырады.
Радио аудиториясы, шаршытопқа қарағанда әр алуан, әрқилы, әртүрлі. Сондықтан сөйлеуші олардың әрқилы деңгейімен де санасуға тиіс.
Әдетте аудитория сөйлеушінің не айтып отырғанына, қалай айтып отырғанына, сөйлеушінің қандай екеніне баға беріп отырады. Сын көзімен қарайды. Коммуникатор айтып отырған ақпаратты коммуниканттың қалай қабылдайтыны осы бағалауға байланысты.
Коммуникатордың дұрыс сөйлеуі, жақсы сөйлеуі, мүмкін, сондай-ақ ақпараттарының да мәнді болуы ықтимал, бірақ тыңдаушылармен, көрермендермен жақсы байланыс орната алмауы мүмкін. Бұл жерде көрермендерге ақпаратпен қоса кәдімгі өмірдегідей «тілдесетін», «пікірлесетін» «әріптестік» керек. Әріптестік аудиторияда коммуникатордың жағымды бейнесін қалыптастырады. Жағымды бейнесі қалыптасқан коммуникатордың ақпараты аудиторияда жақсы қабылданады.
Ол үшін, біріншіден, коммуникатор өзі айтып тұрған жайды жетік білуге, ағынан жарылып сөйлеуге және өзі айтып отырған нәрсесіне сенімді болуға тиіс.
Екіншіден, аудиториясын құрметтеу, аудиториясымен есептесу, оны қарым-қатынаста «әріптес» деп қарау. Коммуникатордың құзыреттілік, беделділік сапасы ақпараттың мәнділігі негізінде аудиторияның көз алдында қалыптасады. Адам «бер жағынан» сөйлеп отыр ма, әлде әйтеуір құлықсыз сөйлеп отыр ма, оны сол адамның дауысынан аудитория жазбай таниды.
Тілдік қатынастың әлеуметтік және индивидуальды сипаты, яғни қарым-қатынастың бір жағында жеке адам, екінші жағында әлеуметтік жұртшылықтың болуы тілдік тұлғаға тән элемент пен әлеуметтік элементтердің дұрыс үйлесім табуын қажет етеді. Әрине, коммуникатордың сөзі әуелден нобайы, әзірленген, алдын ала азды-көпті ой елегінен өткен сөз. Бұл жерде коммуникатор сөзді осы дайындаған формада аудитория алдында сөйлесе, сөзі тым кітаби, жасанды болып шығар еді. Біздіңше, коммуникатор мұндай қиын тұста дайындалған, алдын ала кесіп-пішкен сөзін алдын ала дайындамаған, табан астынан айтылған, тіл ұшына келген сөз тәрізді етіп жеткізеді. Сөйтіп, екеуара айтылатын сөз бейресми сипатталады, яғни сөйлеу тілінің «формасы» тәрізді болады. Бірақ сөз мазмұны ресми қатысындағы байланыс күшейе түседі. Аудитория коммуникаторды қарым-қатынастағы әріптесі ретінде қарайды, онымен ой жарыстырып отырады, мақұлдаған не терістеген, келіскен не келіспеген сыңай танытып отырады. Айтылған ақпаратқа бей-жай қарай алмайды.
Бақылау сұрақтары:
1.Радиотілдің ерекшеліктері.
2.Радионың өзіндік ерекшеліктері.
3.Радиотілдің бүгінгі табысы.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Зарва М. Произведение в радио и телевизионной речи.- М., 2006.
2.Омашов Н. Қазақ радиожурналистикасы. А., 1993.
3.Тұрсынов Қ. Көгілдір экран құпиялары. А., 1998.
4.Әбжанов Қ. Телевизиялық фильмдер. А.,2003.
Достарыңызбен бөлісу: |