ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
|
3-деңгейлі СМЖ
құжаты
|
ПОӘК
|
ПОӘК 042-18-28.1.09/03-2014
|
ПОӘК «Қазақ тілінің тарихы» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар
|
______2014 жылғы
№ басылым
|
5В050117- Қазақ тілі мен әдебиеті
5В012100 Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарына арналған
«Қазақ тілінің тарихы»
ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР
СЕМЕЙ
2014
Мазмұны
1 Глоссарий
2 Дәріс сабақтарының мазмұны
3 Тәжірибелік сабақтардың мазмұны
4 Студенттердің өздік жұмысы
5 Өзгерістерді тіркеу парағы
6 Әріптестердің танысуы
1 ГЛОССАРИЙ
Салыстырмалы – тарихи тіл білімі – шығу тегі жағынан бір – біріне жақын тілдерді зерттейтін тіл білімінің саласы.Негізгі мақсаты – туыс тілдердің арақатынасын анықтап зерттеу арқылы олардың даму жолдарын сипаттау.Оның қалыптасуы Еуропа ғалымдарының көне үнді әдеби тілінің үлгісі санскритпен танысуынан басталып, 18 ғ. 2 – жартысы мен 19 ғ. Басына сәйкес келеді.
Типологиялық тіл білімі – тілдердің шығу тегіндегі өзара қатынасының қандай екеніне қарамастан, олардың құрылымдық және функционалдық белгілерін салыстыра зерттеу нәтижесінде 19 ғасырдың орта шенінде туған. Типологиялық тіл білімі жалпы тіл білімінде анықталған құрылымдық және функционалдық концепцияларға сүйене отырып, жеке тілдерді зерттеуге негізделеді.
Ареалдық тіл білімі – (лат.аrea – кеңістік, аудан) – лингвистикалық география әдістері арқылы тіл құбылыстарының таралу жайын, тіларалық (диалектаралық) байланыстарды зерттейтін тіл білімінің саласы, 19 ғ. 2 – жартысы мен 20 ғ. Басында пайда болған.
Структуралық тіл білімі – тілді таңбалар жүйесі деген қағидаға және тіл құрылымындағы жігі айқын элементтерге сүйене отырып, олардың формалды жағын қатаң түрде (нақты ғылымдарға жақындығын) зерттейтін тіл білімінің саласы.Оның жеке сала ретінде қалыптасқан кезі – 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары.
Психологиялық тіл білімі – сөйлеу процесінің қалай іске асатыны, адам психикасындағы қабылдау, түйсік, байымдаумен сөйлеудің байланысын, оның тіл жүйесіне қатысын зерттейтін тіл білімінің саласы.Бұл бағыт 19 ғасырдың орта шенінде пайда болған.
Этникалық тіл білімі. Этнолингвистика – грекше ethnos халық, тайпа) – тілдің халық мәдениетіне қатысын зерттейтін тіл біліміндегі бағыт.Этнография ғылымының құрамында 19-20 ғасырлар арасында дербес бағыт ретінде пайда болған.Оған 19 ғасырдың 70-ші жылдарында Солтүстік және Орталық Америка жеріндегі көптеген үндіс тайпаларының зерттелуі ықпал етті.
Социологиялық (әлеуметтік) бағыт (социолингвистика) тілді адамдардың қоғамдық қызметіне, кәсіби тіршілігіне қызмет ететін әлеуметтік құбылыс, қарым – қатынас құралы деп қарайтын бағыт, 19-20 ғасырлар аралығында пайда болған.
Эстетикалық бағыт - тілді эстетикалық философия тұрғысынан зерттеу нәтижесінде 20 ғ. басында Батыс Еуропа тіл білімінде туған бағыт.
Синхрониялық тіл білімі – тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын, құрылымын сипаттап зерттейтін тіл білімі.Оны сипаттама тіл білімі, нормативті тіл білімі деп те атайды.
Диахрониялық тіл білімі – тілдің тарихи уақыт ішінде өзгеруі мен дамуын зерттейтін тіл білімі.Оны тарихи тіл білімі деп те атайды.
Дескриптивтік тіл білімі – Америка үндістерінің тілін зерттеуге байланысты америкалық структурализм құрамында 20 ғасырдың 30-50- жылдарында пайда болған тіл білімі.Оның мақсаты – тілдің лексикалық, грамматикалық мағыналары туралы мәліметтерді пайдаланбай – ақ, тіл элементтерінің өз айналасында болатын өзгерістерін (өзара тіркесімділігі т.б.) зерттеу арқылы сөйлеу процесін сипаттау.
Бұл – дистрибуция әдісін қолдану арқылы тілді формалды түрде зерттейтіндіктен, дистрибуциялық тіл білімі деп те аталады.
Қолданбалы тіл білімі – тілді практикалық талаптарға сәйкестендіріп қолданудың ғылыми жүйесін қалыптастыратын тіл білімінің саласы.Ол ғылыми пән ретінде 20 ғасырдың орта кезінен белгілі болды.Мысалы, графика мен орфографияны қалыптастыру, сөздіктер жасау, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, әдеби норманы орнықтыру, терминдерді жүйеге келтіру т.б. қолданбалы тіл білімінің қарайтын мәселелері.
Функционалдық тіл білімі – структуралық тіл білімінің тілдің қатынас құралы ретінде функциялық жағына баса назар аударатын саласы.20 ғасырдың 30-жылдарынан бастап дамыған.
Паралингвистика - (грекше рara – жанында, қасында) – сөйлеу үстінде қолданылатын тілдік емес, қосымша құралдарды (дауыс ырғағы, дауыс әуені, интонация, бет, қол, дене қимылы т.б.) зерттейтін тіл білімінің саласы.
Этнографизмдер – этнолингвистиканың негізгі зерттеу нысаны. Этноографизмдерге жеке сөздер, баламалар, тұрақты теңеулер, фразеологизмдер, макал-мәтелдер, қанатты сөздер, жұмбақтар т.б.жатады. семасиология - сөз мағынасы, оның өзгеруі, ауысуы.
2 ДӘРІСТЕР
№ 1,2 дәрістер Ежелгі заман тіл білімі
Дәріс жоспары:
1.Бұл дәуірде пайда болған философиялық бағыттар
2Филологияның тууына түрткі болған себептер.
3Ежелгі заман лингвистикасына тән ортақ сипаттар мен кемшіліктер.
4 Ежелгі Қытай тіл білімі
5 Ежелгі Үнді тіл білімі
6 Ежелгі Грек тіл білімі
Біздің жыл санауымыздан 5-6 мың жылдар бұрынғы египеттіктердің, шумерлердің, т.б. шығыс халықтарының жоғары мәдениетті болғандығын, әр түрлі жазуларды пайдаланғандарын ескерсек, тіл ғылымы көне ғылымдардың бірі екендігін байқауға болады. Бірақ египеттіктердің, шумерлердің тілге байланысты айтқан пікірлері біздің заманға жеткен жоқ. Тіл мәселелеріне байланысты жазылып сақталған, біздің заманға жеткен деректердің ең көнесі Ежелгі Қытай, Үндістан, Ежелгі Греция елдеріне тән.
Сөйтіп, тіл тарихы дегеніміз тарихи кезеңдерде жалпы тіл туралы, жеке тілдер туралы жинақталған теориялық ілім-білімдердің, тілді зерттеудің әдіс-тәсілдердің, тілді, адам, қоғам қызметінің әр саласында пайдалану тәжірибесінің жиынтығы болып табылады.
Тіл ғылымы тарихын әр түрлі кезеңдерге бөлушілік бар. Бірақ онда бірізділік жоқ. Дегенмен, шартты түрде болса да, төмендегідей жіктеуді ұсынуға болады. Олар:
-
Ежелгі дәуір тіл білімі.
-
Орта ғасыр тіл білімі.
-
Қайта өркендеу дәуіріндегі тіл білімі.
-
19 ғасыр тіл білімі.
-
20 ғасыр тіл білімі.
Ежелгі Қытай тіл білімі. Қытай – мәдениеті, ғылыми ой-пікірі ертеде дамыған, дүниежүзілік мәдениетке зор үлес қосқан ежелгі ел. Қытай тіл білімінің тарихы екі мың жылдан астам уақытты қамтиды. Қытай тіл білімі 19 ғасырдың аяғына дейін басқа елдердегі тіл білімінің әсерінсіз өз бетінше дамыған. Тіл ғылымы тарихында өзіндік дәстүр қалыптастырған. Бірақ Қытай тіл білімі әлемдік тіл ғылымына мәнді үлес қосқан жоқ, ұлттық шеңберден шыға алмады. Қытай жазба ескерткіштері біздің заманнан 15 ғасыр бұрын пайда болған. Олар мал сүйектеріне, әсіресе жауырынға жазылып сақталған.
Ежелгі Үнді тіл білімі. Үнділерден бізге жеткен зерттеулер жыл санауымыздан бұрынғы 5 ғасырдан басталады. Бұл материалдардың ғылыми жүйелілігіне, ой тереңдігіне қарағанда Үнді тіл білімі бұдан да бұрын болғанға ұқсайды. Тіл білімі мұнда практикалық қажеттіліктен туған. Үнділердің өте ерте дәуірден сақталған аңыздардан, гимндерден, діни жырлардан құралған «Веда» деп аталатын жазба ескерткіштері болған.
Ежелгі Грек тіл білімі. Ежелгі дәуір тіл білімінің тағы бір отаны - Ежелгі Греция. Грецияда туған тіл біліміндегі ой-пікір бүкіл Еуропа тіл ғылымының қалыптасып дамуына күшті әсерін тигізді. Ф. Энгельстің: «Греция мен Рим қалаған негіз болмаса, қазіргі Еуропа да болмас еді» деген сөзін тіл біліміне байланысты да айтуға болады. Тіл мәселелеріне байланысты бұл елден біздің дәуірге жеткен жазба материалдар жыл санауымыздан бұрынғы 5 ғасыр жыл санауымызға дейінгі 5 ғасыр шамасынан басталады.
Рим тіл білімі. Грецияны жаулап алған римдіктер тіл білімін дамытуға айтарлықтай үлес қоса алмады. Олар Александрия грамматистерінің ілімін өз тіліне сәйкестендіріп қолданудан аса қойған жоқ. Рим грамматистері ішіндегі ең көрнектісі – Варрон (жыл санауымызға дейінгі 1 ғасырда өмір сүрген), кейінірек Доната (4ғасырда) болды. Бұлар латын тілі грамматикасын жазды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Амирова Т.А. Олбховиков Б.А., Рождественский Ю.В. Очерки по истории лингвистики.М., 1975
-
Ахманова О.С. Основные направления лингвистического структурализма. М., 1985
-
Березин Ф.М. История лингвистических учении. М., 1978
-
Березин Ф.М., Головин Б.Н. Общее языкознание. М., 1979
-
Гумбольдт В.А. Избранные труды по языкознанию. М., 1984
-
Бодуэн де Крутенэ Избранные труды по языкознанию. М., 1984
-
Звегинцев В.А. Внутренные законы развития языка. М., 1985
-
Кодухов В.И. Общее языкознани. М., 1974
-
Қордабаев Т.Р., Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі, А., 2004
-
Лингвистический энциклопедичесуий словарь. М., 1990
3,4-ДӘРІС
ТАҚЫРЫБЫ: ОРТА ҒАСЫР ТІЛ БІЛІМІ
Дәріс жоспары:
1.Орта ғасыр дәуірінің ерекшеліктері.
2.Әлемдік діндердің, канондық тілдердің пайда болуы, тіл біліміне тигізген әсері.
3.Орта ғасыр лингвистикасына тән сипаттар.
Орта ғасыр – адамзат қоғамы дамуының он шақты ғасырын қамтитын және прогресс тұрғысынан алғанда әр тектес болып келетін күрделі де шытырманы көп дәуір. Еропа тарихы тұрғысынан қарағанда бұл мезгілді үш кезеңге бөлуге болады: а) 3-5 ғасырлар арасы. Бұл – құлдық дәуірдің ыдырап, феодалдық қоғамның құрыла бастаған кезеңі; ә) 6-10 ғасырлар аралығы. Бұл – феодалдық қатынастың әбден орнығып, гүлденген заманы; б) 11-16 ғасырлар аралығы. Бұл - феодалдық қатынастың ыдырап, капиталистік қоғамның туа бастаған, тарихта қайта өркендеу дәуірі (ренессанс) деп аталатын кезең.
Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі - әр түрлі діндердің әлемдік діндерге айналуы. Ондай діндер қатарына будда, ислам, христиан діндерін жатқызуға болады.
Араб тіл білімі. Дүние жүзі ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан халықтардың бірі – арабтар. Бұлардың жазбалары 4 ғасырлардан басталады. Арабтар – тіл ғылымының дамуында да елеулі рөл атқарды. Ортағасырлық арабтарда тіл білімінің ерекше дамыған кезі – Халипат дәуірі деп аталатын 7-12 ғасырлар шамасы.
Қайта өркендеу дәуіріндегі тіл білімі. Еуропа тарихы тұрғысынан алғанда, Қайта өркендеу дәуірі 14-16 ғасырлар арасын қамтиды. Бұл – қоғам дамуында орта ғасырдың аяқталып, жаңа тарихтың, буржуазиялық қоғамның басталған кезі. 14ғасырдан бастап, алдымен Италияда қалыптасқан «Қайта өркендеу» деген термин феодалдық қатынастың орнына келген капиталистік қоғамдағы буржуазия мәдениетімен тығыз байланысты болды. Өйткені Қайта өркендеу дәуірі озық ойдың еркін дамуына мейлінше кедергі жасаған, догмалық ережелерге сүйенген ортағасырлық кертартпа дәстүрден, мешеу мәдениеттен шынайылықты, гуманизмді уағыздайтын жаңа дәуір мәдениетіне өту болып табылады. Бұл дәуірде орта ғасырда діннің қуғынына ұшырап, елеусіз қалған көне мәдени мұраларға ерекше көңіл бөлу, оларды қайта көркейту, өрлету ұраны көтерілді. Сірә, жаңа дәуірдің «Қайта өркендеу» деп аталуы да осыдан болса керек.
Универсал грамматика 1660 жылы жарияланған. Оны француз ғалымдары – логик, философ, профессор Антуан Арно (1612-1694) мен грамматист, филолог, профессор Колод Лансло (1616-1695) екеуі бірігіп жазған. Бұлар өз заманында Франциядағы ғылым мен халық ағарту істерінің орталығы болған Пор-Рояль монастырының ғалымдары болғандықтан және грамматика сол монастырьда шыққандықтан, оны «Пор-Рояль грамматикасы» деп те, «Рационалды жалпы грамматика» деп те атайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Амирова Т.А. Олбховиков Б.А., Рождественский Ю.В. Очерки по истории лингвистики.М., 1975
-
Ахманова О.С. Основные направления лингвистического структурализма. М., 1985
-
Березин Ф.М. История лингвистических учении. М., 1978
-
Березин Ф.М., Головин Б.Н. Общее языкознание. М., 1979
-
Гумбольдт В.А. Избранные труды по языкознанию. М., 1984
-
Бодуэн де Крутенэ Избранные труды по языкознанию. М., 1984
-
Звегинцев В.А. Внутренные законы развития языка. М., 1985
-
Кодухов В.И. Общее языкознани. М., 1974
-
Қордабаев Т.Р., Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі, А., 2004
-
Лингвистический энциклопедичесуий словарь. М., 1990
5,6-ДӘРІС
ТАҚЫРЫБЫ: ХІХ ғасыр тіл білімі
Дәріс жоспары:
1.ХҮІІІ-ХІХ ғасыр тіл білімінің зерттелу жайы.
Тілдердің бір –біріне жақын, өзара туыстас болатындығы туралы пікір салыстырмалы-тарихи тіл білімінен, яғни 19 ғасырдан көп бұрын белгілі болған.
Түркі тілдерінің өзара туыстас, бір негізден тараған тіл екендігін түркі нәсілді Махмуд Қашқари 11 ғасырдың өзінде айқындады. Ол түркі тілдерін қыпшақ, оғыз, түркі деп аталатын үш топқа бөліп зерттеді.
Салыстырмалы-тарихи тіл білімі. Еуропалық тіл білімі дамуының жаңа дәуірі тілді дамып, өзгеріп отыратын тарихи құбылыс деп танудан, тілдер өзара туыстас, төркіндес болады деп біліп, сол заңдылықтарды ашуға, зерттеуге салыстырмалы-тарихи әдісті қолданудан басталады. Тіл туралы ғылым тарихында үлкен бетбұрыс болған бұл жайт19ғасырдың алғашқы он жылдығында орныға бастайды. Әрине, жаңа әдістің қалыптасуы – ежелгі заманнан басталатын лингвистикалық ой-пікір дамуының заңды, табиғи нәтижесі. 18 ғасырдың соңғы жартысы мен 19 ғасырдың алғашқы жылдарында тіл ғылымының даму қарқыны, бағыты жаңа зерттеу әдісінің қажеттігін айқын көрсетті.
19 ғасырдың бас кезінде әр елде салыстырмалы-тарихи әдіс негізінде жазылған бірнеше еңбек жарық көрді. 1816 жылы неміс Франц Бопптың санскрит тіліндегі етістіктердің жіктелу жүйесімен салыстыра зерттеген еңбегі шықты. Онда аталған тілдердің туыстығы дәлелденді. Бопп бұл тілдерден жинаған материалдарын иран, славян, балтық бойы халықтары, армян тілдері фактілерімен толықтыра келіп, 1833-1849 жылдар арасында «Үндіеуропа тілдерінің салыстырма грамматикасын» жазды.
Франц Бопп (1791-1867) Майнце қаласында туған. Гимназияда оқып жүрген кезінде-ақ санскрит, парсы, араб, көне еврей тілдерін оқып үйренген. 1821 жылы Берлин университетіндегі шығыс әдебиеті және жалпы тіл білімінің профессоры, 1829 жылы академик. Оның ең басты еңбегі – «Санскрит, зенд, армян, грек, латын, литва, көне славян, гот, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикасы». Бұл еңбек үш томнан тұрады: 1833-1852 жылдары бірінші рет, 1856-1861 жылдарда жөнделіп екінші рет, 1868-1870 жылдары үшінші рет басылды.
Расмус Кристиан Раск (1787-1832) Копенгаген университетінде оқыған. 1823 жылдан бавстап осы университеттің профессоры. Ол 20-шақты тілді білген: испан, итальян, француз, көне ағылшын, швед, т.б. көптеген тілдердің грамматикасын жазған. Расктің тілдер фактілерін салыстырудан туған ең көрнекті еңбегі «Ежелгі солтүстік тілдері және неміс, ислан тілдерінің шығуы туралы зерттеулер» деп аталады. Бұл еңбегінде автор гот (герман) тілдерінің латын, грек тілдерімен туыстастығын дәлелдейді.
Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің тағы бір көрнекті өкілі – неміс ғалымы Якоб Гримм. Бұл ғалымның төрт томнан тұратын «Неміс грамматикасы» атты еңбегінің бірінші кітабы 1819 жылы басылады. Мұнда автор неміс тілінің қалыптасу, даму жолдарын, оның құрамындағы әр түрлі диалектілерді бір-біріне салыстыру, неміс тілін герман тіліне жататын басқа тілдермен қатар қоя қарау арқылы айқындайды.
Тіл философиясы. Тіл философиясы тіл білімінен көп бұрын пайда болған. Тіл ғылымы дүниеге келген күнінен бастап философиямен тығыз байланыста келеді. Ол туралы алдыңғы тарауларда айтылды.
Дүниеге келу тарихының көнелігіне қарамастан, тіл философиясы осы атауға 19 ғасырда ғана ие болды. 19 ғасырда Еуропа халықтарының салыстырмалы-тарихи грамматикаларын жазумен қатар тіл философиясының ғылым саласы ретінде қалыптасуына, дамуына, өзіндік нысанының айқындалуына көп көңіл бөлінді. Бұл дәуірдегі тіл философиясының алға қойған мақсаты – тілдің табиғаты мен мәнін, оның қоғам өмірінде алатын орны мен қызметін, ойлаумен, адамдардың рухани өмірімен байланысын айқындау болды. Бұл мәселемен сол дәуірдің көрнекті ойшылдары – Гердер, Шлегель, Гумбольдт, Шлейхер, Штейнталь, Вундт сияқты ғалымдар айналысты. Бұлардың ішінде өз дәуірі үшін де, кейінгі заман үшін де ең беделдісі Вильгельм Гумбольдт (1767-1835) болды. Тіл ғылымы тарихында оны салыстырмалы тіл білімінің, жалпы тіл білімінің және тіл философиясының негізін қалаушы деп санайды. Гумбольдт салыстырмалы-тарихи әдістің тіл зерттеу әдісі болып қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Осы әдістің принциптері, проблемалары шеңберінен тысқары да көптеген проблемаларын көтеріп, теориялық тұжырымдар жасады. Тілдің табиғаты, мәні, құрылымы, тіл мен мәдениет, тіл мен материалдық дүние, тіл мен ойлау, тіл мен қоғам, тіл тарихы, тіл білімінің салалары, т.б. Гумбольдт зерттеген проблемалар қатарына жатады. Оның бұл салалардағы тұжырымдарын толық та айқын баяндайтын еңбектері – «Адамзат тілі құрылысының әр алуандығы туралы» (1827), «Ява аралығындағы Кави тілі туралы» (1836) деп аталатын туындылары.
В. фон Гумбольдтың философиялық-тілдік ілімі негізінде тілді және оны зерттеу туралы қалыптасқан көзқарастар жиынтығынан гумбольдтианство пайда болды. Ол алдымен Германияда, кейін Ресейде дамыды. Гумбольдт ілімін қостап жалғастырушылардың бастылары Х.Штейнталь, В.Вундт (Германия), А.А. Потебня (Ресей) сияқты ғалымдар болды.
20 ғасырдың алғашқы жартысында Еуропа мен Америкада неогумбольдтианство бағыты дамыды. Ол негізінен тілдің семантикалық жағын зерттеуге және тілді халық мәдениетімен тығыз байланыста зерттеуге мән берді. Бірақ идеалистік, метафизикалық философия тұрғысынан тілдің ой-сана мен танымдық процестегі қызметін асыра бағалады.
Типологиялық зерттеу. Салыстырмалы-тарихи зерттеу - өзара туыстас, төркіндес тілдер семьясын жеке-жеке зерттегені болмаса, әр семьяға жататын тілдерді бір-біріне салыстыра жинақтап қарау, сөйтіп, дүние жүзіндегі тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ типтік сипаттарды ашу ісінде дәрменсіз болды. Ал, жалпы тіл білімі тек тілдер туыстастығын айқындауды ғана көздемейді, ол дүние жүзіндегі тілдердің жалпыадамзаттық сипаттарын, типтік белгілерін ашып, тіл атаулының барлығын да қамти алатын типологиялық классификация жасауды да қажет етеді. Осы мақсатты іске асыру үшін салыстырмалы-тарихи зерттеумен замандас салыстырудың екінші түрі, типологиялық салыстыру дүниеге келеді. Тіл білімінде зерттеудің бұл түрі салыстырмалы әдіс, типологиялық әдіс, кейде типологиялық тіл білімі деп аталады.
Типологиялық зерттеу – мәні, функциясы жағынан тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ, жалпылылық сипаты бар нысандарды салыстырады. Мұндай нысан тілдің фонология саласында да, семантикалық, грамматикалық салаларында да болды. Типологиялық тілдердің осы аталған жүйелердегі жалпылық мәні бар нысандарды бір-біріне салыстыра қарау арқылы олардың арасындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктерді ашады. Мысалы, фонология саласында дыбыстардың дауысты, дауыссыз, шұғыл, ызың болып бөлінуі, болмаса морфемалардың лексикалық, грамматикалық болып бөлінуі, т.с.с. тілдердің барлығына немесе басым көпшілігіне тән типтік белгілер. Типологиялық зерттеуде осылар сияқты универсал тұлғалар салыстырылады.
Типологиялық әдістің тіл білімінде қолданыла бастағанына біраз уақыт болғанымен, ол туралы әр елдің көрнекті тіл ғалымдарының көпшілігі пікір айтқандарымен, бұл мәселе күні бүгінге дейін бір ізді шешімін тапқан жоқ.
Дүние жүзіндегі тілдердің Типологиялық белгілерін айқындап, тілдерді сол белгілеріне қарай жіктеуді алғаш ұсынған неміс романтиктерінің көсемі Фридрих Шлегель. Ол 1809 жылы жарық көрген «Үнділердің тілі және даналығы» дейтін еңбегінде сөз тұлғасын түрлендіретін қосымшалардың бар-жоқтығына, сөздердің тұлғалық құбылысқа түсудегі сипатына қарай тілдерді флективті, агглютинативті деп екі топқа бөледі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Амирова Т.А. Олбховиков Б.А., Рождественский Ю.В. Очерки по истории лингвистики.М., 1975
-
Ахманова О.С. Основные направления лингвистического структурализма. М., 1985
-
Березин Ф.М. История лингвистических учении. М., 1978
-
Березин Ф.М., Головин Б.Н. Общее языкознание. М., 1979
-
Гумбольдт В.А. Избранные труды по языкознанию. М., 1984
-
Бодуэн де Крутенэ Избранные труды по языкознанию. М., 1984
-
Звегинцев В.А. Внутренные законы развития языка. М., 1985
-
Кодухов В.И. Общее языкознани. М., 1974
-
Қордабаев Т.Р., Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі, А., 2004
-
Лингвистический энциклопедичесуий словарь. М., 1990
7,8 -дәріс
Тақырыбы: ХІХ ғасырдағы лингвистикалық мектептер.
Дәріс жоспары:
1Логикалық бағыт
2Психологиялық бағыт
3.Мәскеу лингвистикалық мектебі, оның негізгі бағыты.
4 Женева лингвистикалық мектебі, оның негізгі бағыты.
Логикалық бағыт – тілді ойлауға және логика мен философиядағы әр түрлі ағымдар мен концепцияларға қатысты зерттейтін көзқарастар жиынтығы. 19 ғасырдың 1 жартысындағы философиялық тіл білімі логикалық және психологиялық бағыттардың қарама-қарсы дамуынан көрінеді. Бұл екі бағыттың екеуі де грамматиканың формалдық және семантикалық жағына көңіл аударды. Бірақ ол жайындағы көзқарастары қарама-қайшы болджы. Логикалық бағыттын негізгі мақсаты – ойлаудың танытқыштық қызметін, логикалық категориялар мен тілдік категориялар арасындағы қарым-қатысты зерттеу, тілдік категориялардың логикалық сипатын айқындау. Бұлардың пікірінше, логикалық категорияларға жататын ұғым, байымдау, субъект, предикат пен тілдік категорияларға жататын сөз, сөйлем, бастауыш, баяндауыш сияқтылар арасында үндестік, бірлік бар. Алдыңғы логикалық категориялар соңғы тілдік категориялар арқылы жарыққа шығады: ұғым – сөз, байымдау - сөйлем, субъект - бастауыш, предикат - баяндауыш арқылы т.б.
Психологиялық бағыт. Натуралистерге қарсы күрес үстінде дүниеге келген бағыт психологиялық ағым деп аталады. Тіл біліміндегі психологизм 19 ғасырдың орта кездерінен бастап қалыптаса бастады. 19 ғасырдың екінші жатысындағы көрнекті тіл ғалымдарының көбі осы бағытты жақтады. Тіл психологиясының нысаны – адамдардың сөйлеу әрекетінде болатын психикалық процестер. Тіл психологиясын қалыптастырушылардың ең бастылары қатарына Берлин университетінің прфессоры Гейман Штейнтальды (1823-1899) жатқызуға болады. Кейініректе Штейнтальдың көзқарасын Харьков университетінің прфессоры Александр Потебня (1835-1891), неміс ғалымдары Вильгельм Макс Вундт (1832-1920), Герман Пауль (1846-1921), тағы басқалар қолдады. Тілдік құбылыстарды психологиялық тұрғыдан сөз ету – 19 ғасырдағы лингвистердің көпшілігінде болды және бұл бағыт тілдік философия ретінде әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың, мектептердің басын біріктірді.
Психологиялық бағыттағылар өз ішінен индивидуалистік психологизм, әлеуметтік психологизм деп аталатын екі бағытқа жіктеледі.
Индивидуалистік психологизмнің ең көрнекті өкілі Герман Пауль. Бұл бағыт тіл біліміндегі натуралистік және логикалық бағыттарға қарсы күресе отырып, тілдік құбылыстардың барлығын жеке адамдардың сөйлеу және психикалық ерекшеліктеріне, олардың ой-санасындағы өзгеріс-құбылыстарына тәуелді етеді. Жалпы халық тілі, біртұтас ұлт тілі деген – жалған сөз. Тіл жеке индивидуумдікі. Сондықтан тіл білімінің міндеті – индивидуумның тілін зерттеу. Индивидуумның тілін, психикалық құбылысын зерттеу арқылы тұтас халықтың, ұлттың рухани өмірінің заңдылығын ашуға болады деп қарайды.
Әлеуметтік психологизм теориясын негіздеуші, оның ең көрнекті өкілі Гейман Штейнталь. Оның тіл мәселелерін психологиялның заң-ережелеріне негіздеп шешетін концепциялары «Грамматика, логика, психология және бұлардың принциптері мен өзара қарым-қатынастары» (1855), «Психология мен тіл біліміне кіріспе» (1881), «Тілдің шығуы» (1851) деп аталатын т.б. еңбектерінде баяндалған.
Достарыңызбен бөлісу: |