Қазақстан археологиясы



бет8/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Төменгі (ерте) палеолит

Палеолит дәуірі (ежелгі тас) адамзат тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Біздің ілкідегі ата-бабаларымыздың тік жүруге көшуі және қолдарының еңбек ету үшін босауы, алғашқы дөрекі өңделген еңбек құралдарының жасалуы адамзат қоғамының қалыптасуының бастамасы еді. Кейінгі бірнеше мыңжылдықтар дәуірі адамның биологиялық түр ретінде (Homo sapiens) біртіндеп қалыптасу, оның еңбек құралдары мен өмір сүру салтының жетілу, қоғамдық ұйымдасуының үдейі дами түсуінің уақыты болды. Жердің әрқилы түкпірлерінде адамның қалыптасуы мен даму тарихында, оның еңбек қызметінде ұқсастықтар өте көп және олар өзара тығыз байланысты болып келеді. Бұған қарағанда, Қазақстан аумағындағы адам эволюциясын әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі деп қарастыруға болады.


Қазіргі кезде біздің арғы бабаларымыздың тұрмыс туралы осы заманғы түсініктер олардың тұрған жерлеріне, адам еңбектерінің қалдықтары - тас құралдарына, оларды жасағанда қалған өндіріс қалдықтарына, жан-жануарлар сүйектері түріндегі тағам қалдықтарына негізделеді. Сондай-ақ, бүгінде даму деңгейі артта қалған деп аталатын халықтар өмірінен алынған этнографиялық мәліметтердің де маңызы аз емес. Бұлар ежелгі адамзаттың заттай және рухани мәдениетінің кейбір қырларын мейлінше нақты түсінуге мүмкіндік береді. Бірақ, ең басты ақпаратты алғашқы қоғамның негізгі материалы болып табылатын – тастан жасалған еңбек құралдары береді.
Ежелгі адам өзінің дамуында бірінен соң бірі келген бірнеше кезеңдерден өтті. Бұлардың негізінде тасты өңдеу техникасының жетілуі және осыған байланысты еңбек өнімділігінің, заттай және рухани мәдениеттің өсуі жатыр.
Ғылымдағы қазіргі классификацияға бойынша, ежелгі тас ғасыры ұзақ-ұзақ үш хронологиялық дәуірлерді: ерте (төменгі), орта және кейінгі (жоғарғы) палеолитті қамтиды. Батыс Еуропа материалдарына негізделген ежелгі палеолит классикалық үлгі бойынша үш кезеңге: ерте - олдувэй, ашель; орта палеолит – кейінгі ашель мен мустье; кейінгі палеолит – ориньяк, солютре мен мадлен болып бөлінеді. Соңғы жылдары бұл үлгіге бірқатар түзетулер енгізілді. Бірқатар авторлар мустье мен кейінгі палеолитті межеге алып, палеолитті ежелгі және кейінгі деп бөледі. Көбінесе Африкадан табылған жаңа мағлұматтар негізінде, дошелльді қамтитын адамзат өмірінің ерте кезі бұл күнде олдувэй дәуірі деп белгіленеді.
Төменгі палеолиттің дошелль немесе олдувэй мәдениеті деп аталатын ең ежелгі кезі шамамен 2,5 млн. жылдардан 800 мыңжылдықтарға дейін созылды. Ежелгі палеолиттің кейінгі екі дәуірі – шелль мен ашель 800 мың жылдан 140 мың жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Көптеген зерттеушілер орта палеолитті (кейінгі ашель мен мустье) б.з.б. 140-40 мыңжылдықтарға жатқызады. Кейінгі палеолит шамамен 40-10 мыңжылдықтарға сай келеді.
Ежелгі тас дәуірі - адамның және оның шаруашылығының қалыптасу уақыты өндіргіш күштердің төмен деңгейімен сипатталады. Долбарлы шаруашылық мәні табиғаттан дайын өнім алу: жабайы дәнді-дақылдарды, жемістер мен жидектерді жинау, аңдарды аулау сынды іс-әрекеттерден тұрды. Адамдардың қарым-қатынасы ұжым мүшелерінің экономикалық теңдестігіне, еңбектің табиғи түрде жыныс-жас жағына қарай бөлінуіне қарай құрылды және өзіндік бір сипаты жағынан ұжымшылдықта болды.
Адамдардың палеолит дәуіріндегі қоғамдық ұйымы күрделі де ұзақ даму жолынан өтті. Оның бастапқы кезеңі - бірігіп қорғану мен шабуылдау, аң аулау мен терімшілікпен айналысу үшін құрылған – тобыр болды. Руға дейінгі бұл әлеуметтік құрылым – түбірсіздігімен, қоғамдық қатынастардың дамымауымен, қауымдық-отбасылық шаруашылықтың жоқтығымен сипатталынады (ерекшеленді), сонымен қатар оған некелік қатынастардың кейбір қырынан ғана реттелуі (көсемнің рөлінің күштілігі, т.б.) тән еді. Алғашқы қауымдық тобырдың өмір сүрген уақытына төменгі палеолиттің ең ерте сатысына – олдувэй кезеңіне жатқызылады.
Ашель заманында біртіндеп жаңа әлеуметтік құрылым – алғашқы қауымдық құрылыстың алғы шарттары пісіп жетіле бастайды. Ал мустье дәуірінде отырықшылық орнықты, жыныс пен жас мөлшеріне қарай еңбек бөлінді, қауымның алғашқы тұрпаттары байқалды. Кейінгі палеолиттегі адам ұжымы әлеуметтік жағынан алғашқы рулық қауымның кемеліне жеткен қатынастарымен сипатталынады. Бұл сапалық секірім, көптеген зерттеушілер пайымдауынша неандертальдықтардың осы замандағыдай дене бітімі бар адамға (Homo sapiens) айналуымен тұстас келген.
Homo түрінің нақты ежелгі өкілдері бұдан 2,5 млн. жыл бұрын пайда болды. Бұл уақытта австролопитектер өмір сүргендігі туралы пікірлер бар. Қазір 1959-1963 ж. Олдувэй шатқалынан (Шығыс Африка) дөрекі шапқы құралдарымен (чоппер) бірге сүйек қалдықтары да табылған презинжантроп Жер шарындағы ең ежелгі еңбек етуге қабілеттілер ретінде саналады. Бұл ежелгі гоминидке ғалымдар «Homo habilis» («шебер адам») деген атау берді. Оның калий-аргон әдісі бойынша алынған абсолюттік жасы - 1 млн. 750 мың жыл.
Homo habilisтің ми көлемі (652 см 3) антропоид маймылдар миынан біраз асады. Басқа бірқатар мәліметтер де, мысалы, тік жүргендікті айқындайтын, айқын білінетін табан имектігі, бұл тіршілік иесінің адам тәрізді маймылдардан ежелгі адамды бөлген шектен әлдеқашан өтіп кеткендігін көрсетеді.
Адам эволюциясының келесі қадамы Homo erectus («түрегелген адам») сатысымен байланысты. Бұл түрдің өкілдері тас ғасырында шелль-ашель мәдениеттерін қалдырған - питекантроп пен синантроп болды. Ява аралынан табылған питекантроптың ми көлемі 950 см3, ал Пекин маңындағы Чжоукоудянь үңгірінен алғаш рет қазып алынған синантроп миы 1075 см3 еді. Есте қаларлығы, синантроп сүйектерімен бірге түрлі тұрпаттағы (формадағы) дөрекі тас құралдары, қатты отқа күйген тастар және төменгі антропоген фаунасындағы жануарлар сүйектерінің үлкен көлемде жатқан-ды.
Қазіргі уақытта осы заманғы адамның ең ежелгі түпкі отаны (ата мекені) мен расалық түрлердің тегі туралы бірыңғай пікір жоқ. Екі ғылыми болжам: көпорталық (полицентрлік) және бірорталық (моноцентрлік) кең тараған. Біріншісі бойынша, осы заманғы адам планетаның Еуропа, Азия, Африка, Австралия секілді бірнеше бөліктерінде қалыптасқан; бір-бірінен біршама бөлек (оқшау) түрлі қарқынмен еуропа тектес (еуропеоид), моңғол тектес (монголоид), зәңгі тектес (негроид), австралия тектес (австралоид) үлкен расалардың қалыптасу үрдісі (процесс) жүрген. Бірорталық (моноцентрлік) ғылыми болжамын жақтаушылар, барлық расалық түрлер алғашқыда Солтүстік-Шығыс Африканың, Алдыңғы және Оңтүстік Азияның орасан зор аумағын мекендеген бір арғы ата-бабалардан тараған деп есептейді. Бұл алғашқы адамдарда осы заманғы расалардың бірде-бірінің нышандары болған жоқ, тек қана адам топтарының Жер шарының түрлі өңірлеріне мүмкіндігінше таралуы мен сонда тұрақтап қалуына орай, біртіндеп сол немесе басқа расалық түрлер қалыптасқан.
Соңғы уақытта ғалымдар тарапынан адамның Солтүстік-Шығыс және Оңтүстік-Батыс Азия сияқты екі облыста қалыптасуы жөніндегі теория ұсынылды. Дәл осы, экватордан солтүстікке қарай орналасқан тропикалық аймақтан ежелгі адамдардың қазба қалдықтары көп табылған-ды.
Кейінгі ашель мен мустье уақытында тас құралдарын жасау технологиясында және ежелгі адамның өмір сүру бейнесінде түбегейлі өзгерістер болып өтті. Бұлар неандертальдық аталатын адамның жаңа, жоғарғы дәрежедегі эволюциясы салдарынан өзгерген еді.
Жалпылама түрде палеоантроптар аталатын ашель-мустье дәуірінің адамдары, Жер шарының кейбір бөліктерін мұздық басқан, климаттың біршама суытқан жағдайында өмір сүрді. Төменгі палеолиттің бұл ақырғы кезеңінде қазіргі адамдар түрінің ата-бабаларының сыртқы кескін ерекшеліктері түпкілікті орнықты.
Маңдайы көлбеу, қасының үсті доға тәрізді, бас сүйегінің аласа болуы, бет сүйегінің шомбалдылығы, тістері өте ірі, иек сүйегінің болмауы немесе нашар дамуы неандертальдықтардың басты өзгешелік белгісі болып табылады. Омыртқасындағы онша байқалмайтын бүгіліс пен аяғындағы тізесінің әлсіз түзулігі неандертальдықтардың жүрісі ебедейсіз болғандығын көрсетеді. Олар аласа бойлы (150-160 см) болды, енді бірақ та ми қауашағының көлемі 1300-1400 см кубқа жетті.
Кейінгі ашель мен мустье заманы палеолит адамы мен оның мәдениетінің дамуындағы жаңа кезең болды. Өндірістік қатынастарда ол дамыған тас өңдеу техникасына өтумен басталды. Мұның мәнісі сол, тас дайындамасының қысқа жағы бір немесе екі тегіс алаңқайша алу үшін шағылды. Бұл үшін сүйектен, ағаштан, мүйізден жасалған цилиндр тәрізді шой балға пайдаланылды. Сонан соң тегіс алаңқайшадан ұзынша зілмен тас тілікшелері шағып алынды. Тас өңдеудің бұл жаңа тәсілі леваллуа техникасы деген атау алды.
Ашель заманында пайда болған дөңгелек өзектастардан құралдар жасау тәсілі де бұрынғыдай дами берді. Мұндай дайындамалардан тас тіліктерін дөңгелек өзектастың шетінен орта тұсына бірнеше соққы бағыттай отырып дайындады. Мустьеде құралдардың негізгі түрі үшкір тас пен қырғыш болды. Үшкір тас - пышақ ретінде және сабы ағаш найза, сүңгі ұшына пайдаланылса керек. Қырғыштар ағаш өңдеу, аң терілерін сыпыру, т.б. жұмыстарға пайдаланылды.
Бірақ, құрал-сайман жиынтығы бұл екі құрал түрлерімен шектелген жоқ. Олармен қатар алдыңғы дәуірлердегі тас құралдарының клектон және «жалған» клектон түріндегі жаңқалар, бифастар, унифастар, т.б. болды және дамытыла берді.
Мустье уақытындағы түрлі өңірлердегі ескерткіштерден әркелкі құралдар түрлері мен оларды дайындаудың техникалық тәсілдері анық байқалады. Соңғысы бәлкім ашель кезеңінде, сондай-ақ әлбетте мустье уақытында ежелгі адамдар тобы мәдениетінде жергілікті (фациальды) ерекшеліктер болғандығы жайлы ойға жетелейді. Мұндай ерекшеліктер Қазақстан аумағына да тән.
Тас құралдарын дайындаудың техникалық-типологиялық өзгешеліктері сол немесе басқа ұжымды қоршаған табиғи орта, тас өңдеуде қалыптасқан дәстүр, шикізат ресурстары секілді түрлі себептер бойынша анықталды. Мустье адамының ірі жетістігі отты тұтатудың әрқилы жолдарын: ағашты ағашқа үйкелеу (ағаш таяқшасының үшкірленген жағын жұмсақ ағаштың ойығына салып, айналдырған) мен кентас минералдарына шақпақ тасты ұрып ұшқын алу болды. Отты игеру жануарлар еті мен майын нәрлі де жеңіл қорытылатын тағамға айналдыруға мүмкіндік берді.
Ежелгі палеолиттің кейінгі кезі ескерткіштердің көп түрлілігімен ерекшеленеді. Бізге жар астында немесе үңгірге кіре беріс тұста тұрақты ошағы бар қарапайым баспаналар, тұрақ-шеберханалар, шеберхана-тасқашау орны, маусымдық аңшылық қоныстары, аңшылық уақытша лагерьлер жеткен.
Неандерталь адамы климаттың ылғалдылығы мен күннің суыту жағдайында күрке түріндегі баспананы тұрғызды, ол шағын дөңгелек жертөле қазып, бұлардың қабырғасын жерге қазылған жануарлар сүйектерімен бекітті, жануарлар сүйектерінен ірі баспаналар көтерді. Ұзақ уақытқа арналған баспаналардың тұрғызылуы - адамдардың тұрмыс салты мен қоғамдық ұйымдасуында елеулі өзгерістер болғандығын көрсетеді. Сол заманда-ақ жартылай отырықшылық тұрмыс салты қалыптасқандығы жайлы айтуға негіз бар. Терімшілікпен айналысқан адамдар ұжымының бір бөлігі ( әйелдер, балалар, қарт кісілер) тұрақты баспанада тұрды, ал келесі бір бөлігі – аңшылар тобына немесе отрядтарына біріккен ер адамдар, - олжа іздеп көшіп жүрді және аңды қаумалап ұстауға ыңғайлы орындарда уақытша лагерь тікті.
Тас қазатын жерлерден шикізат алу, аң аулау құралдарын дайындау, баспана тұрғызу, аңшылар әкелген олжаларды ұқсатып, тағам дайындау сияқты еңбек үрдістерінің сан алуандығы табиғи түрде (жынысына және жасына қарай) еңбек бөлінісіне жеткізді.
Қоғамның негізгі ұясы жергілікті топ немесе аңшылар қауымы болды. Бәлкім, бұл қауымдарда сол кезде-ақ ру құрылымының қайсыбір қарапайым белгілері туралы, рухани мәдениеттің бастамалары жайлы айтуға мүмкіндік беретін қарапайым генеалогиялық байланыстар болған шығар. Ашель-мустье дәуірі палеоантроптардың біршама кең тарап қоныстанған уақыты болды; іс жүзінде ТМД елдерінің оңтүстік аудандарының бәрі неандерталь тұрпатты адамның мекендеген аймағына енді.
Қазақстан аумағында ежелгі палеолиттің екінші жартысына жататын көптеген ескерткіштер белгілі. Олардың біршама біркелкі таралуы мынаны көрсетеді: мустье дәуіріндегі адам Қазақстан аумағының оңтүстікте Қаратау жотасынан, солтүстікте Есіл өзенінің басталар жеріне дейінгі және батыста Сарысудың орта шенінен, шығыста Ертістің басталар жеріне дейінгі аудандардың көпшілігін игерген.
Қазірдің өзінде екі ірі мәдени аймақты – оңтүстік және солтүстік аймақты атауға болады.
Ежелгі тас ғасырының қазақстандық археологиясында әзірге дәстүрлі түрде палеолит дәуірін ежелгі, орта және кейінгі кезеңдерге бөлерліктей өлшемдер жоқ. Сондықтан Қазақстанның көне тарихының ескерткіштері жөнінде сипаттама екі – ежелгі палеолит пен кейінгі палеолит жайында берілген.
Қазақстан аумағынан ежелгі адамның қазынды қалдықтары әзірге табылған жоқ. Алайда қазақстанның оңтүстік аудандарындағы палеогеографиялық жағдай ежелгі адамның өмір сүруі үшін қолайлы болды. Мұны Оңтүстік Қазақстанда табылған, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африканың шелль-ашель уақытындағы тұрпайы құралдарына ұқсас ежелгі тас құралдар, Чжоукоудянь үңгірінен синантроппен бірге табылған фаунаға жақын ежелгі жануарлардың түр құрамы да көрсетеді.
Қазақстан аумағында ең ежелгі адамдардың мекендеуі үшін қолайлы аудандардың бірі Қаратау жотасы болды. Бұл жотаның маңайында және оған жақын аудандарда төрттік дәуірдегі мұзданудың ешқандай ізі болған жоқ. Біршама ылғалды, жылы климат ылғалды жерде қаулай өскен өсімдік, әр қилы фауна мұнда көне палеолит дәуіріндегі адамның өмір сүруіне қажетті алғы шарттар жасады.
Мұндағы ең көне еңбек құралдарынының қатарына жататындар – Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейіндегі Арыстанды өзенінің төменгі төрттік, ең жоғарғы жайылма сөресін құрайтын жентектелген қосындылардың ішінде Кеңірдек елді мекенінен табылған ауыр, тік бұрышты шақпақ тастар. Клектон тұрпаттас деп аталатын бұл ең ежелгі құралдардың одан анағұрлым кейінгілерден айырмасы – олардың соғатын қыр алаңқайшасы тым үлкен, ол тіпті тіпті бүкіл сынық көлемінің жартысынан көбірек. Олармен бірге бұл тас жаңқалары сындырылып алынған үлкен шақпақ тас дайындамалары, ұра-өзектастар да болды.
Кіші Қаратау жотасының солтүстік-шығыс бөлігіндегі ежелгі адам, шамасы, көбінесе оқшау қыраттарда (останцаларда), аласалау төбелерде немесе мүйістерде (куэстерде), көне замандағы құрал жасалатын негізгі зат болып табылатын шақпақ тастары көп жерлерде тұрды. Мұнда, мәселен, радиусы 5-10 км жерден 12 палеолиттік тұрақтар табылған, шақпақ тастан жасалған 5 мыңнан астам құрал жиналған. Қаратауда табылған ерте ашель дәуіріне жататын неғұрлым ден қоярлық олжалар Шабақты, Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл-1, Қазанғап қоныстарынан алынды.
Шабақты қонысында көлбей жатқан қыраттың тегіс бетінен, клектон тұрпатты деп аталатын, арыстанды тас жаңқаларына ұқсас екі шапқы табылды. Біріншісі үш бұрыш пішіндес, сұрғылт-жасыл шақпақ тасты әктастан жасалынған; оның жұқартылған екі қырлы жұмыс шетінен имек жүз шығарылған. Шомбал қырғышты еске түсіретін екінші шапқының түрі сопақтау; бұл уақытқа тән тағы екі құрал табылған. Мұның бірі ірі малта тастан дайындалған жүзі жалпақ африкалық чоппингті еске түсіреді. Оның имек келген жұмысқа пайдаланылатын бөлігі екі жағынан ірі жарықшақтармен ұшталған, ал қарсы ұшы өңделмеген. Бір шеті ірі жарықшақтармен өңделгендіктен, құрал дөрекі шапқы іспеттес болып шыққан.
Бөріқазған мен Тәңірқазған қойнауларындағы тұрақтар ерте ашель дәуіріне жатады. Мұнда нақпа-нақ анықталған мәдени қалдықтар шыққан жерден төрт түрлі бұйымдар тобы табылған. Бұлар – шеті не бір жағынан, не екі жағынан жұқартылған дөрекі шапқы құралдар, жүзі мейлінше өткірленген ашельдік тұрпатты шапқылар, клектон тұрпатты зілмен тас жаңқалары, тұрпайы ірі ұра-өзектастар. Бәрі де желден жеміріліп, әбден көнерген. Мұндай тас құралдар жиынтығы Ақкөл-1 тұрағына да тән.
Ерте ашель уақытына жататын тағы бір ескерткіш Бетпақдалада, Шу өзенінің оң жақ жағасынан табылды. Шу өзенінің ең жоғарғы көне төрттік сөресінің бетінде, Қазанғап қойнауында табылған заттардың жатқан жерінің геологиялық жағдайлары олардың жасының төменгі палеолитпен тұстас келетінін көрсетеді. Жұқа қабат тығыз құмдақтың астында көміліп қалған тұрақтан 300-дей әр қилы тас бұйымдары аршылды. Олар карбонмен шамалас қоңыр сары шақпақ тастан жасалған. Табылған заттардың негізгілері – клектон тұрпатты тас жаңқалары. Шақпақ заттардан көп кездесетіндері – екі жақты (бифас) және бір жақты (унифас) шапқы құралдар, қырғыштардың азды-кемді пайызы, қол шапқылар, өзектастар және басқа да құралдар.
Қаратау тас құралдарының тұрпаттары және оларды өңдеу тәсілдерінің Африкада, Үндістанда, Пәкстанда, Қытайда табылған ежелгі заттарға типологиялық жағыан ұқсастығы Оңтүстік Қазақстанның аумағын адам сонау шелль-ашель дәуірінде мекендеген деуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның ежелгі тұрғындары питекантроп пен синантроптың замандастары болған, бұлар эволюциялық дамуында Homo erectus кезеңіне сай келеді. Қаратаудың алғашқы тұрғындары от жағып, оны сөндірмей ұстай білген, ірілі-уақты хайуандарды аулаумен, өсімдік тағамдарын жинаумен шұғылданған. Бұған Оңтүстік Қазақстанда ұзақ жылдар бойы зерттелген Қоcқорған мен Шоқтас секілді бірегей ескерткіштерден қазып алынған материалдық қалдықтар куә бола алады.
Бұл ескерткіштер Оңтүстік Қазақстан Түркістан аумағындағы Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейі мен Сырдария өзендері алаптарының аралығында орналасқан. Аталған аудан Азия орталығындағы шөлді және шөлейтті (аридті) аймаққа кіреді, оған бір шетінен Қарақұм құмдарының да жақын болуы азды-кемді септігін тигізеді. Бұл ескерткіштердің басқа археологиялық нысандардан айырмасы сол, бірқатар тас құралдары атқылаған судың айналасына қатып-семіп қалған травертинді сақиналардан қазып алынған. Еңбек құралдары мен түз тағыларының сүйектері бірге жатуы олардың замандас екендігін де айғақтайды.
1993-1994 жылдары Қоcқорғандағы археологиялық ізденістер кезінде алынған тас құралдарының жалпы саны 5 мыңға жуық және де техникотипологиялық жағынан ап-айқын кешенді құрайды. Шикізат көзі, сыртқы келбеті, типологиясы, дайындау технологиясы (екінші қайтара өңдеу), алғашқы жаңқалау жүйесі секілді белгілері бойынша кешен бір тектес. Тас құралдарын дайындау үшін түрлі жыныстар пайдаланылған, олардың арасында кварц, сұр түсті ірітүйіршікті құмтас, кварцит, шақпақтас, әктас, тасқа айналған ағаш та бар. Артефактілердің 70% кварц пен мел заманындағы ірітүйіршікті құмтастан жасалынған, бұл екі жыныс кесек және сынық түрінде де пайдаланылған. Қалған жыныстар, негізінен, мел заманындағы шағын малтатас түрінде. Жалпы алғанда, индустрия кейпі микролиттік, құралдардың орташа мөлшері (көлемі) 3-5 см, бірақ мұның өзі шикізат көзімен тікелей байланысты болуы неғыбайыл, сірә ол өзіндік технологиялық дәстүрді анықтаса керек. Алғашқы жаңқалау леваллуа техникасына жақын екендігімен сипатталынады, бірақ, әлбетте, өзіндік ерекшелік оны қошқорғандық леваллуа техникасы деп белгілеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «цитрон» және радиалды техникалары да болған, бірақ олардың үлес салмағы мардымсыз. Өзектастардан (нуклеустерден) алынған дайындамалар (заготовка) қысқа түрпішінді, олар негізінен тас жаңқасына (отщеп) негізделген. Бифастық техника жоқтың қасы, оған қарағанда унифастар жиірек кездеседі. Екінші қайтара өңдеу түрлі типтегі түзетулерден (ретушь) тұрған, түзету вентраль бөлікке қарағанда, дорсаль жақтан көбірек түскен. Түзетудің сатылы, қабыршақты типтері айқын байқалады. Клектон ойықшалары, кейде аралас ойықшалар да кездеседі.
Құралдар арасында, әлбетте, түрлі типтегі қырғыштар басым, олардың арасында мустье сүйір ұшы, кескіштер, ойықты құралдар, қырғыштар, малтатастан жасалған құралдар бар.
Негізгі тас бұйымдарын сипаттай келе, олардың Қазақстан мен Орта Азиядағы индустриялар қатарынан кездеспейтіндігіне назар аудара кеткен жөн. Оларға аздап Көлбұлақ (Өзбекстан) пен В.А.Ранов енгізген «сары топырақты» (лессовый) палеолит (Тәжікстан) материалдары ұқсас. Айта кететін бір жайт, қошқорғандық кешендер бірқатар белгілері бойынша Орталық Еуропадағы Вертешселеш (Будаиндустрия) пен Бильцингcлебен индустрияларына ұқсас (жақын) болып келеді. Вертешселеш тұрағының мерзімі бұдан бұрынғы 350-600 мыңжылдықтарды қамтиды. Қошқорған мен Шоқтас кешендеріне ұқсайтын индустрияларды шығыс өңірлерден де кездестіруге болады. Мәселен, Қытай жеріндегі Чжоу Коу-дянь үңгірі. Мұның барлығы, Қоcқорған мен Шоқтас плейстоцен кезеңінде батыс пен шығысты жалғастырған бөлік болды ма екен деген көңілге пікір ұялатады.
Оңтүстік Қазақстанда анықталған ашель-мустье дәуіріндегі тұрақтар жаңа тұрпаттағы құралдардың бұдан бұрынғы уақыттағы ежелгі заттармен етене ұштасуымен сипатталынады. Осындай ескерткіштер қатарына Көктал өзенінің шығыс жағындағы Тоқалы қойнауынан табылған үш кешен жатады. Тоқалы (1-3) тас құралдарының орналасу жағдайлары Бөріқазған мен Тәңірқазғанда табылған заттардың орналасуына өте ұқсас. Аталған жерлерден 300-ден астам тас бұйымдары жинастырылған, олардың басым бөлігін дөрекі имек жүзді малта тас құралдары мен көне зілмен қырғыштар құрайды.
Келесі бір тұрақ – Қызылрысбек, ол Ақкөл көлінен оңтүстікке қарай 20 км жердегі куэст қыратының бетінен табылды. Құрал жасау үшін пайдаланылған материал ұсақ түйіршікті шақпақ тастардың табиғи жыныстары мен шақпақ малтатас болды. Бірнеше рет дәлдеп жарылғаннан кейін тастар тұрпайы қол шапқыларына немесе тас балтаның ізбасары болып табылатын колун тұрпатты құралдарға айналдырылатын болған. 20 шаршы метр жерде құралдардың бірнеше түрі — екі жақты шапқылар, өзектас
тәрізді шапқылар, дөңгелек өзектастардан шағылып алынған қырғыштар мен тас жаңқалары теріліп алынды.
Ашель-мустье дәуіріндегі адамдардың бірқатар тұрақтары
Бурылтай (Боралдай) өзенінің биік жайылма серелерінен шықты. Мұнда
ежелгі түрпаттағы ірі ауыр тас жаңқаларынан басқа дөңгелек өзектастар, үшкіл тас тіліктері, арқа тұсы кең, қырлы тас тіліктері, сопақша
қырғыштар, қара сұр үшкіл үлкен тас жаңқадан жасалған үшкіртас табылды. Бұл арада пайдаланылатын тастардың жоқтығы, тас саймандардың аздығы және өзгешелігі Бурылтай тұрақтарын аңшылардың шағын тобының аз уақыт болған жері деп есептеуге мүмкіндік береді.
Арыстанды өзенінің оң жағасында, Қарасу қойнауында зерт-
телген ескерткіштің түрі мүлде басқаша. Ш.Ш.Уәлиханов есімі берілген, бірнеше қабатты палеолиттік тұрақ Арыстанды өзенінің үшінші жайылма сөресінде болған. Бұл маңда, 10 мың шаршы метрден асатын жерде
шақпақ және халцедон заттардьң мол жиынтығы табылды.
Тас құралдардан басқа жабайы жануарлар сүйектерінің сынықтары мен ағаш көмірі бар материалдық мәдениеттің іздері көлбеу жатқан және алты қабатта болған; қабаттар сары топырақ арқылы бөлінген; сөйтіп, үш стратиграфиялық белдеу жасаған. Тұрақтағы заттар мустье пішінді. Олардың ішінде дөңгелек өзектастар, сынықтар, үшкір тастар, екі жағынан
өңделген шапқы құралдар, қырғыштар, жонғыш-қырғыштар, кескіштер бар. Оның үстіне қырғыштар мен кескіштер сонау мустье заманында пайда болып, сол кезде көп кездесетін жұмыс аспаптарымен қатар қолданылған.
Мәдени қатпарлардың 7 метрдей қалыңдығы он мыңдаған жылдар бойы алғашқы адамдардың мекені болған тұрақтардың орналасу жағдайларының өте-мөте қолайлы болғанын көрсетеді. Екінші және үшінші стратиграфиялық белдеулердің арасынан алынған құмдақтың тегін талдау мустье заманындағы тұрақтың маңы ашық дала болғанын дәлелдейді. Ірі дән ұрығы табылғаны
назар аударарлық; мұның өзі қолдан өсірілген дәндердің ұрығына ұқсас. Тау шатқалдарында, Қаратау бөктерлерінде, Арыстанды өзенінің жағалары мен жайылмаларында көделі-бұталы алқаптар ойдым-ойдым ормандармен аралас болған; бұлардың ішінде қарағай, қайың, шегіршін, үйеңкі, грек жаңға-
ғы, алма, тал, қызыл қайың, емен, жөке сияқты ағаш түрлері өскен.
Тұрақты мекендеушілердің негізгі кәсібі бизон, бұғы, киік, жылқы аулау болды. Шақпақ тас пен халцедон қорының жақындығы тұрғындарды еңбек құралдарын жасауға қажетті шикізатпен қамтамасыз етті. Тас заттарды өңдеу үшін сүйектен, мүйізден істелген құралдар - төстер, тас жарғыштар қолданылды.
Мустье мәдениетінің іздері Арыстанды өзенінің оң жағалауындағы
Шақпақ қазаншұңқырынан да табылды. Бұлар - дөңгелек өзектастар, олардан алынған тас жаңқалары, тегіс қалақтар, оншақты басқаша түрдегі
сынықтар. Шақпақ заттардың беттерін сарғылт тат басқан және типылданған. Құралдар жасайтын материал ретінде жар­тылай мөлдір сұрғылт боз шақпақ тастар пайдаланылған.
Қарасу поселкесінің маңында, Арыстанды өзеніне құятын Ащысай, Шөлтоғай, Майбұлақ, Қаратас сайларының шағын мүйістері мен жайылмаларының бетінде адамның қолымен сындырылған ақ және боз сұр жартылай мөлдір шақпақ тастардың біразы табылды.
Негізінде құралдар дөңгелек өзектастардың үшкіл сынықтарынан және қос қырлы ұзынша тас тіліктерінен жасалды. Тас тіліктері дөңгелек өзектастардан емес, бітімі жағынан призмаға ұқсас қатар қырлы өзектастардан шағылып алынды. Бұл тұрақтан табылған кұралдардың ішінде кішкене шапқылар, қырғыштар, шеті түзетілген үшкіртастар бар.
Оңтүстік Қазақстанның басқа жерлерінде де мустьелік аңшылардың бірқатар қызықты тұрақтары табылды. Бұлардың қатарында Алғабас, Үшбұлақ, Шабақты, Бүркітті, Шалсай тұрақтарын атауға болады.
Алғабас тұрағы Шаян өзенінің жайылмасындағы үшінші сөреде орналасқан. Тас бұйымдардың көпшілігі - қысқа жалпақ тас жаңқалары мен ауыр үшкіл тіліктер; бұлар ақ және көгілдір ақшыл тығыз шақпақ тастан жасалған.
Үшбұлақ қойнауында (Қаратау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 36 км) аңшылардың шағын топтарының қысқа мер­зімді тұрақтарының ізі сақталған. Лагерь суатқа келетін аңдар­ды аңдуға ыңғайлы бұлақ түбіне салынған. Әсіресе, алтыншы бұлақ (Үшбұлақ-6) түбіндегі көмбелер тас бұйымдардың сипатын неғұрлым толық қөрсетеді. Мұнда, бұлақтың басынан 3 м биікте, 1,6 метрдей тереңдікте, сарғылт сұр құмдақтың арасында жалпағынан жарылған ізі бар бірнеше әктас кесектері мен үш үшкіртас табылды. Олардың бірі үшкіл тұрпатты, жұқа жар­тылай мөлдір, сарғылт сұр тығыз шақпақ тас жаңқасынан өте мұқият жасалған.
Байқадам үстіртінің оңтүстік-шығыс жағында, Шабақты өзенінен 200-250 м биік қыраттан бұдан гөрі ірілеу тұрақ ашылды. Бұл жерден шақпақ малта тастан жасалған 200-дей бұйым шықты.
Дегерес үстіртіндегі, қазір құрғап қалған Шалсай өзенінің сөре тәрізді алаңынан (Баба-Ата ауылы) мустьелік үшкіртас­тар табылды.
Палеолит адамының Ұзынбұлақтағы (Қаратау қаласынан солтүстікке қарай) қысқа мерзімді тұрағында бітімі мен жаса­луы жағынан әр түрлі бірнеше тас құрал — қырғыштар, сыдырғыштар, кескіштер, қырғыш-кескіш тәрізді құрама құралдар барлығы анықталды. Сонымен қатар Ұзынбұлақ тас топтамасын­да көптеген ежелгі заттар — жүзі долбарлап жұқартылған шапқы құралдар, дөңгелек өзектастан шағып алынған тас саймандар бар.
Мустье заманының қызықты ескерткіштерінің бірі халцедоннан құралдар жасайтын ежелгі шеберханалар болып табылады. Үшбұлақ қойнауынан шығысқа қарай 3 км жердегі Бестөбе (Үштөбе) ұсақ шоқысының кейбір жерлерінде бозғылт және қызғылт сұр халцедон жердің бетіне шығып жатыр. Шоқылардың үстінде талай рет омырылған ізі бар халцедонның үлкенді-кішілі кесектері жиі кездеседі; олар­дын қасында өңделіп, өзектасқа айналдырылған ұсақ кесектер, сондай-ақ көптеген жалпақ, үш бұрышты және ұзынша тас тіліктері бар. Шоқылардың кей жерлерінде тас қашау өндірісінің қалдықтары өте көп кездеседі.
Қаратаудың солтүстік-шығыс беткейіндегі халцедон кендері мустье дәуірінен жаңа тас дәуіріне дейін талай мың жылдар бойына тас дайындайтын тұрақты орындар болғандығы анық.
Археологиялық материалдар Қазақстанның орталық және шығыс аудандарының аумағын ежелгі адам ашель-мустье дәуірінде игергенін көрсетеді.
Бұл кең аймақты мекендеудің бір ықтимал жолы Оңтүстік Қазақстан арқылы жүрді; онда төменгі палеолиттің бұдан да арғы заманғы мәдениеттері болғаны мәлім. Орталық Қазақстанда тас құралдарын жасаудың қаратаулық дәстүрлерін сақтаған ескерткіштер бар. Олардың ішіндегі ашель дәуірінің екінші жартысына жататын ең көнесі — Обалысай (Жезқазған (Қарағанды – ред.) облысының Жезді ауданы). Обалысай шоқысының оңтүстік бөктерінде көптеген кварцты малта тас шашылып жатыр; бұлардың ішінде әдейі сындырылғандығын аңғартатын бір топ заттар бар. Неғұрлым көңіл аударатындары — екі жақты шапқы құралдар мен екі өзектас (екі алаңды және бір жағы дөңгелек). Шапқы құралдар сопақша келген, екі жағы соғып жұқартылған малта тастан істелген.
Сарысу өзенінің орта шенінде, құрғақ Талдысай сайының шығысына таман Мұзбел оқшау қыраты созылып жатыр. Оның малта тастар қабатында, жер бетіне жақын жерде 114 заттан тұратын палеолиттік құралдардың топтамасы жиналды. Бұлар сопақ және ұзынша үш бұрышты тұрпаттағы микрокварцтық құмдақ малта тастардан жасалған. Кешеннің жартысын типологиялық жағынан тұрпаты дайын бұйымдар: бір - және екі жақты шапқы құралдар, дөңгелек өзектастар, сыдырғыш тәрізді малта тастар құрайды. Мұзбел жұрт-орнынан табылған шапқы құралдар оны зерттеген маманның ойынша, Орта Азия, Пәкістан ескерткіштеріне ұқсас және олар тіпті мустье-соан мәдениеті ескерткіштерінің қатарына да жатады.
Мұзбел-1 аңшылар лагері тұрғындарының көп тараған жұмыс аспабы ойығы бар жалпақ малта тастар болды. Оларды жасау техникасы қарапайым: тегіс малта тастың үстіне бір-екі рет қатты ұрғанда пайда болған шұңқыр кейін жөнделеді. Ойық салу (шұңқырлау) техникасының дәстүрі Орта Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия палеолитінде мәлім болған, алайда онда жұмыс аспаптарының мұндай түрі некен-саяқ кездеседі. Домалақ бітімді бұл тас құралдар аңшылардың алыстан лақтыратын қаруы ретінде де қолданылуы мүмкін еді; бұл құралдар Оңтүстік Америкадағы далалық үндістердің аңшылық құралдарына – «бола» немесе «болас» деп аталатын тас шарларға ұқсас. Талдың қабығынан және жіңішке бұтақтарынан өрілген арқандарға байланған «боластарды» Мұзбел аңшылары суатқа келген киіктерге тасадан лақтыратын болған.
Жезқазғаннан оңтүстік-шығыс қарай 150 км жердегі Жаманайбат төбе-қыратынан тас құралдар кешені, соның ішінде жеті шапқы мен екі қырғыш табылды. Ұзынша, сопақтау шапқылар жалпақ ұра - тастар мен зілмен тас жаңқаларынан дайындалса, ал қырғыштар тас жаңқаның неғұрлым өткір қырын одан әрі жарықшақтап жұқарту арқылы жасалған. Топтаманың негізгі бөлігін ірі тас тілікті жаңқалар мен алевриттік құмтастың жарықшақтары құрайды.
Сарысу алабынан Қосмола мен Қызылжар қойнауларынан табылған палеолиттік заттар зерттелді. Қосмола малта тас қатпарларында мустьелік тұрпатты құралдар табылды, олардың арасында ұзынша үшкіл жарықшақтар сындырып алған із сақталған добал малта тас, бірнеше тас жаңқа мен үшкіл жарықшақтар, мустье дәуіріне тән екі үшкіртас бар. Қызылжардың бірінші жайылма сөресіндегі аллювиаль қатпарларынан бозғылт түсті шақпақ тастан жасалған шағын дөңгелек өзектас пен тас жаңқа табылған.
Төменгі палеолиттің аяқ кезін­дегі тас заттардың үлкен топтамасы Есіл өзенінің жоғарғы бойынан, Қарағандыдан солтүстікке қарай Батпақ 8 және 12 қойнауынан жиналған. Плиоцен-төменгіплейстоцен дәуірлеріндегі құмдақ бетінен шақпақ - темір текті тастан жасалған 2000-нан аса зат табылды. Тастың сапасыздығынан тек көлемі шағын және өңделуі дөрекі өнімдер шығарылған. Табылған заттардың ішінде бір жақты шапқы, дөңгелек өзектастар сынықтары, шеттері қатарлас қысқа тас тіліктері, негізі шомбал үшкіл жарықшақтар мен тас жаңқалары бар.
Орталық Қазақстан оннан астам мустье мен кейінгі палеолит уақыттарының жұрт-орындары мен тұрақтары, соның ішінде екі мәдени қабаттан тұратын Вишневка және Өгізтау-1, 2 тұрақтары табылған. Соңғылары бұрынғы Жезқазған облысы (қазіргі Қарағанды облысы – ред.) Ағадыр ауданы аумағында шоғырланған. Мұндағы палеолит пішінді тас бұйымдары Өгізтау тауының етегіндегі бұлақ маңынан анықталған. Арасында жонғыш, қырғыш, бифас, үшкірлі тас, чоппер және чоппинг тәрізді, сондай-ақ ойықты құралдар бар.
Өгізтау-1, 2 тұрақтарында дөңгелек және протопризма өзектастарының аралас жатуы, сонымен қатар үшкіл тас жаңқалары мен шеті бірдей тас тіліктерінің болуы, олардағы соққы алаңқайының тегістігі тас өңдеу техникасындағы өзгерістерді айғақтайды, мұның өзі тұрақ коллекциясын ерте мустье уақытына, бәлкім ашель дәуіріне де жатқызуға мүмкіндік береді.
Кейінгі жылдары түрлі уақыттарды қамтитын палеолит ескерткіштері көп табылған Орталық Қазақстан аумағын Қазақстанның ежелгі тас ғасырын зерттеу ісіндегі неғұрлым келешегі зор аудан ретінде санауға болады.
Балқаштың солтүстік төңірегі мен Ертістің сол жағалауынғы тас дәуірінің ең көп тараған ескерткіштері — тұрақтар-шеберханалар мен тас қашайтын орындар. Егер Сарысу аңғарында тас индустриясы сындырып жұқарту техникасына негізделсе, Балқаштың солтүстік төңірегінің және оған іргелес аудандардың ескерткіштерінде жарықшақ-дайындама өндірісі леваллуа техникасының ұзақ уақыт болуымен сипатталады, мұның өзі соңғы палеолитте де маңызын сақтады. Мұнда ол неғұрлым жетілген және кемелденген түрде мәлім.
Бұл аудандардағы заттардың негізгі үлгілері — заттың ұзына бойына қарай арнайы қисайтылған алаңы бар өзектастар. Әдетте, мұндай өзектастардан алынатын тас тіліктері радиалдық (шетінен ортасына қарай) опыру техникасы арқылы бір жағынан ғана алынды. Жарықшақтар мен тас тіліктер тұрпаты өзектастың бұрышты және ұзынша үш бұрышты бітімдеріне сай келеді. Тас тіліктері мен жарықшақтардың кескіш жүздері әдетте қосымша түрде түзетілмейтін еді.
Тас құралдарын жасауда леваллуа техникасы дамуды аңғартады. Ол бірақ Орталық Қазақстанның барлық аудандарында бірдей тарамаған еді, өйткені тас индустриясының сипаты әрбір жағдайда шикізат көзіне байланысты болды. Мәселен, Балқаштың солтүстік төңірегінде негізгі іске асар материал тақта-тақта сынықтар түріндегі қара, сұрғылт жасыл түсті, шақпақты девон алевролит болса, Балқаштың солтүстік-батыс төңірегіндегі Бәле тауындағы ежелгі адам порфиритті пайдаланды, ал Ертістің сол жағалауында сұр түсті, тығыз жентектелген кварцты құмтас негізгі шикізат болды. Оның үстіне, Орталық Қазақстанның ежелгі тұрғындарының леваллуа техникасы тас өңдеудің неғұрлым ертедегі дәстүрлерімен — клектондық және дөнгелек етіп жасайтын жарықшақ-дайындама өндірісінің жүйелерімен қатар жүрді.
Балқаштың солтүстік төңірегіндегі тұрақтардың көпшілігінде тас құралдар бүркелмеген және үстін топырақ баспаған күйде кездеседі және ашель дәуірінен бастап қоса есептегенде кейінгі палеолитке дейін тас дәуірінің әр түрлі кезеңдерін қамтиды. Мұның себебі былай түсіндіріледі - орта және соңғы антропоген дәуірлерінде Балқаштың солтүстік төңірегінің климатында күрт өзгерістер болған жоқ, сондықтан бір замандары адамдардың алғашқы ұжымдары көбінесе өздерінің арғы бабаларының тандап алған неғұрлым ыңғайлы жерлерін мекендеді. Әдетте, әр түрлі дәуірлердің ескерткіштерін мәдени қабатқа қарай айырады, ал бұл аудандарда мәдени қабаттың қалыптасуына су мен желдің күшті әрекеті кедергі болды. Кейінгі палеолиттің ақырғы кезеңінде ғана ксеротермикалық климаттьщ басталуына байла­нысты адамдар Балқаштың солтүстік төңірегінің бір кездегі сулы, жасыл алқаптарынан кетуге мәжбүр болды.
Алайда Орталық Қазақстанның шығыс аудандарындағы палеолиттік ескерткіштердің бәрі бірдей аралас топтамалармен сипатталмайды. Олардың кейбіреулерінде ашель-мустье дәуіріндегі құралдар «таза» күйінде кездеседі. Бұған Орталық Қазақстанның солтүстік-шығыс жақ шетіндегі Құдайкөл көлінін жағасындағы тұрақ-шеберхана материалдары мысал бола алады.
Ежелгі адамдар көлдің жарқабағындағы палеоген те­гінен құралған сөре алаңқайға орта антропогеннің басында, климат жылы және ылғалды болған дәуірде қоныстанған. Ал бұл қоныстарынан олар Сібірдің мейлінше (самарлық) мүздануы заманында кетті; бұл кезде Батыс Сібір мен Алтайдың мұзды аймақтарының арасында тұрған Ертістің сол жағалауында құрғақ және суық климат басталды.
Құдайкөл тұрағындағы құралдар тығыз жентектелген кварцты құмтастан жасалған. Олардың арасында үшкіл және тілік секілді сынықтардан жасалған 16 қол шапқы, жоғары жағы шағып түсірілген жаңқадан дайындалған 5 ауыр жонғыш бар. Алайда коллекцияның денін тік бұрышты және үшкіл тұрпатты бір алаңқайлы өзектастар (70 дана), сондай тұрпатты жарықшақтар мен тас тіліктері құрайды. Заттардың бүкіл кешені тас өңдеудің леваллуалық дәстүрінде жасалған.
Мустьеліктердің болған іздері Жоғарғы Ертіс өңірінен де табылды. Қанай аулы маңында Нарым жотасына оңтүстіктен жіңішке делювийлік-пролювийлік алаңқай жалғасады. Палеолиттік құралдар алаңқайды 10 метрдей тескен осы заманғы карьерден және оның айналасынан жиналды. Мүжілуі, жасалу техникасы және бітімдері жағынан бұл құралдар үш топқа бөлінеді. Ең ежелгі топқа жататын құралдарға мейлінше таттанып, мүжілген, үшкіл де көлемді тас жаңқасынан істелінген, соғар шеті барынша түзетілген үшкіртастар, дөңгелек өзектас және долбарлап түзетілен үшкіл тас жаңқалары жатады. Осындай тас жаңқалардың бірі қарьердің қабырғасын тазартанда 5 м тереңдіктен табылды; мұның өзі бұл топтың тым ерте кезге жататынын көрсетеді.
Құралдардың басқа екі тобы уақыты жағынан кейінірек жасалған. Бұларды жасау үшін пайдаланылған материал қара және жасыл малта тас болған.
Нарым өзенінің құйылысына жақын жерде, жағадағы малта тасты тұнбадан біраз заттар жиналды. Олардың ішін­де бұрыс қырлы өзектастар, үлкен-үлкен қырғыштар, үшкіртас­тар, дөңгелек құралдар, көне тас жаңқалар бар.
Қанай тас құралдарының бір тобымен бірге табылған плейстоцендік жануарлардьң сүйектерінің абсолюттік жасы 132-104 мың жыл деп белгіленген; мұның өзі палеолиттің археологиялық тұрғыдан дәуір-дәуірге бөлінуімен әбден үйлеседі. Алдыңғы Азия жөнінде белгіленуі бойынша мустье дәуірі бұдан шамамен 40 мың жыл бұрын аяқталған, ал оның ұзақтығы 50-60 мың жыл болуы әбден мүмкін.
Шығыс Қазақстанда әзірше ең ертедегі құралдар мустьелік тұрпаттағы құралдар болғандықтан, Ертістің жоғарғы жағын адам алғаш рет мустье дәуірінде игерген деп топшылаған жөн. Бірақ Қазыбай секілді кейбір ескерткіштердің жекелеген бұйымдары ашель заманында мұнда адамзат мекендей бастауы мүмкін екендігін нақты көрсетеді.
Палеолит заманындағы маңызды орталықтардың бірі Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданы болды. Мұғалжар тауында шикізат көздерінің мол болуы ежелгі адамдардың еңбек құралдарын асқан шеберлікпен жасауларына мол мүмкіндік бергендігі байқалады. Мұнда осы ғасырдың бас кезінде біріккен Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясы (жетекшісі академик А.П.Деревянко, Қазақстан жағынан отряд басшысы Ж.Қ.Таймағамбетов) жүргізген зерттеулер барысында 59 орыннан палеолиттік тас құралдары алынған. Бірнеше жылға созылған зерттеулер ашель заманындағы бифас, т.б. құралдардың көптеп табылуына өз септіген тигізген болатын. Осы кезден бастап ғылымда мұғалжарлық ашель туралы мәселе көтеріле бастады. 2009 жылы Қазақстанның тас дәуірін зерттеумен шұғылданатын экспедиция (жетекшісі Ж.Қ.Таймағамбетов) отрядтарының мүшелері (Д.С.Байгунаков, Ғ.Т.Бексеитов, Ғ.Т.Искаков, Т.Мамиров) Мұғалжар өңірінде зерттеулер жүргізді де, 37 орыннан тас дәуіріне жататын жаңа ескерткіштер тобын тапты. Олардан жиыстырылған еңбек құралдарының арасында ашель заманына жататын үш бұрышты бифас, ондаған өзектастар, бифастар, сондай-ақ тас жаңқалары, т.б. бұйымдар саны мол. Табылған археологиялық нысандардың басым бөлігі палеолит дәуіріне жатады. Сөйтіп, бұрынғы зерттеулерді қоса есептегенде Мұғалжар өңірінен 100 шақты палеолиттік орындар анықталған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет