«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»
308
байланысты әр алуан пікір айтылып, қайшы тұжырымдар да кездесті. Бірақ соның көбіне
маркстік-лениндік тұрғыдан қарап, коммунистік позициядан саралау керек болды» [7].
Романның алғашқы нұсқасы шыққан тұс «кемелденген социализмнің» дәуірлеп, әміршіл
партия саясатының ақырындап жүзеге асып жатқан кезі еді. Саясатшылар мен қолдарында
шетсіз-шексіз билігі бар бюрократтар үшін халықтың революциядан бұрынғы тарихы, сонау
«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», сол жылдардағы халықтың шынайы келбеті – хандары
мен билері, батырлары мен жырауларының өмірі көп толғандырғаны анық.
Сондықтан да болар, тарихтың өткенін қазбалап, ешқандай бұрмалаусыз, шындықты
шындай айтқысы келген адамдарға жасанды қиындықтар туғызып, көз алартып, «түбінде
осыдан бір шикілік шығып, партия саясатына қиыспай кетпей ме?» деген күдікпен қолдан
келген қарсылықтарын жасады. Бұған дәлел – алғашқы журналдың нұсқасы 1972 жылы
басылып шыққан «Елім-ай» романының көптеген қиыншылықтармен қысқартылып, араға алты
жыл салып жеке кітап болып шығуы.
Бұдан біз сол кезде отызға да жетпеген жас жазушының перзенттік парызды перзенттік
жүрегімен қабылдап, мойнына ауыр жүк көтеріп, ғасыр қойнауында қалған, қағаз бетіне
түспеген шашыранды тарихымызды тірілтуді мақсат тұтқанын көреміз.
Туынды «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін қиын-қыстау кезеңге
тап болған Алаш жұртының ес жиып, кіндік кескен атамекенін жат жұрттық жаулаушылардан
азат ету жолындағы отандық соғысына арналған. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы – қазақ
тарихындағы аса ауыр кезең. Ол ұлт бірлігі мен ерлігінің сынға түскен қилы дәуірі болатын.
Белгілі қаламгер М.Мағауин айтқандай, «ақтабан шұбырынды кезінде қазақ халқы «үш
есенің екеуінен» айрылды. Бүгінгі заман демографтары халықтың үштен бірі қырғын тапты
деп есептейді. Орталап айтсақ, жер басып жүрген екі қазақтың біреуі өліп отырды. Қалай
ықшамдасақ та екі миллионнан еркін асқан ұлы халықтың тең жартысы қырылды [8,65].
Жері ата-баба мекенін басып алып, халық қанын судай ағызған қауіпті де күшті жаумен
алысып, жастығын ала кету немесе есірген жауды есінен тандыра соққы беріп, өз азаматтығын
сақтап қалу. Міне, дәл осы қиын-қыстау кезеңде халықтың нағыз ұлдары бас көтеріп, еңсесі
түскен халықты елдікке шақырып, халықтың жүрегіне намыс отын тұтатты. Халық арасына,
тауы мен даласына, сайы мен саласына қасіретті де киелі ән – «Елім-ай» тарап кетті. Бұл ән
әрбір қазақтың жігерін жанып, кеуделеріне кек отын жақты.
Жазушы осы шағын деректерге сүйене отырып, бір үйлі жанның тарихына байланыстырып,
ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласындағы өмір-тіршілігінің көріністерін дәл
беруге күш салғанын байқаймыз.
Тарихтағы ақиқат шындықтың астарын ашып, барынша көркем суреттеген шығармалар тек
қана тәуелсіздік алған соң пайда болды деуге келмейді. ХХ ғасырдың сексен бесінші жылы
басталған қайта құру саясатының желеуімен талай шығармалардың жазылып, кеңес өкіметінің
құйтырқы саясаты сол кезден бастап-ақ әшкерелене бастағанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ.
Бұрын аттарын атауға тыйым салынып келген Алаш арыстарының көпшілігінің шығармалар
жинағы Кеңес өкіметі құламай тұрып-ақ жарық көрген болатын.
Кеңес өкіметнің іргесі шайқала бастаған тұста жарияланғандықтан, көп кедергіге ұшыраған
шығармалар ең алдыңғы қатарында Б.Қыдырбекұлының «Алатауы» тұр. Одан бертінгі жылда
К.Ахметбековтың «Қасіреті» көптеген қысқартулар жасалып, әбден өңделгеннен кейін ғана
жарияланды.
Қазақ халқының басынан кешкен қилы кезең, қиын тағдыры туралы жазылғандығын
романның «Қасірет»деген атының өзі айғақтап тұр. Роман авторы Кәрібай Ахметбеков – бүгінгі
белді жазушыларымыздың үлкен ортасында жүрген қаламгер. Кешегі колхоздарды ірілендіру,
оның совхозға айналуы, сол тұстағы қыруар қазақ ауылдарының оты сөніп, аты өшіп, жоғалып
кетулері – біздің ұрпақтың көз алдында өткен жағдай. Аты түгіл, заты қалмаған сол бір сорбақ
өңірлер тағдыры кезінде атқамінер – басшысымақтарды тіпті де толғандырмағаны да рас.
|