Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының



бет1/6
Дата08.06.2016
өлшемі1.88 Mb.
#123019
  1   2   3   4   5   6
Қазақстан Республикасы Президентінің

2007 жылғы 5 шілдедегі

№ 364 Жарлығымен

бекітілген



Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да
әскерлері мен әскери құралымдарының
саптық жарғысы

Осы Жарғы қарусыз және қарумен саптық тәсілдер мен қозғалыстарды; бөлімшелер мен әскери бөлімдердің жаяу тәртіптегі және машиналардағы саптарын; әскери сәлемдесуді орындау, саптық байқау өткізу тәртібін; әскери бөлімнің Жауынгерлік Туының саптағы жағдайын, оны шығару мен әкету тәртібін; әскери қызметшілердің сапқа тұру алдындағы және саптағы міндеттерін және оларды саптық үйретуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ әскери қызметшілердің ұрыс даласындағы қозғалысы мен қарсылас кенеттен шабуыл жасаған кездегі іс-әрекетінің тәсілдерін айқындайды.

Жарғының күші Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының (бұдан әрі - Қарулы Күштер) әскери қызметшілеріне, сондай-ақ әскери жиындар өткізілген кезеңде оларға шақырылған әскери міндеттілерге, әскери киім нысанын киюге құқығы бар әскери қызметтен босатылған азаматтарға оны киген кезде қолданылады.

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Сап - әскери қызметшілердің, бөлімшелер мен бөлімдердің жаяу тәртіпте және машиналарда олардың бірлесіп іс-қимыл жасауы үшін Жарғымен белгіленген орналасуы.

2. Қатар - әскери қызметшілердің бір сызық бойына бірі екіншісінің қасына белгіленген аралықтарда орналасатын сабы.

Машиналар сызығы - машиналардың бір сызық бойына бірі екіншісінің қасына белгіленген аралықтарда орналасатын сабы.

3. Қаптал - саптың оң (сол) жақ шеті. Бұрылған кезде сап қапталдарының атаулары өзгермейді.

4. Маңдайшеп - саптың әскери қызметшілер тіке қарап тұрған жағы (машиналардың - алдыңғы бөлігі).

5. Саптың тыл жағы - маңдайшепке қарама-қарсы жағы.

6. Аралық - маңдайшеп бойынша әскери қызметшілер (машиналар), бөлімшелер мен бөлімдер арасындағы қашықтық.

7. Арақашықтық - әскери қызметшілер (машиналар), бөлімшелер мен бөлімдер арасындағы түпкі жаққа қарай қашықтық.

8. Саптың ені - қапталдар арасындағы қашықтық.

9. Сап тереңдігі - бірінші қатардан (алдында тұрған әскери қызметшіден) соңғы қатарға (артқы жақта тұрған әскери қызметшіге) дейінгі, ал машиналардағы іс-қимыл кезінде - машиналардың бірінші сызығынан (алдында тұрған машинадан) машиналардың соңғы сызығына (артқы жақта тұрған машинаға) дейінгі қашықтық.

10. Екі қатарлы сап - бір қатардағы әскери қызметшілер бір адым арақашықтықта (қолын созып, алдында тұрған әскери қызметшінің иығына алақанын салып) басқа қатардағы әскери қызметшілердің ту сыртына қарай орналастырылған сап. Қатарлар бірінші және екінші деп аталады. Сап бұрылған кезде қатардың атауы өзгермейді.

Қатар - екі қатарлы сапта біреуі екіншісінің ту сыртында тұрған екі әскери қызметші. Егер бірінші қатардағы әскери қызметшінің ту сыртында екінші қатардағы әскери қызметші тұрмаса, онда ондай қатар толық емес деп аталады; соңғы қатар үнемі толық болуы тиіс.

Екі қатарлы сап артқа бұрылған кезде толық емес қатардағы әскери қызметші алдында тұрған қатарға ауысады.

Төрт және одан аз әскери қызметшілер үнемі бір қатарға сапқа тұрғызылады.

11. Бір қатарлы (қатар) және екі қатарлы сап жинақталған немесе жазылған болуы мүмкін.

Жинақталған сапта әскери қызметшілер қатарларда маңдайшеп бойынша бір-бірінен шынтақтары арасында алақанның еніне тең аралықтарда орналасады.

Жазылған саптағы әскери қызметшілер қатарларда маңдайшеп бойынша бір-бірінен бір адымда немесе командир көрсеткен аралықтарда орналасады.

12. Лек - әскери қызметшілердің бір-бірінің ту сыртында, ал бөлімшелер (машиналар) - бір-бірінің артында Жарғымен немесе командирмен белгіленген арақашықтықта орналасатын сабы.

Лектер бір, екі, үш, төрт және одан да көп болуы мүмкін.

Лектер бөлімшелер мен бөлімдерді өрістетілген немесе жорықтық сапқа тұрғызу үшін қолданылады.

Төрт және одан аз әскери қызметшілер лекке бір-бірден тұрғызылады.

13. Өрістетілген сап - бөлімшенің маңдайшеп бойынша бір қатарлы немесе екі қатарлы сапта (машиналар сызығына) немесе лектер сызығына Жарғымен немесе командирмен белгіленген аралықтарда бір сызық бойына тұрғызылатын сабы. Өрістетілген сап тексерулер, санаулар, байқаулар, парадтар өткізу үшін, сондай-ақ басқа да қажетті жағдайларда қолданылады.

14. Жорықтық сап - бөлімшенің лекке сапқа тұрғызылған немесе бөлімшелер Жарғымен немесе командирмен белгіленген арақашықтықтарда бірінен кейін бірі сапқа тұрғызылатын сабы.

Жорықтық сап бөлімшелер шеру жасаған кездегі қозғалыс, салтанатты шерумен, әндетіп өту үшін, сондай-ақ басқа да қажетті жағдайларда қолданылады.

15. Бағыттаушы - көрсетілген бағытта бірінші жүріп келе жатқан әскери қызметші (бөлімше, машина). Бағыттаушы бойынша қалған әскери қызметшілер (бөлімшелер, машиналар) өз қозғалысын реттейді.

Тұйықтаушы - лекте соңғы келе жатқан әскери қызметші (бөлімше, машина).

1. Саптарды басқару

16. Сапты басқару (машинада) командалармен жүзеге асырылады, оны командир дауыстап, белгілермен және жеке өзі көрсете отырып, сондай-ақ техникалық байланыс құралдары арқылы беруі мүмкін.

Командалар лек бойынша бөлімшелер командирлері (машиналар жетекшілері) және тағайындалған қадағалаушылар арқылы берілуі мүмкін.

Сапта аға командир, оған команда беруге ыңғайлы жерде болады. Қалған командирлер Жарғымен немесе аға командирмен белгіленген орындарда бола отырып, командаларды береді.

Рота және одан жоғары бөлімшелер командирлеріне батальон мен бригаданың (полктің) жорықтық сабында командалар беру және олардың орындалуын тексеру үшін саптан шығуға рұқсат етіледі.

17. Команда алдын ала берілетін және орындалатын болып бөлінеді; командалар тек орындалатын болуы мүмкін.

Алдын ала берілетін команда әскери қызметшілердің назарын күшейту және орындалатын команданы орындауға дайындалу үшін сапта тұрғандар командирдің олардан қандай іс-қимылдарды талап етіп тұрғанын түсіну үшін нық, дауыстап және созылмалы беріледі.

Орындалатын команда (Жарғыда ірі әріптермен басылған) үзілістен кейін, дауыстап, буындалып және нық беріледі. Орындалатын команда бойынша оны шұғыл және нақты орындау жүргізіледі.

Бөлімшенің немесе жекелеген әскери қызметшінің назарын аудару мақсатында қажет болған кезде алдын ала берілетін командада бөлімшенің атауы немесе әскери қызметшінің атағы мен тегі аталады.

Мысалы: «Взвод (3-ші взвод) - ТОҚТА». «Қатардағы жауынгер Әлімов, Артқа - БҰРЫЛ».

Командир (бастық) бөлімшеге назар аударған кезде және алдын ала берілетін команда бойынша саптағы орнында тұрған әскери қызметшілер саптық қалыпты қабылдайды, ал қозғалыста саптық адымға көшеді. Бастық саптан тыс әскери қызметшіге назар аударған кезде ол бастыққа қарай бұрылады және саптық қалыпты қабылдайды.

Егер бастық сапта тұрған әскери қызметшінің әскери атағы мен тегі бойынша назар аударса, ол: «МЕН» деп жауап береді, ал тек әскери атағы бойынша назар аударса, әскери қызметші өз лауазымын, атағы мен тегін атап жауап береді. Бұл ретте қарудың күйі өзгермейді және қол бас киімге апарылмайды.

Алдын ала берілетін командада қарумен тәсілдерді орындаған кезде қажет болған кезде қарудың атауы аталады.

Мысалы: «Автоматтарды - кеуде-ГЕ».

Командалар берген кезде дауыс саптың еніне және тереңдігіне сәйкес келуі тиіс, ал баяндау анық, дауысты күрт көтерместен айтылады.

18. Сапты басқару үшін белгілер және машинаны басқару үшін белгілер 1 және 2-қосымшаларда көрсетілген.

Қажет болған кезде командир сапты басқару үшін қосымша белгілерді тағайындайды.

19. Барлық бөлімшелерге қатысты командаларды бөлімшелердің барлық командирлері мен машиналардың командирлері (жетекшілері) қабылдайды және дереу орындайды.

Командаларды белгімен берген кезде алдын ала «НАЗАР САЛ» белгісі беріледі, ал егер команда бөлімшелердің біреуіне ғана қатысты болса, онда сол бөлімшенің нөмірін көрсететін белгі беріледі. Бөлімшелердің нөмірлерін белгілеу үшін белгілерді бөлім (бөлімше) командирі белгілейді.

Белгімен команданы қабылдауға әзірлік, сондай-ақ «НАЗАР САЛ» белгісімен белгіленеді.

Белгіні қабылдау оны қайталаумен расталады.

20. Тәсілді болдырмау немесе тоқтату үшін «ТОҚТАТ» командасы беріледі. Осы команда бойынша тәсілді орындауға дейін болған қалып қабылданады.

21. Үйрету кезінде Жарғыда көрсетілген саптық тәсілдер мен қозғалыстарды бөлінулер бойынша, сондай-ақ дайындық жаттығуларының көмегімен орындауға жол беріледі.

Мысалы: «Автоматты кеудеге, бөліну бойынша: жаса - БІР, жаса - ЕКІ, жаса - ҮШ». «Оңға, бөліну бойынша: жаса - БІР, жаса - ЕКІ».

22. Құрама командаларды құрған кезде бөлімшелерге олардың саптық есебі жүргізіледі. Есеп жүргізу үшін әскери қызметшілер бір қатарлы немесе екі қатарлы сапқа тұрғызылады және осы Жарғының 88-тармағында көрсетілгендей жалпы нөмірлеу бойынша санасады. Осыдан кейін команданың санына байланысты роталарға, взводтар мен бөлімшелерге біртіндеп есеп жүргізіледі және осы бөлімшелердің командирлері тағайындалады.

Парадтарға қатысу үшін, сондай-ақ басқа да жағдайларда командирдің бұйрығы бойынша бөлімше үш, төрт және одан да көп болып жалпы лекке сапқа тұрғызылуы мүмкін. Бұл ретте сапқа тұрғызу, әдетте, ранжир (бойы) бойынша жүргізіледі.

23. Бөлімшелерді сапқа тұрғызу «САПҚА ТҰР» командасы бойынша жүргізіледі, оның алдында сапқа тұрғызу тәртібі көрсетіледі.

Мысалы: «Бөлімше, бір қатарға - САПҚА ТҰР».

Осы команда бойынша әскери қызметші саптағы өз орнына жедел тұруы, белгіленген аралық пен арақашықтықты сақтауы, саптық қалыпты қабылдауы тиіс.

24. Қарулы Күштер түрінің, тектері мен арнайы әскерлерінің бөлімшелері үшін командалар берген кезде «бөлімше», «взвод», «рота», «батальон» және «бригада» («полк») атауларының орнына Қарулы Күштер түрінде, тектері мен арнайы әскерлерінде қабылданған бөлімшелер мен бөлімдердің атаулары көрсетіледі.

25. Осы Жарғыда көрсетілмеген бөлімдер мен бөлімшелер, олардың ұйымдық-штаттық құрылымы ескеріле отырып, оның ережелері басшылыққа алынады.

2. Командирлер мен әскери қызметшілердің сапқа тұру алдындағы және саптағы міндеттері

26. Командир мыналарға міндетті:

сапқа тұрғызу орнын, уақытын, тәртібін, киім нысаны мен жабдықтарды, сондай-ақ қандай қару-жарақ пен әскери техника болуын көрсетуге; қажет болған кезде қадағалаушыны тағайындауға;

сапта өз бөлімшесі (бөлімі) бағыныстыларының, қару-жарақтың, әскери және басқа да техниканың, оқ-дәрілердің, жеке қорғану құралдары мен шанецтік аспаптардың болуын тексеруге және білуге;

бағыныстылардың сыртқы пішінін, сондай-ақ жабдықтардың болуын және оның дәл келуін тексеруге;

сап тәртібін сақтауға және бөлімшелердің командаларды, ал әскери қызметшілердің саптағы өз міндеттерін нақты орындауын талап етуге;

жаяу жүру сабындағы орнында командалар берген кезде саптық қалыпты қабылдауға;

жеке құрамды тасымалдау үшін жабдықтың болуын және ақаусыздығын, тасымалданатын (тіркелетін) материалдық бөлік бекітілуінің және мүлік салынуының дұрыстығын тексеруге, бөлімшелерді қару-жарақпен және әскери және басқа да техникамен сапқа тұрғызған кезде оларға сыртқы шолу жасауға;

рота және одан жоғары командирлерде - өзімен бірге саптық жазбаның болуына (3-қосымша);

жеке құрамға қауіпсіздік талаптарын ескертуге;

қозғалыста белгіленген арақашықтықты, жылдамдық пен қозғалыс ережелерін сақтауға.

27. Әскери қызметші мыналарға міндетті:

өз қаруының, оған бекітіліп берілген қару-жарақтың, әскери және басқа да техниканың, оқ-дәрілердің, жеке қорғану құралдарының, шанецтік аспаптардың, киім-кешек пен жабдықтың ақаусыздығын тексеруге;

киім-кешекті ұқыпты реттеуге, жабдықты дұрыс киюге және келтіруге, жанында тұрған әскери қызметшілерге байқалған кемшіліктерді жоюға көмектесуге;

саптағы өз орнын білуге, оған жылдам, әбігерсіз тұруға; қозғалыста түзулікті, белгіленген аралық пен арақашықтықты сақтауға; қауіпсіздік талаптарын сақтауға; рұқсатсыз саптан (машинадан) шықпауға;

сапта рұқсатсыз сөйлеспеуге;

өз командирінің командаларын мұқият тыңдауға, басқаларға бөгет жасамай, оларды жылдам және нақты орындауға;

командаларды бұрмаламай, дауыстап және анық жеткізуге.



2-тарау. Саптық тәсілдер және қарумен және қарусыз қозғалыс жасау

1. Саптық тәсілдер және қарусыз қозғалыс жасау

Саптық қалып

28. Саптық қалып (1-сурет) «САПҚА ТҰР» командасы бойынша қабылданады. Осы команда бойынша жылдам сапқа тұрып, қалыпты жағдайда тік тұру керек, өкшелерді қосып, аяқтың ұшын маңдайшеп сызығы бойынша, оларды табан еніне қойып түзеу керек; тізені жазу, бірақ тым қатайтпау керек; кеудені шамалы көтеріп, ал денені біршама алға ұстау керек; ішті тарту керек; иықтарды артқа жазу керек; саусақтарды жартылай бүгіп, алақандарды ішке қаратып, екі жанына тиетіндей етіп қолдарды төмен түсіру керек; басты жоғары және тік, иекті алға шығармай ұстау керек; өзінің алдына қарап тұру керек; шұғыл іс-қимылға даяр болу керек.

Орнында «ТІК ТҰР» командасы бойынша саптық қалыпты жылдам қабылдау және қозғалмау керек.

Саптық қалып орнында командасыз да қабылданады: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалған уақытта, командир (бастық) назар аударған, бұйрық берген және алған, баяндаған, әскери сәлемдесуді орындаған кезде, сондай-ақ командаларды берген кезде.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалған уақытта взвод командирі және одан жоғары бөлімшелер командирлері қолдарын бас киіміне апарады.

29. «ЕРКІН ТҰР» командасы бойынша еркін тұрып, оң немесе сол тізені бос ұстау, бірақ орнынан кетпеу, назарды әлсіретпеу және сөйлеспеу керек.

«РЕТТЕЛ» командасы бойынша саптағы өз орнын тастамай, қаруды, киім-кешек пен жабдықты түзеу керек; қажет болған кезде рұқсат алу үшін саптан шығып тікелей бастыққа өтініш жасау керек.

«РЕТТЕЛ» командасы алдында «ЕРКІН ТҰР» командасы беріледі.

30. Бас киімді шешу үшін «Бас киімді - ШЕШ», ал кию үшін -»Бас киімді - «КИ» деген команда беріледі.

Шешілген бас киім кокардасы алға қаратылып, сол қолдың шынтағы бүгілген күйде ұсталады (2-сурет).

Қарусыз немесе қарумен «арқаға» күйінде бас киім оң қолмен, ал қарумен «қарубауға», «кеудеге» және «аяққа» күйлерінде сол қолмен шешіледі және киіледі. Карабинмен «иыққа» күйінде бас киімді шешкен кезде карабин алдын ала «аяққа» күйіне түсіріледі.



Орнында бұрылулар

31. Орнында бұрылулар: «Оң-ҒА», «Жарты айналым оң-ҒА», «Сол-ҒА», «Жарты айналым сол-ҒА», «Артқа БҰРЫЛ» командалары бойынша орындалады.

Артқа, солға, жарты айналым солға бұрылулар сол қол жаққа қарай сол өкшемен және оң аяқтың ұшымен; оңға, жарты айналым оңға бұрылулар - оң қол жаққа қарай оң өкшемен және сол аяқтың ұшымен жасалады.

Бұрылулар екі тәсілмен орындалады:

бірінші тәсіл - дененің дұрыс қалпын сақтай отырып және тізелерді бүкпей бұрылу керек, дененің салмағын салмақ түсетін аяққа түсіру керек;

екінші тәсіл - қысқа жолмен екінші аяқты қою керек.



Қозғалыс

32. Қозғалыс адыммен немесе жүгірумен жасалады.

Адыммен қозғалыс жасау минутына 110-120 адым қарқынымен жүзеге асырылады. Адымның ұзындығы - 70-80 см.

Сапта жүгіре қозғалыс жасау минутына 165-180 адым қарқынымен жүзеге асырылады. Адымның ұзындығы - 85-90 см.

Адым саптық және жорықтық болады.

Саптық адым бөлімшелер салтанатты шерумен өткен, олар қозғалыста әскери сәлемдесуді орындаған, командир (бастық) бөлімшеге назар аударған, әскери қызметші командирге (бастыққа) жақындаған және одан алыстаған, әскери қызметші саптан шыққан және сапқа қайтып тұрған кезде, сондай-ақ саптық даярлық бойынша сабақтарда қолданылады.

Жорықтық адым барлық қалған жағдайларда қолданылады.

33. Саптық адыммен қозғалыс жасау «Саптық адыммен - БАС» командасы бойынша басталады.

Жорықтық адыммен қозғалыс «Адым - БАС» командасы бойынша басталады, осы команда бойынша әскери қызметшілер үш саптық адым жасайды, одан кейін жорықтық адымға көшеді.

Алдын ала берілетін команда бойынша дене біршама алға ұсталады, орнықтылықты сақтай отырып, оның салмағын көбіне оң аяққа ауыстыру керек; орындалатын команда бойынша қозғалыс сол аяқтан толық адыммен басталады.

Саптық адыммен қозғалыс жасау кезінде (3-сурет) аяқтың ұшын алға соза отырып, жерден 15-20 см биіктікке көтереді және табанға нық қояды.

Иықтан бастап қолдарымен дененің айналасында қозғалыс жасау керек: алға - оларды белдік тоғасынан жоғары алақанның енінде және денеден алақан аралығына көтерілетіндей, ал шынтақ қол білегінің деңгейінде болатындай етіп, шынтақтан бүгу керек; артқа - иық буынының шегіне жеткенше. Қолдардың саусақтары жартылай бүгіліп, басты тік ұстап, өзінің алдына қарау керек.



Жорықтық адыммен қозғалыс жасау кезінде аяқтың ұшын созбай, еркін қозғау және оны жерге кәдімгі жүріс кезінде сияқты қою керек; дененің айналасында қолмен еркін қозғалыс жасау керек.

Жорықтық адыммен қозғалыс жасаған уақытта командир (бастық) бөлімшеге назар аударған кезде, сондай-ақ «ТІК ЖҮР» командасы бойынша саптық адымға ауысу керек. Саптық адыммен қозғалыс жасау кезінде «ЕРКІН ЖҮР» командасы бойынша жорықтық адыммен жүру керек.

34. Жүгіре қозғалыс жасау «Жүгіре - БАС» командасы бойынша басталады.

Алдын ала берілетін команда бойынша орнынан қозғалыс жасаған кезде денені алға ұстап, шынтақты біршама артқа жіберіп қолды жартылай бүгу керек; орындалатын команда бойынша жүгіруді сол аяқтан бастау керек, жүгіру жылдамдығы бойынша қолмен артқа және алға еркін қозғалыс жасау керек.

Қозғалыста адым жасаудан жүгіруге ауысу үшін алдын ала берілетін команда бойынша шынтақты біршама артқа жібере отырып, қолды жартылай бүгу керек. Орындалатын команда сол аяқты жерге қоюмен бір уақытта беріледі. Осы команда бойынша оң аяқпен бір адым жасау және жүгіре қозғалысты сол аяқтан бастау керек.

Жүгіруден адымға ауысу үшін «Адым - БАС» командасы беріледі. Орындалатын команда оң аяқты жерге қоюмен бір уақытта беріледі. Осы команда бойынша жүгірумен тағы да екі адым жасау және адыммен қозғалысты сол аяқтан бастау керек.

35. Орнында тұрып адым жасау «Орныңда адым - БАС» (қозғалыста - «Орныңда») командасы бойынша жасалады.

Осы команда бойынша адым аяқты көтерумен және түсірумен жасалады, бұл ретте аяқты жерден 15-20 сантиметрге көтеру және оны ұшынан бастап табанға толық қою керек; қолмен адым ырғағына сәйкес қозғалыс жасау керек (4-сурет). Сол аяқты жерге қоюмен бір уақытта берілетін «ТУРА» командасы бойынша оң аяқпен орнында тағы бір адым жасау және қозғалысты сол аяқтан толық адыммен бастау керек. Бұл ретте алғашқы үш адым саптық болу керек.

36. Қозғалысты тоқтату үшін «ТОҚТА» командасы беріледі, мысалы: «Қатардағы жауынгер Әлімов - Тоқта».

Оң немесе сол аяқты жерге қоюмен бір уақытта берілетін орындалатын команда бойынша тағы бір адым жасау және аяқты жерге қоя отырып, саптық қалыпты қабылдау керек.

37. Қозғалыс жылдамдығын өзгерту үшін мынадай командалар беріледі: «КЕҢ АДЫМ», «ҚЫСҚА АДЫМ», «ЖИІ АДЫМ», «СИРЕК АДЫМ», «ЖАРТЫ АДЫМ», «ТОЛЫҚ АДЫМ».

38. Жеке әскери қызметшілердің орнын жанына бірнеше адымға ауыстыру үшін команда беріледі, мысалы: «Қатардағы жауынгер Әлімбеков. Екі адым оңға (солға), адым - БАС».

Осы команда бойынша әр адымнан кейін аяқты жерге қоя отырып, онға (солға) екі адым жасау керек.

Бірнеше адымға алға немесе артқа ауыстыру үшін команда беріледі, мысалы: «Екі адым алға (артқа), адым - БАС».

Осы команда бойынша екі адым алға (артқа) жасау және аяқты жерге қою керек.

Оңға, солға және артқа ауыстырған кезде қолмен қозғалыс жасалмайды.

Қозғалыста бұрылулар

39. Қозғалыста бұрылулар мынадай командалар бойынша орындалады: «Оң-ҒА», «Сол-ҒА», «Артқа бұрыла - БАС».

Оңға (солға) бұрылу үшін орындалатын команда оң (сол) аяқты жерге қоюмен бір уақытта беріледі. Осы команда бойынша сол (оң) аяқпен бір адым жасап, сол (оң) аяқтың ұшымен бұрылу керек, бұрылумен бір уақытта оң (сол) аяқты алға созу және қозғалысты жаңа бағытта жалғастыру керек.

Артқа бұрылу үшін орындалатын команда оң аяқты жерге қоюмен бір уақытта беріледі, осы команда бойынша сол аяқпен тағы бір адым жасап, оң аяқты алға қарай жарты адым шығару және біршама солға, сол қол жаққа қарай екі аяқтың ұшымен шұғыл бұрыла отырып, қозғалысты сол аяқпен кері бағытта жалғастыру керек.

Бұрылулар кезінде қолмен қозғалыс адым ырғағымен жасалады.

Жүгіре қозғалыс жасау кезінде оңға және солға бұрылулар адыммен қозғалыс жасау кезіндегі командалар бойынша жүгіру ырғағында екі деп санағанда бір орында бұрылумен орындалады. Жүгіру кезінде артқа бұрылу бір орында жүгіру ырғағымен төрт деп санағанда сол қол жаққа қарай жасалады.



2. Саптық тәсілдер және қарумен қозғалыс

Қарумен саптық қалып

40. Қарумен саптық қалып қарусыз сияқты, бұл ретте «қарубауға» күйіндегі қарудың ұңғы жағын жоғары қаратып, шынтақты денеге қатты қысып - білекті тік күйде, ал жиналмалы дүмі бар автоматты - ұңғы жағын төмен қаратып ұстау керек (5-сурет - 1), 2), 4).

«Кеудеге» күйіндегі автоматпен саптық қалыпты қабылдау кезінде автоматты оң қолмен дүмнің сабынан (ұңғы қорабынан) ұстап, сол қолды төмен түсіру керек.

Қол оқшашарын оң аяқтың жанында ұстап, оның дүмтабаны жерде тұратындай етіп, оң қолын еркін түсіріп, аяғының жанында ұстау керек (5-сурет).

Карабинді қол оқшашары сияқты аяқтың жанында ұстау керек, бұл ретте еркін түсірілген оң қолмен ұңғыны орап газ түтігінен ұстау керек (5-сурет).



Орнында қарумен тәсілдерді орындау

41. Автомат «қарубауға» күйінен «кеудеге» күйіне «Автоматты кеуде-ГЕ» командасы бойынша үш тәсілмен алынады:

бірінші тәсіл - қарубау бойынша оң қолды біршама жоғары көтеріп, автоматты сол қолмен сағағы мен ұңғы бастырмасынан ұстап, иықтан алу керек, оқжатарын сол жаққа қаратып, ұңғының ұшын иек деңгейінде, өзінің алдында тік ұстау керек (6-сурет);

екінші тәсіл - қарубауды оң қолмен оңға қарай жіберу керек және оны алақанмен саусақтарды жартылай бүгілген және өзіне қарап тұратындай етіп ұстау керек; онымен бір уақытта оң қолдың шынтағын қарубаудың ішіне кіргізу керек (6-сурет);

үшінші тәсіл - қарубауды бастан асыра тастау керек; автоматты оң қолмен дүмінің сабынан ұстап, ал сол қолды жылдам төмен түсіру керек (6-сурет).

Жиналмалы дүмі бар автомат «қарубауға» күйінен «кеудеге» күйіне дәл сол команда бойынша екі тәсілмен алынады:

бірінші тәсіл - оң қолдың шынтағын қарубаудан шығармай, автоматты иықтан оң қолмен алу керек және автоматты сол қолмен сағағы мен ұңғы бастырмасынан ұстап, оны өзінің алдында оқжатарын төмен, ұңғы жағын солға қаратып ұстау керек (6-сурет);

екінші тәсіл - қарубауды оң қолмен бастан асыра сол жақ иыққа тастап, онымен автоматты қарубау жанындағы ұңғы қорабынан ұстау керек, ал сол қолды жылдам төмен түсіру керек (6-сурет).



42. Автомат «кеудеге» күйінен «қарубауға» күйіне «Қарубау-ҒА» командасы бойынша үш тәсілмен алынады:

бірінші тәсіл - автоматты сол қолмен сағағы мен ұңғы бастырмасының төменгі жағынан ұстау керек және онымен бір уақытта оны біршама алға жоғары қарай көтере отырып, оң қолды қарубаудың ішінен шығарып, оны дүмінің сабынан ұстау және автоматты 7-суретте көрсетілгендей етіп ұстау керек;

екінші тәсіл - автоматты жоғары көтере отырып, қарубауды бастан асыра тастау керек және автоматты оқжатарын солға қаратып, ұңғы ұшын иек деңгейінде өзінің алдында тік ұстау керек (7-сурет);

үшінші тәсіл - оң қолмен қарубаудың жоғарғы жағынан ұстау және автоматты «қарубауға» күйіне оң жақ иыққа асыра тастау, ал сол қолды жылдам төмен түсіру керек (5-сурет).

Жиналмалы дүмі бар автомат «кеудеге» күйінен «қарубауға» күйіне сол команда бойынша үш тәсілмен алынады:

бірінші тәсіл - автоматты сол қолмен жоғарғы жағынан ұңғысы мен газ түтігінен ұстау және автоматты біршама жоғары көтере отырып, оң қолдың шынтағын қарубаудың ішінен шығару керек, оң қолмен алақанды төмен қаратып, қарубауды ұңғы қорабы жағынан алу керек (7-сурет);

екінші тәсіл - автоматтың ұңғы қорабын жоғары қарата бұрып, қарубауды бастан асыра тастау керек және автоматты оқжатарын оңға қаратып ұстау керек (7-сурет);

үшінші тәсіл - автоматты «қарубауға» күйіне оң жақ иыққа асыра тастау керек, ал сол қолды жылдам төмен түсіру керек (5-сурет).

43. Карабин (қол оқшашары) «аяққа» күйінен «қарубауға» күйіне «Қарубау-ҒА» командасы бойынша үш тәсілмен алынады:

бірінші тәсіл - оң қолмен карабинді (қол оқшашарын) оны денеден алшақтатпай, шамалы көтеру, оқжатарын (қол оқшашары - пистолет тұтқасын) солға қарай бұру керек; сол қолмен карабинді оқжатарынан (қол оқшашары - сағағынан) алу және оның ұңғы ұшын көз деңгейінде ұстау керек; оң қолдың шынтағын қысу керек (8-сурет - 1), 2);

екінші тәсіл - оң қолмен қарубауды алу және оны солға қарай тарту керек (8-сурет);

үшінші тәсіл - карабинді (қол оқшашарын) иыққа жылдам асырып тастау керек; сол қолды төмен түсіру керек; оң қолды білек көлденең күйде болатындай етіп, қарубау бойымен төмен түсіру керек; карабинді (қол оқшашарын) шынтақпен ақырын қысу керек (8-сурет - 4), 5).

44. Карабин (қол оқшашары) «қарубауға» күйінен «аяққа» күйіне «Аяқ-ҚА» командасы бойынша екі тәсілмен алынады:

бірінші тәсіл - оң қолды қарубау бойымен біршама жоғары көтере отырып, карабинді (қол оқшашарын) иықтан алу керек және оны сол қолмен сағатынан ұстап, карабинді (қол оқшашарын) оң қолмен ұңғы бастырмасының жоғарғы бөлігінен оқжатарын (қол оқшашары - пистолет тұтқасын) солға қарай, ұңғы ұшын көз деңгейіне келтіріп алу керек (8-сурет - 1), 2);

екінші тәсіл - сол қолды жылдам төмен түсіру, ал оң қолмен карабинді (қол оқшашарын) жерге аяқ жанына жайлап қою керек (5-сурет - 3), 5).



45. Карабин «аяққа» күйінен «иыққа» күйіне тек салынған сүңгімен «Иық-ҚА» командасы бойынша екі тәсілмен алынады:

бірінші тәсіл - оң қолмен карабинді көтере және бекітпесін алға қарай бұра отырып, оны дененің жанына сол жақ бүйірге тік ауыстыру керек және онымен бір уақытта оң қолдың алақанымен сағақ пен ұңғы бастырмасының жоғарғы жағынан ұстау керек, онымен бір уақытта сол қолдың алақанын біршама алға жіберу және карабинді дүмімен сол қолдың алақанында дүмтабаны жататындай, бас бармақ алдында тұратындай, ал қалған саусақтар дүмнің сол жағын қысып тұратындай етіп қою керек; карабинді сол жақ иыққа қарама-қарсы қолды созып тік, дүмін сол аяққа тигізе отырып ұстау керек; оң қолдың шынтағы - иық деңгейінде (9-сурет);

екінші тәсіл - оң қолды жылдам төмен түсіру керек, онымен бір уақытта сол қолмен карабинді, ол ағытқыш доғасымен иық оймасында жататындай етіп көтеру керек және оны жантайтпай ұстап тұру керек; сол қолдың білегін шынтақтан біршама төмен ұстау, дүмді белге, ал қарубауды бүйірге қысып ұстау керек (9-сурет - 2), 3).

46. Карабин «иыққа» күйінен «аяққа» күйіне «Аяқ-ҚА» командасы бойынша үш тәсілмен алынады:

бірінші тәсіл - сол қолды жылдам төмен түсіріп, онымен бір уақытта карабинді оң қолмен сағағы мен ұңғы бастырмасының жоғарғы жағынан ұстау керек және оны 9-1) суретте көрсетілген күйге қою керек;

екінші тәсіл - карабинді оң қолмен оның бекітпесін өзіне қаратып, оң аяққа қарай төмен ауыстыру керек; карабинді сол қолмен сүңгі түтігінен ұстап тұрып, оны оң аяқтың екі жаны бойымен дүмі табан жанына тиетіндей етіп ұстап тұру керек;

үшінші тәсіл - сол қолды жылдам төмен түсіріп, ал оң қолмен карабинді жайлап жерге қою керек.



47. Қарубауды ұзарту (қысқарту) қажет болған кезде «Қарубауды - ҰЗАРТ (ҚЫСҚАРТ)» командасы беріледі.

«Қарубауды» командасы бойынша автоматтар мен қол гранатаатқыштарды оң қолға алып, карабиндер мен оқшашарларды аяқ жанына қою керек; жиналатын дүмі бар автоматтың дүмін жазу керек, ол үшін оң қолды қарубау бойымен біршама жоғары көтеріп, автоматты иықтан алу және оны сол қолмен сағағы мен ұңғы бастырмасынан ұстап, өзінің алдында оқжатарын төмен қаратып, иек деңгейінде көлденең ұстау керек. Автоматты сол қолмен ұстай отырып, оң қолмен ілмегін босату және дүмін жазу керек. Автоматты оң қолмен сағағы мен ұңғы бастырмасынан ұстау керек. «ҰЗАРТ (ҚЫСҚАРТ)» командасы бойынша оңға қарай жартылай айналым жасап, онымен бір уақытта сол аяқпен солға қарай бір адым жасау керек және алға еңкейе отырып, қаруды дүмімен сол аяқ табанының ішкі жағына тіреп, ал ұңғысын оң шынтақтың ішкі буынына қою керек; тізені бүкпеу керек; оң қолмен қарубаудың тоғасын ұстап тұрып, сол қолмен қарубауды қысқарту (ұзарту) және өздігінен саптық қалыпты қабылдау керек.

48. Қару «қарубауға» күйінен «арқаға» күйіне «Қаруды арқа-ҒА» командасы бойынша екі тәсілмен алынады (осы команда алдында «қарубауды ұзарт» командасын орындау керек):

бірінші тәсіл - қарубауды сол қолмен оң иықтан біршама төмен ұстау керек, ал онымен бір уақытта оң қолмен дүмінен (жиналмалы дүмі бар автомат пен қол гранатаатқышты - ұңғысынан төменгі бекітпеден) ұстау керек;

екінші тәсіл - қаруды оң қолмен біршама көтеру, ал сол қолмен қарубауды бастан асыра сол иыққа тастау керек; қаруды және қолды жылдам төмен түсіру керек (10-сурет).

Автомат «арқаға» күйінен сүңгі-пышақсыз, ал карабин - жазылған сүңгісімен алынады.

49. Қару «арқаға» күйінен «қарубауға» күйіне «Қаруды - қарубау-ҒА» командасы бойынша екі тәсілмен алынады:

бірінші тәсіл - сол қолмен қарубауды сол иықтан біршама төмен алу керек, ал онымен бір уақытта оң қолмен дүмінен (ұңғысынан, раструбынан) ұстау керек;

екінші тәсіл - оң қолмен қаруды біршама көтеру, ал сол қолмен қарубауды бастан асыра оң иыққа тастау керек, қарубауды 5-1), 2), 4) және 8-4), 5) суреттерінде көрсетілгендей оң қолмен алу, ал сол қолды жылдам төмен түсіру керек.

50. Автоматты «кеудеге» күйінен «арқаға» күйіне және «арқаға» күйінен «кеудеге» күйіне, сондай-ақ карабинді «арқаға» күйінен «аяққа» күйіне ауыстыру үшін қару алдын ала берілетін команда бойынша «қарубауға» күйіне алынады.

Жиналмалы дүмі бар автоматты «кеудеге» күйінен «арқаға» күйіне ауыстыру үшін автоматты оң қолмен ұңғысының бас жағынан ұстап және оны «арқаға» күйіне ауыстыру керек.

Жиналмалы дүмі бар автоматты «арқаға» күйінен «кеудеге» күйіне ауыстыру үшін автоматты оң қолмен ұңғы жағынан ұстау керек және оны ұңғы жағынан сол иыққа қарай тартып, «кеудеге» күйіне ауыстыру керек.

Қол оқшашары «арқаға» күйіне ыңғайына қарай алынады.



51. «Арқаға», «Қарубауға» және «Кеудеге» командалары берілер алдында қару «Сақтандырғышқа - ҚОЙ» командасы бойынша сақтандырғышқа қойылады.

Егер сүңгі-пышақты ағыту (сүңгіні жазу) немесе оны бекіту қажет болса, онда «Сүңгі-пышақты - АҒЫТ» («Сүңгіні - ЖАЗ») және «Сүңгі-пышақты (сүңгіні) - БЕКІТ» командалары беріледі.

52. «Аяқ-ҚА» жалпы командасы бойынша карабиндер мен оқшашарлар «аяққа» күйіне алынады, ал автоматтар мен қол гранатаатқыштардың күйі өзгермейді.

53. Қарудың дұрыс емес күйін түзету үшін «Қаруды - ТҮЗЕ» командасы беріледі.

54. Қару команда бойынша жерге қойылады, мысалы: «Бөлімше, қаруды жерге - ҚОЙ».

«Қаруды жерге» командасы бойынша автоматтар мен қол гранатаатқыштары оң қолға; карабиндер мен оқшашарлар - «аяққа» күйіне алынады; одан басқа оқшашарлардың тіреуіші жинап тасталады.

«ҚАРУҒА» командасы бойынша бірінші қатар алға екі адым жасайды және аяғын жерге қояды, одан кейін екі қатар бір уақытта сол аяқпен алға бір адым жасайды және дүмтабанын оң аяқтың ұшына тигізе ұстап (оң тізе бүгілмейді, сол қол соңына дейін артқа жіберіледі, бастың күйі - тура, иек көтеріңкі болады), бекітпенің сабын (бекітпе рамасын) төмен қаратып қаруды жерге қояды, одан кейін сол аяқты оң аяқтың жанына қояды.

Қол гранатаатқыштары сабын солға қаратып жерге қойылады. Оқшашарлар тіреуішіне қойылады.

Жеке әскери қызметшілер мен бір қатарлы саптағы әскери қызметшілер орындалатын команда бойынша тек соңғы екі қимылды ғана орындайды.

55. Қаруды жерден алу үшін «Бөлімше - ҚАРУҒА» және одан кейін «ҚАРУЛАН» командалары беріледі.

Бірінші команда бойынша бөлімше қарудың жанына сапқа тұрғызылады. Екінші команда бойынша әскери қызметшілер сол аяқпен алға бір адым жасайды, қаруды оң қолмен алады және тік түзеліп, сол аяқты оң аяқтың жанына қояды. Екінші қатар алға екі адым жасайды, одан кейін екі қатар бір уақытта қаруды «қарубауға» күйіне алады. Оқшашарлардың алдын ала тіреуіштері жиналады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет