-
Диалектикалық ойлаудың категориялары мен принциптері.
-
Кант философиясы эволюциясының негізгі кезеңдері.
-
Кант философиясының негізгі мәселелері мен міндеттері.
-
Кант теориялық ақылдың мүмкіндіктері мен шегі туралы.
-
Гегель: оның жүйесі және диалектикалық әдісі.
-
Гегель философиясындағы тарихи және логикалық тұжырым
-
Сын философиясының догматизм мен сектипцизмді әшкерлеуі.
-
И. Г. Фихте– субьективтік идеалист.
-
Фейербахтың материализмі мен атеизмі.
-
Шеллинг – обьективтік идеалист.
Философиялық мәтіндермен жұмыс істеу:
-
Антология мировой философии. В 4-х т. М.: 1969-1972.
-
Гегель Г. В. Наука логики. М.: 1972, т.3.
-
Кант И. Критика практического разума. . Соч. Т. 4., Ч.1. М.: 1964.
-
Кант И. Пролегомены. Соч. Ч.1. М:1965. С. 67-210.
-
Мир философии: Хрестоматия в 2- частях. М., 1991
-
Фейербах Л. Сущность христианства. М.: 1965.
-
Фихте И. О назначении ученного М.: 1935.
-
Шелинг Ф.В.И. Система трансцендентального идеализма. Л.:1936.
Әдебиеттер тізімі:
-
Алтаев Ж., Қасабек А., Мұхамбетәлі Қ. Философия тарихы. Алматы, 2000.
-
Асмус В.Ф. И. Кант. М.: 1973.
-
Қасабек А. Тарихи-философиялық таным. Алматы. ҚазГЗУ, 2002.
-
Абдильдин Ж.М. Диалектика Канта. А:1974.
-
Әбішев Қ. Философия. Ақыл кітабі .2001.
-
Быховский Б. Э. Фейербах М.: 1967.
-
Гайденко П. П. Парадоксы свободы в учении Фихте. М.: 1990.
-
Гулыга А. В. Гегель. М.: 1970.
-
Гулыга А. В. Шеллнг.М.:1995.
-
Кішібеков Д. К.,Сыдықов Ұ. Е. Философия Алматы, 2003.
-
Кузнецов В. Н. Немецкая классическая философия. М.: 2003.
-
Мәдени-философиялық энциклопедялық сөздік. Т. Х. Ғабитов А. Т. Құлсариева,
Алматы, 2004.
-
Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Философия тарихы. Алматы, 1999.
1.6 ХIХ ғасыр философиясы
XIX ғасырдағы саяси, тарихи-әлеуметтік шындық экономикадағы күрделі өзгерістер және өнеркәсіп пен ғылымның өркендеп дамуы, жаңа философиялық ағымдардың қалыптасуына алып келді. Бұл философиялық ағымдардың бірқатары ақыл-ойға сүйене отырып, табиғат пен қоғам туралы өте келісімді идеяларды тудырса, енді біреулері керітартпа ойлармен тұжырымдарды алға қойды.
Марксизм филрсофиясындағы принциптік жаңалық адам тек табиғатта өмір сүрмейді, оны өзгертеді, соның барысында өзі де өзгереді. Бірақ, марксизмде адам мәселесін, оның өмірінің мәнін, бостандығын, т.б. мемлекет, тап басқа да үлкен әлеуметтік бірлестіктер мүдесінің көлекесінде қалдырды.
XIX ғасыр философиядағы екінші бір философиялық ағымдар, ақыл-ой және сананың дүниені танудағы мүмкіндігіне шек келтіретін идеялар мен тұжырымдар туғызады. Осының нәтижесінде классикалық философияда ақыл-ой күшіне, жеке сананың құдіретіне толық сенуін, ол ақыл-ойдың жетілуі ─ ғылымның дамуына алып келді деген тұжырымның орнына ырық, интуиция, инстинкті қойды.
Неміс философтары Шопенгауэр мен Ницше ретсіз, түсініксіз, бұлдыр дүниені тануға болмайды деген тұжырымды айтты. Бұлардың көзқарасына сабақтас санасыздықты – психикалық ақиқат пен адамға тән, сонымен бірге өмір сүріп, оны билейді деген ілімді З. Фрейд ұсынды. Ал XIX ғасыр филисофиясында позитивизм, неотомизм және персонализм секілді ағымдар дүниеге келді.
Маркстік философия 40-шы жылдардың ортасында қалыптасты (ХІХ ғ). Оның авторлары: Карл Маркс (1818-83) және Фридрих Энгельс (1820-95). Маркс Гегельді жоғары бағалай отырып, сынады. Энгельс болса, оның еңбектерін диалектикалық философияның поэмасы деп атады. Маркс пен Энгельс Гегель мен Фейербахты сынау нәтижесінде диалектиканы қайта, жаңадан, диалектикалық-материалистік ілім ретінде жасады. Бұл ілімді қолдану нәтижесінде ұлы шығарма ─ «Капитал» пайда болды.
Марксизимнің пайда болуының тарихи алғышарттары мыналар:
-
Капитализмнің, ірі өнеркәсіптің өркендеуіне байланысты пролетариат табының пайда болуы.
-
Капитализмнің ары қарай дамуы, пролетариат үшін ауыр жағдай тудырды, соның салдарынан оларды стихикалық күреске шығуға мәжбүр етті.
-
Олардың күресін саналы дайындау, ұйымдастыру үшін нақты теориямен қаруландыру қажеттілігі туды. Бұл Маркс пен Энгельсті ойландырып, арнаулы ғылыми ілім жасауға ұмтылдырды. Бұған ХІХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы ғылым саласындағы аса маңызды жетістіктер де әсер етті. Оларға:
-
Энергияның сақталу және айналу заңының ашылуы;
-
Тірі организмдердің клеткалық құрылымның ашылуы (клетка теориясы);
-
Эволюциялық ілім - дарвинизм жатады.
Майер - бірінші заңның авторы, Г. Гельмгольц пен М. Фарадей оны теория және тәжірибе арқылы негіздеді. Дж. Джоуль мен Э. Ленц жылудың механикалық эквивалентін тапты, яғни механикалық энергияның қаншасы жылу энергиясының бірлігіне сәйкес болатынын есептеп шығарды. Неміс биологтары М. Шлейден мен Т. Шванн 1838-39 жылдары клетка теориясын жасады. Олар жануарлар мен өсімдіктер клеткаларының құрылымы негізінен бірдей болатынын, екеуі де бір физиологиялық қызмет атқаратынын анықтады. Бұл теория барлық тірі организмнің ішкі бірлігін дәлелдеді, сөйтіп олардың шығу тегін жаңа түрде көрсетті. Дарвиннің эвоюциялық теориясы жануарлар мен өсімдік түрлерін ешнәрсемен байланыссыз, кездейсоқ, «Құдай жаратқан» және өзгермейтін деп қараушылықты жойды. Сөйтіп, алғашқы рет теориялық биологияны ғылыми негізге қойды. Ол жануарлар мен өсімдік түрлерінің өзгеріп отыратындығын, олардың бірлігін дәлелдеді. Дарвиннен бұрын Д. Дидро биология түрлерінің эволюциялық өзгеріп отыратыны жөнінде болжам айтқан еді.
Марксизм ХІХ ғасырдағы қоғамдық ғылымдардың үш саласын жалғастырушы, олар:
-
Классикалық неміс философиясы (Гегель мен Фейербах философиясының үйлескен қосындысы).
-
Ағылшын саяси экономиясы (Адам Смит пен Давид Рикардо).
-
Сен-Симон, Фурье, Оуэннің социализм туралы теориялары (оларды утопиядан
ғылымға айналдырды).
Маркстің ғылымға алып келген екі жаңалығы:
-
Тарихты материалистік тұрғыдан ұғыну.
-
Қосымша құн құпиясын ашу.
Маркс «Саяси экономияға сын жөнінде» деген еңбегінің алғы сөзінде:
-
Өндіргіш күштер мен өдірістік қатынастардың ара қатынасы.
-
Базис пен қондырма.
-
Қоғам дамуындағы негізгі күш ─ қоғамдық сана емес, қоғамдық болмыс.
-
Адамды қанауға әкелетін әлеуметтік теңсіздіктің негізі - меншік деп жекеменшікті мемлекеттік - қоғамдық меншікке алмастыру керек деген идеяларын айтты.
Бұл мақсатқа жету, пролетариат революциясы, пролетариат диктатурасы арқылы іске асады деп санап, Маркс пен Энгельс белсенді түрде саяси істермен айналысады. Маркс пен Энгельстің кейбір тарихи болжамдары ХХ ғасырдың аяғында практикада іске аспады. Сондықтан қазіргі замандағы марксизмді сынаушылар - ХХ ғасырда оның идеяларын қолдану ауыр жағдайға алып келді, - дейді.
Танымдағы практиканың рөлін философиялық негіздеудің көптеген салдары болды. Әлеуметтік философия саласында, қоғамның тарихи дамуында ол жаңа мызғымас принциптілік жолға алып келді. Гносеологияда танымның ұмтылуы мен мақсатын жаңаша қарауға мүмкіндік берді. Маркстік философияда практиканың рөлі үш жақты:
-
Практика - танымның негізгі және қозғаушы күші. Білуге ұмтылу, практикалық қажеттіліктен туады. Геометрия ─ жер өңдеу үшін, астрономия ─ теңізде жүзу үшін керек болды.
-
Практика - танымның мақсаты. Білімді болу, білім үшін емес, оны практикада пайдалану үшін керек.
-
Практика - ақиқаттың өлшемі.
Марксизм философиясындағы ойлау тәсілі мен білім құрылымының кейбір ерекшеліктері:
-
Философиялық білімнің қарқынды идеологияға айналуы. Маркс пен Энгельс алғашқы рет ашық түрде барлық қоғамның мүддесін емес, бір таптың (пролетариаттың) мүддесін қорғауы, олардың идеясының дәреже - деңгейіне әсер етті. Негізгі идеялар догмаға айналды. Олардың дәлелсіз дұрыстығы, оны сынау немесе дискусия өткізу мүмкіндігін болмады.
-
Әлеуметтік топтың, ұлттың халықтық мәселелерді шешу революциялық күш қолдануды жоғары қойып, мақтан етуіне жол берді.
-
Жеке адамның мұқтажына қарағанда таптың, мемлекеттің және басқа да үлкен әлеуметтік бірлестіктердің мүддесін жоғары қою, соларды шешу арқылы адам мәселесі, оның өмірінің мәні, бостандығы, т. б. өздігінен шешіледі деп сендіру күшейді.
-
Еңбек нәтижесінде шығарылған азық-түліктің және басқа құндылықтардың қоғам мүшелерінің арасында әділ бөлінуін сылтау етіп, тұрпайы теңдікті орнату, елдің ынтасын жойды, социализм экономикада, басқа да салаларда артта қалды. Олар қоғамдық прогрестің ұзақ сипаты бар, ал қазіргі замандағы күрделі капиталистік жүйелердің дамуы қысқа болады деп санады.
Марксизм теориясына қазіргі замандағы сыни пікірлер:
-
Езуші таптың жойылуы, социализмнің орнауы қанаудан қарапайым халықты толық құтқармады, енді қанауды мемлекет жүргізетін болды.
-
Қоғамдық меншіктің мәнін халық түсінбеді. Олардың меншікке немқұрайлы қарауын өкімет басындағылар пайдаланып, қоғамдық меншікті жасырын иемдену жолдарын меңгерді.
-
Тоталитарлық социализм өзінің негізінде өтірік ақпарат беруге, қоғамдық мешікті талан-таражға салуға мүмкіндік берді.
-
Әрбір басшы өз басының бүгінгі жайын ойлады, байып қалуға тырысты, себебі оның ертеңі белгісіз болды.
Өмір философиясының өкілі─А.Шопенгауэр, «Үрей метафизикасын» пайымдаушылардың бірі.
А.Шопенгауэр дәулетті саудагер семьясында дүниеге келді. Өзінің өмірінде коммерция, медицина, кейін философиямен шұғылданды. Ол Берлин университетінде приват-доцент болып орналасқан соң, әйгілі Гегельмен бақталастырды. Шопенгауэр Гегельдің сабақ кестесін қарай отырып, сол уақытқа өз сабағын қояды. Әрине, студенттер дәрісті Гегельден тыңдады. Осының салдарынан ол оқытушылықты тастап, философиямен өз бетінше шұғылданды. Тірі кезінде танылмай, атаусыз қалса да, өлген соң кенеттен аты әйгілі болды.
Ол өзінің «Дүние ерік пен елес ретінде» атты еңбегінде Канттың көзқарасын жалғастырды. Шопенгауэрдің пікірінше: «Дүниеде негіз де, ақыл–ой да жоқ, тек қана «ерік» бар. «Еріктің» мәні кең, оны адамның жаны емес, табиғаттағы, қоғамдағы «ұмытылыс» деп санайды. Мысалы, жануарлар дүниесіндегі «ұмтылыс» өмірін сақтап қалу талабы, физикалық дүниеде «өзіне тарту - тартылыс» бар, ал қоғамда мемлекеттің, нәсілдің, халықтың және адамдардың «еркі» бар - ол өмір сүру. Бұл ерік көмескі болғандықтан, ақыл-ой да, мақсаты да жоқ, яғни иррационалды.
«Ерік» ─ дүниедегі барлық процестер мен құбылыстарды негізсіз және себепсіз тудырады. Адам деңгейінде «ерік» шектен тыс сезім күйі – ашу-ызадан уақытша естен тану, мансапқорлық, кекшілдік, жыныстық ұмтылыс, сүйіспеншілік, делебесінің қозуы, қобалжу түрінде болады. Егер дүниенің негізі «ерік» ақылсыз болса, онда дүниеде де ақыл жоқ. Ғылым - дүние құбылыстарын ақыл-ой заңдарымен негіздеуге ұмтылып, әрдайым тұйыққа тірелді. Техниканың дамуы, адамға жақсылық емес, зиян келтіреді.
Шопенгауэрдің адам тағдырына, бостандығына, қажеттілігіне, бақытына байланысты көзқарасы түңілушілік (пессимистік) сипатта болды. Өмірдің мәні - дүниенің қайғы екенін түсіну. Ол адамның қоғам заңын және дүниені танудағы әлсіздігі мен үмітсіздігін алға тартты. Моральдық прогресті, бақытты және ақылға сиятын мемлекет құру мүмкіндігін жоққа шығарды. Бұл идеялар ХІХ-ХХ ғасырларда экзистенциализм философиясының қалыптасуына алып келді.
Фридрих Ницше (1844-1900 ж.) қазіргі батыс философиясындағы «Өмір философиясы» тұжырымдамасының негізін салушының бірі, оның әсерімен адам және оның өмірі мәселелері терең зерттеле басталды. Ф. Ницше философиясының мақсаты ─ адамға өмірінің мәнін іске асыруына, қоршаған ортаға бейімделеуіне көмектесу. Өмір - философияның өзегі, дүниетанушы субъектіге берілген фактілерді түсіндірудің бір қыры. Нақты адам үшін жалғыз ақиқат - «ерік». Ол өмірдің бастауы және қоршаған ортаға қатынасы болады.
Алғашқы кезде Ницше Шопенгауэрдің тұжырымдамасын қолдап, оны философияның негізгі мәселесі етіп «ерікті» қойды, кейіннен Ницше классикалық философияның категориялары - материя мен рухтың орнына, «билікке жету еркін» қойып, Шопенгауэрден де алшақтайды. Ницше өмірдің мәнін анықтай отырып, оны «билікке жету еркі» - деп есептеді. «Билікке жету еркі» - бұл қоғамдағы өмірдің негізгі мотиві, ол адам табиғатының өмір сүру негізінде бар. Еркектің әйелге, ақсақалдардың жастарға билігі, т. б.
Әдептілік мәселесінде Ницше ниглист (барлық тұрақталған құндылықтарды жоққа шығараып, жаңа позитивтілерді ұсынады). Ол өз заманының мәдениеті төмендеп, ыдырап бара жатыр, мораль оны іштей ірітуде деп есептеген. Христиандық діндегі әдептілік қағиданы, ол моральдың құлы ретінде көрсетті. Сондықтан құндылықты қайта бағалау мәселелерін көтерді. Біздің заманда «Құдай өлді» - деп Ницше жар салды, жаңа дәуірге жаңа құндылық жүйесін алып келді. Жаңа адам – «Асқан адам» (сверхчеловек), ол өзін қоғамнан, құқық және адамгершілік қағидаларынан жоғары қоятын адам. Ол – жылпос, сұмпайы, алаяқ. Тек «Асқан адам» өмір сүруге құқылы, әлсіз, кемтарлар өле берсін - бұл әділдік Адамды сүюдің алғашқы өсиеті осы және олардың өлуіне көмектесу де керек.
Ницшенің «Асқан адамы» «жақсылық пен зұлымдықтан» жоғары тұрады, ол ешқандай моральдық, әдептілік қағидаларымен байланысты емес. Ницше моральдың екі түрін: мырза мен құлды көрсетті. Тек «Асқан адам» жаратылысынан аристократ, бәрінен мүлде бос. Ол батыр да немесе Бетховен, Наполеон, Шопенгауэр, Гете секілді Ұлы адам да емес. Бұл адамның жаңа тұқымы, ол бұдан бұрын дүниеде болмаған. «Асқан адам» бір ұлттан пайда болмайды. Ол адамзат дамуының жемісі, алдымен еуропалықтардан шығады. Бұл жаңа каста адамзаттың келешек мәдениеті мен моралін өзгертеді. Олар халық үшін ескінің орына, жаңа миф жасайды.
Ницшенің пікірінше: адам моральдан, ең алдымен оның рационалдық бастамасынан туған ұжымдық элементтерден арылуы керек. Ницше не жақсы? деген сұраққа: - адамның билікке деген ұмтылысы, өз билігін нығайтуы, - деп жауап береді. Не жаман? деген сұраққа - адамның әлсіздігі, - дүниеде шындық бар ма? деген сұраққа - шындық та, әділдік те жоқ – дейді.
Бізді бағындыратын қолында күші болса, онда ол адамның істегенінің бәрі шын. Ницше еркі жоғары, қолынан іс келетін адамға табынуды уағыздайды. Осы ілім кейін Гитлер өкіметінің мемлекеттік идеологиясымен, философиясына айналды: өкіметті басқару үшін дана болудың қажеті жоқ, тек ерік пен күш болса болды. Ницше ұраны - «қорқынышты өмір сүр». Ницше әдептілікті релятивтік түрде түсінді, әлсіздерге не жақын болса, күштілерге сол жаман болады деді.
Позитивизм (Positivism - дұрыс пікір) – оның негізін қалаушы француз философы Огюст Конт (1798-1857 жж.). Позитивизм - ғылым негізіндегі білім, ғылыми ақиқат, позитивтік дүние көрінісіне сәйкес болу деп, философиялық зерттеудің танымдық маңызын теріске шығаратын бағыт. Оның тарихи кезеңдері мен өкілдері:
Бірінші - классикалық кезең. 1830 ж - ХІХ ғ. аяғы. О. Конт, Дж. С.Милль.
Екінші – эмпириокритицизм немесе махизм кезеңі ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ басы. Э. Мах, Р. Авенариус.
Үшінші – неопозитивизм немесе логикалық позитивизм. 1920─1960 ж. Л. Витгенштейн, Б. Рассел, М. Шлик, Карнап.
Постпозитивизм (лингвистикалық, аналитикалық философия ) – 1960─1970 жж. – қазіргі кезеңге дейін.
Конттың пікірінше, «Метафизика», яғни философия, тиянақсыз білім құратындықтан ғылымның даму барысында қойылған сұрақтарға жауап бере алмайды. Ол танымдық ілімді үш сатыда көрсетеді. 1. Теологиялық (діни) - діннің үстемдігі, дүниедегі құбылыстарды сырт күштер, қияли қимылдар арқылы түсіндіреді. 2. Метафизикалық - философиялық ілімнің үстемдігі, табиғатты абстрактылы (мәні мен себебін) түсіндіреді. 3. Позитивтік - ең жоғары сатысы. Бұл сатыда жоғарғы екеуі жоққа шығарылады. Позитивтік немесе дұрыс пікір барлық құбылысты ғылыми жолмен түсіндіреді. Конт эмпирикалық ғылымға, тәжірибеге сүйенеді. Сондықтан философиясының зерттеуге байланысты ақиқат өзіндік пәні жоқ. Оның мақсаты ─ арнаулы ғылымдардың нәтижесін қортындылау; әрбір ғылымның пайдалы әрі пайдасыз жағы бар, тек пайдалысын қабылдап, пайдасызынан арылу. Ол, француз революциясының теориясы болған француз материализмінен бас тартып, идеализм жолына түседі.
Позитивизмнің келесі сатысы – эмпириокритицизм. Ол позитивизмге қарағанда шындықтан алшақ тұрады. Позитивизм нақты ғылымды зерттеуді ұсынса, эмпириокритицизм ─ біздің сезімнен тыс ешнәрсе жоқ, барлық дүние біздің сезіміміздің жиынтығы деп қорытындылайды. Сөйтіп, объективтік өмірді субъективтік өмірге айналдырды. Эрнст Мах (1836-1916 жж) физик, әрі физиолог, эмпириокритицизмнің өкілі. Субъективтік идеалист. Дүние менің санама байланысты - оны мен қайдан білемін? Махтың пікірінше: «құбылыстар маған әсер еткен жоқ, оны менің сезімдерім тудырды». Оны «түйсіктер кешені» деп атады, олар менің ғана емес, барлық «адамдардың сезіміне байланысты». «Ағаш, стол, үй» менің денемнен тыс өздігінен өмір сүреді, бірақ біз оны психологиялық қабілет арқылы қабылдаймыз дейді.
Екінші өкілі Рихард Авенариус (1843-1896). Оның пікірінше, әртүрлі болмыс өзінің сапасы жағынан сезім ретінде, әртүрлігі жағынан қозғалыс ретінде ойға келеді. Авенариустың «ойды үнемдеу» деген қағидасы бойынша, ойлап түбіне жете алмайтын «материя» сияқты ұғымнан бас тарту керек. Оны біріншіден, сезім элементтеріне бөлшектеу қажет, сонда бәрі де өз орнына келеді. Екіншіден, біз заттың өзін емес, түйсіктер жиынтығын қабылдағандықтан, заттың бар-жоғына көңіл бөлмеуіміз және оған екінші рет ой энергиясын жұмсамауымыз керек дейді. Махтың танымды түйсікпен шектейтін идеалистік эмпиризмі сыннан өте алмағандықтан, ХХ ғасырда оның орнына неопозитивизм ағымы келді.
Неотомизм – ХІХ ғасырдың 70 жылдары пайда болған, әсері үлкен діни – философиялық мектептердің бірі. Ф. Аквинский ілімінің негізінде сенім мен ақыл-ойдың үйлесімділігіне және сенім ақиқатының алғышартылығына жүгінеді. Ватикан шіркеуінің теориялық басты қаруы. Ол философияда христиан дінінің дәстүрін, догмалық идеялары мен теорияларын сипаттайды. Неотомизмнің көрнекті өкілдері: Жак Маритен, Этьен Жильсон т. б. Томизмнің негізгі мәселесі - құдайдың болмысын дәлелдеп, дүниедегі орнын анықтау болса, ал неотомистер оны адам болмысы мәселесімен толықтырды. Олар қазіргі заманның жаратылыстану теорияларын түсіндірумен шұғылданды, кейде өзіндік жемісті идеялар айтты. Соның бірі ─ Тейяр де Шарден әлемнің эволюциясы туралы ойлары.
Неотомизмнің орталық мәселесі ─ Құдай. Діни ілімде құдай мәңгі және шексіз, діни философияның міндеті осы тұрақты ақиқатты ашу. Бірақ ХІХ-ХХ ғасырда адамдардың өмір сүру жағдайлары өзгеріп, олардың түсінігі ғылыми білімдерге сүйене бастады, осыған байланысты діни философияның міндеті күрделенеді. Діннің негізі болып келетін догматтарға сенуді сақтау мен оларды жаңаша түсіндірудің қажеттігі арасында қайшылықтар көбейіп, діни идеология тиянақсыз күйге түсті.
Неотомизмнің басты мәселесі - адам, оның өзінің «Менін» іздеп, қайталанбайтын рухын өзгертуге, жаңартуға ұмтылуы. Олар адам мәселесін этикамен байланыстырады. Кейінгі кездерде діни философия адамдағы жақсылықтың мәнін түсіндіруге белсенді күресуде. Олар адамзаттық құндылықтарды қорғайды: ядролық қаруға қарсылық білдіреді, экологиялық мәселелерді шешу мәселесін көтереді. Неотомизм ғылымды жоққа шығармайды, бірақ ғылым өзінің даму барысында адамзатқа тигізіп отырған зияндығын сынайды. Осыған орай католицизмнің кейбір батыс Еуропа елдеріндегі және Латын Америкасындағы ықпалының күштілігі, Ватиканның материалдық қаражат мүмкіндігі, зор байлығының болуын сақтап отыр.
Персонализм (лат. Perona - тұлға ) ─ діни философиясындағы маңызды ағымының бірі. Адамды құдайдың жаратуынан пайда болған, жер бетіндегі рухани құндылықтың жоғарғы мәні деп санайды. Персонализм адамды «жеке дербес индивид» ретінде қарау тәжірбиесіне қарсылық барысында пайда болды. Олар адамды тұтастық құрамындағы құбылыс, жан - жақты жетілген жоғарғы құндылық деп санайды. Оның өмірінің мәні, құдаймен бірігуі болып есептелінеді. Персонализм бағытын Н. А. Бердяев, Л. Н. Шестов, Н. О. Лосский, Америкада Б. Боун және Дж. Мунье, Ж. Лакруа, П. Ландсберг, т. б. дамытып отырды..
Семинар сабағының жоспары:
-
Маркстік философия: негізгі идеялары мен қағидалары. Марксизм және қазіргі
заман.
-
Позитивизм және оның тарихи түрлері.
-
Өмір философиясы. А. Шопенгауэр, Ф. Ницше.
-
Фрейдтің психоанализ теориясы.
-
Діни философия. Неотомизм. Персонализм.
Әдістемелік ұсыныстар:
Марксизм философиясының негізгі идеялары мен қағидаларын және қазіргі замандағы сыни көзқарастарды талдау. Марксизмдегі материалистік диалектиканың дүние игерудегі мәнін түсіну. Марксизмдегі принциптік жаңалық – адам тек табиғатта өмір сүрмейді және оны өзгерту мақсатын талдау.
«Өмір философиясы», Иррационализм. Санасыздық және психоанализ А. Шопенгауэр, Ф. Ницше және З. Фрейд ілімдерінің даму барысындағы ықпалын түсіну. .
Позитивизм және оның тарихи түрлері мен міндетін түсіну: О. Конт, Э. Мах, Р. Авенариус.
Діни философияның эволюциясы. Неотомизм. ХХ ғ діни философия: традиционализм және оның жаңартуға ұмтылуы. Осы күнгі неотомизмнің принциптері. Діни ой - өрістің түрлі бағыттарының өкілдері (Ж. Маритен, Тейар де Шарден, М. Нибур, Мұхамад Икбал, т. б.). Құдайдың барлығын дәлелдеу проблемасы. Персонализм.
Бақылау сұрақтары:
-
«Иррационализм » ұғымы нені білдіреді?
-
Ницшенің «билікке жету еркі» теориясы?
-
Позитивизм, оның мектептерінің пайда болуы?
-
Санасыздық пен иррационалдық мәселесі?
-
З. Фрейдтің психоанализ ілімінің ерекшелігі неде?
-
Рационализмнің жаңашылықтары мен дәстүрінің қалыптасуының мәні?
-
Марксизмдегі практика түсінігінің прагматизмнен айырмашылығы?
-
Ғылымға және ғылыми әдіске сүйенетін позитивизм неліктен субьективтік
идеализмнің бір түрі ретінде қаралады?
Баяндамалар мен рефераттар тақырыбы:
-
Марксизмдегі диалектика теориясы және табиғат философиясы.
-
Марксизм философиясының негізгі ойлары.
-
Марксизмдегі қоғамдық экономикалық формация туралы ілімі.
-
О. Конт – позитивизм – прогресс идеясы.
-
Шопенгауэр ерік - болмыстың негізгі шегі.
-
Философиядағы иррационалистік тенденция және индивидуализм мәселесі
(Шопенгауэр, Ницше).
-
Ницше философиясы: шығармашылығының негізгі үш кезеңі.
-
Фрейдтің санасыздық және психоанализ идеясы.
-
Неотомизм философиясы католиктік дінінің негізі.
-
Томизм және неотомизмдегі сенім мен ақыл-ойдың үйлесімдік принципі.
Философиялық мәтіндермен жұмыс істеу:
-
Антология мировой философии. Т. 3. М.: 1971.
-
Маркс К., Энгельс Ф. Немецкая идеология. Маркс К., Энгельс Ф. Соч. Т.3.
-
Маркс К. Экономическо-философские рукописи. 1844 г. Соч. Т.20.
-
Ницше Ф. Так говорил Заратустра М.: 1990.
-
Энгельс Ф. Анти-Дюринг Маркс К. и Энгельс Ф. соч. Т.20.
-
Фрейд З. Введение в психоанализ. Лекции.М.: 1989.
-
Шопенгауэр А.Свобода воли и нравственность. М.:1992.
-
Шопенгауэр А.Афоризмы и Максимы.Л.: из-во Ленинградского Университета. 1991.
Әдебиеттер тізімі:
-
Антология мировой философии. Т.3.М.: 1971.
-
Алтай Ж., Касабек А, Мұхамбетәлі. Философия тарихы. Алматы, 2000.
-
Ақназаров Х.З. Философия тарихынан дәрістер курсы. Алматы, 1992.
-
Әбішев Қ. Философия. Алматы. Ақыл кітабы. 2001.
-
Бейсенов Қ. Философия тарихы. Алматы, 1992.
-
Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. Алматы, 2003.
-
Қасабек А. Тарихи-философиялық таным. Оқу құралы. Алматы, 2002.
-
Мир философии: Хрестоматия в 2-х частях М.: 1991.
-
Мырзалы С. Қ. Философия әлеміне саяхат. Қостанай, 2000.
-
Мәдени-философиялық энцеклопедиялық сөздік /Т. Ғабитов, А. Т. Құлсариева. –
Алматы, Раритет, 2004.
-
Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Философия тарихы. Алматы, 1999.
-
Современная западная философия. Словарь. М.: 2000.
-
Фрейд З. Тотем и табу. М.: 1990.
-
Философия (под ред. Никитич Л. А.) М.: 2000.
-
Философия (Құр. Т. Ғабитов Аламты, Раритет, 2005).
-
Философиялық сөздік. Алматы, 1996.
-
Фрейд З. Я и Оно. М.: 1998.
ХХ ғасыр философиясы
ХХ ғ. Еуропа монополистік капитализм деңгейіне көтерілді. Ұлттық айырмашылықты жоққа шығаратын әлемдік өнеркәсіп және сауда-саттық ерекше дами бастады. Осы өзгерістер қоғамның әлеуметтік және рухани саласында да көрініс тапты. Философияда ескі мәселелермен айналысумен қатар, заман талабына сай оларға жаңаша қарап, жаңаша шешуге ұмтылыстар пайда болды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында көптеген философиялық бағыттарда «Нео» деген қосымша сөз жалғанады. Ол ілімдердің бір философиялық жүйеден шыққанын, яғни тектес, екінші жағынан бір-біріне қарама-қарсы екенін көрсетеді және классикалық философия үлгісінен оның айырмашылығына көңіл аударады.
Беиклассикалық пен классикалық философия арасындағы қақтығыстықтың орталық мәселесі рационалдық ақыл-ойға, оның рөліне байланысты болды. Беиклассикалық философия адамзаттың рухани байлығының ерекше бір бөлігі. Бұл философия адамзат ақыл-ойының әр-түрлі салаларына байланысты тұжырымдар жасап, жауап берді. Ол іштей біртекті емес, онда көптеген бағыттар, тұжырымдамалар мен теориялар бар. Оның ішінде жаңа әлемдік және экологиялық мәселелер бар.
Қазіргі заман философиясының ерекше сипаты және белгілері:
-
«Практицизм» - дара тұлға мен әлеуметтің, материалдық пен руханидың нақты шынайы өмірге бағытталуы.
-
«Эволюционизм» - табиғатта, қоғамда және адам танымында эволюция идеясының кең таралуы.
-
«Релятивизм» - адам білімінде салыстырмалылық (относительдік) идеясының көп орын алуы.
ХХ ғасыр философиясында бір-біріне қарама-қарсы сипаттағы негізгі екі бағытты байқауға болады. Біріншісі - сциентизм (лат scientia–ғылым), екіншісі – антисциентизм. Бұл рационализм мен иррационализм арасындағы қатынас, ғылыми-техникалық прогреске байланысты қарама-қарсы көзқарастар: сциентизм, яғни рационалдық–ең алдымен жаратылыстануда, ал гуманитарлық салада - психология, логика және лингвистика секілді ғылымдардың жемістерін қолдана отырып, ақыл-ойға сенім білдіреді. Антисциентизм керісінше, ақыл-ойға және ғылымға сенбейді.
Сциентизм таным теориясында ақыл-ойға, оның негізіндегі дәлелденген білімге сүйенеді. Рационализмнің қызметі екі сатыдан тұрады дейді:
- ойлау қызметі тәжірбиеге сүйенеді, яғни ойлау дегеніміз–ақылға салу, дәлелдеу;
- ойдың қызметі тәжірибеден де жоғары.
Тану процесінде, адамның дүниені игеруінде логикалық (ойға қонымдылық, қисындылық) пайымдау арқылы, ұғым мен ой-тұжырымының нәтижесінде дүние туралы жаңа білімдер пайда болады. Ғылымға сенудің себебі: ғылым жетістігі өмір сүруді жеңілдетеді, адамға қызмет етеді; ғылымда көптеген жаңалық ашылады; жаңа техникалар пайда болады (компьютерлер, ұшақтар, теледидарлар, радиолар); жаңа әрі тиімді технологиялық әдіс дүниеге келеді.
Антисциентизм - иррационалдық (ақыл жетпейтін) құбылыстарды мойындап, логикалық тәсілді жоққа шығарады. Ғылым адамды шынайы біліммен қамтамасыз ете алмайды, болмыстың бүтіндігі, үзіліссіздігі туралы ұғымды бөлшектеп жібереді дейді. Логиканың орнына интуициялық әдісті ұсынады, шындықты тікелей тәжірибенің көмегінсіз ашуға болады деп санайды. Ал ғылым, ғылыми-техникалық прогресс адамға зиян келтіреді, адамның ерекше қасиеттерін сөндіреді, адамның физиологиялық жағдайын нашарлатады, адам есептеуді, ойлауды тоқтатады, адам миының қызметі нашарлайды деген сылтаулар айтады. Иррационализм - мистикаға (түсініксіз, жұмбаққа) сенуге де, ғылыми ізденістерге де жеткізеді. Сондықтан оған сыңаржақты қарап, оны жақтауға не даттауға болмайды.
Позитивизмнің үшінші түрі - неопозитивизм. Қазіргі батыс философиясының негізгі ағымы, ХХ ғасырдың 30-60-шы жылдары пайда болды. Оның өкілдері: «Вена үйірмесінің» философтары: М. Шлик – негізін қалаушы, оның ізбасарлары Р. Карнап, О. Нейрат, Б. Рассел (1872-70 жж.); Львов – Варшава мектебінің өкілі Тарский Альфред (1902-84 жж.). Олар философияның күрделі әрі маңызды әдістемелік мәселелерін шешуде, өздерінің нақты үлестерін қосты. Неопозитивизмнің басты идеясы: философия ғылым тілі - логиканы талдап, жетілдірумен шұғылдануы керек. Тіл қоршаған ортаны қабылдаудағы адамның позитивтік (шынайы) басты құралы. Тілді логикалық талдау - бұл мәтіндерді, ұғымдар мен таңбаларды зерттеп, солардың жүйесінің ішкі байланысын, семантиканы мәнін) қарастыру. Осылайша неопозитивизм «Герменвтикаға» жақындасады.
Неопозитивизмнің негізгі принципі верификациялау (лат. Verus – ақиқат және fasio - істеп жатырмын) - ойды сезімдік тәжірбелермен салыстыру арқылы тексеру. Егер ой тексеру немесе логикалық сараптау арқылы верификацияланса (дәлелденсе немесе терістелсе), онда ғылымға жатады да, қалғандары–жалған болып шығады. Ақиқаттың ғылыми орнын анықтау үшін, біріншіден, логикалық-математикалық жолмен, екіншіден, эмпирикалық тексеру, яғни бақылау, өлшеу мен эксперимент т. б. арқылы растайды. Логикалық-математикалық сөйлемдерді тәжірбие арқылы тексеруге болмайды, себебі олар обьективтік нақтылық туралы емес. Болмыс, сана, идея, құдай секілді бұрынғы философиядағы мәселелерді алып тастау керек, себебі олар верификациялауға жатпайды әрі ғылыми шешімі жоқ мәселелер болады дейді.
Неопозитивизмнің логикалық ғылым тілін талдаудан басқа мақсаты–философияны метафизикалық дүниеге көзқарастық мәселелерден ажырату, ғылымды философиядан бөліп тастап, білім тек қана нақты ғылымда мүмкін деп, философияны тіл түрлерін, негізінен ғылыми тілді талдаумен шектеу. Неопозитивизм өкілдері ғылымның обьективтік заңдылықтарын мойындамады. Неопозитивизмнің түрлері көп, олар–прагматизм, инструментализм, структурализм, герменевтика. Бұлар негізінен ХХ ғасырдың екінші жартысы философиясында өзінің нақты қалыптасуын және дамуын тапты.
Прагматизм (гр. pragma іс-әрекет) - бұл ағымның өкілі әрі негізін салушы Чарльз Пирс (1834-1914) және Джемс Уильям (1842-1910). Бұл философияның негізгі принципі: қандай ой-пікір немесе іс-әрекет болса да, егер ол пайда әкелсе - шын, басқаша болса - жалған. Прагматизм ағымының бір түрі - инструментализм (instrumentum- қару), негізін қалаушы американ философы Джон Дьюи (1859-1952). Инструментализм түсінігінде ғылыми заңдар тек қару болып есептелінеді. Инструментализм «қоғамдық прогресс» дегеніміз–нақты межеге жету емес, жәй процесс дейді. Дьюи философиясының бағыты эмпиризм болғандықтан, тәжірибеге көп көңіл аударды. Ол алғашқы түрткі болатын идеяны, тіршіліктің бастапқы себебін іздеу орынсыз дейді.
Герменевтика (грекше germenututios- түсіндіру). Герменевтика ілімі антика заманынан басталған. Оны Аристотель еңбегінің (Об истолковании - Түсіндірме туралы) атауынан-ақ көреміз. Бұл ілімнің мақсаты, мәдениет саласын ғылыми деңгейде тану, кең мағынасында адамның рухани дүниесін түсіну болып саналады. Інжілдің мәтіндерін талдауға арналған Реформация кезеңінде (ХVI) гермевтиканың рөлі арта түсті. Герменетивканың қазіргі замандағы философиялық бастауын жасағандар Ф. Шлегель, Ф. Шлейермахер, бұл ілімді ары қарай дамытқан және оған зор әсер еткен ойшылдар: В. Дильтей, Г. Зиммель, Э. Гуссерль, М. Шеллер, Э. Бетти, Г. Гадамер, М. Ландман, Г. Рикер, М. Хайдеггер.
Неопозитивизм методологиясының орнына постпозитивизм ағымы 60-70 жылдары дамыды. Ол ғылыми білімді бірін-бірі алмастырған теориялар арқылы өсетін, жинақталып өзгеретін деп санап, логикалық позитивизмнің кей сұрақтарынан алшақтап кетті. Өкілдері: К. Поппер (1902-1994),Томас Кун Сэмюэл (1922), Лакатос Имре (1922-74).
Постпозитивизмнің пайда болуы К. Поппердің «Ғылыми жаңалық ашу логикасы» және Т. Кунның «Структура научных революций» деген еңбектерімен байланысты. Рационализм ағымы өкілдерінің түсінігі бойынша, ғалымның мінез-құлқының ерекше қағидасы: олар өздерінің ғылыми болжам (гипотеза) қорытындысының жалған болуынан еш уақытта қорықпауы керек. Сыни рационализм, демек факті мен ғылыми әдістемелікке сүйенген сынға ашық болу керек. Сол үшін өзіне фальсификация (лат falsus- жалған және fasio- істеймін) қағидатын қосады. Фальсификация - бекерге шығару арқылы дәлелдеу. Ол ойдың қисынды немесе қисынсыздығын байқау арқылы шешіледі. Бұл қағиданы Поппер ғылымды метафизикадан шектеудің белгісі (критерий) ретінде әрі неопозитивизмдегі верификация әдісіне балама ретінде ұсынды. Оның ойынша, ғылым заңдарын бақылауға болмайды, олар верификациялауға жатпайды. Ғылым үшін верификация принципі емес, фальсификация принципі қажет, яғни ғылыми деген сенімді идеяны қалай да болмасын жалғанға шығарып, жалғанға шықпаған ғылыми жобаны ─ ақиқат деп санауды ұсынады.
Постпозитивизмнің өкілі Т. Кун ғылым тарихы ғылыми қауымдастықтардың бәсекелестігі, алма-кезек күресінің нәтижесі дейді. Негізгі рөлді логика мен методология нормалары емес, парадигмалар (сөздердің үлгісі), қауымдастықтың қабылдаған және ғылыми дәстүрдің өмір сүруін қамтамасыз ететін сенімдер, құндылықтар, техникалық құралдарының жиынтығын білдіреді. Кун ғылым дамуындағы сабақтастықты мойындамайды, әрбір теорияны тәуелсіз, басқамен сыйыспайды дейді. «Парадигма» деген ұғым қазіргі замандағы постпозитивизмде ең маңызды түсінік болып саналады. Парадигма ─ барлығының ғылыми жетістіктерді мойындауы, бір берілген уақытта мәселелер мен шешімдерді қоюдың моделі. Ғылым дамуының негізгі сәттері ғылыми революция арқылы, секірмелі процесс ретінде іске асады. Т. Кун ғылымға, оның философиялық мәнін түсінуге өте зор үлес қосты. Ол ғылым дамуы және ғылымдардың қызметі туралы біздің түсінігімізді тереңдетті, ғылым дамуының кейбір диалектикалық сипатын ашты.
И. Лакатос теорияларды емес, бірнеше жеке теорияларды қамтитын ғылыми-зерттеу жоспарларын салыстыруды ұсынады. П. Фейерабенд ғылымның иррационалдық миф пен діннен ешбір айырмашылығының жоқ екенін айтады. Ол «методологиялық анархизм» теориясын жасады. Онда ол ғылымда ешбір тиянақты өлшем жоқ, оларды біз жасаймыз және уақытқа байланысты өзгертіп отырамыз дейді. Постпозитивистердің пікірінше, ғылыми білімнің мақсаты объективтік ақиқатқа жету емес, белгілі бір міндетті орындау. Мысалы, жәй және нақты теория құрастыру. Ақиқат ұғымы сенімге, мүддеге, т. б. алмастырылады. Постпозитивистер неопозитивистердің ғылыми әдістемелік талдау түсінігін сынайды, бірақ логикалық позитивизмнің ұмтылыстарымен жалпы байланысты үзбейді, одан талдау жолдарын алады, эмпиризмді жақсартып, философиялық мәселелерді тіл саласына аударады. Бүгінде постпозитивизм өз мәнін жоғалтты. Бұл жалпылай мойындалған ғылымның даму теориясының жасалуымен және ағымның тұйыққа тірелуіне байланысты болды. Постпозитивизмнің өз ішіндегі дискуссия көптеген қарама-қайшылық көзқарастың барлығын, философия ілімінің плюралистік сипатын көрсетті.
Зигмунд Фрейд (1856-1939 ж.) - австриялық дәрігер, психотерапевт, нервопатолог, психолог, психоанализмнің негізін салушы. Фрейд: Санасыздық мәселесі бұрын зерттелмеген деп санайды. Санасыздық дегеніміз ─ психикалық ерекше ақиқат және адамға тән, сонымен бірге өмір сүріп оны билейді. Санасыздықтың өмірдегі кең тараған түрі - түс. Түс ─ адамның ақиқат өмірде іске аспаған, жасырын ұмытылысының арқасында туады. Психологияның қорғану тәсілі - жағымсыз эмоцияның, тәжірибенің денсаулық пен тепе-теңдіктің бұзылуына байланысты, санадан санасыздыққа ығысу реакциясы.
Санасыздыққа ығыстырылған жағымсыз эмоция, орындалмаған тілек, «кездейсоқ» спонтандық (сыртқы әсер мен ішкі себептерден пайда болған) қимыл, жаңсақ қылық, жаңылыстық және ағаттық, ерте ме кеш пе өздерін білдіреді. Оны дәрігерге кезекте тұрған мынадай мысалмен көрсетуге болады: санасыздық - үлкен ауыз үй. Онда әртүрлі ойлар, еріктер, адам эмоциялары ішкі үйге - санаға - кіруге өз сағатын күтіп отырады. Сана дегеніміз - шағын кабинет, оған ақыл-ойлы пікір және тілектер ғана шақырылып отырады. Ауыз үй мен кабинеттің арасында күзетші бар, ол санаға тек оған керек ойларды ғана жіберіп тұрады. Күзетші кейде кетіп қалады, кейде мүлгіп кетеді, осы сәтте қажеті жоқ күтушілер сана кабинетіне кіріп кетеді. Мүлгіп кеткен күзетшілер оянып, оларды қайтадан ауыз үйге қуып шыға бастайды. Фрейд өзінің бірінші психологиялық жүйесіне байланысты (1905-1920 жж) санасыз-дықтың негізінде «Либидо» - жыныстық (сексуалдық) құштарлық, жыныстық инстинкт жатыр деді. Либидо өз көрінісін жыныстық әркеттен іздейді. Фрейдтің пікірі бойынша, сексуальдық импульс үшжақты іске асады: біріншіден - сексуальдық және сексуальдық емес әрекетті тікелей бостандыққа жіберу арқылы; екіншіден - санасыздыққа ығыстырылады, үшіншіден – реакция туғызу қабілеті арқылы пайда болатын ұят, моральға айналып, өз энергиясынан айырылып басылатын болады.
ХХ ғасырда Фрейд өзінің екінші психологиялық жүйесін жасады, мұнда санасыздық энергиясының пайда болуына жаңаша қарайды. Эрос (өмір инстинкті) - адам мінез-құлқының конструктивті негізінде жасампаздық жатыр. Адам осыған байланысты өзінің қажеттілігін қамтамасыз етіп тұқымын жалғастырады. Танатос (өлу инстинктісі) - ол адамды деструктивтік әрекеттерге, өзіне «жат» және қатерлі болатындардың бәрін қиратуға итереді. Адам өмірі - әрдайым Эрос пен Танатостың арақатынасы болады. Фрейдтің ойынша психика өзінше дара және материалдық процестермен қатар жүреді. Ол санадан тысқары мәңгілік психикалық күштер арқылы басқарылады (санасыздық). Адамның еркінен тыс психикалық конфликтер, ұдайы қақтығыстар жасап тұрады. Қақтығыс құмарлыққа ұмытылу (либидо), санасыздық және саналы қалыптасқан «шындық принципі» арасында болады.
Неофрейдизм ─ Фрейд ілімі негізінде философиялық ағым ретінде пайда болды. Бұл ілімді жалғастырушылар оның шәкірттері: ─ Альберт Адлер, Вильгельм Райх, Густав Юнг және Эрик Фромм болды.
Э. Фромм (1900-1980 жж.) неміс-американ социолог-психологі, психоаналиткалық бағыттың өкілі. Оның «иелену немесе болу» деген еңбегіндегі орталық мәселе адам табиғатындағы қарама-қарсылық, оның тарихи тағдыры, шынайы дүниені көре білу мүмкіндігінің болуы. Өз ұстанымында және бұл сұрақтарды түсінуде ол Маркс пен Фрейдтің тұжырымдамаларына сүйенеді. Оған Спинозаның идеялары да зор әсер етті. Фроммның пікірінше, біздің санамыздағы қиялды әшкерлеу - ақиқатты табу және оны біздің ішкі дүние мен мінез-құлқымызды өзгертудің қаруы ету. Бұл өзгертудің басты мәселесі – адамдар арасындағы қатынастың ашық болу мүмкіндігіне қуану және жасау, оның шығармашылық күшін азат ету.
Юнг Карл Густав (1875-1961 жж.) – Швейцария психологі, мәдениеттанушы, «аналитикалық психологияны» жасаушы, негізін қалаушы. Фрейдтің жақын жақтаушысы. Кейін Фрейдтің натурализм мен пансексуализміне қарсы болды. Ол: «психоанализ нақты, оны әрдайым жалғыз берілген схемамен жүргізуге болмайды»- дейді. Юнг Фрейдтің жеке адам санасыздығымен қатар, «Ұжымдық санасыздықтың» терең қабаттары болатынын айтады. Архетиптер («бастапқы» психикалық құрылымдар түрінде сақталған ежелгі тәжірибе) дүниені қабылдау мен ой елегінен өткізуге априорилық әзірлікті қамтамасыз етеді. Архетиптер, тәжірибеге дейінгі кейбір құрылымдар, шығармашылық, материалдық қатынастардың қалыптасу қағидасын реттеуші болады. Архетпитер аналитикалық техниканы қолданғанда түсінілмейді, күйзелуде және нақты адам бейнесінде, мәдениетте, діни дәстүрде және эзотерикалық символикада көрінеді Олар түс, мифтер, мінез-құлықтың ауытқуы арқылы білінеді. Жетекші архетиптер: Анима (әйелдік бастама), Анимус (еркектік бастама), Тень (біздің ішіміздегі арам адам, жеке санасыздық), Персона (әлеуметтік бет перденің жиынтығы), Самость (біздің шынайы интегралдық «Менге» жақындау дәрежеміз). Архетиптер бастапқы кезден-ақ, ақыл-ой қамти алмайтын байланыстардың жинағы, олар құпия, киелі (сакральды) болады. Онда зор энергия, өзіндігі жоқ күш бар. Адамдар мәңгі үлгілерге ұмтылады және бір шамада олардан қорқады, сондықтан символдарда бейнелейді. Олардың қай-қайсы болса да санасыздықтың күшін аздап ашады және жасырады.
Феноменология - батысеуропалық ХХ ғасыр философиясының жетекші ағымдарының бірі .Оның негізін қалаушы ─ Эдмунд Гуссерль (1859-1938жж). Феноменологияның пайда болуына Декарт, Лейбниц, Беркли, Кант пен Марбург мектебінің ілімдері ықпал жасады, оған Вильгельм Дильтей де өз үлесін қосты. Феноменологияның орталық мәселесі ─ сананы болмыстың ерекше өңірі ретінде қарау. Сананың ішкі белгілерінің ешбір заттық, әлеуметтік сананың негізіндегі санасыздық қатынастарға принципті түрде қосылмайтынын айтады. Әлем немесе оның заттарына емес, оларды түсінуде сана әрекетіне аударылуы тиіс. Сананың спецификалық сипаты оның интенционалдығы яғни ішкі объектіге мағынаға бағытталуы. Сананың қатынасы себептілікке байланысты болмағандықтан феноменлогия дескриптік әдісті қолданады да, мағына табу тәсілін суреттейді. Феноменологиялық әдіс психологияда, социологияда, этикада, эстетикада, құқықта, онтологияда, философияда, математикада және жаратылыстануда көрініс табады.
ХХ ғасырда Батыс философиясының белгілі бағыты ─ экзистенциализм болды. Оның негізін дат теологі, әрі философы С. Кьеркегор (1813-1855) жасады. Ол рационалдық философияны реализмді мүлде жоққа шығаратын абстракциялығы және адамға деген салқындығы үшін айыптады. Олар тек бір жалпылықты - рухты, материяны, құдайды, прогресті немесе дерексіз ақиқат мәселелерін қарастырады, ол философиядағы негізгі мәселе - адам екенін ұмытып кетті деді.
Философияда адамды мадақтауды ─ антродиция дейді. Бұл мәселе «өмір философиясының» үлкен ағымы экзистенцтализмде қаралады. Экзистенциализм бағытына «өмір философиясының» өкілдері көп әсер етті. Олар ─ Б. Паскаль, Ф. М. Достаевский және Ницше секілді ұлы адамдардың шығармаларынан да көп ойлар алды. Философия ілімі дамуының қазіргі кезеңі және мектептері «ақыл-ой дәлелінің» «жүрек дәлелін» алмастыра алмайтынын Б. Паскаль көрсетті. Адам мен оның болмысын ақыл-ой тәсілімен түсіндіру өте қиын. Нақты адамды ғылым көмегімен, ұдайы өзгеріп отыратын тұтас мән ретінде және оның мақсатын, пейілін, күйзелісін, қамқорлығын, қорқуын, өмір сүруі мен билікке ұмтылу еркін түсіну мүмкін емес.
Экзистенциализм идеялары әр елде, әр уақытта айтылды. Экзистенциализм өзінің мазмұны бойынша біртекті емес. Сондықтан ол: діни, атеистік болып екіге бөлінеді. Экзистенциализмге жақын теорияларды Ресейде бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Л. Шестов, Н. Бердяевтар насихаттады. Германияда бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін Францияда ол тез тарады (К. Марсель, Ж-П Сартр, А. Камю, т. б.), ал 50-ші жылдардың соңында АҚШ-та дамыды.
Экзистенциализмнің басты мәселесі ─ адам, адамның болмысы, оның мәні мен тағдыры. Экзистенциализмнің басты категориялары: жалғыздық жауапкершілік, үрей, ажал, шекаралық жағдай, бостандық. Экзистенциалдық онтологияда объективтік физикалық болмыс емес, адам болмысы туралы сөз болады. Ондағы басты онтологиялық сипат - адамның жай-күйінің әртүрлі болуы. Жиі кездесетін жағдайлар - қорқыныш, ұят, намыс, күмән, үрей - күтімсіздік пен қамқорлықтың салдары. «Шынайы болмыстың» негізгі көрінісі - адамның өмір сүруі және ондағы оқиғалар. Оқиғалар ғана адам болмысының іске асуының тәсілі болады. Оқиғасыз болмыстың өзі жоқ, экзистенция жоқ, адамның өмір сүруі тоқтатылады. Адам өміріндегі оқиғаның көптігі, оның болмысының толықтығының кепілі.
Экзистенциядағы «шынайы болмыс» уақытқа сәйкес болады. Уақыт - ең алдымен адам болмысының нәтижесі, сонымен бірге болмыстың өзі оқиғаның туындысы. Уақыт - өмірдегі бір оқиғадан, басқадай нәтиженің қалыптасуы. Сондықтан олар физикалық уақыт (секунд, минут, сағат) туралы емес, оқиғалар уақыты туралы айтады. Адамның барлық уақыты өз кезегімен өтіп жатқан оқиғалардан (туу, шілдехана, үйлену, ажырасу, оқуға түсу, пенсияға шығу, жұмыс істеу, қызықты кездесулер, т. б.) тұрады. Экзистенциалдық уақыт - жеке бастың сипатында болады, ол адам өміріндегі оқиғаның саны, сапасы, уайым, қайғы-қасірет, таңдау мен жауапкершілік. Былайша айтқанда ол ─ тағдыр. Экзистенциализмнің онтологиялық тұжырымдамасының мәні: болмыс пен уақыттың арасында өзара диалектикалық байланыс бар. Оны Хайдеггер «болмыс пен уақыт» бір-бірін анықтайды дейді.
Экзистенциализм онтологиясы (болмысы) мен гносеологиясы (танымы) тиянақты байланыста болады. Экзистенциализм танымы - адамның қайғыруы және одан да күшті қайғыруы; осыған сай болмысты терең танимыз. Дүниедегі нақты болмысты, әсіресе болмыстың мәнін ашуда Ясперс енгізген «шекаралық жағдай» категориясының рөлі зор. Ясперс: «тек осы минуттарда ғана адам өзінің нағыз өмір сүруін» (өзінің табиғатын) ұғынады, басқа уақытта олар кәдімгі болмыстың күнделікті тікелей әсері арқылы жасырынып жатады ─ дейді. Дау-жанжал кезінде адамның үміт үзілуі, қайғыруы, қорқынышы шекаралық жағдайға келеді, онда шынайы өмір сүрудің мәні ашылады.
Мұндай танымды түсіну, діни және атеистік экзистенциализмге де тән. Осындай нақты шекаралық жағдайда адам өзінің таңдауын жасайды. Мысалы, Авраамның таңдауын алайық. Құдай Авраамға өз баласын өлтіруді міндеттейді. Осыдан оның жан-дүниесі күйзеліске түседі: сенімге бағыну немесе өзінің әкелік-моральдық борышын атқару мәселесі туады. Экзистенциализмдегі діни көзқарастың негізіндегі таңдау - ол дұрыс жол, Христос жолы, Құдай-адам жолы. Атеистік экзистенциалимздегі таңдау – құдайсыз-ақ өзіңді табу, іске асыру. «Жеке адам өзін-өзі іске асыруы тиіс»- дейді Сартр. Құдай арнауымен емес, өзін сырттан іздеу арқылы азат болу немесе басқа әркетте өзін табу. Адамды ештеңе, ешкім (құдайдың өзі де) өзінен құтқармайды. Бұл мәнінде: «Экзистенциализм - оптимизм, әрекет туралы ілім»,- деп жазады ол.
Экзистенциализмде таңдау ұғымдары мен бостандық категориясының толық байланыста болуы ─ ең бір негізгі ерекшелік болып саналады. Таңдау бастапқыда танылмаған бостандықпен түйіндес болады. Адам өзін-өзі жасау арқылы, өзін іске асыру тәсілін таңдайды. Экзистенциализмде таңдау мүмкіндігі әр адамның о бастан-ақ берілген еркіндігі, әрине оны ол керек етсе. Ал, бостандық - адам өмірінің өзі. Атеистік экзистенциализмде ─ бұл ұғымдар негізінен бір ретте болады, ал, діни экзистенциализмде экзистенция жердегі өмірдің арғы жағына тарайды Яғни, эсхатологиялық мәні бар, бостандық ─ өмірден де жоғары қойылады.
Экзистенциализм өкілдері өз философиясының өзегіне адамның қоғамнан жаттануын қойды. Олар адам қоғамнан алшақ болуы және оның әсерінен қашуы керек дейді. Ол үшін қиялы болып келетін осы дүниені ұмытып «шынайы шындық”, «Мен»-ге терең үңілуі керек. Жеке адам болмысы ғана бірден-бір шын дүние саналуы қажет. Экзистенциализм сезімді абсолютке айналдырып, оны ақылдан және адамның қоғамдық табиғатынан ажыратып қарайды. Экзистенциализм философиясы жетілуде, оның идеялары кең түрде әдебиетте, өнерде қолданылып, аса маңызды жалпы адамдық мәселелерді қарастырады
Структурализм - (лат structura - құрылым) объектінің тұрақты байланыстарының жиынтығын қамтитын құрылым ұғымына негізделінеді. Онда кезкелген зерттеп отырған құбылыстарды өзгерткенде, құрылымның сақталатынын мойындау жатыр. Структурализм “адам-субъект” және оның бостандығы деген қазіргі кезде тарап кеткен гуманистік түсініктерге қарсы шықты. Бостандық тек қана фикция, ол тірі және өлі дүниедегі жалпы құрылымдарға тәуелді, әлеуметтік және мәдени өмірдің бос қияли жемісі деп санайды. Құрылымдық біртіндеп лингвистикалық әдіс болып қалыптасып, тіл мәселесімен айналысты. Бұл әдістің жан-жақты тарауы, оны философиялық пайымдау, оның әлеуметтік-саяси және мәдени оқиғаларға араласуы, сынау және өзіндік сынау арқылы структурализмді постструктурализмге жеткізді.
.Постструктурализм -ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында дамыған әлеуметтік-гуманитарлық білімдегі структурализмнің «екінші толқынын» сынау мен қиындығын жеңу барысында қалыптасқан плюралистік бағыт. Структурализмдегі бинарлық (екі бөлімнен, екі компонентен тұру) және иерархиалық түсініктер постструктурализм мен постмодернизмде қандай болмасын бірлікке негізделінбеген көпттік ұғыммен ауыстырылады. Ол Ж.Делез бен Ф. Гваттридің «Кафке» (1974) еңбегінде енгізілген «Ризома» терминінде анық көрінеді. Ризома (гр.rihiza –тамыр) тармақталынған тамырлық жүйенің көптеген «түйінін» білдіреді. Олардың пікірінше «ризома» нақтылықты бейнелеуде құрылым ұғымынан гөрі қолайлы және жеке элементтердің қатал иерархиясын жояды. Дәстүрлі таным теориясындағы негізгі метафора «ағаш» (онда орталық бағана және одан жан-жаққа тарайтын бұтақтардың барын жорамалайды) болса, метафора ризома орталық тамыры жоқ, өте күрделі өз-ара байланыстағы бұтақшалар мен олардың шексіз көптеген басқа қосымша бұтақша мен балауса бұтақтарға тамыр болып қызмет атқара алатындығын білдіреді. Бұл секілді әлем көрінісінде «орталық» және «шеткі аймақ (периферия)» өзінің мәнін жояды.
Постструктурализмнің негізгі ерекшелігі –децентрация, деконструкция, мәдениет тілін дискурсивтік талдауды мәдениет кеңістігінде мәтін мен мәнмәтіннен тұратын таңба жүйесі ретінде түсіндіру. Ж.Деррида бойынша: «ешнәрсе мәтіннен тыс өмір сүрмейді». Ж.Деррида орталықтандыруды сынап, мәтін мен жазуды қызмет ретінде түсіндіріп, «Өзіндік референция» еңбегінде оның өрісін кеңейтті. «Қанша парадоксальді болғанымен, орталық құрылымның ішінде және сыртында орналасқан орталық ─ орталық емес».
Децентрация ─ бұл құрылымды (структураны) басқаратын орталықтың өзінің құрылымының болмауы, ол структураның ішінде және оның сыртында орналасқан. Ол экономикада - өндірістегі децентрация, мәдениетте - мәдениеттің тең құқығының, басқаға көңіл аударудың пайдасы үшін этноцентризмнен бас тартуы, т.б.
Ж.Деррида «деконструктивизм» деген интеллектуалдық қозғалысты тудырды, ол деконструкциядан шығатын түсіндірудің, мәтінді оқудың жаңа тәсіліне негізделеді. Деконструкция мәдениет пен философияны игерудегі еуропалық «метафизикаға» қарсы философиялық ұстаным, саяси стратегия, мәтінді оқу тәсілі, талдау әдісі ретінде қарала алады. Деконструкция жоққа шығару немесе бүлдіру емес, қайта тұрғызуды негіздеу мен іске асырудың жаңа бір талпынысы, ол үшін дискурсивті мақсатты ашып, түйіндерін шешу қажеттілігі туады.
М. Фуко постструктурализм мәселелерін қарастыруда, білімді әлеуметтік құрылымдау саласындағы зерттеулерінде өзінің «Сөздер мен заттар» еңбегінде көп үлес қосты. Еуропалық эпистемологияда (таным теориясы) ол үш эпистеманы (таным өрісі): қайта өрлеу, классикалық рационализм, қазіргі заман деп бөледі. Егер қайта өрлеуде тіл заттар ішіндегі зат ретінде болса, классикалық рационализмде ( модернизм) тіл ойды жеткізетін құрал, қазіргі замандағы эпистемада тіл дербес күшке айналады.
Постструктализм өкілдері: Ж.Деррида, Ж.Делез, Ж.Бодрийар, Ж.Лиотар, Ю. Кристева, М.Фуко – биліктің іске асу тәсілдерін анықтап оған көптілікті, бірегейлікті және ыдыраңқылықты қарама–қарсы қоюды өз міндеттері деп таниды.
Философия енді ешбір онтологиялық, гносеологиялық мәселелерді шешпейді, адамның өмір сүруінің мәні туралы сұрақтары қойылмайды. Философия – интерпретация (талдап түсіндіру) формасы, ақыл-ой мәдениеттің әртүрлі салалары арасындағы интерпретациялық делдал.
«Постмодернизм»- «Қазіргі заман» ұғымына сай, модерннен кейін деген француз сөзі. Постмодернизм әдетте жаңа дәуірдегі рационализм мен ағартушылық философиясының мәселелеріне қарсы тұратын философия. Постмодернизм ұғымы француз философы Ж.Лиотардың «Постмодернизм тағдыры» еңбегінің арқасында жоғарғы мәртебеге ие болды. Постмодернизм термині 1917-1920 жылдары архитектурадағы стиль ретінде, ал 1960 жылы терең түсіндірілу негізінде ғылыми айналысқа енді.
Постмодернизм мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым, техника, әлеуметтік-экономикалық, технологикалық және саяси саладағы біркелкілікті орнатады. Ал қатал логикалық жүйе ─ соңғы қорытынды, әртүрлі тұрақтылықты іздеу, беделдің алдында бас ию, құндылықты негізсіз енгізу, адамдар арасындағы келісімді міндетті етуге тырысу, ескірген этика мен моральді жоғары көтеруден бас тартып, адамды «тоталитарлық жүйеден» босатуға ұмтылады.
Модерн мен постмодернизм арсындағы қайшылық көптеген пікірталастың тууына әкелді, оның ішінде әсіресе, Ю.Хабермас пен Ж-Ф. Лиотардың пікірталасы маңызды болды. Бұл пікірталасқа М.Фуко, Ж.Деррида мен Р.Рорти, т.б. қатысты. Қандай болғанда да олардың көбі ғылымның объективтілігі, мораль мен құқықтың әмбебаптылығы, өнердің автономиялығы, ғылыми прогресс, адамның азаттық ұраны ─ қанаудың әмбебаптық жүйесіне, адамның жатсынуына жеткізгенін мойындайды. Ж. Делез бен Ф.Гвартари қазіргі замандағы капитализм экономикасы мен өндіріс деңгейінде субъективтік тілек машинасын жасап, адамды, олардың құрылымдарын әлеуметтік винтиктеріне(тетіктеріне) айландырғанын анықтады.
Ж. Бодрийар өз еңбегінде қоғамдағы әлеуметтік кеңістіктегі жағдайды сипаттай отырып, оның ерекшелігінің дамуын «симулякр» және «симуляция» түсінігі арқылы көрсетеді. Симулякр дегеніміз көшірме немесе ұқсастық ( үйлестік), түпнұсқаны ығыстырып, түпнұсқадан маңызды болады. Симулякр қазіргі заман мәдениетінде үстемдік етеді, ал оның репрезентациясы кино, теледидар, аспаздық, көңіл көтерудің көмегі арқылы іске асырылады. Олардың шиеленісуі, әртүрлі әлемнің бір сәтте уақыт пен кеңістікте қосылуына әкеледі. Ол өзіндік сәйкестендіруді (самоидентификация) іздеу немесе тар шектелу локализация мәдениетіне жетелейді.
Батыс еуропалық постмодернизм, постиндустриалдық қоғам ұғымына сай құндылық, енді ақша немесе билік емес - ақпарат, нақты шындық - виртуалдыққа айналды. Лабиринт принципі арқылы құрылып, БАҚ гипершындығын (Ж.Бодрийар) тудыратын гипермәтін ұғымы пайда болды.
Постмодернизм өкілдері: Р. Барт, Ж. Батай, Ж. Бодрийар, Ж. Делез, Ж. Деррида, Ж-Ф Лиотар., Р. Рорти. Ал М.Фуко қойған диагнозды батыс елдерінің дамуы дәлелдеп отыр. Масс-медиада жасалған реалдық пен нақты қылмыс, саясат, жыныстық қатынастар, т.б. ажырамас күйге жетті. Шындықты ойдан шығарылғанымен және өмірдің өзінен туғанды «тек экрандылығымен» бөліп қарау мүмкін болмай қалды. Бір құбылысты көрсету сол құбылыстың өзінің негізіне айналды, тек сол кезде ғана ол өз болмысына ие болады, көрсетілмесе - жоққа тең. Бұл философиядағы түйінді ойлар, батыс еуропадағы индустриалық өркениеттің постиндустриалдыққа өтуінің салдары.
Семинар сабағының жоспары:
-
ХХ─ХХІ ғ. басындағы саяси-әлеуметтік шындық, рухани мәдениеттің ерекшеліктері және олардың философиядағы көрінісі.
-
Прагматизм. Позитивизм мен рационализмнің дәстүрлері мен жаңалықтары: структурализм, герменевтика, постпозитивизм.
-
Экзистенциализмдегі рухани бостандық пен жауапкершілік мәселелері.
-
Постмодернизм философиясындағы түйінді ойлар.
Әдістемелік ұсыныстар:
Осы заманғы Батыс философиясының негізгі бағыттары. Классикалық философияның негізгі қағидалары және оларды осы заманғы ғылым мен әлеуметтік практиканың жетістіктеріне сәйкес кейбір философиялық ағымдардың сын елегінен өткізуі.
Сциентизм және антисциентизм. Информациялық (ақпараттық) қоғам идеясы. Технократизмге сын.
Дүние ортасындағы адам және адам әлемі. Экзистенциализм және оның түрлері.
Өмір мен өлім проблемасы (С. Кьеркегор, М. Хайдеггер, Ж. Сартр).
Постмодернизм ХХ ғасырдың екінші жартысында ерекше дамып, қазіргі Батысеуропалық философияның дамуына ерекше әсерін тигізіп отыр.
Бақылау сұрақтары:
-
Прагматизм ағымының тек Америкада пайда болуының себебі неде?
-
Герменевтика ілімінің мәдениет саласын ғылым деңгейінде зерттеу мақсаты не?
-
Экзистенциалдық философия және оның негізгі бағыттарының пайда болу
себебі?
-
«Бір өлшемдегі адам» теориясының мәні?
-
Классикалық философияның негізгі принциптерін сыни көзқараспен қайта
қарау?
-
Психоаналитика іліміне Юнг қандай жаңалық енгізді?
-
Постпозитивизм ағымы ғылыми білімнің өсуіне қандай ықпал жасады?
-
Неопозитивизм ағымының негізгі зерттеу обьектісін көрсет?
-
Франкфурт мектебінің әлеуметтік мәселелерді шешу әдісі?
Баяндамалар мен рефераттар тақырыбы:
-
ХХ ғ. көркемдік мәдениеттегі Фрейдтің санасыздық идеялары.
-
Экзистенциализмдегі жаттану мәселесі.
-
ХХ ғ. философиясының ғылыми-техникалық ақыл-ойға табынуы.
-
Неопозитивизм эволюциясының негізгі кезеңдері.
-
ХХ ғ. Батыс философиясындағы адам мәселесі.
-
Технократиалық және антитехнократикалық утопия.
-
К. Поппердің әлеуметтік-философиялық тұжырымдамасының негізгі мәні.
Философиялық мәтіндермен жұмыс істеу:
-
Камю А. Бунтуюший человек. М.: 1990.
-
Кривелов И. А. Библия: историко-кретический анализ. М.: 1985.
-
Кьеркегор С. Страх и трепет. М.: 1993.
-
Мир философии: Хрестоматия в 2 частях. – М.: 1991.
-
Сумерки богов: (Ф. Ницше, З. Фрейд и д.р.). Сост. А. А. Яковлева. М.: 1990.
-
Хайдеггер М. Время и бытие: статьи и выступления. М.: 1993.
-
Ясперс К. Смысл и назначение истории. М.: 1985.
Әдебиеттер тізімі:
-
Алтаев Ж., Қасабек А. Мұхамбетәлі Қ. Философия тарихы. Алматы, 2000.
-
Ақназаров Х. З. Философия тарихынан дәрістер курсы. Алматы, 1992.
-
Алтаев Ж., Касабек А., Мұхамбетәлі Қ. Философия тарихы. Алматы, 2000.
-
Әбішев Қ. Философия – Алматы: Ақыл кітабы, 2001.
-
Бейсенов Қ. Философия тарихы. Алматы, 1992.
-
Бессонов Б. Н. Назначение человека. М.: 1995.
-
Гайденко П. П. Экзистенциализм и проблема културы. М.: 1963.
-
Есім Ғ. Фәлсафа тарихы - Адматы: Раритет, 2004.
-
Зотов А. Ф., Мельвиль Ю. К. Западная философия ХХ века. Учеб. Пособие. М.:
1987.
-
Зотов А. Ф., Мельвиль Ю. К. Западная философия ХХ века. Учеб. Пособие. М.:
1998.
-
Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Е. Философия. Алматы: 2003.
-
Қасабек А.Тарихи-философиялық таным. Оқу құралы. Алматы, 2002.
-
Құлсариева А. ХХ ғасыр философиялық тұжырымдамасы. Алматы, 2001.
-
Лейбин В. М. Фрейд, психоанализ и современная западная философия. М.: 1990.
-
Маркузе Г. Одномерный человек. М.: 1969.
-
Мудрагей Н. С. Рациональное и иррациональное. Историко – теоритический
очерк. М.: 1985.
-
Мырзалы С. Қ. Философия әлеміне саяхат. Қостанай, 2000.
-
Немировская Л. З. Философия: Уч. Пособие. М.:1996.
-
Поппер К. Открытое общество и его враги. М.: 1992.
-
Поппер К. Логика и рост научного знания. М.: 1983.
-
Рассел Б. Человеческое познание, его сферы и границы. М.: 1957.
-
Современная западная философия.М.: 1991.
-
Современная западная философия: словарь, М.: 2000.
-
Философский энцеклопедический словарь - М.: 1994.
-
Философия (под ред. проф. Никтич Л.А.). М.: 2000.
-
Философия: Т. Х. Ғабитов. Электрондық оқулық. Алматы. Юрлит, 2004.
-
Философия Құр. Т. Ғабитов - Алматы: Раритет, 2005.
-
Фромм Э. Психоанализ и этика. М.:1993.
Достарыңызбен бөлісу: |