Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ұлттық Ғылым академиясы жшс «Қ. И. СӘтбаев атындағы геологиялық Ғылымдар институты» орталық Ғылыми кітапхана


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ Ғ.К. ЕРҒАЛИЕВТІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫСҚАША ОЧЕРКІ



бет2/10
Дата25.02.2016
өлшемі0.78 Mb.
#21843
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ Ғ.К. ЕРҒАЛИЕВТІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ
ҚЫСҚАША ОЧЕРКІ

Ғаппар Қасанұлы (Хасенұлы) Ерғалиев – геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі, профессор. Ол бұрынғы Кеңестер Одағының Геологиялық мекемелері үшін кембрий жүйесінің жоғарғы бөлімінің үш жікқабаттан тұратын белдемдік шкаласын қалыптастырған және Қазақстан мен Қырғызстанның кембрийлік түзілімдері қимасының Қаратаулық типіне қатысты стратиграфиялық сұлбаны тұңғыш құрастырған стратиграф және палеонтолог. Оның шығармашылық қызметі негізінен Оңтүстік Қазақстан аумағындағы Қаратау тауларындағы кембрийлік түзілімдерден табылған көне фауна қалдықтарын монографиялық тұрғыдан сипаттау шараларымен анықталады. Ол геология және палеонтология жетістіктерін көпшілік арасында насихаттау мәселесінің шын мәніндегі жанашыры. Ғ.Қ. Ерғалиевтің үлкен ғылымға келу жолы қиын және де құрметке лайық. Оның өмір жолы үлкен ғылым жөніндегі түйсік-түсінігі мейлінше қарабайыр болып келетін көптеген ауыл балалары үшін үлкен өнеге екендігі даусыз.

Ғ.Қ. Ерғалиев 1932 жылдың қазан айының 17-ші жұлдызында Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Қамысты ауылдық кеңесінің «Ағарту» деп аталатын колхозына қарасты Шыналы қыстағында дүниеге келген. Әкесі Ерғалиев Қасен 1909 жылы туған, ол ешбір мектепте оқымаса да араб және қазақ әріптерінде оқи және жаза білген. 1939 жылдың наурыз айының 15-ші жұлдызында қайтыс болды. Анасы Ерғалиева Меңдіғаным (1910-1993) өлең өнеріне икемі бар адам болатын, ол сауатсыз бола тұра, әр түрлі қара жұмысты істеді, сөйтіп екі ұлының да арнаулы білім алуына жағдай жасады. Інісі Ерғалиев Хоседияз (1939-1995) – техника ғылымдарының кандидаты, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың доценті қызметін атқарды.

Ғаппар Ерғалиев 1939 жылы 1-ші Май атындағы колхоздағы бастауыш мектептің бірінші сыныбына оқуға барған. Оның жанұясы тұратын «Қайсақ Машина-трактор жөндеу бекетінен» 5 км-дей қашықтықта орналасқан, мектептен үйіне Ғаппар ұдайы жаяу қатынаған, қыстың қытымыр аязы мен күз-көктемнің жауын-шашынды күндерінің бір де-біреуінде ол сабақ жібермеген, сөйтіп төменгі сынып мұғалімі Ақышов Мұтының ықыласына бөленіп, сүйікті шәкірті атанған. 2-ші және 3-ші сыныптарды Ғаппар «Ағарту» колхозындағы бастауыш мектепте оқыған.

Соғыс өрті өршіп тұрған 1942-1945 жылдары ол ересектермен бірге еңбекке араласқан – жылқы баққан, шөп шапқан, түреннің құлағын ұстаған, комбайншының көмекшісі, жүк тасушы жұмыстарын атқарған. 1946-1948 жылдары № 452 Талов совхозының «Маштак» деп аталатын орталық елді мекеніндегі толық емес орта мектепте оқыған.

Ғаппар 1948-1951 жылдар аралығында аудан орталығы болып табылатын Жәнібек бекетіндегі қазақ орта мектебінің (қазір Т.Жароков атындағы мектеп) 8-10-сыныптарында оқыған. Ол кездерде аталған мектепте өз ісінің нағыз шеберлері – кілең бір орденді азаматтар мен Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттары жұмыс істепті. Мектеп директоры – соғыс мүгедегі К. Қожанов өте қатал, бірақ аса мейірімді адам болған, ұстаздары: физика пәнінің мұғалімі – Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі Т. Ашғалиев, математикадан – Р. Галиуллин, орыс тілі мен әдебиеттен – Г. Серенко, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі – Х. Демесинов т.с.с.; соңғы мұғалім директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болған. Осы мектептің көптеген түлектері мол табыстарға жетті. Олардың арасында: Ресей Федерациясының ғылымға еңбегі сіңген қайраткері, геодезист-ғалым М.М. Машимов, ҚР ҰҒА-ның академигі Ш.М. Айталиев, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі П.Ч.Чулаков, химия ғылымдарының докторы А.К. Ильясова және т.б.

Ғаппар Ерғалиев тоғызыншы сыныптан бастап Алматыда оқуды армандады. Бұл арманы орындалды да, ал оның орындалуына түрткі болған жайттар – біріншіден, өз анасының қалауы, екіншіден, сол анасының әкесінің ағасы болып келетін, С.М. Киров атындағы ҚазМУ-нің профессоры (кейінірек ҚР ҰҒА-ның академигі) Г.З. Бияшевтің арнаулы шақыртуы. Ғаппар өзінің ғалым ретінде қалыптасуына бірден бір себепші сол Г.З. Бияшев-туысы, сол кісінің өнегесі мен қолдау-қолпаштауы деп есептейді.



Университеттік өмір. Ғ.Қ. Ерғалиев 1951 жылы 10-шы сыныпты аяқтағаннан кейін С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университет) экономикалық факультетіне оқуға түсіп, оның бірінші семестрін ғана аяқтайды. Бірінші семестрдің аяғында емтихандар айырмасын тапсыра отырып, ол осы университеттің геология-география факультетінің геологиялық бөліміне ауысады. Ғ.Қ. Ерғалиев бұл факультетті 1956 жылы табысты тамамдады, сөйтіп геолог-барлаушы инженері дипломын алып шықты.

Университет қабырғасында үшінші курстан кейін өтілетін бірінші өндірістік тәжірибесін Ғ.Қ. Ерғалиев 1954 жылы Геологиялық ғылымдар институтының Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Р.А. Борукаев басшылық ететін Орталық Қазақстандық экспедициясы құрамында аға коллектор дәрежесінде өткізеді. Ол аталған экспедиция құрамында В.С. Звонцов (кейінірек ғылым кандидаты болды) басшылық ететін Ақмола және Көкшетау облыстары аумағында жүргізілген 1:200000 масштабтағы геологиялық карта түсіру жұмыстарына тікелей араласты және Павлодар облысының Баянауыл ауданы ауқымындағы «полиметалл кенорындарының Александров тобы» деп аталатын алаңшаның 1:10000 масштабтағы дәлдікті картасын құрастыру ісіне қатысты.

Ол 1955 жылғы екінші өндірістік практикасын тағы да В.С. Звонцовтың қарамағында өткізді. Бұл жолы ол үш ай бойына Павлодар облысының Баянауыл және Май аудандарына қарасты 1:200000 масштабтағы екі бетше ауқымын қамтитын аймақты геологиялық картаға түсіру нәтижелерін редакциялау мәселесімен айналысты. Осы жұмыс қорытындыларын тексеруге ЯК-12 ұшағымен ұшып келген Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Р.А. Борукаев жұмысқа ризашылығын білдіре отырып, В.С. Звонцовқа студент-тәжірибеші Ғаппар Ерғалиевтың бұдан былай да жеке геологиялық маршруттарын жасай беруін қамтамасыз етуді ұсынған болатын.

Институттағы ғылыми қызмет. 1956 жылы университетті тамамдағаннан кейін Ғ.Қ. Ерғалиев Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Р.А. Борукаевтың ұсынысымен және академик Қ.И. Сәтбаевтың қолдауымен сол Академияға қарасты Геологиялық ғылымдар институтына жұмысқа алынып, осы Институтта күні бүгінге дейін еңбек етуде. Бұл жылдар ішінде ол аға лаборанттан зертхана меңгерушісі дәрежесіне дейін көтерілді.

1956-1957 жылдары Ғ.Қ. Ерғалиев Шыңғыс–Тарбағатай қатпарлы жүйесі ауқымындағы екі-бірдей екі жүз мыңдық бетшені геологиялық картаға түсіру жұмыстарымен айналысты. Геологиялық картаға түсірудің мемлекеттік маңызға иелік ететін осы жұмыстары Ғ.Қ. Ерғалиевқа орта масштабтағы геологиялық карта түсіру барысында жүргізілетін далалық зерттеу әдістерінің қыр-сырын толық меңгеруге мүмкіндік берді; бұл жұмыстар барысында ол шөгінді, жанартаутекті және интрузиялық магмалық таужыныстардың табиғи ашылымдарын сипаттау, олардың литологиялық және петрографиялық құрамдарын анықтау, қойнауқаттардың бір-бірімен астасу элементтерін өлшеу, олардың созылымдары бойын сағалау, шөгінді таужыныстардағы көне фауна қалдықтарын іздеу, геологиялық денелер (сериялар, свиталар, будалар және қабаттар) жапсарының стратиграфиялық және тектоникалық типтерін нақтылау, сол сияқты пайдалы қазба білінімдерін анықтау шараларын толығымен меңгерді. Қорыта айтқанда, тау қазындыларын сипаттау немесе жекелеген рудалы кенорындарды зерттеу сияқты арнаулы жұмыстарға емес, геологиялық карталау сияқты кең ауқымды жұмыстарға тікелей араласу Ғ.Қ. Ерғалиевтің ой-өрісінің айтарлықтай кеңеюіне септігін тигізді.

1961 жылға дейін Ғ.Қ Ерғалиев Орталық Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ол академик Р.А. Борукаевпен бірге Степняк, Селеті және Бозшакөл геологиялық аудандарында, сол сияқты Шыңғыс–Тарбағатай қатпарлы облысына қарасты Арқалық құрылымдық-формациялық белдемі ауқымындағы Ордатас антиклинорийі аумағында жүргізілген 1:200000 масштабтағы Мемлекеттік геологиялық картаға түсіру жұмыстарымен айналысқан республикамыздың бүкіл өндірістік геологиялық мекемелері тарапынан ұйымдастырылған геологиялық партиялар мен экспедициялардың қызметтеріне араласты.

Ол сонау 1957 жылы Р.А. Борукаевтың тапсырмасымен бір топ стратиграфиялық кескіндер құрастыру мақсатында Шыңғыс және Ақшатау жоталарының палеозойға дейінгі және төменгі палеозойлық қатқабаттарын көлденең бағытта кесіп өтетін маршруттар жасап, осы жұмыстар нәтижесінде «Ақшатау және Арқалық жоталарының ерементау сериясы» деп аталатын өзінің тұңғыш ғылыми мақаласын жариялаған болатын. Кейінірек ол Екібастұз-Майқайың, Қырыққұдық (қазіргі Степногорск қаласының маңы) және Арқалық-Түндік аудандары ауқымында жүргізілген тақырыптық, редакциялық және шаруашылық-келісім жұмыстарына араласты. Осы жұмыстар нәтижесінде ол Екібастұз-Майқайың ауданындағы бұған дейін жоғарғы ордовиктің ашгиль жікқабатына жатқызылып келген жарсор свитасынан тұңғыш рет девон жүйесіне тиесілі көне флора қалдықтарын тапты; телескөл свитасына қарасты түзілімдердің геологиялық көнелігі де жаңаша жорамалданды. Бұған шейін «тілсіз түзілімдер» ретінде ордовик жүйесіне шартты түрде жатқызылып келген кейбір терригендік қатқабаттар палеонтологиялық тұрғыдан сипатталды.

Дәлдікті картаға түсіру нәтижелері бойынша және геологиялық карталау материалдары негізінде Қырыққұдық ауданының 1:200000 масштабтағы геологиялық картасының жаңа нұсқасы құрастырылды, бұл карта осы ауданның кейінірек басылып шыққан Мемлекеттік геологиялық картасының негізін құрады. Ғ.Қ. Ерғалиев Лидовканың шығыс жағында ашылған ортаңғы ордовикке қарасты еркебидайық свитасының қимасын жіті зерттеу нәтижесінде осы қиманың бірнеше деңгейлерінен граптолиттер мен трилобиттердің қалдықтарын тапты, бұл жайт аталған свитаның геологиялық көнелігін нақтылауға мүмкіндік берді. Бұл қима кейінірек өзге де көптеген зерттеу нысанына айналды, себебі ол лландейло және төменгі кародок жікқабаттарының тіректі қимасы рөлін атқарды.

Ғ.Қ. Ерғалиев жүргізген зерттеу нәтижелерін жоғары бағалаған академик Р.А. Борукаев оған кембрийлік фауна қалдықтарының жетекші өкілдері болып табылатын трилобиттерді пәрменді түрде зерттеумен айналысуға кеңес берді, сөйтіп оның үлкен ғылымға деген болашақ бағытын анықтап берді. Алайда Ғ.Қ. Ерғалиев әзірше Семей ядролық полигонына жапсарлас өңірде, Қарағанды және Павлодар облыстарының шекарасында орналасқан Арқалық-Түндік ауданындағы геологиялық жұмыстарды редакциялау шараларын жалғастырды. Ол бұл аймақта 1960 жылы басталған M-44-XXXVI бетшенің 1:200000 масштабтағы геологиялық картасын құрастыруды аяқтады, бұл карта кейінірек аталған бетшенің Мемлекеттік геологиялық картасын құрастыруға негіз болды. Аталған планшет аумағында және оның солтүстік жақтауында жапсарлас орналасқан Еспетұз және Алқамерген көлдері ауданында ашылған, ол кездерде шартты түрде ордовикке жатқызылған сасықсор және төртқұдық свиталарына тиесілі түзілімдердің олистостромдық табиғаты анықталып, олардан ортаңғы және жоғарғы кембрийдің фауна қалдықтары табылды.

Ғ.Қ. Ерғалиев 1966 жылы өз ұстаздары Қазақ ССР ҒА-ның академигі Р.А. Борукаев пен геология-минералогия ғылымдарының докторы Н.К. Ившиннің тапсырмасы бойынша бір ай бойы Кеңестер Одағының әртүрлі аймақтарынан келген (Мәскеу, Ленинград, Новосибирск, Ташкент, Фрунзе т.б.) он адамнан тұратын палентолог-стратиграф мамандарға көрсету үшін жоғарғы кембрийдің жоғарғы бөлігінің Өлеңті және Шідерті өзендерінің аралығында (Қоянды тауының маңайында) орналасқан терригендік-карбонатты қимасын дайындады, бұл қима Кеңестер Одағының бүкіл аумағы үшін кембрий жүйесінің жоғарғы бөлімінің құрамынан шідерті жікқабатын даралауға кандидат ретінде қаралған болатын.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының орта тұсында Н.А. Севрюгин Едрей тауының шығыс жақ жапсарында ашылған «ақирек свитасының» сол свитамен аттас «фауналық горизонт» құрайтын құмтастарынан трилобит қалдықтарын тапқан болатын. Осы қалдықтар табылған нүктеден және өзге де бөлікшелерден Ғ.Қ. Ерғалиев трилобит және құлыпсыз брахиопод қалдықтарының үлкен коллекциясын жинақтады, Н.К. Ившин мен Ғ.Қ. Ерғалиевтің бірлескен пікіріне сәйкес, бұл коллекция төменгі кембрийдің лена жікқабатының екінші жартысын сипаттайтындығы белгілі болды. Бұл сол кездер үшін Қазақстан аумағынан тұңғыш табылған ең көне фауна қалдықтары болатын. Осы фауна қалдықтарын кіріктіретін түзілімдер қимасы мұқият қарастырылды, сөйтіп олар төменгі кембрийдің жаңғабыл свитасына жатқызылды. Бұл нүкте 1966 жылы Р.А. Борукаевтың тапсырмасы бойынша Кеңестер Одағындағы кембрийлік фауна қалдықтарының бірден-бір білгірі геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Н.В. Покровскаяға (Мәскеу қаласы) көрсетілді.

Орталық Қазақстанның жоғарыда көрсетілген аудандары бойынша жинақталған бүкіл мәліметтер кембрийлік түзілімдер қимасының Бозшакөл-Шыңғыстық типіне қатысты стратиграфиялық сұлбаларға енгізілді (Шығыс Қазақстан ведомствоаралық жиналысының шешімдері..., 1971) және Ғ.Қ. Ерғалиев пен Н.К. Ившиннің ғылыми мақалаларында жарық көрді (1972).

Стратиграфиялық жержылнаманың іргелі негізі болып табылатын палеонтологиялық ғылымының геологиядағы маңызы орасан зор екендігін жете түсінген Ғ.Қ.Ерғалиев кембрий кезеңінің көне теңіздік экологиялық жүйелеріндегі жетекші фауна тобы болып табылатын трилобит фаунасының қазба қалдықтарын зерттеу мәселесіне түбегейлі ден қойды.

1960-1967 жылдар аралығында Ғ.Қ. Ерғалиев Оңтүстік Қазақстандағы Үлкен Қаратау жоталары мен Жабағылы таулары ауқымындағы ол кездерде «тілсіз» деп есептелетін түзілімдердің стратиграфиясы мен биостратиграфиясы мәселелерімен тікелей айналысты. Жыл сайын жүргізілген дала жұмыстары мен олардың нәтижелерін тыңғылықты өңдеу жұмыстары барысында жинақталған трилобит фаунасының қазба қалдықтары кешенін тиянақты саралау нәтижесінде аталған аймақтардың ортаңғы-жоғарғы кембрийге және төменгі ордовиктің тремадок жікқабатына тиесілі түзілімдерін жіктеудің биостратиграфиялық белдемдік сұлбасы жасақталды. Бұл сұлба ауқымды аймақ аумағында кембрийлік жүйеге тиесілі түзілімдерді докембрийлік жаралымдардан бөле-жара қарастыруға мүмкіндік берді. Бұрынырақ төменгі кембрийге жатқызылған терригендік қатқабаттар венд кезеңінің түзілімдеріне жатқызылды. Оңтүстік Қазақстанның Байқоңыр-Қаратау-Жабағылы құрылымдық-формациялық белдемдері жиынтығының вендке тиесілі және кембрийлік түзілімдерінің бірегей литостратиграфиялық сұлбасы жасақталды. Өздерінің литологиялық-таскелбеттік белгілері, стратиграфиялық жағдайы және палеонтологиялық сипаттамасы тұрғысынан кембрий жүйесі ауқымында екі свита дербестелді, олар өздерінің «қорымсақ свитасы» және «көкбұлақ свитасы» деп аталатын байырғы атауларын сақтап қалды. Бұл свиталар бұдан бұрын байқоңыр свитасына тиесілі тиллит тектес жаралымдармен бірге ортаңғы-жоғарғы кембрийге жатқызыла отырып, жекелеген фауна қалдықтарын зерттеген кейбір ғалымдар тарапынан Кіші Қаратаудың ұқсас свиталарымен сәйкестендіріліп келген болатын.

Көкбұлақ свитасының табаны мен жабыны аралығына тиесілі бүкіл қимасыннан табылған трилобит фаунасы қалдықтарының жиынтығын (55 нүктеден жиналған) зерттеу нәтижесінде осы свитаны құрайтын түзілімдердің геологиялық көнелігі солтүстіктен оңтүстік-шығысқа қарай заңды түрде бірте-бірте өзгеретіндігі белгілі болды, сөйтіп бұл свита тұтас Байқоңыр-Қаратау-Жабағылы белдемдері жиынтығы ауқымында әртүрлі геологиялық мерзім аралығында түзілгендігі анықталды. Осы заңдылық (Головкинский немесе Уиллер-Вислей принципі) Ғ.Қ. Ерғалиев тарапынан тек осы аймақ ауқымында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша да тұңғыш рет анықталды.

Байқоңыр-Қаратау-Жабағылы белдемдері бірлестігінің ортаңғы-жоғарғы кембрийге және төменгі ордовиктің тремадок жікқабатына қарасты биостратиграфиялық белдемдік шкаласы сипатталған қимада трилобиттердің әйгілі тектері мен түрлері көптеп ұшырасуына байланысты бүкіл Кеңестер Одағының және өзге де шет елдердің (Батыс Еуропаның, Солтүстік Қытайдың, Австралияның және Солтүстк Американың) кембрийге және тремадокқа қатысты шкалаларымен жап-жақсы сәйкесті.

Сөз болып отырған аймақтардағы түзілімдерден Lotagnostus asiaticus–Hedinaspis regalis және Agnostus hedini–Diceratopyge mobergi белдемдеріне, сол сияқты Glyptagnostys stolidotus белдеміне тиесілі фауна кешендерінің қазба қалдықтарының табылуы соларды кіріктіретін түзілімдердің геологиялық көнелігін дәлме-дәл анықтауда және континент аралық сәйкестендіру шараларын табысты жүргізуде өте маңызды болғандығын атап көрсету мыңызды. Алғашқы екі белдем, көптеген ғалымдар атап көрсеткеніндей, жоғарғы кембрийдің жоғарғы үштен бір бөлігіне (Тредсон 1939 жылы болжамдағандай, бүкіл кембрийге емес) сәйкессе, үшінші белдем, байырғы дәстүрге сәйкес, жоғарғы кембрийдің төменгі бөлігіне жатқызыла отырып, Австрлияның миндилиандық жікқабатының атаулас белдемімен және Солтүстік Американың дресбач жікқабатының Crepicephalus белдемімен сәйкестендірілді.

Сонымен, жоғарыда аталған мерзім барысында жүргізілген зерттеу қорытындылары мыналарға саяды: біріншіден, Р.А. Борукаевпен және Н.К. Ившинмен бірігіп жазылған, 1964 жылы болып өткен Халықаралық геологиялық конгрестің ХХІІ сессиясының материалдарына ұсынылған «Қазақстан кембрийі» атаулы ғылыми мақаланың жарық көруі; екіншіден, Ғ.К. Ерғалиев тарапынан «Шығыс Қазақстанның Байқоңыр-Қаратау-Жабағылы белдемінің кембрийі мен тремадогының стратиграфиясы және биостратиграфиясы» атаулы кандидаттық диссертацияның табысты қорғалуы; диссертацияға енгізілген материалдар жиынтығы байырғы кандидаттық жұмыстар ауқымынан әлдеқайда бай екендігі анықталды: материалдардың өте қомақты екендігі және олардың бұрын мүлдем беймәлім деректерді қамтитындығы диссертация оппоненттері С.Г. Анкинович пен Н.В. Покровский тарапынан аталып көрсетілді; үшіншіден, зерттеу қорытындылары 1971 және 1972 жылдары жарық көрген «КСРО геологиясы» атаулы жиынтық томдарға енгізілген венд және кембрий түзілімдері бойынша жазылған очерктердің негізін құрады; төртіншіден, бұл кезең Ғ.Қ. Ерғалиевтың болашақ зерттеулерінің бағыт-бағдарын анықтап берді, сөйтіп оның Қаратау жоталарының, әсіресе Кіші Қаратаудың кембрийлік түзілімдерін жікқабаттық және белдемдік жіктеу мәселесімен түбегейлі айналысуына негіз қалады.

Ғ.Қ. Ерғалиевтің 1968-1992 жылдар аралығындағы ғылыми қызметі бұған шейінгі кезеңмен салыстырғанда жаңаша мазмұнды иеленді. Ол Кіші Қаратаудағы кембрийдің үш бірдей бөлімдерін түгел қамтитын түзілімдердің толассыз қималарын жүйелі түрде саралауға арналған пәрменді зерттеу жұмыстарымен, әсіресе Кіші Қаратаудан табылған, бұрын белгісіз болып келген, ортаңғы және жоғарғы кембрийдің Кеңестер Одағы бойынша да, алыс-жақын шет елдер бойынша да теңдесі жоқ Қыршабақты қимасын түбегейлі зерттеумен айналысты. Мұндағы негізгі мақсат – аталған қиманың әрбір қабатынан омыртқасыз жәндіктердің, әсіресе трилобиттердің қазба қалдықтарын іздеу және жинақтау. Аталған қимада трилобит кешендерінің қазба қалдықтары бір-бірін заңды түрде алмастыратындығы, бұл алмасу реті нақтылы белдемдер мен жікқабаттарға сәйкес келіп отыратындығы белгілі болды. Нәтижеде, Қаратау жоталарының кембрийлік түзілімдерінің жалпылама стратиграфиялық шкалаға (ЖСШ-ға) және (немесе) Халықаралық стратиграфиялық шкалаға (ХСШ-ға) сәйкесетін, палеонтологиялық тұрғыдан толық сипатталған стратиграфиялық шкаласы құрастырылды. Бұған қоса, осы уақыт ішінде Ғ.Қ Ерғалиев Геологиялық институтта жүргізілген талай-талай тақырыптық, кешенді ғылыми-зерттеу және шаруашылық келісім жұмыстарына үнемі қатысып отырды: Олар: «Шығыс Қазақстанның кембрийі» (1966-1970 жж.); «Қаратау жоталары төменгі кембрийінің биостратиграфиясы және оның докембриймен шектесетін төменгі жапсарын фауналық негіздеу» (1971-1975 жж.); Кіші Қаратау тауларының жоғарғы кембрийін жікқабаттық және белдемдік жіктеу» (1972-1976 жж.); «Қазақстан палеозоидтарының стратиграфиясы және биостратиграфиясы. Реттелген сәйкестендіру сұлбаларын жасақтау» (1977 ж.); «Қаратаудың геологиясы және металлогениясы» (1978-1982 жж.); «Қазақстан жер қыртысының Балқаш сегментінің геологиясы және металлогениясы» (1983-1992 жж.); «Жоғарғы кембрийді монографиялық талдау» (1992-1996 жж.).

Алда әлі де қиын және қызықты де жұмыстар күтіп тұрды, олар:

- Нақтылы аймақтың ғана емес, көптеген жекелеген елдердің де стратиграфиялық шкалаларын жасақтаудың бірден-бір кілті болып табылатын трилобит қалдықтарының мол коллекциясын монографиялық тұрғыдан сипаттау;

- Қазақстанның докембрийі мен фанерозойының стратиграфиялық және сәйкестендіру сұлбаларын реттеуге арналған екінші және үшінші Ведомствоаралық стратиграфиялық мәжілістерді дайындау және өткізу (Алматы, 1971 және 1986 жылдар);

- Қазақстан және Солтүстік Тянь-Шань докембрийінің статиграфиясы бойынша өткізілген Жалпыкеңестік мәжілісінде баяндама жасау (Қарағанды, 1969 ж);

- Қаратау жоталарында, Кіндіктас және Солтүстік Тянь-Шань тауларында Бүкілодақтық геологиялық экскурсиялар өткізу (1971, 1978, 1979, 1981 жылдар);

- Бүкілодақтық геологиялық институттың «КСРО аумағының соңғы протерозойда-кембрийде тектоникалық даму тарихы» тақырыбына жүргізген зерттеулері ауқымында КСРО-ның 1:5000000 масштабтағы төрт палеотектоникалық картасын құрастыруға қатысу (1972-1975 жылдар);

- Кеңестік, еуропалық және американдық ғалымдардың «Ордовик пен силур негізіндегі стратиграфиялық бөлімшелер» туралы көзқарастарын жақындата түсу мақсатында стратиграфияның жалпылама мәселелері бойынша Халықаралық кеңесшілік стратиграфиялық мәжіліс өткізу (1977 ж.);

- «Қазақстан докембрийінің литологиясы мен шөгінді геологиясы» тақырыбы бойынша V Бүкілодақтық мәжіліс жұмысына қатысу, Қаратау экскурсиясына геологиялық жолсілтеме дайындау және осы экускурсияны өткізу (1986);

- Халықаралық геологиялық конгрестің ХХVІІ сессиясына (Москва, 1984 ж.) және Кембрий жүйесінің жікқабаттары бойынша үшінші Халықаралық симпозиум жұмысына баяндама тезистерімен қатысу (Новосибирск, 1990 ж.);

- Қаратау жоталарындағы қималар бойынша өткізілген үш Халықаралық және екі Бүкілодақтық экскурсияларға жолсілтемелер дайындау, шетелдік және кеңестік ғалымдарды қабылдау, олармен бірлескен жұмыстар жүргізу, өзге де көптеген Халықаралық мәжілістер мен экскурсияларға қатысу.

Жоғарыда аталған мерзім аралығындағы Ғ.Қ. Ерғалиевтың ғылыми қызметі мейлінше табысты болды. Ол жаңа ғылыми тақырыптар ұсынды, оларды орындау пәрменді де толассыз еңбекті қажет ететін-ді. Сонымен, кембрий жүйесіннің стратиграфиясын зерттеу тарихында Кеңестер Одағында және бүкіл дүниежүзі бойынша тұңғыш рет Ғ.Қ. Ерғалиев тарапынан Кіші Қаратау жоталарынан Қыршабақты қимасы хатталды; қалыңдығы 600 м-дей болып қалатын бұл толассыз қима жоғарғы кембрийді жікқабаттық және белдемдік жіктеудің тіректі (стратотиптік) қимасы рөлін атқарды. Осы қиманы мұқият зерттеу нәтижесінде жоғарғы кембрийдің Ғ.Қ. Ерғалиев ұсынған аюсоққан, сақ және ақсай жікқабаттары КСРО-ның Ведомствоаралық стратиграфиялық комитеті (ВСК) тарапынан Кеңестер Одағының бүкіл геологиялық қызметі үшін міндетті түрде қолданылуы тиіс жіктеме ретінде ұсынылды (ВСК қаулысы, 21-ші шығарылым, Ленинград, 1983 ж.), 1984 жылы жарық көрген Жержылнамалық кестеге енгізілді, сол сияқты геологиялық карталар құрастыру нұсқаулықтарына және жоғарғы оқу орындарының оқулықтарына енгізілді.

Ғ.Қ. Ерғалиев Стратиграфиялық комитеттің келешектегі ұйымдастыру комиссиясының мүшесі ретінде Шығыс Қазақстан докембрийі мен фанерозойының стратиграфиялық сұлбаларын реттеуге арналған 2-ші және 3-ші Ведомствоаралық стратиграфиялық мәжілістерді ұйымдастыруға және өткізуге белсене араласты. 1971 жылы өткізілген 2-ші мәжіліс алдында ол Кіндіктастың, Орталық және Солтүстік Тянь-Шаннің, Үлкен және Кіші Қаратаудың докембрийлік, кембрийлік және төменгі ордовиктік қималарымен танысуға арналған Бүкілодақтық геологиялық экскурсияны тұңғыш рет жүргізіп берді. Бұл экскурсияға Кеңестер Одағының ғылыми және өндірістік геологиялық мекемелерінің 40-тан астам жетекші мамандары қатысты, олардың арасында есімдері әлемге әйгілі Б.М. Келлер, Т.Н. Спижарский, В.Г. Королев сияқты ғалымдар да бар еді.

Ғ.Қ Ерғалиев 1971 және 1986 жылдары өткізілген 2-ші және 3-ші Ведомствоаралық стратиграфиялық мәжілістер тарапынан қабылданған Қазақстан мен Қырғызстан қималарының қаратаулық типінің стратиграфиялық және сәйкестендіру сұлбаларының авторы. Бұл сұлбалар Қазақстан аумағында болжамдық-металлогениялық тұжырымдар жасаудың өзіндік базасы болып табылатын «Госгеолкарта-200» атаулы құжаттар легендасының негізіне енгізілді. Ол Оңтүстік Қазақстан аймағындағы теңдесі жоқ стратиграфиялық-палеонтологиялық нысан болып табылатын Қыршабақты қимасы ауқымының «Ақсай мемлекеттік геологиялық қорық» ретінде рәсімделуіне мұрындық болды (Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1985 жылдың 11-ші сәуіріндегі №132-ші қаулісі). Ғ.Қ Ерғалиев Кіші Қаратаудағы Қыршабақты қимасына арналған 50-ден астам ғылыми мақала жариялады. 1990 жылы ол Новосибирск қаласында «Оңтүстік Қазақстанның және Ұлытаудың кембрийі (стратиграфия, жікқабаттық және белдемдік жіктеу, трилобиттер)» деген тақырыпқа докторлық диссертациясын қорғады.

Осы кезеңде Ғ.К. Ерғалиев алыс және жақын шет елдердің геологиялық мекемелерімен қарым-қатынас ауқымын барынша кеңітті, АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Швецияның, Австралияның, Қытайдың, Ресейдің, Украинаның, Қырғызстанның, Эстонияның ғалымдарымен жолығысып немесе хат-хабар алмасып тұрды, сөйтіп олармен тәжірибе алмасты; геологиялық ғылымның іргелі және іс-тәжірибелік мәселелеріне арналған Халықаралық және республикалық форумдарға тұрақты түрде қатысып отырды; шет елдердегі, атап айтқанда, Якутиядағы және Қытай халық республикасындағы кембрий жүйесінің Халықаралық стратиграфиялық шкала стандарттары ретінде ұсынылған типтік қималарымен көзбе-көз танысты.

Ғ.Қ. Ерғалиев КСРО-ның Ведомствоаралық стратиграфиялық комитеті (ВСК) кембрийлік жүйесінің стратиграфиясы бойынша тұрақты түрде жұмыс істейтін стратиграфиялық комиссияның және ЮНЕСКО аумағында құрылған Геологиялық ғылымның халықаралық одағының (ГҒХО-ның) тапсырмалары бойынша халықаралық экскурсиялар мен кездесулер, трилобиттер бойынша бүкілодақтық коллоквиумдер өткізді, АҚШ, Швеция, Польша, Ұлыбритания ғалымдарымен бірге дала жұмыстарын ұйымдастырды.

Ғ.Қ. Ерғалиевтің ғылымға қосқан қомақты еңбегі ретінде оның республика аумағындағы басты-басты тау-кен-рудалы аудандарда жүргізілген кешенді зерттеу қорытындыларын қамтитын көптомдық ұжымдық монографиялардың стратиграфиялық және палеонтологиялық тарауларын рәсімдеуге атсалысқандығын атауға болады. Оларға жататындар мыналар: «Мұғалжар геологиясы мен металлогениясы» (1977 ж.); «Шу-Іле рудалы белдеуі. Шу-Іле аймағының геологиясы» (1980 ж.); «Қазақстандағы ордовик пен силурдың шекарасы» (1980); «Қаратау геологиясы мен металлогениясы» (1986 ж.); «Балқаш сегменті» (1986 ж.). Сонымен қатар, ол Қазақстанның геологиялық құрылысы мен стратиграфиясына арналған іргелі мақалалар жариялады, «КСРО геологиясы» (XL том, 1971 ж. және XX том, 1972 ж.) «КСРО-ның палеотектоникалық карталар атласы» (1975 ж.) сияқты ірі топтамалардың арнаулы тарауларын дайындады. Осы жылдары Ғ.Қ. Ерғалиевтің Қазақстан стратиграфиясына, палеонтологиясына және аймақтық геологиясына арналған екі монографиясы жарық көрді, олар: «Кіші Қаратаудың төменгі кембрийлік трилобиттері» (Ерғалиев, Покровская, 1977 ж.) және «Кіші Қаратаудың ортаңғы және жоғарғы кембрийінің трилобиттері» (Ерғалиев, 1980 ж.).

Жоғарыда аталған Н.В. Покровскаямен бірігіп жазылған монографияда Кіші Қаратаудағы аты әлемге әйгілі фосфориттердің кенорындарымен тығыз байланысты, фауна қалдықтарымен тамаша сипатталған төменгі кембрий түзілімдерінің әрбір жекелеген қабаты тұңғыш рет толық сипатталған. Аталған төменгі кембрий түзілімдерін трилобиттердің қазба қалдықтары көмегімен жіктеу сұлбасы құрастырылып, бұл сұлбаны КСРО-ның өзге аймақтарындағы және шет елдердегі баламаларымен салыстыру мүмкіндіктері сөз болған. Төменгі кембрийге тиесілі трилобиттер, олардың ішінде алғашқы кембрий үшін жетекші түр болып есептелетін Redlichia тегіне жататын биологиялық түр фосфорит горизонтынан сәл жоғарырақ деңгейден табылып, олар монографиялық тұрғыдан сипатталды, осылайша өнімді қатқабаттың геологиялық көнелігі алғашқы кембрийге сәйкес келетіндігі сөзсіз дәлелденді.

Екінші монографияда Ғ.Қ. Ерғалиев ортаңғы және жоғарғы кембрийдің Қыршабақты өзені бойында толассыз сағаланатын, трилобит фаунасының, өзге де организм топтарының қазба қалдықтарына соншалықты бай болып келетін карбонатты қиманы аса мұқият сипаттаған. Осы қиманы негізге ала отырып, сипатталған түзілімдердің агностид формалары бойынша жіктелген жікқабаттық және белдемдік шкаласы берілген. Ортаңғы және жоғарғы кембрийдің осы стратиграфиялық шкаласы Кеңестер Одағының және өзге де шет елдердің әртүрлі аймақтарында ұшырасатын өзге баламаларымен сәйкестендірілген.

Сөз болып отырған қиманың өзгелермен сәйкестендірудегі құндылығы мынада: Қыршабақты өзені бойында дараланған 20 белдемнің 12-сі жаһандық сипатты иеленсе, қалған 8-і әлемнің көптеген елдерінен табылған жоғарғы кембрийлік трилобит қалдықтарымен сипатталған белдемдердің бірден-бір баламалары болып табылады. Ал бұл дегеніңіз – стратиграфиялық шкалаларды бүкіл Жер шары бойынша сәйкестендіру мәселесінің сенімділігі бұрынғыдан да арта түседі деген сөз. Қалай дегенде де, азын-аулақ дәрежеде түзетулер енгізілген осы бір сәйкестендіру шкалалары қаншама уақыттан бері өзінің өміршеңдігін қапысыз дәлелдеп келеді.

Қазақстанның кембрийлік түзілімдерін стратиграфиялық-палеонтологиялық тұрғыдан зерттелу дәрежесі бұрынғы Кеңестер Одағы бойынша, ал кейбір жекелеген мәселелер бойынша бүкіл Дүниежүзі бойынша да жетекші рөл атқарды. Бұл жайт әсіресе жоғарғы кембрийдің Кіші Қаратаудағы Қыршабақты қимасын жікқабаттық және бедемдік тұрғыдан жіктеу мәселесне қатысты. Бұл зерттеулердің маңыздылығы аталған қиманың Еуразияның нақ орта тұсында орналасқан өзіндік географиялық орнымен де арта түседі.

Ғ.Қ. Ерғалиев палеонтология мен стратиграфияның көптеген көкейтесті мәселелерін Халықаралық конференцияларда, съездерде, симпозиумдарда талқылады. Осы жайт оны бүкіл әлем ғалымдарына танымал етті. Халықаралық геологиялық конгрестің (ХГК-тің) XXVII сессиясының ұйымдастыру комитеті (Мәскеу, 1984 ж.) және кембрий жікқабаттары бойынша ұйымдастырылған Халықаралық симпозиум (1983 ж.) КСРО және Қазақ ССР Ғылым академиялары президиумының ұсынысы бойынша Ғ.Қ. Ерғалиевті Халықаралық және Бүкілодақтық геологиялық зкскурсиялардың басшысы етіп тағайындады.

1992 жылдан қазіргі уақытта дейін Ғ.Қ. Ерғалиев өзіне қарасты зертхана қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне қарасты Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің тапсырмасы бойынша кең ауқымды іргелі тақырыптық келісімдер бойынша зерттеулер жүргізуде. Ол кембрий стратиграфиясы бойынша құрылған Халықаралық шағын комиссияның толық мүшесі ретінде Ақсай мемлекеттік қорығындағы Жалпылама және Халықаралық стратиграфиялық шкалалардың құрамдас бөлігі болып табылатын кембрийлік түзілімдердің стратиграфиялық шкаласын одан әрі жетілдіру мәселесімен тұрақты түрде айналысады. Мұндағы мақсат – аталған стратотиптік қиманы одан әрі нақтылау, қима құрамынан бөлім, жікқабат және белдем сияқты стратиграфиялық бөлімшелерді (стратотиптерін) даралау, олардың көлемі мен шекараларын Халықаралық (Х. Хэдберг, 1976 ж.) және Ресейлік (А.И. Жамойда, 1992 және 2006 жылдар) стратиграфиялық кодекс ережелеріне сәйкес анықтау. Бұл жұмыстар барысында биостратиграфиялық белдемдердің төменгі шекараларын анықтау мәселесіне айырықша мән беріледі, мұндай шекаралар трилобиттердің космополит таксондары қалдықтарының, әсіресе агностидтердің миомерлік өкілдерінің тұңғыш рет пайда болу деңгейлеріне сәйкесетін стратиграфиялық шекаралардың жаһандық нүктелерін дөп басу арқылы анықталады.

1995-2001 жылдар аралығында Ғ.Қ. Ерғалиев жүргізген ғылыми жобалар ішіндегі ең маңыздыларының бірі көп жылдар бойы пәрменді геологиялық зерттеу нысандарынан тыс қалып келген Семей ядролық полигоны аймағының геологиясы мен металлогениясын бағдарлы түрде зерттеу шаралары болып табылады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында мынадай іс-шараларды жүзеге асыру қажет болды:

- 1:200000 масштабтағы геологиялық карта түсіру мәселесін жолға қою;

- Шыңғыс-Тарбағатай қатпарлы жүйесіне тиесілі палеозойлық түзілімдердің стратиграфиялық сұлбасын бүгінгі талап деңгейінде жасақтау және жетілдіру, полигонға тиесілі және онымен жапсарлас аймақтардағы түзілімдердің седиментологиясын, палеонтологиясын, магматизмін және тектоникасын зерттеу;

- Орталық Қазақстан палеозоидтарының стратиграфиясы мен таскелбеттерін зерттеу, сол сияқты өнімді геологиялық формациялардан табылған фауна қалдықтарын хаттау және сол формациялвардың қалыптасу жағдайын нақтылау.

Бұл зерттеулер нәтижесінде төмендегі жұмыстар жүзеге асырылды: біріншіден, Семей ядролық полигоны аймағының 1:200000 масштабтағы тұңғыш геологиялық картасы құрастырылды, оған тиесілі палеозойлық түзілімдердің стратиграфиялық қималары сипатталды, полигон аумағын осы қима типтеріне сәйкес аудандастыру сұлбасы жасақталды; екіншіден, стратиграфиялық сұлба макеттері құрастырылды, бұл сұлбаларда рудалы және бейрудалы пайдалы қазбалар ұшырасатын басты-басты стратиграфиялық деңгейлер көрсетілді, руда кіріктіруші формацияларға қысқаша сипаттама берілді; үшіншіден, полигон аумағының тектоникалық жағдайы мен геодинамикалық табиғаты бүгінгі геотектоникалық тұжырымдамаларға сәйкес нақтыланды; төртіншіден, Шыңғыс жоталарындағы бақанас, майдан және бозшасор фауналы горизонттарының стратиграфиялық жағдайлары нақтыланды.

Геологиялық бағыттағы жұмыстар масштабы мен осы жұмыстармен айналысатын мекемелердің бірте-бірте азаю тенденциясына қарамастан, Ғ.Қ. Ерғалиев және ол басшылық ететін зертхана қызметкерлері халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары бойынша зерттеулерін одан әрі жалғастыруда. Бұл зерттеулер ішіндегі ең маңыздысы Ақсай мемлекеттік геологиялық қорық аумағындағы Қыршабақты қимасындағы (Кіші Қаратау) кембрий жүйесінің екі бірдей мерзімдік деңгейін нақтылау және оларды халықаралық масштабта мойындауға дайындау болып табылады.

2002 жылдың қазан айында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің қолдауымен Ғ.Қ. Ерғалиев және ол басқаратын аймақтық геология зертханасы қызметкерлері ұйымдастырған «Қазақстан стратиграфиясының қазіргі жағдайы, перспективасы және міндеттері» деген тақырыпта араулы семинар-жиналыс болып өтті. Бұл жиналыстың басты мақсаты геологиялық картаға түсірудің жаңа міндеттері жағдайында, 1:200000 масштабтағы геологиялық карталар сериясын дайындау және оларды басып шығару мақсатын көздейтін қосымша зерттеу шараларын жүзеге асыру барысында, сол сияқты Халықаралық геологиялық шкала негізін жасақтау міндеттері аясында республика ауқымында докембрийлік және фанерозойлық жаралымдарды стратиграфиялық тұрғыдан зерттеу мәселесінің жай-күйін нақтылау болатын.

2005 жылы Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті, «Центрказнедра» аймақтық басқармасы және Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты (ГҒИ) бірлесе отырып Қарағанды қаласында екінші стратиграфиялық мәжіліс өткізді. Осы мәжілісте 2002 жылдан кейінгі уақытта докембрий түзілімдері және фанерозойдың бүкіл жүйелері бойынша мерзімдік стратиграфиялық шкалалар құрастыруың халықаралық талаптарына сәйкес жинақталған материалдар тағы бір қарастырылды. Осы мәжілісте И.Ф. Никитин, Ғ.Қ. Ерғалиев т.б. республика ғалымдары құрастырған Қазақстанның стратиграфиялық кодексі мемлекеттік және орыс тілдерінде бекітілген болатын. Алайда бұл кодекс, өкінішке орай, күні бүгінге дейін баспадан шығарылмай отыр.

2001-2011 жылдар аралығында Ғ.Қ. Ерғалиев өз әріптестерімен бірге Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің тапсырмасы бойынша «Тіректі қималарды палеонтологиялық-стратиграфиялық тұрғыдан зерттеу» тақырыбы бойынша арнаулы ғылыми жобаны жүзеге асырумен айналысты. Мұның нәтижесінде «Қазақстанның тіректі стратиграфиялық қималарының атласы» баспадан шықты (Алматы, 2008 ж.). Бұл атласқа палеозой, мезозой және кайнозой түзілімдерінің ең өкілетті деген 37 тіректі қимасы енгізілді. Бұл тіректі қималарға қатысты материалдарды баспадан шығарудың тұңғыш тәжірибесі болатын. Палеозойдың «Жалпылама, аймақтық және белдемдік бөлімшелері мен олардың шекарларын белгілейтін стратотиптер каталогын» құрастыру қазіргі таңдағы ең көкейтесті мәселелердің бірі болып табылады (40-шы бағдарлама).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет