Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Семей мемлекеттік педагогикалық институты
М.О.Әуезов және ұлт өркениеті
Семей-2010
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетінің Ғылыми-әдістемелік кеңесі баспаға ұсынған.
Пікір жазғандар:
Ерденбеков Б.А. – Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, ф.ғ.д.
Сабырбаева Р.Қ. - Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.
Құрастырушы: Ақтанова А. М.О.Әуезов және ұлт өркениеті (филология факультетінің студенттеріне арналған көмекші оқу құралы), Семей: 2010, 150 б.
М.О.Әуезов және ұлт өркениеті пәні жоғары оқу орындарында арнаулы курс ретінде оқытылады. Бұл пәнді оқыту үшін арнаиы жазылған оқулықтар жоқ. Бірақ М.О.Әуезов өмірі мен шығармашылығына арналған көптеген қосымша материалдар бар. М.О.Әуезов және ұлт өркениеті пәні үшін құрастырылған көмекші оқу құралына М.Әуезов шығармашылығына байланысты материалдар жинақталып берілді. Оқу құралы филология факультетінің студенттері мен магистранттарына арналған.
ГЛОССАРИЙ :
Әдебиет – (араб тілінде «адаб» - үлгілі сөз) тыңдарман, оқырманның ақылына, сезіміне, көңіліне бірдей әсер беретін дарынды сөз зергерлерінің жан қоштауынан туған көрнек өнері.Яғни, сөз өнері адам тәрбиелеудің ең күшті рухани құралы. Сонымен бірге нағыз өнер туындысы қалың қауымға емес, сол өнерді жанымен ұғар жандарға арналады. Осы себепті де М.Әуезов: «Әдебиет - әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ»- деген.
Әдебиеттің халықтығы – шығарманың халықтың тілек-мүддесіне толық сәйкес келер идеялық сипаты. Яғни шығарма туындыда суреттеліп отырған дәуірді халық көзімен, халық мүддесі аясында бейнелеп беруі шарт. Ол үшін сөз иесі (автор) тыңдарман мен оқырман қауымның ой-санасына жанасымды, ұғым-түсінігіне жақын, болмысты мейлінше қарапайым түрде бейнелейді.
Дәстүр және жаңашылдық – көркем мұралар мен әдебиет тарихындағы қалыптасқан түсініктер, әдеби-эстетикалық үлгі-өрнектер, тақырыптық, идеялық, көркемдік әдіс-тәсілдер жиынтығы әдеби дәстүрді қалыптастырса, осы әдеби дәстүрдің озық үлгілерін пайдалана отырып, мән-мағынасы терең, көркемдігі жоғары, заман талабына жауап беріп қана қоймай, болашаққа жол ашатын өнердегі тың тақырыптарды бұрын қолданылмаған әдіс-тәсілдермен соны мәселелерге батыл шешім таба суреттеген әдеби ізденістердің көркемөнердегі нәтижелі көріністерін жаңашылдық дейміз.
Тарихи жыр – тарихи оқиғалардың ізімен шығарылған, авторлары бар, реалистік сипатта жырланған, тарихи дәуірдің нақышы айқын бедерленген, сюжеті тарихта болған тұлғалардың ел мүддесі жолында атқарған істерін баяндайтын, шығарушы автордың субъективтік көзқарасы, стилі танылатын эпикалық туындылар.
Стиль – сөз зергерінің болмысты, бүтін дүниені танып-білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға-бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазу мәнері, қолтаңбасы. Көркемдік стиль жазушының өмірлік тәжірибесі негізінде, оның суреткерлік дарынының табиғатына сәйкес қалыптасып, әлеуметтік жағдайларға, заманның эстетикалық мақсат-мүддесіне сәйкес қалыптасады.
Эпитет – (айқындау) заттың, құбылыстың айрықша белгісін, сипатын, қасиетін айқындап көрсететін бейнелі сөз.
Фигура – (айшықтау, әсерлеу, лептеу) сөзге мәнерлілік сипат дарытып, көркемдігін, әсерлілігін арттыра түсетін сөйлем құрылымын түрлендіру, айрықша айшықпен дағдылы қалыптан өзгеше айту. Фигураның түрлері мол. Олар: арнау, қайталақтау, сөз орнын ауыстыру, шендестіру, түйдектеу, бүкпелеу, риторикалық айшықтар,
Прототип – көркем шығарма кейіпкерінің өмірде болған немесе өмірде бар түп тұлғасы.
Академиялық басылым – қаламгер шығармасының ғылыми-текстологиялық зерттеу негізінде даярланған жинағы.
Әдеби процесс- бұл белгілі бір дәуірде, сонымен қатар, ұлттар мен елдердің, аймақтардың, әлемнің күллі тарихи кезеңдерінде өмір сүріп келе жатқан әдебиеттің тарихи заңды қозғалысы.
Әдеби характер (гр. мінез, ерекшелік) – кейіпкердің мінез бітімі, адамның бойына психологиясына, қимыл әрекеттеріне тән сан түрлі қасиеттердің бірігіп, біте қайнаған тұтастығын танытатын мінез-құлық өзгешелігі.
Әдеби сын – көркем шығармаларды талдап, олардың көркемдік, идеялық, тарихи, танымдық қырларын, әдеби процесстегі орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының бір саласы.
Әдебиеттің ұлттық сипаты - әдеби шығарманың ұлттық тіл, ұлттық дүниетаным, тарихи-поэтикалық зерде аясында қалыптасқан қаламгер туындысы.
Әдебиеттің халықтық сиапты – шығарманың халық мүддесіне сай идеялық – көркемдік сапасы.
Образ – көркем бейне, әдебиеттегі суреттілік, болмысты өнерде көркемдік тұрғыда сөзбен сурттеп жазу.
Идея - әдебиет шығармасында өмірдегі жәй жағдайлар, адам тағдыры баяндалғанда, суреттелгенде жазушының сөз болып отырған мәселелерге қатынасы, көзқарасы да аңғарылады.
Стиль – жазушының өмір шындығын танып-білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазу мәнері, қолтаңбасы.
Сюжет (франц. зат) - өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі.
Тақырып - әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы, айтылатын жай жағдайлардың бағыт-бағдары.
Тартыс - өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі
Композиция - әдеби шығарманың құрылысы, оның үлкен кішілі бөлім бөлшектерінің бір-бірімен қисынды түрде қиюластырылып, әр түрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық бірлігі.
Достарыңызбен бөлісу: |