Есимова Р.АС ҚОРЫТУ ТҮТІГІНІҢ МОРФОФУНКЦИОНАЛДЫҚ СИПАТТАМАСЫ
Тіс табақшасы, тіс бастамаларының құралуы және түзілуі. Сүт тістері эмбриогенездің 6-7 аптасында дами бастайды. Бұл мезгілде алғашқы ауыз қуысын қаптап жатқан көпқабатты жазық эпителий жуандай келіп, оның жоғарғы және төменгі бойымен созылған тіс үйемесін құрайды. Бұл құрылым оны қоршап жатқан мезенхимаға бірте-бірте ене түседі. Осының нәтижесінде эпителиалдық табақша түзіледі. Тіс табақшасы сәлден кейін бір түбірлі тістердің орналасатын аймағында екіге бөлінеді. Оның алдыңғысы ұрттық-еріндік немесе вестибулярлық табақша деп аталады. Біраздан кейін вестибулярлық табақшаның үстінде жылға пайда болады, ол кейінірек тереңдей келіп, ауыз қуысыныњ кіреберісіне айналады. Бұл жыра-қуыс ұрт пен ерін аймағын қызылиектен бөлектеп тұрады. Артқы табақша тіс табақшасы деп аталады. Ол вестибулярлық табақшаның бетінен тік бұрышты бағытта шығады, одан сүт тістерінің бастамасы пайда болады. Көп түбірлі тістердің орналасатын аймақтарында бұл екі табақша бір-бірінен бөлек дамиды. Олар бірден ауыз қуысының эпителийінен түзіледі. Бұл жердегі тіс табақшасы біртүбірлі тістердің орналасатын аймағындағы тіс табақшасынан қысқарақ болады. Өсу барысында тіс табақшасы доғаға ұқсай түседі.
Тіс табақшаларының бос шетінде – ерінге немесе ұртқа қараған бетінде эпителийдің көптеп өсуі өтеді. Басында олар колба тәрізді өсінді түрінде болады. Әрбір жақта бұндай 10 өсінді құралады. Кейін олар ішке қарай йілген қалпақшаларға айналады да, құралған құрылымды эмальдық мүше деп атайды.
Эмбриогенездің 9-10 аптасында әрбір эмальдық мүшенің ішке қарай ойыса бастаған аймағына мезенхима өсе бастайды. Бірте-бірте эмальдық мүшенің тереңдеген аймағының пішіні болашақ тістің пішініне ұқсай бастайды. Тістің эмальдық мүшесінің ішіне кіре орныққан мезенхиманы тіс бүртікшесі деп атайды. Эмальдық мүшенің дөңес жағы ауыз қуысының эпителийіне бағытталған.
Өсе түскен эмальдық мүше тіс табақшасынан оқшаулана түсіп, біраздан кейін онымен тек эпителиальдық жасушалардың жіңішке созындысы арқылы байланысады. Бұл жасушалардың созындысы эмальдық мүшенің мойыны деген атқа йе.