ЭМАЛЬДЫҢ ДАМУЫ немесе ЭНАМЕЛОГЕНЕЗ
Эмальдың түзілуі тіс бүртігінің үстінде дентиннің жұқа қабаты пайда болғаннан кейін басталады. Оны эмальдық эпителийдің ішкі жасушалары энамелобластылар өндіріп шығарады.
Энамелогенездің басталуы эмальдық мүшеде көптеген өзгерістердің өтуіне себеп болады. Эмальдық мүшенің сыртқы қабатында көптеген қатпарлар пайда болып, оған тіс қалтасының мезенхимасы орналасады. Бұл мезгілде дентинмен қапталған тіс бүртігінің ұшы эмальдық мүшенің затына тереңдей орналасып, оның пульпасын ығыстыра бастайды. Энамелобластылар сыртқы эмальдық эпителиймен және тіс қалтасының капиллярларымен жақындаса түседі. Эмаль түзеуге қажет материалдар осы жерден алынатын болады. Дентиннің түзелуі басталған соң бұрынғы қоректенуді қамтамасыз ететін тіс бүртігінің тамырларымен байланыс үзіледі. Бұл жағдай энамелобластылардың морфологиялық және физиологиялық полярлығының өзгеруіне себеп болады. Энамелогенезге дейін жасушаның ядролы базальдық полюсі тіс бүртігіне, ал Гольджи комплексі орналасқан апикальдық бөлігі эмальдық мүшенің пульпасына бағытталған. Эмаль түзеле бастағанда жасушаның ядросы, органеллалары (Гольджи комплексі, центросома) оның қарама қарсы бөліктеріне орын ауыстырады Осының нәтижесінде бұрынғы апикальдық бөлігі базальдық, ал бұрынғы базальдық бөлігі апикальдық болып қайта құралады. Апикальдық бөлігі ұзара түсіп, өсінділер береді. Өсінділердің ішінде бір саусақ пішінді ұзын әрі жуан Томс өсіндісін және 3-4 қысқа өсінділерді ажыратады. Бұндай жасушалар эмаль бөлуге қабілетті. Бұл жасушалар эпителийден дамыған, анық байқалатын полярлығы және биік призма тәрізді пішіні бар. Олардың базальдық бөлігінде ядроның астында митохондриялар орналасқан. Ядроның үстінде түйіршікті эндоплазмалық тор анықталады, ал жасушаның орталық аймақтарын секреторлық түйіршіктер мен Гольджи комплексі алып жатыр. Цитоплазмада көптеген бос рибосомалар байқалады.
Эмальдың белоктары эндоплазмалық тордың рибосомаларында және полисомаларда түзеледі де табақшалы комплекстің вакуольдерінде жинақталады. Біраздан кейін олар мембранамен қапталған секреторлық электронды-тығыз түйіршіктерге айналып, Томс өсіндісінің бүйірлік және орталық бөліктеріне және қысқа өсінділерге ауысады. Бұл жерлерден гликопротеидтерден тұратын түйіршіктер экзоцитоз үрдісімен жасуша аралық кеңістікке бөлінеді де, эмальдың органикалық негізін құрайды. Тістің дамуының бұл мезгілінде органикалық негіз құрылымдарсыз (структурасыз) гель болып табылады. Кейін ол фибриллярлық торға айналады.
Эмальдың органикалық негізі жинақталған сайын энамелобластылар шетке ығыса түседі.
Энамелогенез кезінде Томс өсіндісі тек 1 призманың ғана органикалық негізін, ал қысқа өсінділер призма аралық кеңістіктің органикалық негізін қалайды.
Эмальдың дамуы және минеральдануы үзіліссіз жүретін үрдіс. Эмальдың минеральдануы дентинмен эмальдың байланысы аймағында басталып, эмальдың бетіне қарай жайылады. Осыған байланысты эмальдың ішкі қабаттары көбірек минеральданады. Эмальдық негізде кальцийдің тұздары табақша тәрізді болатын гидроксиапатиттердің кристалдары түрінде тұнып, кейін эмальдық призмаларға айналады.
Энамелобластылардың тәулік бойғы түзілу ритмі болады. Олардың белсенділік және тыныштық кезеңдерін ажыратады. Осыған байланысты эмальдық призманың ұзына бойына ашық және күңгірт жолақтар пайда болады (6 сурет). Бұл жолақтар тұздардың ең көп және ең аз тұнған кезеңдерінің көрінісі. Призманың аттас аймақтарының аралары шамамен бірдей болып 4 мкм. болады.
6 сурет. Эмальдың жолақтары және дентин түтікшелері
Эмальдық призмалардың пайда болуы және әктенуі эмальдық мүшенің бүкіл аймақтарында бір мезгілде жүрмейді. Бұл үрдіс тіс бүртігінің ұшынан басталып, энамелобластылардың қызмет атқаруының тыныштық кезеңіне сәйкес белгілі бір уақыт аралығынан кейін, тістің бүйірлік және мойын бөліктеріне қарай жүреді. Осыған байланысты эмальдың ішінде оның өсу жолақтары (Ретциус жолақтары) пайда болады. Бұл жолақтар эмальдық призмаларды үшкір бұрышты бағытта кеседі. Бұл жолақтардың ішінде неонатальдық жолақты ажыратады. Ол нәрестенің жаңа жағдайға, тамаққа бейімделуінің көрінісі.
Эмалогенездің аяқталумен қатар эмальдың үстінде жұқа мөлдір гомогенді қабықша түзеледі. Бұл алғашқы кутикула немесе Насмит қабықшасы. Оның пайда болуы энамелобластылардың протеогликандарды өндіруіне байланысты. Тістің шығуы басталысымен жасушалардың кері дамуы жүреді.
Эмальдың жетілуі, яғни оның толық әктенуі тіс шыққаннан кейінгі 1-ші жылда белсенді түрде жүреді, ал толығымен минеральдануы 3 жылдан кейін аяқталады. Минеральдық заттарды эмальға жеткізуші сілекей болғандықтан, оныњ жоғарғы қабаттары көбірек әктенеді.
Достарыңызбен бөлісу: |