Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі меңдігүл шындалиева омбы өҢірі қазақтарының Әдеби шығармашылығЫ



бет7/14
Дата11.06.2016
өлшемі1.11 Mb.
#128716
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14

«Еңлік-Кебекте»

Он бесінде Кебектің аты шықты,

Атты-жаяу, бәріне бірдей мықты.
«Ермек қиссасында»

Жас қыран, жаңа пері Ермек мықты,

Ер жеткен ересектің бәрін жықты.

Немесе:

Көзі өткір, қара торы жігіт екен,

Орта бойлы, тапалдау кең иықты.

Қызыл жүз, орта бойлы, қасқа маңдай,

Жауырыны сом күмістен қақтағандай.
«Ермек» қиссасы салмақты бола тұра авторы неге көрсетілмеген деген заңды сауал туады. Бұған мынадай жауап айтуға болады. Найман руына қатты сын айтылған тұстары көп. Егер авторы Шәкәрім болса, тарихи шындықты баяндау арқылы, өзі көрінбей қалғысы келген сияқты. Қиссаның мазмұны мынадай: Еңлік пен Кебек өлген соң арттарында бір ұл қалады. Бұл сұмдықты жөргектегі баланың нағашысы естіп, баланы жасырып еліне алып келеді. Жолшыбай сол баланың атын Ермек деп қояды. Бұл хабар Қабанбай (Кеңгірбай би) қартқа да жетіп, келген хабаршыны құрметтеп, өлгені тірілгендей қуанады. Баланы өсіріп-тәрбиелеу Еңліктің әкесінің мойнына түседі. Қабанбайдың қуанғаны сондай, Ермек ер жетіп, ата-жұртын іздеп келсе, жиған мал-мүлкінің бәрі соныкі деп, дүйім жұртқа жар салады.

Нағашысы Ермекті мәпелеп, еш қиындық көрсетпей өсіріп, он жасқа жеткізеді. Бір кемпірдің Қойбақ деген жалғыз ұлы болады. Сол Қойбақты ойынға келмегені үшін Ермек санын қылбұраумен шымшып, бір көзін шығарады. Оның үстіне күллі бала Қойбақты кемпірдің кепесіне қуып тыққанда, барлық бала кемпірдің өрмегіне оралып, кептеліп қалады. Бәрін істеп жүрген Ермек екенін сезген кемпір оның өткен-кеткен өмірінің бәрін айта келе, «Ақшоқыда атаусыз өлген әке-шешеңнің көріне барып, менің балам тиісті ме?», «Мықты болсаң, неге жүрсің бөтен найманның нанын, тұзын көтере алмаған қу шұнақ!», - деген сөздер айтты. Осыны естіп алған Ермек беймаза күй кешіп, ештеңеге тәбеті соқпай қиналады. Бір күні атасынан бар шындықты сұрап біліп, әкесінің Кебек болғанын, өз атасы Қабанбайдың қажыған шағында бүкіл найман жабылып, бір қыз бен бір жігіт үшін бүкіл жұртты қинап, ақырында Еңлік пен Кебек тығылған тау шатқалын бүкіл найман қоршап алып, жастарды өлтіргенін әңгімелеп береді. Ермек нағашы ата-анасының батасын алып, өзінің түп-тамыры шыққан жаққа тартады. Шал батасын беріп тұрып, тірі жүрсең амандығымды айналып келіп біл деп тілек білдіреді.

Содан Ермек Шыңғыстауда жүреді. Жақындағанда ауылдан оқшау тұрған бір үйге келіп тоқтайды. Үйден қарт шығып, жөн сұрайды. Сонда Ермек: «Затым құл, тобықтының кірмесімін. Найманда туып-өстім. Қабанбайдың ауылы қайда екен?» - дейді. Ермек іздеген ауыл осы болып шығады. Ұлан асыр той болады.

Бір күні Ермек елін жинап, тобықтыға сөз арнайды. Ермек шықты деген хабар жау құлағына жетіп, олар да Ермекке қарсы қол жинап әзірленеді. Наймандар Ермекті асыраған нағашы жұртын шауып, малын түгел айдап алып, бұрынырақ Шыңғыс тауының Қособа деген жеріне келіп, күтіп жатады. Ермек те жауға қарсы аттанады. Әке-шешесінің өлген жеріне келгенде Ермектің ішкі сезімі қиссада былай суреттеледі:


Кебек өлген төбеге тақалғанда,

Жас толды екі көздің шарасына.

Толқыды, толықсыды, толғанды Ермек,

Арманда өлген атасы мен анасына.


Қиссаның осы тұсында Ермектің психологиялық жан күйзелісі шебер өрнектелген. Оның ата-анасына деген сезімі жүрек тебірентерлік ерекше жылылық, үлкен толғаныс үстінде болғандығын автор терең суреттеп көрсетеді.

Ермек өз қолымен жауын шауып, шетінен шабақтаған ұрыс үстіндегі әрекеттерін:


Мың қойға жалғыз тиген аш бөрідей,

Қылышпен қия шауып тамақтады.

Басын баудай түсірді балуандардың,

Мойнын бұрып, артына қаратпады,-


дейді. Осы соғыста найманға аты шыққан Түгел батырмен жекпе-жекке шығып, жау батырларын жер жастандырады. Осылайша, халыққа танымал, қалмақпен соғыста көзге түскен Түгел батыр Ермек қолынан қаза табады. Ермек еліне оралады. Содан Жәукен дегенмен қасына біраз адам қосып, наймандарға хат жібереді. Жәукен кезінде Кебектің сенімді серігі болған жігіт екен. Егер менімен бітім қылатын болсаңдар, жүз қызды жасауымен, бес-бестен биік өркеш түйе жібересіңдер, сауыншысымен бірнеше бие жібересіңдер деп шарт қояды. Наймандар жиналып, ауыл-елдің ақсақал-билері ақылдаса келе, Ермектің шартын орындауға уәде береді.

«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш»,- деген қағиданы ұстанып, Ермектің ашуы қайтып, бітімге келеді. Жүз жігітіне қалыңсыз қыз алып беріп, қиссаның соңында өзінің туған нағашы жұртын жанына көшіріп алады.

Сонымен, бұл шығарманың басты тақырыбы – туған елге адалдық, ата жауына кешірімсіздік.

Дастанда халқымыздың басынан өткен әділетсіз өктемдік, ірілі-ұсақты оқиғалары шебер суреттеледі. Қиссаның негізгі мұраты да, мазмұны да феодалдық қоғам заманындағы дала заңының қаталдығын, ру арасындағы тартыс себебін, ескішіл ел билеушілердің қылмысты әрекеттерін әшкерелеу, одан жирендіру болады. Ермек халық арасынан шыққан, халықтың арман-тілегінен туған, қас батыр дәрежесінде, азаматтық міндетін орындаушы, әкесінің адал ұлы ретінде көрінеді. Ермек - өмірде болған адам. Жыр мазмұны осыған саяды. Көркем шығарма қаһарманы ретінде ол ерсілікке толы ескі салтқа үкім шығарушы, жолсыздыққа тыйым салушы, болашақ басы. Жыр авторы кім болса да Ермекті әділет пен ар-намыс туы етіп сипаттайды. Бұл бейненің құндылығы да осында.

Әрине, қисса ел әрекеті дәстүрін берік сақтайды. Сондықтан қаһарманды әсірелей көрсету, жағымсыз типтерді қорғаштай бейнелеу мұнда да жетерлік. Мысалы, Қойбақ пен Ермек арасындағы оқиғаға назар аударайықшы.
Жас қыран, жаңа пері Ермек мықты,

Ер жеткен ересектің бәрін жықты.


Мұндай сурет батырлар жыры мен ертегілерге тән. Кейде мұндай әсірелеу ертегі-аңыздар амалымен айқасып та жатады.
Найманның нан мен тұзын көтере алмай,

Қу жетім шап қолтығың терледі ме?

Құнақ қу шуылдатпай еліңді тап,

Тілімнің ұшырадың кермегіне,-


деген сөздер Ермектің шамына тиіп, шын мәнінде кек алуға итермелейді. Ол ата жауына қарсы аттанады.

Қазақ батырлар жырындағыдай, бұл қиссада да жігіттің мықты батыр екендігін оның астына мінген атынан-ақ байқаймыз. Ермектің мінгені де тұлпар. Әйтеуір автор оны бұрынғы өткен аты шулы батырлардан кем қылмайды, кейде олардан да ерен етуге тырысады. Сөйтіп, Ермектің астындағы атының тұлғасы мен шабысы Тайбурыл сияқты болып шығады.


Түсі қара мақпалдай, құйма құлақ,

Ой желке, қамыс құлақ, жалы сұйық.

Желіксе жер басқанда оздырмайтын,

Тайында таңырқатқан соғып киік.


Ел әдебиетінің қай үлгісін алсаңыз да, жүйрік атты арғымаққа, тұлпарға, пыраққа, тағы басқа кереметтерге теңеген. Сол сияқты Ермек атының да керемет ерекшеліктері бар. Жоғарыдағы шумақта «Ой желке, қамыс құлақ, жалы сұйық» деген аттың сынына байланысты берілген теңеу әдемі сөз тіркесі десек, ал, «Тайында таңыратқан соғып киік» деген жолдар тайында осындай болса, бесті ат кезінде қандай болды екен деп оқырманды ойланта түседі. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбурыл, «Ер Тарғын» жырындағы Тарлан т.б бір-біріне ұқсастығы бар.

Халық намысы үшін, жеке басының намысы үшін ата жауына аттанған Ермектің майданда жасаған істері – жырдың негізгі әңгіме арқауы. Қиссада Ермектің Түгел батырмен айқасқан жеріндегі суреттер шебер көрсетілген. Ермектің жауын жеңуі былай суреттеледі:


Найманға аты шыққан Түгел батыр,

Ту ұстап, қол бастаған, тігіп шатыр.

Ішінде қалың қолдың қару сайлап,

Жұлыны жолбарыстың жолда жатыр.


Қиссада жоғарыдағыдай Ермектің батырлығын дәлелдей түсетін тұстары көп-ақ. Осындай әрекеттерімен Ермек жас та болса дұшпанына қорқыныш, үрей бола бастайды.
Баяғы ер Кебектен қалған қылыш,

Мүйіз сап, толқындаған бұйра жалды.

Ғабекең қайдасың деп Ермек шапты,

Түгел ер байқай алмай қапы қапты.


Ермектің осыншама ерлік жасауы, жанын аяған жауды жапыра қууы – бұл халықтың бір адам арқылы бүкіл әскердің күшін көрсету жолы екені белгілі. Осы Ермекті батырлыққа да баулыған, бастаған да халық. Ермек намысы – халық намысы. Ермектің ерлігі – халықтың ерлігі.

Ермектің жауға қарсы қол жинап, елінің, ата-анасының кегі үшін аттануы – оның әке-шеше мен елін шексіз сүйетіндігінде. Әке-шешенің жолсыз өлгендігін естігенде қатты қайғырып, көзіне жас алады.

Ермек батыр ғой. Біріншіден, намыс, кек оны батырлыққа қайрайды, онда батырға тән тұлға да бар.
Қызыл жүз, орта бойлы, қасқа маңдай,

Жауырыны сом күмістен қақтағандай.

Иықты күшке біткен жұмыр білек,

Болса ағаш, ай балта саптағандай.


Қиссадағы Ермек бойындағы басты қасиеттердің бірі – намысқойлық. Бұл – халық ұғымындағы батырлықтың басты белгісі. Ал Еңлік пен Кебекті өлтірген жақтың озбырлығы мен озбыр адамдары Ермек қол жинап жатыр дегенді естігенде-ақ оны өсірген жазықсыз нағашы атасын шауып, мал-мүлкін алып, алдын ала қарақшылық, қаныпезерлік істейді.

Оқырманға «Еңлік-Кебек» дастаны қаһармандарының әділетсіздік құрбаны болуымен аяқталатыны белгілі. Осы әрекетке, ескі салтқа халық өз назарлығын аталған қисса-жыр арқылы білдіреді. Сөйтіп барып, сол озбырлықты жасаушылардан Ермекке кек алғызады. Ермек жырда ел-жұртын қорғай алатын батыр ретінде көрінеді. Жырдағы жағымды бейнелер – Еңліктің әкесі, яғни Ермектің нағашысы. Нағашысының қалың найман ішінде отырып, Ермекті асырауының өзінде үлкен мән бар.


Тау құлатқан талабым талқан болып,

Бойымнан күш, қойнымнан жар тайғанда.

Өжет жүрек, өр кеуде, өткір тіл жоқ,

Қара басым қарақшыдай қалқайғанда.


Бұл – Ермектің нағашысының бейнесі. Кезінде жалғанды жалпағынан басып, қартая келе қолынан күш кеткен, қурай шал болып елестейді. Ермек жауынан кек алуға аттанғанда алғаш тілектестік білдіргендер осы нағашы атасы мен нағашы апасы болады.

Жырда Кебектің қолдаушыларының бірі – Қабанбай жайлы аз-маз сөз болады. Қабанбайдың шын аты – Кеңгірбай. Шәкәрім Құдайбердиев түсініктемесінде Кеңгірбай қабан сықылды бұрылмайтын болғандықтан да оны ел Қабанбай деп атап кеткен деп көрсетеді. Қиссада бұл салмақты, жасы келген, ақылды, парасатты адам болып көрінеді. Қартайған Қабанбайдың кезінде наймандарға қарсы тұруға дәрмені болмайды. Найманды жалғыз жеңе алмайтынына «Еңлік-Кебек» – оқиғасы басталғанда-ақ көзі жетеді.

Ермектің жеңісін Қабанбай көзінің тірісінде көре алмайды. Кебектен Ермек атты бір ұл қалды дегенді естігендегі Қабанбайдың ішкі сезімін былай жырлайды:

Қуанып ер Қабанбай толғанады,

Құрметтеп хабаршыны қолға алады.

Қайғы құрты қажаған кәрі жүрек,

Шаттық озып, қайғысы соң қалады.
Ол әлі көрмеген немересінің бақытты болуына тілектестік білдіріп, қалған мал-мүлкін сол ұрпағына аманат еткен ұлы жүректі ата кейпінде суреттеледі.

Қиссадағы ең жағымсыз қылық-әрекеттерімен дараланатындар – қарсылас рудың билеп-төстеушілері. Аты аталып, түсі түстемесе де кезінде осы ел басшылары Еңлік пен Кебекке үлкен қатыгездік жасап, обалына қалады. Осылардың іс-әрекеттерінің бәрі де шындық тұрғыдан суреттеледі. Үлкен егеспен басталған Еңлік-Кебек өлімінің арты үлкен дауға айналып, ұрыс-жанжал үдей түседі. Үстемдік етіп, әкімдік жүргізген, екі жастың обалына қалған адамдар Ермек ер жеткенде тірі болмаса да, оның ұрпақтарына өздерінің ата-аналарының істері үшін жауап береді.

Қазақ қоғамында көп заман бойына ел билеу, ел басқару ісі, үлкен даулы істерге үкім айту билер, хандар, батырлардың қолында болды. Елдің әміршісі де, әкімі де болған солардың бір қате әрекеті үшін бүкіл рудың бетіне қара күйе жағылған. Бұдан ру ақылсыз, есер деген пікір тумауы керек.

Қиссада заманы өткен билеп-төстеушілер шебер әшкереленеді. Қай қазақтың жырын алсаңыз да, жауын батырына жеңгізіп отырады. Бірақ автор оларды әлсіз етіп көрсетуді мақсат етпейді.

«Ермек» қиссасындағы қиын қал, қасірет жеке бір адамның тілек-ойынан туындамаған. Зұлымдықтың иесі болып көрінген нақты бір кейіпкер жоқ. Бірақ тобықты мен матайлардың арасындағы бір қыз бен бір ұл үшін болған келіспеушіліктен аяусыз күрес басталады. Қиссада, әсіресе, ру басшыларының қаттылығы басынан аяғына дейін бәсеңдемей, барған сайын тереңдеп отырады. Осы ұнамсыз бейнелі билеп-төстеушілердің, билердің, атқа мінерлердің зиянды, жаман мінезділердің жиынтығы жасалған.

Ермек ата жауымен шайқасқан тұста қарсылас рудың Түгел деген батырымен жекпе-жекке шығады. Жауласқан рудың ішінен осы Түгелдің ғана аты аталады. Түгелге бірсыпыра батырлық сипаттар берсе де, автор оның бәрін де ұнамды етіп бермейді. Түгел батырдың талай батырды жеңгенін, қалмақты қансыратқанын, майдандағы мықтылық әрекеттерін әңгіме етеді. Батырлықтың бір белгісі жүйрік ат болса, ондай Ақсұр ат Түгелде де бар. Түгелді соғыс үстінде былай көрсетеді:


Шойын ұрған балғадай шыңылдатып,

Қаруларын қажытты біртіндетіп.

Ай балтамен бір кезде Ермек шапты,

Тигізбестен найзамен Түгел қақты.


Түгел батырды қиссада болашақта жақсылық күтуге болмайтындай етіп көрсетеді. Келешекте ұнамсыз болып көрінетіндіктен де, іс-әрекеттерін өзіне сай етіп, адамдық қасиеті, аянышы жоқ, мейірімсіз етіп көзге елестетеді:
Жауының жарақтанып жолын тосып,

Қарамай қалың қолға қашқан болып.

Суылдай Ақсұр аттың құйрық жалы,

Желменен ызыңдаған үнін қосып.


Батырдың атының сыны осылай болуы батырлықтың дәл өзі емес, соған даярлық қана болса керек.

Сонымен, «Ермек» қиссасының басты тақырыбы – ерлік болса, негізгі идеясы – ел қорғаумен қоса ежелгі ата жауынан кек алу. Тілі жеңіл, ұйқастары да бір сыдырғы шебер көрінеді. Өлең шумақтары шұбаланқы емес, қысқа-қысқа кестелерге құрылып отырған. Қиссада кейіпкердің ішкі сезімін, жан дүниесін көрсету тәжірибелері бар. Мұндай психологиялық жарыспалылық мысалы мына жолдардан көрінеді:


Бурыл боз, торғын бұлт пен мидай дала,

Ирек сай қалып жатты ойшыл сала.

Шерлінің ішіндегі шерін шертіп,

Бозторғай ән салады жырлап және.


Жырдың тілі бай, көркем. Эпитет, метафора, теңеу сияқтылар өзінің тиісті орындарында пайдаланыла білген. Оның дәлелі:
Сұлудай үкі таққан, ырғаландап,

Қарағанда келмейді көзінді алғың.


Мұндағы «Сұлудай үкі таққан, ырғалаңдап» деген күрделі теңеу табиғат сұлулығын сипаттаудағы әдемі сурет екені талассыз.
Немесе,

Қаңтардағы бурадай қалшылдады,

Айбатын ашу басып, айқын көркін.
«Қаңтардағы бурадай» деген жол да күрделі теңеу екені сөзсіз.

Ермектің әке-шешесінің өлген жерін көрген кездегі суреті жырда үдету, ұлғайту әдісі арқылы жасалады.


Қамыс құлақ, қанатты қара тұлпар,

Жымиып жылқы түгін жанатпады.

Белсенді-белсендінің беті күйді,

Жан сауғалап Шыңғысты балақтады.


Сурет пен оқиғаның дәл көрінісін берудегі тамаша әдіс осы жолдардан көрінеді.

Өлшеулі сыр бермейтін сырлы сағым,

Кей кезде даяр жүред жүрген жағын.

Басқа түскен адамның бәрі көнгіш,

Ер шешер елден безген жол жұмбағын.
Алғашқы жолдар табиғат суреттеріне арналса, келесі жолдағы кездесетін қиындықтар туралы болып отыр. Қиссада ойды түйіндетіп, қорытып отыру әдісі де ойластырылған. Мысалы:
Деп ұрған табиғаты бұйра толқын,

Жеткенше ну қамысқа қарқындайды.

Талмау түстің кезінде күн төнгенде,

Көкшіл су сары алтындай жарқылдайды.


Бұл жолдар қиссаның тіл көркемдігін, ажарлы бояуын айқын дәлелдейді. Өлең жолдарының дыбыстық құрылысы жатық, өзінше үндесіп жатыр. Ең соңғы жолдағы «сары алтындай» күрделі теңеуімен «көкшіл» деген эпитет екеуі әдемі үйлесім тауып, «жарқылдайды» деген әдемі рең әдемілігін білдіріп тұрған сөз арқылы өлең жолдарының сезімдік қуатын күшейткен. Қиссада табиғаттың әсемділігін, теңеу, ұқсату, әсірелеу сияқты тәсілдері де өте орынды қолданылған.
Түр берген текеметтей бұйра шалғын,

Көк қурай түбі сая, басы балғын.

Сұлудай үкі таққан ырғалаңдап,

Қарағанда келмейді көзіңді алғың.


Қазақ жерінің табиғаты қандай керемет! Теңеу де, эпитет те, кейіптеу де онды-солды пайдаланыла салмаған. «Текеметтей» деген теңеу «бұйра» эпитетімен үйлесім тауып, «көк» эпитеті толықтырып тұр. «Сұлудай үкі таққан ырғалаңдап» деген тармақ жарасымды-ақ. «Үкі таққан» деген кейіптеу «сұлудай» теңеуімен үйлесіп барып, «ырғалаңдап» деп тамаша қимыл әдемілігін жасаған. Жырдың басынан аяғына дейін осындай көркем сөздер жиі кездеседі. Мысалы, «сырлы сағым», «мөлдір бұлақ» эпитеттері, «күміс қанат», «айнадай» дәстүрлі теңеулері әрбір жолдарда өлең кестесін көріктеп тұр.
Жолбарыс жолға шықты жортпақ болып.
Мұндағы жолбарыс – Ермек. Жолбарыс метонимиясы Ермектің айбаттылығын, қаһарлы батырлығын суреттеуде қолданылып тұр. Ал, «Қаңтардағы бурадай қалшылдады» деген сөздегі бурадай теңеуі кейіпкердің ішкі сезім, мінез-құлқын суреттейді.

Қиссаның құндылығы мазмұнында ғана емес, сол мазмұнды көркемділікпен бере білуінде. Әсіресе, кейіпкердің ішкі сезім-күйлерін суреттеген жерлері өте әсерлі.

Жырдың кей жерінде найман руын қаралайтын тұстары кездеседі. Бұл қиссаның көзге ұрар кемшілігі дер едік.

Батырлық салтын дәріптейтін Әуезовше айтқанда, шағын батыр жыры «Ермек» қиссасы ел арасында, әсіресе, Омбы өңірінде кеңінен таралған. «Ермек қиссасы» – өткен дәуіріміздің өмірін дәлдікпен барын-бар, жоғын-жоқша сипаттаған шыншыл шығарма.



ҮШІНШІ БӨЛІМ
КӨРКЕМ ҚАЗЫНА
Қолымыздағы шешен – билер, ақын-жазушылар сөздері қазақ әдебиеті аталатын ұлы қазынаның жұрнағы ғана. Әйтпесе бүгінгі әдебиет тану ғылымына, белгілі өткен заман авторларының алтын мұрасы бір кітап емес, бірнеше, бәлкім, ондаған кітап болары сөзсіз.

Ел ішінде ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетіп, сақталып келе жатқан көркем туынды әлі де жетерлік. Олардың көзін тауып, жазып алып, халқымыздың рухани игілігіне айналдыру – күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін міндет. Соның бір нәтижесі – осы жинақ. Бірақ бұл жинақтың осының алдында басылып шыққандардың елеулі айырмашылықтары бар.

Жинақ тұтастай дерлік бұрын баспа бетін көрмеген немесе белгісіз болып келген авторлар шығармаларынан құралған. Рас, олардың кейбірінің аты таныс болғанымен, шығармалары жүйеленбеген, түгенделмеген, әдебиет тану саласында бағаланбаған дүниелер.

Енді бір сөз иелері бұрын мүлдем белгісіз болып келгендер. Олардың есімдері де, шығармалары да Қазақстаннан тыс өңірге – Батыс Сібір өлкесіне таныс. Мысалы, сөзінің салмақтылығымен, ойының салиқалығымен баурап алатын Бектұр ақын Батырқожаұлының, халық өмірін жырлауда тек әділдікке ғана жүгінген, елде өрескел ұжымдастыру тақсыретін тартқан қанжығалы Олжабай Нұралыұлының мұралары шын мәніндегі әдеби ашу болып отыр.

Бектұр – кідіріссіз жырлайтын ақын, төкпе, ортасына, уақытына қарай толғайтын өнерпаз:
Келеді әлі тарланың,

Шабысынан жаңылмай.

Жайқалтайын өлеңді,

Тоғайдың қалың талындай.

Шұбыртайын сұрасаң,

Қарынбайдың малындай.

Нөсерлетіп төгейін,

Түнерген бұлтты жауындай...


Ақынның «Тілеуберді батыр» дастаны да көңіл аударарлық. Дастан ақынның жас кезіндегі, әлі тәжірибесінің толыспаған тұсындағы туындысы тәрізді. Мұнда жоғарыдағыдай нөсерлете төгілген шумақтар көп емес. Бірақ адамияттылық пен ар-намысқа адал жас жігіттің басынан кешкен уақиғалар тізбегі оқырман көңілін қатты елеңдетеді.

Тілуберді батыр – тарихи адам, Абылай ханның замандасы. Осылай екендігін жыр жолдарының өзі де баяндайды. Біздің шамалауымызша бұл кәдімгі Ертіс өңірінен шыққан қазақтың жүйрік ақыны Иса Байзақұлының алтыншы атасы.

Қанжығали Олжабайдың туып-өскен ортасы қазіргі Ақмола облысының Ерейментау ауданы. Бірақ кеңес қуғын-сүргіні оны қазақ жерінің о шеті мен бұ шетіне доптай домалатқан. Әуелі Атырау облысының Қызылқоға ауданына жер аударылып, кейін Омбы облысының қазақтары арасынан бірақ шықты, олардың сүйікті ақыны атанды. Шығармалары ондағы қазақтардың аузынан түспейтін асылға айналды.

Жинақ қазақтардың тарихи отанындағы авторлар шығармашылығын қамтымайды. Негізінен Ертістің Омбы өңірі қазақтарының әдеби шығармашылық мұрасын біріктіреді.

Омбы өңірі ондаған жылдар бойы оқшауланып келді. Кеңес үкіметі заманында Қазақстанмен қарым-қатынасы болмады. Осы кезде әдебиет те бұғауланды. Томаға тұйықтық ондағы қазақтардың «өзіндік» шығармашылығының қалыптасуына әкелді. Сөйтіп, «біздің ақынымыз», «біздің шешен-билеріміз» деген меншіктік ұғым туды. Көп жағдайда олар Қазақстандағы осындай сөз иелері мұрасынан артық дәріптелмесе, кем болмады. Омбы өңірі ділмәрлары мұндай жоғары бағаға тұрарлық.

Шынтуайтында біздің қазақ әдебиеті деп жүргеніміздің өзі бүкіл қазақ халқының шығармашылығын толық қамтымайтын, қазіргі Қазақстан жерін бұрын-соңды қоныстанушы қазақтардың өзімен шектелетін, әсте оны да іріктеп-екшеп қана игеру болып келеді. Әйтпесе Өзбекстандағы, Түркіменстандағы, Ресейдегі, онымен іргелес Астрахань, Сарытау, Орынбор, Омбы облыстары мен Алтай өлкесіндегі, Монголиядағы, Қытайдағы қазақтар шығармашылығы ілуде бір болмаса, қаймағы бұзылмай жатқан әдеби дүниелер екені сөзсіз. Бұлардың бәрі де өз жинақтаушыларын, зерттеушілерін күтуде.



БАЙСЕРКЕ АБЫЗ
(1789-1879)
Байсерке Түгелұлы Павлодар облысының Ертіс ауданында туып, Омбы облысы Назыбай ауданында дүниеден өткен. Кейбір деректерде ол 1760 жылы туып, 1841 жылы қайтыс болған делініп жүр. Бұл шындыққа жанасымсыз. Себебі, Байсеркенің әкесі Абылай ханмен тұстас, қалмақтарға қарсы соғыста аты шыққан батыр. Тағы бір айта кететін бір жай «Ермек» атты қиссада да Түгел деген батыр туралы сөз болады. Бірақ бұл Түгелді Байсеркенің әкесі деуімізге дәлеліміз жеткіліксіз.

Байсерке абыздың сөздері көбінесе Қазақстанның Солтүстік облыстарында және Ресейдің Омбы облысында жақсы сақталып, ауыздан-ауызға көшіп, өзгеріске ұшырай қоймай, халықтың өзімен бірге жасасып келген.

Толғаулары ақыл-нақылдан, үлгі-өнегелік мақал-мәтелден тұрады.
Дауыл болмай жауын болмас,

Ит күшіктен сауын болмас.

Екі жалқау бірігіп ауыл болмас,

Ауыл болса да тәуір болмас.


Мұны тағылымды-тәрбиелі сөз десе де, ақылды-аталы сөз десе де болады. Абыз сөздері нысанаға мірдің оғындай дәл тиіп жатады, сабырлы, салмақты естіледі. Оның бейнелі сөздері өмір оқулығындай әсер етеді. Өрнекті, әдепті, әдемі бейнелер естуші мен оқырман көз алдында өзгеше сұлу дүние сымбатын елестетеді.

Байсерке абыздың сөздерінің мазмұн, түр, тақырып жағынан өзіне тән ерекшеліктері бар. Ел билеушілерге, бала тәрбиесіне арнап айтқан сөздері көп. Олардың көпшілігі абыздың жақсылық пен жамандық, дос пен дұшпан, әке мен шеше қадірі, әйел ақылы тағы басқа толып жатқан тәрбиелік мәні бар зор мәселелерді қозғайды.



БАЙСЕРКЕ МЕН БАПАН
Қанжығалы руының бас биі Бапан терең ойлы әділ би болса керек. Оның осы қасиетін қыпшақ Байсерке абыз:
Шығарайын кесектеп,

Ішімдегі қапамды.

Салмақтадым тұсымда

Әр таптан шыққан адамды.

Оқшау жаралған адам ғой,

Ішіме қарай тартайын,

Қанжығалы Бапанды, –
деп бағалаған екен. «Мынау Бапандай екен» дейтін мақтау сөз осы кезде таралыпты [1,146-147-б].
БАЙСЕРКЕ МЕН ШЕШЕН ЖІГІТ
Шоң мен Торайғыр барған жердегі құдалар сөзге жүйрік бір шешен жігітті шақыртып, Байсеркемен сөз сайысына түсіріпті. Қандай сөзге келсе де Байсерке абыз ел шешенінің аузын аштырмай «шоқ басқандай» етіп ықтыра беріпті. Соған намыстанған шешен жігіттің әйелі күйеуіне жанашырлық білдіріп «Байсеркенің кедейлігін бетіне бас, бұйырса сонда бір сүрінер», - дейді.

Әйелін тыңдаған жігіт:

- Абыздың сөзі сайрап, өзі жайнап тұр екен, үй-күйі, сән-салтанаты да сай шығар, - депті. Байсерке мүдірместен:
- Иә, үйім бар,

Адам айтса нанғысыз.

Алпыс үйрек қамаса,

Бірін ұстап қалғысыз.

Сіздің үйді көрген жан,

Біздің үйге барғысыз, -


депті. Сөйтіп кедейлік те абыздың бетіне шіркеу бола алмай, ол қарсыласын дерге қаратқан екен [2,206-б].
БАЙСЕРКЕ МЕН ТҰРЛЫБЕК
Он дуанды басқарған генерал-губернатордың бас кеңесшісі болған керей Тұрлыбек Көшенұлы (1765-1848) елдің бәрінен сыбағасын жеп үлгере алмайтын болғандықтан, барған жеріндегі кейбір жағымпаздар «сыбағаңыз» деп мал беруді әдетке айналдырған екен. Бірде Тұрлыбек осындай сый ретінде бір нарды сыйлыққа алып қайтып келе жатқанда Байсерке абыздың үйіне тоқтайды. Талай әңгіменің басын қайырған Тұрлыбек Байсеркеге керемет бір түйе әкеле жатқанын айтады. Шешен естімеген сыңай танытады. Тұрлыбек менің жібек жүнді нарымды көріңіз деп, қолқа салып қоймайды. Сонда:
Байлауы жоқ шешеннен,

Үндемей отырған есті артық.

Бәйге алмаған жүйріктен,

Белі берік бесті артық.

Мұнарланған күндізден,

Жұлдызы жарық түн артық.

Парадан алған түйеден,

Тәңірім берген ешкі артық, -


депті [3, 312-б].

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет