Қазақстан Республикасы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін типтік бағдарламасы Астана 2015 Жоба Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Мектепке дейінгі балалық шақ»



бет1/16
Дата16.06.2016
өлшемі1.24 Mb.
#139918
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16


ЖОБА
Қазақстан Республикасы

Білім және ғылым министрінің

2015 жылғы «___» ___№__

бұйрығымен бекітілген



Қазақстан Республикасы

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың

жалпы білім беретін типтік бағдарламасы


Астана

2015
Жоба Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің

«Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығы базасында әзірленген


УДК 373.2

ББК 74.100

0-28
0-28 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ МЕН ОҚЫТУДЫҢ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ТИПТІК БАҒДАРЛАМАСЫ / - АСТАНА, 2015. - 191 БЕТ.
Пікір жазғандар: А.Е.Жұмабаева, п.ғ.д., профессор

С.Н.Жиенбаева, п.ғ.д.

С.Д.Дүйсенбенова, әдіскер

ISBN 9965-810-74-5
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін типтік бағдарламасы мектепке дейінгі ұйымдарды және ата-аналар қауымдастығын оқу-тәрбиелеу үдерісімен қамтамасыз етуге арналған. Типтік бағдарлама мазмұны баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін мектепке дейінгі педагогика мен жас ерекшеліктері психологиясының негізгі ережелеріне сәйкес және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша білім беру салаларын кіріктіру ұстанымдары ескеріле отырып әзірленді.
Типтік бағдарлама «Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығының Ғылыми- әдістемелік кеңесінде (№4 хаттама 20 қазан 2014 ж) қаралып ұсынылған.

«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қорытынды сараптамасы берілді және Осы типтік бағдарлама сынақтан өткізуге ұсынылды (23.12.2014 ж. кіріс номері №02-2/2671).


УДК 373.2

ББК 74.100

ISBN 9965-810-74-5

© «Мектепке дейінгі балалық шақ»

Республикалық орталығы , 2015

І. ТҮСІНДІРМЕ ЖАЗБА
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатындағы басым бағыт болып табылады. Еліміздің зияткерлік әлеуетінің болашағы

балаларға мектепке дейінгі сапалы білім беру мен ерте жастағы балалардың қабілеттерін дамытудың қоғамдағы орны өте маңызды.

Қазақстанның қазіргі кезеңдегі білім беру саясаты, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуіне байланысты, ең алдымен мектепке дейінгі білім беру жүйесіне бала қабілетін ашатын алғашқы саты ретінде жоғары талаптар қояды және жаңа, тиімді психо-педагогикалық тәсілдер табуды жеделдетуді көздейді.

Қазіргі кезеңде республиканың мектепке дейінгі ұйымдарының білім беру үдерісінде негізгі білім беру бағдарламалары «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» және «Қайнар», «Балбөбек», «Қарлығаш», т.б. балама бағдарламалар қолданылуда.

Мектепке дейінгі білім беру мазмұнының мониторингі көрсеткендей, бағдарламалардың көптігі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнының тұтастығы мен сабақтастығын қамтамасыз ете алмағандықтан, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогикалық үдерісті қамтамасыз ететін бірыңғай типтік білім беру бағдарламасын (бұдан әрі - Типтік бағдарлама) әзірлеу қажеттілігі пайда болды.

Типтік бағдарлама отандық және шетелдік ғылым мен тәжірибелердің соңғы жетістіктері ескеріле отырып әзірленген мектепке дейінгі ұйымдарға арналған жалпы білім беретін бағдарламалық құжат болып табылады.

ЮНЕСКО-ның «Барлығына арналған білім беру» (2007ж.) тақырыбындағы баяндамасында білім беруге баса назар аударылған және балаларды оқытуды туғаннан бастау қажеттігі алдыңғы орынға қойылған. Сондай ақ, «Балалар құқығы туралы Конвенцияда» ерте жастан оқытудың қажеттілігі негізделген.

Мәскеу Үкіметі мен ЮНЕСКО-ның біріккен «Мәскеулік білім беру: сәбиліктен мектепке дейін» қанатқақты жобасының негізгі ойлары Ресейдің « Туғаннан бастап мектепке дейін» бағдарламасында көрініс тапқан.

Вашингтон штатын дамыту стандартында кішкентай балалар мен олардың ата-аналарына қызмет көрсететін бағдарламалар анықталған.

Типтік бағдарлама Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Типтік бағдарламада бала тұлғасының біртұтас дамуын сипаттайтын мектепке дейінгі ұйым түлегінің моделі анықталған.

Типтік бағдарламаның мазмұны баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін мектепке дейінгі педагогика мен жас ерекшеліктері психологиясының негізгі ережелеріне сәйкес және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша білім беру салаларын кіріктіру ұстанымдары ескеріле отырып әзірленді.

Типтік бағдарлама білім беру үдерісінің заттық-дамытушылық ортасында жүзеге асырылады және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың тәрбиелік, дамытушылық және білімдік міндеттерінің бірлігін қамтамасыз етеді. Бұл бағдарламаның ерекшелігі жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген қолайлы әлеуметтендіру мен шешуші құзіреттіліктерді меңгеруге мүмкіндік беретін ерте жастағы балаларды туғаннан бастап мектепке дейінгі ересек жасқа дейінгі (мектепалды даярлық) кешенді дамуын қамтамасыз ету. Ерте жастағы балалардың мұндай қабілеттерін дамыту одан әрі қарай мектепте оқығанда қажет болатын құзіреттіліктер жүйесін қалыптастыруға негіз болады.

Типтік бағдарлама мектепке дейінгі жастағы балалардың даму траекториясы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс бойынша заманауи бағдарламаларды әзірлеуге негіз болады.

Мақсаты: балаларға әрі қарай үйрету үшін олардың жас ерекшеліктеріне сай рухани-адамгершілік қасиеттерін, әлеуметтік, коммуникативтік, шығармашылық, танымдық қабілеттерін қалыптастыру және дамыту.

Міндеттері:

- баланың өмірін қорғау және денсаулығын нығайтуды қамтамасыз ететін заттық-кеңістіктік дамытушы ортаны құру;

- мектепке дейінгі білім берудің сабақтастық және үздіксіздік ұстанымдарымен қамтамасыз ету;

- балалардың дене, зияткерлік, адамгершілік, эстетикалық, коммуникативтік дамуына бағытталған білім беру салаларын кіріктіру;

- баланың тіршілік әрекетіне қажетті білім игеру, білік және дағдыларды қалыптастыру;

- тілін, қарым-қатынас мәдениетін дамыту, сауат ашу негіздерін меңгеруге даярлау;

- мектепке дейінгі жастағы балалардың халықтың салты мен дәстүрлеріне деген құндылықтарын, адамгершілік бағдарын қалыптастыру;

- Отанға, туған өлкесіне деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, қоршаған ортаға, отбасына, түрлі ұлттың адамдарына ізгі қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу;

- мектепке дейінгі ұйым мен отбасының өзара қарым-қатынасы.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың типтік бағдарламасы:

- мектепке дейінгі жастағы балалардың дене тұрқын және психологиялық саулығын нығайтуға, оларды салауатты өмір салтының құндылықтарына баулуға;

- зияткерлік, әлеуметтік және тұлғалық дамытуда тиімді әдістерді қолдануға;

- педагогикалық ізгілендіру, сабақтастық, бірізділік, жүйелілік ұстанымдарын жүзеге асыруға;

- балаларды тәрбиелеу мен оқытудың тәрбиелік, дамытушылық, білімділік міндеттерінің бірлігін қамтамасыз етуге;

- балалардың даму деңгейін анықтайтын индикаторларға сәйкес олардың білімдерін, біліктерін және дағдыларын критериальды бағалауға;

- тәрбие мен оқытудың инновациялық әдістері мен технологияларын қолдануға;

- мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеуде ата-аналар қоғамдастығының қажеттілігін қанағаттандыруға;

- меншік нысандарына қарамастан барлық типтегі және түрдегі мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру үдерісін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның құрамдас бөлігі Үлгілік оқу жоспары мен мектеп жасына дейінгі балалардың дамуын критериальды бағалау жүйесі болып табылады. Бағдарламаның мазмұны балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оларды жан-жақты дамытуға бағытталған «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» білім беру салаларына негізделген.

Типтік бағдарламада балалардың жас ерекшелігінің сипаттамалары нақтыланған, балаларда отаншылдық, төзімділік, ізгілік сезімдері мен жағымды қарым-қатынасты қалыптастыратын білім беру үдерісінің мазмұны, күн тәртібі, дамытушылық ортасы анықталған.

Бағдарламаның мазмұны дене және психологиялық дамуының келесі жас кезеңдерін қамтитын балалардың жас топтары бойынша ұсынылған:

1. I ерте жас – туғаннан 1 жасқа дейін (І ерте жас тобы);

2. IІ ерте жас – 1 жастан 2 жасқа дейін (ІІ ерте жас тобы);

3. I мектепке дейінгі кіші жас – 2 жастан 3 жасқа дейін (I кіші топ);

4. II мектепке дейінгі кіші жас – 3 жастан 4 жасқа дейін (II кіші топ);

5. Мектепке дейінгі орта жас – 4 жастан 5 жасқа дейін (ортаңғы топ);

6. Мектепке дейінгі ересек жас – 5 жастан 6 (7) жасқа дейін (ересектер тобы).

5 жастан 6 (7) жастағы балалар мектепалды даярлық тобына (сыныбы) жатады. Мектепалды даярлық аралық саты ретінде мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығын қамтамасыз етеді.

Мектепалды даярлық мазмұнының ерекшелігі балаларда оқу әрекеттерінің қалыптасуы мен мектепте оқытудың жаңа жағдайларына белсенді түрде енуі болып табылады.
Күн тәртібі

Дұрыс құрылған күн тәртібі – бұл балалардың күн ұзағына болатын әртүрлі іс әрекеттері мен демалысының орынды кезектестесуі мен тиімді үйлестірілген ұзақтығы. Күн тәртібін дұрыс құрудың негізгі ұстанымы оның балалар жасының психофизиологиялық ерекшеліктеріне сай болуы.

Режимдік сәттерді іске асыруда балалардың жеке ерекшеліктері (ұйқысының ұзақтығы, ұнататын дәмі, әрекеттерінің қарқыны және т.б.) ескерілуі тиіс. Балабақшаның күн тәртібі баланың жеке ерекшеліктеріне неғұрлым жақын болып үйлессе, соғұрлым өзін тамаша сезініп, көңіл күйі көтеріңкі, белсенділігі жоғары болады.
Білім беру қызметін ұйымдастыру

Білім беру қызметі балалардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылған оқу үдерісіндегі білім беру салаларының мазмұнын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Білім беру қызметі балаларға салмақ салмай, тәрбиелік, дамытушылық, білімдік мақсаттар мен міндеттердің бірлігін қамтамасыз етуі тиіс.

Әрбір білім беру саласының мазмұнында мектепке дейінгі жастағы балалардың базалық білімді, білік және дағдыларды меңгеруден күтілетін нәтижелері анықталған.

Типтік бағдарлама мазмұнын іске асыру баланың қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне, оның жан-жақты үйлесімді дамуына бағытталған педагогикалық үдерісті ұйымдастыруға заманауи тәсілдерді қолдануды көздейді.

Білім беру салаларының мақсаты мен міндеттері ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде ғана емес, сонымен бірге режимдік сәттерде де іске асырылады.

Режимдік сәттер кезеңінде білім беру әрекеті келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:

1. Дене дамуы: кешенді шынықтыру шаралары, таңертеңгі жаттығу, күннің екінші жартысындағы жаттығулар мен қимылдық ойындар;

2. Әлеуметтік-тұлғалық дамыту: режимдік сәттерді өткізуде жағдаяттық әңгімелесу, олардың қажеттілігін түсіндіру; тапсырмалар, кезекшілік, өзіне-өзі қызмет ету, еңбек дағдыларын дамыту; ересектерге көмектесу; сабаққа қажетті мүліктер мен құрал-жабдықтарды орналастыру мен жинауға, қимылдық ойындар мен жаттығуларға арналған құрылымдарды құрастыруға балаларды қатыстыру; режимдік сәттерді өткізуде қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыру;

3. Танымдық тілді дамыту: тілдік дамытушы ортаны құру; ойындарда, бақылауларда балалармен еркін диалогтар; балалармен жағдаяттық әңгімелер; еңбек қимылдары мен гигиеналық рәсімдерді атау, балалардың сөйлеу белсенділігін ынталандыру;

4. Көркем-эстетикалық дамыту: балалардың күнделікті тіршілігінде, ойында, қолы бос кезінде, серуенде, бейнелеу әрекетінде, таңертеңгі жаттығуды өткізуде музыканы қолдану, қоршаған ортадағы әртүрлі дыбыстарға, бөлмелерді безендіруге, жабдықтардың тартымдылығына, бөлменің, заттардың, ойыншықтардың әсемдігі мен тазалығына балалардың назарын аудару.
Білім беру үдерісіндегі қызмет түрлері

Мектепке дейінгі ұйымдарда сабақтарды ұйымдастырудың топтық, жеке және жалпылама түрлері қолданылады.

Сабақтарды ұйымдастырудың топтық түрі шағын топтарда жүргізіледі. Шағын топтарды жинақтауға баланың тұлғалық ерекшеліктері, ортақ мүдделері негіз болады. Оқыту үдерісінде балалардың өзара қарым-қатынасын қамтамасыз ету.

Тәрбиелеу мен оқытуды жеке түрде ұйымдастыру.

Сабақтарды ұйымдастырудың жалпылама түрі барлық топпен жұмысты қарастырады. Типтік бағдарлама сабақтарды ұйымдастырудың келесі талаптарын қамтамасыз етеді:

1. Гигиеналық (таза желдетілген, жақсы жарықтандырылған бөлме, баланың дұрыс қалпы, әртүрлі әрекет түрлерін кезектестіріп отыру, шаршауына жол бермеу);

2. Дидактикалық (білім беру міндеттерін нақты анықтау, тақырыптың оңтайлы мазмұны, тиімді әдістер мен тәсілдерді қолдану, балалардың танымдық белсенділігін қамтамасыз ету, дамытушы сипаттағы дидактикалық ойындарды қолдану).

Мектепке дейінгі жастың бүкіл кезеңінде іс-әрекеттердің мынадай негізгі түрлері қолданылады:

- ойын – балалардың қоршаған әлемді тану қабілеті мен өмірлік іс-әрекетін ұйымдастыру; ойын түрлері: дидактикалық, қимылды, музыкалық, театрландырылған, мазмұнды-рөлдік, драмалық-ойындар;

- қимылдық – баланың әртүрлі қозғалғыштық белсенділігінің түрлері мен мазмұнын тиімді құрамдастыру;

- коммуникативті – әр түрін (әңгіме, жағдаяттар құру, сұхбаттар, мазмұндық ойындар және т.б.) қолдана отырып, балалар тілін дамыту;

- еңбек – өзіне өзі қызмет ету, табиғатта еңбек ету, қол еңбегі, ересектер еңбегіне бақылау, ойындарға арналған заттарды дайындау, сұлба жасау, коллекциялар және олардың безендірілуі, мерекелерде топ бөлмелеріне арналған әшекейлер дайындау;

- танымдық-зерттеушілік айналаны танып біледі және жаңа білімді меңгереді;

- өнімді іс-әрекет – сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, құрастыру және басқа;

- музыкалық-көркемдік – музыкалық аспаптарда ойнау, ән салу, тыңдау, қосылып айту, суырып салу, музыкалық-ырғақтық қозғалыстар;

- оқу – тыңдау, түсіну, әңгімелеу, өлеңді мәнерлеп оқу, әлди, иллюстрацияны қарастыру, әртүрлі жанрдағы шығармаларды талқылау;

- мультфильмдерді, бейнефильмдерді, телебағдарламаларды көру және талқылау;

- өсімдіктер мен жануарларды бақылау бойынша, заттар мен көріністердің суреттерін қарау және әңгімелер құрастыру;

- бейнелеу: сурет салу, мүсіндеу, жапсыру (заттық, мазмұндық, өз ойымен, сәндік);

- жағдаяттар құру, әлеуметтік-адамгершілік мазмұнда әңгімелесу, қызықты дәйектер мен оқиғалар туралы арнайы әңгімелер ;

- би, музыкалық-ырғақтық би қимылдарын көрсету, халықтық әуендерге бірігіп би шығару, қосылып ән шырқау .

Білім беру салаларының мазмұнын кіріктіру

Білім беру қызметтерін білім беру салаларын кіріктіру арқылы білім берудің түрлері мен әдістерін қолдана отырып жүзеге асыруға болады.

Білім беру салаларының мазмұнын кіріктіру:

- білім беру салалары мазмұнының көлемін балалардың жас ерекшеліктеріне және оны меңгеруге берілген уақытқа сәйкес келтіруді;

- тұтас үдеріс аясында білім беру салаларының мазмұнын іске асыруды;

- баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру және оның әлеуметке үйлесімді енуін қамтамасыз етеді.

Кіріктіру ұстанымына сәйкес, бір саланың білім беру әрекеті барысында басқа білім беру салаларының міндеттерін бір мезгілде шешу қажет. «Денсаулық» білім беру саласының міндеттерін шешкен кезде бір мезгілде «Әлеуметтік орта» білім беру саласының дағдылары қалыптасады, «Таным», «Қатынас» білім беру салаларына қатысты білім мен білік қаланады және т.б.
Ойын әрекетін ұйымдастыру

Ойын – мектепке дейінгі жастағы балалардың қоғамдық өмірінің ерекше түрі (қоғамдық), олардың қалауы бойынша біріктіретін, өз бетінше әрекет ететін, өзінің ойларын жүзеге асыратын, әлемді танитын әрекетінің негізгі түрі болып табылады. Ойын әрекеті әрбір баланың дене және психологиялық дамуына, адамгершілік-жігерлі қасиеттерді, шығармашылық қабілеттерді тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Ойын – балалардың барлық бос уақытында өзгеріп, жасына қарай күрделеніп отырады. Баланың іс әрекетіне қимылдық және сол сияқты үстел үсті, дидактикалық ойындар қосуға болады.

Ерте жастағы (1-3 жас) ойындар заттық-манипуляциялық сипатта болады. Заттық ойындар – баланың іс-әрекетінің жетекші түрі.

Мектепке дейінгі кіші жастағы (3-4 жас) балалар ойындары заттық және есті, ойлауды, қабылдауды және т.б. дамыту мен жетілдіруге қызмет етуі тиіс.

Мектепке дейінгі орта жас кезеңіндегі (4-5 жас) балалар ойын кезінде топтарға бірігеді, рөлдік ойындар пайда болады.

Мектепке дейінгі ересек жас кезеңіндегі (5-6 жас) ойын үдерісінде балалардың еңбек ететін және жаттығу әрекеттерінің түрлері туындайды. Бұл жаста моралдық-этикалық нормаларға тәрбиеленеді, қарапайым еңбек дағдылары мен біліктері қалыптасады, тәжірибелік ойлауы мен көркем-шығармашылық әрекеттері дамиды.

Мектепалды даярлық кезеңінде ойындар символды және мазмұнды-рөлдік түрде бола бастайды.


Мүмкіндігі шектеулі балалармен түзету жұмыстарын ұйымдастыру

Дамуында мүмкіндігі шектеулі балалардың білім беру бағдарламаларын игерудегі түзету жұмыстары дене тұрқы мен (немесе) психикалық дамуындағы және әлеуметтік бейімделуіндегі кемшіліктерін түзететін кешенді көмек жүйесін құруға бағытталады.

Бұл санаттағы балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін олардың мүмкіндіктерін дұрыс бағалау және білім алуға деген ерекше сұраныстарын анықтап алу қажет.

Осыған орай:

- мүмкіндігі шектеулі балаларды уақытылы анықтауда;

- баланың жеке психо-педагогикалық ерекшеліктерін анықтауда;

- педагогикалық үдерістер мен түзету шараларын ұйымдастырудың кешенді тәсілдерін анықтауда;

- мектепке дейінгі ұйымда әр баланы жекелей сүйемелдеуді қамтамасыз етуде;

- даму динамикасын және түзету жұмыстарының тиімділігін бағалауда;

- баланың тәрбиелік және оқыту жағдайларын анықтауда;

- баланың ата-анасына кеңес беруде психологиялық-медико-педагогикалық диагностикаға ерекше рөл беріледі.

Түзету жұмыстарының білім беру бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуға деген ерекше сұранысын ескерген, оқыту және тәрбиелеудің даралап және оңтайланған арнайы жағдайларын құруды қарастырады.

Түзету жұмыстары білім алудың вариативтік түрінде де сол сияқты, дамуында мүмкіндігі шектелген балаларды арнайы сүйемелдейтін әртүрлі нұсқаларда да қарастырылады.

Оқыту түрі жалпы топта мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін типтік бағдарламасымен немесе кейбір жағдайда жекелеген бағдарлама бойынша қашықтықтан оқытылуы мүмкін.


Түзету жұмыстарының білім беру бағдарламасын жүзеге асыру жағдайларына қойылатын талаптар

Психологиялық-педагогикалық қамтамасыз ету:

- сараланған жағдайларда (оқу жүктемелерінің оңтайлы тәртібі, білім алудың вариативтік түрлері және мамандандырылған көмек) психо-медико-педагогикалық кеңестің ұсыныстарына сәйкес қамтамасыз етіледі;

- психо-педагогикалық қамтамасыз ету (түзетуге бағытталған оқу - тәрбие үдерісі; балалардың жеке ерекшеліктерін есепке алу; жағымды психоэмоциялық тәртіпті сақтау; заманауи педагогикалық технологияларды қолдану, соның ішінде ақпараттық, компьютерлік, сондай-ақ, ойын арқылы емдеу, арт-терапия, денеге-бағдарланған емдеу, ертегі арқылы емдеу, психогимнастика және басқалар);

- мамандандырылған жағдайлармен қамтамасыз ету (бала дамуындағы бұзылыстары ескерілген сараланған және даралап оқыту тәсілдері, арнайы әдістер);

- денсаулық сақтау жағдайларымен қамтамасыз ету (сауықтыру және қорғау тәртібі, денсаулығы мен психикалық саулығын нығайту, санитарлық-гигиеналық ережелер мен нормаларды сақтау);

- қалыпты дамыған балалармен қатар дамуында мүмкіндігі шектелген балаларды тәрбиелік, мәдени-ойын сауықтарға, спорттық сауықтыру және басқада шараларға қатысуын қамтамасыз ету;

- денсаулығында және психикасында күрделі бұзылыстары бар балаларды арнайы оқыту және тәрбиемен қамтамасыз ету.

Күтілетін нәтижелер

Күтілетін нәтиже жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру салаларының мазмұнын меңгеруді қарастырады, нәтижесінде осы жастағы балалардың тіршілік әрекетінде қолданылатын білім, білік және іскерлік деңгейі анықталады.

Күтілетін нәтижелер – бұл баланың жас ерекшеліктеріне сәйкес білімін, білігін және дағдысын анықтайтын даму деңгейінің көрсеткіштері. Күтілетін нәтижелер баланың даму деңгейінің индикаторлар жүйесімен анықталады.

Индикаторлар жүйесі мынадай көрсеткіштерден тұрады:

- белгілі бір іс әрекетті және білімді беруі;

- не істейтінін түсінуі;

- белгілі бір білім қорын меңгеруі;

- өз бетімен, шығармашылық тұрғыда, әдеттен тыс жағдаяттарда не істей білетінін қолдана білуі.

Жарты жыл сайын мониторинг жүргізіледі және мектеп жасына дейінгі балалардың даму деңгейін жақсарту үшін алынған нәтижелер талданады.
Ата-аналармен жұмыстарды ұйымдастыру

Ата-аналармен бірлескен қызметтің негізі:

- ата-аналарды мектепке дейінгі ұйымның педагогикалық үдерісіне тарту;

- баланы тәрбиелеу мен дамытуда ата-аналарға консультациялық көмек көрсету;

- ұйымшылдыққа тарту және педагогтармен өзекті мәселелерді, жағдаяттарды бірлесіп шеше білу болып табылады.
Бағдарламаның құрылымы келесі бөлімдерден тұрады:

I. Түсіндірме жазба.

II. Ерте жастағы бірінші топ.

III. Ерте жастағы екінші топ.

IV. Бірінші кіші топ.

V. Екінші кіші топ.

VI. Ортаңғы топ.

VII. Ересектер тобы.

VIII. Қорытынды.

ІХ. Қосымша (Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспары, критериальды бағалау жүйесі, заманауи бағдарламалардың үлгілік құрылымдары).


II – VIІ бөлімдер мыналардан тұрады:

- балалардың жас ерекшеліктеріне сипаттама;

- балалардың тіршілік әрекеттерін ұйымдастыру;

- білім беру салаларының мазмұны және күтілетін нәтижелер;

- күн тәртібінің үлгісі;

- ата-аналармен жұмыс.



ІІ. ЕРТЕ ЖАСТАҒЫ БІРІНШІ ТОП

(туғаннан бастап 1 жасқа дейін)
1. Балалардың жас ерекшеліктеріне сипаттама

Дүниеге 3200-3400 г. салмақпен келген бала 5-6 айға толғанда екі есе, жасқа толғанда үш есе салмақ қосады. Баланың бойы 50-52 см болып туылса, жасқа таман 20-25 см өседі. Алғашқы тістері пайда болады. Жыл соңына қарай жүре бастайды.

Ерте жастағы бала дамуының маңызды тұстарының бірі алғашқы жеке тәжірибесінің негізін қалайтын жоғары жүйке қызметінің дамуы. Бала әрекетінің дамуы ересектермен тығыз байланыста тілдесу, бағдарлық және заттық сияқты іс-әрекет түрлері қалыптасады.

Балалардың орталық жүйке жүйесінің жұмысқа қабілеттілігінің жедел дамуы әсерінен оның сергектену белсенділігі жыл соңына қарай 3 сағатқа дейін артады.

Алғашқы жылында есту және көру арқылы қабылдауы айтарлықтай жетіледі. Сәби өмірінің алғашқы айларында ересек адамның жүзіне немесе ойыншыққа көзі шоғырлана бастайды, олардың қимылдарын бақылайды, дауысты немесе заттың дыбысын тыңдайды, кереуеттің үстіне ілінген заттарға қолын созады және ұстайды. 4,5-5 айдан соң балалар балалар негізгі түстер мен пішіндерді ажырата бастайды. Олар түрлі сипаттағы музыка мен интонацияға эмоционалды жауап қайтарады. Соңында, ашық түсті ойыншық пен жақын адамның дауысы балаға әсер етеді, қолдарын таянады немесе сүйеніштен ұстай алады, еңбектейді содан соң жүре бастайды (жылдың екінші жартысында).

Бала өмірінің алғашқы айларында қысқа үздік-создық дыбыстарды шығарады, 4-5 айда тілдік тыныс алуды дамытуда өте маңызды әндете гуілдейді. Кейін сөз жасауға болатын буындарды айта бастайды.

Нысандарды қабылдау жылдам қарқында дамиды (бірінші жарты жылда – заттарды тануды үйренеді, ал екіншісінде – заттардың тұтас бейнесін қалыптастырады); алғаш рет көрнекі-нақты ойлаудың түрлері пайда бола бастайды, бағдарлы-зерттеу белсенділігі дамиды (бір нәрсені білуге құштарлық) адамның тілінің интонациясы мен мазмұнына ерекше үн қатады; алғашқы сөздерді (бір немесе екі буыннан тұратын) айтады; еріксіз және қысқа уақытқа есте сақтай алады; ал 6 айдан соң есте сақтауға және затты іздеуге қабілетті болады.

Жылдың соңында эмоциясы мақсатқа бағытталады, балалар басқа адамдардың қуанған, жек көрген, ренжіген, ұялған сезімдерін, көңіл-күйін таниды, анасын сағынады, таныс емес адамдарды және таныс емес ғимаратты көрген кезде жатырқайды; бала өзінің дене бөліктерін танып үйренеді (өзін өзі тануды дамытуға алғышарт), қажеттілік әлеуметтік сипатқа ие (жаңа әсерлерге көзқарас, тілдесуге деген сұраныс қалыптасады) болады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет