Қазақстан республикасы мен түркия республикасы арасында дипломатиялық Қатынастар орнату туралы хаттама



бет1/7
Дата26.02.2016
өлшемі387.5 Kb.
#26888
  1   2   3   4   5   6   7
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДА ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ОРНАТУ ТУРАЛЫ ХАТТАМА
Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы
тілдерінің, дәстүрлері мен тарихи бірлігіне сүйеніп, жан-жақты ынтымақтастықтың нәтижелі негізін құрып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың рухына сенімділігін танытып;
БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне, Хельсинки Қорытынды Актісіне, жаңа Европа үшін Париж Хартиясына және ЕЫҚК істерінің басқа да құжаттарына адалдығын білдіріп,
халықаралық құқықтардың салиқалы ережелеріне, егемендік пен тәуелсіздікті құрметтеуге, бір-бірінің ішкі істеріне араласпауға сенімділігін сездіріп,
саяси, сауда, экономика, мәдениет пен басқа да қатынастарда алдағы өзара тиімділікті дамыту мақсатында,
1961 жылғы 18 сәуірдегі дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясына сай, Елшіліктер деңгейінде дипломатиялық қатынастар орнатуға келісті. Осы Протокол қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.
Күші бірдей екі текст екі данадан қазақ және түрік тілдеріндегі Протоколға 1992 жылғы 2 наурызда Алматыда қол қойылды.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТҮРКИЯ ЕСПУБЛИКАСЫ

ҮШІН ҮШІН

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІ МЕН ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ҚОЖА АХМЕД ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІН ҚҰРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі (бұдан былай «Тараптар» деп аталады) 1992 жылдың 1 мамырында Алматы қаласында қол қойылған «Білім, ғылым, мәдениет және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге» сай, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық тарихи, мәдени және ғылыми байланыстарды нығайту және дамыту мақсатында төмендегі мәселелер бойынша келісімге келді.
1-бап

Тараптар 1993 жылдың қаңтарынан бастап Ахмед Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті негізінде Қожа Ахмед Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін құрды және 1993 жылдың аяғына дейін университеттің базасын Халықаралық стандарттар талаптарына сай етеді. Түркия жағы техникалық жабдықтарды жеткізу жұмысын 1993 жылдың басынан бастайтын болады.


2-бап

Тараптар құрылған университеттің ректоры етіп профессор М.Жұрыновты тағайындады, ал бірінші проректорды тағайындау құқығы Түркия жағына қалдырылды. Келешекте Тараптар ректорды (Президентті) және бірінші проректорды (Вице-Президентті) өзара келісім бойынша тағайындайды.



3-бап

Тараптар университетке қажетті барлық шығындарды, инвестицияларды, техникалық жабдықтар мен жаңа ғимараттар құрылысын қоса, теңдей бөліп көтереді.


4-бап

Тараптар Түркия құрылыс фирмаларының бірін тарта отырып, университет кешенінің құрылысын 1994 жылдың наурыз-маусым айларында бастайд


5-бап

Келісуші Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап бір ай мерзім ішінде Қожа Ахмед Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Жарғысы мен оқу методикалық құжаттарын дайындау үшін Түркістан мемлекеттік университеті мен Хаджеттепе университетінің арасында ынтымақтастық туралы келісім-шарт (протокол) түзілуін қажет деп санайды.

Бұл «Келісім» оған қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Келісім түрік және қазақ тілдерінде екі дана болып жасалады, екі текст те тең күшке ие.

Келісімге 1992 жылдың 31 қазан күні Анкара қаласында қол қойылды.


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ

ҮКІМЕТІ ҮШІН ҮКІМЕТІ ҮШІН
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ КОНСУЛДЫҚ КОНВЕНЦИЯ

Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы, екі ел арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ консулдық қатынастарды реттеу ниетін басшылыққа ала отырып, Консулдық конвенция жасауды ұйғарды және мына төмендегі жайында келісті:


1-БӨЛІМ

КІРІСПЕ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап

Анықтаулар
Осы Конвенцияда төменде келтіріліп отырған терминдердің мынандай мағыналары бар:

1) «өкілін жіберген мемлекет» - консулдық қызмет адамын тағайындайтын Уағдаласушы Тарап дегенді білдіреді:

2) «консулдық орналасқан мемлекет» - өз аумағында консулдық қызмет адамы қызмет бабындағы міндеттерін орындайтын Уағдаласушы Тарап дегенді білдіреді:

3) «консулдық мекеме» кез келген бас консулдық, консулдық, вице консулдық немесе консулдық агенттік дегенді білдіреді:

4) «консулдық округ» - консулдық орналасқан мемлекеттің консулдық міндеттерді орындау үшін консулдық мекемеге бөлінген ауданы дегенді білдіреді:

5) «консулдық мекеменің басшысы» - осы сапада іс қимыл жасау тапсырылған адам дегенді білдіреді:

6) «консулдық қызмет адамы» - өкілін жіберген мемлекет бас консул, консул, вице консул немесе атташе ретінде консулдық міндеттерді орындауды тапсырған консулдық мекеменің басшысын қоса алғанда кез келген қызмет адамы дегенді білдіреді:

7) «консулдық мекеменің қызметкері» - консулдық мекемеде әкімшілік немесе техникалық міндеттерді орындайтын кез келген қызмет адамы дегенді білдіреді:

8) «қызмет көрсетуші персоналдың қызметкері» - консулдық мекемеге қызмет көрсету жөніндегі міндеттерді орындайтын кез келген қызмет адамы дегенді білдіреді:

9) «консулдық мекеменің қызметкерлері» - консулдық қызмет адамдары, консулдық мекеменің қызметкерлері және қызмет көрсетуші персоналдың қызметкерлері дегенді білдіреді:

10) «консулдық персоналдың қызметкерлері» - консулдық қызмет адамдары консулдық мекеменің басшысын есепке алмағанда консулдық мекеменің қызметкерлері және қызмет көрсетуші персоналдың қызметкерлері дегенді білдіреді:

11) «жеке үй қызметкері» - консулдық қызмет адамына тек қана жеке қызмет көрсететін адам дегенді білдіреді:

12) «отбасы мүшелері» - консулдық қызмет адамының зайыбы/ немесе жұбайы/, олардың кәмелетке толмаған балалары, сондай-ақ балаларымен бірге тұратын, өкілін жіберген мемлекеттің заңымен балаларын бағып-қағу жөніндегі қамқорлық жүктелген ата -аналар дегенді білдіреді:

13) «Консулдық архивтер» - барлық хат-хабарлар, құжаттар, кітаптар, газеттер, фильмдер, дыбыс жазу таспалары, шифрлармен, кодтармен бірге алғанда консулдық мекеменің реестрлері және олардың сақталуын қамтамасыз етуге арналған басқа да заттар дегенді білдіреді:

14) «консулдық үйлері» - консулдық мекеме басшысының резиденциясын қоса есептегенде, меншік құқығы кімге тиесілі болса да, тек консулдық мекеменің мақсаттары үшін ғана пайдаланылатын үйлер немесе үйлердің бөлімдері, осы үйлерге немесе үйлердің бөлімдеріне қызмет көрсететін жер учаскесі дегенді білдіреді:

15) «өкілін жіберген мемлекеттің азаматы» - осы мемлекеттің заңдарына сәйкес осы мемлекеттің азаматтығына ие кез келген адам дегенді білдіреді:

16) «заңды құқығы» - бар ұйым осы мемлекетте штаб-пәтерлері бар, өкілін жіберген мемлекеттің заңдарына сәйкес құрылған ұйымдар дегенді білдіреді:

17) «өкілін жіберген мемлекеттің кемесі» - әскери кемелерді есепке алмағанда, өкілдігін жіберген мемлекеттің заңдарына сәйкес оның порттарының бірінде тіркелген және өкілін жіберген мемлекеттің жалауы астында жүзуге құқығы бар, осы мемлекеттің меншігіндегі кез келген кеме дегенді білдіреді:

18) «өкілін жіберген мемлекеттің әуе кемесі» - әскери ұшу апараттарын есепке алмағанда, өкілін жіберген мемлекеттің меншігінде болатын, осы мемлекеттің заңдарына сәйкес тіркелген және осы мемлекеттің тану белгілерімен ұшуға құқығы бар кез келген ұшу аппараты дегенді білдіреді:

19) «Уағдаласушы Тараптар» - осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттер дегенді білдіреді.


2-БӨЛІМ

КОНСУЛДЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ОРНАТЫЛУЫ

ЖӘНЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫ

2-бап

Консулдық мекемелерді ашу және консулдық округтерді белгілеу

1. Консулдық мекеме консулдық орналасқан мемлекеттің аумағына тек сол мемлекеттің келісімімен ғана ашылып, өз қызметін жүзеге асыра алады.

2. Консулдық мекеменің орналасқан жері, оның қаласы және оның консулдық округі , сондай-ақ осыған байланысты кез келген өзгерістер өкілдігін жіберген мемлекет пен консулдық орналасқан мемлекет арасындағы келісім бойынша белгілінеді.

3. Егер консулдық мекеме басқа бекеттен вице-консулдық немесе консулдық агенттік ашуды қаласа, бұл жағдайда да консулдық орналасқан мемлекеттің келісімі қажет.

4. Басқа жерде жұмыс істейтін консулдық мекеменің бір бөлігі болып табылатын бөлімшені ашу үшін де консулдық орналасқан мемлекеттің келісімі қажет.

5. Консулдық қызмет адамы өзінің консулдық округтен тыс жерлердегі міндеттерін консулдық орналасқан мемлекет алдын ала келісім бергенде ғана орындай алады.

6. Өкілін жіберген мемлекет осы мемлекетте құрылған консулдық мекемеге басқа мемлекеттердегі консулдық міндеттерін орындауды сол мемлекеттер келісім бергенде ғана мүдделі мемлекеттерді хабардар еткеннен кейін тапсыра алады. Консулдық орналасқан мемлекет, өзінің шешімін дәлелдеуге міндетті болмастан, кез келген уақытта өз келісімімен өзгерте алады.

7. Консулдық орналасқан мемлекетті тиісінше хабардар еткеннен соң өкілін жіберген мемлекеттің консулдық мекемесі консулдық орналасқан мемлекеттің келісімімен консулдық орналасқан мемлекетте үшінші мемлекеттің атынан консулдық міндеттерін орындай алады. Консулдық орналасқан мемлекет, өзінің шешімін дәлелдеуге міндетті болмастан, кез келген уақытта өз келісімін өзгерте алады.

8. Құрметті консулдық 24-ші сәуір 1963 жылғы Вена консулдық қатынастар конвенциясына сәйкес ашыла алады.
3-бап

Консулдық қызмет адамдарының азаматтығы

1. Тек өкілін жіберген мемлекеттің азаматы ғана консулдық қызмет адамы бола алады, алайда ол консулдық орналасқан мемлекетте тұрақты түрде тұратын адам болмауға тиіс.

2. Уағдаласушы Тараптар консулдық мекеменің қызметкерлері, қызмет көрсетуші персоналдың қызметкерлері және жеке үй қызметшілері ретінде тек қана өз азаматтарын немесе консулдық орналасқан мемлекеттің азаматтарын пайдалана алады.
4-бап

Консулдық қызмет адамдарының қызмет бабындағы статусы

Өкілін жіберген мемлекеттің азаматы болып табылатын консулдық қызмет адамдары консулдық орналасқан мемлекетте қызмет бабындағы міндеттерін орындау шеңберінен шығатын коммерциялық немесе қандай да бір басқа кәсіптік қызметпен айналыса алмайды. Бұл тәртіп сондай-ақ олардың от басы мүшелері мен жеке үй қызметшілеріне де қолданылады.


5-бап

Консулдық мекеменің басшысын тағайындау

1. Өкілін жіберген мемлекет консулдық басшысының тағайындалғаны туралы консулдық орналасқан мемлекеттің сыртқы істер министрлігін хабардар етеді және оған өмірбаянмен бірге консулдық патент немесе басқа тиісті құжат жолдайды.

2. Патентте консулдық мекеме басшысының толық есімі мен фамилиясы, азаматтығы, атқаратын қызметі, консулдық округ және консулдық мекеменің орналасқан жері көрсетіледі.

3. Жоғарыда аталған формальдықтарды орындағаннан кейін, консулдық орналасқан мемлекет оған экзекватураны немесе кез келген басқа формадағы рұқсатты тегін береді. Экзекватура немесе рұқсат бергенге дейін консулдық орналасқан мемлекет консулдық мекеменің басшысын өз міндеттерін орындауға кірісуіне уақытша рұқсат етіп, оған осы конвенцияның ережелерінде көзделген артықшылықтарды қолдана алады.

4. Алайда консулдық орналасқан мемлекет, өз шешімінің себептерін түсіндіруге міндетті болмастан, экзекватура немесе басқа рұқсат беруден бас тарта алады.

6-бап

Консулдық округтің өкімет орындарын консулдық мекеме

басшысының тағайындалғаны туралы хабардар ету

Консулдық мекеменің басшысы өз міндеттерін орындауға тіпті уақытша болса да жіберілгеннен кейін консулдық орналасқан мемлекет бұл туралы консулдық округтің құзіретті өкімет орындарын дереу хабардар етеді. Сонымен бірге консулдық орналасқан мемлекет консулдық мекеменің басшысы өз қызметі жөніндегі міндеттерін орындай алу үшін және осы Конвенцияның ережелерінде көзделген артықшылықтарды пайдалана алуы үшін қажетті шаралардың бірін қолданады.


7-бап

Консулдық мекеме басшысының қандай да бір себеппен өз міндеттерін орындай алмауы

1. Егер консулдық мекеменің басшысы қандай да бір себеппен өз міндеттерін орындай алмаса немесе егер консулдық мекеме басшысының қызметі уақытша немесе ұзақ уақыт бойына бос болса, өкілін жіберген мемлекет консулдық орналасқан мемлекеттегі осы немесе басқа консулдық мекеменің консулдық қызмет адамына немесе консулдық орналасқан мемлекеттегі өз дипломатиялық өкілдігі дипломатиялық персоналы мүшелерінің біріне немесе өкілін жіберген мемлекеттің орталық аппаратынан жіберілген қызмет адамына консулдық мекеме басшысының міндеттерін уақытша атқаруға уәкілдік бере алады. Бұл жағдайда міндеттерді уақытша атқару мерзімі бір календарьлық жылдың ішінде үш айдан аспауға тиіс. Алайда қажет болған жағдайда бұл мерзім дипломатиялық арналар арқылы алынуға тиіс рұқсатпен ұзартылуы мүмкін.

2. Жоғарыда аталған міндеттерді атқаруға уәкілдік алған адам жөніндегі мағлұматтар консулдық орналасқан мемлекеттің сыртқы істер министрлігіне хабарланады.

3. Осы Конвенцияның ережелері консулдық мекеменің уақытша басшысы ретінде консулдық міндеттерді атқарушы адамға да қолданылады.

4. Консулдық орналасқан мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктің осы баптың 1-тармағына сәйкес консулдық міндеттерді орындау жүктелген дипломатиялық персоналының мүшесі дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалана береді.
8-бап

Консулдық мекеменің басқа қызметкерлерінің келуі, кетуі және

олардың статусына қатысы бар өзгерістер туралы

1. Өкілін жіберген мемлекет консулдық орналасқан мемлекеттің сыртқы істер министрлігіне консулдық мекеменің басшысының басқа консулдық мекеменің барлық қызметкерлерінің толық есімін, фамилиясын, азаматтығын, қызметін, келген және біржола кеткен уақытын, консулдық орналасқан мемлекеттегі жеке мекен-жайларын, сондай-ақ олардың статусындағы өзгерістер туралы хабарлайды.

2. Сонымен бірге жергілікті өкімет орындарына мына төмендегі қажетті мағлұматтар:

а) отбасы мүшелерінің кім екендігін куәландыратын құжаттарды табыс етумен бірге олардың келуі мен кетуі туралы;

б) жеке үй қызметшілерінің кім екендігін куәландыратын құжаттарды табыс етумен бірге олардың келуі мен кетуі туралы;

в) консулдық мекеменің қызметкерлері, қызмет көрсетуші персоналдың қызметкерлері және жеке үй қызметшілері ретінде жұмысқа алынған, консулдық орналасқан мемлекеттің азаматы болып табылатын адамдардың жалданып жұмысқа тұруы немесе жұмыстан шығуы туралы мағлұматтар хабарланады.


9-бап

Консулдық мекеме қызметкерлері міндеттерінің тоқтатылуы

Консулдық мекеме қызметкерлерінің міндеттері:

а) оның міндеттерін тоқтату туралы өкілін жіберген мемлекет консулдық орналасқан мемлекетті хабардар етісімен;

б) экзекватура немесе басқа бір формадағы рұқсат қолданыстан алынып тасталысымен тоқтатылады;

в) консулдық орналасқан мемлекет, өзінің шешімін дәлелдеуге міндетті болмастан, белгілі консулдық қызмет адамы “persona non grata” болып табылады немесе консулдық мекеменің кез келген қызметкері немесе қызмет көрсетуші персоналдың кез келген қызметкері жарамсыз болып табылады деп өкілін жіберген мемлекетті кез келген уақытта хабардар ете алады. Мұндай жағдайда өкілін жіберген мемлекет осы консулдық қызмет адамын немесе консулдық мекеменің қызметкерін немесе қызмет көрсетуші персоналдың қызметкерін, соңғы екеуі өкілін жіберген мемлекеттің азаматы болып табылса, ең қысқа мерзімде кері шақырып алуға тиіс.

Егер консулдық мекеменің қызметкері немесе қызмет көрсетуші персоналдың қызметкері өкілін жіберген мемлекеттің азаматы болып табылмаса, аталған мемлекет оның қызмет бабындағы міндеттерін орындауын дереу тоқтатады.

Консулдық қызмет адамының отбасы мүшесі уақытша тұра беруі мүмкін, ал жеке үй қызметшісі консулдық орналасқан мемлекетте тек консулдық орналасқан мемлекеттің рұқсатымен ғана жұмыс істей алады. Консулдық орналасқан мемлекет, өзінің шешімін дәлелдеуге міндетті болмастан, кез келген уақытта осы рұқсаттың күшін жоя алады. Бұл жағдайда өкілін жіберген мемлекет жоғарыда келтірілген абзацта баяндалған талаптарға сәйкес іс-қимыл жасауға тиіс.
10-бап

Адамның жеке басын куәландыру

1. Консулдық орналасқан мемлекеттің құзіретті өкімет орындары, өз ережелерін басшылыққа ала отырып, әрбір консулдық қызмет адамына оның жеке басы мен қызметін куәландыратын құжатты тегін береді.

2. Осы баптың 1-тармағының ережелері, сондай-ақ консулдық мекеменің қызметкерлеріне, қызмет көрсетуші персоналдың қызметкерлеріне, жеке үй қызметшілеріне, егер олар консулдық орналасқан мемлекеттің азаматы болып табылмаса, қолданылады.
11-бап

Дипломатиялық өкілдіктің консулдық міндеттерді жүзеге асыруы

1. Өкілін жіберген мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі консулдық орналасқан мемлекеттің сыртқы істер министрлігіне консулдық міндеттерді орындайтын дипломатиялық персонал мүшелерінің толық есімін, фамилиясын және дәрежесін хабарлайды.

2. Өкілін жіберген мемлекеттің консулдық орналасқан мемлекеттегі дипломатиялық өкілдігінің осы өкілдіктегі консулдық міндеттерді жүзере асыру жүктелген дипломатиялық персоналдың мүшелері дипломатиялық статусына байланысты берілген құқықтарын, артықшылықтары мен иммунитеттерін пайдалана береді.

3-БӨЛІМ

Жеңілдіктер, тиіспеушілік

және иммунитет

12-бап

Консулдық мекеменің, консулдық қызмет адамдарының консулдық

міндеттерді орындауға байланысты жеңілдіктері

Консулдық орналасқан мемлекет консулдық міндеттердің орындалуына қажетті жәрдем көрсетеді және консулдық қызмет адамдары өз ресми міндеттерін орындай алатындай, осы Конвенцияға сәйкес құқықтарды, артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалана алатындай болуы үшін тиісті шараларды қолданады.


13-бап

Ғимараттар мен тұрғын үй алу

1. Өзінің заңдары мен ережелеріне сәйкес консулдық орналасқан мемлекет өкілін жіберген мемлекеттің консулдық мекемесінің өзіне қажетті ғимараттарды немесе ғимараттардың бөлімдерін алуына, осы мақсатпен алынған жер учаскелерінде ғимараттар салуына немесе тиісті ғимараттарды қайта құруына, сондай-ақ олардың меншігіне беруге көмектеседі.

2. Консулдық орналасқан мемлекет, сондай-ақ консулдық мекеменің өзінің қызметкерлеріне арнап лайықты тұрғын үйлер алуына жәрдемдеседі.

3. Ғимараттарды салғанда немесе салынған ғимараттарды қайта құрғанда өкілін жіберген мемлекет қала құрылысы жөніндегі заңдарды немесе қолданылып жүрген басқа да шектеулерді сақтау қажеттілігінен босатылмайды.


14-бап

Мемлекеттік жалау мен елтаңбаны пайдалану

1.Өкілін жіберген мемлекет осы баптың ережелеріне сәйкес консулдық орналасқан мемлекетте өзінің мемлекеттік жалауы мен елтаңбасын пайдалануға қақылы.

2. Өкілін жіберген мемлекеттің мемлекеттік жалауы консулдық үйінде және консулдық мекеме басшысының резиденциясында желбіресе, мемлекеттік елтаңба консулдық мекеменің кіреберістегі есігінің үстіңгі жағына бекітіледі. Қызмет бабындағы міндеттерді орындауға байланысты пайдаланылатын болса, мемлекеттік жалау, сондай-ақ консулдық мекеме басшысының көлік құралында да желбіреуі мүмкін.

3. Осы бапта көзделген құқықты пайдалануға консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелері және әдет- ғұрыптары ескерілуі тиіс.


15-бап

Консулдық үйлеріне ешкімнің тиіспейтіндігі

1. Консулдық үйлеріне тиісуге болмайды. Консулдық орналасқан мемлекеттің өкімет орындары консулдық мекеме басшысының немесе өкілін жіберген мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі басшысының немесе бұлардың бірі тағайындаған адамның келісімімен ғана консулдық үйлеріне кіре алады. Шұғыл шараларды талап ететін өрт және басқа табиғат апаттары жағдайында консулдық мекеме басшысы мұндай келісімді ең қысқа мерзімге беруі тиіс.

2. Консулдық үйлерін басып кіруден немесе зиян шектіруден қорғау үшін, консулдық мекеменің тыныштығын бұзуға немесе оның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу үшін тиісті шаралардың бәрін қолдану жөніндегі арнаулы жауапкершілік консулдық орналасқан мемлекетке жүктеледі.

3. Консулдық үйлері, олардағы консулдық мекеменің мебелі мен басқа да меншікті заттары және осы мекемеге тиесілі жүріп-тұру құралдары кез келген тінтуден, реквизициялаудан, қамауға алудан және басқа осы сияқты әрекеттерден қорғану пұрсаттылығын пайдаланады.


16-бап

Консулдық архивтер мен құжаттарға ешкімнің тимеуі

Кез келген уақытта және олардың орналасқан жеріне қарамастан консулдық архивтер мен құжаттарға ешкім тимейді.


17-бап

Қарым-қатынастар бостандығы

1. Консулдық орналасқан мемлекет консулдық мекеменің барлық ресми мақсаттары үшін қарым-қатынастар бостандығына рұқсат береді және қорғайды. Өкілдігін жіберген мемлекеттің үкіметімен, дипломатиялық өкілдіктерімен және басқа консулдық мекемелерімен қарым-қатынастарды жүзеге асырғанда, олардың орналасқан жеріне тәуелсіз, консулдық мекеме барлық сәйкес келетін құралдарды, бұған дипломатиялық және консулдық курьерлерді, дипломатиялық немесе консулдық вализдерді, кодталған немесе шифрланған шұғыл хабарларды косқанда, пайдалана алады. Бірақ консулдық мекеме радиохабарлаушыны консулдық орналасқан мемлекеттің келісімімен ғана орналастырып және пайдалана алады. Консулдық мекемелер кәдімгі байланыс құралдарын пайдаланғанда оған өкілдігін жіберген мемлекеттің дипломатиялық өкілдігіне қатысты тарифтер қолданылады.

2. Консулдық мекеменің ресми хат-хабарына ешкім тиіспейді. Консулдық вализа ашылуға да, ұсталуға да жатпайды. Бірақ, егер құзіретті органдардың вализада ресми пайдалануға арналған ресми хат-хабардан немесе құжаттар мен заттардан басқа нәрсе бар деуге негізі болған жағдайда олар өздерінің қатысуымен өкілдігін жіберген мемлекеттің уәкілдік берілген өкілінің вализаны ашуын талап ете алады. Егер бұл талап орындалмаса вализа жіберілген жеріне қайтарылуы тиіс.

3. Консулдық вализаны құрастыратын орындардың олардың сипатын көрсететін сыртқы белгілері болуы керек және онда тек қана ресми пайдалануға арналған ресми хат-хабар мен құжаттар немесе заттар болады.

4. Өкілдігін жіберген мемлекеттің консулдық курьері консулдық орналасқан мемлекетте, оның қызметі мен консулдық вализаны құрастыратын орындардың саны көрсетілген құжаты болған жағдайларда, дипломатиялық курьердің құқықтары, артықшылықтары мен иммунитеттерімен пайдаланады. Консулдық курьер болып, консулдық орналасқан мемлекетте тұрақты өмір сүрмейтін, өкілдігін жіберген мемлекет азаматы ғана жұмыс істей алады. Бұл ереже, сондай-ақ оған сеніп берілген консулдық вализаны керек жеріне әкеліп жеткізген уақытта құқықтары, артықшылықтары мен иммунитеттері тоқтатылатын “ad hoc” курьерлеріне де тарайды.

5. Консулдық вализа кіру рұқсат етілген мекенге келетін кеме капитанына немесе әуе кемесінің командиріне сеніммен тапсыра алады. Бұл капитан немесе командир вализаны құрастыратын орын сандары көрсетілген ресми құжатпен жабдықталады. Бірақ ол консулдық курьер болып саналмайды. Консулдық мекеменің қызметкері консулдық вализаны кеме капитанынан немесе әуе командирінен тікелей және кедергісіз қабылдай алады немесе осындай жолмен вализаны оған бере алады.

6. Ресми хат-хабар деген ұғымға консулдық мекемеге және оның қызметіне қатысы бар барлық хат-хабар кіреді.
18-бап

Консулдық қызмет адамдарын қорғау

Консулдық орналасқан мемлекет консулдық қызмет адамдарына тиісті құрметпен қарауға және олардың жеке бастарына, бостандығына және қадір-қасиеттеріне қандай да бір тиісушіліктің алдын алу үшін барлық тиісті шараларды қабылдауға міндетті.


19-бап

Консулдық қызмет адамдарының жеке басына тиіспеу

1. Консулдық қызмет адамдары 5 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айыру түрінде жазалау шараларын қарастыратын қылмыстар үшін ғана консулдық орналасқан мемлекеттің заңдарына сәйкесті және құзыретті сот өкімет орындарының шешімі бойынша қамауға алынуға немесе ұсталуға жатады.

2. Осы баптың 1-тармағында қарастырылған жағдайды қоспағанда, консулдық қызмет адамдары қамауға алынбайды және олардың жеке басының бостандығы, қайта қаралуға жатпайтын сот шешімін орындаудан басқаша, кез келген нысанда шектеле алмайды.

3. Егер консулдық қызмет адамына қатысты қылмыстық іс қозғалса ол құзіретті өкімет орындарының алдына баруға тиісті. Сонда да іс қозғалғанда оған консулдық қызмет адамының ресми жағдайы талап ететін осы баптың 1-тармағында қарастырылған, яғни бұл істің оған консулдық міндеттерді орындауға қиындық келтірмейтін жағдайлардан басқа, құрмет көрсетілуге тиісті. Егер консулдық қызмет адамы осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда ұсталуға жататын болса, оған қатысты сот ісі қысқа мерзімде жүргізілуге тиіс.

4. Консулдық қызмет адамы қамалған немесе ұсталған немесе оған қатысты сот талқылауы жүргізілген жағдайда консулдық орналасқан мемлекет қысқа мерзім ішінде бұл туралы консулдық қызмет адамы қарайтын дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге хабарлауға тиіс.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет