Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы


-2-бап. Уәкiлеттi органның ашық жинақтаушы зейнетақы



бет5/8
Дата20.06.2016
өлшемі0.54 Mb.
#149434
1   2   3   4   5   6   7   8
36-2-бап. Уәкiлеттi органның ашық жинақтаушы зейнетақы
                 қорының iрi қатысушысы болғысы келетiн
                 тұлғаларға келiсiм беруден бас тарту негiздерi

      1. Уәкiлеттi органның ашық жинақтаушы зейнетақы қорының iрi қатысушысы болғысы келетiн тұлғаларға келiсiм беруден бас тартуына:


      1) осы Заңның 40-бабының 2-тармағы 3)-5) тармақшаларының талаптарын сақтамау (жеке тұлғаға немесе өтiнiш берушi заңды тұлғаның басшы қызметкерлерiне қатысты);
      2) өтiнiш берушiнiң қаржылық жағдайының тұрақсыздығы;
      3) осы Заңның 36-1-бабында көрсетiлген құжаттарды табыс етпеу;
      4) өтiнiш берушiнiң ашық жинақтаушы зейнетақы қорының iрi қатысушысы мәртебесiн алуы нәтижесiнде монополияға қарсы заңнама талаптарының бұзылуы;
      5) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының iрi қатысушысы мәртебесiн алу жөнiндегi мәмiледе тараптардың бiрi оффшорлық аймақта тiркелген тұлға (оның аффилиирленген тұлғасы) немесе тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн оффшорлық аймақтарда тiркелген заңды тұлғалардың қатысушысы (құрылтайшысы, акционерi) болып табылатын жеке тұлға болатын жағдайлар;
      6) өтiнiш берушiнiң осы Заңда белгiленген, ашық жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары мен акционерлерiне қойылатын өзге де талаптарды сақтамауы;
      7) өтiнiш берушi - қаржылық ұйым өзi орналасқан елде шоғырландырылған негiзде қадағалауға жатпайтын жағдайлар;
      8) өтiнiш берушiнiң ашық жинақтаушы зейнетақы қорының iрi қатысушысы мәртебесiн алуының қаржылық салдарларын талдау ашық жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайының нашарлайтынын болжауы;
      9) өтiнiш берушi - Қазақстан Республикасының резидентi емес қаржылық ұйымда шыққан елi заңнамасының шеңберiнде қаржы қызметiн жүзеге асыру өкiлеттiгiнiң болмауы;
      10) өтiнiш берушi - Қазақстан Республикасының резидентi емес заңды тұлғада осы Заңның 36-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тiзбесiн уәкiлеттi орган айқындайтын халықаралық рейтингтiк агенттiктердiң бiрiнiң ең төменгi қажеттi рейтингiнiң болмауы;
      11) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жай-күйiнiң ықтимал нашарлауы жағдайында ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ұсынылған қайта капиталдандыру жоспарының тиiмсiздiгi;
      12) өтiнiш берушi - жеке тұлғада, өтiнiш берушi - заңды тұлғаның басшы қызметкерлерiнде мiнсiз iскерлiк беделдiң болмауы;
      13) уәкiлеттi орган қаржы ұйымын консервациялау, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын лицензиядан айыру, сондай-ақ қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен оны банкрот деп тану туралы шешiм қабылдағанға дейiн бiр жылдан аспайтын кезеңде тұлға бұрын iрi қатысушы-жеке тұлға не қаржы ұйымының iрi қатысушы-заңды тұлғасының бiрiншi басшысы және (немесе) қаржы ұйымының басшы қызметкерi болып табылған не табылатын жағдайлар негiз болып табылады. Аталған талап уәкiлеттi орган қаржы ұйымын консервациялау, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын лицензиядан айыру, сондай-ақ қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен оны банкрот деп тану туралы шешiм қабылдағаннан кейiн бес жыл бойы қолданылады.
      2. Мына жағдайлардың бiрiнiң болуы:
      1) өтiнiш берушi - заңды тұлға өтiнiш берген күнге дейiн екi жылға жетпейтiн уақытта құрылса;
      2) өтiнiш берушiнiң мiндеттемелерi басқа заңды тұлғалардың акцияларына және жарғылық капиталдарына қатысу үлестерiне орналастырылған және ашық жинақтаушы зейнетақы қорының акцияларын сатып алуға көзделген активтер сомасын шегерiп тастағанда өзiнiң активтерiнен асып кетсе;
      3) аяқталған соңғы екi қаржы жылының нәтижелерi бойынша залал шексе;
      4) өтiнiш берушi мiндеттемелерiнiң мөлшерi ашық жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайына айтарлықтай қауiп төндiрсе;
      5) өтiнiш берушiнiң ашық жинақтаушы зейнетақы қорының алдында мерзiмi өткен және (немесе) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының балансына жатқызылған берешегi болса;
      6) өтiнiш берушiнiң ашық жинақтаушы зейнетақы қорының iрi қатысушысы мәртебесiн алуының қаржылық салдарларын талдау өтiнiш берушiнiң қаржылық жағдайының нашарлайтынын болжаса;
      7) ашық жинақтаушы зейнетақы қорына және (немесе) оның клиенттерiне нұқсан келтiру мүмкiндiгiн куәландыратын өзге де негiздер өтiнiш берушiнiң қаржылық жағдайының тұрақсыздық белгiсi болып табылады.
      3. Тұлға iрi қатысушы мәртебесiне келiсiм алмаған кезде, уәкiлеттi орган бұл тұлғаға осы Заңның 42-7-бабында көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
      Ескерту. 36-2-баппен толықтырылды - ҚР 2005.12.23 N 107 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.02.19 N 230 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2008.11.20 N 88-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      37-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларын мемлекеттiк тiркеу

      Жинақтаушы зейнетақы қорларын мемлекеттiк тiркеудi, сондай-ақ олардың құрылтай құжаттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi уәкiлеттi органның рұқсаты болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әдiлет органдары жүзеге асырады.
      Рұқсат берудiң шарттары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      Ескерту. 37-бап жаңа редакцияда - ҚР 2002.12.29 N 369 (2003.01.01 бастап күшiне енедi) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2003.07.10 N 483 (2004.01.01 бастап күшiне енедi) Заңымен.

      38-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорының атауы

      1. Жинақтаушы зейнетақы қорының атауында "жинақтаушы зейнетақы қоры" деген сөздер болуға тиiс.
      2. Жинақтаушы зейнетақы қорларының өз атауында "ұлттық", "орталық", "үкiметтiк", "кепiлдiк беретiн", "кепiлдiк берiлген", "сақтық", "сақтандырушы" немесе "сақтандырылған" деген сөздердi қандай тiлде болса да толық және қысқартылған түрiнде пайдалануына тыйым салынады. Жарғылық капиталдың жүз процентi Қазақстан Республикасының Үкiметiне тиесiлi болған жағдайда ғана жинақтаушы зейнетақы қорының атауында "мемлекеттiк" деген сөз қолданыла алады. Атауда салымшының (алушының) пайдасына жасалатын инвестициялардан алынатын кiрiс ставкасының сақтандырылуы немесе оған кепiлдiк берiлуi айтылуға немесе меңзелуге тиiс емес.
      3. Зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ ешбiр заңды тұлға жинақтаушы зейнетақы қоры болып атала алмайды және (немесе) өзiн зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметпен айналысушы ретiнде сипаттай алмайды.
      Ескерту. 38-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.04.05 N 364 (1999.04.01 бастап күшiне енедi), 2002.12.29 N 369 (2003.01.01 бастап күшiне енедi) Заңдарымен.

      39-бап. Зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы


               төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi
               лицензиялау

      Зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган лицензиялайды.


      Зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензия беру туралы шешiм уәкiлеттi органның мерзiмдi баспасөз басылымында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жарияланады.
      Ескерту. 39-бап жаңа редакцияда - ҚР 2002.12.29 N 369 (2003.01.01 бастап күшiне енедi) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2003.07.10 N 483 (2004.01.01 бастап күшiне енедi), 2005.12.23 N 107 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      40-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорының басшы


               қызметкерлерiне қойылатын талаптар

      1. Жинақтаушы зейнетақы қоры мiндеттi түрде мынадай алқалы органдарды қалыптастырады:


      1) директорлар кеңесi - басқару органы;
      2) басқарма - атқарушы орган;
      3) iшкi аудит қызметi - бақылаушы орган.
      Жинақтаушы зейнетақы қорының оқшауланған бөлiмшесiнiң бiрiншi басшысы мен бас бухгалтерiн қоспағанда, директорлар кеңесiнiң бiрiншi басшысы мен мүшелерi, басқарманың бiрiншi басшысы мен мүшелерi жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерi болып танылады.
      2. Мыналар:
      1) жоғары бiлiмi жоқ
      2) тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн халықаралық қаржы ұйымдарында осы бапта белгiленген жұмыс стажы және (немесе) қаржылық қызмет және (немесе) қаржы ұйымдарына аудит жүргiзу бойынша қызмет көрсету және (немесе) оны реттеу саласында жұмыс стажы жоқ
      3) мiнсiз iскерлiк беделi жоқ
      4) уәкiлеттi органның қаржы ұйымын консервациялау туралы, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы, қаржы ұйымын лицензиясынан айыру туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешiмi қабылданғанға дейiн бiр жылдан аспайтын кезеңде бұрын қаржы ұйымының директорлар кеңесiнiң бiрiншi басшысы, басқармасының бiрiншi басшысы және оның орынбасары, бас бухгалтерi , iрi қатысушысы-жеке тұлғасы, iрi қатысушысы-заңды тұлғаның бiрiншi басшысы болып табылған тұлға жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерi болып тағайындала (сайлана) алмайды. Аталған талап уәкiлеттi органның қаржы ұйымын консервациялау туралы, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы, қаржы ұйымын лицензиясынан айыру туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешiмi қабылданғаннан кейiн бес жыл бойы қолданылады;
      5) өзге қаржы ұйымында басшы қызметкер лауазымында болған кезеңiнде оны басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) берiлген келiсiм керi қайтарып алынған адам жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерi болып тағайындала (сайлана) алмайды. Аталған талап уәкiлеттi органның басшы қызметкердi лауазымға тағайындауға (сайлауға) келiсiмiн керi қайтарып алу туралы шешiмi қабылдағаннан кейiн қатарынан соңғы он екi ай бойы қолданылады.
      3. Жинақтаушы зейнетақы қорының iрi қатысушысы жинақтаушы зейнетақы қоры басқармасының бiрiншi басшысы лауазымына тағайындала (сайлана) алмайды.
      Жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесi құрамының кемiнде отыз процентi тәуелсiз директорлар болуға тиiс.
      Басқарма мүшелерiнiң саны кемiнде үш адам болуға тиiс.
      4. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген талапқа сәйкес келу үшiн:
      1) жинақтаушы зейнетақы қорының басқармасының бiрiншi басшысы, бас бухгалтерi лауазымдарына кандидаттар үшiн кемiнде үш жыл;
      2) жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесiнiң бiрiншi басшысы, басқарма мүшелерi лауазымдарына кандидаттар үшiн кемiнде екi жыл жұмыс стажы болуы қажет.
       Директорлар кеңесi мүшелерi, сондай-ақ тек қана жинақтаушы зейнетақы қоры қауiпсiздiгi мәселелерiне, әкiмшiлiк-шаруашылық мәселелерiне жетекшiлiк ететiн басқарма мүшелерi лауазымдарына кандидаттар үшiн осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жұмыс стажының болуы талап етiлмейдi.
      Осы тармақта айқындалған жұмыс стажына қаржы ұйымы бөлiмшелерiндегi шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға байланысты жұмыс кiрмейдi.
      5. Басшы қызметкер тағайындалған (сайланған) күннен бастап өз қызметiн уәкiлеттi органның келiсiмiн алғанша күнтiзбелiк алпыс күннен аспайтын мерзiм iшiнде атқаруға құқылы.
      Осы тармақта көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн және құжаттардың толық пакетi уәкiлеттi органға келiсуге табыс етiлмеген жағдайда не уәкiлеттi орган келiсуден бас тартқан жағдайда жинақтаушы зейнетақы қоры бұл адаммен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда осы басшы қызметкердiң өкiлеттiгiн тоқтату жөнiндегi шараларды қолдануға мiндеттi.
       Уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерiнiң мiндетiн осы тармақта белгiленген мерзiмнен артық атқаруға (уақытша жоқ болғанда оны ауыстыруға) тыйым салынады.
      Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерiн тағайындауға (сайлауға) келiсiм беру үшiн табыс етiлген құжаттарды олар табыс етiлген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қарайды.
      6. Жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерi лауазымына тағайындауға (сайлауға) уәкiлеттi органның келiсiм беру тәртiбi, келiсiм алуға қажеттi құжаттар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
      7. Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерiн тағайындауға (сайлауға) келiсiм беруден бас тартқан не ол жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерi лауазымынан босатылған немесе оны осы жинақтаушы зейнетақы қорындағы өзге лауазымға ауыстырған жағдайда, аталған адам оны тағайындауға (сайлауға) келiсiм беруден бас тартылғаннан не ол лауазымнан босатылғаннан не басқа лауазымға ауыстырылғаннан кейiн кемiнде күнтiзбелiк тоқсан күн өткен соң, бiрақ қатарынан он екi ай iшiнде екi реттен артық емес, осы жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерi лауазымына қайтадан тағайындалуы (сайлануы) мүмкiн.
      8. Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерiн лауазымға тағайындауға (сайлауға) келiсiм беруден қатарынан екi рет бас тартқан жағдайда, аталған адам өзiн уәкiлеттi органның осы жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерi лауазымына тағайындауға (сайлауға) келiсiм беруден екiншi рет бас тарту туралы шешiмi қабылданған күннен бастап қатарынан он екi ай өткеннен кейiн жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерi лауазымына қайтадан тағайындалуы (сайлануы) мүмкiн.
      9. Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерiн лауазымға тағайындауға (сайлауға) берген келiсiмiн:
      1) келiсiм беруге негiз болған дұрыс емес мәлiметтер анықталған;
      2) басшы қызметкерге және (немесе) жинақтаушы зейнетақы қорына уәкiлеттi органның санкцияларды жүйелi түрде (қатарынан соңғы он екi ай iшiнде үш не одан да көп рет) қолдану;
      2-1) заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптарды жинақтаушы зейнетақы қорының жүйелi түрде (қатарынан соңғы он екi ай iшiнде үш және одан да көп рет) бұзуы;
      3) уәкiлеттi орган осы бапта көрсетiлген тұлғаларды жинақтаушы зейнетақы қорының аталған басшы қызметкерiнiң (қызметкерлерiнiң) iс-әрекеттерiн Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейдi деп тану үшiн жеткiлiктi деректердiң негiзiнде қызметтiк мiндеттерiн орындаудан шеттету;
      4) алынбаған немесе өтелмеген соттылығының болуы негiздерi бойынша керi қайтарып алуға құқылы.
      Уәкiлеттi орган басшы қызметкердi лауазымға тағайындауға (сайлауға) берген келiсiмiн керi қайтарып алған жағдайда, жинақтаушы зейнетақы қоры осы адаммен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда осы басшы қызметкердiң өкiлеттiгiн тоқтату жөнiндегi шараларды қолдануға мiндеттi.
      10. Уәкiлеттi орган осы Заңда белгiленген тәртiппен жинақтаушы зейнетақы қорына консервация жүргiзу туралы шешiм қабылдаған жағдайда, жинақтаушы зейнетақы қоры директорлар кеңесiнiң бiрiншi басшысы, басқарманың бiрiншi басшысы және оның орынбасарлары, бас бухгалтер болып табылатын басшы қызметкерлермен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда осы басшы қызметкердiң өкiлеттiгiн тоқтату жөнiндегi шараларды қолдануға мiндеттi.
      Ескерту. 40-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.12.23 N 107 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi), 2007.02.19 N 230 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2007.05.15 N 253, 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2008.11.20 N 88-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2009.08.28 N 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      41-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының құқықтары,


               мiндеттерi және қызметiн жүзеге асыру

      1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының:


      1) зейнетақы жарналарын тарту жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға;
      2) өзiнiң қызметi үшiн комиссиялық сыйақылар алуға;
      2-1) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес берiлетiн лицензия негiзiнде зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi және бағалы қағаздар рыногындағы өзге де қызмет түрлерiн дербес жүзеге асыруға;
      2-2) зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша сот органдарында салымшының жазбаша өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен оның мүдделерiн бiлдiруге;
      3) зейнетақы шартының ережелерiне сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Жинақтаушы зейнетақы қорлары:
      1) алушыларға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен зейнетақы төлеуге;
      2) жинақталған зейнетақы қаражаттары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асыруға;
      3) салымшыға және ақпарат алушыға жылына кемiнде бiр рет, сондай-ақ оның сұрауы бойынша кез келген сұралатын күнгi оның жинақталған зейнетақы қаражаттарының жай-күйi туралы ақы алмай ақпарат беруге және осы Заңның 50-бабында көзделген қағидаларды ескере отырып, оның жинақталған зейнетақы қаражаттары туралы ақпаратқа қол жеткiзуiнiң электронды және өзге де тәсiлдерiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Жинақтаушы зейнетақы қорының жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйi туралы ақпаратты беру тәсiлi салымшымен (алушымен) келiсiм бойынша анықталады.
      Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жеке зейнетақы шотында ақша болмаған немесе салымшы (алушы) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көрсетiлген тұрғылықты мекен-жайының өзгергенi туралы жинақтаушы зейнетақы қорына хабарламаған жағдайларда жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыға (алушыға) өткен жылғы жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйi туралы ақпарат жiберудi жүзеге асырмайды;
      4) алушының жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйi туралы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етуге;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасы мен зейнетақы шартының ережелерiн бұзғаны үшiн жауап беруге;
      РҚАО-ның ескертуi!
      6) тармақшаға 2012 жылғы 1 қаңтарда ҚР 2008.11.20 N 88-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен өзгерiс енгiзiледi.
      6) салымшының (алушының) жинақталған зейнетақы қаражатын бiр жинақтаушы зейнетақы қорынан екiншiсiне немесе сақтандыру ұйымына осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен аударуға;
      6-1) Орталыққа жинақтаушы зейнетақы қорынан аударылуға тиiстi жинақталған зейнетақы қаражатының сомасы туралы мәлiмет беруге;
      7) жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы болмаған жағдайда зейнетақы активтерiн басқаруды жүзеге асыратын ұйыммен зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруға шарттар жасасуға;
      8) бұқаралық ақпарат құралдарында уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен    және мерзiмдерде шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi, ал еншiлес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда - шоғырландырылмаған қаржылық есептiлiктi, аудиторлық есептi және уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен өзге де есептiлiк пен өз қызметi туралы ақпаратты жариялауға мiндеттi. Бұл ретте жинақтаушы зейнетақы қорларына жарналар бойынша табысқа кепiлдiк немесе уәде қамтылған ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Pecпубликасының заңдарымен жариялауға тыйым салынған өзге де мәлiметтердi жариялауға жол берiлмейдi;
      9) жинақтаушы зейнетақы қорымен зейнетақы шартын жасасқан азаматтарға тең жағдайларды қамтамасыз етуге;
      10) алып тасталды;
      11) салымшымен мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
      11-1) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен электронды құжат айналымын пайдалана отырып, Орталыққа мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы салымшылармен жасасылған және қолданылуы тоқтатылған шарттар туралы мәлiмет ұсынуға;
      12) салымшымен ерiктi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
      13) зейнетақымен қамсыздандыру туралы әрбiр жеке тұлғамен шарт жасасуды және оны бұзуды, салымшының (алушының) не сенiм бiлдiрiлген адамның жинақталған зейнетақы қаражатын аударуға өтiнiштерiн олардың тұратын жерiне қарамастан қабылдауды және орындауды қамтамасыз етуге мiндеттi. Жинақтаушы зейнетақы қорлары әрбiр филиалдың және өкiлдiктiң осындай қызметтердi көрсетуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Салымшылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында жинақтаушы зейнетақы қорларына:
      1) осы баптың 1-тармағында белгiленген қызмет түрлерiн және осы тармақтың 2) және 5) тармақшаларында белгiленген жағдайларды қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметке;
      2) өз мұқтаждары үшiн сатып алған мүлiктi сатып алу-сату мен жалға берудi және уәкiлеттi орган белгiлейтiн қаржы құралдарымен мәмiлелердi қоспағанда, мүлiктi сатып алу-сатуды жүзеге асыруға;
      3) сақтандыру қызметiне;
      4) зейнетақы активтерiн кепiлге беруге;
      5) акциялардан басқа бағалы қағаздар шығаруға;
      6) алып тасталды;
      7) мыналардың:
      қаржылық ұйымдардың
      акциялары Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын қор биржасының тiзiмiне уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген қор биржасы тiзiмiнiң санаттары бойынша енгiзiлген, қаржы ұйымдары болып табылмайтын заңды тұлғалардың
      жинақтаушы зейнетақы қорын автоматтандыруды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерiн немесе акцияларын сатып алуды қоспағанда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерiн немесе акцияларын сатып алуға тыйым салынады.
      Осы тармақтың 7) тармақшасында аталған заңды тұлғалардың жинақтаушы зейнетақы қорына тиесiлi жарғылық капиталға қатысу үлесi және акцияларының саны уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген мөлшерден аспауға тиiс.
      4. Жинақтаушы зейнетақы қорларының қаржылық тұрақтылығын және төлем қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында сақталуы мiндеттi пруденциялық нормативтер белгiленедi. Пруденциялық нормативтердiң тiзбесiн, олардың нормативтiк мәнiн, есеп-қисап әдiстемесiн, сондай-ақ тиiстi есептiлiк нысандары мен оны табыс ету мерзiмдерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Жинақтаушы зейнетақы қоры уәкiлеттi органның жазбаша нұсқамасында көрсетiлген қаржылық және (немесе) өзге де есептiлiктегi деректердi түзету жөнiндегi талаптарды орындамаған кезде, пруденциялық нормативтердi және басқа да мiндеттi нормалар мен лимиттердi есептеудi уәкiлеттi орган өзi түзеткен есептiлiк негiзiнде жүзеге асырады.
      Жинақтаушы зейнетақы қорының дауыс беретiн акцияларының жиырма бес процентiнен астамын тiкелей немесе жанама иеленетiн ашық жинақтаушы зейнетақы қорының iрi қатысушысы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген, ашық жинақтаушы зейнетақы қорының меншiктi капиталының жеткiлiктiлiк коэффициентiн қолдау жөнiндегi шараларды қолдануға мiндеттi.
      Жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайы нашарлағанда жинақтаушы зейнетақы қорының дауыс беретiн акцияларының жиырма бес процентiнен астамын тiкелей немесе жанама иеленетiн ашық жинақтаушы зейнетақы қорының iрi қатысушысы уәкiлеттi органның талабы бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайын жақсарту, оның iшiнде жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшiн жеткiлiктi мөлшерде жинақтаушы зейнетақы қорының меншiктi капиталын ұлғайту жөнiндегi шараларды қолдануға мiндеттi. P090006

      5. Жинақтаушы зейнетақы қорының, онымен және оның құрылтайшыларымен аффилиирленген, жинақтаушы зейнетақы қоры қатысатын консорциумдар мен қарапайым серiктестiктерге қатысушы тұлғалар мен ұйымдардың қызметiн реттеу шоғырландырылған негiзде жүзеге асырылуы мүмкiн. Реттеудi шоғырландырылған негiзде жүзеге асыру ережесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.


      Ескерту. 41-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.04.05 N 364 (1999.04.01 бастап күшiне енедi), 2002.12.29 N 369 (2003.01.01 бастап күшiне енедi), 2003.07.10 N 483 (2004.01.01 бастап күшiне енедi), 2004.06.11 N 562, 2005.06.16 N 58 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2005.12.23 N 107 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2006.07.04 N 148 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2007.02.19 N 230 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2007.12.19 N 9 (2008.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2008.10.23  N 72-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2008.11.20 N 88-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2009.07.11 N 185-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет