Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



бет1/33
Дата09.06.2016
өлшемі2.55 Mb.
#126025
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




Тұрсын ЖҰРТБАЙ

БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ

ЕЛ-ШЕЖІРЕ

Алматы

2013
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы” ғылыми орталығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің „Көнетүркі және қазақ тарихи-әдеби жазба мұралары Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген.



Рецензенттер:

С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Т.Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Қ.Алпысбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Ғылыми редакторы тарих ғылымдарының докторы Д.Махат.

Қолжазбаны компьютерге теріп, баспаға дайындаған Қ.Хамзина.

АННОТАЦИЯ

Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Мәгілік аңсар.» атты бұл

Ғалымның екі бөлімнен тұратын бұл іргелі зерттеулер жинағы әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатыны сөзсіз.

МАЗМҰНЫ
Бірінші бөлім



Мақалалар
Түрме әфсанасының тарихы

Тарих толқынында туған тұлға

Авторлық басылымға аңғартпа (соңғы қараған нұсқа)

Көнедегі көркем ойдың ұйытқысы

Қазақ қолжазбаларының 3 томының алғы сөзі

Аңғарту арналары

«Дәрменсіздің» ой қуаты

Қайым Мұхамедханов

Талант талқысы

Ойсоқты аңсар

Сіргежияр сөз

Тілұстарту тәжірибелері туралы тәмсіл

Мұхтар Әуезов және «Манас» жырының талқысы

Тағдырлы жырлар

Мәңгілік аңсар
ІІ БӨЛІМ

Ұлттық идея

Әлихан Бөкейханов және Біртұтас Алаш идеясы

Ұлттық идея және кеңестік жазалау саясаты

Алаш идеясы және жазалау саясаты

«Қатиралар» құпиясы

Алаш идеясы және Заки Валидидің «Қатираларындағы»

Әуезов және 1921-1922 жылғы 10 желтоқсандағы қазақ қызметкерлері кеңесінде талқыланған ашаршылық мәселесі

«Қазақ ауылына азаматтық соғыс жариялады...!»

Алаш идеясы және кесірлі кеңес

Алаш идеясы және Смағұл Сәдуақасов

Алаш идеясы және Ораз Жандосов


«Қилы заман» және Алаш идеясы

Алаш идеясы және «Мен – қазақпын!» сөзінің астарлы мағынасы

Алаш үнді азамат туралы аз сөз

«Алашқа іші жау боп, сырты күлмек...» (Біртұтас алаш идеясы және бүгінгі қоғам)

«Өмір ішінен – өлім, өлім ішінен – өмір іздеген...» жанкештілер

Шағабутдин Маржани

Халық пікірі немесе Шәкәрім мұрасы қалай ақталды?

Көркем кеңістік пен уақыт және тарихи дәлел

Намыс тұлға

Ұмытылмайған Отан, ұмытылмайтын отандастыр

Бір суыртпақ

Бірінші бөлім: БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ



Түрме әфсанасының тарихы

Аннотация

Жазушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты бұл әфсанасы «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған. Автор 1988-1991 және 1997 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік (қазіргі Ұлттық қауіпсіздік) комитетінің архивіндегі жүзден астам «мемлекеттік аса құпия құжаттармен», тергеудің сұрақ-жауаптарымен, «айыпкерлердің» көрсетінділерімен, айыптау қорытындыларымен танысып шығуға мүмкіндік алған. Он бес жылдан астам уақыт бойы ғылыми ізденістер жүргізіп, әйгілі «үштіктің» сотындағы айыптаулардың жалғандығын әшкерелейтін тың деректерді ғылыми айналымға түсірген. Түрме әфсанасына, сондай-ақ, тұтқынға алынғандарды тінту кезінде тәргіленген хаттар мен құжаттар да пайдаланылған. Осыншама мол мұрахаттарды өзге де сирек деректермен жарыстыра талдап, кеңестік жазалау жүйесінің құпиялары мен қылмысты әрекеттерін ашады. Алаш ардагерлерінің тағдырына қатысты бұрын-соңды белгісіз боп келген, не қате тұжырымдар жасалған тарихи оқиғалар тергеу деректерімен жан-жақты салыстырыла талданып, тың пайымдаулар ұсынады.

Жазушы-ғалымның екі кітаптан тұратын бұл іргелі зерттеуі әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатыны сөзсіз.



(Алғысөз орнына)

Қазақ ақыл-ойының тамырын отап, тектік ұйытқысын ірітіп, ұлттық тағдырының ұясын бұзған, қатігез жазалау науқанының алғашқы тергеу ісі 1927 жылы желтоқсан айында басталып, үкім алпыс жылдан кейін күшін жойды. Түрме – құпия мекеме, ал түрмеге түскендердің тергеу хаттамасы мен жаза үкімі сақталған құжаттар құпияның құпиясы балып табылады. Саяси қылмыскерлерге қатысты, оның ішінде КСРО-ның Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүргізген тергеулердің құжаттарына екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Тіпті тәуелсіздік тұсында да ол деректер жалпыға жария етілмеді. Бұл кез-келген мемлекеттегі қауіпсіздік мекемесіне тән заңдылық.

Тергеу ісімен танысудың қысқаша тарихы мынадай: 1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: 1). Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау мақсатында. 2). Репрессияға ұшыраған жазушылардың мұраларын ақтау бағытында. 3). Басылымға тиым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндігін қарастыру барысында маған Праволық комиссия құруды тапсырды. Ақпан айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі орынбасары генерал-майор C.К.Әбдірахманов бастатқан 7 полковник Жазушылар одағына келіп, осы үш мәселе төңірегінде мағлұматтар берді.

Сөйтіп, аса бір қауырт та қыспақты жұмыстар басталып кетті. Саяси қудалау кезіндегі, яғни, отыз жеті-отыз сегізінші, қырық алты-елу үшінші жылдардағы жарияланымға тиым салынған шығармалар мен жекелеген авторлық құқықтар қалпына келтіріліп, «тәжірибе» жинақталған соң, ұлт көсемдерін ақтауға ұмтылыс басталды.

1988 жылы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовтің сұрау салуы бойынша Қазақ ССР-нің Бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов „Алашорда” қайраткерлерінің үстінен жүргізілген тергеудің заңсыз жүргiзiлгенiне наразылық бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына ұсыныс жасады. 1988 жылы 4 қарашада Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi алқасының мәжiлiсiнде «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан „Алашорда” қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» қатысты сот үкімі қайта қаралды. Оған Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы Т.К.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Т.Кенжебаев, Е.Л.Грабарник және Қазақ КСР Бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың жол берiлгенiн анықтады. Сол кездегі Құқықтық комиссияның төрағасы, «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің меңгерушісі, жазушы Т.Жұртбайдың (осы жолдардың авторы) Жоғарғы соттың мүшесі К.Кенжебаевқа берген әдеби сараптамалық қорытындысы бойынша «Алашорда» қайраткерлерінің шығармалары мен ғылыми еңбектерінде кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізілмегені расталды. Соның нәтижесінде Қазақ КСР-нің Қылмыстық және праволық Кодексінiң 375-бабын басшылыққа ала отырып Жоғарғы сот:

Шешiм: СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің (Біріккен Мемлекеттік Саяси басқарманың – Т.Ж.) ІҮ коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлев Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын.



Қазақ ССР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын. Қазақ ССР-нiң Жоғарғы соты – Т.К.Аймұхамбетов. Коллегия мүшелерi – Е. Л. Грабарник, Қ. Т .Кенжебаев», – деген шешім шығарды.

Осы шешімнің негізінде Жоғарғы соттың мүшесі Қазықан Кенжебаев Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбиннің атына Олжас Сүлейменовтің қолымен “Алаш” қайраткерлерін ақтау туралы қорытынды ұсыныстың мәтінін даярлады. Қазақстан Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібековтің араласуымен Ғылым академиясында арнайы комиссия құрылды, сол комиссияның шешімі бойынша Алаш қайраткерлерін саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты. 1989 жылы сәуір айында осы жолдардың авторына Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатына ресми рұқсат берілді. Бұл ретте сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің идеология саласын басқарған генерал С.К.Әбдірахмановқа, біздің мүддемізге түсіністікпен қараған Қараби Мұқамедқалиев пен Шыңғыс Салықбаевқа жазушылық ілтифат білдіреміз.

1991-1992 және 1997 жылдары құпия мұрағаттағы тергеу ісімен қайтадан тиянақты түрде танысуға мүмкіндік алдық. Ол деректердің біразы толық, біразының үзінділері «Талқы» атты кітапта тиісті түсініктемелермен жарияланды. Алайда өмірі мен қайраткерлігі беймәлім арыстардың түрмедегі жауаптары мен хаттамаларындағы кейбір «көрсетінділер мен айыптаулар» ел арасындағы қатардағы оқырмандарға түсінбестік тудырмас үшін 20 жылдан бері жабық сақтауға мәжбүрлік етті. Қазір олардың өмірі мен қызметтері, жазған еңбектері туралы зерттеулер жарияланып, жалпы қауымның тарихи және өмірлік шындықты, жалған айыптаулар мен жаланы ажырата алатындай мүмкіндігі туған сәтте бұл деректерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ұлы Мұхтардың туғанына 90 жыл толуына орай өткен мерейтойдың Мәскеудегi қорытынды мәжiлiсiнде осы сот деректеріне сүйене отырып сөйлеген ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов:

«Осы баяндамаға дайындалу барысында мен жазушының творчествосы жөнiнде сонау жиырмасыншы жылдардан бастап бүгiнгi күнге дейiн жарияланған мақалаларды, сын пiкiрлердi, сөйлеген сөздердiң жазбаларын қадағалап оқып шықтым. Сонда: сол бiр баға жетпес аса зәру материалдардың бетiн ғана қалқып, оқырмандарға бертiнгi кездегi мадақтауларды ғана жеткiзу арқылы бiз қандай тарихтан бас тартып отырмыз деген ойға қалдым. Егер осы бiр байлықты дербес кiтап етiп құрастырып, соған лайық ғылыми түсiнiктеме берiп жарияласақ, өте қызықты қат-қабат тартысқа толы шығарма дүниеге келер едi. Мұндай кiтап қоғамның басынан кешкен кезеңдерi жөнiнде бiздiң кейбiр баяндамаларымыздан көрi оқырмандарға анағұрлым терең түсiндiрiп берер едi», – деген едi.

Несi бар, ондай мүмкiндiк туды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қарамағындағы тергеу iстерiне сәуле түсті. Мүмкiн, тарихи шындық қалпына түсiп, көзқарас толық қалыптасқан, бәрi де анық тұжырымға айналған тұста бұл деректерге сүйенудiң де қажетi болмас. Ал, әзiрге алаш ұранды оқырманның аңсары басыла қойған жоқ.

Бұл құжаттарда тағдыр мен тарихтың талқысы тоғысқан, қым-қуыт қайшылықтар мен қарама-қарсы көзқарастар шарпысқан, ақыл мен арандату араласқан, тұлғаны қорлаудың, азапқа салудың неше түрлi амалдары қарастырылған, зорлап қойылған қолдардың табы бар, ең ақырында олардың көзiн жойып жiберген үкімдер сақталған. Қаншама зиялы, батыл, қайсар адам еді дегенменде: тұлғаның – тұл, қайраткердiң – жасыған, елеусiздiң – ер, қорқақтың – батыл болған тұстары байқалып қалады. «Ұлы құрбандықтың бата оқыры» да шиыршықтала берiп, шырма-шату, түйiнi шешiлмейтiн шырғалаңға айналды. Олардың арасында ұлт зиялыларымен қоса Бетпақдаланың шөлінде, Торғай ойпатында, Қызылқұмның қуысында жатқан шаруа баққан қарапайым қазақтар да бар едi. Жаза тартқандардың қатарына «жарғақ құлақты тыңшылар» да қосылыпты.

Әрине, түрменiң аты – түрме. Оның өз заңы, өз дәстүрi, өз әдiс-тәсiлi бар. Үш жылға созылған тергеу барысында олар талқының сан қыспағына түстi. Сол заңға бойұсына отырып, олар сыртқы өмiрдегi күресті түрме ішінде одан әрi жалғастырды. Саяси, ұлттық, рухани көзқарастарын тағы да талқыға салды. Бiрi – азаматтық көзқарасынан бас тартты, екiншiсi кеңестік саясатты ашық сынға алды, үшіншісінің үндемей қалу мүмкiндiгi болды. Қандай шешім қабылдаса да бәрібір, оларды тек ату жазасы күтіп тұрды.

Олардың соңдарында тергеушiлердiң айбақ-сайбақ шимайы мен тұлғалардың соңғы демi сiңген жауаптары қалды. Бұл мәлiметтер – адамның, жеке тұлғаның қилы-қилы жағдайдағы жандүниесiн, ақыл-амалын, мiнезiн ашып беретiн «ант мезгіліндегі» деректер.

Сондықтан да әр түрлi жағдайда хатқа түсiрiлген жауаптардың арасынан ақиқатты аршып алу өте қиынға түсті. Әрi жаныңды арыңа садаға ете отырып, белгілі бір дәрежеде тәуекелге баратын шағымды шешімді талап етті. Өкiнiштiсi сол, түпкi нысанасы мен астары ашылмаған, шындығы мен жалғандығы тексерiлмеген, себеп-салдары дәлелденбеген жауаптар асығыс-үсiгiс көшiрiліп, аптыға жариялау да қылаң беріп қалды. Бұл ең қауiптi әрi сол адамға да, олардың ұрпақтарына да қиянат әкелетiн әрекет. Екi жарым жыл Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң мұрағатында отырып, бұрын да дайындығымыздың барына қарамастан, тағы он бес жыл бойы зерттегенде де, көп күдiктiң бетi толық ашылмады. Соған қарағанда, жыл сайын кейiнге ысырылып келген бұл тергеу iсi әлі де жалғастыруды және арнайы зерттеудi қажет етеді. Сондықтан бiз тек желiсi анық, басы ашық деректердi ғана назарға iлдiк.

Жиынтығы 14 томнан тұратын, әрқайсысы бір-бірімен сабақтас 3 тергеу ісінің сұрақ-жауап құжаттары сот хаттамасындағы тіркелген реті бойынша берілді. Сол арқылы тергеу ісі қашан және қалай басталды, кімге қандай айып тағылып, қай күні ұсталды, сұрақ-жауаптар қалай жүргізілді және 72 адамның (бір адам қашып кетіп, мерт болған) айыбы бір-бірімен қалай байланыстырылды, тергеу барысында кім өзін-өзі қалай ұстады немесе алдыңғы жауаптарына қарама-қайшы қандай көрсетінді жасады, қандай арандатулар мен қысым жүргізілді, жалған үкім қалай шығарылды – деген сияқты көптеген ашық та астарлы шетін сұрақтарға жауап бере отырып, жазалау саясатына негізделген кеңестік тергеу жүйесінің ішкі құрылымын толық ашуды мақсат етіп ұстандық.

Әрине, олардың барлығы, әсіресе, айыптау үкімдері мен жекелеген адамдардың жауаптары нақты өмірлік шындыққа сәйкес келе бермейтіні түсінікті. Өйткені тергеу жұмысы жауапқа тартылғандарға қалайда саяси айып тағып, оларды қылмысты етіп көрсетуге бағытталса, айыпталушылар қалайда бір-біріне зиянын тигізбей, араша түсуді көздеген. Сондықтан да тергеу ісінде бір-біріне қарама-қайшы жауаптар да кездеседі. Мысалы, қазақ ұлтының көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Мағжан ақын. Менің ақындарда жұмысым жоқ. Рысқұлов – большевик. Сондықтан да ол мені жақтырмайды. Ал Қожанов – коммунист, ол мені Рысқұловпен жақсы деп ойлайды. Екеуі де мені кеңес өкіметінің жауы деп есептейді. Мен де оларды жақтырмаймын», – деген мағынада жауап берген. Бұған қарап бұл үш тұлғаны өзара жау етіп көрсеткен және соны «дәлелдеуге тырысқан» ұшқары жарияланымдардың жарық көруі өкінішті. Ұлтымыздың ұйытқылары үшін мұндай жөнсіз жорамалдардың кесірінен басқа пайдасы жоқ, күмәнсізге – күдік тудырады, айыптыға – араша ғана әкеледі. Шындығына келсек, патша өкіметі мен кеңестік тергеушілердің арандату тәсілін әбден меңгерген Ахмет Байтұрсынов осы жауабы арқылы Т.Рысқұловты да, С.Сәдуақасовты да, С.Қожановты да қылмыстық іске тартылудан аулақтатып, қорғап қалуды ойлаған және солай болды да.

Осындай „түсініксіздіктерді” тудыратынына қарамастан сұрақ-жауаптарды жарияланымға ұсынуымыздың басты себебі: онда өмірі түрме мен аңдудың арасында өткен арыстарымыздың азапты ғұмыры туралы сирек мәліметтерді, олардың өмір жолы мен көзқарастарынан хабардар ететін деректерді жұртшылықтың назарына ұсыну. Сондай-ақ, кеңестік қысым тұсындағы жазалау саясатының ішкі құрылымынан да мағлұмат алуға мүмкіндік беру. Мұның барлығы алаш арыстарының өмірімен ғана емес, сол бір зауалды заманға тарихи тұрғыдан баға бергісі келген немесе оқып, білгісі келген зиялы қауым үшін де түпнұсқалық қызмет атқаратынын да қаперге алдық, кеңітіп пікір қорытуға да мүмкіндік жасайтындығын ескердік. Сондықтан да кітаптың құрылымы мен тартымды оқылуына нұқсан келтіретіндігін сезіне отырып, “Алаш ісіне” қатысты құжаттарды тергеу барысындағы санкциялар мен хаттамаларды, сұрақ-жауаптар мен қосымша деректерді, жеке адамдардан тәркіленген хаттар мен олардың үстінен жазылған “домалақ арыздарды”, жауапқа тартылушылардың түрме ішінде өзара жазысқан хаттарын толық келтіруді жөн көрдік.

Жазушылық әдіс-тәсілдердің барлығын пайдалана отырып мәселені қою, ойды дамыту, пікір қорыту, деректерді салыстыра отырып, оқиғаның мәнін ашу мақсатында баяндау үрдісін бірде жеделдетіп, бірде созып, бірде ойды үзіп тастап отырдық. Осы сияқты әдеби «айла-амалдардың» қолданылуына қарамастан, бұл басылымның басты мақсаты – құпия құжаттардың жарияланымы екенін есте ұстаған жөн. Жоғарыдағы әдеби тәжірибелер сол құпия құжаттағы әрбір пікірге оқырманның назарын аудару үшін, ойлана оқып, ұлтымызды жегідей жеген жегінің астарын кешегімен, бүгінмен, ертеңмен салыстыра қабылдауға мүмкіндік беру орайында қолданылды. Жазушылық басты мақсатымыздың өзі де осы. Әйтпесе «Құпия құжаттар жинағы», – деп жариялаудың жеңіл әрі оңтайлы екенін біз де білетін едік.

Әр жауаптың ақиқатын өмірлік дерекпен салыстыра отырып анықтау – осы іске тартылған арыстардың өмірін жеке-жеке зерттеу арқылы жүзеге асатын, дара-дара зерделеу мен уақытты қажет ететін ғылыми шара. Бұл өте шетін де кірпияз, төзімді тауысатын іс. Бірақ біз шыдам сақтауға ұмтылдық. Мыңдаған беттерді қамтитын тергеу ісінде біреуіне қойылған сұрақ 71 адамға түгелдей қайталанып қойылған, ал оған берілген жауаптар да 71 рет, тіпті одан да көп тәптіштеледі. Ең қиыны – бір мәселе туралы 71 адамның берген жауабы бір-біріне ұқсамайды. Бір жауапты екінші жауап жоққа шығарады, үшінші жауап растайды, төртінші жауап мүлдем басқа жорамал ұсынады, бесінші жауап ашықтан ашық жала жабуға құрылған. Ал жауаптардың мазмұны жинақталып баяндалған «Айыптау қорытындысы» олардың бәрін қылмыскер етіп шығарған. Оған қарап бұл жауаптардың қайсысы тарихи шындық, қайсысы жала екендігін қазіргі оқырмандар да, тіпті саясаткерлер мен тарихшылардың өздері де анық ажырата алмайтыны анық.

Сондықтан да, кітаптың мақсаты мен мазмұны қалың қауымға түсінікті болуы үшін және әфсананың барынша жинақы әрі жүйелі шығуы үшін тарихи және құжаттық талдаулар «Жегі» атты жеке бөлімге топтастырылды. Онда тергеу барысында бәріне ортақ берілген басты бір сұрақ тақырып етіп алынды да, соған орай жинақталған мәліметтер мен мағлұматтар, тарихи құжаттар мен хаттамалар, айғақтар мен айыптаулар, көрсетінділер мен көшірмелер, іске қатысты мерзімді басылымдардағы жарияланымдар және солардың тарихы мен саяси астарын түсіндіретін сипаттамалар берілді. Онсыз қазақ ұлтының рухы мен ақыл-ойын жегідей жеген, жұлын-жүйкесіне көбелей ши жүгірткен саясаттың қатпар-қатпарын қамту да, талдау да, алаш ардагерлерінің не үшін тұтқындалғанын түсіну де өте қиынға соғатын болды, тіпті мүмкін де емес.

Ал тергеу барысында берілген жауаптар «Қайрақ» атты екінші бөлімдегі жеке адамдардың тергеу ісіне үйлестіре өрбітілді. Мысалы: саяси күрес және жер мәселесі – Әлихан Бөкейханов, «Алашорда» мен Кеңес өкіметінің арасындағы тарихи оқиғалар – Ахмет Байтұрсынов, тәркілеу мен «Алаш жасағы» – Халел Ғаббасов, «1921-1922 жылдары Ташкентте құрылған астыртын контрреволюциялық ұйым» туралы іс – Дінше Әділев, 1917-1919 жылдар арасындағы «Алаш» әскері туралы мағлұматтар – Міржақып Дулатов, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық жайы – Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Орта Азиядағы астыртын ұйым мәселелері мен Батыс және Шығыс «Алашорда» әскери кеңесінің оқиғалары – Халел Досмұхамедов пен Мұхамеджан Тынышбаев, әдебиет пен мәдениет саласындағы айыптаулар – Мағжан Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов туралы тарауларға жинақталды. «Мықты болсаң – бопсаға шыда», – деп Құнанбай айтқандай, тергеу де – азаматтығыңды сынайтын ер қайрағы. Кім намысын қалай қайрап, қалай жаныды, қалай жасыды, осы түрмедегі жауаптардан көрінеді.

Тараудың басында тергеу барысынан жалпылама мағлұмат, айыптау актісі, айыпкердің алғашқы жауабы толық берілді. Содан кейін айыпкерлерді тергеу кезіндегі оған қарсы жазылған көрсетінділер, тыңшылардың мәліметтері жарыстырыла ұсынылды. Ол айғақтар мен көрсетінділер Қ.Мұхамедханов, Ж.Бектұров, С.Бөкейхан, К.Нұрпейісов, С.Бурабаев, Б.Байғалиев, Д.Досжан, М.Қойгелдиев, Т.Омарбек, М.Әбдешев, М.Құлмұхамед, М.Әбсәмет, Б.Қойшыбай, Е.Сыдық, С.Аққұл, Д.Қамзабек, Д.Махат сияқты тағы да басқа мұрағаттанушылардың, зерттеушілердің жарияланымдарымен, өмірлік деректермен салыстырылды. Шығарма әфсаналық сипатта жазылғандықтан да, пайдаланылған мұрағат құжаттары мен әдебиеттердің көрсеткіші екінші томның соңына жинақталып берілді. Тағылған айыптардың жалғандығы, тергеу барысы мен шығарылған үкімнің заңсыздығы туралы пайымдауларға Қазақ КСР Жоғары сотының 1988 жылғы 4 қарашадағы шешімі басты негіз етіп алынды.

Сондай-ақ, 1917-1919 жылдары арасында тәуелсіз Башқұртстан Республикасының Үкімет төрағасы болған З.Валидовтің (Заки Ахмет Уалиди Тоған, 1891-1970) 1969 жылы Стамболда жарияланған «Қатирасындағы» (Естеліктерінде) деректерді де ретіне қарай еркін пайдаландық. Өйткені мұнда Қазақстан, оның ішінде «Алашорда» тарихында көмескі қалған және біздің тақырыбымызға тікелей қатысы бар осынау бір қатерлі күндер туралы талай тарихи пайымдауларға жол ашатын астарлы тағдырдың таңбалары бар. Кеңес өкіметінің идеологтары мен тарихшылары Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің тарихын бұрмалап, мән-маңызын өшіріп, жеккөрінішті етіп көрсеткені сондай, бостандыққа ұмтылған бодан ұлттардың азаттық күресі мен азаматтық тұлғалары қақында еске алатын ақылға сыйымды, шындыққа негізделген тұжырым табу мүмкін емес. «Алашорданың» кеңес өкіметі жағына шығуының психологиялық қысымдары әлі толық талданбай келеді.

Өкінішке орай, сол тұстағы булығу мен буырқаныстың ішкі иірімдері жөнінде жазылып қалған естеліктер жоқтың қасы. Тек тұтқындардың түрме тергеушілеріне берген түсініктемелері, сұраққа жауаптары, көрсетінділері, «сексоттар» (секретные сотрудники) мен үндеместердің домалақ арызы сақталған. Ал бұлар өткен оқиға туралы нақты шындықты, пайымды көзқарасты бермейді. Өйткені тұтқындағылар өзін де, өзгені де ұстап бермес үшін жалтарып, сылтау араластырып, мойындаудан бас тарта жауап берген. Бұл астыртын саяси ұйымда жұмыс істегендер үшін жазылмаған заң. Ал «Алашорда» үкіметінің мүшелері эмиграцияға кетуге өздеріне-өздері тыйым салған:

«Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс», – деп шешкен.

Өмірлері ерте үзілгендіктен де олардың өмірбаяндық естелік жазуға мүмкіндіктері болмады. Оның орынын өзге бір «Тар жол, тайғақ кешулер» толтырды. Сондықтан да «Алашорданың» басына бұлт үйірілгенде қайғы-қасіретті, қуаныш-үмітті, амалды-амалсыз булығуларды бірге өткізген башқұрт азаткері Заки Валидидің «Қатираларын» барынша тиянақты, ықтиятты түрде пайдалануға тырыстық. Тергеу барысындағы сұрақ-жауаптардың астарын ашатын бұл естеліктер «Алашорда» тарихы үшін де маңызды. Империяның, оның iшiнде кеңестiң арандату мен жазалау саясатын жақсы бiлетiн, Лениннің, Сталиннiң өзiмен бiрнеше рет бетпе-бет сөйлесiп, пiкiр таластырған Заки Уалиди (тергеу ісінде З.Валидов) ғұламаның өз «Естелiктерiн» ұзақ жылдар бойы жарияламауының негiзгi себебi – туған Отанында қалған тұлғалардың өмiрiне қауiп төндiрмеудi ойлағандығынан да едi. Ол қаупі орынды да екен. Себебі, «Қазақ ұлтшылдарының қылмыстық әрекеттерiндегi» тергеу iсiнiң негiзгi және ең басты бағыты – осы Заки Уалидидiң астыртын ұйымын әшкерелеуге құрылыпты. Бұл айып «ұлы құрбандықтардың» бәрiне де тағылып, сұрақ-жауап кезiнде үнемi алдарын орап отырыпты.

Ескерте кетеріміз, бұл мәліметтерді пайдаланғанда авторға міндетті түрде сілтеме жасау – ғылыми әдептіліктің ғана нышаны болып табылмайды, сонымен қатар сіздің сүйенген дерегіңіздің дәйектілігіне де кепілдік береді. Бұл авторлық құқықты жанкештілікпен қорғау емес, керісінше, көпшіліктің пайдалануына еркіндік беру деп есептейміз. Өйткені: бұл мағлұматтар “өте құпия” деген белгімен таңбаланып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ерекше мұрағатында сақталған, ашық танысып, жалпылама жариялауға әлі де рұқсат етілмеген. Сондықтан да авторға сілтеме жасау арқылы ғана пікіріңіздің дәйектілігіне сендіре алатындығыңызды тағы да қаперіңізге сала кетеміз. Сонымен қатар, баяндау барысында кейбір пікірлер мен көрсетінділердің үзіндісі қайталанып пайдаланылды. Өйткені қайталанып берілген мәтіндердегі мәселе тура сол сөз етіліп отырған адамның тағдырын шешкен шетін үзінді болып табылады.

Өкiнiшке орай, ақиқаттың ақ жолы соншама тауқыметке толы болды. Осы жазалау жылдарының iшiнде олардың біразының шаңырағы ортасына түсiп, ошағының оты өшiп тынды. Олардың әйелдерi мен балаларының дені азапты жылдардың тауқыметiне төзе алмай – жүйке дертiне, сал ауруына, өкпе құртына, көк жөтелге ұшырап, қудалаудың құрбандығына айналды. Басым көпшілігінің соңынан ұрпақ қалмады. Кейбір әулет орыстанып, татарланып, өзбектеніп, шеркештеніп кетті. Ең үлкен қиянат та осы.

Айтуға да, жазуға да, мойындауға да ауыр ащы шындық.

Жұбаныштысы сол, сол бір тауқыметтен аман қалған аяулы жандардың біразы әкелерінің ақталған күнін көріп, жүрек запыранын қуаныштың жасымен жуды. Солардың біразымен: Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова, Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова, Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытов, Муза (Мәруа, Мағырипа) Жүсіпбекқызы Аймауытова, Қарашаш Халелқызы Досмұхамедова сияқты асылдың көздерімен сексенінші жылдардың аяғында жүздесіп, естеліктерін жазып алудың да сәті түсіп еді. Соны медет ете отырып, әр тараудың соңына олардың ұрпақтары туралы деректерді қысқаша баяндап өттік. Өйткені, «жаппай жазалаумен» ұрпақтардың үзіліп қалмағаны анық және деректі әфсананы түйіндеудің бір нүктесі осылай қойылуы керек сияқты болып көрінді де тұрды.

Қысқа қайырып, тұтамдай тұжырғанның өзінде де, әлқиссаны әріден бастауға, жегінің жүйесін жете шүйкелеуге тура келеді. Бар тауқыметті тереңдете түсіндірудің одан басқа амалын таба алмағанымызға біз де өкінеміз.

Тарих толқынында туған тұлға

(Алғы сөз)
Дүние тарихы асты-үстіне бір төңкеріліп түсіп, патшалық империя қызылдар иемпериясына ауысып, ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған «Алашорда» үкіметі қуғындалған тұста Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Марсеков сияқты ұлт көсемдері 1918 жылы сәуір айында Шығыс Түркістанның бүйіріндегі Шәуешек қаласына барып, алаш ұранды қазақтың ұлттық санасын оятты (М.Юсупов түсірген олардың сол сапардағы суреті кітапта беріліп отыр). Сол сапарында ұлт көсемдері Шығыс Түркістан топырағына Алаш рухын орнықтырып, халықтық қозғалыстың мәйегін ұйытты.1916 жылғы жаппай әскери жазалау мен кеңестік төңкеріс тұсында, тәргілеу науқанында, ашаршылық нәубетінде қоныс аударған қара халықпен бірге зиялылар да шекара асып, ол жақта мәдени, оқу ағарту жұмыстарын қолға алды. Газет шығарып, ойын-сауық үйірмелерін ұйымдастырып, мектептер ашты. Бұл ұлттық теңдік, өркениетке ұмтылу, демократиялық нысандарды орнықтыра дамытуға құлшындырды.

Алғашында Сталин «айттырып берген» жансыз орыс қызына үйленген билеуші Шын-сы сай бұны ерекше қостап, «Совсиньторг» сияқты алпауыт сауда серіктігін құрып, Шәуешек қаласында Кеңес консулінің ықпалындағы оқу-ағарту гимназиясын ашады. 1936 жылы1937 жылдан бастап кеңес өкіметінің саясатына еліктеп «халық жауын» әшкерелеу саясатына кірісіп, ақыл иелері мен ел иелерін тұтқындап, 60 мыңдай бетке шығар азаматтарды Үрімжінің түрмесіне тоғытады. Онда оларға қинаудың неше түрлі адам төзбес азабын көрсетеді. Басына темір құрсау салады, тырнағының көбесіне ине шаншады, үрпегін ши жүгіртеді, қапқа салып шеге қағылған тақтайдың үстінен домалатады. Шала жансар адамдарды қапқа салынған күйі Үрімжінің әйгілі «өліктер сайына» апарып тастайды. Олардың ыңырсыған үндері қала жұртына естіліп тұрады. Бұл да бір халықты үрейлендірудің жолы деп санайды. Ол турал жеті жыл түрмеде жатып, қалың қырғында кездейсоқ аман қалған ақын Жолдыұлы Таңжарық:

Үрімжінің бәрі қан айналасы,

Ұңғыл-шұңғыл ескі там, сай-саласы.

Ит сүйрелеп ішегін өлген жанның,

Құс шоқып, домаланып жатыр басы.


Келсеңдер Үрімжінің қаласына

Көзіңді сал қалтарыс сай-саласына.

Ұмытпа өле-өлгенше осыны деп,

Тапсырып кет балаңның баласына... ,- деп ашына жазды.

Міне, осындай буырқанған тарих толқынында туып, ағысқа қарсы өмір сүрген тағдырлы тұлғаның бірі Балқаш Әлімғазыұлы Бафин (1923 -1986). Ата-ансы Тарбағатай тауының қос бөктерін тел еміп өскен, ел ұстаған адамдар. 1864 жылғы шекара бөлігінде атасы Бафы Емілдің төменгі сағасындағы Арқалықтың қойнауында қалып, үрім-бұтақтары Емілді өрлей Төрежайлау мен Барлық тауын өрістей қонады. Шығыс Түркістанның етегіндегі Мөдін Барлық бұлағының басында болыс Әлімғазы Жаманкөзұлының ошағында дүниеге келген сәбидің ұлттық намысы он бес жасында оянды. 132-1939 жылдары Шәуешек қаласындағы бастауыш мектепте, 1939-1942 жылдар аралығында гимназияда, 1942-1944 жылдар аралығында Үрімжідегі Шинжаң Педагогика институтының филология факультетінде оқыды. Балқаштың туған әкесі Әлімғазы Жаманкөзұлы мен қайын атасы Нұртаза Шалғынбайұлы, тағы да басқа ел азаматтары Таңжарық ақын суреттеген азапқа түседі. Жастайынан ұлттық қанаудың тырнағына ілінген жас айналасындағы әділетсіздікке кектеніп өседі.

Алпыс мыңдай азаматтың өлі-тірісінен бейхабар, үрейлі жұрттың наразылығы барған сайын қозданып, ақыры ұлттық қозғалысқа ұласады.Алаш идеясына қаршадайынан қанығып өскен тарбағатайлық оқыған жастар да күрес жолын таңдайды. Үрімжіден жоғары оқу орынын бітіріп, аймақтық дәрежеде қызмет істеген Дубек Шалғынбайұлы, Ахметқали Бітімбаев, Қалдыбай Қанафин, сол жылы гимназияны бітірген Жағда Бабалықов пен Балқаш Бафин Шәуешек қаласында астыртын «Ұлт азаттық ұйымын» құрады. Дубек Шалғынбайұлы ұйым жетекшілігне сайланады. Олардың астыртын әрекетіне кеңес одағының Шәуешектегі вице-консулы Х.Ф.Зейнуллин (шын аты А.З.Абузаров) нұсқау, бағыт-бағдар беріп отырады. Астыртын жұмыс жанданып, қалың көпшіліктен қолдау табады. Осы тұстағы ел ішінің көңіл-күйі туралы Балқаш Бафин араға отыз жыл өткен соң өзінің үстінен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне түскен арыздарға орай берген түсініктемесінде:

«1934-1943 жылдары (ол кезде біз Шауешек гимназиясында оқып жүргенбіз) Шығыс Түркістан өлкесіндегі саяси-экономикалық және әлеуметтік жалпы жағдай өте ауыр да күрделі болатын. Ұлт мәселесі асқына ушығып, жергілікті саны аз халықтың сабыры сарылып, тағат-төзімі таусылуға айналған шақ еді. Ұлыханьдық шовинист ұлтшылдар тарапынан олардың тартқан жәбір-жапа, көрген зорлық-зомбылығы, зұлымдық, азабы шектен асып кеткен еді. Осындай сорақы сойқан зұлымдыққа қарсы алдымен Алтай аймағының қазақтары ашық күреске шығып, партизандар ұйымдастырыла бастағанынан тарбағатайлықтар да хабардар болатын. Мұның үстіне Іле Аймағының таулы аудандарында әр ұлттан құралған көтерілісшілер жөніндегі «ұзын құлақ» қауесет те еміс-еміс естілетін... 1944 жылдың көктемінде Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданында Башбай Шолақұлы Бафин бастаған топтың Қытайға қарсы астыртын «Бүркіт» атты ұйымы жұмыс істей бастады. Башбай басқарған бұл ұйымның мүшелері Балқаш Бафин, Сарқытбай Бафин (бұл екеуі Башбайдың інілері), Манаж (Башбайдың балдызы), Әбілсерік (Башбайдың жиені және Көрпебайлар) Алтай мен Іледе даярланған Қытайға қарсы үгіт қағаздарын жасырын таратумен шұғылданатын (аталған топқа жасаған басшылығы мен батылдығы бағаланып, 1945 жылы азат болғаннан кейін, осы аймаққа Башбай Шолақұлы губернатор (уәли) болып тағайындалды).

Қытай басқыншыларына қарсы Үрімжі қаласында ұйымдасқан астыртын топтың түрмеден шығып, 1944 жылы Шәуешекке келген бұрынғы мүшелері - Дубек Шалғынбаевпен, Ақыметқали Бітімбаевпен, Жағда Бабалықовпен Шағантоғай ауданында астыртын жұмыс жүргізген «Бүркіттің» мүшесі Балқаш Бафинмен және Қалдыбай Канафиндермен біріккен «Ұлт азаттық тобы» атты ресми жаңа ұйым 1944 жылдың көктемінде өз жұмысын Шауешек қаласында бастады. Дубек жетекшілік еткен (Дубек Шалғынбаев 1947 жылы 26 жасында ауырып, қайтыс болды) топтың ұлыханьдық шовинист басшыларға Іле мен Алтайда партизандық ұйымның күн санап күшейе өсіп келе жатқанын хабарлайтын хаттары мен партизандар жасағын ұйымдастыруға шақырған үгіт уағыздары қала мен далаға таратып жатты.

Сол жылы жайлау кезінде «ұйымның» тапсыруы бойынша Жағда екеуміз Барлық, Майлы-Жайыр тауларына барып, ондағы жаңадан ұйымдаса бастаған партизандар арасында жұмыс жүргізе бастадық. Біраздан соң, қаладағы «ұйыммен» болған байланысымыз үзіліп қалды. Артынан, өзімізден шыққан жағымпаз-сатқындардың қаладағыларды (Дубек, Ақыметқали және Қалдыбайды) қытай жандарымына айтып қаматқаны мәлім болды.

Бұл кезде Іле аймағы түгел Қытай басқыншыларынан азат етіліп, Құлжа қаласында «Азат Шығыс Түркістан Республикасы» деген атпен жаңа халық Үкіметі құрылғандығы туралы ресми хабар жарияланған болатын.

Мен бастапқы «Бүркіт» ұйымының басшысы Башбай Шолақұлының Іледегі «Азат Шығыс Түркістан Республикасы» басшыларына арнап жазған хатын алып және «Ұлт азаттық тобының» әр түрлі мәліметтері мен Тарбағатай партизандары ұйымының барысынан хабарлама жасау үшін, әрі көмек сұрай Құлжаға бардым. Осыдан соң, Тарбағатайға қосымша күш ретінде партизандар жіберілді, артынша жаңадан құрылған ұлттық армияның атты полкі тарапынан Толы, Дөрбілжін, Шәуешек қалалары басқыншылардан тазартылып, түрмедегілер (Дубек, Ақыметқали, Қалдыбай тағы басқалары) түгел аман-есен босатылды. Осыдан кейін, көп ұзамай Тарбағатай аймағының басқа аудандарымен қоса Алтай да азат етілді. Ұлыханьдық шовинист басқыншылардан азат етілген үш аймақта (Іле, Тарбағатай, Алтайда) өкімет билігі байырғы тұрғын халық өкілдерінің қолына берілді. Үш аймақ төңкерісшілері өкіметін Орталық Қытай Үкіметі ресми танып, келісімге келді, екі жақ өкілдері қол қойған бейбіт бітім 1946 жылы жасалды. Сөйтіп, Шығыс Түркістан жерінің байырғы иелерінің азат өмір сүрген аз ғана 5 жылдық ғұмыры басталды» - деп жазды.

Астыртын ұйым мүшелері ашық майданға шыққан тұста Б.Бафин 1945-1946 жылдары партизан жасағының командирі, сонымен сәйкестендіре атты әскер полкінің әскери барлау бөлімінің бастығы дәрежесінде алғы шепте болады. Гоминдаң өкіметінен азат етілген соң Тарбағатай губернаторының қоғамдық қауіпсіздік мекемесінің бастығы және хатшысы міндетін қоса атқарады. Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарында ұйымдастырылған Ұлттық Армияның бас штабының ұйғаруы бойынша 1946 жылы Б.Бафинге подполковник әскери атағы беріліп, Тарбағатай атқыштар полкінің полк командирінің саяси орынбасарлығына тағайындалады. 1947 жылы Қобық атты әскер полкіне ауысып, әскери жорыққа қатысады. 1948 жылы Ұлттық Армияның Бас штабына Саяси бөлімнің бастығына бекітіліп, сол жылы саяси партия дәрежесінде ұйымдастырылған «Одақтың» (Ассосацияның) армиядағы бас секретары болып сайланады. Қосымша Бас штаб шығарып тұрған «Төңкеріс таңы» атты газеттің редакторы міндетін сәйкестендіре атқарады. 1950 жылы өлкелік өкімет пен Бас штабтың ұйғарымы бойынша «Одақтың» барлау бөлімінің бастығы және оның қазақ тілінде шығатын «Одақ» журналының редакторы қызметіне тағайындалады. Сол жылдардағы жауынгерлік ерлігі үшін «Бостандық үшін» (1946), «Тәуелсіздік үшін» (1948), «Азаттық үшін» (1949) ордендерімен, кейіннен «Батыс солтүстікті азат етуге қосқан үлесі үшін» және «Халыққа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Азаттықтың

Шығыс Түркістан республикасы саяси сақнада ресми түрде бес жыл өмір сүрді. Азаттықтың ақ таңы ұзаққа созылмады. Кейінгі құпия құжаттардан мәлім болып отырғанындай екінші дүние жүзілік соғыстың нәтижесін қорытындылаған СССР, ҚХР, АҚШ сияқты империялардың өзара саяси ықпал мен жер бөлісі туралы құпия келісім шарттарының салдарынан Шығыс Түркістан республикасы таратылып, ол Қытай коммунистік партиясының талабымен Қытайдың қарамағына беріледі, ал Монғолия – СССР-дің идеологиялық саяси бақылауында қалады. АҚШ-қа Ауғанстан бұйырады.

1949 жылы желтоқсан айында Шығыс Түркістан республикасының Ұлт азаттық армиясы таратылып, жылап тұрып «салтанатпен қарсы алынған» Қытай армиясының құрамына 5 корпус ретінде бағындырылды (Ұлттық армияның таратылар алдындағы Бас штабтың суреті беріліп отыр). Қайтадан қарамағына ілінген аз ұлтты «ашулы арыстан» бірден сескендіріп алу үшін халық арасында «Үш дәрежелі кадрлар жиыны», ал әскер арасында «Лауазымды әскери шенді офицерлердің жоғары саяси курсі» дегенді сылтау етіп оларды жинап алып, «үйретуді» бастап кетті. Ел марқасқалары мен жер иелерін «жұртты сескендіру үшін» мойнына «кінәсі» жазылған қарға тағылып, көшеге шығарып, тұрғындарды жиып әкеліп сорлардың көзінше атылды. Сөйтіп, азаттық та, әскери атақ та мансұқ етіліп, Әскер арасындағы тазалау жұмысы жүргізіліп, олардың жауынгерлік ерліктері «жазаға лайық» деп бағаланды. Жоғары әскери курс – талқы орнына айналды. Гоминдаңға қарсы соғыс - «қытайға қарсы соғыс» деп танылып, Б.Бафин және де басқа 13 полковникке «теріс төңкерісшіл» деген жала жабылып, бәрі де ату жазасына кесілді. Жауынгердің қосағы Әминә Бафина (Нұғыманова) да қосақталып, оларға өзінің көрлерін өздеріне қаздырды (Олардың «зындан қазып» жатқандарының үстінен Айтуған атты зиялы түсіп, сырттағы ағайынға хабар береді. Мұны досы Қ.Қанапин растайды. Сол «мырзақамақта» немере қарындасы Нұрқан Башбайқызымен түскен суреті кітапта беріліп отыр). Күн сайын өлім күтіп, өзегі өртенген 1950-1951 жылдардағы мұндай қинаудан екі түрлі жағдайдың себебімен құтылады. Бірінші, Орталық өкіметте «Ұлттық аймақтарда солшылдық науқаны орын алды» - деген сөз қозғалып, батыстағы 5 ұлттық өлкенің хатшылығына Ши-жұң шың деген хатшы жіберіп, жазаны уақытша тоқтатады. Екінші тура сол кезде аз ұлт өнерпаздары бүкіл қытайды аралап ойын-сауық қоюға шақырылады. Оған Әмина да шақырылады. Кеңес одағының Үрімжідегі консулі И.Өлмесовтің көмегімен: мұсылман әйелдердің қасында жұбайы да жүру керек – деген сылтаумен Балқаш та артистермен бірге ішкі өлкеге аттанады. Ойын-сауық үйірмесі Пекинге келіп өнер көрсетеді. Аса лауазымды адамдардың ақылымен екеуі де Пекинде қалып, Орталық ұлттар университетіне оқуға түседі, Балқаш Ұлттар баспасына аудармашы болып қосымша істейді. 1955 жылы кеңес-қытай мемлекеті арасындағы достық қарым-қатынасты пайдаланып, үкімет мүшесі Бұрхан Шаһидидің демеуімен Кеңес одағына бір жылдық саяхатқа рұқсат алады. Алматыға келіп өзі облыстық «Коммунизм туы» газетінің әдеби қызметкері, Әминә Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі.

Тарихи отанына оралған соң тыныстары кеңіп, таныстары көбейеді. Әсіресе, Бауыржан Момышұлы, Ахмет Жұбанов, Мәлік Ғабдуллин, Роза Шамжанова, Әбдуәли Қарағұсов сияқты беделді тұлғалармен етене араласып, ағалық-інілік қарым-қатынаста болады. Әминаның айтатын әндері нотаға түсіріліп, А.Жұбановтың көмегімен баспадан шығады. Әсет Найманбаевтің Ахмет Байтұрсыновтармен Шәуешекте түскен суретінің жариялануына дәнекер болады. Осылай қанат жайып келе жатқанда қытайда тағы да күрес науқаны басталып, Б.Бафинді кері шақырады. Ол жақта өлім күтіп тұрғанын білген олар әжесі Жақия Тұрғанбайқызының қазақстандық басқұжатына сүйеніп Кеңес азаматын қабылдауға өтініш береді. Үш жылға созылған мұндай қиын-қыстау кезде жоғарыда аталған ел азаматтары ерекше қамқорлық жасап, рухани көмек көрсетеді. Тіпті бір жолы Бауыржан Момышұлы оларды күшпен шетке шығарып жіберуге ұмтылған қытай консулына еріп келген сақшылардың алдын тосып, қонақүйдің бөлмесіне кіргізбей қояды. Тек 1959 жылы ғана азаматтық алады. Екеуі де ғылыми жұмысқа ден қояды. 1959 жыл желтоқсан айында Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. Ол мұнда табан аудармай ширек ғасырға жуық еңбек етеді.

Жастайынан көркемсөзге құштар, өлең, мақала жазып, түрлі басылымдарға редактор болып, «үлгілі, ойлы сөз қалдыруды» (Балқаштың өз сөзі) армандаған Балқаш «Шығыс Түркістан қазақтарының тіліндегі қытай тілі элементтері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауға бекінеді. Диссертация 1964 жылдары жазылып бітіп, 1966 жылдары қорғауға дайындалып, әр жерге пікір білдіруге жолданады. И.М.Ошанин, Т.Рахимов сиқты мәскеулік қытайтанушылар жоғары баға береді. Алайда СССР мен ҚХР-дің арасындағы қырғиқабақ саясатқа байланысты түрлі-түрлі түсініксіз тосқауылдарға тап болады. Соған қоса «жалған жанашырлар» да қарап жатпайды. Орталық партия комитетінің бақылау комиссиясы мен Қауіпсіздік комитетіне, институтқа, т.б. мекемелерге домалақ арыз жазып, қалыптасқан саяси жағдайды пайдалана отырып дұрыс мақсатты бұрмалап :

«…Правильный подход к исследованию особенно важен в области китайских заимствований сейчас, когда великоханские шовинисты во главе с группой Мао «развернули интенсивную враждебную пропаганду против нашей партии и страны, выдвинули территориальные претензии в отношении Советского Союза и даже довели дело до вооруженных инцидентов на границе весной и летом 1969 года». Для оправдания своих претензий китайское руководство фальсифицируя историю «подгоняют» тюркско-монгольские географические наименования отдельных местностей территории Казахстана и этим пытаются «доказать» принадлежность этой территории Китаю.

… Джамбул – имя Великого поэта Казахского народа, а так же гор. Джамбул все это и им подобные более 200 терминов, насчитывающихся в кандидатской диссертации Б.Бапина вымышленно и произвольно приписываются заимствованию из китайского языка, что в нынешних условиях может служить «доводом» и хорошей пищей для китайских шовинистов для оправдания и «доказательства» их претензий.

Эту диссертацию за последних два года отдельные ведущие работники института языкознания пытались протащить во Фрунзе, затем в Ташкенте, но так как это не удалось, наконец, в этом году диссертанта направили с диссертацией в Москву, но так как работа выполнена на казахском языке, ученые Москвы предложили представить аннотированный вариант диссертации, не более чем на 4 печат. листах в переводе на русский язык. На этот вариант диссертации под страхом полного разоблачения его вымыслов не пошел, и пользуясь незнанием китайского языка и злоупотребляя доверием дирекции института, на состаявшемся на днях Ученом Совете института Б.Бапину удалось добиться рекомендации ее к защитке, здесь, в Алма-Ате.

Допустить к защите подобную диссертацию, это не только причинение большого вреда для науки Казахстана, но и огромный вред в этой области. Поэтому просим ознакомиться с упомянутой работой и убедиться в ее подобном содержании прежде чем она будет допущена к защите.

С просьбой: член КПСС (Жолдыбаев)» - деп жазды.

Тексеру барысында Жолдыбаев деген мүлдем жоқ адам, «жазғыштың» жорта есімі болып шықты. Бұдан өзге де көпшілік боп қол қойған жалалар диссертацияның қорғалуын кешеуілдете берді. Б.Бафиннің әділеттілікке жүгінуді сұраған хаттары жауапсыз қалды. Керісінше енді оған «Шығыс Түркістанның тұсында кеңес өкіметіне қарсы барлау жүргізді» деген айып тағылып, соңына жансыздарды салып қойды. Ғылыммен айналысатын қалам арыздар мен жалаға түсінік, жауап жазумен мұқалды. Бұл жағдайлар ғалымды іштей қатты қажытты. Ақыры 1976 жылдан бастап диссертация қорғаудан саналы түрде бас тартты. Ұзақ жылдарға созылған жанығудан соң өз еркі өзіне тиіп, сонау 1942 жылы Үрімжі қаласының сайындағы жарлауытқа лақтылыла салған әкесіне құрмет ретінде Мақаншы ауданындағы ата-баба қорымына белгітас қоюға ұмтылады. Міне, осы тұста тағы да домалақ арыздар көбейіп: шекара ауданындағы тұрғындардың көңіл-күйін бұзады, кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізеді, әкесіне ас беру – феодализмнің қалдығы – деген сияқты жала жабылады. Бұл әрекет Б.Бафиннің шыдамын тауысып, жүйкесін жұқартты. Сонда да ғылыми жұмыстан шеттеп қалмады. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 7-8 томдарын жазуға, Қожа Ахмет Яссауидің «Диуан хикметін» зерттеуге ат салысты.1986 жылы зейнетке шыққан соң бұрыннан айналысып жүрген қазақ шежіресі мен тарихъына қатысты деректерді жинақтап «Тарихи шежіре» деген атпен қағазға түсіре бастайды. Алайда ол еңбегін толық аяқтауға азапты күндерде әбден әлсіретіп, қажыған жүрек мұрсат бермеді.

1986 жылы 26 қыркүйек күні дүниеден қайтты.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет