Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (Жалпы бөлім)



бет4/17
Дата04.07.2016
өлшемі1.13 Mb.
#175886
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

48-бап. Заңды тұлғаны қайта құру кезіндегі оның несие берушiлерi құқықтарының кепiлдiгi

1. Заңды тұлға мүлкiнің меншік иесі немесе заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру туралы шешiм қабылдаған орган қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның кредиторларын бұл жөнінде жазбаша хабардар етуге мiндеттi. Талаптарды мәлімдеу мерзімі қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның кредиторлары хабарламаларды алған кезден бастап екі айдан кем болмауға тиіс.

2. Бөлiнген және бөлiп шығарылған кезде құрылатын заңды тұлғаның несие берушiсi осы заңды тұлға борышқоры болып табылатын мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын және келтiрiлген залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы.

3. Егер бөлу балансы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорын анықтауға мүмкiндiк бермесе, не егер құқықтық мирасқорында қайта құрылғанға дейін туындаған міндеттемелерді орындау үшін мүлік жеткіліксіз болса, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар, сондай-ақ құрамынан басқа заңды тұлға бөлiнiп шыққан заңды тұлға, қайта құрылған заңды тұлғаның мiндеттемелерi бойынша оның несие берушiлерiнiң алдында ортақ жауапты болады.

 

21.01.97 ж. № 68-I; 19.06.97 ж. № 134-I; 02.03.98 ж. № 211; 18.12.00 ж. № 128-II; 24.12.01 ж. № 276-II; 2006.20.02. № 127-III ( бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара); 2007.21.07. 299-III ҚР (бұр.ред.қара); 2009.30.12. № 234-ІV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 49-бап өзгертілді; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 49-бап өзгертілді  



49-бап. Заңды тұлғаны тарату негiздерi

1. Заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесінің немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның, сондай-ақ құрылтай құжаттарында осыған уәкiлеттiк берiлген органының шешiмi бойынша заңды тұлға кез келген негiз бойынша таратылуы мүмкiн.

Заңды тұлға - ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорын, арнайы қаржы компаниясын, мақта өңдеу ұйымын тарату Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру, мақта саласын дамыту туралы заңнамасында көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.

2. Соттың шешiмi бойынша заңды тұлға:

1) банкрот болған;

2) заңды тұлғаны құру кезiнде заңдардың түзетуге келмейтiн сипатта бұзылуына жол берiлуiне байланысты оны тiркеу жарамсыз деп танылған;



3) орналасқан жері бойынша немесе нақты мекенжайы бойынша заңды тұлға, сондай-ақ заңды тұлға бiр жыл iшiнде оларсыз жұмыс iстей алмайтын құрылтайшылар (қатысушылар) және лауазымды адамдар болмаған;

4) қызметiн заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асырған:

заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетiн қызметтi үнемi жүзеге асырған;

қызметiн тиiстi лицензиясыз не заңнамалық актiлерде тыйым салынған қызметтi жүзеге асырған;

5) басқа да заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда таратылуы мүмкiн.

3. Осы баптың екiншi тармағындағы аталған негiздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы талапты заң актілерінде осындай талап қоюға құқық берiлген мемлекеттік орган, ал банкрот болған жағдайда несие берушiлер де сотқа беруi мүмкiн.

Заңды тұлғаны тарату туралы сот шешiмiмен заңды тұлғаны таратуды жүзеге асыру жөніндегі мiндеттер оның мүлкiн меншiктенушiге, меншiк иесi уәкiлдiк берген органға, заңды тұлғаны таратуға оның құрылтай құжаттарында уәкiлдiк берiлген органға, не сот тағайындаған басқа органға (тұлғаға) жүктелуi мүмкiн.

4. Егер осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен оны тарату туралы шешiм қабылданған заңды тұлға мүлкiнiң құны кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса, мұндай заңды тұлға Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамалық актісінде белгiленген тәртiппен таратылуға тиіс.

5. Заңды тұлғалардың жекелеген түрлерi мемлекет уәкiлдiк берген тиiстi органның шешiмiмен заң актілерінде көзделген негiздер бойынша таратылуы мүмкiн.

 

15.07.96 ж. № 30-I; 11.07.97 ж. 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.12.98 ж. № 320-1; 03.06.03 ж. № 426-II; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара); 2006.20.02. № 127-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен; 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 50-бап өзгертiлдi



50-бап. Заңды тұлғаны тарату тәртібі

1. Заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесі немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган бұл туралы заңды тұлғаларды тiркеудi жүзеге асыратын әдiлет органына, тіркеу орны бойынша мемлекеттік кіріс органына дереу жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.

2. Заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган тарату комиссиясын құрады және осы Кодекске сәйкес тарату тәртібі мен мерзiмiн белгiлейдi.



Тарату комиссиясы құрылған кезден бастап заңды тұлғаның мүлкiн және iстерiн басқару жөнiнде өкiлеттiк соған ауысады. Тарату комиссиясы сотта таратылатын заңды тұлға атынан әрекет етедi.

3. Тарату комиссиясы заңды тұлғаны тарату, сондай-ақ оның кредиторларының талаптарын мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмi туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми баспа басылымдарында жариялайды. Банкроттық жағдайларын қоспағанда, талаптарды мәлiмдеу мерзiмi тарату туралы хабарландыру жарияланған кезден бастап екi айдан кем болмайды. Банкроттық кезінде кредиторлардың банкротқа қоятын талаптары кредиторлардың талаптарын мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған кезден бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей мәлімделуге тиіс.

Тарату комиссиясы несие берушiлердi анықтау және қарыздарын алу үшiн шаралар қолданады, сондай-ақ несие берушiлерге заңды тұлғаның таратылғандығы туралы жазбаша хабарлайды.

4. Несие берушiлер талаптарын қоюға арналған мерзiм аяқталғаннан кейiн тарату комиссиясы аралық тарату балансын жасайды, онда таратылатын заңды тұлға мүлкiнiң құрамы, несие берушiлер қойған талаптар тiзбесi, сондай-ақ оларды қарау нәтижелерi туралы мәлiметтер болады.



Аралық тарату балансын заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату жөнiнде шешiм қабылдаған орган бекiтедi.

Аралық тарату балансын жасаған кезде таратылатын заңды тұлға мүлкiнiң құрамына арнайы қаржы компаниясының жобалық қаржыландыру кезiндегi міндеттемелері бойынша, Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған арнайы қаржы компаниясының секьюритилендiру кезiндегi облигациялары бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлiнген активтер және ипотекалық облигациялар бойынша: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтары (ипотекалық куәлiктердi қоса алғанда), сондай-ақ көрсетiлген облигацияларды ұстаушыларда меншiк құқығы мәмiлелер бойынша не Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша туындаған немесе оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздары қамтамасыз ету болып табылатын кепiл мүлкi енгiзiлмейдi. Тарату комиссиясы көрсетілген мүлік пен бөлінген активтерді кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес айқындалған ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың өкіліне, кредиторлардың және (немесе) облигацияларды ұстаушылардың өкіліне береді.

5. Егер таратылатын заңды тұлғаның (мемлекеттік мекемелерден басқа) ақшасы несие берушiлердiң талабын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса, тарату комиссиясы заңды тұлғаның мүлкiн сот шешiмдерiн орындау үшiн белгiленген тәртiп бойынша жария сатуды жүзеге асырады.

6. Таратылатын заңды тұлғаның несие берушiлерiне ақша төлеудi тарату комиссиясы осы Кодекстiң 51-бабында белгiленген кезек тәртібімен аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап, соған сәйкес жүргiзедi. Акционерлік қоғамдардың мүлкiн бөлу ерекшелiктерi олар туралы заңдармен белгiленедi.

7. Несие берушiлермен есеп айырысу бiткеннен кейiн тарату комиссиясы тарату балансын жасайды, оны заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi.

8. Несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiк құрылтай құжаттарында көрсетiлген мақсаттарға жұмсалады.

9. Несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру үшiн таратылатын қазыналық кәсiпорынның - мүлкi, ал таратылатын мекеменiң ақшасы жеткiлiксiз болған жағдайда, несие берушiлер талаптарының қалған бөлiгiн осы кәсiпорынның немесе мекеменiң мүлкiн меншiктенушi есебiнен қанағаттандыру туралы талап қойып сотқа жүгiнуге құқылы.

9-1. 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

10. Заңды тұлғаның таратылуы аяқталды, ал заңды тұлға өз қызметін тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізілгеннен кейiн есептеледі.



 

21.01.97 ж. № 68-I; 11.07.01 ж. № 239-II; ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 51-бап толықтырылды; 08.04.04 ж. № 542-II (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 51-бап өзгертілді




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет