Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi


-тарау. БЮДЖЕТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР



бет4/17
Дата01.07.2016
өлшемі1.05 Mb.
#169862
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

7-тарау. БЮДЖЕТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР

      42-бап. Бюджетаралық қатынастар туралы жалпы ережелер



      1. Бюджет процесiнде республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерi арасындағы қатынастар бюджетаралық қатынастар болып табылады.
      2. Бюджет процесiнде республикалық бюджеттiң аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiмен және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң бiр-бiрiмен өзара қатынастарына жол берiлмейдi.
      3. Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң саяси, экономикалық және әлеуметтiк тұрақтылығына, адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған реттерде, облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмдерiнiң өтiнiштерi бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмасымен жалпы республикалық не халықаралық маңызы бар iс-шаралар өткiзiлген жағдайларда, бюджет процесiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң басқа облыстық бюджеттермен, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiмен өзара қатынастарына жол берiледi.
      4. Бюджетаралық қатынастар мемлекеттiк басқарудың деңгейлерi арасында функциялар мен өкiлеттiктердiң аражiгiнiң айқын ажыратылуына, республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерi арасында түсiмдер мен шығыстардың бiркелкi бөлiнуiне, сондай-ақ бюджетаралық трансферттердi айқындау әдiстерiнiң бiртұтастығына және ашықтығына негiзделген.
      5. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және орталық мемлекеттiк органдардың, облыстардың жергiлiктi атқарушы органдарының, тиiсiнше облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджет процесiне араласуына жол берiлмейдi.
      6. Осы Кодекстен басқа, Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актiлерiнде, есебiнен шығыстар қаржыландырылуға тиiс және түсiмдер есептелуге тиiс болатын бюджет деңгейiн белгiлеуге жол берiлмейдi.
      Тек осы Кодекске өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген кезде ғана шығыстарды немесе түсiмдердiң жекелеген түрлерiн бюджеттiң бiр деңгейiнен басқасына беру жүзеге асырылады.
      7. Жалпы сипаттағы трансферттердiң үш жылдық көлемiнiң қолданылу кезеңiнде шығыстардың ұлғаюына және (немесе) кiрiстердiң азаюына әкеп соғатын жоғары тұрған органдардың нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауынан туындайтын, төмен тұрған бюджеттердiң шығындарын өтеу мiндеттi түрде жоғары тұрған бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер бөлу арқылы жүргiзiледi.
      8. Жалпы сипаттағы трансферттердiң үш жылдық көлемiнiң қолданылуы кезеңiнде мемлекеттiк органдардың функцияларын мемлекеттiк басқарудың төмен тұрған деңгейiнен жоғары тұрған деңгейiне беруге байланысты шығыстардың ұлғаюына әкеп соғатын заңнамалық актiлер қабылдануынан туындайтын шығындарын өтеу мiндеттi түрде төмен тұрған бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер бөлу арқылы жүргiзiледi.

      43-бап. Бюджетаралық қатынастардың принциптерi

      Бюджетаралық қатынастар мынадай принциптерге негiзделедi:
      1) облыстық бюджеттердiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң республикалық бюджетпен, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң, жоғары тұрған облыстық бюджетпен өзара қатынастардағы теңдiгi;
      2) аражiгiн ажыратудың мынадай өлшемдерiнiң бiр мезгiлде сақталуын ескеретiн түсiмдердi тиiмдi бөлу:
      тұрақты сипаттағы, сыртқы факторлардың әсерiне тәуелсiз салықтық және салықтық емес түсiмдер төмен тұрған бюджеттерге бекiтiледi;
      мемлекеттiк мекемелер көрсеткен қызметтер ақысы болып табылатын салық түсiмдерi және салықтық емес түсiмдер аталған көрсетiлетiн қызметтер қаржыландырылатын бюджет кiрiсiне түседi;
      қайта бөлiну сипатындағы, сондай-ақ салық базасы әркелкi орналастырылған салықтар бюджет жүйесiнiң неғұрлым жоғары тұрған бюджеттер деңгейлерiне бекiтiледi;
      салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi бюджетке бекiткен кезде оларды жинаудың неғұрлым жоғары дәрежесiн қамтамасыз ететiн бюджет деңгейiне артықшылық берiледi;
      нақты аумақтық байланыстылығы бар салықтық базадан алынатын салықтар жергiлiктi бюджеттерге бекiтiледi;
      3) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнiң бюджеттiк қамтамасыз етiлу деңгейлерiн теңестiру;
      4) жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң бiрдей деңгейiн ұсынуын қамтамасыз ету;
      5) мемлекеттiк қызметтер көрсетудi ұсынудың тиiмдiлiгi мен нәтижелiлiгi - мемлекеттiк қызметтер көрсетудi неғұрлым тиiмдi әрi нәтижелi қамтамасыз ете алатын мемлекеттiк басқару деңгейiне мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бекiту;
      6) мемлекеттiк қызметтер көрсетудi ұсыну деңгейiн оны алушыларға барынша жақындату - алушылардың қажеттерiн барынша дәл есепке алу және мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң сапасын арттыру мақсатында қызметтер көрсетудiң атқарылуын бюджет жүйесiнiң мүмкiндiгiнше төмен деңгейiне беру.

      44-бап. Бюджетаралық қатынастарды реттеу нысандары



      1. Бюджетаралық қатынастар:
      1) республикалық және облыстық бюджеттердiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң арасында:
      трансферттермен;
      бюджеттiк кредиттермен;
      2) облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттер арасында:
      трансферттермен;
      бюджеттiк кредиттермен;
      кiрiстердi бөлу нормативтерiмен реттеледi.
      2. Бюджет деңгейлерi арасындағы трансферттер жалпы сипаттағы трансферттерге, ағымдағы нысаналы трансферттерге, нысаналы даму трансферттерiне бөлiнедi.
      3. Нысаналы трансферттердi және бюджеттiк кредиттердi жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi бюджеттiк бағдарламаларда айқындалған олардың нысаналы мақсатына сәйкес қана пайдаланады.
      4. Нысаналы трансферттер мен бюджеттiк кредиттердiң нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмаған сомалары мемлекеттiк қаржылық бақылау органының актiсiне сәйкес осы трансферттер мен кредиттердi бөлген жоғары тұрған бюджетке Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен бақылау актiсiне қол қойылғаннан кейiн бiр ай iшiнде мiндеттi түрде қайтарылуға жатады.
      5. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен бөлiнгендерiн қоспағанда, республикалық бюджеттен бөлiнген нысаналы даму трансферттерiнiң қаржы жылы iшiнде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомалары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша олардың нысаналы мақсаты сақтала отырып, келесi қаржы жылында пайдаланылуы (толық пайдаланылуы) мүмкiн.
      Облыстың жергiлiктi атқарушы органының резервiнен бөлiнгендерiн қоспағанда, облыстық бюджеттен бөлiнген нысаналы даму трансферттерiнiң қаржы жылы iшiнде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомалары облыстың жергiлiктi атқарушы органының шешiмi бойынша олардың нысаналы мақсаты сақтала отырып, келесi қаржы жылында пайдаланылуы (толық пайдаланылуы) мүмкiн.
      6. Өткен қаржы жылында республикалық немесе облыстық бюджеттен бөлiнген нысаналы даму трансферттерiн пайдалану кезiнде үнем жасалған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе облыстың жергiлiктi атқарушы органының шешiмi бойынша жергiлiктi атқарушы органдар ағымдағы қаржы жылының соңына дейiн үнемделген тиiстi соманы жоғары тұрған бюджеттен берiлетiн нысаналы даму трансферттерiн пайдалану жүзеге асырылған бюджеттiк бағдарламалар нәтижелерiнiң көрсеткiштерiн жақсартуға пайдалануға құқылы.
      7. Өткен қаржы жылында бөлiнген, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе облыстың жергiлiктi атқарушы органының шешiмi бойынша пайдалануға (толық пайдалануға) рұқсат етiлген нысаналы даму трансферттерiнiң қаржы жылы iшiнде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомалары ағымдағы қаржы жылының соңына дейiн, оларды бөлген жоғары тұрған бюджетке қайтарылуға жатады.
      Республикалық немесе облыстық бюджеттен бөлiнген, Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстың жергiлiктi атқарушы органы ағымдағы қаржы жылы одан әрi пайдалану (толық пайдалану) туралы шешiм қабылдамаған нысаналы трансферттердiң өткен қаржы жылында пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомалары жылдың басындағы бюджет қаражатының қалдықтары есебiнен ағымдағы қаржы жылының 1 наурызына дейiн, оларды бөлген жоғары тұрған бюджетке қайтарылуға жатады.
      Ескерту. 44-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      45-бап. Жалпы сипаттағы трансферттер



      1. Бюджет субвенциялары мен бюджеттiк алып қою жалпы сипаттағы трансферттер болып табылады.
      2. Республикалық немесе облыстық бюджеттерде бекiтiлген сома шегiнде жоғары тұрған бюджеттерден төмен тұрған бюджеттерге берiлетiн трансферттер бюджет субвенциялары болып табылады.
      3. Республикалық немесе облыстық бюджеттерде бекiтiлген сома шегiнде төмен тұрған бюджеттерден жоғары тұрған бюджеттерге берiлетiн трансферттер бюджеттiк алып қою болып табылады.
      4. Жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемi:
      Қазақстан Республикасының заңымен - республикалық бюджет пен облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң арасында;
      облыстық мәслихаттың шешiмiмен - облыстық бюджет пен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң арасында абсолюттiк мәнiмен жылдар бойынша бөлiне отырып, үш жылдық кезеңге белгiленедi.
      Жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемi әрбiр үш жыл сайын өзгертiлуге жатады.
      5. Жалпы сипаттағы трансферттер бюджеттiң әрбiр деңгейi үшiн осы Кодекспен бекiтiлген шығыстардың бағыттарына сәйкес мемлекеттiк кепiлдендiрiлген қызмет көрсетулердi ұсыну үшiн өңiрлердiң бюджеттiк қамтамасыз етiлу деңгейiн теңестiруге және тең фискалдық мүмкiндiктердi қамтамасыз етуге бағытталған.
      6. Жалпы сипаттағы трансферттердi айқындау кезiнде өңiрдiң салықтық әлеуетi, өңiрдегi көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердi тұтынушылар саны, көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң бекiтiлген стандарттары және сол немесе өзге де өңiрдiң өзiндiк ерекшелiгiне байланысты көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердi ұсыну жөнiндегi шығыстарға әсер ететiн факторлар ескерiледi.
      7. Жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемi тиiстi жергiлiктi бюджеттiң кiрiстерi (трансферттердi шегергенде) мен шығындарының болжамды көлемдерi арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      Жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемдерiн тиiсiнше мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар айқындайды.
      8. Жергiлiктi бюджет кiрiстерiнiң болжамды көлемi шығындарының болжамды көлемiнен асып түскен кезде жоғары тұрған бюджетке жергiлiктi бюджеттен бюджеттiк алып қою белгiленедi.
      Жергiлiктi бюджет шығындардың болжамды көлемi кiрiстерiнiң болжамды көлемiнен асып түскен кезде жоғары тұрған бюджеттен жергiлiктi бюджетке бюджеттiк субвенциялар белгiленедi.
      9. Жергiлiктi бюджеттердiң кiрiстерi мен шығындарының болжамды көлемдерi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын жалпы сипаттағы трансферттердiң есеп-қисаптарының әдiстемесi негiзiнде есептеледi.
      10. Жалпы сипаттағы трансферттер көлемiнiң есеп-қисабы кезiнде жоспарлы кезеңде жоғары тұрған бюджеттен бөлiнетiн нысаналы трансферттер мен бюджеттiк кредиттер, жергiлiктi атқарушы органның борышын өтеудегi шығындар ескерiлмейдi.
      11. Жалпы сипаттағы трансферттердi аудару тәртiбi мен кезеңдiлiгiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Ескерту. 45-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      46-бап. Нысаналы трансферттер



      1. Нысаналы трансферттер ағымдағы нысаналы трансферттерге және нысаналы даму трансферттерiне бөлiнедi.
      2. Жалпы сипаттағы трансферттердiң үш жылдық көлемiнiң қолданылуы кезеңiнде республикалық немесе облыстық бюджеттерде бекiтiлген сома шегiнде:
      1) жоғары тұрған бюджеттер төмен тұрған бюджеттерге беретiн, жергiлiктi бюджеттер шығыстарының ұлғаюына және (немесе) кiрiстерiнiң азаюына әкеп соғатын, заңнамалық актiлердi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, облыстың өкiлдi және атқарушы органдарының, актiлерiн қабылдаудан туындайтын төмен тұрған бюджеттердiң шығындарын өтеуге бағытталған;
      2) төмен тұрған бюджеттер жоғары тұрған бюджеттерге беретiн, мемлекеттiк органдар функцияларының мемлекеттiк басқарудың төмен тұрған деңгейiнен жоғары тұрған деңгейiне берiлуiне байланысты жоғары тұрған бюджет шығыстарының ұлғаюына әкеп соғатын, заңнамалық актiлердi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн қабылдаудан туындайтын жоғары тұрған бюджеттердiң шығындарын өтеуге бағытталған трансферттер ағымдағы нысаналы трансферттер болып табылады.
      3. Жоғары тұрған бюджеттер төмен тұрған бюджеттерге жергiлiктi бюджеттiк даму бағдарламаларын iске асыру үшiн республикалық немесе жергiлiктi бюджетте бекiтiлген сомалар шегiнде беретiн трансферттер нысаналы даму трансферттерi болып табылады.
      4. Жергiлiктi атқарушы органдар нысаналы даму трансферттерiнiң сомаларын айқындау үшiн тиiстi жоғары тұрған органға жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобалардың тiзбесi мен олар бойынша шығыстар сомалары көрсетiлген өтiнiмдердi ұсынады.
      5. Жергiлiктi бюджеттiк даму бағдарламалары бойынша шығыстар берiлетiн нысаналы даму трансферттерiнiң көлемi ескерiле отырып, жергiлiктi бюджеттерде айқындалады.
      Жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыру үшiн төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерi әр объект бойынша жеке бөлiнбей, бiр сомамен бөлiнедi.
      Жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобалар арасында нысаналы даму трансферттерiн бөлудi жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi жергiлiктi бюджеттерде осы мақсаттарға көзделетiн қаржыландыру көлемiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
      6. Төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерi өткен қаржы жылында бөлiнген нысаналы даму трансферттерi бойынша нәтижелер туралы келiсiмдерде айқындалған жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобалардың тiкелей нәтижелерiне қол жеткiзу кезiнде бөлiнедi. Мұндай нәтижеге қол жеткiзiлмеген жағдайда, кезектi қаржы жылында нысаналы даму трансфертi берiлмейдi.
      7. Жоғары тұрған бюджеттен берiлетiн нысаналы даму трансферттерi есебiнен iске асырылатын жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюына байланысты шығыстар жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге немесе оған техникалық-экономикалық негiздемеде немесе үлгi жобада көзделмеген қосымша құрамдас бөлiктердiң енгiзiлуiне байланысты тиiстi жергiлiктi бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      8. Нысаналы даму трансферттерiн қарау және iрiктеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      9. Төмен тұрған бюджеттерге Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және облыстың жергiлiктi атқарушы органының резервiнен қаражат бөлу нысаналы трансферттер түрiнде жүзеге асырылады.
      10. Жоғары тұрған бюджеттiң бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiсi төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттердi нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiмнiң, белгiленген тәртiппен бекiтiлген төлемдер бойынша тиiстi бюджеттiк бағдарламаны жеке-дара қаржыландыру жоспарының негiзiнде аударады.
      11. Нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiм:
      шешiлуiне нысаналы трансферттер бөлiнетiн мақсаттар мен мiндеттердi;
      нысаналы трансферттердi пайдалану есебiнен қол жеткiзiлуге тиiс тiкелей және түпкiлiктi нәтижелердi;
      тиiстi жергiлiктi атқарушы органның қол жеткiзiлген тiкелей және түпкiлiктi нәтижелер туралы есептi жоғары тұрған бюджеттiң бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiне табыс етуi туралы мiндеттеменi;
      тараптардың шешiмi бойынша айқындалатын басқа да жағдайларды қамтитын құжатты бiлдiредi.
      12. Жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берiлетiн нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiм жоғары тұрған бюджеттiң бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсi мен тиiстi жергiлiктi атқарушы орган арасында ағымдағы қаржы жылының 20 қаңтарынан кешiктiрiлмей бiр қаржы жылына жасалады.
      12-1. Жоғары тұрған бюджеттiң бюджеттiк бағдарламасының әкiмшiсi Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсынысы алынған күннен бастап алты ай iшiнде осы Кодекстiң 154 және 156-баптарының талаптарына сәйкес бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға құжаттама ұсынылғанға дейiн осы Кодекстiң 79-бабы 2-тармағы екiншi бөлiгiнiң 2-1) тармақшасында көрсетiлген аса маңызды және жедел iске асыруды талап ететiн мiндеттердi iске асыруға бағытталған нысаналы даму трансферттерi бойынша тиiстi жергiлiктi атқарушы органмен жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берiлетiн нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiм жасаспайды.
      13. Республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берiлетiн нысаналы трансферттер аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерi арасында одан әрi бөлiнген жағдайда, облыстың жергiлiктi атқарушы органы аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарымен нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы тиiстi келiсiмдер жасасады.
      14. Жоғары тұрған бюджеттен бөлiнген нысаналы трансферттердiң көлемi өзгерген жағдайда, нысаналы трансферттердiң көлемi өзгерген күннен бастап бiр ай iшiнде нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiмге тиiстi өзгерiстер енгiзiледi.
      Егер бюджеттi нақтылау кезiнде қосымша нысаналы трансферттер бөлiнсе, Қазақстан Республикасының Президентi республикалық бюджет туралы заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заңға қол қойғаннан кейiн және мәслихаттың жергiлiктi бюджет туралы шешiмiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы мәслихаттың шешiмi бекiтiлгеннен кейiн бiр ай iшiнде осы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiм жасалады.
      15. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы жарты жылдың және бiр жылдың қорытындылары бойынша облыстың тиiстi жергiлiктi атқарушы органына нәтижелер туралы келiсiмдерге сәйкес бөлiнген нысаналы трансферттердi пайдалану есебiнен қол жеткiзiлген тiкелей және түпкiлiктi нәтижелер туралы есеп бередi.
      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жарты жылдың және бiр жылдың қорытындылары бойынша республикалық бюджеттiк бағдарламалардың тиiстi әкiмшiсiне нәтижелер туралы келiсiмдерге сәйкес бөлiнген нысаналы трансферттердi пайдалану есебiнен қол жеткiзiлген тiкелей және түпкiлiктi нәтижелер туралы есеп бередi.
      16. Нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiмдi әзiрлеу, нысаналы трансферттердi аудару, қол жеткiзiлген тiкелей және түпкiлiктi нәтижелер туралы есептi жасау және беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Ескерту. 46-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      47-бап. Төмен тұрған бюджеттерге берiлетiн бюджеттiк


               кредиттер

      1. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыруға, мемлекеттiң әлеуметтiк саясатының мiндеттерiн шешуге және қаржы жылы iшiнде қолма-қол ақшаның болжамды тапшылығы жағдайында, тиiсiнше облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiне және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерiне республикалық бюджеттен және облыстық бюджеттерден бюджеттiк кредиттер берiлуi мүмкiн.


      2. Төмен тұрған бюджеттерге бюджеттiк кредиттер осы Кодекске сәйкес берiледi.
      Ескерту. 47-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      48-бап. Трансферттердi пайдалану кезiнде нәтижелерге қол


               жеткiзбегенi үшiн жауаптылық

      1. Жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке нысаналы трансферттердi бөлу кезiнде:


      1) нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiмдi уақтылы жасамағаны үшiн облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмi және жоғары тұрған бюджеттiң бюджеттiк бағдарламалары тиiстi әкiмшiлерiнiң бiрiншi басшысы;
      2) нәтижелер туралы жасалған келiсiмдер негiзiнде төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарына сәйкес төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттердi аудармағаны үшiн жоғары тұрған бюджеттiң бюджеттiк бағдарламалары әкiмшiлерiнiң бiрiншi басшысы;
      3) нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы жасалған келiсiмге сәйкес нысаналы трансферттердi пайдаланбағаны, нәтижелерге қол жеткiзбегенi, алынған нысаналы трансферттердi пайдалану есебiнен қол жеткiзiлген нәтижелер туралы есеп табыс етпегенi үшiн облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың әкiмi және жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың тиiстi әкiмшiлерiнiң бiрiншi басшысы;
      4) нәтижелерге қол жеткiзбеуге әкеп соққан, жоғары тұрған бюджеттен алынған нысаналы трансферттердi игермегенi үшiн облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың әкiмi, төмен тұрған бюджеттiң бюджеттiк бағдарламалары әкiмшiлерiнiң бiрiншi басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
      2. Нысаналы трансферттер есебiнен мемлекеттiк сатып алу бойынша конкурсты жалғыз ұйымдастырушы болып табылатын, жоғары тұрған бюджеттiң бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiлерi конкурстық рәсiмдердi уақтылы өткiзбеген жағдайда, жоғары тұрған бюджеттiң бюджеттiк бағдарламалары әкiмшiсiнiң бiрiншi басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
      Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

2-бөлiм. БЮДЖЕТ ДЕҢГЕЙЛЕРI АРАСЫНДА ТҮСIМДЕР МЕН ШЫҒЫСТАРДЫ БӨЛУ

8-тарау. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ, ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТТЕР, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛА, АСТАНА, АУДАН (ОБЛЫСТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛА)
БЮДЖЕТТЕРI АРАСЫНДА БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕТIН ТҮСIМДЕРДI БӨЛУ

      49-бап. Республикалық бюджетке түсетiн түсiмдер



      1. Мыналар:
      1) мұнай секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдердi қоспағанда, корпоративтiк табыс салығы;
      2) қосылған құн салығы, оның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген тауарларға, орындалған жұмыстар мен көрсетiлген қызметтерге және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығы;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға акциздер;
      4) шикi мұнайға, газ конденсатына акциздер;
      5) ойын бизнесi салығы;
      6) мұнай секторы ұйымдарынан түсiмдердi қоспағанда, үстеме пайда салығы;
      7) тарихи шығындарды өтеу жөнiндегi төлемақы;
      8) мұнай секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдердi қоспағанда, бонустар;
      9) мұнай секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдердi қоспағанда, пайдалы қазбаларды өндiруден алынатын салық
      10) мұнай секторы ұйымдарынан түсiмдердi қоспағанда, экспортқа рента салығы;
      11) мұнай секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының жасалған келiсiмшарттар бойынша өнiмдi бөлу жөнiндегi үлесi;
      12) мұнай секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдердi қоспағанда, өнiмдi бөлу туралы келiсiмшарт бойынша қызметiн жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемi;
      13) жергiлiктi маңызы бар ақылы мемлекеттiк автомобиль жолдары бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алымнан басқа, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алым;
      14) телевизия және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат берiлгенi үшiн алым;
      15) бұқаралық ақпарат құралының мемлекеттiк тiркелгенi (есепке қойылғаны) үшiн алым;
      16) дәрiлiк заттардың мемлекеттiк тiркелгенi, сондай-ақ олардың қайта тiркелгенi үшiн алым;
      17) шығармаларға және сабақтас құқықтар объектiлерiне құқықтардың, шығармаларды және сабақтас құқықтар объектiлерiн пайдалануға лицензиялық шарттардың мемлекеттiк тiркелгенi, сондай-ақ олардың қайта тiркелгенi үшiн алым;
      18) радиоэлектронды құралдардың және жоғары жиiлiктегi құрылғылардың мемлекеттiк тiркелгенi үшiн алым;
      19) қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысының, сондай-ақ ұялы байланыстың берiлгенi үшiн төлемақы;
      20) радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      21) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      22) жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      23) кеме жүретiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      24) республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырғаны үшiн төлемақы;
      25) әкелiнетiн және әкетiлетiн тауарларға кеден баждары;
      26) кеден бақылауын және кеден операцияларын жүзеге асырудан түсетiн түсiмдер;
      27) отандық тауар өндiрушiлердi қорғау шаралары ретiнде алынатын баждар;
      28) консулдық алым;
      29) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдардың апостиль қойғаны үшiн мемлекеттiк баж;
      30) жеке басын куәландыратын құжаттар берiлгенi үшiн мемлекеттiк баж;
      31) жүргiзушi куәлiктерiнiң берiлгенi үшiн алынатын мемлекеттiк баж;
      32) механикалық көлiк құралдарын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктер берiлгенi үшiн алынатын мемлекеттiк баж;
      33) мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiнiң берiлгенi үшiн алынатын мемлекеттiк баж;
      34) нотариаттық iс-әрекеттер жасалғаны үшiн алынатын мемлекеттiк баж;
      35) зияткерлiк меншiк саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның заңды мәнi бар iс-әрекеттер жасағаны үшiн алынатын мемлекеттiк баж;
      36) мемлекеттiк мекемелердi сотқа берген талап қою арыздарынан алынатын мемлекеттiк баж;
      37) халықаралық техникалық байқау сертификатының берiлгенi үшiн алынатын мемлекеттiк баж;
      38) ғарыш объектiлерiн және оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеу үшiн алым республикалық бюджетке түсетiн салықтық түсiмдер болып табылады.
      2. Мыналар:
      1) республикалық меншiктен түсетiн кiрiстер:
      республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың таза табысы бөлiгiнiң түсiмдерi;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң таза табысы бөлiгiнiң түсiмдерi;
      республикалық меншiктегi акциялардың мемлекеттiк пакеттерiне дивидендтер;
      республикалық меншiктегi заңды тұлғалардың қатысу үлесiне кiрiстер;
      республикалық меншiктегi мүлiктi жалға беруден түсетiн кiрiстер;
      екiншi деңгейдегi банктердiң шоттарында мемлекеттiк сыртқы қарыздар қаражатының орналастырылғаны үшiн және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiндегi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң депозиттерi бойынша сыйақылар;
      республикалық бюджеттен берiлген кредиттер бойынша сыйақылар;
      қару-жарақ пен әскери техниканы сатудан түсетiн кiрiстер;
      республикалық меншiктен түсетiн басқа да кiрiстер;
      2) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) өткiзуден түсетiн түсiмдерi;
      3) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттiк сатып алуды өткiзуден түсетiн ақша түсiмдерi;
      4) мұнай секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдердi қоспағанда, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бюджетiнде (шығыстар сметасында) тұратын және қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер салатын айыппұлдар, өсiмпұлдар, санкциялар, өндiрiп алу;
      5) мұнай секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдердi қоспағанда, республикалық бюджетке салықтық емес басқа да түсiмдер республикалық бюджетке түсетiн салықтық емес түсiмдер болып табылады.
      3. Мыналар:
      1) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелерге бекiтiлген мемлекеттiк мүлiктi сатудан;
      2) мемлекеттiк материалдық резервтен тауарлар сатудан;
      3) мемлекетке тиесiлi материалдық емес активтердi сатудан түсетiн ақша негiзгi капиталды сатудан республикалық бюджетке түсетiн түсiмдер болып табылады.
      4. Мыналар:
      1) облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнен түсетiн трансферттер;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетiн кепiлдендiрiлген трансферт республикалық бюджетке түсетiн трансферттердiң түсiмдерi болып табылады.
      5. Республикалық бюджеттен берiлген кредиттердi өтеуден, республикалық меншiктегi мемлекеттiң қаржы активтерiн, үкiметтiк қарыздарды сатудан түсетiн түсiмдер республикалық бюджет есебiне жазылады.
      Ескерту. 49-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.01.24 N 399-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.06 N 529-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      50-бап. Облыстық бюджетке түсетiн түсiмдер

      1. Мыналар:
      1) облыстық мәслихат белгiлеген кiрiстердi бөлу нормативтерi бойынша жеке табыс салығы;
      2) облыстық мәслихат белгiлеген кiрiстердi бөлу нормативтерi бойынша әлеуметтiк салық
      3) қоршаған ортаға эмиссия төлемақысы;
      4) облыстық маңызы бар мемлекеттiк ақылы автомобиль жолдарымен жүргенi үшiн алым;
      5) облыстық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырғаны үшiн төлемақы;
      6) жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      7) орманды пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      8) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы облыстық бюджетке түсетiн салық түсiмдерi болып табылады.
      2. Мыналар:
      1) коммуналдық меншiктен түсетiн кiрiстер:
      облыстық әкiмдiктiң шешiмi бойынша құрылған коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындардың таза табысы бөлiгiнiң түсiмдерi;
      облыстық коммуналдық меншiктегi акциялардың мемлекеттiк пакеттерiне дивидендтер;
      облыстық коммуналдық меншiктегi заңды тұлғаларға қатысу үлесiне кiрiстер;
      облыстық коммуналдық меншiктiң мүлкiн жалға беруден түсетiн түсiмдер;
      облыстық бюджеттен берiлген кредиттер бойынша сыйақылар;
      уақытша бос бюджет ақшасын депозитке орналастырудан алынған сыйақылар;
      облыстық коммуналдық меншiктен түсетiн басқа да кiрiстер;
      2) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) өткiзуден түсетiн түсiмдер;
      3) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттiк сатып алуды өткiзуден түсетiн ақша түсiмдерi;
      4) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер салатын айыппұлдар, өсiмпұлдар, санкциялар, өндiрiп алу;
      5) облыстық бюджетке басқа да салықтық емес түсiмдер облыстық бюджетке түсетiн салықтық емес түсiмдер болып табылады.
      3. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелерге бекiтiлiп берiлген мемлекеттiк мүлiктi сатудан түсетiн ақша облыстық бюджетке негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер болып табылады.
      4. Мыналар:
      1) аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнен трансферттер;
      2) республикалық бюджеттен трансферттер облыстық бюджетке трансферттер түсiмдерi болып табылады.
      5. Облыстық бюджеттен берiлген кредиттердi өтеуден, облыстық коммуналдық меншiктегi мемлекеттiң қаржы активтерiн, облыстардың жергiлiктi атқарушы органдарының қарыздарын сатудан түсетiн түсiмдер облыстық бюджет есебiне жазылады.

      51-бап. Республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiне


               түсетiн түсiмдер

      1. Мыналар:


      1) жеке табыс салығы;
      2) әлеуметтiк салық
      3) жеке және заңды тұлғалардың, дара кәсiпкерлердiң мүлкiне салық
      4) жер салығы;
      5) бiрыңғай жер салығы;
      6) көлiк құралдарына салық
      7) тiркелген салық
      8) мыналарға:
      Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген спирттiң барлық түрiне;
      Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген алкоголь өнiмiне;
      Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген құрамындағы этил спиртiнiң көлемi 0,5 проценттен аспайтын сыраға;
      Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген темекi бұйымдарына;
      Қазақстан Республикасының аумағында жасалған жеңiл автомобильдерге (мүгедектерге арнайы арналған қолмен басқарылатын немесе қолмен басқаруға бейiмделген автомобильдерден басқа);
      бензинге (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынына акциздер;
      9) жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      10) орманды пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      11) қоршаған ортаға эмиссия үшiн төлемақы;
      12) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      13) жер учаскелерiн пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      14) дара кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым;
      15) қызметтiң жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алым;
      16) заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркегенi және филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркегенi, сондай-ақ оларды қайта тiркегенi үшiн алым;
      17) аукциондардан алым;
      18) республикалық маңызы бар қаланың, астананың ақылы мемлекеттiк автомобиль жолдарымен жүргенi үшiн алым;
      19) республикалық бюджет есебiне жазылатын консулдық алымнан және мемлекеттiк баждардан басқа, мемлекеттiк баж;
      20) жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым;
      21) жылжымалы мүлiк кепiлiн және кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым;
      22) көлiк құралдарын мемлекеттiк тiркегенi, сондай-ақ оларды қайта тiркегенi үшiн алым;
      23) қалалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде және елдi мекендерде сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырғаны үшiн төлемақы республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiне салық түсiмдерi болып табылады.
      2. Мыналар:
      1) коммуналдық меншiктен түсетiн кiрiстер:
      республикалық маңызы бар қала, астана әкiмдiктерiнiң шешiмi бойынша құрылған коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындардың таза кiрiсi бөлiгiнен түскен түсiмдер;
      республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық меншiгiндегi акциялардың мемлекеттiк пакетiне дивидендтер;
      республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық меншiгiндегi заңды тұлғаларға қатысу үлесiне кiрiстер;
      республикалық маңызы бар қаланың, астананың өкiлдi органдарының шешiмдерi бойынша өткiзiлетiн мемлекеттiк лотереялар кiрiстерiнен түсетiн түсiмдер;
      республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық меншiгiнiң мүлкiн жалға беруден түсетiн кiрiстер;
      республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiнен берiлген кредиттер бойынша сыйақылар;
      уақытша бос бюджет ақшасын депозитке орналастырудан алынған сыйақылар;
      республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық меншiгiнен түсетiн басқа да кiрiстер;
      2) республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) өткiзуден түсетiн түсiмдер;
      3) республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттiк сатып алуды өткiзуден түсетiн ақша түсiмдерi;
      4) республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер салатын айыппұлдар, өсiмпұлдар, санкциялар, өндiрiп алу;
      5) республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiне басқа да салықтық емес түсiмдер (республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiне салықтық емес түсiмдер) болып табылады.
      3. Мыналар:
      1) республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелерге бекiтiлген мемлекеттiк мүлiктi сатудан түсетiн ақша;
      2) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн қоспағанда, жер учаскелерiн сатудан түсетiн түсiмдер;
      3) жер учаскелерiн жалдау құқығын сатқаны үшiн төлемақы республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiне негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер болып табылады.
      4. Республикалық бюджеттен трансферттер республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiне трансферттердiң түсiмдерi болып табылады.
      5. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiнен берiлген кредиттердi өтеуден, республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық меншiгiндегi мемлекеттiң қаржы активтерiн, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының қарыздарын сатудан түсетiн түсiмдер республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiнiң есебiне жатқызылады.
      Ескерту. 51-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      52-бап. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiне түсетiн


               түсiмдер

      1. Мыналар:


      1) облыстық мәслихат белгiлеген кiрiстердi бөлу нормативтерi бойынша жеке табыс салығы;
      2) облыстық мәслихат белгiлеген кiрiстердi бөлу нормативтерi бойынша әлеуметтiк салық
      3) жеке және заңды тұлғалар, дара кәсiпкерлер мүлкiне салық
      4) жер салығы;
      5) бiрыңғай жер салығы;
      6) көлiк құралдарына салық
      7) тiркелген салық
      8) мыналарға:
      Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген спирттiң барлық түрiне;
      Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген алкоголь өнiмiне;
      Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген құрамындағы этил спиртiнiң көлемi 0,5 проценттен аспайтын сыраға;
      Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген темекi бұйымдарына;
      Қазақстан Республикасының аумағында жасалған жеңiл автомобильдерге (мүгедектер үшiн арнайы арналған қолмен басқарылатын немесе қолмен басқаруға бейiмделген автомобильдерден басқа);
      бензинге (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынына акциздер;
      9) жер учаскелерiн пайдаланғаны үшiн төлемақы;
      10) дара кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым;
      11) қызметтiң жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алым;
      12) заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркегенi, сондай-ақ оларды қайта тiркегенi үшiн алым;
      13) аукциондардан алым;
      14) көлiк құралдарын мемлекеттiк тiркегенi, сондай-ақ оларды қайта тiркегенi үшiн алым;
      15) жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым;
      16) жылжымалы мүлiк кепiлiн және кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым;
      17) аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде және елдi мекендерде сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырғаны үшiн төлемақы;
      18) республикалық бюджет есебiне жазылатын консулдық алымнан және мемлекеттiк баждардан басқа, мемлекеттiк баж аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiне түсетiн салық түсiмдерi болып табылады.
      2. Мыналар:
      1) коммуналдық меншiктен түсетiн кiрiстер:
      аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдiгiнiң шешiмi бойынша құрылған коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындардың таза кiрiсi бөлiгiнiң түсiмдерi;
      ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) коммуналдық меншiгiндегi акциялардың мемлекеттiк пакеттерiне дивидендтер;
      ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) коммуналдық меншiгiндегi заңды тұлғаларға қатысу үлестерiне кiрiстер;
      ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) коммуналдық меншiгiнiң мүлкiн жалға беруден түсетiн кiрiстер;
      ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiнен берiлген кредиттер бойынша сыйақылар;
      ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) коммуналдық меншiгiнен түсетiн басқа да кiрiстер;
      2) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелердiң тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсетудi) өткiзуiнен түсетiн түсiмдер;
      3) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттiк сатып алуды өткiзуден түсетiн ақша түсiмдерi;
      4) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер салатын айыппұлдар, өсiмпұлдар, санкциялар, өндiрiп алу;
      5) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiне басқа да салықтық емес түсiмдер аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiне салықтық емес түсiмдер болып табылады.
      3. Мыналар:
      1) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелерге бекiтiлiп берiлген мемлекеттiк мүлiктi сатудан түсетiн ақша;
      2) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн қоспағанда, жер учаскелерiн сатудан түсетiн түсiмдер;
      3) жер учаскелерiн жалға беру құқығын сатқаны үшiн төлемақы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiне негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер болып табылады.
      4. Облыстық бюджеттен берiлетiн трансферттер аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiне трансферттердiң түсiмдерi болып табылады.
      5. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнен берiлген кредиттердi өтеуден, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) коммуналдық меншiгiндегi мемлекеттiң қаржы активтерiн, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының қарыздарын сатудан түсетiн түсiмдер ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiне есептеледi.
      Ескерту. 52-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет