Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV Кодексi
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2008 ж., N 21, 93-құжат; "Егемен Қазақстан" 2008 жылғы 5 желтоқсан, N 370-374 (25343)
МАЗМҰНЫ
РҚАО-ның ескерту!
Кодекстiң қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 245-баптан қараңыз.
Осы Кодекс бюджеттiк, бюджетаралық қатынастарды реттейдi, бюджет жүйесiнiң жұмыс iстеуiнiң, бюджет қаражатының құралуы мен пайдаланылуының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдаланудың негiзгi ережелерiн, принциптерiн және тетiктерiн белгiлейдi.
ЖАЛПЫ БӨЛIМ
1-бөлiм. БЮДЖЕТ ЖҮЙЕСI
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Кодекстен және қабылдануы осы Кодексте көзделген нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегiден өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-бап. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының
қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында күшi болады және барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң мемлекеттiк мекемелерге қатысты ережелерi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бюджетiнен (шығыстар сметасынан) қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелерге қолданылмайды.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың тиiсiнше республикалық және жергiлiктi бюджеттерден кезектi қаржы жылына ақша бөлу туралы актiлерi, осы актiлердiң қайтарымды негiзде ақша бөлу туралы ережелерiн қоспағанда, ағымдағы қаржы жылы аяқталғаннан кейiн күшiн жояды.
Жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдары бойынша республикалық бюджет туралы заңға (жергiлiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiне) қосымшалардың қолданысы келесi жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңның (жергiлiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiнiң) қолданысқа енгiзiлуiмен күшiн жоятын болады.
4. Республикалық бюджет туралы заң, жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмi, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың оларды iске асыру туралы актiлерi, сондай-ақ оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы нормативтiк құқықтық актiлер тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiледi.
3-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) аваль - вексельдiк кепiлдiк, оны жасаған тұлға вексель бойынша мiндеттi тұлға үшiн вексель бойынша төлемдi жүзеге асыру жөнiнде (толық немесе iшiнара) өзiне мiндеттеме қабылдайды;
2) байланыссыз гранттар - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң грант берген донордан одан әрi қарыз алуын немесе республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қоса қаржыландыру көзделмейтiн гранттар;
3) байланысты гранттар - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң грант берген донордан одан әрi қарыз алуын немесе байланысты грантты iске асыруға бағытталған тиiстi бюджеттiк бағдарламаның шеңберiнде республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қоса қаржыландыруды көздейтiн гранттар;
4) байланысты грант туралы келiсiм - Қазақстан Республикасына өтеусiз қаржылық немесе техникалық көмек ұсыну көзделген мемлекеттiк орган және донор арасындағы шарт;
5) бақылау объектiлерi - бюджет процесiне қатысушылар, квазимемлекеттiк сектор субъектiлерi, сондай-ақ бюджет қаражатын алушылар, байланысты гранттарды, мемлекет активтерiн, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар;
6) банк кепiлдiгi - қарыз алушы мемлекеттiк кепiлдiк беру туралы келiсiммен белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде заем шарты бойынша өзiнен тиесiлi сомаларды жинақтауды қамтамасыз етпеген жағдайда, мемлекет кепiлдiк берiлген заем бойынша берешектi өтеу жөнiнде банктiң бюджеттi атқару жөнiндегi орталық атқарушы орган алдындағы мiндеттемесi;
7) бекiтiлген бюджет - Қазақстан Республикасының Парламентi немесе тиiстi мәслихат бекiткен бюджет;
8) борышқа қызмет көрсету - белгiлi бiр уақыт кезеңiндегi сыйақының, комиссиялық төлемдердiң, айыппұлдардың және қарыз алу шарттарынан туындайтын өзге де төлемдердiң жиынтық төлемi;
9) борыш мониторингi - мемлекеттiң өзi уәкiлеттiк берген органдар арқылы борышты есепке алу, талдау және қалыптастыру, өзгерту және қызмет көрсету процесiн бақылау жөнiндегi қызметi;
10) борышты өтеу - қарыз алушының алған қарыз сомасын қарыз шартында белгiленген тәртiппен қайтаруы, қарыз шартынан туындайтын басқа да мiндеттемелердi орындауы;
11) бұзушылық - бюджет қаражатын және мемлекет активтерiн, байланысты гранттарды, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды жоспарлауға және пайдалануға, мемлекет кепiлгерлiгiн беруге байланысты қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының ережелерiн бұзуға әкеп соққан әрекет (iс-әрекеттер немесе әрекетсiздiк);
11-1) мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiлерiнде анықталатын бұзушылықтар сыныптауышы (бұдан әрi – Бұзушылықтар сыныптауышы) – құқықтың бұзылған нормалары және оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тиiстi жауаптылық түрлерi көрсетiле отырып, бұзушылықтар түрлерiнiң тiзбесiн және оларды жою тәсiлдерiн қамтитын құжат;
12) бюджет - мемлекеттiң өз мiндеттерi мен функцияларын iске асыруды қаржылық қамтамасыз етуге арналған орталықтандырылған ақша қоры;
13) бюджеттi атқару жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган - жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, бюджеттi атқару, жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын атқарушы орган;
14) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган – бюджеттi атқару, республикалық бюджеттiң және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң есебi негiзiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының атқарылуы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу саласында басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
14-1) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган – бюджеттiк жоспарлау саласында басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
15) бюджет жүйесi - бюджеттердiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, сондай-ақ бюджеттiк процестер мен қатынастардың жиынтығы;
16) бюджеттiк инвестициялар - бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен бюджеттiк инвестициялық жобаларды, концессиялық жобаларды iске асыру арқылы заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыру және ұлғайту, мемлекеттiң активтерiн құру есебiнен мемлекет активтерiнiң құнын ұлғайтуға бағытталған республикалық немесе жергiлiктi бюджеттен қаржыландыру;
17) бюджеттiк инвестициялық жоба - белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде бюджет қаражаты есебiнен iске асырылатын және аяқталған сипаттағы жаңа объектiлердi тұрғызуға (салуға) не қолда барларын реконструкциялауға, сондай-ақ ақпараттық жүйелердi құруға, енгiзуге және дамытуға бағытталған iс-шаралар жиынтығы;
17-1) бюджеттiк инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесiнiң экономикалық сараптамасы – салалық сараптаманың қорытындысы және Қазақстан Республикасының бюджеттiк заңнамасына сәйкес талап етiлетiн басқа да сараптамалардың қорытындылары негiзiнде жүргiзiлетiн, жобаның жүзеге асырылуын және тиiмдiлiгiн айқындау тұрғысынан техникалық-экономикалық негiздемеде ұсынылған ақпаратты кешендi бағалау;
17-2) бюджеттiк инвестициялық жоба бойынша экономикалық қорытынды – бюджеттiк инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесiнiң экономикалық сараптамасының қорытындылары негiзiнде дайындалған, бюджеттiк инвестициялық жобаны iске асырудың экономикалық орындылығы, оның ел экономикасына әсерi мен стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкестiгi тұрғысынан мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi органның қорытындысы;
18) бюджеттiк қамтамасыз етiлу - тиiстi бюджеттер қаражаты есебiнен ұсынылатын, осы көрсетiлетiн қызметтердi алушылардың бiрлiгiне есептегендегi мемлекеттiк қызметтер құны;
19) бюджет қаражаты - мемлекеттiң ақша және өзге де активтерi, жұмсалуы бюджетте ақшалай нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк меншiкке түсетiн түсiмдер;
20) бюджет қаражатын алушылар - бюджет қаражатын бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi арқылы алатын және оларды бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру шеңберiнде пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар;
21) бюджеттiк қатынастар - бюджет процесiнде туындайтын қатынастар;
22) бюджеттiк операциялар - бюджеттi атқару процесiнде жүзеге асырылатын операциялар;
23) бюджет процесi - Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен регламенттелген мемлекеттiк органдардың бюджеттi жоспарлау, қарау, бекiту, атқару, нақтылау және түзету, бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiктi, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу, мемлекеттiк қаржылық бақылау, бюджеттiк мониторинг жасау және нәтижелердi бағалау жөнiндегi қызметi;
24) грант - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына беретiн өтеусiз қаржылық немесе техникалық көмегi;
25) донорлар - шет мемлекеттер, олардың үкiметтерi мен агенттiктерi, халықаралық және шетелдiк мемлекеттiк ұйымдар, қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтiн шетелдердiң үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдары және қорлары;
26) есептi қаржы жылы - жоспарлы кезеңнiң ағымдағы қаржы жылының алдындағы жыл;
27) жергiлiктi атқарушы органның борышы - жергiлiктi атқарушы органның белгiлi бiр күнге алынған және өтелмеген қарыздарының сомасы;
28) жергiлiктi атқарушы орган борышының лимитi - Қазақстан Республикасының Үкiметi облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары үшiн белгiлеген жергiлiктi атқарушы органның тиiстi қаржы жылына алынған және өтелмеген қарыздарының тiркелген сомасы, жергiлiктi атқарушы органның белгiленген күнге (тиiстi қаржы жылының аяғына) нақты борышы одан аспауға тиiс;
29) жоспарлы кезең - ағымдағы қаржы жылынан кейiнгi үш қаржы жылы;
29-1) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы арқылы бюджеттiк инвестициялар бойынша экономикалық қорытынды – заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы арқылы бюджеттiк инвестициялардың қаржылық-экономикалық негiздемесiнiң экономикалық сараптама қорытындылары негiзiнде әзiрленген, бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асырудың экономикалық орындылығы, олардың ел экономикасына әсерi мен стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкестiгi тұрғысынан мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi органның қорытындысы;
29-2) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы арқылы бюджеттiк инвестициялардың қаржылық-экономикалық негiздемесiнiң экономикалық сараптамасы – iс-шаралардың салалық сараптамасының қорытындысы және Қазақстан Республикасының бюджеттiк заңнамасына сәйкес талап етiлетiн басқа да сараптамалардың қорытындылары негiзiнде жүргiзiлетiн негiздiлiк және нәтижелiлiк критерийлерiне сәйкестiгi тұрғысынан қаржылық-экономикалық негiздемеде ұсынылған ақпаратты кешендi бағалау;
30) инвестициялық ұсыныс – бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi әзiрлейтiн тиiстi iс-шаралар жиынтығын қоса алғанда, оның мақсатын, оған қол жеткiзу жолдарын көрсететiн бюджеттiк инвестициялық жобаның тұжырымдамасы;
30-1) инвестициялық ұсынысқа экономикалық қорытынды – инвестициялық ұсыныста қамтылған инвестициялық жобаны бюджеттiк инвестициялық жоба ретiнде iске асырудың экономикалық орындылығы, жоба мақсаттарының стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарда белгiленген экономика саласын (аясын) дамыту басымдықтарына сәйкестiгi тұрғысынан мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi органның қорытындысы;
31) квазимемлекеттiк сектор субъектiлерi – мемлекеттiк кәсiпорындар, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер, акционерлiк қоғамдар, оның iшiнде мемлекет қатысушысы немесе акционерi болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншiлес, тәуелдi және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен аффилиирленген болып табылатын өзге де заңды тұлғалар;
32) кезектi қаржы жылы - ағымдағы қаржы жылынан кейiнгi жыл;
33) келiсiмшарт жасасушы агент - бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органмен жасалатын үкiметтiк қарыздарды хеджирлеу жөнiндегi мәмiленiң тарабы;
34) концессиялық мiндеттемелер - жасалған концессия шарттары бойынша концеденттiң белгiлi бiр күнге қабылдаған және орындамаған қаржы мiндеттемелерiнiң сомасы бойынша тараптардың құқықтары мен мiндеттерiнiң жиынтығы; P061254
35) кiрiстердi бөлу нормативi - әртүрлi деңгейлердегi бюджеттер арасында кiрiс түрлерiн бөлудiң проценттiк арақатынасы;
36) Қазақстан Республикасының резиденттерi - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында және (немесе) оның шегiнен тысқары жерлерде орналасқан филиалдары мен өкiлдiктерi;
37) қаржы агенттiгi - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экономиканың белгiлi бiр салаларында мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыруға уәкiлеттiк берiлген ұлттық басқарушы холдинг және акцияларының жүз процентi ұлттық басқарушы холдингке тиесiлi заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет жүз процент қатысатын банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын және осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының қаржы нарығынан және (немесе) халықаралық қаржы нарығынан қарыз алуды жүзеге асыратын ұйым;
38) қаржы жылы - бюджеттiң атқарылуы жүзеге асырылатын, күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарынан басталып 31 желтоқсанында аяқталатын уақыт кезеңi;
39) қаржыландыру - бюджет ақшасын оларды алушыларға бөлу;
40) қаржылық есептiлiк - егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, нысаны мен көлемiн бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайтын бақылау объектiлерiнiң қаржылық жағдайы, қызметiнiң қаржылық нәтижелерi және олардың қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы ақпарат;
41) қарыз алу - тараптардың мiндеттемелердi орындауын есепке алу, бақылау және талдау рәсiмдерiн қоса алғанда, қарыз қаражаттарын тарту қажеттiлiгi туралы шешiм қабылдау, қарызды тарту, пайдалану, өтеу және қызмет көрсету тәртiбi мен шарттарын айқындау рәсiмдерi, келiссөздер, мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету және кепiлдiктерi, қарыз бойынша тиiстi құжаттарды ресiмдеу және қол қою, қарыз шартын ратификациялау (мемлекеттiк сыртқы қарыз алу кезiнде), қарыз қаражатын алу, пайдалану рәсiмдерi кiретiн процесс;
42) қарыз берушi - мемлекеттiк немесе мемлекеттiк емес қарыздарды мемлекеттiк кепiлдiкпен немесе мемлекет кепiлгерлiгiмен берген тұлға немесе инфрақұрылымдық облигацияларды ұстаушылардың өкiлi;
43) қарыз шарты - қарыз алушы қарыз қаражатын соған байланысты алатын және қарыз берушiнiң алдында оны қайтару және сыйақыны, сондай-ақ қарызға байланысты басқа да төлемдердi төлеу жөнiнде мiндеттеменi мойнына алатын келiсiм;
44) қарызға қызмет көрсету - бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның немесе банктiң қарыз алушының шоттарындағы қарыз қаражаттарының пайдаланылуын есепке алу жөнiндегi қызметi және қарыз алушының сыйақы төлемдерiн, комиссиялық алымдарды және қарыз талаптарына сәйкес басқа да төлемдердi жүзеге асыруы;
45) қарызды қайта құрылымдау - тараптардың келiсiмi бойынша қарыз шарты жөнiндегi өздерiнiң мiндеттемелерiн орындау мерзiмдерiн, қаржылық және өзге де талаптарды өзгертуi;
46) мемлекет активтерi - өткен операциялар немесе оқиғалар нәтижесiнде мемлекеттiк меншiкке алынған, құндық бағасы бар мүлiктiк және мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар;
47) мемлекет кепiлгерлiгiмен тартылатын қарыз - инфрақұрылымдық облигациялар шығару арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттiк емес қарыз;
48) мемлекет кепiлгерлiктерi бойынша борыш - мемлекет кепiлгерлiгiмен тартылған, белгiлi бiр күнге алынған және өтелмеген мемлекеттiк емес қарыз сомаларының сомасы;
49) мемлекет кепiлгерлiктерiн беру лимитi - тиiстi қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен бекiтiлетiн тiркелген сома, соның шегiнде мемлекет кепiлгерлiктерi берiлуi мүмкiн;
50) мемлекет кепiлдiк берген борыш - мемлекеттiк кепiлдiктермен қамтамасыз етiлген, белгiлi бiр күнге алынған және өтелмеген мемлекеттiк емес қарыздар сомасы;
51) мемлекет кепiлдiк берген қарыз - мемлекеттiк кепiлдiкпен қамтамасыз етiлген мемлекеттiк емес қарыз;
52) мемлекеттiк борышты қайта қаржыландыру - мемлекеттiк борышты жаңадан алынған қарыз қаражаттары есебiнен өтеу;
53) мемлекеттiк емес қарыз - Қазақстан Республикасының Үкiметiн, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiн және жергiлiктi атқарушы органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидентi қарыз алушы болатын қарыз қатынастары;
54) мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган - тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте стратегиялық, экономикалық және бюджеттiк жоспарлау саласында функцияларды жүзеге асыратын, жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
55) мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган - стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласында басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
56) мемлекеттiк кепiлдiктердi беру лимитi - тиiстi қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен бекiтiлiп, тiркелген сома, соның шегiнде мемлекеттiк кепiлдiктер берiлуi мүмкiн;
57) мемлекеттiк қарыз - қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе жергiлiктi атқарушы органдар болатын қарыз қатынастары;
58) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаз – оны ұстаушының Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және жергiлiктi атқарушы органдар қарыз алушы болатын қарызға қатысты құқықтарын куәландыратын немесе оны ұстаушының қосалқы жалдау шарты негiзiнде активтердi пайдаланудан табыстар алуға құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;
59) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарын бiрiншi иеленушiлерге азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасау арқылы иелiктен шығаруы;
60) нақтыланған бюджет - атқарылуы барысында Қазақстан Республикасының Парламентi немесе тиiстi мәслихат қабылдаған өзгерiстер мен толықтырулар ескерiле отырып, бекiтiлген бюджет;
61) нәтиженiң көрсеткiштерi - мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарлар мен бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру жөнiндегi қызметiн сипаттайтын, бюджеттiк бағдарламалардың тiкелей және түпкiлiктi нәтижелерiнiң, тиiмдiлiгi мен сапасы көрсеткiштерiнiң жиынтығы;
62) негiзгi борыш сомасы - қарыз берушiден алынған және оған қайтарылмаған қарызды, сол бойынша сыйақының, тұрақсыздық төлемiнiң (айыппұлдың, өсiмпұлдың) есептелген сомасын есепке алмастан, өтелуге жататын сома;
63) өтеусiз қаржылық көмек - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына тауарлар берудi, жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетудi қаржыландыру үшiн ақша беруi;
64) өтеусiз техникалық көмек - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына тауарлар берудi, жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетудi жүзеге асыруы немесе ұйымдастыруы;
65) өзара өтелетiн операциялар - қосарланған есептi болғызбау мақсатында бюджеттiң бiр деңгейiнен басқасына берiлетiн, трансферттер, бюджеттiк кредиттер және басқа да ақша сомаларын алып тастаумен байланысты, мемлекеттiк бюджеттi және облыстың бюджетiн, сондай-ақ олардың атқарылуы туралы есептердi қалыптастыру кезiнде жүзеге асырылатын операциялар;
66) сақтандыру шарты - сақтандыру ұйымының бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган алдындағы мемлекет кепiлгерлiгi немесе мемлекеттiк кепiлдiк бойынша мiндеттемелердi орындауға республикалық бюджеттен қаражат бөлу нәтижесiнде туындаған залалды өтеу жөнiндегi мiндеттемесiн көздейтiн шарт;
67) сыйақының тiркелмеген (құбылмалы) ставкасы - нарық конъюнктурасына байланысты өзгерiстерге ұшыраған кредиттер, қарыздар жөнiндегi сыйақы ставкасы немесе бағалы қағаздар бойынша сыйақымен қоса табыс;
68) сыртқы қарыз - қарыз берушi Қазақстан Республикасының резидентi емес, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе Қазақстан Республикасының резидентi болатын қарыз қатынастары;
69) тiкелей нәтиже - қол жеткiзiлуi осы функцияларды, өкiлеттiктердi жүзеге асыратын немесе қызметтер көрсететiн ұйымдардың қызметiне толық байланысты болатын, көзделген бюджет қаражаты шегiнде атқарылатын мемлекеттiк функциялар, өкiлеттiктер және көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер көлемiнiң сандық сипаттамасы;
70) түпкiлiктi нәтиже - белгiлi бiр мемлекеттiк орган қызметiнiң, басқа да мемлекеттiк органдар қызметiнiң тiкелей нәтижелерiне қол жеткiзумен ұштасатын, халықтың өмiр сүру деңгейi мен сапасының, әлеуметтiк саланың, экономиканың, қоғамдық қауiпсiздiктiң және мемлекеттiк басқарудың басқа да салаларының мақсатты жай-күйi (жай-күйiнiң өзгерiсi);
71) үкiметтiк борыш - Қазақстан Республикасының Үкiметi алған және өтемеген мемлекеттiк қарыздарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң борышына жатқызылған белгiлi бiр күнге борыштық мiндеттемелердiң сомасы;
72) үкiметтiк борыш лимитi - тиiстi қаржы жылына алынған және өтелмеген үкiметтiк қарыздардың республикалық бюджет туралы заңмен бекiтiлетiн тiркелген сомасы, белгiленген күнге (тиiстi қаржы жылының аяғына) қарай Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нақты борышы одан аспауға тиiс;
73) үкiметтiк қарыздарды хеджирлеу - бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi уәкiлеттi орган мен келiсiмшарт жасасушы агент арасындағы үкiметтiк қарыз алудың тәуекелдерiн (валюталық, проценттiк және өзге де) басқару мақсатында қаржы құралдарымен мәмiлелер жасау;
74) iшкi қарыз - қарыз берушi Қазақстан Республикасының резидентi, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе Қазақстан Республикасының резидентi болатын қарыз қатынастары.
2. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының осы бапта аталмаған басқа да ұғымдары осы Кодекстiң тиiстi баптарында айқындалатын мәндерiмен пайдаланылады.
Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалары салаларының ұғымдары, Қазақстан Республикасының тиiстi заңнамалары салаларында пайдаланылатын мәндерiмен қолданылады.
Бюджеттiк қатынастарға қатысты Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы ұғымдарының айқындамалары Қазақстан Республикасының басқа да заңнамасы салалары ұғымдарының айқындамаларымен сәйкес келмеген кезде Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының ұғымдары пайдаланылады.
Ескерту. 3-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.01.19 N 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.22 N 475-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
4-бап. Қазақстан Республикасы бюджет жүйесiнiң принциптерi
Қазақстан Республикасының бюджет жүйесi мынадай принциптерге негiзделедi:
1) бiрыңғайлық принципi - бюджет жүйесiн ұйымдастырудың және оның жұмыс iстеуiнiң бiрыңғай принциптерiн қолдану, Қазақстан Республикасында бiрыңғай бюджет сыныптамасын және бюджет процесiнiң бiрыңғай рәсiмдерiн пайдалану;
2) толымдылық принципi - бюджетте және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық түсiмдер мен шығыстардың көрсетiлуi, бюджет қаражаты бойынша талап құқықтарының басқаға берiлуi сияқты, бюджет қаражатын пайдалана отырып, өзара талаптарды есепке жатқызуға жол бермеу;
3) реалистiк принципi - бекiтiлген (нақтыланған, түзетiлген) бюджет көрсеткiштерiнiң әлеуметтiк-экономикалық дамудың, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарлары болжамдарының бекiтiлген (түзетiлген) параметрлерiне, бағыттарына сәйкес келуi;
4) транспаренттiлiк принципi - мемлекеттiк немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәлiметтердi, сондай-ақ қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары үшiн бюджет процесiнiң мiндеттi ашықтығын қоспағанда, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi, бекiтiлген (нақтыланған, түзетiлген) бюджеттi және олардың атқарылуы туралы есептердi, стратегиялық жоспарлар мен олардың iске асырылуы туралы есептердi, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру туралы және пайдалану туралы ақпаратты мiндеттi түрде жариялау;
5) дәйектiлiк принципi - мемлекеттiк органдардың бюджеттiк қатынастар саласында бұрын қабылданған шешiмдердi сақтауы;
6) нәтижелiлiк принципi - мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларында көзделген тiкелей және түпкiлiктi нәтижелерге қол жеткiзуге бағдарланған бюджеттердi әзiрлеу және атқару;
7) бюджеттердiң дербестiк принципi - түрлi деңгейдегi бюджеттер арасында түсiмдердiң тұрақты бөлiнуiн белгiлеу және осы Кодекске сәйкес олардың жұмсалу бағыттарын айқындау, осы Кодекске сәйкес мемлекеттiк басқарудың барлық деңгейлерiнiң бюджет процесiн дербес жүзеге асыру құқығы, жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы барысында қосымша алынған кiрiстердi және жергiлiктi бюджеттер қаражатының қалдықтарын жоғары тұрған бюджетке алып қоюға жол берiлмеуi, төменгi бюджеттерге оларды тиiстi өтеусiз, қосымша шығыстар жүктеуге жол берiлмеуi;
8) сабақтастық принципi - өткен кезеңде бекiтiлген әлеуметтiк-экономикалық даму болжамдарына, базалық шығыстарға, бюджеттiк мониторинг қорытындыларына, нәтижелердi бағалауға негiзделген республикалық және жергiлiктi бюджеттердi жоспарлау;
9) негiздiлiк принципi - бюджет жобасына қандай да болсын түсiмдердi немесе шығыстарды енгiзу қажеттiгiн және олардың көлемдерiнiң негiздiлiгiн айқындайтын нормативтiк құқықтық актiлер және басқа да құжаттар негiзiнде бюджеттi жоспарлау, сондай-ақ бюджет қаражаты мен мемлекет активтерiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалану;
10) уақтылылық принципi - республикалық және жергiлiктi бюджеттерге, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаның бақылау шотына түсiмдердi есептеу және оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiндегi Үкiмет шотына аудару, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларына сәйкес мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелер қабылдауы, төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларына сәйкес төлемдер жасау және тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртiптi сақтай отырып, мерзiмiнде бюджет қаражатын алушылар шоттарына аудару;
11) кассаның бiрыңғайлық принципi - бюджетке барлық түсiмдердi бiрыңғай қазынашылық шотқа есептеу және бiрыңғай қазынашылық шоттан барлық көзделген шығыстарды ұлттық валютамен жүзеге асыру;
12) тиiмдiлiк принципi - бюджет қаражатының бекiтiлген көлемiн пайдаланып, ең үздiк тiкелей нәтижеге қол жеткiзу қажеттiлiгiн негiзге ала отырып, бюджеттердi әзiрлеу және атқару немесе бюджет қаражатының аз көлемiн пайдаланып, тiкелей нәтижеге қол жеткiзу;
13) жауапкершiлiк принципi - тiкелей және түпкiлiктi нәтижелерге қол жеткiзуге және бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi мен мемлекеттiк мекемелер басшыларының және квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтiн шешiмдер қабылдағаны үшiн жауапкершiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған қажеттi әкiмшiлiк және басқару шешiмдерiнiң қабылдануы;
14) бюджет қаражатының атаулылық және нысаналы сипаты қағидаты - бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң, квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, бюджет қаражатын мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларымен, квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң жарғылық капиталына қатысу арқылы салынатын бюджеттiк инвестициялардың қаржылық-экономикалық негiздемелерiмен көзделген нәтижелер көрсеткiштерiне қол жеткiзуге бағыттауы және пайдалануы.
Ескерту. 4-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
5-бап. Бюджеттiң түсiмдерi мен шығыстарына әсер ететiн
нормативтiк құқықтық актiлер
1. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң кiрiстерiн қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтiн заңдардың жобалары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң оң қорытындысы болған кезде ғана Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзiлуi мүмкiн. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қорытындысы Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстары ескерiле отырып жасалады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң шығару бастамасы тәртiбiмен Парламент Мәжiлiсiне енгiзiлетiн заңдардың жобалары үшiн мұндай қорытындының болуы талап етiлмейдi.
Республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын ұлғайтуды немесе кiрiстерiн қысқартуды көздейтiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары мен Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулылары жобаларының ережелерi Республикалық бюджет комиссиясының мiндеттi қарауына жатады.
2. Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстары ескерiле отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң оң қорытындысы ағымдағы жылдың бiрiншi жартысында берiлуi шартымен осы баптың 1-тармағында аталған актiлер жобаларының ережелерi, келесi қаржы жылынан ерте қолданысқа енгiзiле алмайды.
Егер оң қорытындылар ағымдағы жылдың екiншi жартысында берiлген жағдайда, онда аталған ережелер қолданысқа жоспарланған жылдан кейiнгi қаржы жылынан ерте енгiзiле алмайды.
3. Жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын ұлғайтуды немесе кiрiстерiн қысқартуды көздейтiн жергiлiктi өкiлдi органдар шешiмдерiнiң жобалары әкiмнiң оң қорытындысы болған кезде ғана мәслихаттардың қарауына енгiзiлуi мүмкiн. Әкiмнiң қорытындысы тиiстi бюджет комиссиясының ұсыныстары ескерiле отырып жасалады.
Жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын ұлғайтуды немесе кiрiстерiн қысқартуды көздейтiн жергiлiктi атқарушы органдар актiлерi жобаларының ережелерi тиiстi бюджет комиссиясының мiндеттi түрде қарауына жатады.
4. Тиiстi бюджет комиссиясының ұсыныстары ескерiле отырып, әкiмнiң оң қорытындысы болған кезде осы баптың 3-тармағында көрсетiлген ережелер, келесi қаржы жылынан ерте қолданысқа енгiзiле алмайды.
5. Осы баптың 2 және 4-тармақтарында аталған ережелер республикалық бюджет туралы заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заңдарға және жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттардың шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы мәслихаттар шешiмдерiне, сондай-ақ оларды iске асыру туралы нормативтiк құқықтық актiлерге қолданылмайды.
6. Осы баптың 2-тармағында аталған ережелер кеден ставкаларының өзгеруiн көздейтiн нормативтiк құқықтық актiлерге қолданылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |