Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі


округ әкімдерінің жергілікті өзін-өзі басқару



бет11/18
Дата20.07.2016
өлшемі326.4 Kb.
#211566
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18

                 округ әкімдерінің жергілікті өзін-өзі басқару
                 функцияларын іске асыруына бағытталған ақша
                 бойынша атқару
      Ескерту. 102-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңымен.
      1. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында көзделген түсімдерден түсетін қаражатты пайдалану үшін жыл сайын аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкiмдерiнің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруына бағытталатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарын жасайды.
      2. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкiмдерiнің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруына бағытталған ақша түсімдері мен шығыстарының жоспары жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілгеннен кейін оны тиісті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі бекітеді.
      Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкiмдерiнің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруына бағытталған ақша түсімдері мен шығыстарының бекітілген жоспарының қолданысы ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанында тоқтатылады.
      3. Қаржы жылының ішінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруына бағытталған ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарында көзделген сомалардан артық түскен кірістер ағымдағы қаржы жылының аяғына дейін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруына бағытталған ақша түсімдері мен шығыстарының жоспары нақтыланған және жергілікті қоғамдастық жиналысында келісілген жағдайда ағымдағы қаржы жылында жұмсалуы мүмкін.
      4. Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында көзделген түсімдерден түсетін ақша есебінен төлемдер ақы төлеуге арналған шот негізінде жүзеге асырылады және жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қалдықтар шегінде жүргізіледі.
      5. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аумағындағы мемлекеттік мекемелер, коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорындар үшін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен жергілікті өзін-өзі басқару қаражаты есебінен сатып алуға құқығы бар.
      6. Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында көзделген түсімдерден жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шотында есепті қаржы жылының аяғына қарай пайдаланылмай қалған қаражат қалдықтары түсімдер мен шығыстар жоспарын нақтылау және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу арқылы ағымдағы жылдың шығыстарын қаржыландыруға бағытталуы мүмкін.
      Ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарын нақтылау қажетіне қарай ағымдағы қаржы жылы бойы жүргізілуі мүмкін.
      7. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруына бағытталған ақша түсімі мен оны жұмсау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      103-бап. Қаржы жылының аяқталуы
      1. Ағымдағы қаржы жылының бюджет түсімдерін есепке жазуға және бюджеттен төленетін төлемдерді жүзеге асыруға байланысты операциялардың барлығы ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанында аяқталады.
      2. Бюджетке ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанынан кейін есепке жазылған түсімдер жаңа қаржы жылының түсімдері болып есептеледі.
      3. Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсаны аяқталғанға дейінгіні қоса алғанда пайдаланылмаған жоспарлы мақсатқа арналған қалдықтар жойылады.
      4. Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша пайда болған бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет қаражатының қалдықтарын аккредитивтік және өзге де бюджеттен тыс шоттарға аударуға жол берілмейді.
      104-бап. Бюджет қаражатының қалдықтары
      1. Есепті кезеңнің аяғындағы жағдай бойынша пайдаланылмай қалған қаражат кезеңнің аяғындағы бюджет қаражатының қалдықтары болып табылады.
      2. Кезекті қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша өткен қаржы жылында бюджеттің атқарылу қорытындылары бойынша пайдаланылмай қалған қаражат жыл басындағы бюджет қаражатының қалдықтары болып табылады.
      3. Жергілікті бюджеттердің бюджет қаражатының қалдықтары жоғары тұрған бюджетке алып қоюға (аударуға) жатпайды.
      4. Жылдың басындағы бюджет қаражатының қалдықтары бюджетті түзету арқылы мыналарға:
      1) алынған қарыздар бойынша негізгі борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге;
      2) алынып тасталды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      3) алынып тасталды - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      4) іске асыру мерзімі бір жылдан асатын бюджеттік даму бағдарламалары және дайындау мен беру мерзімі бір қаржы жылынан асатын активтерді және басқа да тауарларды, қызмет көрсету мерзімі бір қаржы жылынан асатын қызмет көрсетуді сатып алуды көздейтін ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша өткен қаржы жылының тіркелген міндеттемелерінің төленбеген бөлігін қаржыландыруға;
      5) республикалық немесе облыстық бюджеттен бөлінген, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган олар бойынша ағымдағы қаржы жылы одан әрі пайдалану (толық пайдалану) туралы шешім қабылдамаған нысаналы трансферттердің өткен қаржы жылында пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомаларын қайтаруға;
      6) жалпы сипаттағы трансферттер көлемдері туралы заңда (облыстық мәслихаттың шешімінде) белгіленген ең төменгі көлемдерден төмен көлемде жергілікті бюджеттен шығыстардың жекелеген бағыттарын қаржыландырған жағдайда, белгіленген соманың төлемдер бойынша қаржыландырудың тиісті қаржы жылының соңындағы жиынтық жоспарының жылдық сомасынан асып түскен сомасы өткен қаржы жылының қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы органдардың қайтаруына пайдаланылуы мүмкін.
      5. Осы баптың 4-тармағында көзделген мақсаттарға бөлгеннен кейін қалған жылдың басындағы бюджет қаражатының қалдықтары бюджет қаражатының бос қалдықтары болып табылады және бюджетті нақтылау арқылы ағымдағы жылдың шығыстарын қаржыландыруға жіберілуі мүмкін.
      6. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы бюджеттік бағдарламаның нәтижелеріне қол жеткізбеуге әкеп соққан бюджет қаражатын игермегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
      6-1. Бюджет қаражаты толық игерілген кезде бюджеттік бағдарламаның нәтижелеріне қол жеткізбегені үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      Ескерту. 104-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 150-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
      105-бап. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің
                жауаптылығы
      Мемлекеттің қатысуы арқылы олардың жарғылық капиталдарына салынатын бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемеде көзделген нәтижелеріне қол жеткізбегені үшін, оның ішінде бөлінген бюджет қаражаты толық игерілген кезде, республикалық бюджет туралы заңда не жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімінде тиісті қаржы жылына жарғылық капиталдарын ұлғайтуға (қалыптастыруға) қаражат көзделген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бірінші басшылары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
      Ескерту. 105-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2013 № 150-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
19-тарау. БЮДЖЕТТІ НАҚТЫЛАУ
      106-бап. Бюджетті нақтылау
      1. Тиісті қаржы жылы ішінде республикалық бюджет туралы заңға немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы республикалық және жергілікті бюджеттердің көрсеткіштерін өзгерту республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау болып табылады.
      2. Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау:
      1) Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылығына қауіп төндіретін ахуалды жою қажет болған;
      2) республикалық және жергілікті бюджеттер кірістерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері қабылданған немесе өзгертілген;
      3) республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару барысында түсімдері ағымдағы қаржы жылы олардың бекітілген жылдық көлемінен он проценттен астам сомаға кеміген;
      4) алып тасталды - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      5) осы Кодекстің 10-бабының 4-тармағында, 20-бабының 5-тармағында және 104-бабының 5-тармағында көзделген;
      6) аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған, Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсыныстары бар бюджеттік инвестициялар бойынша осы Кодекстің 153 және 154-баптарында көрсетілген тиісті құжаттама ұсынылмаған жағдайларда жүргізіледі.
      2-1. Республикалық бюджетті нақтылау қосымша нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер бөлінген және (немесе) олардың бөлінген көлемдері өзгерген кезде де жүзеге асырылады.
      3. Сондай-ақ бірыңғай бюджеттік сыныптамаға өзгерістер енгізу кезінде жергілікті бюджеттерді нақтылауға жол беріледі.
      4. Жергілікті атқарушы органның бастамашылығы бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде тоқсанына бір-ақ рет жергілікті бюджетті нақтылауға жол беріледі.
      Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мәслихат депутаттарының бастамашылығы бойынша жергiлiктi бюджеттi ағымдағы қаржы жылы iшiнде тоқсанына бiр реттен жиі емес нақтылауға жол берiледi.
      5. Тиісті бюджеттік комиссияның республикалық бюджет туралы заңға немесе мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстары негізінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бюджет қаражатын қысқарту туралы шешім қабылданған бюджеттік бағдарламалар бойынша операцияларды тоқтата тұруға құқылы.
      Ескерту. 106-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.11.24 N 495-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
      107-бап. Республикалық бюджетті нақтылау
      1. Республикалық бюджетті нақтылау Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің және(немесе) Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады.
      2. Республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстарды Республикалық бюджеттік комиссия қарайды.
      3. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде осы Кодексте белгіленген республикалық бюджетті әзірлеу мен бекіту кезіндегі талаптар сақталады.
      4. Республикалық бюджет комиссиясының ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы ұсынысын ескере отырып, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға басым бюджеттік инвестициялардың тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін бюджеттік инвестициялар бойынша ұсыныстар, стратегиялық жоспарға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын, бюджеттік бағдарлама жобасын және өзгерістер енгізу көзделетін бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік өтінімді ұсынады.
      4-1. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы баптың 4-тармағында көрсетілген тиісті құжаттарды ұсынғаннан кейін он жұмыс күні ішінде оларды қарайды, олар бойынша қорытындылар дайындайды және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      5. Алып тасталды - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      6. Республикалық бюджет комиссиясының ұсынысын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде нақтыланған республикалық бюджет жобасын жасайды және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      7. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының нақтыланған республикалық бюджет жобасы бойынша ұсынысы негізінде он жұмыс күні ішінде республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жасайды және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынады.
      Ескерту. 107-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
      108-бап. Облыстық бюджетті, республикалық маңызы бар
                қаланың, астананың бюджеттерін нақтылау
      1. Облыстық бюджетті, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерін оның атқарылу барысында нақтылау осы Кодекске сәйкес тиісті жергілікті атқарушы органның және (немесе) мәслихат депутаттарының ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады.
      2. Облыстық бюджетті, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерін нақтылау жөніндегі ұсыныстарды тиісті бюджеттік комиссия қарайды.
      3. Облыстық бюджетті, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерін нақтылау кезінде облыстық бюджетті, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерін әзірлеу мен бекіту кезінде осы Кодексте белгіленген талаптар сақталады.
      4. Облыстық бюджеттерді, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерін нақтылау республикалық бюджетті нақтылауға байланысты жүргізілген жағдайда, мәслихаттың тиісті шешімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына қол қойылғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірілмей қабылданады.
      Ескерту. 108-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      109-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін
                нақтылау
      1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін оны атқару барысында нақтылау осы Кодекске сәйкес тиісті жергілікті атқарушы органның және (немесе) мәслихат депутаттарының ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады.
      2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін нақтылау жөніндегі ұсыныстарды тиісті бюджеттік комиссия қарайды.
      3. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін нақтылау кезінде осы Кодексте белгіленген ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін әзірлеу мен бекіту кезіндегі талаптар сақталады.
      4. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес облыстық бюджеттер мен аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттері арасында бөлінетін түсімдер бойынша нақтылау облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органымен келісім бойынша жүргізіледі.
      5. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін нақтылау облыстық бюджетті нақтылауға байланысты жүргізілген жағдайда, мәслихаттың тиісті шешімі облыстық бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы қабылданғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірілмей қабылданады.
      Ескерту. 109-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
20-тарау. СЕКВЕСТР ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІ ТҮЗЕТУ
      110-бап. Секвестр
      1. Секвестр бюджет қаражатының шығыстарын белгілі бір шектерде қысқартуды көздейтін арнайы тетікті білдіреді, ол республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару кезінде бекітілген түсімдер республикалық және жергілікті бюджеттерге толық түспеуі салдарынан бекітілген бюджеттік бағдарламаларды толық көлемде қаржыландыру мүмкін болмаған жағдайларда енгізіледі.
      2. Бюджеттік бағдарламаларды олардың бекітілген жылдық көлемінің он процентінен кем сомаға секвестрлеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша, ал он проценттен астам сомаға секвестрлеу заңның немесе мәслихат шешімінің негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның секвестр жүргізу туралы қаулысының негізінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган осы Кодексте белгіленген тәртіппен тиісті бюджетті түзетуді жүзеге асырады.
      4. Бюджеттік бағдарламалар қысқартылған кезде олардың басымдығы мен әлеуметтік бағыттылығы ескеріледі.
      5. Тиісті бюджеттік комиссияның секвестрлеу туралы ұсынысын ескере отырып, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган азаматтық-құқықтық мәмілелердің тіркелуін жүзеге асыруды және секвестрлеу белгіленген бюджеттік бағдарламалар бойынша төлемдер жүргізуді тоқтата тұрады.
      6. Секвестрлеу кезінде бюджет қаражаты есебінен жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша туындаған қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      7. Мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді орындауға бағытталған бюджет қаражатының шығыстары бюджетті атқару процесінде секвестрлеуге жатпайды.
      Ескерту. 110-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      111-бап. Бюджетті түзету
      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың қаулылары және өзге де нормативтік құқықтық актілер негізінде түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, кезекті қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы, бекітілген (нақтыланған) бюджеттің көрсеткіштерін өзгерту бюджетті түзету болып табылады.
      Егер жүргізілген түзетуден кейін бюджетті нақтылау жүргізілсе, бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды қоспағанда, бюджеттің түзетілген көрсеткіштері нақтыланған бюджетте көрсетіледі.
      2. Республикалық бюджетті түзету:
      1) орталық мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, функциялары мен штат санының лимиттері өзгертілген жағдайларда жүзеге асырылады. Бұл ретте бюджетті түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, қысқартуды (ұлғайтуды), беруді білдіреді;
      2) бюджетте бюджеттік бағдарламалардың белгілі бір әкімшісінің бюджеттік бағдарламалары құрамында бекітілген бюджеттік бағдарлама қаражаты бюджеттік бағдарламалардың түрлі әкімшілері арасында бөлінген;
      2-2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервтері қаражатының жалпы көлемін қайта бөлу арқылы тиісті резервтің жоспарлы мақсаттарын ұлғайту үшін резерв түрлерінің біріне көзделген қаражат жеткіліксіз болған;
      3) осы Кодекстің 24-бабының 3-тармағында көзделген;
      3-1) Республикалық бюджет комиссиясында қаралмастан, қаражат ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің бес пайызынан аспайтын көлемде бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, республикалық бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісінің бюджеттік даму бағдарламалары арасында, Республикалық бюджет комисссиясында міндетті түрде қарай отырып, ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің бес пайызынан он пайызына дейінгі көлемде бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, республикалық бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісінің бюджеттік даму бағдарламалары арасында қайта бөлінген;
      4) осы Кодекстің 104-бабының 4-тармағында көзделген;
      5) осы Кодекстің 110-бабының 3-тармағында көзделген;
      5-1) осы Кодекстің 151-бабының 13-тармағында көзделген;
      6) аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған, Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсыныстары бар бюджеттік инвестициялар бойынша осы Кодекстің 153 және 154-баптарында көрсетілген тиісті құжаттама ұсынылмаған жағдайларда жүзеге асырылады.
      Бұл ретте көрсетілген бюджеттік инвестицияларды іске асыру үшін көзделген сомалар бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшісінің бір бюджеттік бағдарламасы шеңберінде басқа бюджеттік инвестициялық жобалар арасында қайта бөлінуі мүмкін.
      3. Жергілікті бюджеттерді түзету:
      1) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар мен оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, функциялары мен штат санының лимиттері өзгертілген жағдайларда жүзеге асырылады. Бұл ретте бюджетті түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешімінде бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, қысқартуды (ұлғайтуды), беруді білдіреді;
      2) қаржы жылы iшiнде төмен тұрған бюджетке Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және облыстың жергілікті атқарушы органының резервтерiнен қаражат бөлiнген, сондай-ақ қаржы жылы ішінде төмен тұрған бюджетке жоғары тұрған бюджетте көзделген бөлінетін бюджеттік бағдарламалардан қаражат бөлінген;
      2-1) осы Кодекстің 42-бабының 3-тармағында көзделген;
      2-2) жоғары тұрған бюджеттен қосымша нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер бөлінген және (немесе) олардың бөлінген көлемдері өзгерген;
      3) бюджетте бюджеттік бағдарламалардың белгілі бір әкімшісінің құрамында бекітілген бюджеттік бағдарлама қаражаты бюджеттік бағдарламалардың түрлі әкімшілері арасында бөлінген;
      4) осы Кодекстің 44-бабының 4 және 5-тармақтарында көзделген;
      5) осы Кодекстің 104-бабының 4-тармағында көзделген;
      6) осы Кодекстің 110-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
      Ескерту. 111-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.11.24 N 495-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 150-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
21-тарау. БЮДЖЕТТІК МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ НӘТИЖЕЛЕРДІ БАҒАЛАУ
      112-бап. Бюджеттік мониторинг
      1. Міндеттемелердің уақтылы қабылданбау, бюджеттік бағдарламалар бойынша төлемдердің уақтылы жүргізілмеу себептерін анықтау, бюджет түсімдері мен шығыстарының атқарылу болжамдарын жасау мақсатында жүзеге асырылатын бюджеттің атқарылу көрсеткіштерін тұрақты және жүйелі жинау, бақылап отыру және талдау бюджеттік мониторинг болып табылады.
      2. Бюджеттік мониторингті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар жүзеге асырады.
      3. Бюджеттік мониторинг бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың бюджеттік есептілігі және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынатын ақпарат негізінде жүзеге асырылады.
      4. Республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдарға бюджеттік бағдарламалардың іске асырылу мониторингінің нәтижелері туралы есептер береді.
      5. Бюджеттік мониторингтің нәтижелері бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар тоқсан сайын және жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне, жергілікті атқарушы органдарға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы талдамалық есепті, сондай-ақ ай сайын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне міндеттемелері бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес бюджеттік бағдарламалар бойынша қабылданбаған міндеттемелері туралы және төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарының уақтылы орындалмағаны туралы ескертпе-ақпарат жібереді.
      6. Тиісті бюджеттiң атқарылуы туралы талдамалық есептiң нәтижелерi тиісті бюджеттi әзірлеу немесе нақтылау кезінде ескеріледі.
      7. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік мониторинг жүргізу жөніндегі жалпы әдіснамалық және әдістемелік басшылықты қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 112-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      113-бап. Нәтижелерді бағалау
      1. Мемлекеттік орган қызметінің ел немесе өңір экономикасының дамуына, экономиканың, қоғамның жеке саласына (аясына) тигізетін әсерін кешенді және объективті бағалау, мемлекеттік орган қызметі нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізуді стратегиялық жоспар мен бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау негізінде талдау нәтижелерді бағалау болып табылады.
      2. Нәтижелерді бағалау:
      1) нәтижелер көрсеткіштерін таңдаудың дұрыстығын, олардың түсінікті және анық жазылуын, бюджеттік бағдарламаны іске асыруға қажетті ресурстарды жоспарлаудың дұрыстығын талдауды;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен бюджеттік бағдарламаларында айқындалған нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесін талдауды;
      3) алынған нәтижелердің стратегиялық жоспарда айқындалған мемлекеттік органның стратегиялық бағыттарына, мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігін бағалауды;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақты 3-1) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).
      4) қол жеткізген нәтижелердің мемлекеттік қызмет көрсетуді алушылардың мүдделері мен қажеттіліктеріне сәйкестігін бағалауды;
      5) нәтижелердің стратегиялық мақсаттар мен көрсеткіштерге қол жеткізе алмау себептерін талдауды;
      6) мемлекеттік органның қызметін жақсарту, бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту, қысқарту не оларды бюджеттен алып тастау жөніндегі ұсынымдарды қамтуға тиіс.
      3. Нәтижелерді бағалауды жүргізу кезінде үкіметтік емес ұйымдардың (қоғамдық бірлестіктердің) оларды алушыларға сауал қою негізінде алынған мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсыну сапасы туралы ақпараты пайдаланылады.
      4. Нәтижелерді бағалауды бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және Қазақстан Республикасының Президенті уәкілеттік берген мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
      5. Нәтижелерді бағалауды жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Ескерту. 113-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет