Қазақстан республикасының денсаулық сақтау министрлігі қарағанды мемлекеттік медицина академиясы



бет1/4
Дата08.07.2016
өлшемі390.5 Kb.
#184490
  1   2   3   4


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНА АКАДЕМИЯСЫ


О.Ж.Темірқұлов
Саясаттану

ОҚУ ҚҰРАЛЫ



Қарағанды, 2008

ӘОЖ 32


КБЖ 66 я 7

Т 33
РЕЦЕНЗЕНТТЕР:



Н.А Қазбеков – философия ғылымдарының кандидаты, доцент, Қарағанды «Болашақ» университетінің саясаттану және әлеуметтік-гуманитарлық

пәндер кафедрасының меңгерушісі.



Н.Ж.Нұрмаханова .– Қарағанды мемлекеттік медицина академиясындағы Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы

Т.С Сергалиев. – Қарағанды мемлекеттік медицина академиясындағы әлеуметтік-медицина және денсаулық сақтауды ұйымдастыру курсының аға оқытушысы
Т 33 Темірқұлов О.Ж. Саясаттану: Оқу құралы.- Қарағанды. -2008. - 77 б.

КБЖ 66 я 7

Оқу құралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі департаменті тағайындаған МЖМБС-2006 бойынша типтік оқу бағдарламасына сәйкестендіріп жасаған Қарағанды мемлекеттік медицина академиясындағы жұмыс бағдарламасына сай «051301-Жалпы медицина» және «051302 - Стоматология» мамандықтарының студенттеріне өз бетінше атқаратын жұмыс тақырыбына дайындалуға арналған.

1- ші шығарылуы.

Оқу құралы ҚММА Әдістемелік кеңесінде талқыланып және қабылданған.

14. 05 . 2008 . Хаттама № 9

ҚММА Ғылыми кеңесінде бекітіліп және шығарылуға ұсынылды. 12.06. 2008. Хаттама №11

© О.Ж. Темірқұлов, 2008

Қысқартулар тізімі
АҚШ - Америка Құрама Штаттары

ҒТП - ғылыми- техникалық прогресс

ҚММА - Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы

МЖМБС - Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты

ТМД - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы

Т.б - тағы да басқалар

т.с.с. - тағы да сол сияқты

КСРО - Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы

ГФР - Германия Федеративтік Республикасы

БҰҰ - Біріккен Ұлттар Ұйымы

ЮНЕСКО - Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім беру, ғылым және мәденеит мәселелері жөніндегі ұйымы

СОКП - Социалистік Одағының Коммунистік Партия



Кіріспе

Қазақстан Республикасы егемендігін алуына байланысты еліміздің әлеу-меттік өмірінің барлық саласы түгелімен өзгертуде. Жоғары оқу орындарын-да тоталитарлық тәртіп, коммунистік идеология тудырған марксистік тұрғы-дан жасанды пәндердің орнына бүкіл дүние жүзі мойындап таныған, өрке-ниетті елдерде көптен оқытылып жүрген өрелі, өмір елегінен өткен, біздің бүгінгі заманымыздың талабына сай келетін іргелі ғылымдар енгізіле баста-ды. Солардың ішінде ерекше орын алатыны- саясаттану негіздері.

Ол қазіргі қоғамдық және саяси құрылыстың мән-мағынасын терең түсі-ніп-білуге, адамдардың өмірінде алатын орнын, атқаратын рөлін айқындау-ға, оларға сан түрлі құқықтары мен бостандықтарын дұрыс пайдалануға мүм-кіндік береді. Саяси ғылымның негіздерін меңгеру арқылы әсіресе қазіргі өт-пелі кезендегі күрделі қоғамдық саяси жағдайда еркін бағдар ұстап, бел-сенді іс-әрекет жасауға, ішкі және сыртқы саясаттың сыр-сипатын, қилы құбылыс-тарын жеке ұғынуға, басқа адамдардың құқықтарын бағалап, қадірлей отыра, өркениетті түрде өзінің мақсат-мүддесін білдіріп, оны қорғауға кең жол аша-ды, жалпы, халықтық қазыналарға негізделген демократикалық тәртіпті құр-меттеуге, ортақ мәселелерді ұжымдасып шешуге үйретеді. Сая-саттану адам-дарға саяси қажеттіктерін мемлекет тарапында іске асырудың жолдары мен әдістерін дұрыс таңдап алуға, демократиялық тәртіптерді және қоғамдық ин-ституттарды қалыптастыруға көмектеседі. Ол саяси төзімділікті, келісімге, серіктестікке, мәмілеге келе білуді, саяси-шиеленіс, дау-жанжалдарды дер кезінде шешуді,ұлтжандықты, қоғам мен мемлекет алдындағы азаматтық парызды, жаупкершілікті сезінуге ықпал етеді.

Халықтың тиісті саяси мәдениетінсіз демократиялық мемлекет орнауы және тиімді жұмыс істеуі мүмкін емес. Әрине, қандай қоғамда болмасын барлық адам түгелімен саяси шешім қабылдауға қатыса алмайды. Десе де мемлекеттік саясатта жұртшылықтың әр түрлі топтарының мақсат-мүдделерінің ескерілуі, басқарушы топтың құзіреттілігі мен жауапкершілігі көбіне азаматтардың саналылығы мен белсенділіге байланысты.



1.Саясаттану ғылым ретінде

Саяси ғылымның дамуының негізгі кезендері және қалыптасуы.

Саясаттану сөзі («политология») гректің «политика» және «логос» деген сөздерінен шыққан, саясат туралы ғылым деген мағынаны білдіреді.

Басқа қоғамдық ғылымдардың ішінде саясаттанудың орны ерекше. Себебі, адамзат тарихында саясат негізгі рөл атқарды. Оның дұрыс-бұрыстығы, сайып келгенде, аламдардың, халықтардың тағдырмен тығыз байланысты.

Адамзат саясаттың сиқырлы сырын, құбылмалы құбылысын өте ерте заманнан түсініп-білгісі келді. Ежелгі Шығыс, антикалық дәуірдің ойшылары мемлекеттің, саяси біліктің мән-мағынасы неде және кімге қызмет етеді, қоғамдық құрылыстың қандай түрлері бар және олардың ең жақсысы, халыққа ең қолайлысы қайсысы деген сияқты сауалдарға жауап іздеген. Бірақ ол кездегі пайымдаулар негізінен діни-мифологиялық сарында болатын. Себебі, ертедегі адамдар жер бетіндегі өмірге құдайдың құдіретінен туған жалпы әлемдік космостық тәртіптің ажырамас бөлігі ретінде қарады. Мысалы, Мысырда (Египетте), Вавилонда (қазіргі Ирак), Үндістанда, сол кездегі мифтарға сүйенсек, басқарушының билік көзі қайда және ол жер бетіндегі істерді реттеп, тындырып отырады. Көне Қытай мифі бойынша билік құдайдың құдіретімен жүргізіледі де, ал іске асырушы онымен байланысты император болып есептелген. Ежелгі гректерде ең алғашқы билікті жүргізуші құдайлардың өздері болыпты-мыс.

Кейінірек адамзаттың іс-тәжірбиесінің, ақыл-ойының, мәдениетінің дамуына байланысты саясаттың ұғымдары, түсініктер, тұжырымдамалары пайда бола бастады. Қоғамдық-әлеуметтік және саяси құрылымды қатынастарының одан әрі күрделенуі, материалдық өндірістің, халық санының өсуі оның өміріне мемлекеттің тікелей араласуына әкеліп соқтырады. Мұндай жағдайда ұлы ойшылдар саясатты ғылыми тұрғыдан түсініп, оны орынды пайдаланудың, мемлекетті тиімді басқарудың жолдарын іздестіре бастады. Бұдан келіп саяси теориялар туды.

Біздің з.б. бірінші мыңжылдықтың ортасында саясатты дінимифологиялық танудың орнына философиялық – этикалық түсіну түрі келеді. Мұнда аса зор еңбек еткендер – Конфуций, Платон, Аристотель сияқты ғұлама ғалымдар. Бұл ойшылдар саясатты теориялық түрғыдан зерттеп, оны этикамен тығыз байланыста қарады. Олар саясатты адамдардың мақсат-мүддесіне сай келуге, адамгершілікке негізделуге тиіс деп ұқты.

Әдетте, саясаттанудың негізін қалаушы деп данышпан ғалым Аристотельді айтады. Өйткені ол өз заманында лицей ашып, сонда саяси ғылымды жеке, онда ежелгі грек мемлекеттерінің (онда әрбір қала мемлекет болып есептелген) саяси жүйесін зерттеді. Дегенмен, ұлы ғалым саясаттанудың пәнін қазіргі біздің түсінігіміздей басын ашып бере алмады. Ол саясаттың негізгі адамның өзімшіл, хайуандық табиғатында жатыр деп ұқты. Жеке адам көзсіз құмарлыққа берілгіш келеді. Сондықтан оның соқыр сезімін тежеп, жалпыға ортақ игілікке, әділеттілікке жетуді жеңілдету, адамның адамгершілік қасиетің арттыру үшін саясат жүргізу керек деп түсінді. Сонымен қатар ол саясаттану мәселелерімен бірге қарады.

Орта ғасырда саясаттың діни-этикалық түрі қалыптасады. Оның негізін салушы Фома Аквинский саяси билікті құдай орнатады, бірақ мемлкет басышлары құдайдың қалауына қарсы шықса, халықтың оларды құлатуына болады деген байлам айтты.

Саясатты қазіргідей түсінуге мол үлес қосқан Италияның ХVI ғасырда өмір сүрген ойшылы Никколо Макиавелли болды. Ол саясатты теологиялық (құдайшылдық) түсінуден арылтып, саяси ойды қоғамдағы табиғи өмірден туған мәселелрді шешуге бейімдейді. Саяси зерттеушілердің өзегі етіп мемлекеттік билікті қойды және оны қалай қолға түсірудің, пайдаланудың неше түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетті. Соның арқасында саясаттануды біздің қазіргідей түсінумізге жол ашылды.

Саясаттану ХIХ ғасырдың екінші жартысында өз алдына жеке пән ретінде қалыптасты. Оған бұл кезде бихевиористік, тәжірбелік (эмпирикалық) әдістердің кеңінен пайдаланыла бастауы зор ықпалын тигізді. 1957 жылы АҚШ-тың Колумбия колледжінде (кейін Колумбия университетіне айналады) профессор Фрэнсис Либер «Тарих және саяси ғылым» деген кафедра ашты. Соның негізінде онда 1880 жылы саяси ғылымның жоғары мектебі құрылды. АҚШ-тағы сияқты 1872 жылы Францияда мемлекттік аппаратқа арнайы қызметкерлер дайындайтын саяси ғылымдар мектебі жұмыс істей бастады.

ХХ ғасырдың басында саясаттану бөлек академиялық пән ретінде толық бөлініп шықты. Бұл ғылымның халықаралық мәртебе алып, толық-қанды қалыптасуына ЮНЕСКО-ның басшылығымен 1949 жылы құрылған саяси ғылымдардың халықаралық ассоциациясы зор рөл атқарды. Ол саяси зерттеудің белсенділігін арттыру жолында қазір де жемісті еңбек етуде.

Саясаттануға деген көзқарас 80 жылы КСРО-ның ғылым және техника бойынша мемлекеттік комитеті «Саяси ғылымдар» деген атпен саяси ғылым қызметкерлерінің тізімі ресми түрде бекітті. 1989-1990 оқу жылдарында Балтық бойы елдерінде, 1990 жылдан бастап ТМД-ның басқа елдерінде саясаттану оқытыла бастады. Қазір Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында дерлік бұл ғылым жеке пән ретінде өтілуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті және Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университеті бұл салада даярлайды.


Саясаттанудың пәні және әдістері
Саясаттанудың пәні жөнінде алыс, жақын шетелдік болсын, біздің елдің ғалымдарының арасында болсын бірыңғай жалпы жұрт танып, мойын-даған анықтама, тоқтам жоқ. Оның ауқымы мен мазмұны, қарастыратын мәселелер шеңбері, жеке ғылыми пән ретінде ерекшелендіретін белгісі, өлшемі не болуы керек деген сауалдар төңірегінде бірталай көзқарастар бар. Кейбір даулар төңірегінде бірталай көзқарастар бар. Кейбір ғалымдар оған қоғамда билікті жүргізетін немес оған әсер ететін мемлекет, партиялар және басқа саяси институттар туралы ғылым ретінде қарайды.

Ғалымдардың екінші тобы саясаттанулы ғылымға қатаң негізделген, әсіресе тәжірбелік (эмпирикалық) әдіс-тәсілге сүйенген, нәтижесін тексеріп білуге болатын ілім ретінде түсінеді. Оны жақтаушыларды бихевиористер дейіді (олар туралы кейінірек сөз болады). Олар бұл ғылымды математика, кибернетика және т.с.с. нақтылы ғылымдарға телиді. Мұндай теориялық қыры (мысалы, қоғам мен мемлекеттің мән-мағынасын, саяси идеяларды, саясаттың негізінде жатқан заңдылықтар мен қайшылықтарды зерттеу, қоғамды сын көзбе н сараптау және т.б.) тыс қалады.

Саясаттануды зерттейтін ғылымдардың көпшілігі (үшінші топ) бұл ғылымды саясат туралы жалпы, оның барлық көріністерін қамтып, тәртіпке келтіретін, жинақтап біріктіретін ғылым деп санайды. Бұл пікірді Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім беру, ғылым және мәденеит мәселелрі жөніндегі ұйымы басшылығымен 1948 жылы Парижде өткен саясаттанушылардың Халықаралық коллоквиумы да мақұлдады.

Саясаттану пәні қоғамның саяси саласын, оның даму заңдылықтарын, қазіргі саяси өмірді ұйымдастыруды, басқаруды, оның құрылысы мен жұмыс істеуін зерттейді. Ол адамзаттың демократиялық қоғамдағы құқығы, еркіндігі мен міндеттері, жеке адамның саяси-құқықтық жағдайы, оның саяси мәдениетті қалыптастырудың мазмұны мен жолдары, қазіргі замандағы сан түрлі саяси өзгерістердің түрлері, саяси мәдениетті қалыптастырудың мазмұны мен жолдары, қазіргі замандағы сан түрлі саяси идеялық көзқарастар, жаңаша саяси ойлаудың мәні, қазіргі дүниежүзілік дамудың қозғаушы күштері туралы түсінік береді.

Саясаттану дегеніміз саясат туралы, саясаттың адам және қоғам арасындағы қарым-қатынастары туралы жинақталған ғылым. Ол саяси биліктің қалыптасуы мен даму заңдылықтарын, оның жұмыс істеуі мен пайдалануын, түрлері мен әдіс-тәсілдерін зерттейді.

Саясаттану саяси құбылыстар мен өзгерістердің мән-мағынасын түсініп-білу үшін бірталай әдістерді пайдаланады. Әдіс деп зерттеу жүргізуді, ұйымдастыру тәсілін айтады. Оларға салыстырмалы, жүйелеу, социологиялық, тарихи, биховеристік, нормативтік және т.б. әдістер жатады.


2. Қазақстан саяси ойларының тарихы
Қазақ халқының рухани мұрасы да саяи ой-пікірлерге бай. Оның ішінде ең шоқтығы биігі ислам фәлсафасының негізін салушылардың бірі – біздің қандас бабамыз, ұлы ойшыл әл-Фараби.

Қазақтың, бірінші фәлсафашысы, әлеуметтанушысы, математигі, физигі, астрономы, ботанигі, логика және тіл мамны, музыка зерттеушісі Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби 870-950 жылдары өмір кешті. Ол Арыс өзенінің Сырдарияға құяр жерінде орналасқан Фараб (кейінгі Отырар) қаласында туды. Жасында сонда оқу-тәрбие алып, кейін Бұхара, Александрия Каир, Дамаск, Бағдат қалаларында тұрып, білімін ұштап, қызмет атқарды. Оны әріптестері көзі тірісінде-ақ «Екінші Аристотель» деп аталған болатын.

Бабамыз ғылымның сан саласы бойынша 160-тан астам трактаттар жазып, артына мол мұра қалдырды. Саясаттануға байланысты «Рақымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолдары», «Саясат туралы» деген еңбектері бар.

Әл-Фарабидың бай мұрасы Шығыс халықтарының саяси санасын жетілдіріп, сан ғасырлар бойы ғылымның әр түрлі салаларын дамытуға игі әсерін тигізді.



Жүсіп Хасхаджиб Баласағұни (1021 - 1075) аты әлемге әйгілі ақын, фәлсафашы, қоғам қайраткері болған. Оның өмірбаяны туралы деректер аз. Жүсіп туралы мағлұматтарды біз оның негізгі еңбегі «Құтадғу билік» («Бақытқа деткізуші билік», кейбіреулер «Бақыттылық жәйлі ілім» деп те аударып жүр) дастанынан білеміз. Бұл еңбектің ерекшелігі – ол сол кездегі ресми араб тілінде емес, өзінің ана тіліне деген сүйенспеншілігін, ұлтжандылығын білдірсе, екіншіден, сол кезде Орта Азияда билік құрған қарахандықтар әулетіне (династиясына) түсінікті болу үшін жазылса керек.

Қазақ халқына өшпес із қалдырған хандар да бар. Оларға Қасым, Есім хандар жатады. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп халық олар жасаған заң тәртіптерді көпке дейін ұмытпаған. Бірақ өкінішке орай, олар бізге дейін жетпейді. Ал Тәуке ханның «Жеті жарғысы» негізінен сақталған.

Жәңгірдің баласы Тәуке хан 1680 жылы таққа отырғанда қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси және экономикалық жағдайы ауыр еді. Ру басылар, сұлтандар өзінше бөлек билегісі келді. Орта Азия билеушілерімен қарым-қатынас тұрақсыз еді. Мұның бәрі қазақ мемлекеттігінің тұтастығына, сыртқы шапқыншылықтан қорғануға нұқсан келтірді. Сондықтан хандық өкімет билігінің беделін көтеріп, ақсүйектердің бөлініп, оқшаулануын тоқтату, халықты біріктіру үшін Тәуке хан «Жеті жарғы» деп аталған қазақ әдет-ғұрып заңдарының жиынтығын жасатты. Онда құқықтық тәртіп пен мемлекеттік құрылымның негізгі принциптері айқындалады. Атап айтқанда, жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал-мүлік дауы, ұрлық-қарлық, айып-жаза, алым-салық және т.б. қаралады. «Жеті жарғы» нормалары қаулаған дау-дамайлары тежеп, рулар арасындағы тартыстарды бәсендетті, қоғам ішіндегі ала ауыздық азайып, ел бейбіт өмір сүрді.

ХIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында саяси идеология ретінде ағартушылық кең өріс алды.

Бұл кезде ұлы ғалым, ағартушы-демократ, саяхатшы, этнограф, Орта Азияның, Қазақстанның, Батыс Қытайдың тарихы мен мәдениетін зерттеуші Шоқан Уәлиханов (1835-1865) өмір сүрді. Ол атақты Абылай ханның шөбересі еді.

Шоқан өз өмірінің негізгі мақсаты – халыққа қызмет ету, оның мақсат-мүддесін патша шенеуніктері мен жергілікті байлардың зорлық-зомбылығынан қорғау, қолынан келгенше оның рухани және мәдени өркендеуіне ықпал жасау деп білді.

Шоқан Азия мен Қазақстан жағдайында халықты аяусыз қанап, соның нәтижесінде билеп-төстеушілердің орынсыз баюына жол ашатын нәрсе – олардың қолындағы шексіз билік деп ұқты. Сондықтан халықты қанаудан құтқару үшін бай-манаптардың билігін жою немесе тым болмаса олардың саяси үстемділігін шектеп, Бұқара халықтың демократиялық құқығы мен бостандығын кеңейтпек болды. Жалпы, ол билікті халықтың еркімен шектеуді дұрыс дап санады.

Шоқан адамдардың адамгершілік қаситтерін дамыту үшін олар еркін болуы шарт деді. Ол еркіндікті де дұрыс пайдалана білу керек. Ол үшін халықтың сауатты жоғары болуы тиіс деп тұжырымдады.

Бұл кезде қазақ халқынан шыққан ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) де өмір сүрді. Ол хадықты дүниеге «дұрыс көзқараспен» қарауға тәрбиелеуді өзінің негізгі мақсаты етіп қойды. Тек білім, ағартушылық қана бұқара халықты билеп-төстеушілердің қысым-қаспағынан құтқара алады деп, барлық күш-жігерін олардың білімін көтеруге арнады. Адамдарды ойындағы бос қиялдан арылып, дүниенің ақиқатына көздерін ашып, шын мәнінде алға жылжитын, прогрестік жолға түсіруге тырысты.

Ыбырай қазақ қыздарын оқытуға көңіл бөлді. Сондықтан ол 1887 ж. Ырғызда 20 орындық интернат және қазақ қыздарына арнайы мектеп ашты. XIX ғасырдың 70-80 жылдарында қазақ даласында көптеген мектеп аштылды. Ол мектептердің мақсаты қазақ жастарын жоғары адамгершілік рухында тәрбиелеу деп ұқты.

Бұл кезде қазақтың кемеңгер данасы, заңғар ақыны, асқан ағартушысы, жазба әдебиетіміздің негізін салушы Абай Құнанбаев (1845-1904) та өмір сүрген еді.

Абай қазақ даласында барлық жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болды. Ол адамды «ақыл, білім, ерік» жоғары дәрежеге көтеріп, асқақтататындай қоғамның прогрестік дамуын аңсады. Игілілкті, парасатты қоғам орнату Абай еңбектерінің басты бағытының бірі болды. Сондықтан ол барлық адамдарды өзін өмірде қалай ұстадым игілікке, ақылға сыйымды іс істедім бе деп күніне немесе аптасына, тым болмаса, айына бір рет өз-өзіне есеп беруге шақырады.

Қазақ халқының саяси санасының дамуына XIX ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында пайда болған алғашқы интеллигенттік топ та зор ықпал етті. Оларға Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Бақытжан Қаратаев, Халел және ЖаҺанша Досмұхамедовтар және басқалар жатады. Олар Ресейдің отаршыл саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысын басқарып, қазақ халқының ұлттық бірлесуін мұрат етті. Алаштың білімді де бірлікті асыл азаматтары қызыл империяның құрбаны болып кетті. Бірақ олардың ісі, саяси мұраты өлген жоқ. Олар туралы кейін саяси партияларды қарағанда тағы да тоқталамыз.
3. Билік саяси феномен ретінде
Саясаттануда саяси билік теориясы негізгі орын алады. Ол саясатпен тығыз байланысты және саясаттың, саяси институттар мен барлық саясат әлемінің мәнін түсініп-білуге мүмкіндік береді. Себебі, саясаттың негізгі мәселесі - билік, ал мазмұны - билік үшін күрес және билікті жүргізу. Шығыстың көрнекті ойшылы Ибн-Халдун адамның басқа жан-жануарлардан ерекшелігі - ол билік үшін күреседі деген.

Ағылшынның ең ірі фәлсәфәшыларының бірі, қоғам қайраткері болған Бертран Рассел физикада басты ұғым энергия болса, қоғамдық ғылымдарда негізгі ұғым билік болып табылады деп дұрыс айтқан. Ал Американың әйгілі әлеуметтанушысы Талкотт Парсонс экономикалық жүйеде ақша қандай орын алса, саси жүйеде билік те соншалықты орын алады деген.

Билік жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі анықтамалар мен тұжырымдамалар бар. Солардың негізгілеріне:

1. Телеологиялық анықтама билікті белгілі бір мақсатқа, белгіленген нәтижеге, қорытындыға жету мүмкіндігі деп түсіндіреді. Мысалы, ағылшын фәлсәфәшысы Т.Гоббс билік болашақты игілікке жетудің құралы және өмірдің өзі өле-өлгенше билік үшін үздіксіз ұмтылыс деп жазды.

2. Бихевиористік анықтама бойынша билік басқа адамдардың жүріс-тұрысын, өзін-өзі ұстауын өзгерту мүмкіндігіне негізделген іс-әрекеттің ерекше түрі.

3. Инструменталисттік анықтама билікті белгілі бір құралдарды, амалдарды (зорлық-зомбылық, күштеу сияқты шараларды) пайдалану, қолдану мүмкіндігі деп біледі. Мәселен, Американың белгілі саясаттанушысы Р.Даль билік бір адамға екінші адамды өз еркімен жасамайтын іс-әрекетті жасауға мәжбүр ету мүмкіндігін береді дейді.

4. Структуралистік анықтама билікті басқарушы мен бағынушының арасындағы қатынастың ерекше түрі деп ұғады. Олар кейбір адамдарды туғанынан, табиғатынан әміршіл, басқарғысы келіп тұратын болады, ал басқалары көнбіс, көнгіш, басқа біреу өз ырқын билеп, басқарып, жол көрсетіп тұрғанын ұнатады, қалайды дейді. Солардың арасында, олардың ойынша, билік қатынастары туады.

5. Конфликтілік анықтама билікті дау-жанжал жағдайында игілікті бөлуді реттейтін мүмкіндік, шиеленісті шешудің құралы деп түсіндіреді.

6. Біраз ғылымдар билікті кең мағынасында басқаларға тигізілетін ықпал ретінде қарайды.

7.П.Моррис, А.Гидденс сияқтылар, жоғарыдағы көзқараспен келіспей, билікті біреуге немесе бірдеңеге тигізетін жай ғана ықпал , әсер емес, оларды өзгертуге бағытталған іс-әрекет дейді.

Сонымен билік деп біреудің екіншілерге әмірін жүргізіп, олардың іс-әрекеті, қызметіне ықпал етуін айтады.

Әдетте, «билік» деген сөз әр түрлі мағынада қолданылады. Оны ықпал ету бағытына, объектісіне байланысты былай етіп бөледі: ата-аналар билігі, мемлекеттік, экономикалық, саяси, әлеуметтік, құқықтық, әскери, рухани билік және т.б. Бірақ биліктің толық мағынасы мемлекеттік –саяси салада ғана айқындалады. Сондықтан саяси билік биліктің ең басты түріне жатады.

Биліктің басқа түрлерімен салыстырғанда саяси биліктің мынадай ерекшеліктері бар: оның өктемдік сипаты ( ол басқа биліктерден жоғары тұрады, оның шешімдерін қалғандары орындайды) , оның бүкіл қоғамның атынан билік жүргізуі, басқарумен кәсіби айналысатын адамдардың ерекше тобының болуы, оның көпшілік адамдардың мүддесін қорғауы, басқа мекемелерге қарағанда билік органдарының тәуелсіздігі, қоғам өмірінің жұмыс тәртібін белгілеуде жеке –дара құқығы, мемлекет шеңберінде ашық күш қолдана алуы және т.б.

Саяси билік бар жерде теңсіздік бар. Мұнда біреулер билік етуге құқықты да, екіншілері оларға бағынуға міндетті. Бұл теңсіздік неден туады? Ол үшін саяси биліктің қарамағында теңсіздікті қамтамасыз ететін әдіс-құралдары бар. Оған жататындар:

1. Экономикалық қор. Қандай саяси билік болмасын оған қаржы-қаражат керек. Мысалы, сайлау науқанын өткізу үшін оған миллион ақша жұмсалады. Мемлекет тарапынан бөлінген қаражат жетіспегендіктен шет елдерде үміткерлер жеке бай адамдардың, бірлестіктердің көмегіне сүйенеді. Билеуші аппаратты ұстау үшін қаншама қаржы кетеді. Оның үстіне, әдетте, билік басына келген топ өзінің экономикалық бағдарламасымен келеді. Мысалы, АҚШ-тың көрнекті президенттері Ф.Рузвельт «Жаңа бағыт», Дж.Кеннеди «Жаңа шеп», Л.Джонсон «Кедейлікке қарсы соғыс» және т.с.с.

Экономикалық қорға қоғамдық өндіріс пен тұтынуға керек басқа да материалдық құндылықтар, құнарлы, шұрайлы жерлер, пайдалы қазба байлықтары және т.б. кіреді.

2. Әлеуметтік әдіс-құралдар. Үстемдік етіп отырған билік өзін қолдайтын, оның одан әрі өмір сүруіне мүдделі адамдар іздейді. Ондай рөлді ең алдымен оның мәртебелі, абыройлы, жалақысы мол қызметтерді атқаратын, көптеген жеңілдіктермен пайдаланатын қызметкерлері орындайды. Қазіргі Батыстың көпшілігі мүдделі. Себебі, оларда орта деңгейде тұратын адамдар көп, саяси билік басына елгендер соларға арқа сүйейді, көпшілікті мұқтаждық жағдайға жібермейді, елдерінде әлеуметтік әділеттілік, халықты сақтандыру кең дамыған.

3. Күш жұмсау құралдары. Олар мемлекетті қорғайды, ішкі тәртіпті сақтайды, саяси билікті құлатуға әрекет жасаушыларға мүмкіндік бермейді. Оған жататындар: әскер, полиция, қауіпсіздік органдары, сот, прокуратура және т.б.

4. Ақпарат құралдары. Қоғамдық пікір тудырып, саяси өмірге ықпал ету жағынан оны төртінші билік деп те атайды. Кейбір саяси қайраткерлер кім теледидарды бақыласа, сол бүкіл елді бақылай алады деп санайды.

5. Ақпарат құралдарымен қатар билікті жүргізуде информациялық қордың да маңызы зор. Білім мен ғылыми мағлұматты алу, оларды тарату бүгінгі таңда алдыңғы қатарлы орындарға шығуда. Кейбір ғалымдардың айтуынша, информация кімнің қолында болса, ХХІ ғасырда билік соның қолында болады дейді.

Саяси билік әлеуметтік институттар арқылы жұмыс істейді. Ол ұйымдар, мекемелер, техникалық, информациялық, адамдық жәйттар, қоғамдық қатынастарды ұйымдастыру мен реттеуді қамтамасыз ететін ережелер арқылы іске асады.

Биліктің қайнар көзі, бастауына бедел, күш, байлық, заң, адамның қоғамдағы алатын орны, ұйым, мүдде, білім және хабарлама мәліметтер жатады.

Билікті жүзеге асырғанда құқық, бедел, сендіру, әдет-ғұрып, дәстүр, амал-айла, қулық, күштеу, зорлау, еріксіз көндіру сияқты әдіс-амалдар пайдаланады. Оны жүзеге асырудың түрлеріне үстемдік жүргізу, басшылық ету, үйлестіру, ұйымдастыру, бақылау жатады.

Саяси биліктің өзіндік қызметтері болады. Оған жатататындар: қоғамның саяси жүйесін қалыптастыру; оның саяси өмірін ұйымдастыру (ол мемлекет қоғам, таптар мен топтар, ассоциациялар, саяси институттар, мемлекеттік басқару органдары мен аппараттары, партиялар, азаматтар және т.б. арасындағы қатынастарды қамтиды); әр түрлі деңгейдегі қоғам мен мемлекеттің істерін басқару; өкіме органдары, саяси емес процестерге басшылық жасау; саяси және басқа да қатынастарды бақылау және түптеп келгенде, белгілі бір қоғамға сәйкес басқарудың түрін, саяси тәртіпті және мемлекеттік құрылысты (монархиялық, республикалық) , ашық және жабық (басқа мемлекеттерден оқшауланып, қоршауланып алған, автаркиялық ) қоғамды құру, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қорғау; дау-дамай, шиеленістерді ашып, оларға шек қою және дер кезінде шешу; қоғамдық келісімге, мәмілеге келу және т.б.

Қоғамды билік өзара тығыз байланыста 3 деңгейде ұйымдасты-рылып, жұмыс істейді: 1) жоғары орталық саяси институттар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарды бас-қару органдары кіретін өте ірі деңгей; 2) орта буынды аппараттар мен мекемелерді қамтитын және аймақтық, облыстық, аудандық шеңбердегі жергілікті әкімшілік билік (әр түрлі мекемелер, агенттіктер, комиссиялар, кеңестер, префектуралар және т.б. мекемелер) кіретін орта деңгей; 3) адамдар, кішігірім топтар, ұйымдар, одақтар, өндіріс және басқару ұжымдар арасындағы қоғамдық қатынастардың негізі, арқауы болып табылатын, саяси және қоғамдық өзін-өзі басқару өрісін құрайтын кіші деңгей.

Билік саяси және мемлекеттік болып екіге бөлінеді. Бұл мәселенің үлекн астары бар. Себебі, бұрынғы кеңестік дәуірде бұл ұғымдарды теңестіріп, бірыңғайлау саяси жүйенің барлық құрылымын мемлекеттендіруінің тәсілдемелік негізі болды.

Саяси билік таптық, топтық жеке адамның саясатта тұжырымдалған өз еркін жүргізу мүмкіндігін білдіреді. Ал мемлекттік билікке барлық адамдарға міндетті заңдарды шығаруға жеке-дара құқығы бар заңдар мен ұйымдарды сақтау үшін ерекше күштеу аппаратына сүйенетін саяси биліктің түрі жатады. Бұдан біз саяси биліктің мағынасының мемлекттік биліктен кең екендігін байқаймыз. Себебі, біріншіден, саяси билік адамзат тарихының барлық кезеңдерінде болған. Мысалы, алғашқы адамдық қауым кезінде ақсақалдар кеңесінің, веченің (Ежелгі Русьтегі азаматтар жиналысының түрі), вече соттарының және т.б. билігі болды. Екіншіден, саяси билік тек мемлекеттік аппарат арқылы ғана емес, сонымен бірге партиялар, кәсіподақтар, халықаралық ұйымдар (БҰҰ, НАТО) сияқты саяси жүйенің басқа элементтері арқылы да билігін жүргізеді. Үшіншіден, мемлекеттік билік, ерекше күштеу аппаратына сүйенеді және оның билігіне қоғамның барлық мүшелері тегіс бағынады. Мемлекеттік билік саяси биліктің ең жоғары, ең толық, ең дамыған түрі, оның өзегі болып табылады.

Мемлекеттік биліктің заңдылығы оның легитимдігінен білінеді. Легитимдік (латын тілінде заңдылық, шындық деген мағынаны білдіреді) дегеніміз халықтың үстемдік етіп отырған саяси билікті мойындауы, оның заңдылығы мен шешімдерін растауы.

Демократиялық жағдайда мемлекеттік билік легитимді болуы үшін мынадай екі шарт қажет: 1) ол халықтың қалауы бойынша қалыптасуы және көпшіліктің еркіне қарай орындалуы керек. Яғни, мемлекеттік билік-тің иесін тура немесе жанама түрде белгілі бір мезгілде халық сайлауы ке-рек және оның жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік болуы тиіс; 2)мемлекеттік билік конституциялық қағидаларға сәйкес жүзеге асырылуы керек.

Немістің көрнекті ғалымы Макс Вебер билік басына келудегі легитимдіктің мінсіз түрлері ретінде үш үлгісін көрсетті. Ең біріншісі - әдет-ғұрыптық легитимдік. Ол сонау ерте заманан бастап халықтың санасына сіңген, әбден бойлары үйреніп, дұрыс деп тапқан салт-дәстүрлерге сүйенеді. Сондықтан, мысалы, (кейбір елдерде қазір де) хан, сұлтан, патша, шах, әмір және т.б. билігін халық дұрыс, заңды деп түсінді. Билік әкеден балаға мирас болып қалып келді, оны жұрт ата-салтымыз деп мойындап отырды.

Екінші түріне харизматикалық легитимдік жатады. Мұнда өзінің ерекше батырлығымен, адалдығымен немесе басқа үлгілі қабілет-қасиеттерімен көзге түскен адамды басшы етіп жариялап, соның соңынан ереді. Халық тек сол көсемге беріліп, соған ғана сенеді. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар, Ганди, Аятолла Хомейни және т.б. Ол адамдар жеке басқа табыну дәрежесіне жетті. Харизма деген сөздің өзі де көсемге мемлекеттік басқарушының жеке басына табыну деген мағынаны білдіреді.

Үшінші түріне Вебер ақыл-парасаттың, құқықтың легитимдігін жатқызады. Онда саяси билік салт-дәстүрге немесе тарихи тұлғаға байланысты емес, қазіргі құрылым орнатқан құқықтық ережелерге, тәртіптің ақыл-ойға сыйымдылығына негізделеді. Мұндай легитимділік саяси биліктің пайда болуы және өмір сүруі демократиялық талаптарға сәйкес келе ме, жоқ па сонымен анықталады.

Легитимдіктің алдыңғы екі түрі құлдық және феодалдық қоғамдарға тән болса, үшінші түрі қазіргі дамыған елдерге тән. Шығыс елдерінің саяси қайраткерлері билікің легитимділігіне зор назар аударады. Себебі, халық қазіргі үстемдік етіп тұрған саяси тәртіпке сенуі керек. Сонда ғана оны жұртшылық қолдайды және ол тиімді қызмет атқарады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет