Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі


-бап. Мемлекеттік еңбек инспекциясының басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуы



бет17/17
Дата27.02.2016
өлшемі0.95 Mb.
#28765
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
196-бап. Мемлекеттік еңбек инспекциясының басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуы

1. Мемлекеттік еңбек инспекциясы өз қызметін басқа мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарымен, жұмыскерлердің өкілдерімен, қоғамдық бірлестіктермен, басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік еңбек инспекторына Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерін орындауына жәрдемдесуге міндетті.



 

197-бап. Бақылау субъектісіне бару арқылы жүргізілетін бақылаудың өзге де нысандары

1. Бақылау субъектісіне бару - Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылаудың өзге нысаны.

2. Мемлекеттік еңбек инспекторы бақылау субъектісіне барған кезде:

1) қызметтік куәлігін;

2) қажет болған кезде құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған рұқсатын;

3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен берілген, объектілерге бару үшін қажет болатын медициналық рұқсатты көрсетуге міндетті.

3. Бақылау субъектілері мемлекеттік еңбек инспекторы барған кезде:

1) мемлекеттік еңбек инспекторының баратын бақылау субъектісінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;

2) коммерциялық, салықтық не өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, барудың міндеттері мен нысанасына сәйкес қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін бару нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін беруге;

3) бару нәтижелері туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі соғуға;

4) объектіге бару үшін келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес әсер етудің зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

4. Мемлекеттік еңбек инспекторының кіруіне кедергі келтірілген жағдайда, баруды жүзеге асыратын мемлекеттік еңбек инспекторы және бақылау субъектісінің уәкілетті адамы қол қоятын хаттама жасалады.

5. Бару ішкі еңбек тәртіптемесінің қағидаларында белгіленген бақылау субъектісінің жұмыс уақытында жүзеге асырылады.

6. Бақылау субъектісіне бару мерзімі үш жұмыс күнінен аспауға тиіс.

7. Мемлекеттік еңбек инспекторы бақылау субъектісіне бару нәтижелері бойынша бару нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, бару нәтижелері туралы екі данада акт жасайды.



Бару нәтижелері туралы актіде:

1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;

2) бақылау органының атауы;

3) баруды жүргізген мемлекеттік еңбек инспекторының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);

4) баратын бақылау субъектісінің атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), барған кезде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы;

5) бару күні, орны және кезеңі;

6) бару нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер;

7) баратын бақылау субъектісі өкілінің, сондай-ақ бару кезінде қатысқан адамдардың актімен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы;

8) баруды жүргізген мемлекеттік еңбек инспекторының қолтаңбасы көрсетіледі.

8. Бару нәтижелері бойынша ескертпелер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, жеке тұлға немесе заңды тұлғаның басшысы не олардың өкілдері оларды жазбаша түрде береді.



Ескертпелер және (немесе) қарсылықтар бару нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, бұл жөнінде тиісті белгі жасалады.

9. Бару нәтижелері туралы актінің бір данасы жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның басшысына не олардың өкілдеріне танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану және басқа да әрекеттер жасау үшін тапсырылады.

10. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою мақсатында бақылау субъектісінің атына әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамастан нұсқама шығарылады.

11. Бақылау субъектісі бару нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша нұсқаманы алған кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қолданылған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті.

12. Мемлекеттік еңбек инспекторлары тексерілетін субъектілерге бару мен тексеруді есепке алу кітабында (ол болған кезде) тектерін, лауазымдарын және актіде жазылған деректерді көрсете отырып, жүргізілетін әрекеттер туралы жазба жасауға міндетті.

13. Бару кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтар болмаған жағдайда, бару нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады, нұсқама берілмейді.

14. Бақылау субъектісіне бару кезінде жұмыс берушіні алдын ала хабардар ету және құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркеу талап етілмейді.

15. Бақылау субъектісіне бару еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган мен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бірлесіп бекітетін өлшемшарттар және жүргізілетін талдау мен бағалау нәтижелері бойынша бір тоқсанға (жарты жылға, бір жылға) жасалатын бақылау субъектісіне бару тізімдері негізінде жүзеге асырылады.



 

198-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік еңбек инспекторының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау тәртібі

1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау жүзеге асырылған кезде жұмыс берушінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, жұмыс беруші мемлекеттік еңбек инспекторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік инспекторға және (немесе) сотқа Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

2. Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік еңбек инспекторы әрекеттерге (әрекетсіздікке) немесе актілерге жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініштері (шағымдары) бойынша шешім шығарылғанға дейін төмен тұрған мемлекеттік еңбек инспекторы актілерінің орындалуын тоқтата тұруға, олардың күшін жоюға не кері қайтарып алуға құқылы.



 

199-бап. Ведомстволық есепке алу



Еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекция тексерілетін субъектілерді (объектілерді) тексерулер санын және бару арқылы жүргізілетін бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын, тексеру парақтарына сәйкес анықталған бұзушылықтарды және оларға қатысты қолданылған әкімшілік ықпал ету шараларын ведомстволық есепке алуды тұрақты және үздіксіз негізде жүргізуге міндетті.

Ведомстволық есептіліктің жиынтық деректері ай сайын орталық және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.

 

200-бап. Жұмыс берушінің қызметін декларациялау



Жұмыс берушінің қызметін декларациялауды еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган жұмыс берушілердің өңірлік бірлестіктерімен және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерімен бірлесіп жүзеге асырады.

Жұмыс берушілер қызметі өлшемдерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестігі олардың декларациялауға қатысу шарты болып табылады.

Қызметі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес деп танылған жұмыс берушілерге үш жыл мерзімге сенім сертификаты беріледі, ол осы Кодексте белгіленген ішінара тексерулерді және бақылау субъектісіне бару арқылы жүргізілетін бақылаудың өзге де нысандарын қалыптастыру кезінде ескеріледі.

 

 

22-тарау. ІШКІ БАҚЫЛАУ



 

201-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау

1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау еңбекті қорғауды басқару жүйесін құруды және енгізуді, еңбек жағдайларының жай-күйін байқауды ұйымдастыруды, өндірістік бақылаудың деректеріне жедел талдау жүргізуді, тәуекелдерді бағалауды және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға келмейтін анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде шаралар қабылдауды қамтиды.

2. Жұмыс беруші жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі белгіленген талаптарды сақтау және анықталатын бұзушылықтарды жою бойынша шұғыл шаралар қабылдау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асырады.

 

202-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру тетігі

1. Жұмыскерлерінің саны елуден асатын, өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында жұмыс беруші ұйымның тікелей бірінші басшысына немесе ол уәкілеттік берген адамға бағынатын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметін құрады.

2. Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ережені еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді.

3. Жұмыскерлерінің саны елуге дейінгі жұмыс беруші қызмет ерекшелігін ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маман лауазымын енгізеді не еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді басқа маманға жүктейді.

4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе осы баптың 3-тармағында көрсетілген маман:

1) өндірістік, тұрмыстық және басқа да үй-жайларға кедергісіз кіруге және қарап-тексеруге;

2) қауіпсіз және саламатты еңбек жағдайларын жасау, ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралардың әзірленуін және орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;

3) ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің жұмыскерлеріне анықталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану туралы орындалуы міндетті нұсқаулар беруге құқылы.

5. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе осы баптың 3-тармағында көрсетілген маман:

1) ай сайын ұйымдарда өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың жай-күйі мен себептеріне талдау жүргізуге және олардың алдын алу іс-шараларын әзірлеуге және оларды тұрақты сақтау үшін ұйымның электрондық дерекқорына енгізуге;

2) ұйымның жұмыскерлерін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, олардың білімдерін тексеруді ұйымдастыруға;

3) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

6. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды ұйымдастыру жеке немесе заң тұлғалармен шарттық негізде жүзеге асырылуы мүмкін.



 

203-бап. Ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес

1. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша және (немесе) жұмыскерлердің не олардың өкілдерінің бастамасы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құрылады. Оның құрамына техникалық еңбек инспекторларын қоса алғанда, жұмыс берушінің өкілдері, жұмыскерлердің өкілдері тепе-теңдік негізде кіреді.

2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің құрамы жұмыс берушінің және жұмыскерлер өкілдерінің бірлескен шешімімен бекітіледі.

3. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңесті екі жылда бір рет мерзімділікпен ротациялық негізде жұмыс берушінің және жұмыскерлер өкілдерінің арасынан кеңес мүшелері сайлайтын төраға басқарады.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімдері жұмыс беруші және жұмыскерлер үшін міндетті болып табылады.

4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес жұмыс беруші мен жұмыскерлердің еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастырады, сондай-ақ техникалық еңбек инспекторларының жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен еңбектің қорғалуына тексеру жүргізуін ұйымдастырады.



Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың кандидатураларын кәсіптік одақ, ал ол болмаған кезде - жұмыскерлердің жалпы жиналысына кемінде үштен екісі қатысқан кезде көпшілік дауыспен ұйымның жұмыскерлері арасынан жұмыскерлердің жалпы жиналысы ұсынады.

5. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімімен бекітіледі.



Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың бақылауды жүзеге асыру тәртібі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімімен айқындалады.

 

 

23-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР



 

204-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгiзу тәртiбi

1. Осы Кодекс 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

2. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап:

1) 1-баптың 1-тармағының 64) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:



«64) өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар - өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, білікті кадрлары және өзінің құрамында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген сынақ зертханалары бар ұйымдар;»;

2) 26-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:



«4) шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсатын не халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен шетелдік жұмыскерлерге өз бетінше жұмысқа орналасу үшін берілген біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы алғанға дейін не Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі белгілеген тәртіппен ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге беретін рұқсатты алғанға дейін немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе ерекшеліктерді сақтамай, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен еңбек шартын жасасуға жол берілмейді.»;

3) 30-баптың 1-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:



«6) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келетін шетелдік жұмыскерлердің еңбек қызметін жүзеге асыруының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін мерзімдері, жергілікті атқарушы орган шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттар не ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге берген рұқсат шегінде жасалуы мүмкін.»;

4) 57-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:



«1) жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты қайтарып алған не тұруға ықтиярхаттың қолданылу мерзімі өткен кезде;»;

5) 60-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:



«3) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы не шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты белгіленген тәртіппен алмай немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе ерекшеліктерді сақтамай, шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен еңбек шарты жасалған;».

3. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап мыналардың күші жойылды деп танылсын:

1) 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 9, 65-құжат; № 19, 147-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 178-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 9-10, 50-құжат; № 17, 82-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 122, 134-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 10, 48-құжат; № 24, 146, 148-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 41-құжат; № 6, 45-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 92-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 123-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 3, 15-құжат; № 7, 36-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 78, 81-құжаттар; № 16, 83-құжат; № 23-24, 116-құжат; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 44, 49-құжаттар; № 11, 67-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-IІ, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 3, 13-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 50-құжат; № 11, 56-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 78-құжат);

2) «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін қолданысқа енгізу туралы» 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 9, 66-құжат).



 

 

Қазақстан Республикасының

             Президенті

 

        Н. НАЗАРБАЕВ



 

Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 23-і.

                     № 414-V



 

 

 

 

 

 

 



 

 

 

 

 

 

 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет