Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда касса операцияларын және банкноталарды



бет1/13
Дата05.07.2016
өлшемі0.91 Mb.
#180723
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда касса операцияларын және банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау операцияларын жүргiзу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 3 наурыздағы N 58 қаулысы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2001 жылғы 28 сәуірде тіркелді. Тіркеу N 1482.


(Соңғы редакциядағы күні: 13.01.2010)

      Ескерту: Қаулының атауына және 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005.12.12 N 156, 2008.11.28 N 94  Қаулыларымен.

      Қазақстан Республикасында касса операцияларын және қолма-қол ақша айналымын ұйымдастыруды жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда касса операцияларын және банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау операцияларын жүргiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) бекiтiлсiн және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейiн күшiне енгiзiлсiн.
      2. Осы қаулы бекiтiлген күннен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының "Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде касса операцияларын жүргізу ережесiн бекiту туралы" 1999 жылғы 15 қарашадағы N 394 қаулысының күшi жойылды деп танылсын.
      Ескерту: 2-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 156 қаулысымен.
      3. Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргiзу басқармасы (Мәжитов Д.М.):
      1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күндiк мерзiмде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне және аумақтық филиалдарына жіберсін;
      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарына осы қаулыны екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жіберуге міндеттесін.
      Ескерту: 3-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 156 қаулысымен.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары М.Т.Құдышевке жүктелсін.    

      Ұлттық Банк


      Төрағасы

      Келісілген

      Қазақстан Республикасының
      Ішкі істер министрлігі
      Вице-Министрі
      2001 жылғы 3 наурыз

Қазақстан Республикасының   


Ұлттық Банкі Басқармасының  
2001 жылғы 3 наурыздағы   
N 58 қаулысымен бекітілген  
Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi
банктерiнде және банк операцияларының жекелеген
түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда касса операцияларын
және банкноталарды, монеталарды және
құндылықтарды инкассациялау операцияларын
жүргiзу ережесi
      Ескерту: Ереженің атауына өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005.12.12 N 156, 2008.11.28 N 94 Қаулыларымен.
1-бөлiм. Жалпы ережелер

1-тарау. Екінші деңгейдегі банктерде және банк
операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге
асыратын ұйымдарда касса операцияларын
және банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды
инкассациялау бойынша операциялары
      Ескерту: Тараудың атауы жаңа редакцияда жазылды, өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005.12.12 N 156, 2008.11.28 N 94 Қаулыларымен.

      1. Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда касса операцияларын және банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау операцияларын жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) касса операцияларын және инкассация, банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды жасау тәртібін, сондай-ақ қолма-қол ақшаны, басқа да құндылықтарды сақтау мен екінші деңгейдегі банктерде, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда, олардың Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) немесе қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) лицензиясы бар филиалдары мен құрылымдық бөлімшелерінде (бұдан әрі - банктер) Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес касса тәртібінің сақталуына бақылауды қамтамасыз ету үшін қажетті талаптарды белгілейді.


     Осы Ереженің нормалары қызметінің айрықша түрі қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын уәкілетті ұйымдарға қолданылмайды. Уәкiлеттi банктердiң ақша айырбастайтын пункттерiнiң үй-жайларына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң арнайы нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      Ескерту: 1-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005.12.12 N 156, 2008.11.28 N 94 Қаулыларымен.

      2. Банктердiң клиенттермен қарым-қатынасы шарттық негiзде жүзеге асырылады. Анықталған кемiстiкке, артылып қалушылыққа, төлемге жарамайтын және қолдан жасалған ақша белгiлерiне байланысты өтiнiш-талаптарды реттеу тәртiбi шарттың талаптарында белгiленедi.


      Ескерту: 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 156 қаулысымен.
      3. Касса жұмысын ұйымдастыру, клиенттерге касса қызметiн көрсету және қолма-қол ақшаны өңдеу жөнiндегi функцияны атқару үшін банктерде мынадай бөлiмшелер құрылады: кiрiс, шығыс, кiрiс-шығыс кассалары, қайта есептеу кассасы, кешкi касса және басқалары.
      Бір касса қызметкерінің клиенттерге касса қызметін көрсетуді жүзеге асыруынан басқа, Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес банктердің және Ұлттық почта операторының кассаларында қолма-қол ақша қабылдау және беру операцияларын және қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын қоса атқаруына және орындауына рұқсат етіледі.
      Ескерту: 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 156 қаулысымен. 
      4. Аталған бөлiмшелердi құрудың ең тиiмдiлiгi, олардың саны, құрылымы және бағыныштылығы, қызметкерлердi жұмысқа қабылдау/жұмыстан босату, атқаратын мiндеттерi және лауазымдық нұсқаулық қызмет көрсетiлетiн клиенттер саны және касса операцияларының көлемi негiзiнде банктiң бiрiншi басшысы (жоғары органы) бекiткен банктiң iшкi ережелерiнде белгiленедi.
      5. Банктiң бiрiншi басшысы және бас бухгалтерi банктегi қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысты ұйымдастыруға және бақылауға мiндеттi.
      6. Жұмыста уақытша болмайтын касса қызметкерлерiнiң мiндетiн атқару үшiн немесе банктiң бiрiншi басшысының бұйрығына сәйкес жұмысқа көмек көрсету үшiн касса және басқа банк операцияларын жүргiзу үшiн осы мақсат үшiн арнайы дайындықтан өткен банк қызметкерлерiне жүктелуi тиiс, мұнда ол өзiне жүктелген мiндеттемелермен алдын-ала танысуы және толық материалдық жауапкершiлiк туралы шарт жасасуы керек.
      7. Өз клиенттерiне касса қызметiн көрсетудi жүзеге асыру үшiн банктер өздерiнiкi болып табылатын немесе жалға алып отырған ғимараттарда кассалық тораптар құрады.
      8. Кассалық торап Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес жобалануға және жасалуға тиiс.
      9. Банктер қолданылып жүрген банк заңдарына сәйкес тiзбесi Ұлттық Банктiң жекелеген нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген касса және басқа да банк операцияларын жүргiзу үшiн, филиалдарды, филиалдардың қосымша үй-жайларын банк тұрған жерден басқа орындардан ашуға құқылы.
      Ескерту: 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2008.11.28 N 94 Қаулысымен.

      10. Банктер клиенттер өздерiне қызмет көрсету мақсатында банкоматтар мен басқа да төлем жасайтын терминалдарын орната алады, осыған орай банкоматтар мен басқа да төлем жасайтын терминалдар өздерiнiң қорғалу деңгейiне қарай банк аумағында да, одан тыс жерлерде де орнатылады. Банкоматтарды басқару және клиенттердi шоттарына жiберу төлем карточкалары жүйесiнiң бағдарламалық-техникалық тәсiлдерi арқылы орындалады.


2-тарау. Ережеде қолданылатын ұғымдар
11. Ережеде қолданылатын ұғымдар мынаны бiлдiредi:

      1) корреспондент-банктер - Қазақстан Республикасы банктерiнiң корреспонденттiк шоттары ашылған және тиiстi келiсiмдер жасаған банктерi;

      2) банкноттар, металл ақша - айналымда жүрген құны және түрi әртүрлi ақша белгiлерi;

      3) эмитент-банк - ақша белгiлерiн шығаруға және оларды айналымнан алуға байланысты мемлекеттiң операцияларды жүзеге асыруды реттейтiн орталық (Ұлттық) банкi;

      4) банкомат - төлем карточкасын ұстаушыларға қолма-қол ақша алуға және төлем карточкаларын пайдалана отырып банктің басқа да қызмет көрсетуін пайдалануға мүмкіндік жасайтын электрондық-механикалық құрылғы;

      5) валюталық құндылықтар - қолма-қол шетел валютасы, төлем құжаттары, номиналы және/немесе құны шетел валютасындағы бағалы қағаздар;

      6) инкассация - қолма-қол ақшаны және басқа құндылықтарды қабылдау, жинау, жеткізу, алып бару, тасымалдау, сақтау және өткізу;

      7) касса - ақшаны және басқа да құндылықтарды сақтау, қабылдау және беру үшiн арнайы жабдықталған үй-жай;

      8) кешкi касса - жұмыс күнi аяқталғаннан кейiн банк клиенттерiнен және бөлiмшелерiнен қолма-қол ақшаны қабылдап және санап алатын банк кассасы;

      9) санап алу кассасы - банк клиенттерiнен және бөлiмшелерiнен қабылданған қолма-қол ақшаны санап алатын, бәрiн бiр қалыпқа түсiрiп буып-түйетiн банк кассасы;

      10) кiрiс кассасы - операция кезiнде банктiң клиенттерiнен қолма-қол ақшаны қабылдап алатын банк кассасы;

      11) шығыс кассасы - операция кезiнде банктiң клиенттерiне қолма-қол ақшаны беретiн банк кассасы;

      12) касса кiтабы (касса журналы) - белгiлi бiр нысанда жасалған есеп жүргiзу ведомостары, құндылықтармен жасалған операция көрсетiледi, олардың түсуi мен берiлуi есепке алынады;

      13) касса құжаты - ақша құжаты (кiрiстiк касса ордерi, шығыстық касса ордерi, қолма-қол ақшамен жарна төлеу жөнiнде хабарландыру, чек, төлем ведомосы және т.б.), сол бойынша құндылықтарды қабылдау және төлеу жөнiндегi касса операциясы жасалады және ресiмделедi;

      14) касса операциялары - құндылықтарды қабылдау, санап алу, айырбастау, беру, iрiктеу, буып-түю және сақтау;

      15) банк клиентi - банк қызметiн пайдаланатын заңды және жеке тұлғалар;

      16) қолма-қол ақша - айналымда жүрген және тиiстi мемлекетте немесе мемлекеттердiң бiр тобында заңды төлем құралы болып табылатын банкнот және металл ақша түрiндегi ақша белгiлерi, сондай-ақ айналымнан алынған немесе алынатын, бiрақ айырбасталуға тиiстi ақша белгiлерi;

      17) операциялық касса - банктiң барлық операциялар бойынша клиенттерге қызмет көрсететiн банк кассасы;

      18) жауапты сақтау - белгiленген тәртiппен құндылықтарды сақтау;

      19) алынып тасталды ;

      20) құндылықтар - Қазақстан Республикасының валюталық құндылықтары, банкноттары және металл ақшасы, бағалы қағаздар, және қатаң есептегi бланктер, қымбат металдар, олардан жасалған бұйымдар, сондай-ақ айналыстан шығарылып тасталған қымбат металдардан жасалған монеталар, және бағалы заттар;

      21) банк құндылықтарының сақталуына жауапты лауазымды адамдар - банктің (банк филиалының) бірінші басшысы не банк (банк филиалының) басшысының бұйрығымен арнайы тағайындалған лауазымды адам, банктің (банк филиалының) бас бухгалтері не бас бухгалтерінің орынбасары және банк (банк филиалы) кассасының меңгерушісі, не банк (банк филиалы) кассасы меңгерушісінің орнындағы адам;

      22) арнайы байланыс - арнайы жөнелтілімдерді (тіркеу пакеттері, жіберілімдер және мемлекеттік құпиялардан тұратын және олардың тасымалдағыштары бар тиісті бумадағы метиздер), сондай-ақ Ұлттық почта операторының арнайы байланыс қызметі жұмысының мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзге де жөнелтілімдерді қабылдау, өңдеу, тасымалдау және жеткізу (тапсыру);

      23) Ұлттық почта операторының арнайы байланыс қызметі - арнайы байланыс қызметін көрсететін және қолма-қол ақша мен құндылықтарды инкассациялау бойынша қызмет көрсетуді жүзеге асыратын Ұлттық почта операторының құрылымдық бөлімшесі;

      24) автоматтандырылған касса - автоматтандырылған басқару құрылғыларын және бағдарламалық қамтамасыз ету пайдалана отырып қолма-қол ақшаны қабылдау, сақтау және беру бойынша электрондық-механикалық жабдық.

      Ескерту: 11-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005.12.12 N 156 , 2008.11.28 N 94, 2009.07.24 N 65 Қаулыларымен.

      бұдан әрі мәтін бойынша "ақша чегi", "ақша чегінің", "ақша чектерiне", "ақша чегіндегі", "ақша чектерімен" деген сөздер тиісінше "чек", "чектің", "чектерге", "чектегі", "чектермен" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005.12.12 N 156.
2-бөлiм. Касса операциясын жүргiзу тәртiбi
3-тарау. Кiрiс кассаларында операция жүргiзу тәртiбi
      12. Банктер Ереженiң 3 және 4-бөлiмдерiнiң талаптары сақталмайтын бағдарламалық қамтамасыз етулер мен технологияларды пайдалану кезiнде кiрiс және шығыс операцияларында операциялар жүргiзу тәртiбi iшкi банктiк рәсiмдермен бекiтiлуi тиiс.
      13. Ағымдағы және корреспонденттiк есепшоттарға соңынан жазып қою үшiн және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де жағдайларда банктiң кассасына (бұдан әрi - касса) клиенттерден қолма-қол ақшаны қабылдау:
      1) қолма-қол ақшамен жарна төлеудi жариялау бойынша;
      2) кассалық кiрiс ордерi бойынша арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту: 13-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 156 қаулысымен.
      14. Банктер қолма-қол ақша жарнасына және кассалық кіріс ордеріне хабарландырудың нысандарын Ережеде және мемлекеттік органдардың өкілдерінен салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеуге, бюджетке түсетін салықтық емес және өзге де түсімдерге қолма-қол ақша қабылдаған кезде қолма-қол ақша жарнасына хабарландырудың нысанын (Ережеге 1-1 қосымша) қоспағанда, Ұлттық Банктің өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген барлық міндетті деректемелер сақталған жағдайда, сондай-ақ оларды бюджеттік және Кассалық қызмет көрсетуге арнап жасалған шартқа сәйкес басқа да шоттарға есептеу үшін мемлекеттік мекемелердің өкілдерінен қолма-қол ақша қабылдаған кезде (Ережеге 1-2 қосымша) дербес белгілейді.
      Мемлекеттік органның өкілі бюджетке төленетін салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді, салықтық емес және өзге де түсімдерді төлеуге қолма-қол ақша жарнасын енгізу кезінде сонымен бірге бюджеттік жіктеу коды бойынша төлемдер Тізілімін (Ережеге 2-1 қосымша) қоса ұсынады. Банк төлемдер тізілімі негізінде МТ 102 форматымен төлем хабарламасын қалыптастырады.
      Басқа құндылықтарды кассаға қабылдау баланстан тыс ордерлермен ресімделеді.
      Ескерту: 14-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 156 қаулысымен.
 

      15. Қолма-қол ақшаны кассаға өткiзу үшiн клиент кассалық кiрiс құжатын толтырады және оны кассалық құжаттарға қол қоюға өкілеттік берiлген операция қызметкерiне тапсырады.


      Операция қызметкерi кассалық кiрiс құжатының дұрыс толтырылғандығын тексередi, оны ресiмдейдi және құжаттарды касса журналында ақша сомасын көрсету үшiн тексерушi бухгалтерге тапсырады. Осыған орай кассалық кiрiс құжаттарын қолма-қол ақша салушы арқылы беруге тиым салынады.
      16. Тексерушi бухгалтер кассалық кiрiс құжатын алғаннан кейiн операция қызметкерiнiң қойылған қолы бар екендiгiн және өзiнде бар үлгiлерге сәйкестiгiн тексередi, онда цифрмен және сөзбен көрсетiлген сомалардың сәйкестiгiн салыстырып тексередi, ал қолма-қол ақшамен төленетiн хабарландыруда одан басқа осы құжаттың (хабарландырудың, квитанцияның және ордердiң) топтамасындағы құрамдас бөлiгiнде көрсетiлген сомалардың бiрдейлiгiн тексередi, содан кейiн кассалық кiрiс құжатына қол қойып, оны кассирге тапсырады.
      Тексерушi бухгалтер болмаған жағдайда банктiң бiрiншi басшысының бұйрығы негiзiнде оның мiндеттерi "операциялық күн" деген жүйеге кiруге рұқсаты бар адамға жүктелуi тиiс. Банктер тиісті бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдаланған кезде "Банктің операциялық күні" жүйесіне кіруге рұқсаты бар бір адамға кассирдің және бухгалтер-бақылаушының функцияларын жүктеуге болады.
      Кассалық кiрiс құжаттары тексерiлгеннен кейiн кассир клиенттi шақырып алып, одан банкноттарды жеке-жеке, ал металл ақшаны бiр-бiрлеп қабылдап алады.
      Кассирдiң үстелiнде ақша салып тұрған адамның қолма-қол ақшасы жатуға тиiс.
      Бұған дейiн кассир қабылдаған барлық қолма-қол ақша үстелдiң тартпаларында, сейфте немесе металл шкафта сақталуға тиiс.
      Ескерту: 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 156 қаулысымен.
      17. Қолма-қол ақшаны қабылдап алғаннан кейiн, кассир кассалық кiрiс құжатында көрсетiлген соманы санап алғандағы нақты сомамен салыстырып тексередi. Сомалар сәйкес келген жағдайда кассир кассалық кiрiс құжатына қол қояды, квитанцияға немесе кiрiс ордерiнiң көшiрмесiне "кiрiс кассасы" мөрiн қояды және оны ақша салған адамға бередi.
      18. Егер клиент банктiң кассасына бiрнеше кiрiс құжаттары бойынша қолма-қол ақша тапсырған жағдайда кассир ақшаны әрбiр құжат бойынша жеке қабылдайды.
      19. Ақша салушыда өткiзiлетiн ақша сомасы мен кассалық кiрiс құжатында көрсетiлген сома арасында айырмашылық (кемiстiк немесе артылып қалушылықтар) анықталған жағдайда, сондай-ақ күмәндi ақша белгiлерi табылған жағдайда, кассир бастапқы құжатты сызып тастап, осы құжаттың сыртына ұсынылған соманы жазады, қолын қойып куәландырады және клиентке квитанция бередi. Осыдан кейiн кiрiстiк касса құжаттары операция қызметкерiне тапсырылады, iс жүзiнде салынған ақша сомасына ресiмделедi және тексерушi бухгалтерге (кассирге) тапсырылады, ол касса журналында көрсетiлген соманы сызып тастап, жарнаның жаңа сомасын жазады.
      Кассир күмәндi ақша белгiлерiне касса меңгерушiсiнiң және клиенттiң көзiнше ақша белгiлерiн сараптауға қабылдау туралы екi дана етiп тiзiмдеме актiн (Ережеге 3 қосымша) жасайды, онда датасы, осы ақша белгiлерiн тапқан кассирдiң фамилиясы, клиенттiң атауы, банкноттардың құны, нөмiрi және сериялары, сондай-ақ ақша белгiлерiнiң төлеуге жарамайтындығының өзiне тән белгiлерi көрсетiледi. Актiге кассир, касса меңгерушiсi, бас бухгалтер немесе уәкілетті адам қол қояды және ол банктiң мөрiмен куәландырылады. Тiзiмдеме актiнiң бiрiншi данасы банкте қалады, екiншiсi клиентке берiледi. Жиналғанына қарай алынған күмәндi ақша белгiлерi iлеспе хатпен бiрге Ұлттық Банктiң тиiстi филиалына сараптауға жiберiледi. Бұл орайда Ұлттық Банктiң филиалына сараптауға күмәндi ақша белгiлерi ұлттық валютамен ғана жiберiледi, төлем жасауға күмән туғызатын шетел валютасындағы ақша белгілері мен төлем құжаттары Ереженің 221-тармағына сәйкес инкассоға қабылданады.
      Ұлттық Банктiң бөлiмшесiнен ақша белгiлерiн айналымға түсiруге жарамды деп танығаны туралы сараптаудың қорытындысын алғаннан кейiн клиентке ақшаның сараптауға қабылданғаны туралы тiзiмдеме актiнiң өзiндегi данасы негiзiнде ақша белгiлерiн айырбастап бередi. Ұлттық Банктiң бөлiмшесiнен күмәндi ақша белгiлерiнiң төлем жасаудың заңды құралы ретiнде күшiн жоғалтқанын тану туралы сараптаудың қорытындысын алған кезде ақша белгiлерi айырбасталмайды және клиентке ақша белгiлерiн сараптау қорытындысының бiр данасы (көшiрмесi) берiледi.
      Ақшаны енгізуші арасында қолдан жасалғандығының анық белгілері бар ұлттық немесе шетел валютасындағы ақша белгілері (төлем құжаттары) табылған қолма-қол ақшаны ұсынған кезде, мұндай ақша белгілері (төлем құжаттары) клиентке қайтарылмайды, ішкі істер органдарына немесе қаржы полициясы органдарына беріледі.
      Кассир осы факт туралы касса бөлімшесінің басшысына баяндайды, ол дереу банк басшысына хабарлайды. Банк басшысы ішкі істер органдарын немесе қаржы полициясы органдарын және банктің қауіпсіздік қызметін хабардар етеді.
      Ішкі істер органдарының немесе қаржы полициясы органдарының өкілдері банкке келгеннен кейін қолдан жасалғандығының анық белгілері бар ұлттық валютадағы немесе шетел валютасындағы ақша белгілерін (төлем құжаттарын) алады, мұндай ақша белгілерінің (төлем құжаттарының) алынғаны туралы хаттама жасалады, оның бір данасы клиентке беріледі. Хаттаманың көшірмесі банкте қалады. Банктің касса меңгерушісі хаттама көшірмесінің негізінде номиналын, сериясын, нөмірін және анықталған күнін көрсете отырып, қолдан жасау белгілері бар ақша белгілері (төлем құжаттары) туралы хабарлама ресімдейді, оны бес жұмыс күні ішінде банк орналасқан жердегі Ұлттық Банктің аумақтық филиалына жібереді.
      Ішкі істер органдары немесе қаржы полициясы органдары ақша белгілерінің (төлем құжаттарының) түпнұсқа екендігін растаған жағдайда, олар ақша белгілерінің құнын клиентке өтейтін банкке қайтарылады, ал қолдан жасалғаны белгілі болған жағдайда - заттай айғақ ретінде ішкі істер органдарында немесе қаржы полициясы органдарында қалады.
      Ескерту: 19-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005.12.12 N 156, 2008.11.28 N 94 Қаулыларымен.

      20. Егер клиент ақшаны кассаға салмаған болса, кассир кiрiстiк касса құжаттарын кассаның тексерушi бухгалтерiне қайтарып бередi. Касса журналындағы жазбалар жойылады, кассалық кiрiс құжаты сызып тасталынып, бiр күнгi касса құжаттарына тiгiледi. 



      21. Жұмыс күнiнiң соңында кассалық кiрiс құжаттарының негiзiнде кассир (бухгалтер-кассир) бiр күнгi касса айналымы және құндылықтардың қалдығы туралы есеп беру анықтамасын жасайды (Ережеге 5 қосымша) және анықтамадағы соманы өзi iс жүзiнде қабылдаған ақша сомасымен салыстырып тексередi.
      Анықтамаға кассир қол қояды және онда көрсетiлген касса айналымдары касса журналындағы жазбалармен салыстырылып тексерiледi. Салыстырып тексеру касса журналындағы кассирдiң, анықтамадағы тексерушi бухгалтердiң қолымен ресiмделедi. Бухгалтер-кассир есеп беру анықтамасын ресiмдеген кезде, айналымды аға кассир салыстырып тексередi және қол қояды.
      Ескерту: 21-тармақта және бұдан әрі мәтін бойынша "N" белгісі алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 12 желтоқсандағы N 156 қаулысымен. 
      22. Жұмыс күнiнiң барысында қабылданған ақшаны кассир (бухгалтер-кассир) жинақтайды, орайды, оны анықтамамен және кiрiс құжаттарымен бiрге кассир берген және қабылдап алған ақшаны (құндылықтарды) есепке алу кiтабына қол қойып касса меңгерушiсiне (аға кассирге) тапсырады (осы Ережеге 6 қосымша).
      23. Кiрiс кассасына түскен ақшаны жұмыс күнi барысында бiрнеше рет кассирдiң берген және қабылдап алған ақшаны (құндылықтарды) есепке алу кiтабына қол қою арқылы касса меңгерушiсiне (аға кассирге) тапсыруға болады (Ережеге 6 қосымша). Мұндай жағдайда ақшаны тапсырғанға дейiн кассир нақты қолдағы бар ақшаның қабылданған кiрiс құжаттары бойынша жалпы сомаға сәйкес келетiнiн тексеруi тиiс.
      24. Құндылықтардың iс жүзiндегi бары мен есеп беру құжаттарындағы деректердiң арасында айырмашылық болған жағдайда кассир бұл туралы касса меңгерушiсiне (аға кассирге) мәлiмдейдi. Артықтығы немесе кемiстiгi анықталған жағдайда акт жасалады (Ережеге 7 қосымша), ал касса қызметкерi касса бөлiмшесiнiң бастығына түсiнiктеме жазып тапсырады.
      25. Касса меңгерушiсi (аға кассир) қабылданған ақша сомасын анықтамамен және кiрiс құжаттарымен салыстырып тексерiп, анықтама жазып бередi.
      26. Жұмыс күнi барысында түскен барлық қолма-қол ақша операциялық кассаға кiрiске алынуға және клиенттердiң тиiстi шоттарына сол жұмыс күнi жазылуға тиiс.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет