Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша



Дата01.07.2016
өлшемі146.82 Kb.
#169520


«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша

өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына

тұжырымдама



  1. Заң жобасының аты

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».


  1. Заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесі

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеу «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған жағдайда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін сәйкес келтіру қажеттілігімен, сондай-ақ «Мемлекет басшысының 2011 жылғы 28 қаңтардағы "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 18 ақпандағы №1158 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарының «Микрокредиттеу құралдарына және оны жүзеге асыру тетіктеріне қол жеткізуді кеңейту мәселелері бойынша заңнамалық базаны жетілдіру» деген 13-тармағын орындау мақсатымен негізделген.

Микрокредиттеу нарығын одан әрі дамытуды, әлеуетті қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды, микрокредиттік ұйымдардың (бұдан әрі – МКҰ) айқындылығын қамтамасыз ету, олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру және МКҰ арасындағы бәсекелестікті ынталандыру мақсатында «микроқаржы ұйымдары» деген ұғымды және МҚҰ қызметін реттеу, бақылау мен қадағалауды енгізу ұсынылады.

Осыған байланысты «микрокредиттік ұйымдар» деген ұғымды жаңадан енгізілетін «микроқаржы ұйымдары» (бұдан әрі – МҚҰ) деген ұғыммен ауыстыру және, тиісінше, Қазақстан Республикасының бірқатар нормативтік құқықтық актілеріне, атап айтқанда:

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім)


(718-бап);

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексіне (168-1-бап);



«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) (106, 143,
262-баптар);

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (30, 40-2-баптар);

«Жеке кәсiпкерлiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (18-бап);

«Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (24-бап) тиісті өзгерістер енгізу талап етіледі.



Мемлекеттік уәкілетті органның тарапынан МҚҰ-ны мемлекеттік реттеуді енгізу мақсатында «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына микроқаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау өкілеттіктерін беру бөлігінде толықтырулар енгізу болжанады.

МҚҰ-ның бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесін мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асыратынына байланысты «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (20-бап) да толықтырулар енгізу қажет.

Сонымен қатар, МҚҰ-ға қатысты бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру шараларының аясында мемлекеттік уәкілетті органның шектеулі ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолдану құқығы көзделетін болады. Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексіне «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында көзделген бұзушылықтар үшін МҚҰ-ға арналған айыппұлдардың мөлшерлерін айқындау бөлігінде толықтырулар енгізу (168-1, 541, 636-баптар) талап етіледі.

Сонымен қатар МҚҰ үшін Қазақстан Республикасында кредиттік тарихты қалыптастыру (Кредиттік бюро) жүйесіне міндетті қатысу белгіленеді, бұл өз кезегінде «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (18, 20-баптар) толықтырулар енгізуді талап етеді.
3. Заң жобасын қабылдау мақсаты

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінің нормаларын әзірленіп жатқан «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының ережелерімен сәйкес келтіру, сондай-ақ оны қабылдау кезінде туындайтын құқықтық кемістіктер мен қайшылықтарды жою.




  1. Заң жобасының реттеу мәні

Заң жобасының мәні микрокредиттеу саласында туындайтын қоғамдық қатынастар болып табылады. Ең алдымен, бұл – мемлекеттік реттеу, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, МҚҰ-ның қаржылық тұрақтылығы, есептілік, қор жинаудың жаңа көздері, инвестицияларды тарту мәселелері.
5. Заң жобасының құрылымы

Заң жобасы екі баптан тұрады.

1-баппен Қазақстан Республикасының мына заңдарына:

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім);

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексіне;

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі);

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына;

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына;

«Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына;

«Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына;

«Жеке кәсiпкерлiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңына;

«Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

2-баппен Заң жобасын қолданысқа енгізу мерзімдері мен тәртібі айқындалады.


6. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанатын құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдар

Құқықтық салдар:

- микрокредиттеу саласындағы отандық заңнаманың нормаларын үйлестіруді қамтамасыз ету;



- мемлекеттік реттеуді енгізуге байланысты микрокредиттер беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың айқындылығын қамтамасыз ету;

- қазіргі таңда МКҰ Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі мен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде ғана тіркелетіндіктен, жалған ұйымдардың болуына жол бермеу;

- микрокредиттеуді жүзеге асыру кезінде тараптардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік беретін нормаларды жетілдіру болып табылады.



Әлеуметтік-экономикалық салдар:

    • микроқаржы ұйымдары көрсететін қызметтердің қол жетімділігі мен сапасын арттыру;

    • микрокредиттеу қызметтерін көрсетуге байланысты құқықтық қатынастарға қатысушылардың өзара жауапкершілігін арттыру;

- микроқаржыландыру нарығын сауықтыру және ретке келтіру;

- МҚҰ айқын нарығын қалыптастыру;

- қарыз алушы мен МҚҰ-ның өзара қарым-қатынастары тетігін ретке келтіру болып табылады.

Заң қабылданған жағдайда теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдардың басталуы болжанбайды.


7. Басқа да заңнамалық актілерді әзірленіп жатқан заң жобасына бір уақытта (кейіннен) сәйкес келтіру қажеттігі

Талап етпейді.


8. Заң жобасы мәнінің өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттелуі

Реттелмеген.



9. Қаралып отырған мәселе бойынша шетелдік тәжірибенің болуы

2005 жыл микрокредиттеу жылы болғанына байланысты әлемнің көптеген елдерінде микрокредиттеу жүйелерін ендіру жөніндегі ұлттық комитеттер құрылған болатын. Бұл комитеттердің мақсаты – осы саладағы жаһандық проблемаларды анықтау үшін алдымен жекелеген елдерден, ал содан соң әлемдік деңгейде микрокредиттеу жөніндегі ақпаратты жинау, қорытындылау.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2005 жылы Ресейдегі микрокредиттеу нарығының даму жағдайына зерттеулер жүргізді, олардың нәтижелері бойынша мынадай деректер анықталды. Зерттеуге 300-ден аса МКҰ қатысты. Микрокредиттеу деп кәсіпкерлерге, шағын кәсіпорындарға және табысы төмен деңгейдегі жеке тұлғаларға 10 мың АҚШ долл. дейінгі мөлшерде көрсетілетін қаржылық қызметтер түсінілді. Бұл қызметтер негізінен қысқа
мерзімге – 1 жылға дейін көрсетіледі, өйткені бастап келе жатқан кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.


Ресейде жұмыс істейтін МКҰ-ның 31%-ын азаматтардың кредит тұтыну кооперативтері, 17%-ын – ауыл шаруашылығы кооперативтері мен қоғамдары құрайды.

Халықаралық микрокредиттік бағдарламалар өте тиімді жұмыс істейді. Осындай ұйымдардың жалпы санының 3%-ын ғана құрай отырып, олар микроқаржылық қызметтер нарығының басым көлемін өздеріне алады.

Іріктеп алынған 300 ұйымның ішінен барлық МКҰ-ның бестен төрт бөлігі шағын кәсіпорындармен және жеке кәсіпкерлермен жұмыс істейді. Ресей Федерациясының Шағын кәсіпкерлік ресурс орталығының деректері бойынша кем дегенде 3 млн. кәсіпкер қаржылық қолдауға мұқтаж. Алайда, 10 мың АҚШ долл. дейінгі кредиттерге деген мұқтаждықтың қанағаттандырылуы
7%-дан аспайды (Ресей бойынша заемдардың орташа мөлшері – 2 мың АҚШ долл. сәл аз).


Қазіргі таңда қосымша қаржы тарту мәселесі МКҰ үшін ең өткір проблема болып отыр. Сырттан қаржы тарту Ресейдегі МКҰ үшін әзірге қиын болып отыр. Оның себебі микрокредит нарығының инвесторлар үшін салыстырмалы түрде айқын емес әрі беймәлім болуында. Шетелдік кредиттер алу үшін тиісті талаптарға жауап беру қажет. Сонымен бірге, микрокредиттеудің нақты кірістілігі жылына 4–5% болған кезде көптеген инвесторларды кредиттің қайтарылмау тәуекелі қорқытады. Сондықтан микрокредиттеуді дамытудағы және кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды азайтудағы мемлекеттің, бюджет көздерінің атқаратын рөлін күшейту қажет.

Микроқаржы ұйымдары қызметiнiң құқықтық негіздерін жасауды қамтамасыз ету және көрсетілген қызметтің ерекшеліктерін, микроқарыздар беру тәртібі мен талаптарын, микроқаржы ұйымдарын құру, олардың қызметi және қайта ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ құзыретіне Ресейдегі микроқаржыландыру саласындағы бақылау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру жататын атқарушы өкiметтің федералды органының құқықтары мен мiндеттерiн айқындау мақсатында 2011 жылғы 4 қаңтардан бастап «Микроқаржылық қызмет және микроқаржы ұйымдары туралы» РФ Федералды заңы (бұдан әрі – Федералды Заң) күшіне енді.

Федералды Заңға сәйкес микроқаржы ұйымы болып қор, автономиялы коммерциялық емес ұйым, мекеме, коммерциялық емес серіктестік, шаруашылық қоғам немесе серіктестік нысанында тіркелген, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын және микроқаржы ұйымдарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген заңды тұлға танылады. Бұл ретте осы тізілімге енгізілу үшін микроқаржы ұйымы уәкілетті органға белгілі бір құжаттар тізбесін беруі тиіс. Уәкілетті орган Федералды Заңда белгіленген микроқаржы ұйымдарының мемлекеттік тізіліміне заңды тұлға туралы мәліметтерді енгізуден бас тарту үшін негіздемелер болмаған кезде тиісті мәліметтерді енгізеді және өтініш берушіге заңды тұлға туралы мәліметтердің микроқаржы ұйымдарының мемлекеттік тізіліміне енгізілгені туралы куәлік береді.

Федералды Заң шеңберінде бөгде жеке тұлғалардан қарыздар түрінде қаражат тартуға тыйым салу белгіленеді, бұл ықтимал қаржы тәуекелдерін, сондай-ақ олардың жалпы қаржы жүйесі үшін салдарын азайтуға мүмкіндік береді. Микроқаржы ұйымдары бағалы қағаздар нарығында кез келген кәсіби қызмет түрлерін жүзеге асыра алмайтыны белгіленген. Сондай-ақ микроқаржы ұйымы тоқсан сайын уәкілетті органға қызметі туралы және басқарушы органдардың дербес құрамы туралы есепті қамтитын құжаттар ұсынуға міндетті. Көрсетілген құжаттарды ұсыну нысандары мен мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.

Әзірбайжан Республикасында 2010 жылғы 9 ақпанда «Банктік емес кредиттік ұйымдар туралы» Заң (бұдан әрі – Заң) күшіне енді. Әзірбайжанда микроқаржыландыру он жылдан аса жұмыс істеп тұрғанына және дамығанына қарамастан, бұл Заң экономиканың осы саласын ретке келтірудегі алғашқы әрекет болды. Сондықтан осы Заңның қабылдануы жетістік болып табылады, өйткені Әзірбайжанда микроқаржы ұйымдары алғаш рет Парламент мақұлдаған айқын ережелер жинағын басшылыққа алатын болады.

Заң кредит одақтарын қоспағанда, микроқаржы ұйымдарын қоса алғанда, барлық банктік емес кредиттік ұйымдарды (БЕКҰ) қамтиды. Заң шеңберінде БЕКҰ қарыздар беруге және басқа да рұқсат етілген қызметті жүзеге асыруға рұқсат етілетін мамандандырылған кредиттік ұйым ретінде айқындалады. Заңға сәйкес БЕКҰ Әзірбайжан Республикасының Азаматтық Кодексінде айқындалатын кез келген ұйымдастыру-құқықтық нысанда құрылуы мүмкін. Басқаша айтқанда, құрылтайшылар (акционерлер) өз БЕКҰ-ны серіктестіктер, жауапкершілігі шектелген қоғамдар, акционерлік қоғамдар мен кооперативтер түрінде ұйымдастыруға құқылы. Алайда, пайда келтiрмейтін БЕКҰ-ны тек қана қорлар мәртебесімен ұйымдастыруға рұқсат етіледі. Жаңа құқықтық режим шеңберінде БЕКҰ заңды тұлға ретінде тіркелуі тиіс және тиісті жарғылық капитал енгізілуі тиіс. Заңда сомаға қойылатын талаптар белгіленбеген, алайда соманы ӘОБ айқындауы тиіс екені айтылған.



Микрокредиттеу бағдарламалары дамушы елдерде, өтпелі және дамыған нарықтық экономикасы бар елдерде әр түрлі болып келеді. Қазақстан үшін транзитті экономикасы бар немесе осындай кезеңнен өткен елдердің (Польша, Венгрия) тәжірибесі көңіл аударарлық. Олар өте ауқымды емес және басты мақсаты ретінде кедейлікпен күресті емес, халықтың экономикалық жағынан белсенді санаттарын білдіретін кәсіпкерлік бастамашылықты қолдауды қарастырады. Сондықтан осындай бағдарламалардың салдары кедейлікті еңсеру және күнкөрістің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету емес, кәсіпкерлік белсенділікті жандандыру, жергілікті нарықтарды дамыту және ұзақ мерзімді перспективада – «орташа класты» қалыптастыру болып табылады.

2008 жылы Польшада 60-тан астам кредиттік одақ болған. Олардың мүшелерінің саны 1 754 000 адамнан асты. Бірқатар жылдар ішінде польшалық микрокредиттеу жүйесінде оң динамика байқалуда. Мәселен, егер 1992 жылы Польшада микрокредитті 14 137 адам ғана пайдаланса, 2000 жылы кредит алушылар саны 390 000 адамнан асып, 2007 жылы 1 669 000 адамға жетті.

Жүйеленген маркетингті, өнімдер мен рәсімдерді стандарттауды, клиенттерге қызмет көрсетудің бірыңғай бағдарламалық өнімдерін, өзара кепілдік жүйесін және басқаларды қамтитын микрокредиттеу саласындағы мемлекеттік саясат польшалық микрокредиттеу жүйесінің дамуына септігін тигізіп отыр.

Польшада микроқаржы институттарының қызметін банк заңнамасы, Ұлттық банктің арнайы нұсқаулықтары, «Кредиттік одақтар туралы» Заң, «Кәсіпкерлік қызмет еркіндігі туралы» Заң реттейді.

«Кәсіпкерлік қызмет еркіндігі туралы» Заң Польшадағы шаруашылық қызметтің жүзеге асырылу қағидаттарын айқындайды.

Польшалық микрокредиттеу институттары жүйесінің дамуына жасалған талдау микрокредиттік ұйымдардың қалыптасуына Еуропа қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк және т.б. сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының маңызды рөл атқарғанын көрсетті.

АҚШ-тың микрокредиттеу саласындағы тәжірибесі дамыған елдердің арасындағы ең көрнектісі болып табылады. АҚШ-та қаржы секторының ресми институттары басшылыққа алатын ең нақты және жетілдірілген нормативтер жүйесі бар. Олардың жұмыс істеу қабілеті тек қана кредиттер айналымынан түсетін пайдамен айқындалатын болғандықтан, олардың қызмет стандарттары айтарлықтай дәрежеде банк методологияларын, резервтеу нормаларын, қамтамасыз ету құралдарын басшылыққа алады. Микрокредиттеу үрдістері салыстыра алғанда қымбат емес кредиттерге қол жетімділікті айқындайтын және шағын кәсіпорындардың қаржылық қажеттіліктері мен даму мүдделерін қанағаттандыратын «төменгі сектор» қызметін реттейтін заңнамалық нормалармен қамтамасыз етілетіні маңызды. АҚШ халқының банк қызметтерімен қамтылмаған үлесі 5-6% (салыстырар болсақ, дамушы елдерде және өтпелі экономикалы елдерде бұл үлес 80%-ға, ал Африкада — тіпті 95%%-ға дейін жетеді) құрайды. Бұл АҚШ пен әлсіз дамыған елдердің арасындағы (басқа да индустриалды елдер сияқты) кейбір стратегиялық алшақтықтарға себепші болады. Сондықтан АҚШ тәсілдері микроқаржыландыруды арнайы заңнамалық қамтамасыз етуге шоғырланып қана қоймай, сонымен қатар мемлекет басқаратын кредит институттары қызметінің нормативтерін, үкіметтік жәрдем қаражат пен мақсатты кредиттер беру тәртібін, қымбат емес қаржылық қызметтерді көрсетуге қойылатын заңнамалық талаптарды қамтиды.

Microfinance Information Exchange (MIX) және Табысы аз адамдарға консультативтік көмек тобының (CGAP) 2008 жылғы «Шығыс Еуропа және Орталық Азия: Микроқаржыландыру талдамасы және оның салыстырмалы көрсеткіштері» баяндамасында жалпы қарастырылатын елдердің заң шығарушылары түрлі банктік емес ұйымдастыру-құқықтық нысандар жиынтығының әр түрлі болуын көздей отырып және рұқсат етілген қаржылық қызметтер жиынтығын кеңейте келе, микроқаржы заңнамасын ырықтандыру жолын таңдағаны айтылады.

Сонымен қатар, әсіресе залал тәуекелі мен инвестициялау талаптарына қатысты ақпарат жариялау сапасын жақсарту, сондай-ақ тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын көтеру және тұтынушыларды зерттеулерді жетілдіру қажет екені атап айтылды. 2008-2009 жылғы қаржы дағдарысы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағына жеткен кезде сектор өкілдері ол қаржылық қызметтердің табысы аз адамдар үшін қол жетімділігін арттыруға бағытталған құқықтық және реттеуіш реформаларға бөгет жасайды немесе оларды тоқтатады деп қауіптенген еді. Осындай болжамдарға қарамастан, аймақтың бірқатар елдерінде заңнамада елеулі өзгерістер болған немесе реттеу саласында маңызды пікірталастар басталған кезде қаржылық қол жетімділікті арттыру бағдарламасы әлсіреген жоқ, тіпті нығая түсті. Мысалы, Босния мен Герцеговинада қазіргі кезде екі басты тақырыпты: коммерциялық емес МҚҰ-ны (микрокредиттік қорларды – МКҚ) коммерциялық компанияларға (микрокредиттік компанияларға – МКК) қайта құрудың оңтайлы тәсілдерін жасауды талқылау жүріп жатыр. Қолданыстағы заңға дәйектемеге сәйкес МКК-ны құрған МКҚ нарықта қала беруі және кредиттеуді жалғастыра беруі тиіс болғандықтан, бұған нарық ойыншыларының санын төмендету мақсатында МКҚ-ны шоғырландыру арқылы қол жеткізуге болады.

Әзірше реттеушілер арасында банктік емес МҚҰ мен олардың квази-салымшылары арасындағы өзара қарым-қатынастар ережесін белгілеу кезінде қашан «реттеуді іске қосқан» жөн екендігіне қатысты бірыңғай пікір қалыптасқан жоқ. Соған қарамастан, әсіресе залал тәуекеліне және инвестициялау талаптарына қатысты ақпарат жариялау сапасын жақсарту, сондай-ақ тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын көтеру және тұтынушыларды зерттеуді жетілдіру қажет екендігі анық.

Жалпы алғанда, халықаралық зерттеулер, мәселен, іріктеп алынған елдердің1 тұжырымдамалық негіздері мен микроқаржыландыру туралы заңнамасын салыстырмалы талдау нәтижелері бойынша осындай зерттеулерге кіргізілген елдердің микроқаржыландыруды дамытуға мүмкіндік беретін тұжырымдамалық негіздер, сондай-ақ реттеу мен қадағалау барысында басшылыққа алған жөн болатын қағидаттарды жасау қажеттілігіне қатысты ымыраға қол жеткізгенін атап өткен жөн. Бірінші кезекте, заң шығарушылар микроқаржыландырудың жекелеген арнайы заңнама нысанасы болу-болмауын немесе МҚҰ-ның қолданыстағы тұжырымдамалық негіздерге сәйкес реттелуі тиіс екенін шешуі тиіс. Әрбір тәсілді қолдайтын және оған қарсы болатын айғақтар, сондай-ақ екі тәсілді де табысты қолдану мысалдары бар. Түпкілігінде, осы мәселе бойынша шешім іс жүзіндегі саясаты мен заңнамалық базасы, сондай-ақ микроқаржыландыру секторының даму деңгейі ескеріліп, жеке алғандағы әрбір елдің ерекшеліктері негізінде қабылданады.
10. Заң жобасын іске асыруға байланысты болжанатын қаржылық шығындар

Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді.



1 International Finance Corporation «Таңдаулы елдердің тұжырымдамалық негіздерін және микроқаржыландыру туралы заңнамаларын салыстырмалы талдау», 2010 жылғы қыркүйек.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет