ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҰЛТТЫҚ БАНКІ
№ 42 БАСПАСӨЗ Р Е Л И З І
2012 жылғы 8 қараша
Қаржы нарығындағы ахуал туралы
-
Инфляция
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша инфляция 2012 жылғы қазанда 0,7% (2011 жылғы қазанда – 0,2%) деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,6% (0,1%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,6% (0,4%-ға), ақылы қызмет көрсету 0,9% (0,3%-ға) өсті.
Азық-түлік тауарлары нарығында 2012 жылғы қазанда көп дәрежеде жұмыртқа 5,8%-ға, макарон өнімдері – 2,1%-ға, ұн – 2,0%-ға, май және тоң май – 1,2%-ға, ет және ет өнімдері – 0,5%-ға, оның ішінде қой еті – 0,9%-ға, жылқы еті – 0,8%-ға, шошқа еті – 0,6%-ға қымбаттады. Қант бағасы 1,9%-ға, жарма – 0,4%-ға төмендеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында киім мен аяқ киімнің бағасы 0,5%-ға, күнделікті үй заттары - 0,3%-ға, дәрі-дәрмек - 0,1%-ға көтерілді. Бензиннің құны – 2,5%-ға, дизель отынының құны – 5,0%-ға өсті.
Ақылы қызмет көрсету тобында тұрғын үй-коммуналдық саласындағы қызметке ақы төлеу 0,9%-ға өсті. Бұл ретте орталықтан жылыту тарифтері 2,0%-ға, үйді жалдау – 1,1%-ға, қоқыс жинау – 0,6%-ға, ыстық су – 0,5%-ға көтерілді. Өткен айда көлік қызметтері 1,9%-ға, білім беру қызметтерінің бағасы – 1,4%-ға, медициналық қызметтер – 0,5%-ға көтерілді.
2012 жылғы қаңтар-қазанда инфляция 4,6%-ды (2011 жылғы қаңтар-қазанда – 6,5%-ды) құрады. Азық-түлік тауарлары 2012 жылдың басынан бастап 3,8%-ға (8,0%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 2,8%-ға (4,4%-ға), ақылы қызметтер 7,5%-ға (6,7%-ға) қымбаттады (1-график).
1-график
2011 және 2012 жж. қаңтар-қазандағы инфляция және оның құрамдас бөліктері
2012 жылғы қазанда инфляция жылдық көрсетуде 5,5%-ды (2011 жылғы желтоқсанда - 7,4%) құрады. Соңғы 12 айда азық-түлік тауарлары 4,9%-ға (9,1%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 3,7%-ға (5,3%-ға), ақылы қызметтер – 8,1%-ға (7,3%-ға) қымбаттады.
-
2012 жылғы 9 айдағы төлем балансы (алдын ала нәтижелер)
Төлем балансын алдын ала бағалау бойынша 2012 жылғы 9 айдағы ағымдағы операциялар шотының профициті 2011 жылғы осындай кезеңімен салыстырғанда 8,6%-ға төмендеп, 10,2 млрд. АҚШ долл. деңгейінде қалыптасты.
Сауда балансының профициті 35,5 млрд. АҚШ долл. дейін 5,0%-ға (2011 жылғы 9 айда 37,4 млрд. АҚШ долл.) төмендеді, кірістері бар операциялар бойынша ресурстардың нетто-әкетілуі (еңбекке ақы төлеу мен инвестициялық кірістер балансын қоса алғанда) 13,1%-ға азайып, 19,0 млрд. АҚШ долл. құрады.
Ағымдағы шоттың басқа да құрамдас бөліктері бойынша қызметтердің және трансферттердің теріс дисбалансы тиісінше 5,7 млрд. АҚШ долл. және 0,5 млрд. АҚШ долл. болды.
Капиталмен және қаржымен операциялар шотының теріс балансы (қателер мен жіберіп алуларды қоса алғанда) 2012 жылғы 9 айда 11,3 млрд. АҚШ долл. құрады.
Шетелге тікелей инвестициялар бойынша нетто-әкетілу 1,8 млрд. АҚШ долл. болды. Қазақстанға шетелдік тікелей инвестициялардың (ШТИ) таза келіп түсуі 9,4 млрд. АҚШ долл. (2011 жылғы 9 айда 12,5 млрд. АҚШ долл.) құрады. Нәтижесінде тікелей инвестициялау операциялары бойынша оң баланс 2012 жылғы 9 айда 2011 жылғы 9 айдағы 8,6 млрд. АҚШ долл. салыстырғанда, 7,6 млрд. АҚШ долл. мөлшерінде қалыптасты.
Портфельдік инвестициялар бойынша 12,5 млрд. АҚШ долл. мөлшеріндегі нетто-әкетілу Ұлттық қордың шетелдік активтерінің 11,9 млрд. АҚШ долл. өсумен және қазақстандық банктердің борыштық міндеттемелерінің 1 млрд. АҚШ долл. жуық төмендеуімен қамтамасыз етілді.
-
Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары.
2012 жылғы қазанда Ұлттық Банктің халықаралық резервтері төмендеді. Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 29,1 млрд. АҚШ долл. дейін 3,4%-ға азайды (жыл басынан - 0,9%-ға төмендеді), Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 3,5%-ға азайып, 28,5 млрд. АҚШ долл. құрады (жыл басынан 0,8%-ға төмендеді). Таза валюта қорлары (ЕАВ) 2012 жылғы қазанда 5,2%-ға азайды. Алтындағы активтер әлемдік нарықтарда оның бағасының төмендеуіне қарамастан, жүргізілген операциялар нәтижесінде 3,5%-ға өсті.
2012 жылғы қазанда елдің халықаралық резервтері тұтастай алғанда, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда (алдын ала деректер бойынша 56,9 млрд. АҚШ долл.) 0,6%-ға 86,0 млрд. АҚШ долл. дейін ұлғайды (жыл басынан бастап 17,9%-ға өсті).
2012 жылғы қазанда ақша базасы 4,1%-ға тарылды және 2832,5 млрд. теңге (жыл басынан бастап тарылуы – 0,2%) болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 3,1%-ға 2767,5 млрд. теңгеге дейін тарылды.
2012 жылғы қыркүйекте ақша массасы 1,8%-ға 10514,8 млрд. теңгеге дейін ұлғайды (жыл басынан бастап өсуі –7,8%). Айналыстағы қолма-қол ақшаның көлемі 1,2%-ға 1421,8 млрд. теңгеге дейін ұлғайды (жыл басынан бастап өсуі – 4,1%), банк жүйесіндегі депозиттер 1,9%-ға 9093,0 млрд. теңгеге дейін өсті (жыл басынан бастап өсуі – 8,4%). Депозиттердің ақша массасы құрылымындағы үлесі 2012 жылғы тамыздағы 86,4%-дан 2012 жылғы қыркүйекте 86,5%-ға дейін өсті. Айналыстағы қолма-қол ақшаның өсуіне қарағанда, депозиттер көлемінің қарқынды өсуі депозиттер үлесі өсуінің негізгі себебі болды.
Ақша мультипликаторы 2012 жылғы қыркүйекте тіркелген ақша массасының өсу қарқынына қарағанда, ақша базасының кеңею қарқыны жоғары болуы салдарынан 2012 жылғы тамыздағы 3,68-ден 2012 жылғы қыркүйектегі қорытындылар бойынша 3,56 дейін төмендеді.
-
Валюта нарығы
2012 жылғы қазанда теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 149,86–150,68 теңге ауқымында өзгерді. 2012 жылғы қазанда теңге 0,6% әлсіреді және айдың аяғында теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 150,77 теңге болды.
2012 жылғы қазанда Қазақстан қор биржасындағы биржалық операциялардың көлемі қосымша сауда-саттықтардағы мәмілелерді ескергенде 2012 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 8,9% ұлғайды және 4,6 млрд. АҚШ долл. болды. Биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі 32,9% төмендеп, 1,5 млрд. АҚШ долл. болды.
Тұтастай алғанда ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі 6,0% төмендеді және 6,1 млрд. АҚШ долл. болды.
-
Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы
2012 жылғы қазанда Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 16 аукцион өткізілді. Онда 12 айлық МЕККАМ (5,9 млрд. теңге және 1,9 млрд. теңге), 4-жылдық МЕОКАМ (3 млрд. теңге), 5-жылдық МЕОКАМ (7,7 млрд. теңге, 3,3 млрд. теңге, 19,6 млрд. теңге), 6-жылдық МЕУКАМ (5,8 млрд. теңге), 7-жылдық МЕУКАМ (4,6 млрд. теңге, 8,9 млрд. теңге, 10,5 млрд. теңге), 10-жылдық МЕУКАМ (3,7 млрд. теңге және 2,3 млрд. теңге), 20-жылдық МЕУКАМ (0,6 млрд. теңге), 15-жылдық МЕУКАМ (4,8 млрд. теңге), 8-жылдық МЕУЖКАМ (20 млрд. теңге), 12-жылдық МЕУЖКАМ (60 млрд. теңге) орналастырылды.
Орналастырылған бағалы қағаздар бойынша тиімді кірістілік: 12-айлық МЕККАМ бойынша – 2,46% және 3,03%, 4-жылдық МЕОКАМ – 5,37%, 5-жылдық МЕОКАМ – 5,58%, 6-жылдық МЕУКАМ – 5,50%, 7-жылдық МЕУКАМ – 6,00%, 6,02%, 6,01%, 10-жылдық МЕУКАМ – 6,35%, 20-жылдық МЕУКАМ – 6,50%, 15-жылдық МЕУКАМ – 6,50%, 8 және 12-жылдық МЕУЖКАМ бойынша инфляция деңгейінен 0,01% болды.
Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі өткен аймен салыстырғанда 5,9%-ға ұлғайып, 2012 жылғы қазанның аяғында 2697,1 млрд. теңге болды.
Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары.
Ұлттық Банктің ноттары эмиссиясының көлемі 2012 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 2012 жылғы қазанда 41,2% қысқарып, 11,0 млрд. теңгені құрады.
Бұл ретте 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион өтті және олар бойынша тиімді кірістілік 1,05% болды.
Айналыстағы ноттар көлемі 2012 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 2012 жылғы қазанның аяғында 21,5% қысқарды және 325,7 млрд. теңге болды.
-
Банкаралық ақша нарығы
2012 жылғы қыркүйекте орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі 2012 жылғы тамызбен салыстырғанда 37,4%-ға азайып, баламасы 1144,6 млрд. теңге болды.
Орналастырылған теңгедегі банкаралық депозиттердің көлемі 50,5% азайып, 234,4 млрд. теңге (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 20,5%) болды. Бұл ретте орналастырылған теңгедегі банкаралық депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2012 жылғы қыркүйекте 1,02%-дан 0,83%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық Банк банктерден тартқан депозиттердің көлемі 2012 жылғы қыркүйекте тамызбен салыстырғанда 198,9 млрд. теңгеге дейін 54,6%-ға азайды.
2012 жылғы қыркүйекте 2012 жылғы тамызбен салыстырғанда орналастырылған доллардағы депозиттердің көлемі 31,0% азайды және 5,9 млрд. АҚШ долл. (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 77,8%) құрады. Орналастырылған доллардағы депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2012 жылғы қыркүйекте бұрынғы деңгейде – 0,13% болып қалды.
Еуродағы және рубльдегі депозиттерге орналастыру көлемі шамалы болып қалуда – орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінен тиісінше 0,03 және 1,6%.
Шетел валютасындағы банкаралық депозиттердің үлесі 2012 жылғы қыркүйекте орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 74,1%-нан 79,5%-на дейін ұлғайды. Орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемінен шетел валютасында резидент емес банктерде орналастырылған депозиттердің үлесі 73,5%-дан 76,3%-ға дейін ұлғайды.
7. Депозит нарығы
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің жалпы көлемі 2012 жылғы қыркүйекте 1,9%-ға 9093,0 млрд. теңгеге дейін өсті (жыл басынан ұлғаю 8,4%). Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 2,1%-ға 5957,8 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 1,6%-ға 3135,1 млрд. теңгеге дейін өсті.
2012 жылғы қыркүйекте шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 0,2%-ға 2827,2 млрд. теңгеге дейін төмендеді, ұлттық валютада – 2,9%-ға 6265,7 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 2012 жылғы тамыздағы 68,2%-бен салыстырғанда 2012 жылғы қыркүйекте 68,9%-ға дейін ұлғайды.
Банктердегі халықтың салымдары (резидент еместерді қоса есептегенде) 2012 жылғы қыркүйекте 1,6%-ға 3167,0 млрд. теңгеге дейін өсті (жыл басынан бастап өсу 14,8%). Халықтың салымдары құрылымында теңгедегі депозиттер 2,4%-ға 1847,8 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер 0,4%-ға 1319,3 млрд. теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 2012 жылғы тамыздағы 57,9%-бен салыстырғанда 58,3%-ға дейін өсті.
2012 жылғы қыркүйекте банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2,3% (2012 жылғы тамызда – 2,1%), ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,3% (7,8%) болды.
-
Кредит нарығы
2012 жылғы қыркүйекте банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы көлемі 9531,0 млрд. теңгені құрап, 1,5%-ға ұлғайды (жыл басынан бастап өсу 8,2%).
2012 жылғы қыркүйекте ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 6583,2 млрд. теңгеге дейін 2,8% өсті (жыл басынан бастап – 15,9% өсу), шетел валютасында – 2947,9 млрд. теңгені құрап, 1,4%-ға төмендеді (жыл басынан бастап 5,8%-ға төмендеу). Теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы тамыздағы 68,2%-бен салыстырғанда 2012 жылғы қыркүйекте 69,1%-ға дейін өсті.
2012 жылғы қыркүйекте ұзақ мерзімді кредиттеу 7739,9 млрд. теңгеге дейін 1,7% өсті, қысқа мерзімді кредиттеу 1791,2 млрд. теңгеге дейін 0,4%-ға ұлғайды. Нәтижесінде ұзақ мерзімді кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы тамыздағы 81,0%-бен салыстырғанда 2012 жылғы қыркүйекте 81,2%-ға дейін өсті.
2012 жылғы қыркүйекте заңды тұлғаларға кредиттер 6835,7 млрд. теңгені құрап, 1,3%-ға өсті, жеке тұлғаларға – 2695,3 млрд. теңгеге дейін 2,0%-ға ұлғайды. Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы тамыздағы 28,1%-бен салыстырғанда 2012 жылғы қыркүйекте 28,3%-ға дейін өсті.
2012 жылғы қыркүйекте шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 1402,3 млрд. теңгеге дейін 1,7%-ға ұлғайды, бұл экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінің 14,7% құрайды.
Банктердің экономикаға берілген кредиттерінің неғұрлым айтарлықтай сомасы салалық бөлуде сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 19,8%), құрылыс (14,4%), өнеркәсіп (12,2%), көлік (3,9%) және ауыл шаруашылығы (3,2%) сияқты салаларға тиесілі.
2012 жылғы қыркүйекте банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,0% (2012 жылғы тамызда – 11,2%), жеке тұлғаларға – 21,1% (20,5%) құрады.
9. Экономиканың нақты секторы кәсіпорындары мониторингінің 2012 жылғы 3-тоқсандағы нәтижелері туралы
2012 жылғы қазанда экономиканың нақты секторындағы ахуалды бағалау мақсатында 2012 жылғы 3-тоқсан бойынша кәсіпорындардың кезекті мониторингі жүргізілді. Ел экономикасының негізгі салаларын көрсететін мониторингке қатысушы кәсіпорындардың саны 2012 жылғы 2-тоқсан бойынша пікіртеріммен салыстырғанда 2437-ден 2491-ге дейін, оның ішінде орташа және ірілері – 1480-нен 1506-ға дейін өсті.
2012 жылғы 3-тоқсанда теңге бағамының АҚШ долларына, еуроға және Ресей рубліне қатысы бойынша өзгеруінен шаруашылық қызметіне теріс әсерді сезінген кәсіпорындардың үлесі өсті (тиісінше 16,1%-ға, 11,2% және 12,7%-ға дейін). Кәсіпорындардың көпшілігі осы валюталарға қатысты теңге бағамының өзгеруінен шаруашылық қызметіне әсерін байқаған жоқ (тиісінше 59,7%, 62,7% және 62,3%).
2012 жылғы 3-тоқсанда кредит алған кәсіпорындардың үлесі шамалы азайды (2012 жылғы 2-тоқсандағы 21,5%-дан 20%-ға дейін), сондай-ақ банктердің кредиттері бойынша берешегі бар кәсіпорындардың саны шамалы азайды (2012 жылғы 2-тоқсандағы 38,6%-дан 38,3%-ға дейін). 2012 жылғы 4-тоқсанда кредит алуға кәсіпорындардың 22,1%-ы ниеттеніп отыр (3-тоқсанда - 23,2%).
Кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі аздап төмендеді. Меншікті қаражаты есебінен негізгі құрал-жабдықтарды қаржыландырған кәсіпорындар үлесінің азаюы (2012 жылғы 2-тоқсандағы 61,7-ден 61%-ға дейін) және банктердің кредиттері есебінен негізгі құрал-жабдықтарды қаржыландырған кәсіпорындар үлесінің азаюы (2012 жылғы 2-тоқсандағы 5,6-ден 5,5%-ға дейін) және инвестицияларды қаржыландырмаған кәсіпорындар үлесінің ұлғаюы (2012 жылғы 2-тоқсандағы 32,9%-дан 33,4%-ға дейін) осыны көрсетеді. Бұл ретте теңгемен берілетін кредиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлемелердің 12,3%-ға дейін төмендеуі және шетел валютасымен берілетін кредиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлемелердің 11,1%-ға дейін аздап көтерілуі байқалады.
Тұтастай алғанда экономиканың нақты секторы бойынша кәсіпорындардың дайын өнімдеріне деген сұраныс елеулі өсті. Сұраныстың өскенін кәсіпорындардың 28,6% (2012 жылғы 2-тоқсанда - 28,2%) атап өтсе, төмендегенін респонденттердің 15,1% (2012 жылғы 2-тоқсанда - 15,9%) ғана атап өтті. Сұраныстың елеулі өсуі ауыл шаруашылығында, өндіру өнеркәсібінде, көлік пен байланыста, құрылыста, «электр энергиясын, газ бен суды өндіру мен бөлу» саласында, «жылжымайтын мүлікпен операциялар, жалдау және кәсіпорындарға қызметтер» саласында болды. Тұтастай алғанда, 2012 жылғы 4-тоқсанда сұраныстың өсуі күтілуде.
Кәсіпорындардың дайын өніміне бағаның өсу қарқыны 2012 жылғы 3-тоқсанда аздап өсті. Бұл ретте ең көп өсу ауыл шаруашылығында және өндіру өнеркәсібінде күтіледі. Экономиканың басқа салаларында да бағаның өсуі байқалады. Құрылыста және «электр энергиясын, газ бен суды өндіру мен бөлу» және «қонақүйлер және мейрамханалар» салаларында ғана өсудің баяулауы байқалды. 2012 жылғы 4-тоқсанда өндіру өнеркәсібі мен құрылыстан басқасының бағаларының өсу қарқынының ұлғаюы күтіледі.
2012 жылғы 3-тоқсанда шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны аздап ұлғайды. Іріктеу бойынша тұтастай алғанда шикізат пен материалдар бағасының өсуін атап өткен кәсіпорындардың үлесі 49%-ды құрады және кәсіпорындардың 2%-ы ғана бағаның төмендегенін атап өтті. 2012 жылғы 4-тоқсанда бағаның өсуінің баяулауы күтіледі.
3-тоқсанда нақты сектордың қаржылық ахуалы тұтастай алғанда біршама нашарлады: төмен рентабельді және шығынды кәсіпорындардың үлесі 22,4%-ға дейін (2012 жылғы 2-тоқсандағы 21,9%-дан) аздап ұлғайды, тиісінше орташа және жоғары рентабельді кәсіпорындардың үлесі 77,6%-ға дейін (2012 жылғы 2-тоқсандағы 78,1%-дан) шамалы азайды. Бұл ретте сатудың орташа рентабельдігі (салық салынғанға дейін) 2012 жылғы 3-тоқсанда 40,2%-ға дейін (2012 жылғы 2-тоқсандағы 43,6%-дан) азайды.
Достарыңызбен бөлісу: |