Қазақстан республикасының Ұлттық банкі №7 баспасөзрелизі



Дата23.02.2016
өлшемі220 Kb.
#5144


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ҰЛТТЫҚ БАНКІ

7 БАСПАСӨЗ Р Е Л И З І



2012 жылғы 14 ақпан
Қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Қазақстанның 2011 жылы макроэкономикалық дамуының қысқаша қорытындылары

2011 жылы инфляциялық процестер түрлі бағыттағы сипатта болды. 2011 жылдың бірінші жартыcында инфляцияның бірқатар құрылымдық проблемалармен және факторлармен байланысты қарқынының аздап үдеуі байқалды. Әлемдік тауар нарықтарындағы тұрақсыз ахуал, шикізат пен азық-түліктің әлемдік бағаларының өсуі, баға қалыптастыру тетігінің тиімсіздігі, тауарлар мен қызметтердің жекелеген нарықтарындағы бәсекелестік деңгейінің төмендігі олардың ішіндегі маңыздыларының бірі болды. Үкімет пен Ұлттық Банктің баға тұрақтылығын қамтамасыз етудегі іс-қимылдарының үйлесімділігі мен теңгерімділігі инфляция қарқынын айтарлықтай баяулатуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 2011 жылдың қорытындылары бойынша жылдық инфляция 6-8%-дық мақсатты дәліз шеңберінде қалыптасып, 7,4% құрады.

Қазақстан Республикасының төлем балансын алдын ала бағалау бойынша ағымдағы операциялар шотының профициті 2010 жылғы осындай көрсеткішпен салыстырғанда 4,5 есе дерлік ұлғая отырып, 2011 жылы 13,6 млрд. АҚШ долл. құрады.

Таза экспорт 2011 жылы, Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, 6,1 млрд. АҚШ долл. болатын халықаралық қызметтермен операциялар бойынша ресурстардың нетто-әкетілуін және тікелей шетелдік инвесторлардың 24,1 млрд. АҚШ долл. дейін өcкен кірістерін өтей отырып, 46,8 млрд. АҚШ долл. болатын оң сальдомен қалыптасты (2010 жылмен салыстырғанда 61,9%-ға өсу).

Алдын ала бағалау бойынша 2011 жылғы қаржы операцияларының шоты бойынша 7,2 млрд. АҚШ долл. болатын нетто-әкетілу қалыптасты. Шетелдік тікелей инвестициялар (нетто) 2011 жылы 8,8 млрд. АҚШ долл. болды. 12,6 млрд. АҚШ долл. портфельдік инвестициялар бойынша нетто-әкетілу, негізінен, Ұлттық қордың шетелдік активтерінің 11,4 млрд. АҚШ долл. өсуімен қамтамасыз етілді.

2011 жылы жұмыссыздық деңгейінің біртіндеп төмендеуі байқалды. 2011 жылғы желтоқсанның қорытындылары бойынша, бағалау деректеріне қарай, ол 2010 жылғы желтоқсандағы 5,5%-дан төмендеп, 5,4% құрады.



Мемлекеттік бюджетке түсімдер 2011 жылы 24,1%-ға ұлғайып, 5444,6 млрд. теңгені құрады, шығыстары 22,3%-ға 6013,2 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2011 жылы мемлекеттік бюджет 568,6 млрд. теңге тапшылықпен қалыптасты.

Бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 2011 жылы Қаржы министрлігі мемлекеттік бағалы қағаздарды шығарды. 2011 жылы Қаржы министрлігі 655,8 млрд. теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыруды жүзеге асырды, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 0,6%-ға аз. 2011 жылы Қаржы министрлігінің айналыстағы мемлекеттік бағалы қағаздарының көлемі 2080,2 млрд. теңгеге дейін 24,6%-ға ұлғайды. Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарының эмиссиясы 2011 жылы 2967,8 млрд. теңге болды, бұл 2010 жылға қарағанда 10,0%-ға аз. Айналыстағы ноттардың көлемі 2011 жылғы желтоқсанның аяғында 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 509,8 млрд. теңгеге дейін 43,3%-ға азайды. 2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарының және Ұлттық Банктің айналыстағы қысқа мерзімді ноттарының көлемі дисконтталған баға бойынша 2590,0 млрд. теңге (2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша − 2568,6 млрд. теңге) болды.

Банк секторының дамуы 2011 жылы оң сипатта болады. Бұл банктердің кредиттік портфелінің біртіндеп жақсаруымен қатар жүреді. Мәселен, 2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 5-санаттағы күмәнді заемдар және үмітсіз заемдар кіретін банктердің несие портфеліндегі жұмыс істемейтін заемдардың үлесі, сондай-ақ біртекті кредиттер бойынша құрылған провизиялар 34,97% болды, ал 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ол 36,47% болды.

2. Ресми қайта қаржыландыру ставкасы туралы

Қаржы нарығындағы үрдістерді және жылдық инфляция қарқынының баяулауын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы 2012 жылғы 14 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми қайта қаржыландыру ставкасын жылдық 7,0% деңгейінде белгілеуге қаулы етті, бұл тарихи тұрғыдан алғанда ең аз деңгей болып табылады. Соңғы рет ресми қайта қаржыландыру ставкасы 2011 жылғы 9 наурызда өзгерді, ол жылдық 7,0%-дан 7,5%-ға дейін көтерілді.




  1. Инфляция

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша инфляция 2012 жылғы қаңтарда 0,3% (2011 жылғы қаңтарда – 1,7%) деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,5% (3,0%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,3% (0,5%) және ақылы қызмет көрсету 0,1% (1,2%) өсті (1-график).

Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда көп дәрежеде жұмыртқа - 1,4%, ет және ет өнімдері – 1,4%, оның ішінде шошқа еті – 2,2%, қой және сиыр еті – 1,6%, жылқы еті – 1,0%, жемістер мен көкөністер – 0,7%, сүт өнімдері – 0,5% қымбаттады. Жарманың бағасы 4,4%, ұн және қант – 2,1%-дан, күнбағыс майы – 1,5% төмендеді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында киім және аяқ киім бағасы 0,5%, ыдыс және асхана құралдары – 0,6%, дәрі-дәрмектер – 0,3% және дизель отыны – 0,2% көтерілді.

Ақылы қызмет көрсету тобында тұрғын үй-коммуналдық саласындағы қызметке ақы төлеу тұтастай алғанда өзгермеді. Сонымен қатар, қоқыс жинағаны үшін тарифтер 2,3%, тұрғын үйді жалға алу – 0,5%, тұрғын үйді ұстау – 0,4% өсті. Сондай-ақ ақылы қызмет көрсету саласында құқықтық қызмет көрсету 6,8%, медициналық қызмет көрсету – 0,8%, мектепке дейінгі және орта білім беру қызметі – 0,8% өсті.

1-график

2011 және 2012 жж. қаңтардағы
инфляция және оның құрамдас бөліктері


2012 жылғы қаңтарда инфляция жылдық көрсетуде 5,9% (2011 жылғы желтоқсанда – 7,4%) болды. Бұл жылдық инфляцияның 2009 жылғы қарашадан басталған ең төменгі деңгейі. Соңғы 12 айда азық-түлік тауарлары 6,5% (9,1%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,1% (5,3%), ақылы қызмет көрсету – 6,1% (7,3%) қымбаттады.
4. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары.

2012 жылғы қаңтарда Ұлттық Банктің халықаралық резервтері ұлғайды. Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 33,2 млрд. АҚШ долл. дейін 13,1%-ға өсті. Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 15,2%-ға ұлғайып, 33,1 млрд. АҚШ долл. құрады. Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету және Ұлттық қордың активтерін алтынвалюта резервтерінің шоттарынан толықтыру Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуімен және банктердің Ұлттық Банктегі корреспонденттік шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтардың өсуімен өтелінді. Нәтижесінде таза валюта қорлары (ЕАВ) 2012 жылғы қаңтарда 14,3%-ға өсті. Алтындағы активтер жүргізілген операциялар және әлемдік нарықтарда оның бағасының өсуі нәтижесінде 20,6%-ға өсті.

2012 жылғы қаңтарда Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (алдын ала деректер бойынша 45,5 млрд. АҚШ долл.) қоса алғанда тұтастай елдің халықаралық резервтері 7,7%-ға 78,7 млрд. АҚШ долл. дейін өсті.

2012 жылғы қаңтарда ақша базасы 19,3%-ға кеңейіп, 3384,1 млрд. теңге құрады. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 3167,7 млрд. теңгеге дейін 15,6%-ға кеңейді.

2011 жылғы желтоқсанда ақша массасы 1,5%-ға 9751,1 млрд. теңгеге өсті (жыл басынан өсуі – 15,0%). Айналыстағы қолма-қол ақша көлемі 10,6%-ға 1365,7 млрд. теңгеге дейін (жыл басынан өсуі – 18,9%), банк жүйесіндегі депозиттер 0,2%-ға 8385,4 млрд. теңгеге дейін (жыл басынан өсуі – 14,3%) өсті. Айналыстағы қолма-қол ақшаның депозиттер көлемінің өсуімен салыстырғанда үдемелі өсу қарқыны ақша массасының құрылымындағы депозиттер үлесінің 2011 жылғы қарашадағы 87,1%-дан 2011 жылғы желтоқсанда 86,0%-ға дейін төмендеуге себепші болды.

Ақша мультипликаторы 2011 жылғы қарашадағы 3,24-тен 2011 жылғы желтоқсанның қорытындысы бойынша 3,44-ке дейін өсті, бұл 2011 жылғы желтоқсанда тіркелген ақша базасының кеңею қарқынымен салыстырғанда ақша массасының өсу қарқынының едәуір жоғары болуымен байланысты.


5. Валюта нарығы

2012 жылғы қаңтарда теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 148,08–148,61 теңге ауқымында ауытқыды. 2012 жылғы қаңтарда теңге 0,1%-ға әлсіреді және айдың аяғында теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 148,56 теңге болды.

2012 жылғы қаңтарда Қазақстанның Қор биржасындағы биржалық операциялардың көлемі қосымша сауда-саттықтардағы мәмілелерді ескергенде 2011 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 42,3% төмендеді және 3,2 млрд. АҚШ долл. болды. Биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі 32,0% төмендеді және 1,5 млрд. АҚШ долл. болды.

Тұтастай алғанда ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі 39,3%-ға азайды және 4,7 млрд. АҚШ долл. құрады.


6. 2009 жылғы девальвация: нәтижелері

2009 жылғы ақпанда Ұлттық Банк теңгенің бір сәтті девальвациясын жүргізді. Бұл шара валюта нарығындағы ахуалды айтарлықтай тұрақтандыруға, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға, елдің төлем балансының жай-күйін жақсартуға және алтынвалюта резервтерін сақтауға мүмкіндік берді. 2009-2011 жылдары теңгенің айырбастау бағамын қалыптастыру Қазақстан экспортының негізгі позицияларының әлемдік жоғары бағалары аясында болды.

Нәтижесінде, 2008 жылғы қазаннан басталатын, дағдарыстық құбылыстар күшейген және энергия ресурстарының әлемдік бағалары төмендей бастаған кезеңде теңге АҚШ долларына қатысты 23,8%-ға әлсіреді.

Мысал үшін осындай кезеңде ресей рублінің АҚШ долларына қатысты әлсіреуі 17,0%, еуро − 6,2% болды. Бұл ретте АҚШ доллары жапон йенасына қатысты − 26,9%, Австралия долларына қатысты − 26,4%, Қытай юаніне қатысты − 7,9%, Канада долларына қатысты − 5,7%, норвегия кронасына қатысты − 2,9% әлсіреді.

Осы кезеңде шетел валюталарының АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамдарының құбылмалылығының жоғары деңгейі байқалды (1-кесте). Бұл ретте теңгенің АҚШ долларына қатысты өзгермелілігі шамалы ғана болды.

1-кесте


2009 жылғы ақпан – 2012 жылғы ақпан1 аралығындағы

валюталардың айырбастау бағамдарының құбылмалылығы


Валюта

Құбылмалылық

KZTUSD

2,3%

AUDUSD

17,8%

NOKUSD

17,4%

CADUSD

13,8%

RUBUSD

13,4%

EURUSD

13,2%

JPYUSD

12,8%

2009 жылғы ақпанда жүргізілген девальвация нәтижесінде теңгенің нақты тиімді айырбастау бағамының (НТАБ) индексі 2009 жылдың соңында одан 0,3% ғана аса отырып, 2000 жылғы бәсекеге қабілеттіліктің базалық деңгейі шегінде болды. Бұл ретте 2009 жылғы желтоқсанда НТАБ индексі 2009 жылғы ақпандағы деңгейден 10,2%-ға төмен болды.

2010-2011 жылдары НТАБ индексінің динамикасы әртүрлі сыртқы факторлардың әсеріне байланысты қалыптасты. 2010 жылдың қорытындылары бойынша НТАБ индексінің нығаюы 2000 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 8,2%-ды, ал 2009 жылғы ақпандағы деңгейге қарағанда НТАБ индексі 3,1%-ға құнсызданды. 2011 жыл ішінде НТАБ индексінің динамикасы әр бағытты болды, алайда жыл соңында нығаюдың нақты үрдісі байқалды, бұл бірінші кезекте сауда әріптестері валюталарының құнсыздануына байланысты болды. Мәселен, 2011 жылдың қорытындылары бойынша НТАБ индексі базалық деңгеймен салыстырғанда 11,3%-ға нығайды, ал 2009 жылғы ақпанмен салыстырғанда 0,4%-ға құнсызданды. 2011 жылғы желтоқсанның аяғында теңгенің АҚШ долларына нақты айырбас бағамы бойынша 2009 жылғы ақпанмен салыстырғанда 12,3% нығаюы байқалды.
7. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы

2012 жылғы қаңтарда Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 5 аукцион болды. Оларда 12 айлық МЕККАМ (9,8 млрд. теңге), 3 жылдық МЕОКАМ (10 млрд. теңге), 9 жылдық МЕУКАМ (8,6 млрд. теңге), 10 жылдық МЕУКАМ (16,1 млрд. теңге), 11 жылдық МЕУЖКАМ (13,2 млрд. теңге) орналастырылды.

Орналастырылған бағалы қағаздар бойынша тиімді кірістілік 12 айлық МЕККАМ бойынша – 2,02%, 3 жылдық МЕОКАМ бойынша – 3,53%, 9 жылдық МЕУКАМ бойынша – 5,00%, 10 жылдық МЕУКАМ бойынша – 5,32%, 11 жылдық МЕУЖКАМ бойынша инфляция деңгейінен 0,01% болды.

Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі өткен аймен салыстырғанда 1,95%-ға ұлғайып, 2012 жылғы қаңтардың аяғында 2120,7 млрд. теңге болды.



Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары. Ұлттық Банктің ноттары эмиссиясының көлемі 2011 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3,4 есе төмендеп, 2012 жылғы қаңтарда 69,8 млрд. теңгені құрады.

Бұл ретте 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 2 аукцион (7,2 млрд. теңге және 32,5 млрд. теңге), 6 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (19 млрд. теңге), 9 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (11,1 млрд. теңге) өтті.

Орналастырылған ноттар бойынша тиімді кірістілік 3 айлық ноттар бойынша 1,01%, 6 айлық ноттар бойынша 1,46%-ды, 9 айлық ноттар бойынша 1,75% құрады.

Айналыстағы ноттардың көлемі 2011 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 6,26%-ға ұлғайып, 2012 жылғы қаңтардың аяғында 541,4 млрд. теңге болды.


8. Банкаралық ақша нарығы

Орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі 2011 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 1300,6 млрд. теңгені құрап, 2012 жылғы қаңтарда 21,4% азайды.

Орналастырылған банкаралық теңгелік депозиттердің көлемі 4,7%-ға азайып, 499,3 млрд. теңге (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 38,4%) болды. Бұл ретте орналастырылған банкаралық теңгелік депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 2012 жылғы қаңтарда 0,57%-дан 0,63%-ға дейін өсті.

Ұлттық Банктің банктерден тартқан депозиттерінің көлемі 2011 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2012 жылғы қаңтарда 492,7 млрд. теңгеге дейін 1,5% азайды.

2011 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2012 жылғы қаңтарда доллармен орналастырылған депозиттердің көлемі 30,5%-ға азайып, 4,8 млрд. АҚШ долл. (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 54,3%) құрады. Доллармен орналастырылған депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 2012 жылғы қаңтарда 0,26%-дан 0,27%-ға дейін өзгерді.

2012 жылғы қаңтарда еуромен орналастырылған депозиттердің көлемі 0,3 млрд. еуроны құрап, 15,9%-ға (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 4,9%) азайды. Еуромен орналастырылған депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 2,46%-дан 0,20%-ға дейін төмендеді.

Ресей рублімен орналастырылған депозиттердің көлемі 2012 жылғы қаңтарда 23,6% азайып, 6,6 млрд. рубльді құрады (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 2,4%). Рубльмен орналастырылған депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 5,09%-дан 4,43%-ға дейін төмендеді.

Шетел валютасындағы банкаралық депозиттердің үлесі 2012 жылғы қаңтарда орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінен 68,4%-дан 61,6%-ға дейін азайды. Резидент емес банктерде орналастырылған шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 66,7%-дан 60,1%-ға дейін азайды.


9. Депозит нарығы

2011 жылғы желтоқсанда депозиттік ұйымдардағы резиденттер депозиттерінің жалпы көлемі 8385,4 млрд. теңгеге дейін 0,2%-ға өсті (жыл басынан 14,3%-ға өсті). Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 5661,2 млрд. теңгеге дейін 1,6%-ға төмендеді (жыл басынан 10,2%-ға өсті), жеке тұлғалардың депозиттері 2724,2 млрд. теңгеге дейін 4,1%-ға өсті (жыл басынан 24,1% өсті).

2011 жылғы желтоқсанда шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 2629,7 млрд. теңгеге дейін 5,3%-ға азайды (жыл басынан 2,8% өсті), ал ұлттық валютадағы
5755,7 млрд. теңгеге дейін 2,9%-ға өсті (жыл басынан 20,5% өсті). Теңгедегі депозиттердің үлес салмағы бір айда 66,8%-дан 68,6%-ға дейін ұлғайды.

2011 жылғы желтоқсанда банктердегі халықтың салымдары (резидент еместерді қоса есептегенде) 2758,6 млрд. теңгеге дейін 4,1%-ға өсті (2011 жыл үшін – өсуі 22,6%, 2010 жыл үшін – өсуі 16,2%, 2009 жыл үшін – өсуі 29,1%). Халықтың салымдары құрылымында теңгедегі депозиттер 1598,0 млрд. теңгеге дейін 6,3%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер 1160,6 млрд. теңгеге дейін 1,3%-ға ұлғайды. Халық салымдарының құрамында теңгедегі депозиттердің үлес салмағы бір айда 56,7%-дан 57,9%-ға дейін өсті.

2011 жылғы желтоқсанда банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 2,7% құрады (2011 жылғы қарашада да 2,7%), ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,4% (8,6%).
10. Кредит нарығы

2011 жылғы желтоқсанда банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы көлемі 8781,4 млрд. теңгені құрап, 2,5%-ға ұлғайды (2011 жыл үшін – өсуі 15,7%, 2010 жыл үшін – төмендеуі 0,7%, 2009 жыл үшін – өсуі 2,5%).

Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 5681,6 млрд. теңгеге дейін 3,3% өсті (жыл басынан өсуі 29,6%), шетел валютасында 3099,7 млрд. теңгеге дейін 0,9%-ға артты (жыл басынан төмендеуі 3,4%). Теңгедегі кредиттердің үлес салмағы бір ай ішінде 64,2%-дан 64,7%-ға дейін өсті.

2011 жылғы желтоқсанда ұзақ мерзімді кредиттеу 7086,9 млрд. теңгені құрап,


1,7%-ға артты (жыл басынан өсуі 11,6%), қысқа мерзімді – 1694,5 млрд. теңгеге дейін 5,9% өсті (жыл басынан өсуі 36,5%). Ұзақ мерзімді кредиттердің үлес салмағы бір ай ішінде 81,3%-дан 80,7%-ға дейін төмендеді.

2011 жылғы желтоқсанда заңды тұлғаларға кредиттер көлемі 6434,9 млрд. теңгеге дейін 2,9%-ға ұлғайды (жыл басынан өсуі 17,5%), жеке тұлғаларға – 2346,4 млрд. теңгеге дейін 1,4%-ға артты (жыл басынан өсуі 10,9%). Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің үлес салмағы 27,0-ден 26,7%-ға дейін азайды.

2011 жылғы желтоқсанда шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 1341,4 млрд. теңгеге дейін 0,1% төмендеді (жыл басынан төмендеуі 3,0%), бұл экономикаға кредиттердің жалпы көлемінің 15,3% болды.

Банктердің экономикаға кредиттерінің неғұрлым айтарлықтай сомасы салалық бөлуде сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 20,8%), өнеркәсіп (12,0%), құрылыс (14,9%), көлік (4,0%) және ауылшаруашылығы (3,8%) сияқты салаларға тиесілі.

2011 жылғы желтоқсанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 10,8% (2011 жылғы қарашада – 11,3%), жеке тұлғалардікі – 20,4% (19,5%) болды.
11. Экономиканың нақты секторы кәсіпорындары мониторингінің 2011 жылғы 4-тоқсандағы нәтижелері туралы

2012 жылғы қаңтарда 2011 жылғы 4-тоқсан бойынша экономиканың нақты секторындағы ахуалды бағалау мақсатында кәсіпорындардың кезекті мониторингі жүргізілді. Ел экономикасының негізгі салаларын білдіретін мониторингке қатысушы кәсіпорындардың саны 2011 жылғы 3-тоқсан бойынша пікіртеріммен салыстырғанда 2372-ден 2397-ге дейін, оның ішінде орташа және ірілері – 1445-тен 1462-ге дейін ұлғайды.

2011 жылғы 4-тоқсанда шаруашылық қызметіне теңге бағамының АҚШ долларына, еуроға және Ресей рубліне қатысы бойынша өзгеруі теріс әсер еткен кәсіпорындардың үлесі (тиісінше 2011 жылғы 3-тоқсанда 14,7%, 10,6%-ға және 11,5%-ға 2011 жылғы 4-тоқсанда 13,1%, 8,7%-ға және 9,7%-ға дейін) елеулі төмендеді. Кәсіпорындардың көпшілігі (тиісінше 60,9%, 63,2% және 62,3%,) қаралатын валюталарға теңге бағамының әсерін байқаған жоқ.

Банктердің кредиттік ресурстарының қолжетімділігінің белгілі бір өсуі байқалды, оны теңгедегі және шетел валютасындағы кредиттер бойынша пайыздық ставкасының төмендеуі (тиісінше 2011 жылғы 3-тоқсанда 13,2% және 11,3%-дан 2011 жылғы 4-тоқсанда 12,9% және 10,5%-ға дейін) және банкке кредит алу үшін өтініш берген және оны ала алмаған кәсіпорындар санының (2011 жылғы 3-тоқсанда 4,1%-дан 2011 жылғы 4-тоқсанда 3,5%-ға дейін) төмендеуі көрсетеді. Осының салдары ретінде, елеусіз болса да кәсіпорындардың инвестициялық және кредиттік белсенділігі жақсарды: кредиттерін айналым қаражатын қаржыландыруға пайдаланған кәсіпорындардың саны көбейді (2011 жылғы 3-тоқсанда 17,5%-дан 2011 жылғы 4-тоқсанда 18,3%-ға дейін), ал инвестицияларды қаржыландырмаған кәсіпорындардың үлесі (34,3%-ға дейін) төмендеді. 2011 жылғы 4-тоқсанда кредиттерге кәсіпорындардың 23,3% (олардың 19,8% кредиттерді алған) өтініш берді, 2011 жылғы 3-тоқсанда өткізілген пікіртерім нәтижелері бойынша кредит алуға кәсіпорындардың 21,8%-ы ниеттенген.

Тұтастай алғанда, экономиканың нақты секторы бойынша кәсіпорындардың дайын өніміне деген сұраныстың өсу қарқынының төмендеу үрдісі жалғасты. Өсу қарқыны өнімдеріне деген сұраныс 19,6%-ға дейін (2011 жылғы 3-тоқсанда 16,3%-дан) төмендеген кәсіпорындардың үлесі елеулі өсуі есебінен төмендеді. 2011 жылғы 4-тоқсанмен салыстырғанда 2012 жылғы 1-тоқсанда сұраныстың өзгеруі күтілмейді.

Кәсіпорындардың дайын өніміне бағаның өсу қарқыны 2011 жылғы 4-тоқсанда бағаның 19,6%-ға (2011 жылғы 3-тоқсанда 24,9%-дан) дейін өсуін атап өткен кәсіпорындар санының азаюы есебінен төмендеуді жалғастырды. Дайын өнімге бағаның өсу қарқынының төмендеуі, олардың ұлғаюы байқалған ауыл шаруашылығынан басқа, экономиканың барлық салаларында байқалды. Баға өсу қарқынының анағұрлым төмендеуі өндіруші өнеркәсіпте байқалды, онда бағалар 2011 жылғы 3 тоқсандағыдай қалды. 2012 жылғы 1-тоқсанда бағаның қарқынды өсуі күтілуде, бағаның барынша өсуі өндіруші өнеркәсіпте, саудада және «қонақ үй және мейрамхана» саласында күтілуде.

2011 жылғы 4-тоқсанда өсудің баяулауына қарамастан, шикізат пен материалдардың бағасы жоғары болып қалды. Тұтастай алғанда, іріктеу бойынша шикізат пен материалдар бағасының өсуін атап өткен кәсіпорындардың саны 52,4%-ды құрады және кәсіпорындардың 2,4%-ы ғана бағаның төмендеуін атап өтті. 2012 жылғы 1-тоқсанда баға өсу қарқынының елеулі баяулауы күтілуде.

Сатудың орташа рентабельдігі (салық салынғанға дейін) 2011 жылғы 4-тоқсанда 44,1%-ға дейін (2011 жылғы 3-тоқсанда 47,2%-дан) төмендегеніне қарамастан, нақты сектордың қаржылық ахуалы тұтастай алғанда нашарлаған жоқ: орташа және жоғары рентабельді кәсіпорындардың үлесі 75,9% (2011 жылғы 3-тоқсанда 75,7%) құрады.




1 2009 жылғы 10 ақпан - 2012 жылғы 10 ақпан



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет