Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқынажолдау ы



Дата15.06.2016
өлшемі254.86 Kb.
#136661
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан
халқына Ж О Л Д А У Ы


ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ - МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ
Құрметті қазақстандықтар!

Менің жыл сайынғы Жолдауларым әдеттегідей жетістіктерімізді саралап, келешегімізді бағдарлауға, ең бастысы – баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе айқындауымызға бағытталып келеді.


Қазақстан халқына арналған 2006 және 2007 жылдардағы Жолдауларымда мен ағымдағы міндеттер туралы ғана емес, біздің дамуымыздың келешегі жайында да айтқан едім. Осыған орай, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарынан нық орын алу мен 30 корпоративтік көшбасшыларын қалыптастыру негізінде елді индустрияландыру міндеттері біздің басты стратегиялық мақсатымыз болып қала бермек.

Үстіміздегі жылы Үкімет олардың орындалуы жөнінде есеп беруі тиіс.


Өткен жыл Қазақстан үшін жан-жақты экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару жолында тағы бір сенімді ілгері қадам жасаған жыл болды.
Қазақстан 2008 жылды жаңа экономикалық жетістіктерімен, жаңарған саяси құрылымымен қарсы алды.

Ел Конституциясына енгізілген өзгерістер Парламент пен саяси партиялардың, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыра түсті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет теңдестірілген негізде парламент сайлауы өткізілді. Сайлауда "Нұр Отан” партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетіп, алғаш рет Үкімет жасақтады.


Әкімшілік реформа жалғасын тауып, оның аясында мемлекеттік органдар аппараттарының тұрақтылығын нығайтатын жауапты хатшылар институты құрылды.

Өткен жылғы экономикамыздың өсу қарқыны 8,5 пайызды құрады. Жалпы алғанда, ел экономикасы 2001 жылдан бастап жылына орта есеппен 10 пайызға өсіп отырды. Бұл өте үлкен де жедел өсу болып саналады.


Бүгінгі күнге дейін еліміздің айтарлықтай резерві қалыптастырылып, Ұлттық қор қаражатын қоса есептегенде ол шамамен 40 млрд. АҚШ долларына жетті. Осындай елеулі жинақтаулардың болуы еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде өзекті рөл атқарды.

Еліміздегі әлеуметтік ахуал да тұрақты қалпында. 2000 жылдан бастап, мемлекеттік бюджеттің білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындары 5 еседен астам ұлғайды. Біздің 5 миллионнан астам азаматтарымыз мемлекеттік әлеуметтік қорғаумен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш осыдан бес жыл бұрынғыға қарағанда екі есеге артық.

Біз зейнеткерлерімізді қолдау көлемін ұдайы арттырып келеміз. Халықтың зейнетақылық жинақтаулары тұрақты түрде көбеюде, оның көлемі 1,1 триллион теңгеден асып түсті.

Әлеуметтік инфрақұрылым нығайып отыр. 2007 жылы ғана республика бойынша 76 мектеп пен 23 денсаулық сақтау нысаны салынды.


Біз демографиялық құлдырауды тоқтатуға қол жеткіздік.
Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында өткен үш жыл ішінде 18 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл біздің жоспарымыздағыдан 2,2 млн. шаршы метрге артық.
Жоғарыда аталынған қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы ілгерілеу серпіні – біздің экономикамыздың өркендеуінің, сындарлы әлеуметтік саясатымыздың және тұрақты саяси жүйеміздің тиімділігінің айқын айғағы.

Құрметті депутаттар, мәжіліске қатысушылар, меймандар!

Бүгінгі әлемдік конъюнктура нашарлаған жағдайда біз рөлі өсе түсіп отырған мемлекеттік холдингтердің, даму институттарының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың ішкі инвестициялық ресурстарын белсенді етуге тиіспіз.

Пайда болған қиындықтарға қарамастан, менің тапсырмам бойынша Үкімет экономиканы орнықты өсіру бойынша шаралар қабылдады.
Қысқа мерзімді және орта мерзімді міндеттерді мына басым бағыттарда шешу үшін жұмылу қажет.

Бірінші – өндіруші сектор.

Мұнай-газ саласындағы басты бағыт – мемлекеттің халықаралық мұнай және энергетика рыноктарына ықпалды және жауапты қатысушы ретіндегі ұстанымын күшейту.

Бұл үшін біз энергетика саласының стратегиялық маңызды буындарына мемлекеттің ықпалын дәйектілікпен күшейтеміз. Біз қазірдің өзінде Қашаған, Құмкөл мұнай кен орындарын, Богатырь көмір разрезін, т.б. игеруде қазақстандық үлесті ұлғайттық.

Бұл біз үшін және қосымша құн салығы үлесі жоғары дайын өнімді халықаралық рынокқа шығаруды қамтамасыз ету үшін аса маңызды.

Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек.


“Самұрық” холдингі мен өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар тау-кен металлургия саласын тиімді дамыту мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауы тиіс. Бұл үшін қазіргі тау-кен металлургия компаниялары акцияларының мемлекеттік пакеттерін бір жағына шығарып, оларды нақты басқаруға кірісу, сондай-ақ сирек кездесетін металдарды қоса алғанда, қара және түсті металдардың барланған кен орындары қойнауын пайдалану құқығын өз қолымызға алуымыз қажет.

Үкіметпен бірлесіп, жаңа кен орындарын барлау мәселесін шешу қажет.



Екінші - экономиканың негізгі секторларын озық инфрақұрылымдық қамтамасыз ету.

Үкіметке электр энергетикасын, тасымалдау жүйесін дамыту бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл секторлар бүгінде Қазақстан экономикасы дамуына анық “ілесе алмауда”.



Экономика мен тұрғындарды электр энергиясымен қамтасыз ету саласындағы бірінші кезектегі міндеттер Балқаш ЖЭС-ін, Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші энергоблогын, Мойнақ ГЭС-і және басқаларын салу құрылысы болып табылады.

2009 жылы "Қазақстанның Солтүстігі-Оңтүстігі” жобасы бойынша қуат тасымалдаудың екінші желісі мен “Солтүстік "Қазақстан-Ақтөбе облысы” қуат тасымалдау желісінің құрылысын аяқтау қажет. Бұл Қазақстанның оңтүстігі мен батысындағы қуат тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді.

Республиканың оңтүстік өңірлерінің газға сұранысын тұрақты қамтамасыз ету үшін “Бейнеу-Шымкент” магистральді газ құбыры мәселесі мүмкіндіктерін талдап, құрылысты бастау керек. Ақтау қаласында атом электр стансасын салу бойынша нақты ұсыныстар енгізу қажет.

Үкімет осымен бір мезгілде өзінің күш-жігерін қуат жинақтаушы және экологиялық таза технологиялар енгізуге жұмылдыруы тиіс.


Электр энергиясын барлық жерде бірдей үнемдеуге біздің кәсіпорындарымыз бен азаматтарымыз әлі кірісе қойған жоқ. Арзан энергияның сарқыла бастағанын ашық айтуға тиіспіз. Аз төлегіміз келсе, көп үнемдеу керек. Бұл әркімнің өз қамы болуы қажет.

Үкімет осы жұмысты кеңінен қолға алуы тиіс.


Темір жол және автомобиль инфрақұрылымдарын салу мен жаңғыртуды қамтамасыз ету қажет.

Біз биылғы жылдың өзінде концессиялық негізде Шар - Өскемен темір жолы құрылысын аяқтап, Маңғыстау – Баутино, Ералиев – Құрық темір жол желілері мен Қорғас – Жетіген учаскесінің құрылысын, Мақат – Қандыағаш темір жол учаскесін электрлендіруді бастауымыз керек.


Жылжымалы құраманың тапшылығын төмендету үшін үстіміздегі жылы >отандық көліктік мәшине жасауды Біз барлық оңтүстік облыстарды көктей өтіп, Қызылорда мен Ақтөбе арқылы Ресейге шығатын, өңірлердің экономикасын жандандыратын Қазақстандағы ең ірі көліктік жобаны – “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” трансқұрлықтық дәлізді іс жүзіне асыруды қолға алуымыз қажет.

Бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында, тұтастай алғанда, концессиялық негізде, алдағы уақытта ақылы ету арқылы Астана – Бурабай, Астана – Қарағанды, Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас автомобиль жолдарын, сондай-ақ Үлкен Алматы айналма жолын салу мен қайта жаңғырту басталады.

Концессиялық жобаларды тартымды ету мен жандандыру үшін Үкімет қолданыстағы заңнамалық және нормативтік базаны жетілдіруі тиіс.
Үшінші. “30 корпоративті көшбасшы” бағдарламасын іске асыру экономиканың шикізаттық емес секторын іс жүзінде дамытуға ықпал етеді.

Қазірдің өзінде “серпінді” аталудан үміткер 100-ден астам жоба пайда болды. Ақтөбе облысындағы үшінші Жаңажол газ өңдеу зауыты, кен байыту комбинаттары мен мыс қорыту зауытын салу, Павлодар облысындағы алюминий зауыты және хлор мен каустикалық сода өндірісі зауытының құрылыстарын одан әрі жалғастыру, Қарағанды облысында сортты прокат өндірісі мен металлургиялық кремний өндірісін ұйымдастыру секілді экономикамыз үшін айрықша маңызды жобалар және басқа да көптеген жобалар іске асырылып жатыр.


Таяудағы уақытта Атырау қаласында алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің, келесі жылы Қарашығанақ кен орнының базасында газ өңдеу зауытының, Қостанай облысында жаңа алюминий зауытының құрылысы басталады.

Біз Астана қаласында шина жасау кешенін құру, Астана мен Алматы қалаларында логистикалық орталықтарды дамыту, поликристалл кремнийі өндірісін құру жөніндегі жобаларды іске асыруды жалғастырамыз.


Мен аса ірі нысандарды атап өттім. Ал осы жылдар ішінде Қазақстанда жүздеген, мыңдаған жаңа кәсіпорындар пайда болды. Шыны шығару өндірісі Қазақстанда ешқашан болған емес – бұл өте тапшы, қажет материал. Қазақстанда алюминий өндірісі де болған емес.

Қазіргі кезде автомобиль құрастыратын, оның ішінде жеңіл автокөліктер де құрастыратын бес кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда радиотехника мен компьютер де құрастырылады. Жиһаз жасау өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және басқа салалар серпінді дамуда.


Тұтастай алғанда, “30 корпоративті көшбасшы” бағдарламасы мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын қағидатты жаңа деңгейге шығаруы тиіс.
Бейіндік министрліктердің, “Қазына” қоры мен өзге де холдингтердің, сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдіктердің жұмысы, бірінші кезекте, “серпінді” жобаларды жүзеге асыру көрсеткіші бойынша бағаланатын болады.

* * *


Дамудың жаңа кезеңі ел агроөнеркәсіп кешенінің алдына бірқатар жаңа, аса маңызды міндеттер қойып отыр.

Өткен 5 жылда Қазақстан аграрлық секторды дамытуда айтарлықтай нәтижелерге жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2002 жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық өсті. Инвестициялар 3 еседен астамға ұлғайды. Бұл аграрлық секторды мемлекеттің орасан қолдауы нәтижесінде мүмкін болды. Сіздер біз табысты жүзеге асырған ауылды қолдаудың үш жылдық бағдарламасын жақсы білесіздер. Бағдарлама ел ішін дамытуға қуатты серпін берді.

Соңғы жылдары қазіргі заманғы технологияларды қолданудың арқасында дәнді-дақылдарды жинау күрт артты.
2004 жылдан бастап егінді міндетті сақтандыруды енгізу фермерлерге құрғақшылық жылдарының өзінде кепілді кіріс алуына мүмкіндік туғызды.
Қабылданған шаралар ауыл шаруашылығындағы тауар айналымының төрт есеге жуық жалпы өсіміне оң ықпал етсе, ол 4 миллиард АҚШ доллары мөлшерінен асып түсті.

Ауылдарымыз бен селоларымыздың өмір сапасын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді.


Қалыптасқан әлемдік үрдістер мен қолда бар әлеуетті ескерер болсақ, агроөнеркәсіп кешені біздің экономикамыздың жоғары маңызды, табысты саласы болуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға өсу үстінде, және тұтастай алғанда, аталған сала өте пайдалы болуда, сондықтан біз оған ақша салуымыз қажет. Ауылдың бұған екпінді еңбегімен және жоғары қайтарыммен жауап беретііне сенімдімін.



Бірінші. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілуге тиіс.
Ол үшін ауыл шаруашылығына және тамақ өнеркәсібіне инвестициялар тартуды ұлғайту қажет. Қазақстан азық-түліктің негізгі түрлері бойынша өз қажеттілігін қамтамасыз етеді әрі экспорттық әлеуетке ие.
Ел мұқтажы қанағаттандырылмай отырған маңызды тамақ өнімдерін өндіруді ынталандыруға ерекше назар аудару талап етіледі. Мәселен, өсімдік майы, жемістер, қант және басқалар. Біздің бұл проблемаларды шешуге мүмкіндігіміз бар.

Екінші. Ауыл шаруашылығының өнімдерді экспортқа шығаратын секторларын күшейтуге күш-жігерді шоғырландырудың маңызы зор. Атап айтқанда, Каспий және Қара теңіздердің порттары арқылы өтетін және Қытай бағытындағы экспорттық арналарды кеңейту қажет.

Үшінші. Мал шаруашылығы саласы да үлкен экспорттық әлеуетке ие. Қосымша шара ретінде ветеринария жүйесін халықаралық стандарттарға көшір қажет.

Үкіметке ауыл шаруашылығына барлық деңгейлерде жүйелі қолдау көрсетуде одан әрі шаралар қабылдауды тапсырамын.


Шикізат өңдеуге айрықша назар аудару қажет.
Енді макроэкономикалық саясаттың басымдықтары туралы.
Үкімет, Ұлттық банк, Қаржылық бақылау агенттігі мемлекеттің қаржылық тұрақсыздық қатерлеріне қарсы жүйелі де жедел іс-қимылдар жасауының ықпалды тетігін қалыптастырып, халықаралық рыноктардың Қазақстан экономикасына деген сенімін нығайтуы керек.
Бірінші. Қаржылық бақылау агенттігінің жұмысын жүйелі түрде нығайту қажет.

Елдің қаржы жүйесінің, әсіресе, банк секторының бәсекеге қабілеттілігін және тұрақтылығын арттыру Агенттіктің Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен бірлесе отырып атқаратын басты міндеті болуға тиіс. Өмір біздің жоспарларымызға түзетулер енгізіп тұратын болады. Біз оған дайын тұруға тиіспіз.

АҚШ-тың біздің банктерге елеулі әсер еткен ипотекалық дағдарысының сабақтарын естен шығармаған жөн. ҚБА әр банктегі ахуалды неғұрлым мұқият қадағалап, қажет болған жағдайда алдын алатын және ықпалды шаралар қабылдауы керек.



Мемлекеттік қолдау біржақты бола алмайды, сондықтан банктер тәуекелдің өздеріне тиесілі бөлігін өз мойындарына алуға тиіс. Егер банктердің акционерлері өздерін дамыту үшін қосымша ресурстар тартқысы келмесе немесе оған қабілетсіз болса, ондай кезде мемлекет қажетті шаралар қабылдауға дайын болуы керек.

Мұндай жағдайда реттеушілік араласу бүкіл банк секторы үшін барынша мөлдір және ұғынықты болуға тиіс.


Шетелдік капиталдың банк секторына келуіне біз Қазақстанға көрсетілген сенім, қажетті қаржылық қолдаудың көзі және банк қызметінің халықаралық озық тәжірибесі ретінде қараймыз.
Біздің қаржы жүйемізді құрылымдық реформалауды одан әрі жалғастыру қажет. Мұның құнды қағаздар рыногын, қазіргі заманғы қаржылық құралдарды дамытуға, банкроттық туралы заңдарды жетілдіруге, сот жүйесін тереңдете реформалауға қатысы бар.

Бізге жеке сектордағы да, сонымен бірге, мемлекеттік сектордағы да жүйелік тәуекелдерді басқаруды дамыта түсу қажет. Үкімет, ҚБА және Ұлттық банк тәуекелдерді басқарудың икемді де сенімді жүйесін құруы керек.

Сондай-ақ, күтпеген ахуалдарға қарсы шапшаң іс-қимылдар жасау шараларының жүйесін әзірлеу міндеті де тұр. Халық пен бизнестің, оның ішінде шетелдіктердің де сенім деңгейі елдің қаржы жүйесі тиімділігінің негізгі критерийіне айналуға тиіс.

Екінші. Салық жүйесін Қазақстанның жаңа сатыдағы дамуының міндеттерімен сәйкестендіру қажет. Қолданыстағы Салық кодексі экономикалық өсуде оң рөл атқарды, дегенмен, қазіргі кезде оның әлеуеті іс жүзінде таусылды. Кодексте үнемі және жүйесіз өсіп отыратын 170-тен астам жеңілдіктер мен преференциялар бар.

Үкіметтің жаңа Салық кодексін әзірлеуі қажет. Ол экономиканы жаңғыртуға, әртараптандыруға және бизнестің “көлеңкеден” шығуына жағдай жасауға тиіс.

Жаңа Кодекс салық қызметтерінің оның нормаларын өз қалауларынша түсіндірулерінен қорғайтындай, әкімшілендіру сапасы мен салық төлеушілер мүдделері үйлесетіндей тікелей іс-әрекет ету заңы сипатына ие болуы керек.
Бірақ, ең бастысы, ол экономиканың шикізаттық емес секторы, әсіресе, шағын және орта бизнес үшін жалпы салықтық ауыртпалықтардың төмендетілуін қарастыруы керек. Бюджеттің күтілетін шығындарының орны өндіруші сектордың экономикалық қайтарымын арттыру есебінен өтелуі тиіс.

Үшінші. Экономикамыздың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі айрықша миссияны менің тапсырмам бойынша жаңадан құрылған Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттік атқаратын болады.
Агенттіктің өкілеттіктерін кеңейту бағаға қатысты “ауызжаласуға”, адал емес бәсекелестікке, рынок субъектілерінің өздерінің үстемдікті және монополиялық жағдайларын бұра пайдаланушылығына қарсы күресті қамтамасыз етіп, қазақстандық бизнестің әлемдегі ұстанымын нығайтуға тиіс.

Елдегі кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне елеулі серпін беретіндей бәсекелестік туралы жаңа заң қажет.



Төртінші. Инфляцияға қарсы күресті күшейту қажет. Инфляцияның жаһандық экономикалық үдерістер тарапынан болатын қысымның күшейе түсуінен де ұлғайып отырғанын ескеріп, Үкімет тарапынан ойластырылған және сол әрекеттерге сәйкес іс-шаралар қабылдануы қажет.

Ұлттық банк инфляцияға қарсы күресте айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізеді деп сенемін.

Жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында мемлекет ахуалды белсенді түрде басқара білуге тиіс. Ол үшін қажетті ресурстардың бәрі де бар.

Сондықтан әлемдік экономиканың болжамды баяулауы және бірқатар экспорттық тауарлар бағасының төмендеуі мүмкін болған жағдайда Үкімет пен Ұлттық банкте тұрақтандырушылық іс-қимылдардың жедел жоспары болуға тиіс.

Бірінші кезекте, Үкімет уақытша, қаржы секторындағы проблемалар жойылғанға дейін, әлеуметтік саладан өзге, барлық бағыттар мен бағдарламалар бойынша мемлекеттік шығындарды қысқартуы керек.


Жоғарыда аталған жоспарлардың бәрі осы талапқа бағынуға тиіс.
Күте тұра алады дегендердің бәрі тоқтатылуы қажет. Бұл барлық өңірлерге де қатысты. Мұндай үнем инфляцияға түсетін қысымның төмендеуіне жағдай жасап, сонымен бірге, энергия көздері мен шикізат ресурстарының бағасы төмендеген жағдайда елдің резервтерін ұлғайтады.

Құрметті мәжіліске қатысушылар!

Демократиялық дамудың жалпыға бірдей танылған заңдылықтары мен біздің қоғамымыздың дәстүрлерін үйлестіре отырып, біз одан әрі де саяси және мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін жетілдіру жолымен жүре беретін боламыз.
Бірінші. Тәуелсіздіктің 16 жылы ішінде біз қоғамдық тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуде, қазақстандық біртұтастық пен жалпықазақстандық патриотизмді қалыптастыруда өз моделімізді жүзеге асырдық.

Бұл - біз мақтануға құқылы және бәріміз ұқыптылықпен сақтауға міндетті қазақстандық “ноу-хау”.

Конституциялық реформа аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі мен өкілеттігі өсті.
Біздің көп ұлтты еліміздің барлық халқының мүдделерін бейнелей отырып, Ассамблеядан сайланған депутаттар Қазақстандағы этносаралық бітім мен келісімді нығайту үдерісінде айрықша рөл атқаруға тиіс.
Қазіргі уақытта қазақстандық осынау ғажайып институттың рөлін жан-жақты нығайту қажет. Ассамблеядан сайланған депутаттар осы жауапкершілікті сезініп, Ассамблеямен және оның жергілікті жерлердегі ұйымдарымен тығыз байланыс орнатуы керек.

Мемлекетті, оның қауіпсіздігін одан әрі нығайтып, экономиканың тұрақты дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ету үшін Қазақстанға ұзақ мерзімді тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім керек дегенді мен әрқашанда айтып келдім және барлық жауапкершілікпен тағы да атап көрсетемін.

Екінші. Қазақстанда қазіргі заманғы саяси жүйені дамыту міндеті тұр.
Бұл үдерісте саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да қоғамдық институттар басты рөл атқаруы тиіс.

Партиялық механизмді нығайту қазіргі заманғы азаматтық қоғамның қалыптасуына, халықты қоғамдық үдерістерге кеңінен тартуға жағдай жасайтын болады.

Қазіргі сатыда "Нұр Отан” партиясының басым моделі Қазақстанның саяси жүйесіндегі оңтайлы пішін ретінде қарастырыла алады.
Бұл алдағы уақытта басқа да саяси партиялардың сайлауға қатысып, Парламенттен өз орнын алуына және барлық үдерістерге қатысуына мүмкіндік береді. Бүгінгі күні ешкім де жаңа партиялардың құрылуына және өзіндік ой-пікірлері мен көзқарастарын айтуға тосқауыл бола алмайды.
Үшінші. Демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады.
Өткен жылдар ішінде елдің құқық қорғау және сот жүйелерінің криминалдық көріністерге қарсы тұратын, азаматтарымыздың өмірі мен құқықтарын қорғайтын әлеуеті едәуір нығайды.

Дегенмен, олардың қызметінде елеулі кемшіліктер бар.


Бұл жөнінде барлық құқық қорғау органдарының қатысуымен Бас прокуратураның жақында өткен алқа отырысында айтылды.
Құқық қорғау және сот жүйесі қазақстандықтардың құқықтарының әділ де тиімді қорғалуын, бизнеске заңсыз араласуды болдырмауды қамтаасыз етуге тиіс.

Бұл саладағы басым бағыт – жазалаушы іс-әрекет емес, құқық бұзушылықтарды абайлату мен олардың алдын алу болуға тиіс. Сондықтан биылғы жылы “Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы” заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізу қажет.

Президент Әкімшілігіне аталған барлық шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуді, әкімшілік реформаны құқық қорғау органдарында, сондай-ақ ел Президентіне есепті барлық ұйымдарда жүргізуді тапсырамын.

Төртінші. Үкімет әкімшілік реформада көзделген Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, нәтижелілік, ашықтық және қоғам алдындағы есептілік негізінде дамыту жөніндегі шараларды жедел қарқынмен іске асыруға тиіс.
Мұндай жаңа қағидаттар 2008 жылы қанатқақты мемлекеттік органдарда – Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы министрліктерінде және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде екшелуге тиіс.
Әкімшілік реформаның басты мақсаты басқарушы аппарат жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру болуға тиіс. Яғни, халыққа қызмет етуі шарт.

Ол төрешілдікті, сөзбұйдаға салуды азайтуға тиіс.


Әкімшілік реформаның негізгі элементтерінің бірі елдегі жаңа кадр саясаты болуға тиіс. Дамудың қазіргі кезеңінде адам факторы айқындаушы фактор болып табылады.

Мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа тұрпатты басқарушылардың кәсіби ұйытқысын қалыптастыруға бағытталған қазіргі заманғы қағидаттарды әзірлеу қажет.

Бұл үдерісте үлкен рөл “Нұр Отан” партиясына тиесілі болмақ. Партия мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадрлар жасақтауға белсенді қатысып, лайықты азаматтар үшін "әлеуметтік көтергіш” рөлін атқаруы керек.
Бұл орайда жас ұрпаққа, “Болашақ” бағдарламасының түлектеріне де маңызды рөл берілуге тиіс.

Жас кәсіби мамандар ел өмірінде болып жатқан үдерістерде өз орнын тауып, болашақты орнатуға белсенді қатысуы керек. Сондықтан да резервпен жұмыс істеу де жаңа деңгейдегі жұмысты талап етеді.


Президент Әкімшілігі кадр жұмысына басшылық жасауға тиіс.
Бесінші. Келесі жылдан бастап еліміздің тарихында тұңғыш рет мемлекеттік бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінің негізі 3 жылдық бюджет болады. Бұл үшін Үкімет ағымдағы жылдың өзінде жаңа Бюджет кодексін әзірлеуі қажет.

Сондай-ақ жоспарлау жүйесін жаңарту мен жетілдіру, бюджет қаражатын пайдалану мен мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты шұғыл түрде жеделдету керек.


Алтыншы. Үкімет нысаналы аудит, керек десеңіз, негізгі мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар бойынша бөлінген мемлекеттік қаражатқа “тым мұқият аудит” жүргізуі керек.
Бұл аудиттің мақсаты – қол жеткен нәтижелерді бағалау,мемлекеттік қаражатты басқару мен жұмсаудың тиімділігін күрт арттыру.
Жетінші. Үкімет шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру жөніндегі дәйекті жұмысты жалғастыруға тиіс.
Шағын несие ұйымдарының жұмысын, соның ішінде мемлекет қаражаты есебінен де қолдау керек. Олар біздің жүз мыңдаған азаматтарымыздың өз ісін ашуына қолдау көрсетуде. Шағын несие берудің қолжетімділігін арттыру және көптеген қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі шараларды ойластыру қажет.

Дамыған кәсіпкерлік сектор – кез келген ел экономикасының негізі.


Осыған байланысты әкімшілік реформа аясында Үкіметке бизнеске түсетін әкімшілік салмақты батыл азайтуды, рұқсат беру жүйесін, ең алдымен лицензиялауды, сертификаттауды, аккредиттеуді одан әрі оңайлатуды тапсырамын.

Бір мысал келтірейін. Дүниежүзілік банктің “Бизнесті жүргізу” туралы соңғы есебі бойынша барлық экспорттық рәсімдерден өту үшін Қазақстанға 89 күн, мәселен, Эстонияға бұл үшін небәрі 5 күн керек екен.


Кәсіпкер үшін нағыз кесапат – 50-ден астам заңда көзделген түрлі-түрлі тексерулер болып отыр.

Кейбір ведомстволар заңнаманы бұза отырып, түрлі сылтаулармен кәсіпорынды бірнеше рет “тексеруге” мүмкіндіктер іздейді. Бұл бизнесті өз ісінен едәуір алаңдатады. Бұл мен жүргізіп отырған саясатқа қайшы келеді. Құқық қорғау және басқа да тексеруші органдардың тексерулерінің санын едәуір қысқартып, ретке келтіру керек.



Қымбатты қазақстандықтар!

Қазақстандықтардың, Қазақстан қоғамының барлық жіктері мен әлеуметтік топтарының әлеуметтік көңіл-күйін ұдайы жақсарта түсу мемлекет саясатының алдыңғы сапында болып келді және осылай болып қала береді.

Өмір сапасының стандарттары адам капиталын дамытудың және Қазақстанды әлеуметтік жаңартудың тиімді нарықтық құралына айналуға тиіс, бұл ретте масылдық пиғылды орнықтыруға жол беруге болмайды.
Мемлекеттің әлеуметтік саясаты жұмыс орындарын ашуға және еңбекке қабілетті халықты ел экономикасына тартуға бағдарланған жағдайда ғана тиімді бола алады. Бұл қағиданы біз бұрын да ұстанып келдік, болашақта да одан ауытқымаймыз.

"Нұр Отан” партиясының 5 жылға арналған сайлауалды тұғырнамасына сәйкес халықтың әлеуметтік қорғалмаған жіктерінің тұрмыс деңгейін алдағы уақытта да арттыра беру үшін бізде барлық негіз бар.

Жаңа үшжылдық бюджет:

l тұтас алғанда 2007 жылға қарағанда зейнетақылардың орташа мөлшерін 2012 жылға қарай 2,5 есе, оның ішінде 2009 жылы – 25% , 2010 жылы – 25% және 2011 жылы 30% арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте 2011 жылы арқаулық зейнетақылық төлемдер мөлшері ең төменгі күнкөріс мөлшеріне қарай 50% -ға дейін өсірілуге тиіс;

l мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін 2009 жылдан бастап жыл сайын орта есеппен 9% арттыруды;

сәби бір жасқа толғанға дейін күтіп-бағуға берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 2010-2011 жылдарыl кезең-кезеңмен өсіруді, орта есеппен алғанда 2007 жылғы жәрдемақының мөлшерінен 2,5 есеге арттыруды;
l 2010 жылдан бастап 4 және одан да көп бала туғанға берілетін біржолғы жәрдемақылардың мөлшерін 2007 жылға қарағанда 4 еседен асыра өсіруді;
бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысынl кезең-кезеңмен өсіру арқылы 2012 жылы 2 есе деңгейге, оның ішінде 2009 жылы – 25%, 2010 жылы – 25%, 2011 жылы 30% арттыру қамтамасыз етілуі тиіс.
l тарихи атажұртына көшіп келу үшін оралмандарға бөлінетін жыл сайынғы квотаны 2009 жылы 5 мың отбасына дейін ұлғайтып, жылына 20 мың отбасына жеткізуіміз керек.

Әлеуметтік игілікті қамтамасыз ету өмір сүру сапасын арттырумен, сондай-ақ еліміздің адам ресурстарын ұлғайтумен қатар жүргізілуге тиіс. Еліміздің ғылыми, білім беру және денсаулық сақтау кешендерінің басты мұраты осы.

* * *
Білім беру саласының басты міндеті – 2010 жылға дейінгі білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны орындай отырып, осы саланың сапалы қызмет көрсету аясын кеңейту.
Бірінші. Білім және ғылым министрлігі үш жылдың ішінде заманға сай білім алуға және озық технологияларды игеруге мүмкіндік беретін білім берудің тиімді инфрақұрылымын жасауды аяқтайтын болсын.
Үстіміздегі жылы біз 68 мың оқушы орынға арналған 88 мектептің құрылысын, ал 2009-2010 жылдары 69 мың оқушы орынға арналған тағы да 102 мектептің құрылысын бастай аламыз.

Екінші. Үкіметке, мемлекеттік холдингтерге облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесе отырып кәсіптік-техникалық білім беруді одан әрі дамыту бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды тапсырамын.

Бұл бағдарлама ел экономикасы үшін барынша қызығушылық тудырып отырған тиісті білім салаларына шетел ғалымдары мен оқытушыларын тартуды көздеуі тиіс.

Бұған, ең алдымен, жұмыс берушілер мен олардың қауымдастықтары, яғни бірінші кезекте осындай кадрларға зәрулік танытқан бизнес өкілдері белсенді түрде тартылуы қажет.

Үшінші. Үкімет “Тілдердің үш тұғырлылығы” мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді.

Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейнематериалдарды әзірлеу керек.

Қазақ тіліндегі оқулықтар шығаруға арналған тендерді үнемі жеңіп алатын бір-екі баспа ғана бар. Сонда оқулықтардың сапасын жақсарту үшін қандай бәсекелестік болмақ. Қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тілін үйренуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді. Осы салаға жауапты тиісті органдар нақты шешім қабылдауы тиіс.

Төртінші. Әзірге халықты мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз етуде “бетбұрыс” жасала қойған жоқ. Үкімет пен әкімдер барлық жерде бұл проблеманы терең зерделеп, осы негізде бұл мәселенің шешімін әзірлеуі тиіс.

Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретіндегі мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн. Және бұл сатыны олардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет.

Әрі балалардың білім алуға, еңбекке және қоршаған ортаға бейімі, қарым-қатынасы нақ осы кезеңде қаланатынын естен шығармауымыз керек.

* * *


Бүгінгі күні біздің денсаулық сақтау жүйеміз осы заманғы Қазақстан азаматтарының талаптарына қазірше сай емес. Бұл - денсаулық сақтау саласының басты мәселесі. Қазіргі кезде қолымыздағы инфрақұрылым да, медициналық қызметтің сапасы да әрі қызмет көрсетуді ұйымдастыру деңгейі де көңілден шықпайды.

Бірінші. Үкімет денсаулық сақтау нысандарын қалпына келтіру мен дамыту жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет. Биыл біз республикалық маңызы бар 9 денсаулық сақтау нысанының, жергілікті маңызы бар 112 нысанның құрылысын қолға алдық.

Екінші. Ауруды емдеуден гөрі оның алдын алудың арзанға түсетінін есепке ала отырып, басымдықты аурудың алдын алуға, яғни ең озық әдістерді енгізу арқылы алдын ала диагностика жүргізу, ауруды анықтау мен емдеу сияқты қолданыстағы бағдарламаларды қайта саралауға бағыттаған жөн.
Денсаулық сақтау саласындағы қаржы ресурстарын тиімді пайдалану үшін тиісті талдау жүргізіп, медициналық қызметтің нақты құнын бағалау керек.

Үшінші. Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне бірлесе отырып ауруханалардың медициналық қызметкерлерінің, соның ішінде медицина қызметкерлерін қосымша даярлау мен қайта даярлау, оларды сертификаттау мен лицензиялау жолымен біліктілігін арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.

Сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарында гранттар мен “Болашақ” бағдарламасы бойынша медициналық мамандықтарға квота санын көбейту қажет.



Төртінші. Ерекше назар халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге аударылуы тиіс. Елге әкелінетін медициналық препараттардың сапасына қатаң бақылау орнатып, белсенді түрде отандық фармацевтикалық абрикаларды құруға қажетті инвестиция тарту қажет.

Бесінші. “Дені сау ұлт” үшін инфрақұрылымын дамытудың маңызы жоғары. Балалық шақтан бастап дене шынықтыру мен спорттық даярлыққа және оған ең қолайлы мүмкіндіктер туғызуға ерекше ден қойылуы керек.

Әкімдер жаңа стадиондар мен спорт кешендерін, балаларға арналған және басқа спорт алаңдарын салу мен ескілерін жаңарту арқылы барлық жастағы адамдардың спортпен шұғылдануына, өздерінің бойларын сергек ұстауына, сөйтіп, өмір жастарын ұзартуына жағдай жасауы қажет.

Министрліктер мен әкімдіктер саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау жұмысын жандандыруы қажет. Бұл мемлекеттік маңызды мәселе, сондықтан Үкімет оған барынша ауқымды дәрежеде көңіл бөлуге тиіс.

Демографиялық ахуалды түбегейлі жақсарту жөніндегі кешенді шараларды белгілеу қажет. Бұл мәселеге таяу уақыттағы Ұлттық кеңестің мәжілісін арнау керек.

Дені сау ұлт - жалпыұлттық міндет. Оны жүзеге асыру мәселесіне отандық бизнес-қауымдастық белсенді қатысуға тиіс. Осы ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі менің үндеуіме барлық бизнес қауымдастығының қызу үн қосқанын қанағаттанғандық сезіммен атап өткім келеді.

“Қазақмыс” корпорациясы, Еуразиялық өнеркәсіптік ассоциациясы, Қазмырыш, Теңізшевройл, Аджип, “ҚазМұнайГаз”, “Қазатомөнеркәсіп”, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниялары сияқты құрылымдар тек өткен жылы ғана әлеуметтік салаға арналған нысандарды: мектептер, медициналық және мектеп жасына дейінгі мекемелерді, сауықтыру кешендерін, мүгедектерге арналған оңалту орталықтарын, мәдениет және спорт мекемелерін дамытуға 30 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады.
Бұл — корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Мұндай тәжірибе барынша кең таратылуға тиіс. Ал бұқаралық ақпарат құралдары оған барынша қолдау көрсетуі керек.

* * *


Біздің азаматтарымыз үшін, әсіресе, жас отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапалылығы – мемлекеттің барынша өмірлік маңызы бар басымдықтарының бірі болып келді және алдағы уақытта да солай болып қала бермек.

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына мына бағыттар бойынша өзгерістер енгізу қажеттілігі пісіп-жетілді.



Бірінші. Мемлекеттік қызметкерлерге және бюджеттік саланың еңбеккерлеріне тұрғын үй құрылысының жинақ жүйелері арқылы жылдық мөлшері 4 пайыздан аспайтын алдын ала тұрғын үй займдарын беруді жүзеге асыру керек.

Екінші. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала еңбеккерлері үшін салынатын үйлерге екпін түсірген жөн. Өзінің жеке меншік тұрғын үйлерін салғысы келетін азаматтар үшін мемлекет жеке меншік құрылысына арналған инфрақұрылымдар қалыптастырады.

Бағдарлама аясында бұл үдеріске ӘКК-лер белсенді қатысуы керек.



Үшінші. Құрылыс компанияларының қызметінде мөлдірлікті және саладағы бәсекелестікті арттыру дәрежесін заңды түрде қамтамасыз ету керек. Тұрғын үй құрылысы үлескерлерінің құқықтарын қорғауды арттыру қажет.

Жеке меншік тұрғын үй құрылысын дамытуды ынталандыру мақсатында жер телімдерін беру және тіркеу ережелерін мейлінше жеңілдеткен дұрыс.

Төртінші. Жеке меншік тұрғын үй құрылысында индустриялық, арзан және экологиялық таза технологияларды игеру басымдыққа ие болуға тиіс. Шет мемлекеттердің озық тәжірибелерін кеңінен қолдану керек.

Бесінші. Биылғы жылы өзінің 10 жылдығын атап өткелі отырған біздің елордамыз Астананы одан әрі дамыту маңызды міндет болып саналады.
Елордадағы энергия көздерінің, инженерлік инфрақұрылымдардың және бүгінгі озық көлік жүйесінің құрылысын одан әрі жалғастыру қажет. Қаланы энергия қуатымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде ЖЭО-3 құрылысымен қоса, энергетикалық кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру керек.
Үкімет елорданың тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандыру және оны барынша толықтыру мақсатында Астана қаласының азық-түлік белдеуін жасау жөніндегі жұмысты жандандыруы керек.

Үкімет және Астана қаласының әкімдігі 2008 жылы медициналық кластер құру жөніндегі жұмысты негізінен аяқтауды және елорданың 10 жылдығы қарсаңында тапсырылуға тиіс құрылыс нысандарын пайдалануға беруді қамтамасыз етуі қажет.

* * *

Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту барлық дәрежедегі әкімдердің бірінші кезектегі міндеті болып қалуға тиіс. Сондықтан мына бағыттарда мақсатты түрде жұмыс жүргізу керек.



Бірінші. Бюджеттің нәтижелілігін арттыру. Тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға арналмаған барлық шығындарды қысқарту қажет.

Орталықта нәтижелілікке бағытталған бюджетті өмірге енгізу жөніндегі жұмыс қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмысты жергілікті жердегі деңгейде де дамыту қажет. Тұрғындар өңірлік биліктің нақты қамқорлығын сезінуге тиіс.

Жаңа әлеуметтік нысандар: медициналық мекемелер, мектептер, спорт ғимараттары тұрғындарға сапалы, озық және ең бастысы, бұқаралық қызмет көрсету орталығына айналуға тиіс.

Екінші. Әкімдер инфрақұрылымдарды, әсіресе, жергілікті маңызы бар жолдарды барынша дамытуды қамтамасыз етуі керек.
Үшінші. Жер телімдерін жасырын бөлу тәсілінің тәжірибесін тоқтату керек. Барлық жер телімдері ашық аукциондар арқылы бөлінуге тиіс. Бұл ретте тек ӘКК қызметтеріне арналған жер телімдеріне ғана артықшылық беріледі.
Үкімет жүргізген тексерістер Астананың және облыс орталықтарының маңайындағы жер телімдері алдын ала жасанды фирмалар мен жеке тұлғалардың есебіне сатылып кеткендігін анықтады. Енді, міне, кейбір адамдар, олардың ішінде көпшілігі шенеуніктер, бұл жерлерді нарықтық бағамен сатып, ешқандай шығын шығармай-ақ мемлекеттің есебінен баюда.
Оларға бұл жерлерді мемлекетке өз еріктерімен қайтару жөнінде ұсыныс жасау қажет немесе құқық қорғау органдары бұл іс-әрекеттердің заңдылығын және ондай адамдардың жауапкершілігін анықтауға міндетті.
Егер “Нұр Отан” партиясы және оның Парламенттегі фракциясы бұл мәселені өз бақылауына алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Тұтастай алғанда, “Нұр Отанның” бастауыш ұйымдары және филиалдары, жергілікті мәслихаттардың депутаттары аймақтарды дамытудың және экономиканы жаңғыртудың сындарлы факторына айналуы қажет. Олар жоғарыда айтылған кешенді шараларды жүзеге асыруға белсенді түрде қатысып, атап көрсетілген міндеттерді айрықша бақылауға алулары керек.

Құрметті Парламент депутаттары!

Ханымдар мен мырзалар!

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болды, оның бастамалары тәжірибе жүзінде әрқашан кең қолдау тапты және нақты іс жүзіне асырылып отырды.


АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты аймақтық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін қалыптастырудың негізі болған, Қазақстанның бастамасымен немесе тікелей қатысуымен құрылған мемлекетаралық бірлестіктер өздерінің қажеттігін іс жүзінде дәлелдеді.

Біз Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен өзіміздің экономикалық және саяси ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта беруге тиіспіз. Өңірдегі тұрақтылық, ашық пікір алысу және өзара іс-қимыл таныту үшін берік негіз қалауымыз қажет.



Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздікті нығайту мақсатында біз, сонымен қатар, АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен және НАТО-мен сындарлы өзара іс-қимылды кеңейте береміз.

Бүгін біздің еліміз халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешім оның сенімді дәлелі болды. Біз осы ұйымның мүшелеріне, әсіресе, біздің кандидатурамызды ұжымдық негізде ұсынған ТМД мемлекеттерінің басшыларына алғыс сезімімізді білдіреміз.

Осыған байланысты “Еуропаға жол” атты арнайы бағдарлама әзірлеу қажет. Ол экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, басқарудың тәжірибесі мен технологиясын тартуға, заңдарымызды жетілдіруге, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміздің стратегиялық пайымын және өзіміздің күн тәртібімізді белгілеуге ықпал етуге тиіс.

Тұтастай алғанда, біздің сыртқы саясаттағы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы басымдықтарымыз өзгеріссіз қала береді.



Бірінші. Біздің сыртқы саясатымыз негізгі мүдделер ортақтығын іздестіруге, барлық, тіпті ең бір өткір мәселелердің өзінде де мәмілеге қол жеткізу қажеттігін түсінуге құрылған.

Екінші. Қазақстан алдағы уақытта да халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі халықаралық коалицияның белсенді мүшесі ретіндегі ұстанымын жан-жақты нығайта беруге ниетті.

Үшінші. Біз Қазақстан армиясын жаңғыртуды және оның жауынгерлік дайындығын жетілдіруді жалғастырамыз. Өткен жылдар ішінде еліміздің Қарулы Күштері өзінің әскери және техникалық сапасын елеулі түрде арттырды.

Қауіпсіздіктің бүгінгі заманғы қатерлеріне тойтарыс беруге қабілетті Қарулы Күштердің кәсіби, әскери және басқару корпусын құру қажет.


Тұтастай алғанда, еліміздің Қарулы Күштерінің алдында жаңа Әскери доктринаға сәйкес өзінің жауынгерлік дайындығын және бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру міндеті тұр. Үкімет пен мемлекет, бүтіндей алғанда, біздің Қарулы Күштерімізге барынша қолдау көрсетуге тиіс.

* * *


Алдағы жылдары жаһандық маңызы бар бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізу қажеттігін ерекше атап көрсеткім келеді.
Әңгіме 2009 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезі, 2010 жылы өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, 2009 жылдан басталатын ЕҚЫҰ-ның басқарушы үштігінің жұмысы және 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселелері туралы болып отыр.
Қазірдің өзінде осы мәселелерге байланысты ұйымдастырушылық жағынан да, сол сияқты мазмұны тұрғысынан да байсалды әзірлік жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл Үкімет пен Сыртқы істер министрлігінің ғана емес, барша мемлекеттік басқару органдарының міндеті.

Қымбатты отандастар!

Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!

Байқасаңыздар, алдымызға қойылып отырған міндеттер жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында халықтың және сіздер мен біздердің істеп жатқан шаруамыздың барлығы мемлекетіміздің нығаюы, тәуелсіздіктің мықтылығы, халықтың әл-ауқатының артуы үшін жасалуда. Осы жолда бәріміз елдің бізге деген сенімін ақтап, мақсаттарға жетеміз деп мен нық сенемін.


Айтайын дегенім осы еді, ағайын!

Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет