ҚАЗАҚСТАНДА ТУРИЗМ ТҮРЛЕРІ
Спорттық туризм түрлі спорттық іс-шаралар өтетін жерлерге қатысушы ретінде де, көрермен не жанкүйер ретінде де баруды білдіреді.
Қазақстан Республикасының аумағында жергілікті тұрғындар мен шетелдік қонақтардың спортпен айналысуы және белсенді демалысты насихаттау үшін барлық қажетті инфрақұрылым бар. Спорттық объектлердің арасындағы ең көрнектілері Алматы қаласындағы халықаралық деңгейдегі кешендер - «Медеу» және «Шымбұлақ». Сондай-ақ, соңғы 10 жылда астанамыз Астанада әлемдік деңгейдегі спорттық кешендер – «Астана Арена» стадионы, «Сарыарқа» велотрегі, «Алау» мұз кешені, «Барыс» хоккей клубының аренасы - «Барыс Арена» көпфункционалды спорттық кешені және тағы басқалары пайда болды.
Жыл сайын бұл кешендерге жақын және алыс шет елдерден мыңдаған туристер келіп жатады, халықаралық жарыстар өткізіледі. Сондай-ақ, ірі қалалар мен туристік орындарда жыл сайынғы марафондар, веложарыстар, триатлон жарыстары, альпиниадалар, тіпті жартасқа өрмелеу бойынша сайыстар өткізіледі.
Өз денсаулығының маңыздылығын және құндылығын түсіне отырып, денелерін шынықтыруға лайықты көңіл бөлетін адамдар санының кейінгі кезде өсіп келе жатқаны қуантады. Міне, сол себептен Қазақстанда спорттық туризм саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуда.
Сауықтыру туризмі
Қазақстан аумағында сан түрлі демалыс базалары, жоғары сапалы халықаралық курорттар мен шипажайлар жұмыс жасайды.
Егер де еліміздегі ең танымал туристік бағыт жайында сөз қозғасақ, оның курорттық-сауықтыру туризмі екеніне ешбір күмән болмас. Қазақстан курорттары қызметтердің кең ауқымын ұсына отырып, сапалы сауықтыру мен түрлі аурулардың алдын алуға бағытталған демалыс сыйлай алады. Сондай-ақ курорттық қонақ үйлер мен шипажайларда бос уақытты көңілді әрі пайдалы өткізу үшін, түрлі ойын-сауық қызметтері қарастырылған.
Өнеркәсіп туризмі
Инженерлік идеяның ауқымдалығымен таңқалдыратын құрылыстар орналасқан өнеркәсіптік аумақтарға, ірі кәсіпорындарға экскурсиялар.
Туризмнің ең қызықты бағыттарының біріне, ешбір күмәнсіз, өнеркәсіп туризмін жатқызуға болады. Ол қараусыз қалған немесе әлі де жұмыс істейтін түрлі объектілер мен аймақтарды зерттеуге бағытталған. Өнеркәсіп туризмі эстетикалық тұрғыдан өте маңызды, өйткені кез келген адам инженерлік және техникалық ойдың масштабымен таңғалдыратын қуатты құрылыстар орналасқан өнеркәсіптік аумақта жүргенде сөзбен жеткізуге болмайтын әсер алады. Туризмнің мұндай түрі әсіресе жастардың арасында танымал.
Еліміздегі өнеркәсіптік кешеннің ең жарқын өкілдерінің бірі ретінде бұрынғы Семей полигонын атауға болады. Өткен ғасырда Курчатов қаласының маңында Кеңес Одағы ядролық қару сынақтарын өткізген. 1991 жылы Семей полигоны жабылған соң, қазіргі күні ол өнеркәсіптік туризмінің бөлігі болып табылатын туристік объектіге айналып отыр. Алайда бұл объектіге тек тәжірибелі жолсілтеушілермен бірге баруды ұсынамыз, себебі барлық қауіпсіздік шараларын сақтау қажет.
Сонымен бірге, өнеркәсіптік туризмнің көрнекті орындарына Екібастұз қаласында орналасқан, Гиннес рекордтар кітабына енгізілген әлемдегі ең үлкен «Богатырь» көмір алабын да жатқызуға болады, ал Атырау қаласында туристерді қызықтыратын объекті – Қазақстанның ең ірі мұнай өңдеу зауыты. Егер әдеттегі демалыстан жалығып, жаңа сезімдер мен әсер алғыңыз келсе, бұл қуатты өнеркәсіптік державада сізді қызықтыратын басқа да ерекше орындар көп!
Достарыңызбен бөлісу: |