ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ
Қожағұлова Ғ.Қ.
(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ әлі шешілмей жатқан түйінді мәселелер де баршылық.
Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі - оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды.
Қазақ тілінің тарихы тереңнен бастау алады, ол алтай тілдері семьясының түркі тілдері тобына жатады. Қазақ тілі ең көне бастауын әр кездегі ежелгі түрік жазулары ескерткіштерінен: Талас-Орхон-Енисей жазулары (5-8 ғ.ғ.), Жүсіп Баласағұнның "Қүтадғу білік” еңбегі, Махмұт Қашқаридің "Диуани лұғат ат түрік” еңбегі, Ахмет Йүгінекидің "Һибат Ұл һақайық” еңбегі, Қожа Ахмет Яссауидің "Хикметі” (10-12 ғ.ғ.), Алтын Орда, Шағатай және қыпшақ (13-14ғ.ғ.) тұсындағы жазулардан алады.
Қазақ тілі – бай да құнарлы тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас. Қоғамның жылжып, өзгеруіне байланысты тіл де дамып, өзгеріп отырады. Қазақ тілі тарихында орын алған түрлі қиындықтар мен дағдарыстардың объективті себептері бар. Біріншіден, қазақ халқы үш ғасырға жуық орыс отаршылдығының қыспағында болып, ұлт ретінде жойылып кетудің бірнеше сатыларын бастан кешірді. Екіншіден, жоңғар шапқыншылығының халқымызға тигізген зардаптары да орасан зор болды. Үшіншіден, Кеңес өкіметі жетпіс жылдан астам уақыт бойы ұлттардың жақындасуы деген желеумен ұсақ ұлттардың тілдеріне қысым жасап келгені белгілі.
Қазақ жазуы 1929 жылға дейін араб графикасын, ал 1929-1940 жылдары латын графикасын қолданған. 1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс графикасын қолдануда. Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес – барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» куә бола алады.
Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі - әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
Қазақтар Қазақстаннан басқа әлемнің елуден астам елінде өмір сүреді. Қазақтардың негізгі бөлігі Қазақстанмен шекаралас елдерде тұрады. Қазақтардың ең көп диаспорасы Қытайда - 2,7 млн, Өзбекстанда - 1,5 млн, Ресейде - 1,2 млн шоғырланған. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері шамамен 1 миллион этникалық қазақтар елімізге оралды. Қазақстан Германия, Израиль, Греция, Ресей сияқты этникалық отандастар мәселесімен айналысатын әлемдегі санаулы елдердің бірі. Қазақстанда шамамен қазақ балаларының сексен пайызы қазақ мектептерінде оқиды және мектептердің шамамен жетпіс пайызы қазақ тілінде дәріс береді. Бірақ дәл осы арадан даулы мәселе туындайды. Неліктен көптеген қалалардағы, әсіресе, ірі қалалардағы көптеген мектептер «аралас мектептерден» тұрады. Бұл нені білдіреді? Мысалы, мектепте дәріс алушылардың көпшілігі орыс тілінде оқитын болса, сол мектепте дәріс алатындардың азшылығы қазақ тілінде білім алатын балалар. Міне, сондықтан да орыс тілінің басымдығы білініп тұрады. Соңғы уақытта Қазақстанда мынадай қызық үрдісті байқауға болады: жергілікті емес ұлттар өкілдері өз балаларын қазақ тіліндегі бала бақшаларға беруде. Бір қуантатыны басқа ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді жан-тәнімен үйренушілер де және жауапкершілікпен қарайтын да жандардың көбеюі.
Мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту және оның қолдану аясын кеңейту үшін мемлекет тарапынан белгілі бір уақытқа жоспарланған жан-жақты бағдарламалар да жасалды. Мемлекеттік тіл әрдайым мемлекеттің қорғауында және оның қамқорлығында болады. Демократиялық қоғамды белгілі бір тілге мемлекеттік мәртебеге беру оның басқа тілдерге қысымшылық көрсету болып табылмайды. Мысалы, Үндістанда мемлекеттік тіл ағылшын тілі болса, хинди тілі тек тұрмыстық тіл деңгейінде қалып қойған. Марокконың, Алжирдің мемлекеттік тілі араб тілі болғанымен, ресми тіл ретінде француз тілі онымен бірдей дәрежеде қолданылады.
Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры да. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Бұл ретте Қазақстан Республикасының тіл саясаты мемлекеттік тілді дамытуға және республикада қолданылатын өзге де тілдер үшін жағдай жасауға бағытталған.
Елбасының Қазақстан халқына жолдауында белгіленетін басым бағыттардың бірі – барлық қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы ретінде мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға басты назар аударады. Сондықтан қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту және оның әлеуметтік-коммуникативтік міндеттерін кеңейту еліміз саясатының басты стратегиялық басымдығы болып қала береді. Осы мақсатта Қазақстан халықтары Ассамблеясы да өзінің стратегиясында мемлекеттік тіл мен қазақ халқы мәдениетінің басты рөлі азаматтық және рухани мәдениеттің ортақтығы негізінде Қазақстанның барлық этностарының бірігуі жолында қазақстандық сәйкестіктің қалыптасуының басты міндеттерінің бірі болып табылатынын жариялады.
Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай бола қалатын іс емес. Себебі ол тіл сол мемлекеттің иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу - ұлтаралық, қатынастар үйлесімділігінің, халықтардың топтасуы мен қоғамдық келісімді нығайтудың алғышарты. Бізде ұлтты тәрбиелегісі келетін, бірақ өз балаларын тәрбиелей алмаған зиялы қауым өкілдері көп. Көбісінің балалары өз ана тілін білмейді. Ал ана тілін білмеген адамда міндетті түрде ол ұлттың менталитетіне, салт-дәстүріне іштей қарсылығы болып тұрады. Сол тілді менсінбеу, сол тілде сөйлей алмағаннан кейін ол тілдің мәдениетін қор санау сезімі бәрібір болады.
Қазақстанда тұратын жүз отыз екі ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, тілін білуі міндетті. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.
Біздің негізгі мәндетіміз - біздің азаматтарымыздың, этникалық қауым өкілдерінің қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде еркін меңгеруін қалыптастыру. Біріншіден, бұл қоғамдағы өзара түсіністікке әсер етеді, екіншіден, тіл – ынтымақтастықтың негізгі көзі, еліміздегі бірлік пен ынтымақтастықтың тірегі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |