Тұмарша (Бойтұмар) Бұл – ырымдық зат. Оған кез-келген бұйым (ұлутас, сүйек, т. б. ) немесе арнайы жасалған қымбат заттар да алынған, оларға жазу жазылып, бедер суреттер түсірілген. Бойтұмарды алқаға, кішкене қорапшаға, әмиянға салатын болған. Болмаса былғарыдан, шүберектен жасаған қалташаға тігеді. Үлкендігі мен пішіні әртүрлі болады. Ол көз тиюден, пәле-жаладан, апаттан қорғайды деп сенген.
Жүзік, сақина Әйелдердің саусақтарына тағылатын зергерлік бұйымдардың бір түрі – жүзік немесе сақина деп аталады. Зергерлер алтыннан, күмістен құйып, қақтап, соғып, шекімелеп, қара ала жүргізіп шиыршық темірден торлап, небір тамаша өрнектер салып, асыл тас қондырып алуан түрлі жүзіктер жасаған. Олар жасалу түрі мен қолдану ретіне қарай отау жүзік,құс мұрын жүзік, тасбақа жүзік т. б. деп аталған.
Шолпы, шаш теңге Бұл бұйымдарды қыз-келіншектер шаштарының ұшына тағады. Шаш теңгелер мен шолпылар әсем шиыршықталған күміс үзбе бауларға бекітілген тоғыз теңгеден тұрады. Тоғыз – қазақ ұғымында киелі сандардың бірі. Олар бір-бірімен ұзыннан ұзақ жалғасып, шаштың ұшына бірге өріледі.
Шашбау Шашбау да бір-біріне сым үзбелер арқылы бекітіледі. Орталарына асыл тастардан көз қондырылған теңгелер тізбегінен құралады. Ұшы сәнді шашақпен, күміс әшекейлермен әсемделеді. Шашбау шаштың түбіне бекітіліп, бұрыммен бірге салбырай төгіліп тұрады.
Білезік Білезік сыңар қолға да, қос қолға да тағыла береді. Бірнеше бөлшектен құралған, ашпалы-жаппалы, сом темірден тұтас құйылған жұмыр түрлері болады. Соған орай оларды сом білезік, жұмыр білезік, бес білезік т. б. деп әртүрлі атайды. Олардың ішінде шынжырмен жалғасып жататын бірнеше жүзігі бар білезіктер де кездеседі. Оларға неше түрлі өрнектер салып, тас қондырып, қарала жүргізіп, сіркелеп, бұрала ширатып әсемдеген. Олар көбіне күмістен соғылады.
Сырға Қыз-келіншектердің аса сүйіп тағатын әсемдік бұйымдарының бірі – сырға. Қазақ зергерлері жасайтын ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға,шашақты сырға деп әр өңірде алуантүрлі аталатын сырғалардың түрлері өте көп.
Қапсырма Қапсырма – бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үш бұрыш,сүйір,доға тәріздес әр түрлі пішінде болады. Қапсырманың бетіне аң-құстың, ай мен күннің,немесе өсімдік тектес өрнектер салынып, тастар қондырылып әсемделеді.
Алқа Оны өңіржиек деп те атайды. Алқалар бір-біріне шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылады. Әр әшекейдің ортасына, жиектеріне асыл тастар орнатады.
Ою-өрнек
Оюшы Оюшы - әртүрлі өрнек үлгілерін жасаушы, қазақ ою-өрнегінің шебері.
Гүл, дөңгелек, мүйіз, таңба Ою-өрнек түрлері: Қазақтың ою-өрнектері төрт түрге бөлінеді: өсімдік тектес, жануарлар, геометриялық формадаа, космогендік (астрологиялық).Бұлардың әрқайсысының өзінің белгілі бір мағынасы бар. Мүйіз – қазақ оюының негізі және ең көне мәнері. Ою-өрнектің бұл элементі мүйізді мегзеуден шыққан. «Мүйіз» ою-өрнегі кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында пайдаланылады. Ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданады. «Гүл» ою-өрнегі барлық гүл түрін тұспалдайды. Бұл өрнектің түрі қолөнер бұйымдарында үш жапырақтан басталып, он екі жапырақты ою-өрнекке дейін кездеседі Кесте тіккенде және киім-кешектердің жағасына, қалтасына, жиектеріне салады.
Арпабас, көбелек, су өрнегі Қазақ қолөнерінде ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан дәстүрлі бояу түрлері бар. Олар: қызыл, көк, жасыл, сары, ақ, қара. Бұл бояулардың сол сияқты символдық мәні де бар. Көк түс – аспанның, ақ түс – ақиқаттың, қуаныштың, сары түс – ақыл парасаттың, қайғы мұңның, жасыл түс – жастықтың, көктемнің символы. «Су өрнегі» деп әрбір өрнекті бөліп тұрған жолақты айтады. Су өрнегі екі қатар сызық аралығында ирек сызық жасай отырып, дөңгелек, төртбұрыш бейнелер жасайды.
Қошқармүйіз, ашатұяқ «Қошқармүйіз» - ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлаытын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық пішіні аңғарылады. Текеметте, сырмақта, басқұрда, алашада, кілемде, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрінде кездеседі. «Ашатұяқ» өрнегі кейде «айыр» өрнегі деп те аталады. Пішен ашалайтын айырға ұқсас кледі.
Түйетабан «Түйетабан» - түйенің басқан ізін долбарлайтын күрделі ою-өрнек. Ол кейде «қарта», «қарға», «қызылайыр» ою-өрнегіне ұқсайды. Қатар тұрған S тәрізді екі сызық қатарласыпқосылмайды, түйенің табанына ұқсас екі жарты сопақша дөңгеленіп келетін ою
Құсқанаты «Құсқанаты» ою-өрнегі мүйіз оюымен не шахмат шақпақтарының ізімен бейнеленген құстың қанаты тәріздес ою-өрнек. Бұйымдарда көп қолданылатын бұл ою қанатын жайып ұшып келе жатқан құсты тұспалдайды.
Кемпірқосақ «Кемпірқосақ» ою-өрнегі бірнеше түстерден жолақтар жасап алма-кезек орналасады. Қазақтарда кейбір түстердің символдық мәні бар. Көк түс – аспанның, ақ түс – ақиқаттың, қуаныштың, сары түс – ақыл парасаттың, қайғы мұңның, жасыл түс – жастықтың, көктемнің символы. Қолөнер бұйымдарын жасауда әрбір түсті белгілі тәртіппен кемпірқосақ көркіне лайықтап орналастырылады. Бұл өрнектер алаша, қоржын, басқұр тоқуда жиі пайдаланылады.
Өркеш «Өркеш» ою-өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Сырмақ, текемет, тұскиіздерге салынатын ою-өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу береке-бірліктің, көбеюдің символын білдіреді.
Құстұмсық «Құстұмсық» - бұл өрнек құстың тұмсығын тұспалдаудан туған. «Құстұмсық» тармақты мүйіздер мен сызықтардан құралады. Ою-өрнекті қиғанда ою ортасындағы сызық ұшы құстың тұмсығына ұқсас етіп қиылады. «Құстұмсық» жүзік немесе «топсалы» жүзік сәлемдеме ретінде туыстар арасында дәнекер қызметін атқарған. Құс бейнесі халық түсінігінде азаттықтың белгісі.
Тұмарша «Тұмарша» ою-өрнегі үшбұрыш үлгілес болып келеді. Үш гүл, үш бұрыш тәрізді тұмарлар тіл-көзден сақтау үшін адамдарға ғана емес, үй жануарларына да бойтұмар ретінде тағылады. Кілем бұйымдарының жиегінде киіз, кілем, текеметтің орта тұсын көмкеруде кездеседі.
Қазақтың балалар ойындары
Ат мінгізіп, шапан жабу Құрметті қонаққа, ақынға, батырға, палуанға және сол сияқты елге еңбек сіңірген ардақты, айтулы азаматтарға ат мінгізіп, шапан жабу қазақ халқының ертеден келе жатқан аса лайықты, жарасымды ата салты, яғни бұл «батыр», «ақын», «палуан» деген құрметті атақтардан кейінгі берілетін құрметтеу, сый-сияпат, марапат, мадақ белгісінің айғағы, ең жоғары құрметі ретінде беріледі. Ат мінгізу, шапан жабу салты салты қазіргі күнде де жарасымды жалғасын тауып келеді.
Хан алшы Ойынға 5-10 балаға дейін қатыса береді. Асық көп болу керек. Көп асықтың ішінен үлкенірек біреуін қызыл түске бояңдар. Осы асық « Хан» болады. Алдымен санамақ арқылы ойын бастаушыны тағайындап алыңдар. Осы бала асықтың бәрін уысына жиып алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді.Сендер «ханның» қалай түскенін байқап отырыңдар. Егер «хан» бүк, шік, тәйкі түссе, ойын бастаушы бала « ханның» түсуіне қарай жақын асықтарды бас бармақтардың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере- ыршытып біріне – бірін дәлдей отырып тигізеді.Тигізген асықтарды өзіне алады. Осы арада «ханды» тек ең соңғы өзі сияқты жатқан асықпен атып алуға болатынын ұмытпағандарың жөн.Ойын бастаушы басқа асықтарға қолымен не асықпен тиіп кетсе, ойынды келесі бала жүргізеді. Ал, егер «хан»алшысынан тұрса, «ханды» әрқайсысың өз қолдарыңа түсіруге әрекеттеніңдер. «Хан» кімнің қолына түссе, сол бала жеңіске жетеді. Ойынды да сол жеңген бала бастайды.
Омпы Асықты мұртынан немесе жамбасынан тұрғызуды «Омпы» дейді. Омпы ойынына 2-10 балаға дейін қатыса берулеріңе болады. Ара қашықтығы 10-20 адым ( қалауларың бойынша) жерге екі көмбе сызыңдар. Әр қайсысың көмбенің тең ортасына белгіленген сызық бойындағы көнге екі асықтан тігіңдер. Ортасына бір асықты омпысынан тұрғызыңдар. Көмбедегі сызық бойына кезекке тұрып, қолдарыңдағы сақаларыңмен көнге тігілген асықтарды атып түсірулерің керек. Атып алған асықтарың өздеріңе қалады. Егер омпыға тигізсеңдер, көндегі барлық асықтарды аласыңдар.Неғұрлым көп асық ұтып алғандарың жеңіске жетесіңдер.
Атбақыл (Көтеріспек) Ойынға екі бала қатысады. Біреуің сақаңды иіріп, екіншің сол сақаны атыңдар. Егер сақаға тигізсеңдер, атқан бала сол жерден сақасы жатқан жерге дейін екінші баланы көтеріп апарады. Біріңнің сақаңды бірің атып, екеуің алдыға қарай жылжи беріңдер. Ойынды қанша ойнасаңда өз еріктеріңде.
Көтермек Ортаға екі бала шығыңдар. Бір- бірлеріңе арқаларыңды тіреп тұрып қолдарыңды шынтақтастырыңдар. Жүргізушінің белгісінен кейін жерден қайсысың бұрын екіншіңді көтеріп аласыңдар, ұтқан болып есептелесіңдер. Жеңіске жеткендерің ортада қалып, келесі баламен сайысқа түсесіңдер. Соңғы жеңімпаз анықталғанша, ойын осылай жалғаса береді.
Тақия тастамақ Ойынға бірнеше бала қатысады. Балалар, шеңбер жасап отырыңдар. Жүргізуші шеңбердің сыртын айнала жүгіріп жүріп, біреулеріңнің артыңа білдіртпей тақияны тастап кетеді. Егер сезіп қойсаңдар, жүргізушіні қуып жетулерің керек. Ал, жүргізуші қуған баланың орнына келіп тұра қалуға тырысады. Жүргізушіге жете алмаған бала айыбын төлейді, өнер көрсетеді.
Түйілген орамал Алдымен кез- келген орамалды түйіп- түйіп доп тәріздес етіп алыңдар. Бір бала ортада тұрады, қалғандарың оны қоршап тұрасыңдар. Сыртта тұрған біреуіңнің қолыңда түйілген орамал болады.Берілген белгіден кейін ортада тұрған бала осы орамалды сендердің қолдарыңнан алып қоюға әрекеттенеді. Ал, сендер бір- біріңе лақтырып, қашып, ортадағы балаға түйілген орамалды бермеуге тырысуларың керек. Орамалды беріп қойған бала ортада жүрген баламен орнын алмастырады.