Б. Мағзұмов МӘтін лингвистикасы


Когезияның композициялық – құрылымдық формаларына



бет14/44
Дата20.05.2022
өлшемі0.51 Mb.
#458327
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   44
1159 jarmakin o. kh. magzumov kh.b matin lingvistikasi filologiya mamandikhtarinin studentterine arnalgan okhu khurali

Когезияның композициялық – құрылымдық формаларына бірінші кезекте хабардың сабақтастығы мен логикалық ұйымдасуын баяндаудың негізгі тақырыбымен (сюжетімен) тікелей байланысты емес оқиғаларды, құбылыстарды, іс-әрекеттерді мезгілдік немесе кеңістіктік сипаттаумен, түрлі шегіністермен, сөз араластырумен шектелген тіл материалы жатады. Мұндай «бұзушылықтар» әңгіменің негізгі желісін бұзып, кейде хабардың екінші кезегін танытады. Кірігудің композициялық-құрылымдық формалары фильмдерде пленкаларды кесектеп құрастырғанға ұқсайды.
Өмірде жақсылық пен жамандықтың, қуаныш пен реніштің, сәттілік пен сәтсіздіктің алмасып отыруы – ақиқат шындық. Барлық өнер туындылары тәрізді көркем әдебиет шығармасы да өмірді әр қырынан көрсетуге тырысады, когезияның композициялық-құрылымдық түрлерімен жүзеге асырылатын формасы оның барабар айтылымына айналады. Бейқисын тұрғыдағы когезияның композициялық-құрылымдық формаларында, мысалы, ассоциациялық когезия формаларында әңгіменің бөлшектенген кесектерін қисынды байланыстыруы мүмкін сөздер мен айтылымдарды ойша елестетуге болады. Мысалы: баяндау тақырыбынан ауытқып, баяндаудың басқа желісіне ауысып, бұл менің ... есіме түсірді, осымен қосарлана, басқа мезгілде, басқа жерде, осыған ұқсасты байқау, т.б. әдетте бұл сөздер мен айтылымдар басқа мәтіндерде, мысалы, ғылыми мәтіндерде ашық көрсетіледі.
Когезияның стилистикалық (риторикалық) формалары стилистикалық ерекшеліктері күрделі фразалық тұтастық пен абзацтардың құрылымдарында сабақтаса қайталанатын мәтін ұйымында байқалады. Құрылымдардың ұқсастығы әрдайым семантикалық жақындықтың белгілі бір дәрежесін болжатады. Егер мәтіннің бір абзацында себептен салдарға қарай дамуын анықтауға болатын құрылымды тапсақ, онда екінші не үшінші абзацта (үзіндіде) сондай құрылымның дамуы когезия формаларының бірі болады. Құрылымның толымсыз параллелизм жағдайлары туралы, мәтіннің екі және одан көп бастаулары туралы да соны айтуға болады. Параллелизм амалы сөйлемдер, күрделі фразалық тұтастық және абзац құрылымдары ұқсас болғанда өткеріледі. Құрылымдардың мұндай ұқсастығы негізінен күрделі фразалық тұтастық жанаса орналасқанда көрінеді, кейде аралық өткерілуде де ұқсастық байқалады. Ондай жағдайларда когезия стилистикалық әдістердің көмегімен іздестіріледі. Ең қарапайым когезия – хиазм амалы. Бір күрделі фразалық тұтастық (абзацта) сөйлемдердің тіркесу тәртібі алдыңғысына немесе соңғысына қатысты өзгермелі. Мәселен, бір үзіндіде хабар себептен салдарға қарай, келесісінде салдардан себепке қарай дамыса, хиазм амалының, яғни риторикалық когезия формаларының бірінің ашық көрінгені.
Когезияның осы формаларына негізі ұқсас, ал өткерілу формалары әр түрлі бір стилистикалық (риторикалық) амалдың (салыстыру, аллюзия, метафора) белгілі бір қайталануы да жатады.
Когезияның ырғақ түзуші формаларын қабылдау қиынырақ, ол негізінен поэзияның еншісі. Ырғақ, ұйқас және басқалары сияқты құбылыстар поэтикалық шығармалардың формасымен анықталған мақсаттарға қызмет етіп қана қоймай когезияның құралдары болып та табылады.
Ырғақ прозалық мәтінді ұйымдастыруда да белгілі бір роль атқарады. Ырғақ – сөз қозғалысының, бүкіл шығарманың дамуының бірлігі. Ырғақтық қозғалыс сан алуан, ырғақтық динамика сюжет динамикасымен, автордың мінездері мен бейнесінің дамуымен байланысты. Ырғақтық сурет дамушы әрекет барысын жүзеге асыруда және оның кезеңдерін бөлуде маңызды роль атқарады. Түрлі композиция – сөз бірліктерін-портрет және пейзаж суреттемелерінде, пайымдауларда және т.б. ырғақтық шектеу байқалады.
Автордың, әңгімелеушінің, кейіпкерлердің «партиялары» көркем мәтіннің құрылымында ырғақты дараланады. Көркем мәтінді ырғақты ұйымдастырудың негізінде лингвистикалық факторлар жатыр. «Табиғи» және ырғақты прозада үш ырғақ бірлігі анық көрінеді: фонетикалық сөз (екпінділігі жағынан айтылғанда лексикалық сөзге теңелетін кез-келген сөз), оны кейде такт, фонетикалық тұтастық, «ырғақты құрылым» немесе аритмиялық топ деп атайды, синтагма және сөйлем.
Кейбір ғалымдар негізгі ырғақтық бірлік ретінде көркем мәтінде ырғақтық фигура құрайтын синтагманы, яғни түрлі екпіндік құрылыстағы фонетикалық сөздердің белгілі бір сабақтастығын атайды.
Ырғақ (тұрақтылығы немесе өзгеруі) абзацтың көлемімен, сөйлемнің ұзақтығымен, құрылымымен, әуезділігімен, сөйлем мен синтагмадағы сөздер мен сөз екпіндерінің санымен және орналасуымен байланысты. Сөйлемнің құрылымындағы әуезділік пен сөз екпініндегі өзгерістер ырғақтың өзгеруіне соқтырады.
Проза ырғағының негізінде құрылымның қайталанушылығы, мәтінді біртекті ырғақты ететін ырғақ қайталануы жатыр. Құрылымның қайталануы лексикалық және фонетикалық қайталанумен (анафора, аллитерация, эпифора) күшейеді. Сонда анық қабылданатын ырғақ, ырғақты немесе ырғақтандырылған проза туады. Мәтіннің ырғақтық суретінің сан алуандылығы ырғақтық қозғалыстың, яғни синтаксистік және әуендік модельдердегі өзгерістің, мәтінге жаңа ырғақтық фигуралар тудыратын варианттардың қосылуының арқасында жасалады.
Көркем проза ырғағы сюжетпен де, композициямен де, кейіпкерлердің мінезімен және басқалармен байланысты. Пушкин прозасының қайталанбас ырғағы баршаға аян.
Сонымен, күрделі фразалық тұтастық (микромәтін) мен макромәтінді талдағанда күрделі фразалық тұтастық сөйлемдерінің арасындағы логикалық-семантикалық байланыстарды, коммуникативтік мақсат ұстанымын және жалғаулықтармен ғана емес басқа құралдармен де айтылатын күрделі фразалық тұтастық құрамаларының арасындағы реляциялық қатынастарды ескеру маңызды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет