Лекция 13. Киелі орындар Тәуелсіз Қазақстанның қазынасы
Қызылорда облысының қатпарлы қазақ тарихында алатын орны ерекше. Тағдыр талайында еріксіз бодандықтың қамытын киген, қол-аяғы бұғауда болған қазақ өктемшіл империя үшін «бұратана, «киргиз-кайсак» аталып келген еді. Ел астанасы Орынбордан Ақмешіт – Қызылордаға ауысқанда, Алаш ардақтылары нақ осы аймақта 1925 жылы халыққа қазақ атауын қайтарып берген болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сыр – қазақтың анасы» деген қанатты сөзін мұндағы жұрт қастер тұтады.
Қазақстан Президенті жұмыс сапары барысында әуелі облыстық көпсалалы балалар ауруханасына барды. Бүгінде еліміз балалар денсаулығына ерекше мән беріп отыр. Тағдыр жазуымен төсекке таңылған, ақыл-ой, дене дамуында ауытқуы бар балалар мемлекет қамқорлығынан тыс қалмақ емес. 2017 жылы пайдалануға берілген көпбейінді аурухана соның бір айғағы. Ауруханада 11 бөлім, 5 операциялық блок, реанимациялық және анестезияға арналған бөлімдер бар. Сондай-ақ мұнда кеңес беру-диагностикалық бөлімі жұмыс істейді. Аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мамандар шетелдік клиникаларда біліктілігін арттырған. 500 адам қызмет етеді.
Облыстық аурухананың бас дәрігері Зоя Көшенова Мемлекет басшысына осындағы жағдайды баяндап берді. Жоғары медициналық құрал-жабдықтар жетіспеген бұрынғы кездері қызылордалық балалар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына жолдамамен барып емделеді екен. Қазір дәрігерлік көмек қолжетімді, медициналық қондырғылар халықаралық стандарттарға негізделген. Көпсалалы балалар ауруханасы күрделі операциялар болмаса, барлық ем-домды өздері жасайды.
Қ.Тоқаев балалар ауруxанасының медициналық қызмет көрсететін кабинеттерін аралап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті. Еркін әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті бала денсаулығын жақсарту ісі мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсетінін айтты.
– Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыздың оңай емес екенін жақсы білемін. Балаларды емдеп, халықтың алғысына бөленіп жүрсіздер. Еңбектеріңіз елене берсін! – деген.
Қасым-Жомарт Кемелұлы медицина мекемесі ұжымының жұмысына табыс тіледі.
Мемлекет басшысы бұдан кейін «Жан Арай» күріш өсіру ісіне мамандандырылған агроиндустрия кешенінде болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Серіктестік күріш өндірісімен және күріш дақылын халықаралық стандарт талаптарына сәйкес өңдеумен айналысады. Сондай-ақ жем дайындайды.
«Жан-Арай» ЖШС-нің күріш өңдеу және құрамажем зауыттары тәулігіне 150 тонна күріш, 170 тонна ұн өңдейді. Тәулігіне 80 тонна жем өндіреді. Кәсіпорында 300-ге жуық адам еңбек етеді.
Қ.Тоқаев серіктестікте ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен жүздесіп, пікір алысты. Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен әңгіме кезінде бұл саланы өркендетудің басты бағыттарын атап көрсетті.
– Ауыл шаруашылығы – әлеуеті өте зор, стратегиялық маңызды сала. Бұл саладағы мәселелерді жақсы білеміз. Мемлекет оларды шешудің барлық мүмкіндігін қарастырады, – деді Мемлекет басшысы.
Облыстың ауыл шаруашылығы өндірісі кешеніндегі экспортталатын өнімдер түрі соңғы 6 жылда 3-тен 15-ке дейін артты. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорттың 97%-ы қайта өңделген өнім үлесіне тиесілі. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін «Агрокарта» әзірленді. Оның мақсаты – экспорттың өсуін және өзіндік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласының сол жағалауының құрылысын көрді. Мұнда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сол жағалау құрылысының Қазақстан Үкімет бекіткен бас жоспарын таныстырды. Сол жағалаудағы жаңа қаланың жалпы аумағы 1532 гектарды құрап отыр. «Бүгінде Қызылордада 280 мыңға жуық адам тұрады. 2025 жылға қарай халық саны 350 мыңға жетеді деп күтіп отырмыз. Яғни, тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қосымша аумақтар қажеттілігі туады», деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы қазіргі уақытта сол жағалауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың бірінші жартысында пайдалануға берілуі жоспарланған 460 пәтерлік 8 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын екенін айтты. Бұдан басқа, әлеуметтік және коммерциялық сипаттағы 1190 пәтерлік қосымша 28 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Жалпы, сол жағалаудағы 3 тұрғын үй ауданында үстіміздегі жылы 2340 пәтерлік 50 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 431 пәтер аз қамтылған көп балалы отбасыларға беріледі.
Қаланың жаңа бөлігінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігі бойынша 320 орындық балабақша салынды. Сондай-ақ жеке құрылыс салушылардың қаражаты есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді, «Болашақ» университеті кампусының құрылысы аяқталуда. 2019-2020 жылдары емханасы бар көпбейінді аурухана, отбасылық медицина орталығы, жатақханасы бар физика-математика мектебі, жеке мектеп және тағы басқа нысандар салу жоспарланып отыр.
Қазақстан Президенті келесі кезекте Қызылорда облысындағы өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығында болды. Мемлекет басшысына орталықтың негізгі қызметі жөнінде мәлімет берілді. Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген бұл орталық «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сияқты бағыттар бойынша жұмыс істейді. Ғимаратта Қызылорда қаласының тарихына арналған мұражай орналасқан. Қ.Тоқаев мұражай экспозициясымен танысты.
Сол жағалаудағы тағы бір маңызды нысан – мамыр айының басында пайдалануға берілген тәулік бойы жұмыс істейтін Жастар орталығы. Орталықта шағын және орта бизнес, тұрғын үй, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мәселелері, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері туралы кеңес беру кабинеттері мен психолог, әдістемелік және медициналық кеңес беру кабинеттері, сондай-ақ «Жас сарбаз» әскери-патриоттық орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар интернет-кітапхана, антикафе, IT-парк, конференц-зал және жаттығу залы бар. Орталықтың жалпы ауданы – 3870 шаршы метр, ол ауысымына 670 келушіге есептелген, мұнда 32 маман жұмыс істейді.
Президент орталықтың қызметімен танысып, аймақ жастарымен кездесті. Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университетінің түлегі Жазира Смайылова жас ұрпаққа жасалып жатқан қамқорлық мен қолдау үшін алғысын білдірді. Облыста 2014 жылдан бастап аймақ басшылығының бастамасымен қызылордалық мектеп түлектері Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болған еді. 2018 жылы 32 түлек оқуын тәмамдап, аймақ кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылды. 2019 жылы тағы 132 білім алушы оқуын аяқтайды деп күтіліп отыр. Барлығы 520 сырбойылық жас Ресейдің озық инженерлік жоғары оқу орындарында білім алуда.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қызылорда облысының құрылыс саласындағы көрсеткіші жоғары екенін атап өтіп, шаһардың өркендеп келе жатқанына тоқталды.
– Қала құрылысына осы саладағы үздік тәжірибелерді қолдану керек. Жаңа теxнология мен құрылыс материалдарын пайдаланып, «Ақылды қала» (Smart City) жүйесінің компоненттерін белсенді түрде енгізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Президент Қ.Тоқаев бұдан кейін «Сұлтан Плаза» қонақүйінде Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесті. Кездесуге 400-ден астам қызылордалық қатысты.
Мемлекет басшысы аймақтардан түсіп жатқан ұсыныстарды ескере отырып, өңірлерді дамытуға бағытталған арнайы кешенді мемлекеттік бағдарламаның іске қосылатынын айтты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс басшылығы шешуі тиіс бірқатар мәселеге тоқталды.
– Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті! Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алу керек, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы шетел компанияларында жұмыс істейтін отандастарымыздың мүдделерін қорғаудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар облыстың әлеуметтік саладағы жетістіктеріне тоқталды.
– Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету үшін облыста Әлеуметтік жол картасы іске қосылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 миллиард теңге болатын 60 жоба жоспарланған. Облыс әкіміне соларды уақтылы әрі тиімді жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Қ.Тоқаев дамудың жаңа драйверлерін қалыптастыру қажет екенін айтып, қуатты экономикаға қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
– Индустрияландыру саясаты өзінің жемісін берді. Бұл бағыт одан әрі жалғасады. 2013 жылдан бері Қызылорда облысында өңдеуші өнеркәсіп саласы екі есе өсті. Ірі цемент зауыты іске қосылды. «Шалқия» кен орнында қуатты комбинаттың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, облыстағы шыны зауытының құрылысын аяқтау қажет. «Бәйтерек» холдингі мен облыс әкімдігіне зауытты іске қосып, Қазақстанның алғашқы шынысын шығаруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ауылдардың өсіп-өркендеуі агросектордың ілгерілеуіне септігін тигізетінін айтып, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды.
– Суармалы жерлерде су тапшылығы бар. Сондықтан жаңа су қоймаларын салу қажет. Үкімет облыс әкімдігімен бірге аталған мәселені шешу үшін маған нақты жұмыс жоспарын ұсынсын. Бүкіл ел бойынша ауыл инфрақұрылымын жаңғыртатын кез келді. Жергілікті жолдардың, су құбырларының, электр желілерінің, мәдени-спорт кешендерінің бәрі жаңаруы қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қазақстан Президенті өңірдегі экологиялық проблемаларға, соның ішінде, Арал проблемасына, айналасына зиянын тигізіп отырған мұнай-газ және уран қалдықтарына назар аударды.
– Экология – қызылордалықтарды толғандыратын мәселенің бірі. Халық Арал тағдырына алаңдайды. Елбасының бастамасы бойынша «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. Осы жобаның және Көкарал бөгетінің арқасында Кіші Аралдағы су қалпына келді. Бұл балық шаруашылығын жандандыруға септігін тигізді. Тағы бір маңызды мәселе – бүгінде тұрғындарды мұнай-газ бен уранның зиянды қалдықтары алаңдатып отыр. Өңірдегі кәсіпорындарға жаңа технологиялар енгізіп, экологиялық қауіпсіздікті халықаралық стандарттарға сай ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев Байқоңырды Қазақстанның ғарыш саласының негізі ретінде атап өтіп, бұл кешен облысқа жоғары технологияларды дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
– Біздің мақсат – ғарыш технологияларын Отанымыздың, халқымыздың мүддесі үшін қолдану. Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы жалғасуда. Мұнда 30 жыл ішінде алғаш рет көпқабатты үйлер және медициналық орталық салынды. Бес мектеп Қазақстанның білім стандартына көшті. Қазір әлемде инвесторлар ғарыш стартаптарына кең қолдау көрсетуде. Біз де Байқоңырдың әлеуетін тиімді пайдаланып, бұл үрдістен шет қалмауымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Қызылорда өңірінің жұртшылығы атынан ардагерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, спортшылар сөз сөйлеп, өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Соңында Мемлекет басшысы xалықтың әл-ауқатына қатысты мәселелердің барлығы жеке өзінің бақылауында болатынын айтып, жиынға қатысушыларды Қызылорда өлкесін дамудың жаңа деңгейіне шығару үшін атсалысуға шақырды.
Қазақстан Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Сыр маржаны» ЖШС директоры М.Өтеевті, көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері А.Шүленбаевты, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, Қызылорда облысының құрылысшылар қауымдастығының жетекшісі Қ.Ерназаровты, даңқты спортшы, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Э.Тұрсынбаеваны және «Нартай өнер мектебі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры М.Бекпейісовті алғыс хаттармен марапаттады.
Президент Қ.Тоқаев Қорқыт ата мемориалдық кешеніне де барып, музейдің жаңартылған экспонаттарымен танысты. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 1980-жылдары Түркі әлеміне ортақ рухани ұстаз Қорқыт атаның құрметіне мемориалдық кешен салынған. 2014 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша зиярат ету нысаны тұрғызылған болатын.
Сапарының соңында Қ.Тоқаев Байқоңыр қаласына барып шаһардың даму барысымен танысты. Қазақстан Президентіне қаланың қазіргі аxуалы мен әлеуметтік-экономикалық даму барысы және оның негізгі көрсеткіштері баяндалды.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары – Президенттің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Б.Намаев қаладағы тұрғын үй салу, газбен және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңарту жөніндегі жобалардың іске асырылып жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тұжырымдамамен танысты.
Достарыңызбен бөлісу: |