5.3.1. Функциялар мен өкiлеттiлiктердiң ара жiгiн ұтымды ажырату
Саланы басқаруды жетiлдiрудiң негiзгi бағыты әкiмшiлiк реттеуден экономикалық ынталандырулар жүйесiне өту болып табылады. Осы мақсатта 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Бюджеттiк кодексiне сәйкес денсаулық сақтаудың орталық, жергiлiкті органдары мен медицина ұйымдарының арасында, соңғыларына басым дербестілiк бере отырып, функциялар қайта бөлiнетiн болады.
Орталық атқарушы органның құзыретiне:
денсаулық сақтау саласында бiрыңғай мемлекеттік саясат жүргiзудi қамтамасыз ету функциясы;
атқарушылық функциялары (денсаулық сақтау саласында елдiң барлық аумағында Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдiк берiлген базалық қызмет көрсетулер ұсынудың тең қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды iске асыру, оларды ұсыну стандарттарын белгiлеу, саланы дамытуды жоспарлау, нормативтiк база әзiрлеу);
реттеушi функциялар (денсаулық сақтау саласында саясаттың iске асырылуын бақылауды жүзеге асыру, мемлекеттiк, салалық бағдарламалардың орындалуын бақылау, денсаулық сақтау ұйымдарын аккредиттеу, бақылау-қадағалау функциялары) жатқызылатын болады.
Жергiлiктi деңгейге, халыққа жалпы сипаттағы тiкелей қызмет көрсетулердi ұсынуды бақылау функциясын қоспағанда, медициналық, фармацевтикалық қызметтердiң жекелеген түрлерi бойынша, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында есiрткi құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты лицензиялау рәсiмдерi, дәрiлiк заттарды, вакциналарды, иммунобиологиялық және басқа да медициналық препараттарды сатып алу берілетiн болады.
Функциялардың көбiнiң орталықсыздандырылуы нәтижесiнде жергiлiктi жерлерде ұсынылатын қызмет көрсетулер сапасының төмендеуiне жол бермеу мақсатында реформалаудың бiрiншi кезеңiнде медициналық көмектiң сапалы параметрлерiн Денсаулық сақтау министрлiгiмен келiсу рәсiмi заңды түрде енгiзiлетiн болады, ал қосымша қаражаттар (амбулаториялық дәрiлiк қамтамасыз етуге және тағы сол сияқтыларға) мақсатты трансферттер түрiнде бөлiнетiн болады. Одан әрi жергiлiктi атқарушы органдардың бөлiнген қаражатты дербес пайдалануына көшу жүзеге асырылатын болады.
Облыстық деңгейде денсаулық сақтау бюджетiн шоғырландыруға байланысты халық денсаулығын сақтау мәселелерi бойынша барлық деңгейдегi атқарушы органдардың жауапкершiлiгiн күшейту тетiгi әзiрленетiн болады.
Халықты қауiпсiз, тиiмдi әрi сапалы дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына жергiлiктi деңгейдегi мемлекеттiк сатып алуды жергiлiктi денсаулық сақтау органдарының жүзеге асыруы мiндеттiлiгiн белгiлейтiн өзгерiстер препараттың сапасы ескерiле отырып енгiзiлетiн болады.
2006 жылдан бастап БМСК-нi станционарлардан ұйымдық және қаржылық бөлу басталатын болады, бұл бюджеттiк ағымдарды реттеу мен негiзсiз ауруханаға жатқызуды барынша болдырмауға мүмкiндiк бередi.
Денсаулық сақтау қызметкерлерiнiң еңбегiн негiздеу мақсатында еңбекақы төлеу жүйесiн жетiлдiру жөнiнде шаралар қабылданып (медициналық ұйымдар қызметкерлерiнiң санаттары қайта қаралып және еңбекақы төлеудiң жалпы жүйесi шеңберiнде үстемеақылар ұлғайтылып), бiлiктiлiгiне, орындалған жұмыстың сапасы мен көлемiне сәйкес "ақырғы нәтижесi бойынша" сараланған төлем принципi енгiзiлетiн болады, мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларына, денсаулық сақтау менеджерi бiлiктiлiгiнiң мiндеттi түрде бар болуы бөлiгiнде, бiлiктiлiк талаптары қайта қаралатын болады.
Кадрлық қамтамасыз ету шарасы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын басқару құрылымы менеджмент мәселелерiн даярланған мамандарға беру арқылы қайта қаралатын болады.
Кәсiби қауымдастықтар мен одақтарды дамытуға жан-жақты көмек көрсетiлiп, олар медицина кадрларын аттестаттауға, медициналық қызмет көрсетулердiң сапасын сараптауға тарту жүзеге асырылатын болады.
5.3.2. Медициналық қызмет көрсетулердiң
сапасын басқаруды жетiлдiру
Медициналық қызмет көрсетулердiң сапасын бақылау әлемдiк практикада денсаулық сақтау саласын басқарудың басты тетiктерiнiң бiрi болып табылады.
Медициналық көмек сапасын басқару жүйесiн құру стандарттауды, аурулар диагностикасы мен оларды емдеудiң жаңа (халықаралық практикада өзiн жағымды жағынан көрсетiп, ДДҰ ұсынған) әдiстерiн енгізудi көздейдi.
Медициналық қызмет көрсетулер:
медициналық көмек көрсетулердi жеткiзушілердi қажеттi ресурстармен қамтамасыз ету;
медицина қызметкерлерiнiң біліктiлiгiн арттыру, соның iшiнде бiлiм беру бағдарламасына дәлелдi медицина курстарын енгізу;
медициналық ұйымдарда халықаралық стандарт талаптарына сәйкес сапаны басқару жүйесiн енгiзу;
бөлiнген ресурстарды тиiмдi пайдалану мақсатында басымдықтарды айқындау;
медициналық қызмет көрсетулердi жеткiзушілердi лицензиялау, тiркеу, сыртқы және iшкi сараптау;
көрсетілген медициналық қызмет көрсетулердiң сапасына қарай сараланған төлем әдiстерiн енгiзу;
бұқаралық ақпарат құралдарында медициналық қызмет көрсетудi жеткiзушілердiң рейтингiн жариялау;
бiрыңғай ақпараттық жүйе құру;
қажетті әкiмшілiк, қаржылық санкциялар қолдану негізiнде жүзеге асырылатын болады.
Сапаны басқару жөнiндегі мiндеттердi iске асыру үшiн 2005 жылы медициналық қызмет көрсетулердiң сапасын бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган құрылады. Мемлекеттiк орган бақылау тексерулерiн жүргiзген кезде, қажет болған жағдайда, тәуелсiз сарапшылар тартатын болады. Бұл үшiн түрлi кәсiптер мамандарының қатарынан алынған тәуелсiз сарапшылардың деректер банкi қалыптастырылмақ.
Медициналық көмек сапасын басқарудың бiрiншi кезектегi мiндеттерінің бiрi медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейiнде аурулар диагностикасы мен оларды емдеу хаттамаларын жетілдiру болып табылады. Аталған хаттамалардың сапасы оларды дәлелдi медицина талаптарына сәйкестендiру жолымен қамтамасыз етілетiн болады. Аурулар диагностикасы мен оларды емдеу хаттамалары, сондай-ақ медициналық қызмет көрсетулердің сапа индикаторлары жетілдiрілетін және халықаралық стандарт талаптарына сәйкес жаңартылатын болады.
Сапа сараптамасы бiрiншi кезеңде стационар мен БМСК ұйымдары қызметiнiң әзiрленген сапа индикаторлары негізiнде жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте неғұрлым жиi кездесетiн аурулардың мониторингi жүргiзілуге тиiс. Медициналық ұйымдардағы сапа сараптамасы iрiктелiп жүзеге асырылатын болады, ал жекелеген жағдайларда (Үйде өлу, қатерлi iсiк ауруы, туберкулездің және басқа да аурулардың дендеп кеткен жағдайы анықталғанда) мiндетті сараптама жүргiзіледi.
Медициналық көмектiң сапасын бақылауды жүзеге асыру жүргiзiлген зерттеу мен емдеудiң диагностика мен емдеудің кезеңдiк хаттамаларына сәйкестiк талдауына, диагностикалық зерттеулер мен ем тағайындаудың, ауруханаға жатқызуға жiберудiң негiзділiгi мен уақтылығына, диагностика және емдеу кезiнде жiберiлген қателiктерге негiзделетiн болады.
Медициналық қызмет көрсетулерге тиiсiнше сараптаманы жүзеге асыру мақсатында сапаны басқарудың кешендi жүйесi әзiрленедi, ол медициналық көмектiң әрбiр деңгейiне арналған индикаторларды, экономикалық негiздеу тетiктерiн қамтитын болады.
2005 жылы азаматтардың оларға көрсетiлген медициналық қызмет көрсетулер сапасы туралы пiкiрлерiн зерделеудiң жетiлдiрiлген технологиясы ендiрiлетiн болады.
2006 жылдан бастап денсаулық сақтау субъектiлерiне диагностика мен емдеуде жiберген қателiктерi үшiн азаматтық-құқықтық жауапкершiлiк шаралары қолданылып, емделушiлердiң құқықтарын реттейтiн заң нормалары әзiрленетiн болады.
2005-2007 жылдары үкiметтiк емес ұйымдарды (медициналық ұйымдар қауымдастықтарын, дәрiгерлердiң кәсiби, емделушiлер қауымдастықтарын) қолдау және қажет болған жағдайда оларды медициналық қызмет көрсетулердiң тәуелсiз сараптамасына, мамандарды тiркеуге, аттестаттауға тарту жөнiнде iс-шаралар өткiзiлетiн болады.
2008-2010 жылдар iшiнде халықаралық стандарттарға сәйкес аурулар диагностикасы мен оларды емдеу хаттамаларын, медициналық көмек сапасы индикаторларын одан әрi жетiлдiру жүзеге асырылатын болады.
Алға қойылған мiндеттердi iске асыру тым әкiмшiлiк әдiстерден бас тартуға және медициналық көмектi жақсартуға, бюджет қаражатын тиiмдi пайдалануға және медицина қызметкерлерiнiң өздерi көрсеткен медициналық қызметтерiне жауапкершiлiктi арттыруға бағытталған сапаны кешендi басқару жүйесiн құруға мүмкiндiк бередi.
5.3.3. Денсаулық сақтау жүйесiнде бәсекенi дамыту
Денсаулық сақтау жүйесiнде жаңа экономикалық қатынастарға бiртiндеп көшу реформалау мен дамытудағы стратегиялық маңызды мiндеттер болып табылады. Тек шынайы бәсекенiң элементтерi ғана сала ретiнде денсаулық сақтаудың тиiмдiлiгiн айтарлықтай көтередi, соның iшiнде бюджет қаражаттарын оңтайландырады және көрсетiлетiн қызмет сапасын көтередi.
Қалыптасқан "көп арналы бюджеттiк қаржыландыру" (мемлекеттiк медициналық ұйымдар үш бағыт - өзiндiк тариф, жабдықтарды сатып алу мен күрделi жөндеу үшiн күрделi шығындар бойынша қаражат алады) бәсекенiң дамуын тежейдi, өйткенi, жеке медициналық ұйымдар тек бiр көзге - ағымдағы тарифке ғана үмiткер бола алады.
жүйеде тарифтiк саясатты өзгертпей бәсекенi дамыту мүмкiн емес. 2007 жылдан бастап тарифтi, олардың құрамына негiзгi қорларды жаңартуға арналған шығындар енгiзiле отырып, қалыптастырудың жаңа жүйесiн енгiзу басталады. Бағдарламаны iске асырудың екiншi кезеңiнде, мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасы мен тарифтердiң қажеттi деңгейiне қол жеткiзе отырып, мемлекет "көп арналы" бюджеттiк қаржыландырудан бас тартады, амортизациялық реттеу тетiктерiн күшейтедi, бұл медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтануын қамтамасыз етедi және медициналық қызмет көрсету саласындағы жеке сектордың дамуы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды. Бұл ретте жеткiзушiлер меншiк нысаны немесе ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан материалдық-техникалық базаны күшейту, шаруашылық қызметi нәтижесiнде үнемделген қаражатты бөлу мәселелерiнде дербестiктiң қажеттi деңгейiн иеленедi.
Медициналық жабдықтардың қымбат тұратын түрлерiн алу кезiнде оларды үнемдi пайдалану және денсаулық сақтаудың мемлекеттiк және жекеше ұйымдары үшiн тең мүмкiндiктер мен тең бәсекелестiк жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында қаржылық лизингтi қолдануды кеңейту жөнiнде шаралар әзiрленетiн болады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында бәсекенi дамыту бiрқатар маңызды мәселелердi шешудi қажет етедi:
1) тапсырыс берушi (мемлекеттiк орган) мен жеткiзушi (медициналық ұйым) арасындағы шарттық қатынастарды, олардың арасындағы құқықты, мiндеттi және жауапкершiлiктi нақты айқындайтын басқарудың экономикалық әдiстерiн қолдану бөлiгiнде жетiлдiру. Мемлекеттiк тапсырысты, көбiне-көп жергiлiктi деңгейде, қалыптастыратын және орналастыратын басқармашылар 2005-2006 жылдары қажеттi даярлықтан өтедi, өйткенi, олардың бiлiктiлiгi мен қабылдайтын шешiмдерi, жалпы алғанда, жүйенiң жұмысына айтарлықтай әсер ететiн болады.
Мемлекеттiк және жеке медициналық ұйымдар тегiн медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiн көрсету жөнiндегi қызметтердi беру үшiн жалпы стандарттар, қажеттiлiктер, жауапкершiлiк пен экономикалық жағдай негiзiнде тепе-тең жағдайға ие болады. Осы жағдайларды iске асыру үшiн басқарушылық шешiмдер қабылдауда, медициналық ұйымдардың мәртебесiн шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындарға, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерге, акционерлiк қоғамдарға өзгерту және оларды қайта ұйымдастыру мүмкiншiлiгiн беру жолымен олардың дербестiгiн күшейту қажет. Бұл ретте туберкулез, қатерлi iсiк аурулары және басқа әлеуметтiк жағынан елеулi аурулар бойынша медициналық көмек көрсететiн мамандандырылған ұйымдардың кейбiреулерi өздерiнiң мәртебесiн өзгертпейдi. Сапалы медициналық көмек көрсетудi қамтамасыз ету мақсатында бiр дәрiгерге немесе бiр медициналық ұйымға арналған қабылдаудың шектiк сандық және сапалық көрсеткiштерi енгiзiлетiн болады;
2) жан басына шаққандағы қаржыландыруды бiртiндеп толықтыру және жартылай қорды ұстауға көшу денсаулық сақтау жүйесiнiң ақталмаған жоғары шығындарына, соның iшiнде стационарлық бөлшектi ұтымды етуге, түбегейлi әсер етедi. Мемлекет БСМК деңгейiнде жеке сектордың ұлғаюына қолдау жасайды, өйткенi, ұйымдардың қормен жарақтануға және шығындылығына деген көзқарастан олар бiршама тартымды болады.
5.3.4. Қаржыландыру жүйесiн жетiлдiрудiң негізгi қағидаттары
Денсаулық сақтауды тұрақты дамытуды қамтамасыз ету және тиiмдiлiктi арттыруды ынталандырудың iшкi тетiктерiн iске қосу үшiн 2010 жылға қарай денсаулық сақтауға мемлекеттiк шығыстарды IЖӨ-нiң 4 процентiне дейiн кезең-кезеңiмен көтеру көзделедi.
Бiрiншi кезеңде саланы қаржыландыру жүйесiнде бұрын қабылданған шешiмдер iске асырылып, сондай-ақ қаражатты тиiмдi пайдалануға, жүйеге инвестиция тартуға және өңiраралық теңестiруге бағытталған қаржыландыру саясаты әзiрленетiн болады.
Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексiне сәйкес денсаулық сақтауды басқарудың облыстық органы бiрыңғай төлеушiнiң функциясын атқаратын болады, ол өңiрлердiң iшкi стационарларында БМСК-ге жан басына шаққандағы нормативтер мен емдеу тарифтерiн теңестiруге мүмкiндiк туғызып, медициналық көмек көрсетулердiң сапасына бақылауды қамтамасыз етедi. Денсаулық сақтау министрлiгi тауарлар мен қызмет көрсетулерді орталықтандырылған сатып алу жөнiндегi өкiлеттiгiн төменгi деңгейге бередi.
БМСК ұйымдары үшiн жан басына шаққандағы нормативтер осы деңгейдегi медициналық көмектiң қажеттi көлемi, бекiтiлiп берiлген тұрғындардың жынысы мен жас құрамы және өңірлік ерекшеліктерді білдiретiн басқа да факторлар ескерiле отырып айқындалатын болады. Жан басына шаққандағы нормативтердi толықтыруды қамтамасыз ету мақсатында оны жыл сайын ұлғайта отырып 2010 жылы оңтайлы деңгейге дейiн арттыру жүзеге асырылатын болады. Кезең-кезеңiмен, БМСК деңгейiнде көрсетілетiн көмек көлемiнiң өсуiне қарай, БМСК көрсетуге бағытталған қаражат үлесi өсетiн, оның iшiнде ауру түрлерi мен халықтың жекелеген санаттары бойынша ауру адамдарға амбулаторлық деңгейде ақысыз және жеңiлдiктi дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етудi ұсыну жолымен өсетiн болады. 2005 жылы ақысыз медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемін көрсетуге қосымша шығындардың шеңберiнде бөлiнген 15 млрд. теңге көлемiндегi қаражаттың бiр бөлiгі БМСК ұйымдарын қаржыландыруға бағытталатын болады.
Нәтиженi бағалауға мүмкіндiк беретін және ынталандыру мен жазалаудың қаржылық құрамдас бөлiктерiн iске қосатын көрсеткiштер мен индикаторлардың жүйесi негізiнде құрылған, ресурстарды пайдалану тиiмдiлiгi мен сапа мониторингінің ұлттық жүйесi 2005 жылы әзiрленiп, 2006 жылдан енгiзiлетiн болады.
Нәтижелiлiктi бағалауды жүргiзуге және ынталандыру мен жазалауды қаржыландырудың құрамдас бөлiктерiн iске қосуға қол жеткiзетiн, көрсеткiштер мен индикаторлар жүйесi негiзiне құрылған сапа мониторингi мен ресурстарды тиiмдi пайдаланудың ұлттық жүйесi 2005 жылы әзiрленiп, 2006 жылдан енгiзiлетiн болады.
Медициналық көмек жеткiзушiлердi қаржыландыру әдiстерi әртүрлi деңгейдегi жеткiзушiлер үшiн дұрыс ынталандыруды қамтамасыз етуге тиiс: стационарлар үшiн (КШТ) қуаттылығына емес, қызмет көрсетулерге төлеу, ал БМСК үшiн медицина ұйымдары қызметiнiң алдын алушылық бағыттылығын (жан басына шаққандағы норматив) ынталандыру.
Қаржыландыру әдiстерi кезең-кезеңiмен жетілдiріліп тұратын болады. Мысалы, КШТ салмақ коэффициенттерi мен топтардың құрылымы дәлелдiк медицина әдiстерiне негiзделген диагностика мен емдеудiң мерзiмдiк хаттамаларын әзiрлеу ретiне қарай қайта қаралатын болады.
2005 жылдың iшiнде жоғары мамандандырылған медициналық көмектi дамытудың қаржылық тетiктерi әзiрленіп, жаңа технологиялар енгiзiлетiн болады.
2006 жылдан бастап денсаулық сақтау саласына инвестицияларды жүзеге асыру жөнiндегi қабылданатын барлық шешiмдер немесе мемлекет қабылдайтын қосымша мiндеттемелер нақты нәтижелер мен тиiмділiкке негiзделуге тиiс. Тиiстi әдiстеме талдап жасалып, бекiтiлмек.
Денсаулық сақтау ұйымдарында медицина жабдықтарының, оның техникалық жай-күйi мен тиiмдi пайдаланылу мониторингi ұдайы жүзеге асырылып, оның iшiнде қымбат тұратын жабдықтар жұмысын есепке алу жүйесi жолға қойылады.
2005 жыл iшiнде медицина қызметкерлерiнiң еңбек ақысын төлеу жүйесiн жетiлдiру, "ақырғы нәтижесi бойынша" төлем принципiн iске қосу шаралары әзiрленетiн болады. Мемлекеттiк медицина ұйымы қызметкерлерiнiң еңбек ақысын төлеу сараланған, бiлiктiлiк, көрсетiлетiн көмек сапасы мен көлем деңгейiне барабар, оның iшiнде тура бейресми төлем деңгейiн төмендетуге мүмкіндiк беретiн ақылы негiзде болуға тиiс. 2006 жылдан бастап медициналық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңiмен көтеру жүзеге асырылуға тиiс.
2005 жыл iшінде мемлекеттік бюджеттен медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiн көрсетуге бөлiнген қаражатты медициналық ұйымдардың пайдалануының ашықтығын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар жүйесi әзiрленетiн болады. Медициналық ұйымдардың түрлi көздерден, оның iшiнде медициналық қызмет көрсетулердi ақылы негізде көрсету есебiнен алынған қаражаттарды есепке алу жүйесi жетілдiрілетiн болады.
Медициналық қызмет көрсетулер мен тауарлар тұтынуды адам басына жiктеу қамтамасыз етілiп, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтердi емделушілер тарапынан бақылау жүйесi енгiзіледi.
Аталған жұмыс халықты ақысыз медициналық қызмет көрсетулер тiзбесi мен көлемi туралы кеңiнен ақпараттандырып отырумен, өтiп жатқан процестердiң тұрақты мониторингiмен сүйемелденiп отырады. Халық қанша және не үшiн төлеуге тиiс екендiгi туралы қажеттi ақпарат алады.
Салаға қосымша қаражат ағымдарын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерiстер мен толықтырулар жұмыс берушiлер тарапынан да, енгiзiле отырып, халықтың өз тарапынан да ерiктi медициналық сақтандыруды ынталандыру жөнiнде шаралар қолданылатын болады.
Тәуекелдiң таңданбалылығы проблемасын шешу ескерiле отырып, ерiктi медициналық сақтандыру сақтанушыға да, сақтандырушыға да өзара пайдалы болады.
2006-2007 жылдары ұлттық денсаулық сақтау шоттарын енгiзу бойынша 2005 жылдан бастап дайындық iс-шаралары жүргiзiлетiн болады, бұл барлық саладағы, оның iшiнде жекеше сектордағы қаржылық ағымдар туралы толық ақпараттар алуға мүмкiндiк бередi.
Екiншi кезеңде қаражатты тиiмдi пайдалануға бағытталған саланы қаржыландырудың, салаға инвестициялар тарту мен аймақаралық теңдестiрудiң жаңа саясаты енгiзiлетiн болады, бұл оған тұрақтылық беруге мүмкiндiк туғызып, одан әрi дәйектi дамуына және бәсекелестiк қабiлетiнiң артуына жағдай жасайды.
Түрлi өңiрлердегi халықтың ақысыз медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiне тең қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн 2010 жылға қарай тиiстi қаржылық қамтамасыз етумен бiрге ауру құрылымы мен басқа да объективтi факторлар ескерiле отырып, ұқсас медициналық қызметтер көрсеткенi үшiн тарифтердi аймақаралық теңестiру аяқталатын болады.
Қаржылық ресурстарды неғұрлым тиiмдi әкiмшiлiк етуге жағдайлар жасау, денсаулық сақтаудың құрылымдық тиiмдiлiгiн көтеру, медициналық көмек көрсетудiң түрлi деңгейлерi арасында өзара байланыс орнату бюджеттiк шығыстар ұтымды пайдаланылған жағдайларда қайта инвестициялау үшiн барынша бағдарламалық шоғырландырылу жүргiзiлуi қажет.
2008 жылға қарай елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының және азаматтар кiрiстерiнiң өсуiнiң жақсару шамасына қарай мiндеттi медициналық сақтандыру жүйесiн енгiзу мүмкiндiгi мәселесi қаралатын болады.
5.3.5. Дәрiлiк заттар айналымы саласын
мемлекеттiк реттеудiң тиiмдiлiгін арттыру
Қазақстан Республикасының халқын дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету мемлекеттiң маңызды мiндеттерiнiң бiрi болып табылады. Дәрiлiк заттарды қолдану алдын алу медицинасы мен ауруларды емдеуде өзектi рөл атқарады. Сонымен қатар, дәрiлiк заттар айналымы саласындағы қазiргi мемлекеттiк реттеу құрылымы дәрiлiк заттар сапасы мен оның қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде қосымша шаралар қабылдауды талап етедi.
Осы мақсатта алда мынадай мiндеттердi шешу тұр:
халықтың негiзгi өмiрлiк маңызы бар дәрілік заттарға жеке және экономикалық тең дәрежеде қолжетiмділiгiн қамтамасыз ету;
дәрiлiк заттарды бөлшек дәрiханалық желілерде уәкілеттi орган айқындайтын тiзiм бойынша рецептпен берудi енгiзу;
дәрiлiк заттардың сапасы мен қауiпсiздiгін қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдану;
дәрiлiк заттарды ұтымды пайдалану;
Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясы шеңберiнде фармацевтикалық және медициналық өнеркәсiптi одан әрi дамыту.
Алға қойылған мiндеттердi екi кезеңде шешу көзделiп отыр.
Бiрiншi кезеңде, 2005-2007 жылдар iшiнде:
халық үшiн негiзгi (өмiрлiк маңызы бар) дәрiлiк заттарға қолжетiмдiлiгiн арттыру және денсаулық сақтау ұйымдарының барлық деңгейiнде, әсiресе ауылдық жерлерде формулярлық жүйенi енгiзудi қамтамасыз ету;
отандық фармацевтикалық салаға халықаралық стандарттарды енгiзу жөнiнде дайындық жұмыстарын жүргiзу;
2007 жылдан бастап отандық фармацевтикалық салаға халықаралық стандарттарды (GLP, GCP, GPP, GDP, GMP) енгізуге кiрiсу;
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сатып алынатын дәрiлiк заттардың сапасына кепiлдiк беретiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жолымен мемлекеттiк сатып алудың тиiмдiлiгiн арттыру;
қолданылатын дәрілік заттардың жанама әсерлерiне мониторинг жүргiзу;
Денсаулық сақтау министрлiгiнiң "Дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптаудың ұлттық орталығы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының базасында дәрiлiк заттар айналымы саласында ғылымы зерттеулер ұйымдастыру және жүргiзу үшiн құрылымдар құру;
Халықаралық стандарттардың "Тиiстi зертханалық практика" талаптарына сәйкес дәрiлiк заттардың сапасын бақылауды жүзеге асыру үшiн иммунобиологиялық және төрт аймақаралық зертхана құрып, жарақтандыру;
Контрофактiлiк өнiмдердiң фармацевтика рыногына енiп кетуiнiң алдын алу мақсатында дәрілік заттар айналымы саласында мемлекеттік бақылаудың тиiмдiлiгiн жоғарылату, фармаколаңкестiктiң қаупiн төмендету;
дәрiлiк заттар айналымы саласындағы мемлекеттiк органдардың және олардың аумақтық бөлiмшелерiнiң, сондай-ақ сынақ орталықтарының мамандарының халықаралық стандарттарды, сапаны басқару жүйесiн оқып-Үйренуiн ұйымдастыру;
дәрiлiк заттардың сапасын басқару мәселелерi жөнiнде фармацевтикалық сектордың субъектiлерi үшiн мамандар даярлау жағдайын қамтамасыз ету;
құрылғалы отырған Денсаулық сақтаудың бiрыңғай ақпараттық жүйесi шеңберiнде дәрiлiк заттар айналымы саласында ақпарат жинау және қайта өңдеудi ұйымдастыру әдiстемелерiн әзiрлеу қажет.
Екiншi кезеңде, 2008-2010 жылдары, дәрiлiк заттар айналымы саласында фармацевтика секторының халықаралық стандарттар сапасына кезең-кезеңiмен көшу жоспарын жүзеге асыру көзделедi. Дәрiлiк заттар айналымы саласында сынақ зертханаларын, медициналық техникалар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды халықаралық стандарттарға сәйкес тiркеу аяқталып, дәрiлiк заттар сапасын басқару жүйесi құрылатын, дәрiлiк заттарды пайдалану қауiпсiздiгi мен тиiмдiлiгi мәселелерi бойынша халықты ақпараттандыру әдiстемесi әзiрленетiн болады.
5.3.6. Денсаулық сақтаудың бiрыңғай ақпараттық жүйесi
Қазақстан Республикасын ақпараттандыру шеңберiнде 2005-2007 жылдары денсаулық сақтаудың бiрыңғай ақпараттық жүйесi (бұдан әрi - ДБАЖ) құрылатын болады, оның негiзгi бағыттары:
азаматтар денсаулығының жай-күйi туралы ақпарат жинаудың, өңдеу мен сақтаудың, медициналық және дәрiлiк көмек алудың бiрыңғай әдiстемесiн әзiрлеу;
ақпаратты талдау, қорыту және денсаулық сақтау ұйымдары мен мемлекеттiк органдарға ұсыну;
әрбiр емдеу-алдын алу ұйымдары мен мемлекеттiк денсаулық сақтау басқармасы органдарынан қажеттi ақпарат алуға мүмкiндiк беретiн ақпараттық-анықтамалық жүйе, орталық деректер банкiн құру;
медициналық-демографиялық көрсеткiштер жиынтығы мен азаматтардың медициналық көмектi тұтыну көлемiне тиiмдi мониторинг жүргiзуге мүмкiндiк беретiн азаматтар денсаулығының электрондық паспортын, аурудың электрондық тарихын жасау;
БМСК, емханалар, стационарлар деңгейiнде медициналық көмек көрсетудiң сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн ауру адамдарды жiктеп есепке алу үшiн жеке адамдардың бiрыңғай бiрегейлендiрiлген кодын қолдану, сондай-ақ "Жеке адамдар" мемлекеттiк деректер базасы шеңберiнде медициналық ақпараттың құпиялығын сақтай отырып, бiрыңғай форматта медициналық аспектiлердi, әлеуметтiк жеңiлдiктер мен көмекақыларды ескеру болады.
2007 жылдан бастап республиканың жекелеген аймақтарында медициналық көмек тұтынудың жiктелген есебiн қамтамасыз ететiн, емделушілердiң медициналық электрондық картасын пайдалану жөнiнде пилоттық жобалар енгiзілетін болады.
ДБАЖ-ды 2010 жылға дейiн дамыту үшiн мынадай мiндеттер шешiлетiн болады:
басқарушылық шешiмдер қабылдау мен ДБАЖ-да жинақталған ақпараттар негiзiнде барлық деңгейде медициналық көмек көрсетудiң сапасын басқаруды автоматтандыру;
қолда бар ведомстволық ақпараттық жүйелердi жетілдiру мен бiрiктiру және оларды материалдық-техникалық сүйемелдеу;
ведомстволық, статистикалық және медициналық-технологиялық ақпараттық жүйе әзiрлеп, енгізу және оларды материалдық-техникалық сүйемелдеу;
емделушiлердiң медициналық-электрондық картасын енгiзу.
Денсаулық сақтауды ақпараттық қамтамасыз етудi дамыту мақсатында денсаулық сақтау саласындағы өкілеттi органға ведомстволық бағынысты ақпараттық-талдау орталығы (бұдан әрi - АТО) құрылады. ATO-нің күшiмен алға қойылған мiндеттерге сәйкес саланың ақпараттық моделi жасалады, ол денсаулық сақтау ұйымдары қызметiнiң ақпараттық-анықтамалық жiктемелерiнiң базалық стандартталған, терминологиялық келiсiлген параметрлерiн әзiрлеу үшiн негiз болады. әзiрленген жiктемелердiң базасында, ақпаратты автоматтандырылған қайта өңдеудi одан әрi енгiзу мақсатында және есепке алудың қосарланушылығын болдырмау, денсаулық сақтаудағы қазiргi есепке алу мен есептiлiк жүйелерi қайта қаралатын болады. Нәтижесiнде денсаулық сақтаудың, басқару органдарынан бастап халыққа тiкелей медициналық көмек көрсетумен айналысатын медицина қызметкерлерiне дейiн, барлық деңгейiне ақпараттық жүйенi енгiзудiң әрбiр кезеңiнде деректердi жинау мен қайта өңдеу әдiстемесi, сондай-ақ жиналған ақпаратты талдау мен басқарушылық шешiмдер қабылдау әдiстемесi әзiрленетiн болады. Қазiргi есепке алу мен есептiлiк жүйесi денсаулық сақтау ұйымдары қызметiнiң клиникалық және медициналық-экономикалық аспектілерiне сәйкестендiрiлетiн болады.
Бiрыңғай ақпараттық жүйе барлық жеке және заңды тұлғалардың халық денсаулығының жай-күйiне, олардың медициналық қызмет көрсетулердi тұтынуына және басқа өлшемдерге қатысты ақпаратқа сұраныстарына жауап беретiн болады.
5.4. Ана мен бала денсаулығын қорғау
Қазақстан Республикасы дамуының негiзгi басымдықтарының бiрi медициналық-демографиялық жағдайды жақсарту болып табылады, ол, бiрiншi кезекте, ана мен бала денсаулығын қорғауға (бұдан әрi - АБДә) байланысты.
Ана мен балаға қызмет көрсетудi күшейтуге байланысты өткiзілiп жатқан iс-шараларға қарамастан, пайдаланылып отырған ресурстардың тиiмдiлiгi төмен күйiнде қалуда. Бала туу баяу көтерiлiп келедi, жүктiлiк кезiндегi өлiм, сәби мен ана өлiмi нашар қарқынмен төмендеуде. Балалардың дене мен психикалық денсаулығының көрсеткiштерi қанағаттанғысыз күйде қалуда.
АБДә қызметiнiң негiзгi бағыттары ана мен бала денсаулығын қорғау мен нығайту, ана, сәби және бала өлiмiнiң деңгейiн төмендету үшiн ДБАЖ-бен және басқа да мүдделi қызметтермен ықпалдасатын, тиiмдi iс-қимыл жүйесiн құру болып табылады.
АБДә қызметiн жетiлдiру мақсатында мынадай шаралар қолданылатын болады:
ұрпақты болу жасындағы әйелдер мен балаларға ақысыз медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемi шеңберiнде медициналық көмек көрсетудi қамтамасыз ету;
жыл сайын балалар мен ұрпақты болу жасындағы әйелдердi диспансерлеу, медициналық тексерулерден, сауықтырудан өткiзу;
2005 жылы Астана қаласында әлемдiк стандарттарға сай және жоғары бiлiктi кадрлармен қамтамасыз етiлген Ана мен бала республикалық орталығы құрылысын аяқтау.
2005 жылдан бастап ұрпақ әкелу денсаулығы мен бала денсаулығына әсер ететiн ауруларды емдеу үшiн жүктi әйелдердi, сондай-ақ балалардың жекелеген санаттарын (5 жасқа дейiнгi балаларды - 2005 жылдан, диспансерлiк есепте тұратын балаларды 2006 жылдан бастап) амбулаториялық емдеу үшiн дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету;
2007 жылға қарай балалар мен жүктi әйелдердi емдеу-алдын алу ұйымдарын қажеттi мамандармен толықтыруды аяқтау;
практикалық денсаулық сақтауға алдағы уақытта енгiзу мақсатымен АБДә саласында ғылыми-техникалық бағдарламаларды қаржыландыру;
2008 жылға қарай бекiтiлген нормативтерге сәйкес балалар мен әйелдердi емдеу-алдын алу ұйымдарын Бүгiнгi күнгi медициналық жабдықтармен жарақтандыру;
2007 жылға қарай жүктi әйелдердi халықаралық стандарттарға сәйкес ерте диспансерлiк бақылауға алуды қамтамасыз ету;
2008 жылға қарай көмекшi репродукциялық әдiстемелер мен техноголияларды, оның iшiнде генетикалық талдаулар мен отбасын жоспарлаудың Бүгiнгi күнгi технологияларын пайдалана отырып, туа бiткен және ұрпақ қуалайтын аурулардың босанғанға дейiнгi диагностикасының скринингтiк бағдарламаларын жетiлдiрудi қолданысқа енгiзу;
трансплантология (жiлiк майын ауыстыруды қоса алғанда), нейрохирургия, хирургия, жаңа туған нәрестелер реанимациясы, кардиохирургия, неврология саласында балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек қызметiн одан әрi дамыту;
бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, отбасын жоспарлау және балалар, жасөспiрiмдер мен әйелдер арасындағы маскүнемдiктiң, нашақорлықтың, темекi тартудың алдын алуды қоса алғанда, салауатты өмiр салтын қалыптастыру жөнiнде iс-шараларды жүзеге асыру;
ДДҰ ұсыным жасаған, мектеп оқушыларының денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған оқыту бағдарламаларын жалпы бiлiм беру мектептерiне енгiзу жөнiндегi жұмыстарды жандандыру.
Жоғарыда аталған шараларды iске асыру АБДә жүйесiн нығайтуға және жетiлдiруге мүмкiндiк бередi, бұл ана мен нәресте өлiмiн төмендетедi, халықтың демографиялық көрсеткiштерiн жақсартады.
5.5. Әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардың алдын алуды, диагностикалауды, емдеудi және оңалтуды жетiлдiру
Халықтың әлеуметтiк жағынан елеулi аурулары қашанда мемлекеттiң жiтi назарында болуға тиiс.
Халық өмiрiнiң сапасы мен ұзақтығын көтеру мақсатында әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардың алдын алу, ерте бастан анықтау және тиiмдi емдеу, оңалту шараларын iске асыру жүргiзiлетiн болады. Осы бағытта:
мүдделi ведомстволар, халықаралық және үкiметтiк емес ұйымдардың өзара белсендi iс-қимылымен жыныстық жолмен берілетiн жұқпалы аурулармен ауырудың алдын алу мен одан әрi төмендету жөнiнде мақсатты шаралар жүзеге асырылатын;
АҚТҚ жұқпалары мен ЖҚТБ аурулары вирустарына қарсы емдеудiң халықаралық стандарттары енгiзілетiн;
психикасы мен мiнез-құлқы бұзылған ауруларды емдеу мен сауықтырудың кешендi бағдарламалары әзiрленiп, енгiзілетiн;
нашақорлыққа тәуелдi адамдардың өңiрлiк медициналық-әлеуметтiк орталықтары (бөлiмшелерi), кәмелеттік жасқа толмаған нашақорлыққа тәуелдiлердi емдеу және медициналық-әлеуметтiк оңалту үшiн наркологиялық ұйымдарда стационарлық бөлiмшелер ашылатын;
нашақорлықты емдеу мен оның медициналық алдын алу саласында озық технологиялар енгiзiлетiн;
Қазақстан Республикасында есiрткiнiң таралуына қарсы iс-әрекеттiң тиiмдi, үйлестiрiлген жүйесi құрылатын;
2006 жылдан бастап аудандық медицина ұйымдарында эндокриндiк аурулармен, оның iшiнде бiрiншi кезекте қант диабетiмен ауыратындарды ерте диагностикамен, емдеумен қамтамасыз ету және диспансерлеудiң тиiмділiгiн арттыру үшiн дәрiгер-эндокринолог лауазымы кезең-кезеңiмен енгiзiлетiн болады.
Туберкулезге қарсы күреске, эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға, аурушаңдық пен өлiмдi төмендетуге ерекше көңіл бөлiнетiн болады. Туберкулезбен ауыратындарға өткiзiлетiн емдеу-сауықтыру және алдын алу iс-шараларының барлық кезеңi БМСК ұйымдарын жан-жақты тарта отырып жүзеге асырылатын болады. Туберкулезбен ауыратындардың ұлттық тiркелiмi жетiлдiрiлетiн, ауру адамдарға бiрыңғай хаттама жүргiзудi сақтау және туберкулезге қарсы күрес жөнiнде өткiзілетін iс-шаралардың тиiмдiлiгiне бақылау жасау қамтамасыз етiлетiн болады.
Ұдайы бацило бөлетiн созылмалы туберкулез түрiмен ауыратын ауру адамдарды емдеу үшiн облыстық туберкулезге қарсы диспансерлер жанынан кезең-кезеңiмен мамандандырылған бөлiмшелер ашылатын болады. Облыстық туберкулезге қарсы мекемелердiң мамандандырылған бөлiмшелерi емделуден жалтарып жүрген туберкулездiң жұқтырғыш түрiмен ауыратындарға арналып қайта құрылады.
Емдеу-диагностикалық iс-шаралары DOTS-қосу стратегиясын одан әрi iске асыруды және туберкулездiң мультирезистенттiк түрiнiң бактерияға қарсы терапиясының тиiмдi кестесiн енгiзудi көздейтiн болады.
Одан әрi туберкулезбен ауыратындарды және туберкулезге қарсы қызметтiң медицина қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдауды кеңейту жөнiндегi шаралар жүзеге асырылмақ.
Онкопатологияға қатысты диагностика мен емдеудiң жетiлдiрiлген әдiстерi қолданыла отырып, мақсатты топтарға алдын ала тексерулер жүргiзу арқылы қатерлi өскiндердi ерте анықтауға баса назар аударылатын болады.
Бронхиалды демiкпе, артерия гипертониясы, жүректiң ишемиялық ауруы және басқа да, оның iшiнде хирургиялық емдеудi қажет ететiн жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мен тиiмдi емдеу жөнiнде iс-шаралар әзiрленiп, жүзеге асырылады.
Өлiм себебiнiң растығын белгiлеу мақсатында сот-медицина сараптама органдарын техникалық қайта жарақтандыру жүзеге асырылатын болады.
Әлеуметтiк жағынан елеулi аурулармен ауыратын ауруларды дәрiлiк қамтамасыз етудi реттеу үшiн, қазiргi емдеу қағидаттарын ескере отырып, ақысыз, жеңiлдiк негiзiнде берiлетiн дәрiлiк заттар тiзбесi қайта қаралуға тиiс.
Қабылданған шаралар жағдайды тұрақтандыруға, әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардың таралу, оның халық денсаулығына және ел экономикасына тигiзетiн зиян мөлшерiн төмендетуге мүмкiндiк бередi.
Достарыңызбен бөлісу: |