Бал ара шаруашылығы туралы
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 12 наурыздағы N 303 Заңы
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 5, 5-құжат."Егемен Қазақстан" 2002 жылғы 16 наурыз N 58-59
МАЗМҰНЫ
Осы Заң бал ара шаруашылығы өнiмiн өндiру, бал араны қорғау, пайдалану және молықтыру, оларды ауылшаруашылық дақылдарын және барлық тозаңдандырылатын флораны тозаңдандыру үшiн тиiмдi пайдалану, ара шаруашылығының, сондай-ақ өсiмдiк шаруашылығының өнiмдiлiгiн арттыру үшiн жағдай жасау, бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiн сақтау кепiлдiктерiн қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды реттейдi.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) бал ара шаруашылығы - ауылшаруашылық өндiрiсiнiң саласы, оның жұмыс iстеу негiзгi энтомофильдi өсiмдiктердi тозаңдандыру мен олардың өнiмдiлiгiн арттыру, бал ара шаруашылығы өнiмдерiн алу үшiн бал араны өсiру, ұстау және пайдалану болып табылады;
2) бал ара шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган - Қазақстан Республикасының берiлген өкiлеттiктер шегiнде бал ара шаруашылығы саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы органы;
3) бал ара ұясы - бал ара ұясында немесе үйшiгiнде тұратын жұмыскер бал аралардан, еркек бал аралардан және аналық бал арадан тұратын тұтас биологиялық бiрлiк;
4) бал ара бал ұясы - бал ара бал ұясын ұстауға арналған құрылыс;
5) омарта - бал арасымен қоса белгiлi бiр жерде орналастырылған бал ара ұялары және бал ара шаруашылығымен айналысуға қажеттi мүлiк;
6) тұрақты омарта - бiр жыл бойы тұрақты жерде орналастырылған омарта;
7) көшпелi омарта - орнын ауыстырып тұру арқылы бал жинау көздерiнiң немесе энтомофильдi өсiмдiктер алабында орналасатын омарта;
8) асылдандырушы шаруашылық - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы аттестаттаған, белгiлi бiр асыл тұқымды бал ара ұяларын және асыл тұқымды бал араларының ұрықтанған аналықтарын өсiру мен сатуды жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъект;
9) асыл тұқымды бал ара ұясы - өзiнiң тұқымдық белгiлерiн ұрпағына тұрақты түрде беретiн таза тұқымды, жоғары сыныпты бал араларының өнiмдiлiгi жоғары ұясы;
10) аналық бал ара - бал ара ұясының молықтырылуын қамтамасыз ететiн ұрғашы бал ара;
11) бал ара тұқымдары - адамның белгiлi бiр шаруашылық және табиғи жағдайлардағы шығармашылық қызметiнiң ықпалымен қалыптасқан, саны жағынан өсiру үшiн "өз-өзiне" жеткiлiктi, шаруашылық және асыл тұқымды құндылығы бар жалпы тектес бал ара ұяларының тұтас тобы;
12) бал ара шаруашылығы өнiмдерi - бал араның жинаушылық және физиологиялық қасиеттерi арқасында алынған өнiмдер (бал, балауыз, бал ара тозаңы, балтозаң, желiмтiк, бал ара сүтi, бал ара уы, еркек бал ара гомогенаты), сондай-ақ бал араның өзi;
13) балауыз тетiк - бал ара ұяларының негiздерi басылып жасалған тиiстi мөлшердегi жасанды түрде дайындалған жұқа балауыз жапырақтары;
14) бал ара ұяларының зиянкестерi - бал араларын жеу мақсаты үшiн өлтiретiн немесе балды ұрлау және (немесе) бүлдiру арқылы бал ара ұясына зиян келтiретiн жануарлардың, құстар мен жәндiктердiң жекелеген түрлерi;
15) омартаның ветеринариялық паспорты - ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiленген нысандағы құжат, онда бал арасы ұяларының орналасқан жерi, иесi, саны, бал аралары ауруларының профилактикасын, емдеудi және диагностикасын, жүргiзу мақсатында өткiзiлген ветеринариялық өңдеудiң мерзiмдерi мен сипаты көрсетiледi;
16) бал ара ұяларын тасымалдау (көшiру) - бал ара ұяларын бал жинауға және энтомофильдi өсiмдiктердi тозаңдандыруға шығару;
17) бал арасын қорғау құралдары - иммундық биологиялық, биологиялық өсiмдiктен алынатын, химиялық, химиялық-фармацевтикалық және бал ара шаруашылығында пайдаланылатын басқа да ветеринариялық препараттар;
18) энтомофильдi өсiмдiктер - насекомдармен тозаңданатын өсiмдiктер.
Ескерту. 1-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
2-бап. Қазақстан Республикасының бал ара
шаруашылығы туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының бал ара шаруашылығы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-тарау. БАЛ АРА ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ
ҚЫЗМЕТТI ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
3-бап. Бал ара шаруашылығымен айналысу құқығы
1. Жеке және заңды тұлғалардың бал ара шаруашылығымен айналысуға құқығы бар.
2. Бал ара шаруашылығымен айналысу үшiн мемлекеттiк органның қандай да бiр рұқсатын алу талап етiлмейдi.
4-бап. Омарталарды орналастыру үшiн жер
учаскелерiн беру тәртiбi
1. Омарталарды орналастыру үшiн жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiп пен жағдайларда жер учаскелерi берiледi.
2. Орман қорының жерiне омарталар орналастыру орман ортасына зиян келтiрiлмей, Қазақстан Республикасының орман заңдарында белгiленген тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiнде омарталарды орналастыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап. Омартаны құру және жердi пайдалану
1. Бал ара шаруашылығымен айналысу үшiн жеке немесе заңды тұлға бал ара ұяларын омарта құрады, оның қосалқы үй-жайы мен құралдары болады және өзiнiң пайдалануындағы жер учаскесiнде орналастырылады. Бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке немесе заңды тұлға жер туралы заңдарға сәйкес жер учаскесiнiң меншiк иелерiмен және жердi пайдаланушылармен келiсе отырып, басқа жер учаскесiн пайдалана алады.
2. Жеке және заңды тұлғалар күтiп ұстай алатын бал ара ұяларының санына шек қойылмайды.
3. Омарталарда асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен бал араларының Қазақстан Республикасында тұқымдық аудандастыру жоспарына сәйкес белгiлi бiр жерде аудандастырылған тұқымдардың бал аралары ғана ұсталуға тиiс.
6-бап. Омарталарды орналастыру
1. Жеке және заңды тұлғалар омарталарды адамдардың қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлетiн орындарда орналастырады. Омарталарды қауiпсiз орналастыруды реттеу тәртiбiн аудандық (қалалық) атқарушы органдар белгiлейдi.
2. Көшпелi омарталар бiр-бiрiнен кем дегенде бiр жарым километр және тұрақты омарталардан үш километр қашықтықта бал жинау көздерiнiң жанында орналастырылуға тиiс. Тұрақты және көшпелi омарталарды бал аралардың басқа бұрын орналастырылған омартадан бал жинау көздерiне қарай ұшатын жолына орналастыруға жол берiлмейдi.
Ескерту. 6-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).
7-бап. Бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке
және заңды тұлғаларға салық салу
1. Бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленбеген салықтар мен басқа да төлемдердi енгiзуге және жинауға тыйым салынады.
3-тарау. БАЛ АРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ
8-бап. Бал араларды қорғау және молықтыру
Бал араларын қорғауды және молықтыруды меншiк иесi:
1) бал аралардың мекендеу ортасын, олардың көбею жағдайларын, көшу орындары мен орын ауыстыру жолдарын қорғау;
2) омарталарға ветеринариялық-санитариялық қызмет көрсету;
3) бал аралар орналасқан ареалдарда бал ара ұяларының оңтайлы санын қамтамасыз ету;
4) бал араларын ғылыми негiзделген түрде және ұтымды пайдалану;
5) бал ара ұяларын бұзып қирату мен қасақана жоюдың алдын алу жөнiнде шаралар қолдану;
6) өсiмдiктердi қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды қолдану кезiнде бал араларын қорғау;
7) бал араларын сақтауға бағытталған қызметке жәрдемдесу арқылы жүзеге асырады.
9-бап. Бал аралардың мекендеу ортасын, олардың көбею
жағдайларын, көшу орындарын және орын ауыстыру
жолдарын қорғау
Бал аралар санының қысқаруына әкеп соғуы мүмкiн қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды қорғау, олардың мекендеу ортасын сақтау жөнiндегi iс-шараларды, бал араларын сақтау және олардың тiршiлiгi үшiн ерекше құнды саналатын учаскелер мен өсiмдiктерге қол сұқпаушылықты қамтамасыз етуге мiндеттi.
10-бап. Бал араларын өсiмдiктердi қорғау құралдары,
минералдық тыңайтқыштар және басқа да
препараттар қолданылған кезде қорғау
1. Бал шырынды өсiмдiктердi өңдеу үшiн өсiмдiктердi қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылуға тиiс.
Бал шырынды өсiмдiктердi өңдеу үшiн қолданылатын өсiмдiктердi қорғау құралдарының, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттардың тiзбесiн бал ара шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
2. Бал шырынды өсiмдiктердi өңдеу үшiн өсiмдiктердi қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды қолданатын жеке және заңды тұлғалар жұмыстардың басталуынан бес күн бұрын осы жайында өңделетiн учаскелерден жетi километрге дейiнгi радиуста омарталары бар омарташылары бар омарташыларға жазбаша ескертуге, қолданылатын препарат, оның уыттылығы және оқшаулау мерзiмдерi туралы хабарлауға мiндеттi.
11-бап. Орман шаруашылығы жұмыстарын жүргiзу
кезiнде бал араларын қорғау
Тұрақты омарталар орналасқан жерден үш километрге дейiнгi радиуста, ормандардың санитариялық жай-күйiн және оларды молықтыру жағдайларын жақсартатын реттердi қоспағанда, бал жинау көздерi - ағаштар мен бұталарды кесуге, сондай-ақ сәмбi тал қабығын дайындауға тыйым салынады.
12-бап. Бал араларын мекендеу ортасы
жағдайында қорғау
1. Бал араларының пайдалы қасиеттерiн пайдалану, сондай-ақ олар мекендейтiн орта жағдайында бал ара шаруашылығы өнiмдерiн алу жөнiндегi қызмет Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молықтыру және пайдалану туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Бал аралар мекендеген орта жағдайларында ұяларды және бал ара ұялары орналасқан басқа да жерлердi бұзып қиратуға, сондай-ақ бал ара ұяларынан бал алуға жол берiлмейдi.
3. Егер бал ара ұясы өзi мекендейтiн орта жағдайында адамның тiршiлiгiн қиындатса, мұндай бал ара ұясын көшiру мүмкiн болмаған кезде, көшiру немесе жою бал ара шаруашылығы саласындағы мамандардың қатысуымен жүргiзiледi.
13-бап. Бал ара ұяларын тасымалдау (көшiру)
Бал ара ұяларын тасымалдау (көшiру) ветеринариялық-санитариялық ережелердi сақтай отырып жүзеге асырылуға тиiс. Тасымалдауды (көшiрудi) жүзеге асыратын көлiк құралдарын кiдiрту бал ара ұяларына құрып кету қауiптерiн төндiрмей жүргiзiлуге тиiс.
4-тарау. БАЛ АРА ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ
14-бап. Бал ара шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi
мемлекеттiк органның құзыретi
Бал ара шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган :
1) бал ара шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды;
2) бал ара шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламаларын әзiрлеудi ұйымдастыруды;
3) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.
4) берiлген өкiлеттiктер шегiнде бал ара шаруашылығы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен бекiту;
5) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.
6) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.
7) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.
8) бал ара шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты;
9) бал араларды қорғау мен молықтыруға бағытталған ғылыми-зерттеулердi ұйымдастыруды жүзеге асырады.
10) алып тасталды
Ескерту. 14-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
14-1-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар
қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы
органдарының құзыретi
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында бал ара шаруашылығының дамуын және қорғалуын бақылауды;
2) Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасына сәйкес селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестiрудi және бал ара шаруашылығындағы асыл тұқымдық iстердi мемлекеттiк қолдауды ұйымдастыруды;
3) бал ара шаруашылығы саласында мамандарды даярлау және қайта даярлау жөнiндегi қызметтi үйлестiрудi жүзеге асырады.
Ескерту. 14-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
15-бап. Бал аралар ауруларының алдын алу, оларды емдеу,
бал ара ұяларының зиянкестерiне қарсы күресу
1. Омарталарды есепке алу және емдеу-алдын алу шараларын жүзеге асыру мақсатымен әрбiр омартаға ветеринариялық паспорт берiледi. Паспорттың нысаны мен оны беру тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi .
2. Бал аралар ауруларының алдын алу, оларды емдеу, бал ара ұяларының зиянкестерiне қарсы күресу, сондай-ақ балауыз тетiктерiн өндiру Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
3. Бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен аса қауiптi аурулар тiзбесiне енгiзiлген аурулармен күресу мақсатында ветеринарлық препараттармен қамтамасыз етiлуге тиiс.
Ескерту. 15-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).
16-бап. Бал ара шаруашылығы саласындағы
ветеринариялық-санитариялық сараптама
Бал ара шаруашылығының өндiрiлген немесе дайындалған өнiмдерi Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңдарында белгiленген тәртiппен ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргiзiлгеннен кейiн өткiзiлуге тиiс.
17-бап. Бал ара шаруашылығы саласындағы
селекциялық-асыл тұқым алу жұмысы
1. Жеке және заңды тұлғалардың асыл тұқымды бал ара ұяларын өсiру және пайдалану жөнiндегi қызметi Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Бал араларының тұқымдарын сақтау және жақсарту мақсатында жеке және заңды тұлғалар бал аралар мекендейтiн ареалдарда таза тұқымды бал араларын өсiрумен және сатумен айналысатын асыл тұқымды бал ара шаруашылықтарын құра алады.
3. Асыл тұқымды шаруашылықтардың төңiрегiнде жетi километр радиуста қорғау учаскелерi белгiленедi, олардың аумағына басқа тұқымды бал аралар мен аналық бал араларын, сондай-ақ шығу тегi белгiсiз бал аралар мен аналық бал араларын әкелуге тыйым салынады.
5-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАЛ АРА ШАРУАШЫЛЫҒЫ
ТУРАЛЫ ЗАҢДАРЫН БҰЗҒАНЫ ҮШIН ЖАУАПКЕРШIЛIК
18-бап. Қазақстан Республикасының бал ара шаруашылығы
туралы заңдарын бұзу салдарынан келтiрiлген
зиянды өтеу
Қазақстан Республикасының бал ара шаруашылығы туралы заңдарының бұзылу салдарынан келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтеледi.
19-бап. Қазақстан Республикасының бал ара шаруашылығы
туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Қазақстан Республикасының бал ара шаруашылығы туралы заңдарын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Достарыңызбен бөлісу: |