Баратова Азиза Сериковна Қызылорда суармалы алқабындағы жоңышқаның суару режимі



Дата01.07.2016
өлшемі349.25 Kb.
#169723

ӘӨЖ 631.67: 633.31: 551.462.3 (574.54) Қол жазба құқығында




Баратова Азиза Сериковна

Қызылорда суармалы алқабындағы жоңышқаның суару режимі

6М081000 – «Мелиорация, жерді баптау және қорғау» мамандығы бойынша ауылшаруашылығы магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
Рефераты

Қазақстан Республикасы

Қызылорда, 2013

Жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, политехникалық институтының «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасында орындалған


Ғылыми жетекшісі: техника ғылымдарының докторы,

профессор С.И. Қошқаров


Ресми оппоненті: ауылшаруашылығы ғылымдарының

кандидаты М.У. Абдуллаев

Қорғау 2013 жылдың «___» ________ сағат ____ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде өтеді. (Мекен-жайы: 120014, Қызылорда қаласы, Абай даңғылы 66, Политехникалық факультеті, № 5 оқу ғимараты, ауд____)


Диссертациямен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.


Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Тақырыптың өзектілігі: Қызылорда суармалы алқабындағы басты бағыттардың бірі жерді пайдалануды жетілдіру арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен мал өнімділігін арттыру болып табылады. Ғылыми – зерттеу мекемелері жердің сапалық дәрежесін сақтап қана қоймай, оны жақсартуға да болатындығын дәлелдеп отыр. Бірақ уақыт өткен сайын инженерлік жүйеге келтірілген күріш ауыспалы егістігінің сапасы төмендеп, құнарсызданып, экологиялық апат қаупін төндіруде. Арал теңізінің тартылуына байланысты Сырдария өзені суын үнемдеп пайдалану жолдары қарастырылуда. Ол үшін негізгі дақыл күріш егістігін азайтып, суды аз қажет ететін жоңышқа дақылын көбейту керектігі айтылуда.

Бұдан 15 – 20 жыл бұрын облыс экономикасын көтеретін өнімді дақыл деп күріш егісі 96 – 100 мың гектарға жеткізілген еді. Сол кездерде күріш өнімін жоғарылату үшін, жер көлемін екі есе көбейтіп еккен шаруашылықтар да көп болды. Соның салдарынан ғылыми негізделген, әр гектарды суару үшін тиісті 18 – 20 мың текше метрдің орнына 40 – 42 мың текше метр су жұмсалынды. Бұған қоса минералды тыңайтқыштар, техника, жағар-жанар май және т.б. артық пайдаланылды. Осылардың барлығы кейінгі егіншілікке, егін өсіру мәдениетіне кері әсерін тигізіп, жердің азып – тозуына әкеліп соқтырды.

Осындай жағдайларға байланысты суармалы егістік жерді жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Сол жұмыстардың бір саласы күріш ауыспалы егістігі жерінде жоңышқалықтың көлемін көбейту мен өнімін жоғарылату болып отыр.

Жоңышқа - көп жылдық бұршақ тұқымдастарына жататын, жануарлар ағзасының дұрыс өсіп, жетілуі үшін қажетті каротинге және басқа витаминдерге бай өсімдік. Ол пішен, пішендеме, шөп ұны, құрама жемшөп және басқа мал азықтық өнімдер алу үшін өсіріледі.

Мәселенің маңыздылығы, жемшөп қорын жасауда жоңышқаның өзіндік үлкен үлесі бар екені белгілі. Бұл дақыл сонымен қатар топырақтың құнарлығын арттыруда да үлкен роль атқарады. Жоңышқа егілген жердің қарашіріндісі екі есе жоғарылайды. Бір сөзбен айтқанда мал шаруашылығы үшін берік жем шөп қорын жасауда жоңышқаның алатын орны ерекше. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде егістік жерді жақсарту жолдарының бірі көп жылдық шөп және жұғымды мал азығы – жоңышқа егіп жер құнарын қалыпына келтіру екендігі дәлелденіп отыр.

Инженерлік жүйеге келтірілген күріш ауыспалы егістігінің жер құнарының өте төмен, өсімдіктің өсіп – жетіліп өнім беруіне қажетті қарашірінді аз екендігі көп жылдардан бері айтылуда. Сондықтан, біздің жағдайда егістік жер құнарлығын арттыратын бірден – бір тиімді шара көп жылдық шөп – жоңышқаны өсіру маңызды мәселелердің бірі.

Қызылорда суармалы алқабында өсірілетін көп жылдық шөптерді (жоңышқа) егу агротехникасының басқаларға қарағанда мүлде өзгеше екенін озат шаруашылықтардың тәжірибелері айқын көрсетуде. Бірақ көптеген шаруашылықтарда өнім төмен. Дәлірек айтқанда, мамандандырылған шаруашылықтар шөп тұқымын өндіру жөніндегі жоспарлы тапсырмаларын орындай алмай отыр. Күріш ауыспалы егістігінде дақылдың өсу - өндіру технологиясы, оның суару режимі дақылдың өзіне қажетті жағдайда дұрыс сақталмаған. Осы тұрғыдан қарағанда, жоңышқаның суару режимін ғылыми тұрғыдан жан – жақты зерттеу кезек күттірмейтін міндеттерінің бірі болып табылады.

Зерттеудің мақсаты: Зерттеулер негізінде Қызылорда суармалы алқабындағы күріш ауыспалы егістігінде жоңышқаның тиімді суару режимін ұсыну. Тиімді суару режимін ұсына отырып жоғары өнімділікке қол жеткізу.

Міндеттері: Зерттеулер міндеттеріне суармалы алқаптағы жоңышқа суару режимінің қазіргі жағдайын талдау. Қызылорда суармалы алқабында жоңышқаның оптимальды суару режимін ұсыну. Аталған аймақта тиімді суару әдісін жетілдіру.

Зерттеу нысаны: Қызылорда суармалы алқабы, Қарауылтөбе тәжірибе шаруашылық алаңы.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Диссертациялық жұмысының жаңалығы – бұл бүгінгі күнгі күріш ауыспалы егістігінде жоңышқаны суарудың барлық әдістерін қарастыра отырып, тиімді әдісін ұсыну.

Бастапқы зерттеу мәліметтері. Жұмыстың бастапқы мәліметтері және негізі ретінде «Казгидромет», Қызылорда гидрогеологиялық – мелиоративтік экспедициясының мәліметтері, СРК «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда облыстық филиалы мекемелерінің мәліметтері пайдаланылды.

Жұмыстағы пайдаланылған зерттеу әдістері. Жер асты сулары деңгейіне байланысты жоңышқаның өнімділігі Ю.Д. Зыковтың әдісі бойынша зерттелді. Қарауылтөбе тәжірибе шаруашылық алаңында жоңышқаның суару нормасы мен өнімділігі К.Д. Ділімбетов, С.И. Қошқаров, Б.А. Жиенбаев және т.б. ғалымдардың зерттеулеріне негізделген.

Жұмыстың сыннан өтуі. «Студенттердің ғылыми инновациялық шығармашылығы: зерттеулер тәжірибесі және басым бағыттары» атты 13 (67) студенттік ғылыми конференциясында баяндама жасалды.

Жұмыстың жариялануы: Диссертация тақырыбы бойынша 1 ғылыми еңбек жарияланды.

Диссертацияның құрылым көлемі: Диссертация кіріспеден, 5 бөлімнен, қорытындыдан, 68 пайдаланылған әдебиеттерден тұрады. Диссертацияның жалпы көлемі компьютерде терілген 103 беттен, оның ішінде 24 суреттен және 33 кестеден құралған.
Жұмыстың негізгі мазмұны

Кіріспеде диссертациялық жұмыстың жалпы сипаттамасы, зерттеу жұмысының өзектілігі, жұмыстың мақсаты және де тарауларға қысқаша тұжырым берілген.


1 – сурет. Қызылорда суармалы алқабының схемасы


Бірінші бөлімде алқаптың табиғи – климаттық ерекшеліктері жайлы жазылған. Алқаптың герографиялық орны, климаты, топырағы және геологиясы мен гидрогеологиясы.

Қызылорда суармалы алқабы Сырдарияның екі бетіндегі Қызылорда облысының орталық бөлігінде орналасқан үлкен территорияны қамтиды. Бұған үш аудан – Сырдария, Жалағаш, Қармақшы административтік аудандары кіреді (1 - сурет).

Қызылорда суармалы алқабының климаты біріншіден, географиялық орнына байланысты болып келеді. Қызылорда суармалы алқабы қоңыржай климаттың оңтүстігінде орналасқан. Шөл және шөлейт зонасында жатыр. Сонымен бірге, климатына батысындағы үлкен Арал теңізі айдыны мен Қызылқұм құмдары, жазда оңтүстік аудандарда тропиктік ауа массалары әсер етеді.Жазы ыстық және ұзақ мерзімді. Бұл кезеңде температурадағы күрт өзгеру сипаты байқалмайды. Кейбір жерлерде шілде айының орташа температурасы 36-39º С. Алқап аумағының басым бөлігінде температураның абсолютты максимумы 44-48º С құрайды. Қыс мезгілінде суармалы алқабының солтүстік және оңтүстік аймақтарының арасында температурада айтарлықтай айырмашылықтары бар. Мысалы, ең салқын ай-қаңтардағы орташа температура 35-36º С құрайды. Солтүстікке ашықтылық қасиеті алқап аумағына кедергісіз салқын ауа массасының енуіне мүмкіндік береді және нәтижесінде қыс айларында күрт салқындайды. Ауа температурасының абсолютты минимумы 42º С дейін жетеді.

Қызылорда суармалы алқабының климаты күрт континенталдығымен өзгешеленеді, бұл жылдық және тәуліктік температура амплитудаларының ауытқуы мен әр жылдардағы климаттық көрсеткіштерін тұрақсыздығымен байқалады. Жылуы мол, ашық құрғақ ауа райы басым. Күннің жарық болып тұратын жылдық сағаты 2900 – 3000-ға жетеді [6].

Құрғақшылық – Қызылорда суармалы алқабы климатының ерекшеліктерінің бірі. Жылы мезгілінің ұзақтығы (ауаның тәуліктік орташа температурасы 0°С жоғары) 7,5-нан 8,5 айға дейін созылады. Жауын-шашын өте аз жауады. Орташа жылдық мөлшері 100-190 мм аспайды және жыл маусымдарында оның түсімі біркелкі емес: барлық жауын-шашынның 60 % көктемгі-қысқы кезеңдерге тиесілі. Жауын-шашынды күндер саны 40 – 60 құрайды және алқаптың барлық аумағында жаңбыр қарға қарағанда көбірек жауады.Суармалы алқап аумағының барлық бөлігінде солтүстік-шығыс бағытындағы күшті және жиі желдер болып тұрады. Климаттың континенталдығы көптеген метеорологиялық элементтердің тәуліктік, айлық және жылдық өзгеруімен байқалады.
1 – кесте. Қызылорда суармалы алқабының ауа – райындағы негізгі көрсеткіштер


Суармалы алқап





Ауаның орта айлық температурасы


Ауаның орта жылдық температурасы

Кезең ұзақтығы, күн




Вегетациялық кезең ішіндегі температуралар қосындысы



Жауын-шашынның орта жылдық мөлшері, мм


Қаңтар

Шілде

Аязсыз

Вегетациялық

Қызылорда

- 9,8


25,9


8,9


177


246


4001


107

Қызылорда суармалы алқабы жерінің топырағы алуан түрлі. Бірақ олар суы мол жерлердегі бұрыннан пайдаланып келе жатқан гидроморфты топырақтар және шөл даладағы кеуіп құлазып жатқан ескі суару жүйелерінің ізі бар топырақтар болып негізінен екі топқа бөлінеді. Гидроморфты топырақтар Сырдария өзені мен оның өзектерінің бойына орналасқан. Оның өзі аллювийлі- шалғынды, шалғынды-батпақты, батпақты болып бөлінеді. Ал, кеуіп құлазып жатқан жерлер тақыр және тақыр тәріздеске жатады.

Аллювийлі-шалғынды топырақтар Сырдария өзенінің негізгі арнасымен Қараөзек және Шіркейлі өзектерінің бойына орналасқан. Топырақтың жоғары қабаты (0 – 5 см) сортаң, тұз мөлшері 3-8%, одан төменгі қабаттарында тұз өте аз. Топырақтың беткі қабатында органикалық заттар көп, 50 см тереңдіктегі қарашіріктің мөлшері 1,6-3,5 %-ке жетеді. Бұл топырақтың шалғынды-батпақты түріне қарағанда сүзгіштік қабілеті неғұрлым артық болғанмен, су тоқтатқыш қасиеті төмен. Бұл жерде жемшөп ауыспалы егісін ұйымдастырған тиімді.

Шалғынды-батпақты топырақ қамыс өскен, жазық, бұрын тасқын су басқан жерлерде және қазіргі күріш егістіктерінің орнында кездеседі. Олар көбіне сазды және өте сазды болады, 3 – 6 м тереңдікте атырау қиыршық құмдар кездеседі. Топырақтың беткі қабатындағы қарашіріктің мөлшері 2,5 – 3 %. Жер бетіндегі (0 – 5 см) тұздың мөлшері 1,5 – 2,5 %-тен аспайды.

Шалғынды-батпақты топырақ күріштік жерлердің негізгі қорын құрайды. Ауыспалы егіске күріш және жоңышқа егілу керек. Суармалы жерлерді игеру ауыспалы егіс жүйесін енгізуді тездетуді қажет етеді.

Батпақты топырақтың құрамына торфты-батпақ, перегнойлы-батпақ, ылайлы-батпақ және суармалы жерлердің топырағы жатады. Батпақты топырақтың аталған алдыңғы екі түрі Көксу-Қараөзек ойпатында кең таралған. Бірақ ол жерлер қазір кеуіп кеткен. Бұл топырақтың ылайлы-батпақты түрі Сырдарияның сол жақ жағалауында кейбір көлшіктердің шетінде кездеседі. Қарашірік мөлшері 1,5-3,0 % құрайды. Ол топырақ қабаты тереңдеген сайын (1,5 м дейін) айтарлықтай азаймайды. Мұндай жерлер күріш егуге пайдаланылады.

Тақыр және тақыр сияқты жерлердің топырағы үлкен кеңістікті алып жатыр. Сырдарияның баяғы замандағы атыраулары: Жаңадария, Қуаңдария, Дариялық тақыр жазығы және Бикесары алқабының кеуіп, құлазып жатқан жазықтары мен далалары жер қорын құрайды. Топырағы биіктеу жазыққа орналасқан, механикалық құрамы ауыр немесе құмбалшық, оның орталық қабаты (21 – 150 см) сортаң, ал жоғарғы қабатында тұз аз. Топырақтың су өткізгіштік қасиеті нашар, қарашірік мөлшері 0,5 – 1,0 % құрайды.

Алқаптың суармалы жер көлемінің сортаңдану көрсеткіші 40%-ға жетіп,соның нәтижесінде өте сортаңданып кеткен жерлер ауыл шаруашылығында пайдалану айналымнан шығарылды.

Суармалы алқабының инженерлік күріш жүйелерінің 70,0 мың гектардан астам жері орташа немесе жоғары дәрежеде тұзданған. Ыза су көтеріліп кеткен жерлер көлемі 3,6 мың гектардан асады. Жаз мезгілінде жер асты суының орташа ең аз деңгейі 1,1 м, ал олардың орташа минералдануы маусым айында 5,8 – 10,0 г/л болады. Бұл жағдайларда жер асты суының капиллярлық көтерілуі күшейіп, жоғары температура мен күшті аңызақ желдің әсерінен топырақтың үстіңгі қабатында буланып, оның тұздануын арттырады. Бұл жағдай тек қана экологиялық қауіпсіз технологияларды жасауды ғана емес, сонымен қатар осы аймаққа арнап жаңа сорттар шығарғанда да ескерілуі тиіс.

Екінші бөлімде күріш ауыспалы егістігінде жоңышқаның маңыздылығы жайында айтылған. Қызылорда суармалы алқабындағы бүгінгі таңдағы жоңышқаның суару режимі қарастырылған.

Ғалымдардың үлкен тобы ауыспалы егісте егілген дақылдармен салыстырғанда бір жерге қайталап бірнеше жыл еккенде ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерінің өнімі төмендейді деген қорытындыға келді. Дақылдардың алмасу ретінің дұрыс сақталуы және жақсы алғы дақылдан кейін орналасуы өсімдіктің тек өнімін арттырып қоймай, оның сапасын да жақсартатынын анықтады. Атап айтқанда, жақсы алғы дақылдан кейін қара шіріндіге бай жерге орналасқан егістіктегі дақыл өнімі дәмді, қош иісті болып жақсы сақталатыны, ал тұқымының өнгіштік қасиеті жоғары болып, өніп шыққан өсімдік көгінің, ауа райының қолайсыз жағдайына төзімді болатыны дәлелденген.

Ғылыми мекемелердің тәжірибесі мен озат шаруашылықтардың практикасы нәтижесіне қарағанда, ғылыми негізделген ауыспалы егістің суармалы жер шығымдылығын, әрбір гектарынан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін шұғыл арттыратынын көрсетті.

Сонымен қатар ауыспалы егістің тиімді үлгісін игеру - өндірістің барлық салаларын жоспарлы дамытуға, топырақ – климат жағдайларын, су және жер ресурстарын үнемді пайдалануға мүмкіншілік туғызады.

Күріш ауыспалы егісіндегі жоңышқаның маңыздылығына келетін болсақ, ол күріш егісінің алғы дақылы бола отырып, топырақ құнарлылығын, тұздылығын, арамшөптермен ластануын, су режимін өзгертеді. Сонымен қатар, жоңышқа егіс топырағының құнарлылығын жоғарылатады. Нақты айтсақ, ол топырақта азот мөлшерін көбейтеді. Сондықтан, жоңышқадан кейін күрішті суарған кезде азотты минералды тыңайтқыштар аз беріледі.

Жоңышқа топырақтың физикалық және ылғалдылық көрсеткіштерін жақсартады. Күріш дақылы жаз бойы су астында тұрады, сондықтан топырақтың кеуектілігі азаяды, нығыздалады, тапталады, салмағы көбейеді, физикалық қасиеті нашарлайды. Сондықтан, сол жерге 2-3 жыл жоңышқаны егетін болсақ, ол топырақты қопсытып, кеуектілігін арттырады, сөйтіп физикалық және ылғалдылық мәселесі жақсарады.

Жоңышқаның көк шөбінде 20,3 % протеин (15,3 % ақуыз), 3 – май, 40,7 – АЭЗ және 26,3 % жасунық, ал мезгілінде орылған пішенінде 18 % протеин (14,2 % ақуыз), 2,7 – май, 39,4 – АЭЗ мен 30,2 % жасунықтар болады. Жоңышқаның 100 кг көк балаусасында 21,3 малазықтық өлшем, ал ору мезгіліне байланысты пішенінде 4,1 кг қорытылатын протеин бар

2 – кесте. Жоңышқа және басқа дақылдардан

кейін егілген күріш өнімі

(Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты мәліметтерінен)






Алғы егіс

1

жыл

2

жыл

3 жыл

Орта өнім ц/га

1. Жоңышқа

64,3

58,9

51,0

58,1

2.Түйежоңышқа

61,7

65,0

53,0

59,9

3.Жаздық бидай

49,8

39,4

-

44,6

4. Жүгері

56,5

42,2

-

49,4

Айта кетсек, Қызылорда суармалы алқаптарының егін шаруашылығы суармалы жерлерге негізделген. Өткен ғасырдың 60 жылдары бүкіл елімізде мелиорация саласына жоғары мән берілген болатын. Соған байланысты 1960 – 1980 жылдары Сыр өңірінде мелиоративтік жұмыстар жоғары қарқын алды. 1-ші суреттен көріп отырғанымыздай, облыс көлемінде 1995 жылы 226,8 гектар жерде суармалы егістік инженерлік жүйеге келтірілген.


1 – сурет. Қызылорда облысында инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жер көлемінің өзгеруі

(Қызылорда облыстық су шаруашылығы кәсіпорны мәліметтерінен)
Сол жылдары облыс бойынша жалпы дақылдардың егіс көлемі 287 мың гектарға жетті. 2001 – 2002 жылдары инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жер көлемі 172 мың гектар, ал 2011-2012 жылдары 178,967 мың гектар құрады. Демек, 1995 – 2012 жылдар аралығында 47 мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген суармалы егістік пайдаланудан шығып қалды. Оның негізгі себептері: топырақтың сортаңдануы, жер асты суларының жоғары деңгейде тұруы, т.б.

Осындай жағдайларға байланысты суармалы егістік жерді жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Сол жұмыстардың бір саласы күріш ауыспалы егістігі жерінде жоңышқалықтың көлемін көбейту мен өнімін жоғарылату болып отыр.

Жоңышқа дақылы жоғары сапалы мал азығы болумен қатар, егін шаруашылығында алатын агротехникалық орны ерекше. Әсіресе Қызылорда суармалы алқабында жоңышқасыз күріш ауыспалы егісінің тиімділігін арттыру мүмкін емес.

2 – сурет. Қызылорда суармалы алқабындағы күріш дақылының егіс көлемі

(Қызылорда облыстық су шаруашылығы кәсіпорны мәліметтерінен)

3 – сурет. Қызылорда суармалы алқабындағы жоңышқаның егіс көлемі

(Қызылорда облыстық су шаруашылығы кәсіпорны мәліметтерінен)
3-ші суретте Қызылорда суармалы алқабындағы жоңышқаның егіс көлемі көрсетілген. 1982 жылы осы суармалы алқапта жоңышқаның көлемі 11,147 га болған. Содан кейін осы егіс дақылы азая бастаған. Оның көлемі 1990 жылы 7,752 га, 2000 жылы 3,427 га, 2006 жылы 3,538 га, ал 2012 жылы 3,233 га болды. Мұның басты себептерін айтқымыз келеді.

Біріншіден, осы аталған 1982 – 2012 жж. кезеңде күріш ауыспалы егісінде дақылдардың ауысып отыру тәртібі, ережесі сақталмаған. Осы алқапта аталған кезеңде негізгі дақыл күріштің көлемі (2-ші сурет) 14 – 15 мың га шамасында болды. Сондықтан, екінші басты дақыл жоңышқаның да ауданы осы шамалас болуға тиіс еді. Екіншіден, біздің ойымызша жоңышқа дақылының өсу - өндіру технологиясы, оның суару режимі дақылдың өзіне қажетті жағдайда сақталмаған.


Кесте 3 - Қызылорда суармалы алқабы бойынша жоңышқа

дақылының егіс көлемі мен маусымдық суару мөлшері

(Қызылорда облыстық су шаруашылығы кәсіпорны мәліметтерінен)



Жылдар

Егіс көлемі, мың.га


Су беру, млн.м³


Маусымдық суару мөлшері,т.млн.м³


2000

3,42

26,1

7,14

2003

3,2

29,6

16,03

2006

3,53

10,58

4,37

2009

3,75

18,66

5,64

2012

3,23

30,8

10,44


4 – сурет. Қызылорда суармалы алқабындағы жоңышқаның маусымдық суару мөлшері

(Қызылорда облыстық су шаруашылығы кәсіпорны мәліметтерінен)
Осыны біз 4-ші суреттен көріп отырмыз. Мәселен, 1982 жылы жоңышқаның маусымдық суару мөлшері 5,758 мың м³/га болса, 1994 жылы 7,055 мың м³/га, 2003 жылы 8,105 мың м³/га, ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 10,445 мың м³/га болды. Осы цифрлар дақылдың суару режимі нақты ғылыми – зерттеулерге сүйенбегенін көрсетіп отыр. Өйткені, жылма – жыл жоғары ауытқу байқалады 4 мың м³/га-дан 10 мың м³/га-ға дейін.

5 – сурет. Қызылорда облысындағы жоңышқаның өнімділігі

(Қызылорда облысы ауыл шаруашылық департаментінің мәліметтері)
Осы айтылған кемшіліктер жоңышқаның өндірістегі шығымдылығын азайтты. 5-ші суреттен көріп отырғанымыздай, 1980 жылы жоңышқаның 1 гектарға шаққандағы өнімділігі 59,1 центнер болса, 1990 жылы 50 цн, 1995 жылы 27,7 цн, 2000 жылы 20,1 цн, 2005 жылы 17,2 цн, 2012 жылы 25,3 цн болды. Қызылорда облысы жағдайында жоңышқаның тиімді өнімділігі 80 – 120 цн аралығында болу керек. Тиісті агротехникалық шаралардың дер кезінде орындамауынан, ауа райы жағдайымен санаспаудан жоңышқадан тиісті өнім алынбай келеді. Егілген жоңышқаның көгі біркелкі болмай, сиреп, алақұла шығатын шаруашылықтарда жиі кездеседі. Ал жоңышқа өсірудің әдісін игеріп, өнімді де, жерді же жақсартып отырған шаруашылықтар да жоқ емес.

Үшінші тарауда аталған алқапта жүргізілген ғылыми – зерттеулер нәтижелері қарастырылған.

А. Н. Костяковтың мәліметтері көрсеткендей, ауыл шаруашылық жерлері мелиорациясының қазіргі жағдайдағы мақсаты сапаны жақсарту және ауыл шаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алу, қоршаған ортаға қолайсыз жағдайды мейлінше аз келтіру. Ауыл шаруашылық жерлерінің мелиорациясының қалыптасқан мақсаты мелиоративтік іс-шаралар жүйесінің талапқа сай орындалуында.

И.П. Айдаров, А.И. Голованов бұл талаптар жиынтығын мелиоративтік режим деп атаған. «Режим» сөзінің мағынасында көрсеткіштердің өзгеруі емес, әр мезгілдегі мөлшеріне талабы жайында айтылған. Мелиоративтік режимнің негізгі көрсеткіштеріне топырақтағы тамырлы қабаттың ылғалдылығын реттеу, жер асты сулар мен топырақтағы тамырлы қабат арасындағы ылғал алмасу көлемі мен бағыты жатады. Осы көрсеткіштер маусымдық суару мөлшері мен суару нормасының қатынасын анықтайды.

Ауыл шаруашылық дақылдарын суару режимін зерттеудегі сараптама нәтижесі көрсеткендей, әр түрлі суармалы массивтің ерекшелігіне орай суарудың биологиялық тиімді режимі жасалған. Дегенмен, ауыл шаруашылық дақылдары суару мөлшерінің биологиялық тиімділігі, жоғарғы өнімділікпен қамтамасыз ету, топырақтың құнарлылығы мен жердің экологиялық – мелиоративтік жағдайын жақсарту үнемі бола алмайды. Сондықтан, дақылдардың суару режимін жасау, топырақтың экологиялық-мелиоративтік жағдайларын есепке ала отырып, суару мөлшерін анықтау қажет. Бұл мәселені шешудің бір негізгі бағыты ауыр экологиялық – мелиоративтік жағдайдағы суармалы жерлердің суару мөлшерінің күрт төмендеуі болып табылады.

Күріш себудің нәтижелі дамуының негізі – ғылыми негізделген

жағдайдағы ауыспалы күріш – жоңышқа егістігі екені бізге белгілі. Сондықтан, жоңышқа себу егін алқабының 30-дан 50 %-ға дейінгі аумақты алып жатады.

Қызылорда тәжірибелі күріш станциясының мәліметі бойынша жоңышқа өнімі 61,7 ц/га аумақты, ал ауыспалы емес күріш егуде үш жылдан аса – 18-20 ц/га алып жатады. Өндіріс жағдайларында да осыған ұқсас нәтижелерді көрсетіп отыр.

Дегенмен, көптеген күріш себуші шаруашылықтарда ауыспалы егісті игеруде жоңышқа төменгі көрсеткішті көрсетуде. 1970 жылы жоңышқа егудің екінші жылында алқап бойынша орта есеппен 33,9, ал 1971 жылы – 34,2 ц/га құрады. Кей шаруашылықтарда мүлдем қолға алынбаған, өңдеу әдістерінде күрделі қателіктер жіберілген, себу және суару уақыты, минералды құнарландырғыштар мезгілінде берілмеген. Осылардың барлығы өсу мен өнім беруге қатты әсер еткен.

Ғылыми зерттеу мекемелерінің тәжірибесі және алдыңғы қатарлы шаруашылық көрсеткіштері көрсеткендей, жоңышқа егуде барлық агротехникалық тәсілдерді дұрыс қолданылған жағдайда, алғашқы жылы өнімділік 35 – 50 ц шөп, келесі жылдарда 2 – 3 жыл қатарынан 80 – 100 және одан да көп ц \га өнім берген.

Ауыспалы күріш егісінде жоңышқа негізгі дақыл болып табылады. Ол

топырақтың сулы – физикалық қасиеттерін жақсартады, топырақты азотпен байытады, сонымен оның құнарлылығын арттырады. Сырдарияның төменгі ағысында жоңышқаның суару техникасы мен суару режимін К.Д. Ділімбетов, С.И. Қошқаров, Б.А. Жиенбаев, Г.Н. Жданов, Р.А. Кван, Л.А. Ким, А.И. Парамонов, т.б. зерттеген.

Бұл зерттеулер өзен ойпат, жазықтар күрделенген Қарауылтөбе тәжірибе шаруашылық далаларында жүргізілді. Орта жылдық жағдайда жоңышқаның жоғары өнімін алу үшін жылына егісті 4 рет суару және екінші жылы 5 рет суару қажеттігін көрсеткен. Тәжірибе жүргізілген алаңында жер асты сулары 1,1 – 1,5 м тереңдікте жатыр. Қазіргі кезде шаруашылықта жоңышқаны 2 – 3 рет суару қанағаттанарлықсыз дәрежеде болатындығы анықталған, өйткені бұл жағдайда жоңышқаның өнімділігі төмен болған.


4 – кесте. Бір жылдық жоңышқаның суару нормасы мен өнімділігі

(1973-1975 жж. орташа көрсеткіштер)



Режим нұсқасы




Суару саны


Суару нормасы, м³/га


Пішен өнімі, ц/га


Қосымша өнімділік, ц/га


Суарусыз

-

-

14,3

-

Жоғары ылғал сыйымдылығы -

ның 65 % - да суару



2

2140

28,8

14,5


Жоғары ылғал сыйымдылығы -

ның 75 % - да суару



4

3650

43,0

28,7


Жоғары ылғал сыйымдылығы -

ның 85 % - да суару



5

4610

45,9

31,6


Суару санын арттыру қажеттілігі топырақтың тұздық режимінің байланысымен негізделеді. Маусымдық суарудың және суару нормалары шамаларын қысқарту жер асты суларымен ылғалдандырудың артуына және жоңышқа егілген жерде су балансының басым болуына әкеп соқтырады. Бұл топырақта тұздың жинақталуының себебі болады. Топырақтың есептік қабатының ылғалдылығы 65 %-ға дейін төмендеу негізінде тұз жинақталуы басым болады.


5 – кесте. Екі жылдық жоңышқаның суару нормасы мен өнімділігі

(1974-1976 жж. орташа көрсеткіштер)



Режим нұсқасы



Суару саны




Суару нормасы, м³/га


Пішен өнімі, ц/га


Қосымша өнімділік, ц/га


Суарусыз

-

-

37,0

-

Жоғары ылғал сыйымдылығы -

ның 65 % - да суару



3

2810

62,4

25,4


Жоғары ылғал сыйымдылығы -

ның 75 % - да суару



5

4920

97,4

60,4


Жоғары ылғал сыйымдылығы -

ның 85 % - да суару



6

5840

105,9

68,9


Ұсынылған нұсқауда суару 75 % ылғалдылықта жүргізілген жағдайда тұздың жиналуы біршама төмендеген, тұз қорының тұрақталғаны туралы айтуға болады.

Осылайша, күріш жүйелеріндегі жоңышқаның жоғары өнімділігі топырақтың 70 – 80 % ылғалдылығында жүргізілген маусымдық суарумен қамтамасыз етіледі. Топырақтың белгілі қабатының тиімді ылғалдылығын маусымдық суару және жер асты суларын белгілі деңгейде пайдалану арқылы сақтауға болады.

Төртінші тарау бойынша куріш ауыспалы егістігінде жоңышқаның суару әдістерінің маңызы қарастырылған. Бүгінгі күнгі қолданып жүрген суару әдістерін қарастыра отырып, жоңышқаның тиімді суару әдісі ұсындық.

Суару әдісін таңдап алу мәселесіне келсек, қандай болмасын суару тәсілі мен суару техникасын техникалық – экономикалық көрсеткіштері мен оны қолданудың тиімділігі негізінде таңдап алу қажет. Ең алдымен, сол суару техникасының пайдаланылатын жердің нақты жағдайына қолдануға келетін-келмейтінін анықтап алған дұрыс, оны пайдаланудың экономикалық жағынан тиімділігі қандай екенін білу керек, оның бірнеше варианты пайдаланылатын болса, онда соның ең жақсысын таңдап алған жөн.

Суару әдісінің техникалық жағынан қолайлы келетін-келмейтіндігі толып жатқан табиғи – шаруашылық факторларына байланысты. Мұндай факторларға климат, топырақ, геоморфологиялық, гидрогеологиялық, биологиялық, агротехникалық, су шаруашылық жағдайлары жатады. Әсіресе қазіргі жұмыс істейтін арық – атыз жүйелеріне суару әдісін таңдап алған кезде ондай факторларды мұқият ескерген жөн, бұрынғыларының жаңа ирригациялық құрылыстан өзгешілігі көбін қайта жөндеу немесе өзгерту мүмкін емес. Себебі, көп күрделі қаржы жұмсау және уақыт керек.

Жоңышқа дақылының суды жақсы көретіні бізге белгілі. Алайда, ұзақ уақыт сумен бастыруда, әсіресе ауаның температурасы жоғары болған жағдайда өсімдік құрып кетеді. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйінетін болсақ, күріш өсіретін аумақтары үшін жоңышқаның сумен бастыруының аумалы ұзақтығы бірінші жылғы жоңышқада бұтақтану фазасында 22 – 25 сағат, бүрлену фазасында 30 – 35 сағат және екінші жылғы жоңышқада орғаннан кейін қайтадан тармақталуында 2 тәулікке дейін болады.

Топырақ факторларының ең маңыздыларын атап кетсек, бұған топырақ тың суды сіңіру жылдамдығы, топырақ қабатының тереңдігі, су сыйымдылығы, механикалық құрамы, құрылымы, сортаңдану дәрежесі жатады. Топырағы суды аз және орташа өткізетін жерлерде жүйекткп суарған дұрыс. Ал суды тез сіңіретін жеңіл топырақты жерлерде жаңбырлатып суарған жөн. Бос, шаңы бұрқырап жатқан структурасыз, батпақтануға бейім тұратын жерлерде әсіресе суды алысқа шашырататын машиналармен және қондырғылармен жаңбырлатып суарудың сапасы нашар болады. Керісінше, структуралы және құмайт топырақты жерлерде жаңбырлатқыш агрегатпен суару ұсынылады.

Енді геоморфологиялық факторлардың тигізетін әсеріне назар аударайық. Бұл факторларға ең алдымен жер бедері (ойлы-қырлы болуы), бет жағының еңістігі, топырақтың беріктігі жатады. Сапалы етіп ағызып суару үшін еңістігі аздаған және орташа жерлердің бедерін мұқият тегістеу қажет. Тегістеу жұмысы көп болып, топырақты қалыңырақ алғандықтан құнарлылығын жою қаупі туса, жаңбырлатып және топырақ арасынан суару әдісін қолданған дұрыс. Егер жер бедері ұңғыл – шұңғыл болса, суарудың әртүрлі тұрақты тәсілдерін қолданған дұрыс, әсіресе жаңбырлатып суарғанда осындай тәсілдері қолданған тиімді келеді.

Гидрогеологиялық факторлардан ең маңыздылары жер асты суының қандай тереңдікте жатқандығы, оның минералдануы, жердің дренаждалу дәрежесі жатады. Жер астындағы тұщы су жер бетіне жақын жатқан болса суды көп жіберуді қажет етпейді және жаңбырлатып суару мен топырақ арасынан суару әдісін ойдағыдай қолдануға мүмкіндік туады. Минералданған жер асты суы жер бетіне жақын жатқан болса және ол жер жақсы дренаждалса, онда ағызып суару тәсілін қолданған тиімді, сонда су топырақтың астына қарай ағады және судың өзі де тұщыланады.

Күріш ауыспалы егістігінде жоңышқаны суарудың түрлерін атап кетсек, солардың ішіндегі ең қарапайым әдісі көлдетіп суару әдісі болып табылады. Бұл әдісте атыз бойымен сумен бастырудағыдай су қабаты жасалынбайды, себебі ауыр топырақтар жағдайында күріш жүйелерінде бұл бүкіл жоңышқаның судан былжырап кетуін туғызады. Атыз ауданының 2/3 – 3/4 бөлігі суарылғаннан кейін атызға судың берілуін тоқтатады. Атыздың қалған бөлігінің ылғалдануы судың әрі қарай ағуының нәтижесінде іске асырылады. Атыз ауданы бойынша судың тез әрі біркелкі таралуы үшін және сіңбей қалған суды атыздан шығарып тастау үшін атыздың периметрі бойынша бір ернеулі жүйек кесіледі. Суару процесінде осы бір ернеулі жүйекке есептелінген су шығыны беріледі. Жүйектен су асып түскен соң, әрі қарай біркелкі периметр бойынша таралады.

Атыздың бетінде су қабатын жасауға болмайтынын ескеру қажет. Сонымен қатар, күрішші атыздың суға батырылып кетпеуін және жоңышқаның құрып кетпеуін қадағалау керек. Егер атыз ауданының 2/3 немесе 3/4 бөлігін су қаптаса, арықтардағы су беретін құрылғыларды мұқият жауып, судың берілуін тоқтату керек. Себебі, суарылған атыздар келесі атыздарды суарғанда қайтадан суға батып қалуы мүмкін. Атыз суға толық батырылған соң, атыздардағы су жіберетін құрылғыларды ашып, сіңбеген суды қашыртқыға жіберу керек. Судың сыртқа жіберілуі 6 – 7 сағатқа созылады. Бұл судың көлемі микрорельефтің тегістелген жағдайында жалпы берілген судың 15 – 20 % құрайды. Бірақ бұл әдістің басты кемшіліктерін басында келтіргенміз. Бұл әдісте суару уақытының ұзақтығымен қатар еңбек өнімділігі төмен болады.

Жүйектеп суару әдісін қарастыратын болсақ, бұл әдісте суару аралығы 5-10 күнге дейін созылады. Демек, сол уақыттың ішінде барлық агротехникалық жұмыстарды жүргізуге болады. Ал әдістің кемшіліктеріне келетін болсақ, суармалы жер беті біркелкі тегіс болуы қажет, топырақ түйіршіктері езіліп, топырақ екінші рет тұзданып кетуі де мүмкін [4].

Жоңышқаны суаруға пайдаланатын тағы бір әдіс, ол тақталап суару әдісі. Су арнайы жасалған тақта арқылы жылжып топыраққа сіңіп отырады. Топырақ неғұрлым ауыр салмақты және еңістігі үлкен болған сайын, тақтаны ұзын етіп жасайды. Тақталап суару әдісінің басты кемшіліктеріне назар аударсақ, тақтаның іші өте тегіс болуы қажет, топырақ түйіршіктері бұзылып, ауа кіруінің төмендеуі байқалады, топырақ бактерияларының жұмыс қабілеті төмендейді.

Жаңбырлатып суару әдісінде жаңбырлатқышқа су арнайы сорғыш арқылы беріліп, топыраққа жоғарыдан жаңбыр түрінде себіледі. Жоңышқаны суару жағдайында біз жаңбырлатып суарудың екі түрін қарастырдық: ППА-300 жаңбырлатқыш агрегатымен суару және ДДА-100М жаңбырлатқыш машинасымен суару. Жалпы жаңбырлатып суару әдісі өсімдікке және оларды қоршаған ауаға қолайлы тәсіл болғанымен, оның біраз кемшіліктері де бар. Бұл әдісте топырақтың тек жоғарғы қабаты ғана ылғалданады, ауыр топырақта қолданған жағдайда суару сапасы төмендейді. Сонымен қатар, металды жабдықтар және жаңармайды көп мөлшерде пайдалануымен байланысты көп қаржыны қажет етеді. Айта кететін болсақ, бұл әдіс басқа әдістерге қарағанда Қызылорда суармалы алқабында қолданылмайды.

Жоңышқаның суару әдістерінің тағы бір түрі қосымша екі саға жасау арқылы суару. Бұл әдіс екі атызды бір күнде суаруға мүмкіндік береді, ал суару уақыты 25-35 сағат құрайды. Егер одан асса дақыл тұншығады. Сондықтан, бұл әдіс үлкен жауапкершілікті талап ететін әдістердің біріне жатады. Ал кемшіліктеріне келетін болсақ, бұл әдістің ең басты кемшілігі -сағаның қолдан жасалуы.

Келесі біздің қарастыратын суару әдісі - тамшылатып суару. Бұл әдісте полиэтилен құбырлары арқылы су қысыммен беріледі де, топыраққа тамшылатқыштар арқылы түседі. Бұл әдістің біраз артықшылықтарымен қатар біраз кемшіліктері де бар. Оларды атап кетсек: басқа суару жүйелеріне қарағанда 1,5-2 есе қымбат тұрады; күтіп – баптау жұмыстары өте мұқият жүргізілуі және су өте таза болуы керек. Сонымен қатар тамшылатқыштың ойығы бекітіліп қалуы ықтимал.

Біз бүгінгі таңдағы Қызылорда суармалы алқабы күріш ауыспалы егістігінде жоңышқаның суару әдістерін қарастыра отырып, тиісінше әдістердің артықшылықтары мен кемшіліктерін атап көрсеттік. Осыларды басшылыққа ала отырып, аталған суармалы алқап жағдайында жоңышқаны суарудың тиімді әдісін, нақтырап айтсақ тақташаларға бөлу арқылы суару әдісін ұсынып отырмыз. Бұл әдісте су бас сағадан беріліп, арнайы жасалған тақташаларға таратылады. Әрбір тақташаларға су бөлек беріледі. Бұл әдіспен суару үшін суармалы танап ұзындығы 180 метрге дейін, ал ені 10 метрге дейін жететін екі жағынан топырақ жалдармен шектелген тақташаларға бөлінеді. Тақташаларды суға толтырғанда әр тақташаға берілетін су мөлшері 12,5 л/с шамасында болуы шарт. Сонда суға толу уақытын, ұзақтығын төмендегі формула арқылы табуға болады:

t = L*b*m / q*a, сағат;

мұндағы: L – тақташа ұзындығы; b – тақташа ені; m – дақылдың суару

нормасы; q – су ағысы мөлшері; а – топырақ су сіңіргіштігінің

бәсеңдеу коэффициенті (0,2-0,8).

Бұл әдістің негізгі артықшылықтары төмендегідей:

1. Топырақ беті біркелкі ылғалданады;

2. Су үнемделеді, өйткені әрбір кішкене тақташаға су бөлек

беріледі;

3. Жоңышқаның өнімділігі 15 ц/га-ға дейін жоғарылайды;

4. Атыздағы әрбір тақташаның суару мерзімі аз болады.

Бесінші тарауда жүргізілетін іс-шаралардың экономикалық тиімділігі қарастырылған. Суару әдісінің пайдалану бағасын келесі негізгі көрсеткіштермен жүргізеді: тәулік бойы және барлық өсімдіктің өсіп - өну кезеңде тамыр мекендеген топырақ қабатын, олардың өсу фазасына сәйкес, оңтайлы ылғалдылықпен қамтамасыз ету; ауыл шаруашылық дақылдарын суару үрдісінде аз қарқындылықтың әсеріне, су беру қарқындылығының төмендеуі; суармалы суды тиімді бөлуге, оның жердің бетімен ағатын және тереңге сүзілетін ысыраптарды толық жою, оны танаптарға бір қалыпты тарату; ауыл шаруашылық дақылдарын өсірудің агротехникалық шараларын жүргізе отырып суарудың барлық технологиялық үрдістерді оптимальды үйлестіру; топырақтың құнарлығын сақтау, суармалы жердің қалыпты мелиоративтік жағдайы, жердің сортаңдалу үрдісін болдырмау; суаруды және суармалы тізбекке суды таратуды механикаландыру; тиімділігі жақсы жағдайда суаруды жүргізгендегі қаржының және еңбек шығынының қайтарымдылығы; қоршаған табиғи ортаны сақтау. Төмендегі кестеде жоңышқа дақылының ұсынылып отырған суару тәсілі бойынша экономикалық тиімділігі көрсетілген.
6 – кесте. Жоңышқа дақылының ұсынылып отырған суару тәсілі бойынша экономикалық тиімділігін анықтау

Жұмыстар


Өлшем бірлігі



Көлемі,га



Жұмыстың құны,тг



Шығындар,

тг


Атыз беттерін тегістеу жұмыстары

га

3233

15000

48495,0


Атыздарға үймелерді орналастыру

га

3233

13000

42029,0

Атыздарға сағаларды орнату



га

3233

9500

307135,0


Барлығы








1022375,0

Сонымен барлық шығынымыз 1022375,0 млн теңге болды. Демек ұсыныстарды енгізуге кеткен шығындар 3 жылда қайтарылады.

Қызылорда суармалы алқабы үшін дақыл орналасқан жер көлеміне сәйкес және оның бүгінгі өніміне сәйкес біздің ұсынымызды енгізгеннен кейінгі қосымша өнім және оның бағасы есептелді. 7-кестеден көріп отырғанымыздай алқап бойынша қосымша өнім бағасы – 8 082 500 теңге.

7 – кесте. Қосымша өнім құны





Дақыл

Суармалы аудан,га



1 гектардан алынатын өнім


Қолданған шаралардан кейін қосымша өнім


Қосымша өнім, цн

Бірлік құны, тн



Қосымша өнім құны, мың.тн




1

Жоңышқа

3233

23

10

32330

250

80825,0


Қорытынды
1. Күріш ауыспалы егістігінің жер құнарының өте төмен, өсімдіктің өсіп – жетіліп өнім беруіне қажетті қарашірінді аз екендігі көп жылдардан бері айтылуда. Бұрындары облыс шаруашылықтары күріштен мол өнім алып келген болса, ол жердің құнарлылығы жоғары болғаннан емес, минералды тыңайтқыштарды үстемелеп қолданғаннан жеткен жетістіктер екені белгілі. Ал қазіргідей минералды тыңайтқыштардың тапшылығы, химикаттардың экологиялық зияндылығы жағдайында енді оларды көп пайдалана алмаймыз. Мұның өзі де ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін күрт төмендетіп, азайта бастады. Сондықтан, біздің жағдайда егістік жер құнарлылығын арттыру үшін бірден – бір тиімді шара көп жылдық шөп – жоңышқаны өсіру болып табылады. Жоңышқа өнімі жерді агротехникалық талапқа сай өңдеуге, ауа райының алдын алуға, сонымен қатар технологиялық операцияларды уақытында атқаруға байланысты. Жоңышқадан әдепкі жылы 10 – 15 ц, кейінгі жылдары 50 – 60 ц пішен алшуға болады.
2. Алқапта жоңышқа егу көлемі мен одан алынатын өнім соңғы жылдары төмендеп кеткен, себебі кезеңде күріш ауыспалы егісінде дақылдардың ауысып отыру тәртібі, ережесі дұрыс сақталмаған. Қазір шаруашылықтарда жоңышқаны 2-3 мәрте суарады. Суару мөлшері 1,5-2,0 мың. м³/га, ал маусымдық суару мөлшері 5-6 мың. м³/га. Осыдан су шығыны көбейеді, ыза су деңгейі көтеріледі. Сонымен қатар алқаптарда жоңышқа дақылы үшін көлдетіп суару әдісі қолданылады. Бұл өз кезегінде суару мөлшерін жоғарылата отырып, дақылдың өнімділігінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Сондықтан да жоңышқа дақылы үшін суару мөлшерін азайтуға бағытталған тиімді әдіс ұсыну қажет.
3. Қалыпты ылғалдылықты қамтамасыз ету үшін суару жағдайларында

арнайы зерттеулер жасалды. 0 – 50 см қабаттағы топырақтың ылғалдылығы 45,60,80 % шамасында болған. Бақылау ретінде ору санына қарай 600 – 800 м³/га мөлшерінде жасалған. Осыған орай, топырақтың 45 % ылғалдылығын сақтап қалу үшін 2 рет, 60 %-да төрт рет, ал 80 %-да алты рет суару керек. Суарудағы осы үш жағдай мөлшері 380 – 680 м³/га болды. Аталған суармалы алқапта жүргізілген зерттеулерінің нәтижесінде жоңышқаның маусымдық суару мөлшері 4 – 4,5 мың. м³/га шамасында анықталған.

Осы зерттеулерге сүйене отырып жоңышқаның суару мөлшері теориялық жолмен есептедік. Соның нәтижесінде 4000 текше метрге тең болды. Анықталған есептеулер мен жоғарыда аталған ғалымдардың нәтижелері арасында айырмашылық байқалмайды.
4. Біз бүгінгі таңдағы Қызылорда суармалы алқабы күріш ауыспалы егістігінде жоңышқаның суару әдістерін қарастыра отырып, тиісінше әдістердің артықшылықтары мен кемшіліктерін атап көрсеттік. Осыларды басшылыққа ала отырып, аталған суармалы алқап жағдайында жоңышқаны суарудың тиімді әдісін, нақтырап айтсақ тақташаларға бөлу арқылы суару әдісін ұсынып отырмыз. Бұл әдісте су бас сағадан беріліп, арнайы жасалған тақташаларға таратылады. Әрбір тақташаларға су бөлек беріледі. Бұл әдіспен суару үшін суармалы танап ұзындығы 180 метрге дейін, ал ені 10 метрге дейін жететін екі жағынан топырақ жалдармен шектелген тақташаларға бөлінеді. Бұл әдістің артықшылықтарын атап кетсек: топырақ беті біркелкі ылғалданады; су үнемделеді, өйткені әрбір кішкене тақташаға су бөлек беріледі; жоңышқаның өнімділігі 15 ц/га-ға дейін жоғарылайды; атыздағы әрбір тақташаның суару мерзімі аз болады.
5. Ауыл шаруашылығы мелиорациялары шараларын жүзеге асыру көп еңбекті және қаражатты талап ететіні бізге белгілі. Олардың тиімділігі құрылыс жұмыстары сапасына және сол мелиорацияланған жерлерде ауыл шаруашылығы өндірісін қандай деңгейде жүргізгенге байланысты болып келеді. Мелиорация жүйелерін құруға байланысты құрылыс жұмыстары тек жоба бойынша, сапалы және үнемді түрде жүргізілуі тиіс.

Осыған байланысты біз Қызылорда суармалы алқабында анықталған ұсыныстарға сәйкес жұмыстың экономикалық тиімділігін анықтадық. Бүгінгі күні Қызылорда суармалы алқабында жаңа суару әдісін енгізуге кететін барлық қаржылық шығындар 1022375,0 млн теңге, ал бір жылда алынатын қосымша өнім құны 80825,0 млн теңге. Демек ұсыныстарды енгізуге кететін шығындар 3 жылда қайтарылады.




РЕЗЮМЕ
БАРАТОВА АЗИЗА СЕРИКОВНА
Специальность 6М081000 – «Мелиорация, рекультивация и охрана земель»
Цель и задачи исследования - на основе исследований предложить эффективный режим орошения люцерны в рисовых севооборотах Кызылординского массива.

Чтобы исполнить цель поставленных задач, надо выполнить следующее:

- проанализировать современное состояние режима орошения люцерны на орошаемых

массивах;

- рекомендовать наиболее оптимальный режим орошения люцерны на орошаемых

массивах Кызылординской области;

- усовершенствовать методы эффективного орошения в названном регионе.

Научная новизна исследования - проанализированы все современные методы орошения люцерны и рекомендованы наиболее эффективные.

Методы исследования - продуктивность произрастания люцерны, связанная с уровнем подпочвенных вод, исследована по методу Ю.Д. Зыкова. Продуктивность произрастания люцерны и нормы орошения основаны на исследованиях таких ученых, как К.Д. Длимбетов, С.И. Кошкаров, Б.А. Жиенбаев и др.
Выводы:
1. На площадях рисового севооборота плодородность почвы очень низкая; в ней содержится недостаточное количество удобрений, необходимых для произрастания и урожайности растений. Об этой проблеме ученые пишут на протяжении многих лет. В прежние годы сельское хозяйство области получало богатые урожаи риса. Однако это было связано не с плодородностью почвы, а с использованием дополнительных минеральных удобрений.

В данное время минеральные удобрения не могут быть использованы в большом количестве ввиду их дефицита и вреда, наносимого химикатами экологии. Вышеизложенное является причиной снижения урожайности сельскохозяйственных культур. Следовательно, для повышения плодородности почвы необходимо использовать такой эффективный способ, как выращивание многолетней культуры – люцерны. Выращивание люцерны способствует обработке почвы в соответствии с агротехническими требованиями, улучшению климата, а также своевременному выполнению технологических операций. На начальном этапе на этих почвах можно получать по 10-15 ц, а позже – по 50-60 ц урожая.


2. В последние годы площади посевов люцерны, и, следовательно, урожайность этой культуры значительно снизились. Причиной этого явилось несоблюдение режима посевов культур в рисовых севооборотах. В данное время в хозяйствах орошают люцерну 2-3 раза за вегетационный период. Норма полива 1,5-2,0 тыс. м³/га, а оросительная поливная норма 5-6 тыс. м³/га. Вследствие этого увеличивается расход воды, повышается уровень подпочвенных вод. Однако в массивах для орошения люцерны применяется полив по напускам. Этот метод способствует снижению урожайности люцерны. В связи с этим необходимо предложить более эффективный метод орошения, направленный на сокращение нормы поливной воды.
3. Были проведены специальные исследования для выявления условий орошения, обеспечивающих оптимальную влажность почвы. На глубине 0-50 см влажность почвы составляла 45, 60, 80 %. Следовательно, для сохранения 45 % влажности почвы необходимо орошать 2 раза, для сохранения 60 % - 4 раза, для сохранения 80 % - 6 раз. Поливная норма во всех трех случаях составляла 380-680 м³/га.

В названных орошаемых массивах в результате проведенных исследований была определена оросительная норма 4-4,5 тыс. м³/га.

На основе данных исследований нами теоретическим путем была рассчитана поливная норма люцерны. Она равна 4000 кубических метров.

Нами сделан следующий вывод: выявленные нами расчеты совпадают с результатами исследований, проведенных вышеназванными учеными.


4. В данной работе нами проанализированы методы орошения люцерны в рисовых севооборотах кызылординского массива, определены преимущества и недостатки этих методов. Руководствуясь этими данными, нами разработан и предложен эффективный метод орошения люцерны – полив по полосам. Согласно данному методу, вода из водовыпуска распределяется по специально созданным полосам. В каждую полосу вода подается отдельно. Длина оросительного чека должна составлять 180 метров, а по ширине поливная площадь делится на полосы по 10 метров.

Преимущества данного метода: равномерное увлажнение почвы; экономия воды, так как вода подается в каждую полосу отдельно; урожайность люцерны повышается до 15 ц/га; снижается регулярность орошения полос.


5. Известно, что проведение сельскохозяйственных мелиоративных работ требует значительных трудовых и финансовых затрат. Их эффективность зависит от качества строительных работ и от уровня производительности сельскохозяйственной продукции на этих мелиоративных землях. Работы по строительству мелиоративной системы должны осуществляться только на основе проектов, вестись качественно и с меньшими затратами. В данном исследовании нами определена экономическая эффективность работ в рисовых севооборотах Кызылординского массива. Для внедрения нового метода орошения в кызылординских массивах необходимо затратить 1022375,0 млн. тенге, а прибыль за один год составит 80825,0 млн. тенге. Как видим, затраты окупятся за 3 года.

SUMMARY
BARATOVA AZIZA SERIKOVNA
Speciality – 6M081000 – «Melioration, recultivation and protection of land»
Research purpose - on the research foundations suggest an efficient way of lucern irrigation in rise crop rotations of Kyzylorda block.

Research objective:


  • analyze modern condition of lucerne irrigation method on irrigating blocks

  • recommend most optimal method of lucerne irrigation on irrigating blocks of Kyzylorda region




  • improve methods of effective irrigation in that region.

Scientific novelty of the research - analyze all modern methods of lucerne irrigation and recommend the most effective one.

Research methods - efficiency of lucerne growth because of subsoil waters, researched by the method of U. D. Zykov. Efficiency of lucerne growth and irrigation standards based on the researches of such scientists as K. D. Dlimbetov, S. I. Koshkarov, B. A. Jienbaev and others.
Conclusion
1.On the areas of a rise crop rotation fertility of a soil is very low; it doesn’t contain enough amounts of fertilizers, needed for growth and productivity of plants. Scientist are writing about this problem for a long time. Back then agriculture of the region received a lot of rise crop. But it wasn’t because of a soil fertility. It was because additional mineral fertilizers were used. Currently mineral fertilizers can’t be used in big amounts because of a deficit and a harm they do to an ecology. That is a reason why crop productivity of agriculture is getting lower. It means that to increase crop productivity we must use an efficient method as a cultivation of a long-term crop – lucerne. Cultivation of lucerne promotes soil treating with the agriculture standards, climate improvement, and also timely fulfilled technological operations. In first years on that soils we can receive 15-20 centners, and 50-60 centners crop in future.
2. In last years areas of lucerne crops and fertility of that crop significantly lowered. A reason for that is non-observance of methods of crop rotation. Currently in that culture lucern is irrigated 2-3 times in a vegetative period. Watering standards are 1.5 – 2 thousands m3/ha, and irrigational watering standards are 5-6 thousands m3/ha. Because of that water consumption and the level of subsoil waters is increasing. But in blocks for a lucern irrigation a method of flooding watering is used. That method decreases lucern crop. That is why we need to suggest a better way of irrigation aimed to decrease watering rates.
3. Special researches were held to find the conditions of irrigation that provide optihumidity of soils. On the depth of 0-50cm humidity made 45%, 60%, 80%. For 45% humidity of soils we must irrigate 2 times, for 60% - 4 timess, for 80% - 6 times. Watering rate in all three cases was 380-680 m3/ha. In that irrigation blocks after the research we defined a watering rate of 4-4.5 thousands m3/ha.Based on our researches we theoretically calculated a watering rate for lucern. It resulted 4000 cubical meters.We made a conclusion that our calculationscoincide with the results of the researches that were made by aforementioned scientists.
4. In this project we analyzed methods of lucern irrigation in rise crop rotation of Kyzylorda block and defined advantages and disadvantages of the mehods. Guided by this information, we created and suggested an efficient method of lucern irrigation – watering in stripes. Concordant to that method, water from the water outlet is distributed to special stripes. In each stripe water is distributed separately. Length of the watering check plot must be 180meters and by the wideness watering area is divided in 10 meter stripes.Advantages of that method: even soil humidity; water saving, because water is delivered in each stripe separately; lucern productivity grows to 15 centners for hectare; regularity of stripes irrigation decreases.
5. It’s known that holding an agricultural meliorative works require significant physical and financial expenses. Their efficiency depends on the quality of the construction works and on the level of productivity of agricultural production on that meliorative lands. Construction works of the meliorative systems must be based only on the projects, done qualitatively and with lowest expenses. In this research we defined economical efficiency of the works in rise crop rotations of the Kyzylorda region. To implant the new method of irrigation in Kyzylorda blocks 1022375.0 millions tenge must be spend, and an income will make 80825.0 millions tenge. As we see, expenses will pay back in 3 years.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет