Басқару ғылымының даму тарихы Ағылшынның «management»



Дата09.10.2023
өлшемі16.47 Kb.
#480177
Басқару психологиясы


Басқару ғылымының даму тарихы
Ағылшынның «management» терминінің (лат. manus – қол) орыс тілінде баламасы жоқ, ол «басқару» және «еңбекті ғылыми ұйымдастыру» ұғымдарының синонимі ретінде жиі қолданылады. Әлеуметтік құбылыс ретінде және адам тәжірибесінің саласында басқару ғылыми зерттеу пәні болғаннан әлдеқайда ерте пайда болды. Адамдарға бірлесе жұмыс істеуге қажеттілік пен қабілеттілік тән болғандықтан, бұл олардың іс-әрекетінің үйлесуін, келісуін, кооперациялануын, яғни бірлескен әрекеттерін басқаруды талап етеді. Біздің дәуірімізге дейінгі мыңдаған жылдар бұрын Көне Мысырда басқару үдерістерін (процесс) жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау, орталықтандыру қажеттілігі танылған. Оларсыз Мысыр пирамидалары, көне Ацтек қалалары сияқты ғаламат сәулет ғимараттарын тұрғызу, мысалы, римдік-католиктік шіркеу секілді күрделі әрі кең таралған діни ұйымның табысты қызмет етуі мүмкін болмас еді [2, 3]. Бірте-бірте басқаруды ұйымдастырудың формалары мен тәсілдері туралы теориялық түсініктердің туындауы үшін алғышарттар қалыптаса бастады. Басқару теориясы дербес ғылыми пән ретінде тек XX ғасырдың басында ғана, психологияның даму тағдырын қайталай отырып рәсімделді. Басқару ақыл-ойы эволюциясының жалпы картинасын және оның негізгі кезеңдерін «басқару континуумы» ұғымы (К.С. Джордж бойынша) бейнелейді; онда басқару туралы түсініктерге революциялық өзгерістер енгізілген оқиғалар атап көрсетіледі. Мұндай оқиғаларға есептелетіндер: 1) сауда операцияларымен айналысқан айрықша түрдегі «бизнесмендердің» түзілуі; 2) Хаммурапи патша (б.д.д. XXVІІІ ғасырда) шығарған халықтың әлеуметтік топтары арасындағы қатынастарды реттейтін заңдар жинағы; 3) құрылыс пен өндіріс салаларына мемлекеттік басқару мен бақылаудың әдістерін ІІ Навуходоносордың біріктіруі (б.д.д. VІІ ғ.); 4) жаңа туындаған капитализм арнасындағы еуропалық цивилизацияның индустриялық прогресі (XVІІ-XVІІІ ғ.) нәтижесінде кәсіби менеджмент туындайды; 5) XІX және XX ғасырлардың ұштасуы кезінде болған «бюрократиялық революция». Осы кезде басқару теориясы дербес пән ретінде пайда болды. Оның дамуы – ең алдымен оның атап көрсетілген революциялық түрленулерінің маңыздылығына қарамастан, эволюциялық үдеріс. Ол үздіксіз және қоғамдағы барлық өндірістік, әлеуметтік-саяси, экономикалық және көптеген басқа да өзгерістерге ықпал етеді. Мұндай ықпал етудің бірі – басқару тәжірибесін реттейтін камералистиканың, өзіндік сипаттаушы әкімшілік пәннің пайда болуы. Ол әкімшілік басқарудың сот ісін жүргізуден бөлінуіне, әрі қарай әкімшілік басқару ғылымы мен әкімшілік құқық ғылымына бөлінуіне ықпал етті [4, 5, 6]. Басқару туралы ғылымның даму үдерісі басқару теориясының дамуын тежейтін ішкі қарама-қайшылықтармен бірге жүреді. Бұл дамуға ықпал ететін факторлар өндірістің қарқынды дамуы, оны жетілдіру мен қарқынды жүргізу жолдарын табысты ұлғайту негізі ретінде іздестірумен байланысты болады. Бұл себептердің барлығын білу – басқару ғылымының даму тарихы туралы дұрыс түсінік үшін қажет. Тек соңғы жылдарда ғана оның теориясының дамуындағы ең нәтижелі кезең болды, дегенмен мұндай мәселенің маңыздылығын ескере отырып, оны көптеген жылдар бұрын күтуге болатын еді. Коммерциялық іс-әрекет жүздеген жылдар бойы құрметке ие болған жоқ, ұят шаруа болып есептелінді. Аристотель сату сатып алуды «ақшаны жасанды табу» деп атады. Мұндай іс-әрекетке теріс қатынас (көзқарас) өте берік болып, біздің уақытымызға дейін жетті. Бұл – басқару ақыл-ой прогресінің тежелу себептерінің бірі. Екінші себебі экономикалық және әлеуметтік ғылымдармен айналысқан ғылымдар өздерінің зерттеулерінде әкімшілік басқару мәселелерін қарастыруды ескермеуінен, өндірістің экономикалық мәселелерімен және саяси жақтарымен шектеліп қалғанынан көрінеді. Сондай-ақ басқа ғылымдардың, мысалы, психологияның мәліметтерін басқаруды жақсарту үшін қолданудағы қиындықтар да кездеседі. Басқару ұзақ уақыт бойы ешқандай да ғылым емес, тек қана өнер деп есептелінді. Басқарушылардың өздерінің зейіні «технология», «баға», «кіріс» сияқты ұғымдарға аударылып келді. Басқару теориясы саласындағы мамандардың пайда болуы және олардың өндірісті ұйымдастырудағы дербес әрі маңызды рөлін тану осы ұйым иелерінің, кәсіпкерлердің билігін шектеуді білдіретін еді, әрине, бұл соңғыларына жақпады [7, 8]. Басқару теориясын рәсімдеуде Ф.Тейлордың «Ғылыми басқару принциптері» (1911) еңбегінің маңызы зор еді. Ф. Тейлор ғылыми басқарудың негізін қалаушы болып есептеледі. Басқарудың ғылым ретінде пайда болуына үлкен бизнестің қалыптасуы әсер етті, яғни қазіргі техниканың артықшылықтарын пайдалануға тырысу және жұмысты орындаудың әлдеқайда тиімді тәсілдерін ашуға тырысқан ізденімпаз адамдардың шағын тобының жетістігі болды [9, 10, 11].

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет