Еуразия ұлттық университеті
Баспасөз қызметі
Тел.: +7 (7172) 709-548, 709-500 (вн.31-116,)
БАСПАСӨЗ-БРИФИНГІСІ
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен 2014 жылғы 26 ақпанда сағат 15.00-де «Қазмедиа» орталығында баспасөз-брифинг өтті. Оған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бастаған оқу орнының ғалымдары қатысып, Елбасының «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындаған мәселелер талқыға салынды.
Іс шара мақсаты:
-
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру жайы.
-
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асырудағы Еуразия ұлттық университетінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығы ретіндегі басым бағыттарын айқындата көрсету;
-
Елбасы Жолдауына сәйкес ғылым мен өндірістің интеграциялану үрдісінің негізгі жолдарын белгілеудегі Еуразия ұлттық университеті тарапынан жасалған нақты қадамдарды айқындау;
-
Еліміздегі жоғары білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында ЕҰУ тарапынан қойылған мақсат-міндеттерді саралау;
-
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының жаппай автономдық режимге көшудегі негізгі басымдықтарды белгілеу;
-
Тиімді экономикалық мемлекеттен әлемдік экономикалық кеңістікке шығу жолында университет ұстанымы.
Елбасының «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындаған мәселелер бойынша баспасөз-брифингте төмендегі ғалымдар сөз алды:
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан ұлттық тарихшылар конгресінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерлан Сыдықов;
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Еуразия» гуманитарлық зерттеу орталығының директоры, Қазақстан ұлттық тарихшылар конгресінің ғылыми хатшысы Зиябек Қабылдинов;
ЕҰУ Инновациялық парк директоры Владимир Ким.
Жолдауда экономиканың өсімі жылына 4 пайыздан кем болмауы міндеттелді. Ал егер, өсім 5-6 пайыздан жоғары болса, стратегиядағы көзделген мақсаттарға мерзімінен бұрын қол жеткізетініміз атап көрсетілді. Сол себептен Мемлекет басшысы саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті.
Ғалымдарды қуантатын үлкен жаңалық - Елбасының ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын ғылымға бөлінетін қаржыға жеткізу керектігі жөнінде айтқаны. Бүгінге дейін ғылымға 0,16 пайыз бөлініп келген болатын. Ал енді есептеп көріңіз, 20 есеге көбейеді. Яғни, бұл дегеніңіз отандық ғылымға ғаламат серпін беретін фактор. Оған әзір тұрған ғалымдарымыз, талантты жастарымыз жеткілікті: әртүрлі ғылыми орталықтарда, үлкен университеттерде отандық ғалымдардың тамаша жобалары бар.
Мемлекет басшысының алға қойып отырған басты талаптарының бірі – өркениеттің көшінде бәсекелестікке қол жеткізу үшін білім мен ғылымды өндіріспен ұштастыру, отандық инновация жүйесін қалыптастыру. ЕҰУ Инновациялық парк пен Қызылорда облысы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылған. Қазіргі күні сол құжаттың шеңберінде бірнеше ғылыми жобалар жүзеге асуда. Ал Шығыс Қазақстан облысында карбид кремний өндіріс зауыт жобасын салудан бөлек, Бесқарағай ауданында ағаш қалдықтарын кәдеге жарататын шағын зауыттың қанатқақты жобасы жүзеге асуда. Сонымен қатар Көкшетауда «Шучинск-Бурабай-Зеренді» демалыс аймағының энергетикалық инфрақұрылымын «жасыл технологияларға» көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ғалымдарымыздың ғылым жолындағы ізденістері мен қайнар бастаулары ғана.
Соңғы жылдары ғылым-зерттеу жобасы көлемінің өсімі байқалады. 2011 жылы университеттің бұл саласына 276 млн. теңге бөлінді. Ғылымды қаржыландыру 2012 жылы – 1,1 млрд. теңгеге, ал 2013 жылы – 1,6 млрд. теңгеге дейін өсті.Еуразия ұлттық университетінде негізгі 5 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан 200 ғылыми жоба қаржыландырылды.Олар энергетика, өнім мен шикізатты тереңдетіп қайта өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технология, өмір, әлемнің ғылыми интеллектуалды әлеуеті. Оған ЕҰУ –дың 660 ғалымы тартылған.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Start-up» (стартап) жобасын іске қосу басталды. Жас ғалымдарға конкурс жарияланды. Олардың жаңалықтарынан 15 жобаны таңдап, қаржыландыруды университет өз мойнына алып отыр. Бұл мақсатқа 1 миллион АҚШ доллар қаржы жұмсалу көзделуде. Яғни, ол ғалым өзінің тапқан жаңалығының бәрін сол жерде шағын өндіріс ретінде елге көрсетеді. Содан кейін инвестор келеді ме, отандық өнеркәсіп басшылары келіп сатып алады ма, пайдалана ма, оның барлығы сол кезде шешіледі.
Елбасы Жолдауында республикамыздың маңдайалды университеттерін академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіру жайы айтылды. – Бұл өте дұрыс мәселе: білім, ғылым, қаржы, халықаралық және басқа қызметті жүзеге асыруда жоғары оқу орнына еркіндік беріледі. Қағазбастылық жойылады, - деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов. – Жоғары оқу орындарының академиялық, қаржылық және басқару қызметінде дербестік ұстанымдары іске асырылады.Негізіне сүйенсек, елімізде 2015 жылдан бастап ұлттық ғылыми-зерттеу университеттеріне, 2016 жылы ұлттық жоғары оқу орындарына, 2018 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарына дербестік берілу жоспарланған.
Жоғары оқу орындары автономиясының жетілдірілген қағидалары «Назарбаев университеті» моделіне негізделген: білім беру, ғылым, қаржы, халықаралық және өзге салалар да дербестікке ие. Демек, Қазақстанның білім беру мен ғылым жүйесі халықаралық деңгейге жеткізіледі.
Еуразия ұлттық университеті автономияға алғашқылардың бірі болып көшеді.Өйткені университеттің білім беру кеңістігінде алатын орны бар және интелектуалдық, құқықтық, материалдық-техникалық базасы талапқа сай келеді: оқу орны Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының иегері. Екі жыл қатарынан тәуелсіз Қазақстан агенттігінің білім беру саласында сапалық көрсеткіш бойынша ұлттық рейтингте бірінші орында. «QS World University Ranking – Top Universities» атты халықаралық рейтинг агенттігінің қорытындысына сәйкес әлемнің 400 алдыңғы қатарлы ЖОО ішінде 303 орынды иеленді. Бұл әлемнің 17 000 ЖОО арасындағы бәсекеде қол жеткізетін орны, яғни бұл Қазақстан мен Орта Азияны былай қойғанда, ТМД елдері ЖОО-лары арасында озық жетістік болып саналады. Оған қол жеткізу үшін университет ұжымы бір кісідей жұмылып, қыруар еңбек еткенін айтуға тиістіміз. Жалпы, ЕҰУ үшін өткен жыл табысты болды: тарих факультеті, этникааралық және дінаралық толеранттық бойынша ЮНЕСКО каферасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды.
Жуырда ЕҰУ білім беруді бағалау бағытындағы Quacquarelli Symonds (QS) халықаралық компаниясының соңғы QS Top 50 Under 50 рейтингісінің нәтижесінде 32 орын алды. Құрылғанына 50 жыл толмаған оқу орындары арасында. Мұндай атақ Орта Азияда жоқ, Орта Азия былай тұрсын, ТМД-да жоқ. Құрылғанына 18 жыл ғана болған оқу орны үшін бұл үлкен жетістік, мерейлі мәртебе. Бұл жетістіктің бәрі университетке мықты ғалымдардың шоғырлануына байланысты.
Рейтингіге қатысқан елдердің ішінде Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, АҚШ, Испания, Нидерланды, Финляндия, Австралия, Швеция, Бельгия, Тайван, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Бразилия, Германия, Норвегия, Дания, Аргентина, Италия, Израиль, Португалия, Франция және Сауд Арабиясы сынды елдердің алдыңғы қатарлы білім ордалары бар.
Нәтижесінде ЕҰУ отандық 116 ЖОО арасынан Қазақстан бойынша Webometrics рейтингісіне сәйкес бірінші орынға және бүкіл әлем бойынша 22 000 ЖОО мен білім беру ұйымдары арасынан 2 213-ші орынға тұрақтады. Республикамыз бойынша екінші орында – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (әлемдік рейтинг бойынша 3 760 орын), Қазақстан бойынша үшінші орында - С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті (әлемдік рейтингіде 4 017 орын).
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары, еліміздің үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың 2010-1014 жж. арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша биология ғылымдарының докторы, биотехнология және микробиология кафедрасының профессоры Қанат Сәрсенбаев «Тағам ретінде және иіссу-косметикалық өнеркәсіп ретінде пайдалануға арналған Cistanche deserticola қазақстандық адамшөптен жасалынған өнімді өндіру технологияларын дайындау» жобасымен және ЕҰУ-дың жүйелік талдау мен басқару кафедрасының профессоры Дәуренбек Әубәкір «Ранка-Хильша кавитациялық жылыту құбыры базасындағы қарқынды жылыту жүйесі» жобасымен жетістікке жетіп отыр.
Байқауды халықты инновациялық белсенділікке ынталандыру мен инновациялық кәсіпкерлікті насихаттау мақсатымен «KazMEDIA GROOP» продюсерлік орталығы ұйымдастырған.
Брифингте Л.Н. Гумилевтің ғылыми көзқарастары Президент Н.Ә.Назарбаевтың еуразияшылдық идеяларымен сәйкес келетіндігі жөнінде сұрақ қойылды.
Еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықтың бастамалары Қазақстан Президентінен өрбігенін қазір бәрі біледі. Нұрсұлтан Әбішұлы 1994 жылы Мәскеу университеті мінберінен Еуразиялық Одақ идеясын алғашқы болып көтерді. Арада 20 жыл өтті.Содан бері бұл жобаның өміршеңдігі мен өзектілігін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Көптеген әлемдік зерделі зерттеушілердің өзі посткеңестік кеңістікте ықпалдастық тудырған негізгі күш - Қазақстан Президенті екенін бүгінде сөзсіз мойындап отыр.
Н.Ә. Назарбаевтың еуразияшылдық идеялары Еуразиялық аймақ дамуының басты алғышарты. Еуразиялық одақ – аймақтың болашақтағы аса зор бастамасы және XXI ғасырдың айрықша ойластырылған стратегиясы. Еуразиялық идея, еуразияшылдық, еуразиялық интеграция – қазіргідей дағдарыстың қауіп-қатерінен құтылудың, жаһандану үдерісіне әзірлікпен кірігудің бірден-бір ұтымды жолы, оның сұранысына жауап болып табылады. Егер әлемде мұнай мен газ өнімдері жеткілікті болса, онда бұл жетістіктердің дәурені де біразға созылған болар еді. Бірақ олардың жетпейтіндігі қазірдің өзінде белгілі отыр. Бұл тығырықтан шығудың бір-ақ жолы бар. Ол жол – күн мен жел, биотын қуаты секілді экологиялық тұрғыдан таза да қауіпсіз, «жасыл энергетика» аталып отырған баламалы қуат көздерін пайдалану. Бұл жол мұнай мен газға деген мәжбүрлікті төмендететіп қана қоймай, адамзаттың келесі дамуына жол ашады. Ол үшінші индустриялық революция жетістіктері болып табылады.
БАҚ өкілдерін аккредиттеу +7 (7172) 55-93-38 нөмірі бойынша немесе Орталық коммуникациялар қызметінің info@ortcom.kz. электрондық адресіне сұраныс жіберу арқылы жүзеге асырылады
Ұйымдастарушы:
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық
коммуникациялар қызметі
Өткізу күні: 2014 жыл 26 ақпан, сағат 15:00
Өткізу орны: Қонаев көшесі 4, Қазмедиа орталығы
ЕҰУ баспасөз қызметі
+7 (7172) 709 -548
+7(7172) 70-95-00 (31-116,31-118 внутр)
+ 7 702 363 60 05, lyaka-tompi@mail.ru – Ляйля Рахманова
Достарыңызбен бөлісу: |